Ампициллина тригидрат (0.25 г, таблетки, Биосинтез ОАО)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Ампициллин тригидраты
Халықаралық патенттелмеген атауы
Ампициллин
Дәрілік түрі
0.25 г таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат: ампициллин тригидраты (ампициллинге шаққанда) – 0.2887 г (0.250 г),
қосымша заттар: картоп крахмалы, кальций стеараты, тальк.
Сипаттамасы
Екі беті дөңес, дөңгелек пішінді, сызығы бар ақ түсті таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Бактерияларға қарсы бета-лактамды препараттар-Пенициллиндер. Әсер ету ауқымы кең пенициллиндер. Ампициллин.
АТХ коды J01CA01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ішке қабылдағаннан кейінгі сіңірілуі жылдам, биожетімділігі – 40 %; 500 мг қабылдағанда ең жоғарғы концентрациясына жету уақыты - 2 сағат, ең жоғарғы концентрациясы – 3 - 4 мкг/мл. Плазма ақуыздарымен байланысуы – 20 %. Жартылай шығарылу кезеңі – 1 - 2 сағат. Организм ағзаларымен тіндерінде біркелкі таралады, емдік концентрацияларда плевралық, перитонеальді, амниотикалық және синовиальді сұйықтықтарда, ликворда, күлдіреуіктердің ішіндегісінде, несепте (жоғары концентрациялары), ішектің шырышты қабығында, өт қабында, өкпеде, әйелдің жыныс мүшелерінің тіндерінде, өтте, бронх секретінде (іріңді бронх секретінде жинақталуы әлсіз), мұрынның қосалқы қойнауларында, ортаңғы құлақ сұйықтығында (қабынған кезде), сілекейде, ұрық тіндерінде анықталады. Гематоэнцефалдық бөгет арқылы нашар өтеді (ми қабығы қабынғанда өткізгіштігі артады). Көбінесе бүйрекпен шығарылады (70 – 80 %), несепте өзгермеген антибиотиктің өте жоғары концентрациялары қалыптасады; ішінара – өтпен, бала емізетін аналарда – сүтпен шығарылады. Жинақталмайды. Гемодиализ кезінде шығарылып тасталады.
Фармакодинамикасы
Әсер ету ауқымы кең жартылай синтетикалық пенициллин, бактерицидті. Қышқылға төзімді. Бактериялардың жасуша қабырғаларының синтезін бәсеңдетеді.
Грамоңдарға қатысты белсенді (альфа- және бета-гемолитикалық стрептококктар, Streptococcus pneumoniae, Staphylococcus spp., Bacillus anthracis, Clostridium spp.).
Энтерококктардың көпшілігіне, соның ішінде Enterococcus faecalis, Listeria spp., және грамтеріс (Haemophilus influenzae, Neisseria meningitidis, Proteus mirabilis, Yersinia multocida (бұрын Pasteurella), Salmonella spp., Shigella spp., Escherichia coli микроорганизмдерінің көптеген түрлеріне, Chlamydia trachomatis), аэробты спора түзбейтін бактерияларға қатысты белсенділігі орташа.
Пенициллиназа өндіруші Staphylococcus spp. штаммдарына, барлық Pseudomonas aeruginosa штаммдарына, Klebsiella spp. және Enterobacter spp. штаммдарының көпшілігіне қатысты тиімсіз.
Қолданылуы
Ампициллинге сезімтал микроорганизмдер туғызған жұқпалы-қабынбалы аурулары:
- тыныс жолдары мен ЛОР-ағзаларының (синусит, тонзиллит, фарингит, ортаңғы отит, бронхит, пневмония, өкпе абсцесі)
- бүйрек пен несеп шығару жолдарының (пиелонефрит, пиелит, цистит, уретрит)
- гонореяда
- өт шығару жолдарының (холангит, холецистит)
- жүкті әйелдердегі хламидиялық жұқпаларда (эритромицинді көтере алмаушылықта)
- цервицитте
- тері мен жұмсақ тіндердің (тілме, импетиго, салдарлы жұқпаланған дерматоздар)
- тірек-қимыл аппаратының
- асқазан-ішек жолының (іш сүзегі және паратиф, дизентерия, сальмонеллез, сальмонеллезді тасымалдаушылық).
Қолдану тәсілі мен дозалары
Ішке, ересектерге – тамаққа дейін 0,5-1 сағат бұрын азғантай су мөлшерімен 0,25 г-ден күніне 4 рет; қажет болса дозасын тәулігіне 3 г дейін арттырады.
Асқазан-ішек жолы мен несеп шығару ағзаларының жұқпаларында: тәулігіне 4 рет 0,5 г.
6 жастан асқан балаларға тәулігіне 1 г тағайындайды. Тәуліктік дозасын 4-6 қабылдауға бөледі.
Емдеу ұзақтығы аурудың ауырлығына байланысты (5-10 күннен).
Жағымсыз әсерлері
Кейде:
- терінің түлеуі, қышу, есекжем, ринит, конъюнктивит, Квинке ісінуі
- дисбактериоз, іштің ауыруы, жүрек айнуы, құсу
Сирек:
- қызба, артралгия, эозинофилия, эритематоздық және макулопапулездік бөртпе, эксфолиативті дерматит, мультиформалы экссудативтік эритема, соның ішінде Стивенс-Джонсон синдромы, сарысу құю ауруына ұқсас реакциялар
- стоматит, гастрит, ауыз қуысының шырышты қабығының құрғауы, дәм сезудің өзгеруі, диарея, глоссит, бауыр қызметінің бұзылуы, "бауыр" трансаминазалары белсенділігінің орташа артуы, жалғанжарғақшалы энтероколит
- ажитация немесе озбырлық, үрейлену, сананың шатасуы, мінез-құлықтың өзгеруі
- лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения
Өте сирек:
- анафилактикалық шок
- депрессия, құрысулар (жоғары дозаларымен емдегенде)
- агранулоцитоз, анемия
Басқа жағымсыз реакциялар
Кейде:
- қынап кандидозы
Сирек:
- интерстициальді нефрит, нефропатия, асқынжұқпа (әсіресе созылмалы аурулары бар немесе организмінің резистенттілігі төмен емделушілерде)
- аллергиялық емес ампициллин бөртпесі (препаратты тоқтатпай-ақ жойылуы мүмкін)
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- аса жоғары сезімталдық (соның ішінде басқа пенициллиндерге, цефалоспориндерге, карбапенемдерге)
- жұқпалы мононуклеоз
- лимфолейкоз
- бауыр жеткіліксіздігі
- сыртартқыдағы асқазан-ішек жолдарының аурулары (әсіресе, антибиотиктерді қолданумен байланысты колит)
- лактация кезеңі
- 6 жасқа дейінгі балалар
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Аминогликозидтермен фармацевтикалық үйлесімсіз.
Антацидтер, глюкозамин, іш жүргізетін дәрілік заттар, тағам және аминогликозидтер сіңірілуін баяулатады және төмендетеді.
Аскорбин қышқылы сіңірілуін арттырады.
Бактерицидтік антибиотиктер (соның ішінде аминогликозидтер, цефалоспориндер, циклосерин, ванкомицин, рифампицин) синергидтік; бактериостатикалық дәрілік заттар (макролидтер, хлорамфеникол, линкозамидтер, тетрациклиндер, сульфаниламидтер) – антагонистік әсер береді.
Тікелей емес антикоагулянттардың тиімділігін арттырады (ішек микрофлорасын бәсеңдетіп, К витаминінің синтезін және протромбиндік индексті төмендетеді).
Құрамында эстроген бар ішу арқылы қабылданатын контрацептивтердің (қосымша контрацепция әдістерін пайдалану қажет), метаболизмі үдерісінде пара-аминобензой қышқылы түзілетін дәрілік заттардың, этинилэстрадиолдың тиімділігін азайтады (соңғы жағдайда "лақылдап" қан кетулер қаупі артады).
Диуретиктер, аллопуринол, оксифенбутазон, фенилбутазон, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар мен өзекшелік сөліністі бөгейтін басқа да дәрілік заттар ампициллиннің плазмадағы концентрациясын арттырады (өзекшелік сөліністі төмендетуі есебінен).
Аллопуринол тері бөртпесінің даму қаупін арттырады.
Метотрексаттың клиренсін азайтады және уыттылығын арттырады.
Айрықша нұсқаулар
Емдеу үдерісінде бүйрек, бауыр және шеткергі қан көрінісіне қызметін жүйелі бақылау жүргізу қажет. Бүйрек қызметі бұзылған емделушілерге дәрігер дозалау режимін креатинин клиренсінің мәндеріне сәйкес түзетуді ұсынады. Оған сезімтал емес микрофлораның артуы есебінен асқынжұқпа дамуы мүмкін, бұл бактерияға қарсы емдеуді сәйкесінше өзгертуді талап етеді.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде жоғары дозаларда қолданғанда орталық жүйке жүйесіне уытты әсері болуы мүмкін.
Бактериемиямен (сепсис) науқастарда ампициллинді қолданғанда бактериолиз реакциясы (Яриш-Герксгеймер реакциясы) болуы мүмкін.
Курстық емдеу аясында туындайтын жеңіл диареяны емдеуде ішек перистальтикасын төмендететін диареяға қарсы дәрілік заттардан аулақ болған жөн; құрамында каолин- немесе аттапульгит бар диареяға қарсы дәрілік заттарды пайдалануға болады, препаратты тоқтату көрсетілген. Ауыр диарея кезінде дәрігерге қаралу қажет. Емдеу аурудың клиникалық белгілері жойылғаннан кейін тағы 48 - 72 бойы жалғасуы тиіс.
Аллергияның бірінші белгілерінде препаратты тоқтатады және десенсибилизациялаушы ем жүргізеді.
Сақтықпен:
- бронх демікпесі
- поллиноз және басқа аллергиялық аурулар
- бүйрек жеткіліксіздігі
- сыртартқыдағы қан кетулер
Жүктілік
Жүктілік кезінде анасы үшін пайда ұрық үшін ықтимал қауіптен асатын жағдайда ғана қолдануға болады.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Емдеу кезінде көлік құралдарын басқарғанда және басқа жоғары зейін шоғырландыру мен психомоторлық реакциялар жылдамдығын талап ететін қауіпті қызмет түрлерімен шұғылданғанда сақ болу қажет.
Артық дозалануы
Симптомдары: орталық жүйке жүйесіне уытты әсерінің көріністері (әсіресе бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде); жүрек айнуы, құсу, диарея, су-электролиттік теңгерімнің бұзылуы (құсу мен диареяның салдары ретінде).
Емі: асқазанды шаю, белсенділендірілген көмір, тұзды іш жүргізгіштер, су-электролиттік теңгерімді демеп отыруға арналған дәрілік заттар және симптоматикалық. Гемодиализ арқылы шығарылады.
Шығарылу түрі мен қаптамасы
0.25 г таблеткалар.
10 таблеткадан поливинилхлоридті үлбір мен баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған немесе полиэтилен жабынды пішінді ұяшықты қаптамаға салады.
1, 2 пішінді ұяшықты қаптамадан мемлекеттік және орыс тілдеріндегі медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған пәшкеге салады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
”Биосинтез” ААҚ, Ресей Федерациясы
440033, Пенза қ-сы, Дастық к-сі, 4, тел/факс (8412) 57-72-49,
e-mail: certificate@biosintez.com
Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі
«Биосинтез» ААҚ, Ресей Федерациясы.
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның атауы
«Биосинтез» ААҚ, Ресей Федерациясы
440033, Пенза қ-сы, Достық к-сі, 4, тел/факс (8412) 57-72-49,
e-mail: certificate@biosintez.com