Альбумин человека (10%)

МНН: Альбумин
Производитель: РГП на ПХВ "Республиканский центр крови" МЗСР РК
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Albumin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№000197
Информация о регистрации в РК: 08.04.2016 - 08.04.2021
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Предельная цена закупа в РК: 5 089.9 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Адам альбумині

Халықаралық патенттелмеген атауы

Альбумин

Дәрілік түрі

Инфузияға арналған ерітінді 20 мл, 50 мл, 100 мл, 200 мл-ден 5%, 10%,

20 %

Құрамы

1 л ерітіндінің құрамында, граммен

белсенді зат:

адам альбумині 50,0 100,0 немесе 200,0

қосымша заттар:

каприлат 1,5 3,0 6,0

натрий хлориді 9,0 - - инъекцияға арналған су 1,0 л 1,0 л 1,0 л дейін

Сипаттамасы

Сары, янтарь немесе жасылдау реңді мөлдір сұйықтық, иісі жоқ.

Фармакотерапиялық тобы

Плазманы алмастырғыш және перфузиялық ерітінді. Қан плазмасы препараттары плазманы алмастырғыш препараттар. Альбумин

АТХ коды В05АА01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Альбумин – адам қанының ақуыз фракциясының құрамдас бөлігі болып табылатын табиғи ақуыз. Альбуминнің молекулалық массасы – 69.000 дальтон. Альбумин ақуыз фракциясының құрамына барлық 20 аминқышқылы кіреді. Қалыпты жағдайда қан плазмасында 40-50 г/л альбумин бар, бұл ақуыздардың жалпы құрамының 55-60% болады. Тамырлар арнасында болатын альбуминнің жалпы мөлшері 120 г жуықты, ал тамырдан тыс кеңістікте – 180 г құрайды. Альбумин көбіне бауырда синтезделеді, бұл арада басқа да маңызды қан ақуыздары - глобулиндер, фибриноген, протромбин және басқалары өндіріледі. Бауыр күн сайын 10 –16 г альбуминді, ал жаңа туған нәрестелерде әдеттегі көрсеткіштерге дейін біртіндеп төмендейтін дене салмағына қарай 180 –300 мг/л синтездейді. Организмде күн сайын 10 г-ден 16 г альбуминге дейін, яғни оның синтезделуіне тең мөлшерде шығындалады деп есептеледі. Альбумин молекуласының кейіннен организмнің оны өз ақуыздарының синтезі үшін пайдаланатын аминоқышқылдарына дейін ыдырауы 50-60 тәулікті құрайды, сондықтан оны парентеральді қоректендіру үшін пайдалану тиімсіз.

Әдеттегі жағдайларда альбуминнің жартылай шығарылуының орташа уақыты 19 күнді құрайды. Шығарылуы лизосомальді протеазалар белсенділігі есебінен көбіне жасушаішілік жүреді. Көктамырішілік енгізуден кейін альбуминнің толық таралуы 10-15 минуттан кейін жүреді, оның 50% организмнен 24 сағаттан кейін шығарылады, 2-4 тәулік ішінде альбумин құрамы бесінші тәулік соңына қарай қарқынды төмендей отырып, бір деңгейде қалады.

Фармакодинамикасы

Альбумин – организмде бірқатар функция атқаратын плазманы алмастырғыш дәрі, қан препараты. Оның негізгі функциясы – қанның коллоидты-осмостық (онкостық) қысымын демеу. Альбумин ерітіндісі әртүрлі генездегі гипоальбуминді түзету (плазма альбуминінің тапшылығын толтырады), коллоидты-онкостық қысымды, бұзылған орталық және шеткергі гемодинамиканы (қан ағынына тіндік сұйықтықтардың өтуінің артуының есебінен артериялық қысымды (АҚ) және айналымдағы плазманың көлемін (АПК) тез арада көтермелейді), сулы-электролитті тепе-теңдікті қалпына келтіретін тиімді дәрі болып табылады, дәрілік заттың жақсы сіңуіне ықпал етеді, уытсыздандыратын қасиеті бар. Альбумин организм ішіндегі пигментті (билирубинді), майлы қышқылды, кейбір металлдардың иондарын, дәрілік заттарды байланыстырады және тасымалдайды. Одан басқа, альбумин шығу тегі бактериялық, сондай-ақ зат алмасу үдерісінде пайда болатын уыттарды байланыстырады және олардың белсендігін төмендетеді. Магний, мырыш, никель, қорғасын, сынап, ацетаттарды, бикарбонаттарды, нитраттар, цитраттарды байланыстырады және организмнен шығарады.

Альбуминнің 5% ерітіндісі қалыпты плазмада изоонкостық. Бұл препаратты плазмадағы альбуминнің қалыпты деңгейінде енгізу айналымдағы қанның тұтқырлығын төмендетеді, микроциркуляцияны жақсартады. Гипоальбуминемия оның плазмадағы деңгейін жоғарылатады. Альбуминнің 10% ерітіндісі айналымдағы қанның онкостық қысымын жоғарылата және қан тамырларында интерстициальді судың қайта сіңірілуін ұлғайта отырып, гиперонкостық әсер етеді. Қан қысымын интерстиция сұйықтығының қайта сіңірілуінен ұлғайған көлем есебінен жоғарылатады және тұрақтандырады, ісінулерін азайтады.

Альбуминнің 20% ерітіндісі қайта сіңірілуінің күшеюі есебінен интерстициальді кеңістіктен сұйықтықты белсенді тартатын гиперонкостық ерітінді болып табылады. Қан қысымын айналымдағы қан көлемі (АҚК) ұлғаюы есебінен жоғарылатады және тұрақтандырады, ісінулерін азайтады.

Қолданылуы

- кез-келген генездегі зертханалық расталған гипопротеинемияда немесе гипоальбуминемияда (плазмадағы альбумин құрамының 30 г/л төмен, немесе коллоидты-онкостық қысым деңгейінің 15 мм сын. бағ. төмен, немесе жалпы ақуыз құрамының 50 г/л төмен азаюы)

- шокта (гиповолемиялық, геморрагиялық, жарақаттық, операциялық, уыттылық, іріңді-сепсистік) дегидратация және қан “қоюланған” кезде АҚК арттыру мақсатында

- генезі жарақаттық және жарақаттық емес мидың айқын ісінуінде (тіпті зертханалық көрсеткіштері қалыпты болғанда да)

- ақуыз тапшылығы дамуы бар ұзақ жүретін іріңді-сепсистік жай-күйде

- нефрит кезіндегі нефроздық синдромында

- күйіктің ауыр түрінде

- жаңа туған нәрестелердегі гемолиздік ауруда; жаңа туған нәрестелердегі гипербилирубинемияда қанды ауыстырып құюды жүргізген кезде (қандағы бос билирубиннің деңгейін азайту мақсатында)

-жедел бауыр жеткіліксіздігінде; жедел бауыр некрозында (плазманың онкостық қысымын демеу, сондай-ақ қан плазмасындағы бос билирубиннің артық мөлшерін байланыстыру мақсатында)

-асцитте (айналымдағы қан көлемін демеу үшін)

-жасанды қан айналымын пайдаланумен операцияларда

- плазманың үлкен көлемін (50% астам) шығаратын алмастыру емдік плазмаферезінде, гемодиализде

-ересектердегі жедел респираторлық дистресс синдромдарында (волемиялық жүктемеде диуретиктермен біріктіріп)

- операция алдындағы гемодилюцияны жүргізгенде және аутоқан компоненттерін дайындағанда

Қолдану тәсілі және дозалары

Препарат концентрациясы, дозалау және инфузия жылдамдығы пациенттің жеке ерекшеліктеріне сәйкес таңдап алынады. Альбумин ерітіндісін ересектерге және балаларға көктамыр ішіне тамшылатып немесе сорғалатып енгізеді. Қан плазмасында альбуминнің концентрациясына, гемодинамикасының көрсеткішін бақылай отырып, мониторинг жүргізу ұсынылады. Құю жылдамдығын пациенттің жай-күйіне және көрсетіліміне байланысты таңдау керек. Плазманы ауыстырып құю кезінде құю жылдамдығы жоғары болуы мүмкін және бөліп шығару жылдамдығына сай болу керек.

Альбуминді к/і тамшылатып 5% ерітінді үшін минутына 5 мл-ден немесе минутына 50-60 тамшыдан жоғары емес және 20% ерітінді үшін минутына 1-2 мл-ге дейін немесе минутына 40 тамшыдан жоғары емес жылдамдықпен енгізеді. Ең жоғарғы енгізу уақыты – 3 сағат.

Препараттың ең жоғарғы бір реттік дозасы альбумин ерітіндісінің концентрациясына, алғашқы жай-күйіне және науқастың жасына байланысты. 5% альбумин ерітіндісін 200-300 мл дозада енгізеді, 5% ерітінді дозасы қажет болған кезде 500-800 мл-ге дейін арттырылуы мүмкін. 20% альбумин ерітіндісінің ең жоғарғы бір реттік дозасы 100 мл-ге дейін шектелуі мүмкін. Әртүрлі генездегі шок кезінде артериялық қысымды жылдам жоғарылату үшін альбумин ерітіндісін сорғалатып енгізуге болады.

Егде жаста концентрацияланған (20%) ерітіндіні қолданудан және альбуминнің 5% ерітіндісін жылдам енгізуден аулақ болу керек, өйткені ол жүрек-қантамыр жүйесіне артық жүктеме болуы мүмкін.

Гиповолемия

Гиповолемиялық шокты емдеу үшін қолданылатын көлем және инфузия жылдамдығы нақты пациенттің жауабына сай болуы керек. Пациенттің гемодинамикалық көрсеткішін бақылау, қан айналымы жүйесіне волемиялық жүктемені болдырмау мақсатында әдеттегі сақтық шараларын орындау керек.

Ересектерге: орташа алғашқы доза 25 г-ден, 48 сағат ішінде 250 г-ден асырмай енгізеді. Жалпы доза, белсенді қан кету болмаған кезде бақыланатын қалыпты (дене салмағына қарай 2 г/кг жуық) альбумин деңгейінен аспауы тиіс. Балаларға: шұғыл жағдайларда алғашқы доза 25 г, басқа жағдайларда доза ересектерге арналған дозадан 2-4 есеге аз болады және альбумин ерітіндісінің концентрациясын ескере отырып, дозалану дене салмағының әр килограмына миллилитрмен есептеледі (баланың дене салмағына 3 мл/кг артық емес). Егер жасушадан тыс дегидратация орын алса, онда альбуминнен кейін тұз ерітіндісін құю керек.

Егер айналымдағы қан көлемінің жетіспеушілігі аз болса (10-15%), альбуминнің 5% ерітіндісін қолдану дұрыс деп саналады, ал альбуминнің 20% ерітіндісін құю және бұдан кейінгі енгізілетін тұзды ерітінді, АҚК айқын төмендегенде (20% астам), айналымдағы ақуыздардың тапшылығында, торпидті шокта және трансфузиялық емді кешіктіріп қолдануға мәжбүр болғанда айтарлықтай емдік артықшылық береді.

Бауыр циррозы бар пациенттерде асциттік сұйықтықты шығарып алу жүрек-қантамыр жүйесі қызметінің өзгеруімен және гиповолемиялық шоктың дамуымен қатар жүруі мүмкін. Мұндай жағдайларда альбуминді құю айналымдағы қан көлемін демеу үшін қажет.

Күюді емдеуде

Күйіп зақымданғаннан кейін (әдетте 24 сағаттан асқан жағдайда) құйылатын альбумин мөлшерінің және плазманың осмостық коллоидты қысымының артуынан алынғанның арасында дәл сәйкестік болады. Мақсат 20 мм сынап бағанасына тең болатын (ақуыздың жалпы концентрациясы 5,2 г/л тең баламалы) плазманың онкостық қысымы арқылы плазма альбуминінің концентрациясын 2,5±0,5 г/л ұстап тұруға қабілетті болуы керек. Емдеу ұзақтығы күйген аумақтан және несеппен шығатын ақуыздардың жоғалуымен анықталады. Одан басқа, зонд арқылы немесе аминқышқылдармен парентеральді қоректендіруді бастау керек, өйткені альбуминді ұзақ уақыт бойы қолдануды қорек көзі деп санауға болмайды.

Ауқымды көлемдегі күюде трансфузиялық емдеудің оңтайлы режимі анықталмаған (коллоидты және тұз ерітіндісін тағайындау). Термиялық зақымданулардан кейін алғашқы 24 сағатта интерстициальді (жасушадан тыс) сұйықтықтың азайған көлемін қалпына келтіру үшін тұз ерітіндісінің көп мөлшері құйылады. 24 сағаттан кейін альбумин ерітіндісін плазманың коллоидты онкостық қысымын демеу мақсатында қолдануға болады.

Тіннің ісінуімен немесе онсыз гипопротеинемия

Егер гипопротеинемияға әкелген негізгі патология түзетілуі мүмкін болса, альбуминді қолдануды таза симтоматикалық немесе демеуші ретінде есептеуге болады. Ересектерге арналған альбуминнің әдеттегі тәуліктік дозасы 50-ден 75 г-ге дейінді (0,5-1/кг) және балалар үшін 25 г құрайды. Альбумин жоғалтылуы тоқтамаған күшті гипопротенемиясы бар науқастарға үлкен мөлшер қажет болуы мүмкін. Өйткені гипопротеинемиясы бар пациенттерде әдетте айналымдағы қан көлемі шамамен қалыпты болғандықтан альбуминді инфузиялау жылдамдығы 2 мл/мин аспауы керек, себебі жылдам инфузия қан айналымының бұзылуын және өкпе ісінуін туғызуы мүмкін.

Ауқымды хирургиялық операция жасау кезінде пациенттер қан арнасындағы айналымдағы альбуминнің жартысынан көбін жоғалтуы мүмкін, ол ісіну синдромының дамуы арқылы немесе онсыз онкостық қысымның төмендеуімен қатар жүреді. Ұқсас жағдайлар қарқынды емдеу бөліміндегі науқастарда сепсис кезінде байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайларда альбуминді қолдану тікелей көрсетілімде.

Ересектердегі жедел респираторлық дистресс синдромы (ЕРДС)

ЕРДС-ы өкпенің интерстициальді ісінуіне байланысты оттегі жеткізілуінің жеткіліксіздігімен сипатталады және шоктың асқынуы және жедел көп қан жоғалту, сондай-ақ бассүйек-ми жарақаты болып табылады. Егер осы орайда гипопротеинемияға және волемиялық жүктемеге бір мезгілде клиникалық белгілер бар болса, онда альбуминді диуретиктермен бірге тағайындау қарқынды инфузиялық емнің маңызды бөлігі болып табылады.

Қолқа- коронарлық шунттау

Жасанды қан айналымының (ЖҚА) қазіргі заманғы аппараттары толтырылуы үшін салыстырмалы түрде аздаған көлемді талап етеді. Альбумин және кристаллоидтарды пайдаланумен қол жететін пациенттердегі операция алдындағы гемодилюцияның қауіпсіз және жақсы көтерімділігі көрсетілген. Гематокрит және плазмадағы альбуминнің қауіпсіз төмендетілуі мүмкін деңгейінің шегі анықталмаған, алайда көпшілік мақұлдаған іс-тәжірибеде ЖҚА-н толтыру үшін гематокриттің деңгейі 20% және плазмадағы альбуминнің концентрациясы 2,5 г/л болғанша альбуминдерді және кристаллоидтарды пайдалану болып табылады.

Жаңа туған нәрестелердің гемолиздік ауыруында

Сарғаюдан және гемолизден пайда болған асқыну қаупін азайту үшін бос билирубинді байланыстыру мақсатында жаңа туған нәрестелердің гемолиздік ауруларын емдегенде плазма алмастыруды пайдаланғанда альбумин тағайындалуы мүмкін. Дене салмағына 1 г/кг доза шамамен алмастыру трансфузиясы ем-шарасын бастардан бір сағат бұрын тағайындалады. Балаларда бастапқы гиперволемия болғанда сақтық таныту қажет.

Жедел нефрозда

Циклофосфанмен немесе стероидтармен емдегенде жауап болмаған кезде немесе стероидтармен емдеу кезінде ісіну синдромы нашарлаған кезде күнделікті 100 мл 20% альбуминді және диурезді және қан плазмасындағы калий концентрациясын бақылай отырып, 7-10 күн бойы диуретиктер біріктіріліп тағайындалуы мүмкін. Осыдан кейін стероидтарды қайталап тағайындағанда тиімді болуы мүмкін.

Гемодиализде

Альбумин созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі кезінде стандартты гемодиализді жүргізу хаттамасының міндетті бөлігі болып табылмайды, бірақ ол бұл пациенттерде шоктың дамуы немесе гипотония кезінде көрсетілімде болуы мүмкін. Әдетте мұндай жағдайларда 20% альбуминнің 100 мл құяды. Бұндай науқастарда жиі байқалатын волемиялық жүктемеден (тап сол себепті олар тұзды ерітіндінің үлкен көлемін инфузия жасағанда көтере алмайды) аулақ болу керек.

Ми ісінуінде

Ми ісінуін емдеу үшін альбуминнің 20% гиперонкостық ерітіндісі пайдаланылуы мүмкін.

Жағымсыз әсерлері

Сирек

- беттің қызаруы

- есекжем

- қызба

- жүрек айнуы

Олар әдетте жылдамдығы азайғанда немесе препарат енгізу тоқтатылғанда өздігінен жойылады.

Өте сирек

-шок

-анафилаксиялық реакция, аса жоғары сезімталдық реакциялары: есекжем, ангионевроздық ісіну, эритематоздық бөртпе

- сананың шатасқан жай-күйі, бас ауыруы

- тахикардия, брадикардия

- гипотония, гипертония

- ентігу

- жүрек айнуы

- қатты тершеңдік

- діріл

- белдің ауыруы

 

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- альбуминді жеке көтере алмаушылығы (оның ішінде сыртартқысындағы аса жоғары сезімталдығы)

- ауыр анемия

- гиперволемия

- II -III дәрежелі созылмалы жүрек жеткіліксіздігі

- өкпе ісінуі

- тромбоз

- артериялық гипертензия

- ұзаққа жалғасатын ішкі қан кетулер

- геморрагиялық диатез

- ренальді және постренальді анурия

- өңеш көктамырларының варикоздық кеңеюі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Альбуминнің салицилаттармен, барбитураттармен, фенилбутазонмен байланысуы бұл препараттардың енгізілген дозасының тек бір бөлігі ғана дереу әсер етуіне, сульфаниламидтер, пенициллиндер өзінің бактерияға қарсы әсерінің елеулі шамада жоғалуына әкеледі. Препаратты аминқышқылдарының ерітінділерімен, гидролизаттармен, құрамында спирт бар қоспалармен, жаңа алынған қанмен, эритроцитті массамен және инъекцияға арналған сумен араластыру ұсынылмайды. Альбумин ерітіндісін инъекцияға арналған сумен сұйылту ұсынылмайды, өйткені пациентте гемолиз туындау мүмкіндігі бар.

Альбуминнің 20% ерітіндісін қажет болғанда физиологиялық ерітіндімен немесе декстрозаның 5 % ерітіндісімен сұйылтуға болады.

Айрықша нұсқаулар

Аллергиялық немесе анафилаксиялық реакцияларға күдік болғанда препаратты енгізуді дереу тоқтату және тиісті емді тағайындау керек. Шок жағдайында емнің қолданыстағы стандартына сәйкес шокқа қарсы емді бастау керек.

Препарат инфузиясын жүргізгенде қан айналымы параметрлеріне, оның ішінде АҚ, ЖЖЖ, орталықтық көктамырлық қысымға, диурезге, плазмадағы электролиттер концентрациясына, гематокрит/гемоглобинге мұқият және ұдайы бақылауды қамтамасыз ету керек.

Альбумин ерітіндісін енгізгенде пациенттің қан плазмасындағы натрий және калий концентрациясын бақылау және бұл электролиттерді қалпына келтіру немесе теңгерімін ұстап тұруға арналған тиісті шараларды алдын ала қолдану керек.

Салыстырмалы түрде үлкен көлемнің алмастырылуы қажет болғанда қан ұюының және гематокриттің көрсеткіштерін бақылау талап етіледі. Қанның басқа компоненттерінің тиісінше алмастыруын қамтамасыз ету керек (ұю факторы, электролиттер, тромбоциттер және эритроциттер).

Егер инфузияның дозалануы және жылдамдығы пациенттің қан айналымының ерекшеліктеріне сәйкес келмесе гиперволемия туындауы мүмкін. Жүрек-қан тамырлық артық жүктеменің бірінші клиникалық белгілерінде (бас ауыруы, ентігу, жармалық көктамырда қан іркілуі) немесе қан қысымы жоғарылауында, көктамырлық қысым ұлғаюында немесе өкпе ісінуінде препарат енгізуді дереу тоқтату керек.

Альбумин ерітіндісін бөлме температурасына дейін (20-25ºС) қыздырғаннан кейін қолданады. Альбумин ерітіндісін гипотермиясы немесе оның даму қаупі бар науқастарға енгізгенде дәл енгізер алдында «in line» қыздырғыштары көмегімен 30-35ºС температураға дейін қыздырылуы мүмкін.

Препарат ерітіндісін қолданар алдында мұқият қарау керек. Тек аса мөлдір, құрамында жүзгін және шөгінді жоқ альбумин ерітіндісін тұмшалану мен тығындалу шарттары сақталғанда, бөтелкелерде және ампулаларда жарық болмағанда, заттаңбасы сақталғанда ғана қолдануға жол беріледі.

Инфузия құтыны (ампуланы) ашқаннан кейін дереу жүргізіледі, содан соң «Қан компоненттері мен препараттары трансфузиясының хаттамасы» толтырылады және науқастың стационарлық немесе амбулаторлық медициналық картасына салынады.

Препараттың пайдаланылмаған қалдығын жою керек.

Альбумин ерітіндісін құю алдында биологиялық сынама жүргізу керек: бір рет 60 тамшы (2-3 миллилитр) ерітінді 1-2 минут ішінде құйылады, содан кейін құю тоқтатылады және 3 минут бойына пациентке бақылау жүргізіледі. Емшара пациенттің жалпы жай-күйін бақылай отырып екі рет қайталанады. Жағымсыз реакциялар болмағанда альбумин ерітіндісінің қажетті көлемі құйылады.

Жүктілік және лактация

Альбуминнің жүктілік және лактация кезеңіндегі болжамды жағымсыз әсерлері туралы клиникалық зерттеулердің нәтижелері жоқ. Альбумин ерітіндісін клиникалық қолданудың қолда бар тәжірибесі жүктілік барысына, ұрыққа немесе жаңа туған нәрестелерге қандай да бір зиянды әсерін күтуге негіз бермейді, өйткені адам альбумині адам қаны плазмасының қалыпты компоненті болып табылады.

Препаратты қолданудағы арнайы ескертулер және сақтық шаралары

Тұмшалануы бұзылғанда ерітінді бактериялық ластану қауіптілігіне байланысты жойылуы тиіс. Ерітінді бұлыңғырланғанда, үлпектер немесе жүзгіндер болғанда ерітінді пайдалануға жарамсыз!

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Әсер етпейді.

Артық дозалануы

Симптомдары: дозаның және құю жылдамдығының өте жоғары болуында бас ауыруы, ентігу, жармалық көктамырлардың толып кетуі, артериялық қысымның жоғарылауы, орталықтық көктамырлық қысым жоғарылауы, болжамды өкпе ісінуі сияқты гиперволемия немесе жүрек-қан тамырлары жүйесінің артық жүктемеленуінің белгілері пайда болады.

Емі: құюды дереу тоқтату және пациенттің гемодинамикасының сипатын мұқият бақылау керек.

Симптоматикалық ем жүргізіледі.

 

Шығарылу түрі және қаптамасы

ҚР МФ, 1 томы, 3.2.1 немесе МемССТ 10782-85. 1-6 өзг. бойынша

20% албумин ерітіндісіне арналған 100 мл-ден, 10% ерітіндіге арналған

50, 100 және 200 мл-ден, 5% ерітіндіге арналған 100 және 200 мл-ден сыйымдылығы 50, 100, 250 мл-ден қан және трансфузиялық препараттарға арналған шыны бөтелкелерде.

ҚР МФ 1 том 3.2 немесе МемССТ 10782-85. С 1-6 өзг. бойынша НС-1, НС-2, НС -3 маркалы шыны ампулаларда 10% ерітіндіге арналған 20 мл-ден.

Бөтелкелер ТШ 9398-001-44111344-2005 бойынша 4Ц маркалы немесе ТШ 38-0062-69-80 немесе ТШ 38.106618-95 бойынша 25 П, 52-369/1 маркалы резеңке тығындармен тұмшалап жабылады, МемССТ Р 51314-99 бойынша алюминий қалпақшалармен қаусырылады. Ампулалар дәнекерленеді.

Бөтелкелер мен ампулаларға МемССТ 7625-86Е бойынша заттаңбалық қағаздан немесе МемССТ18510-87 жазу қағазынан жасалған заттаңбалар жапсырылады және бөтелкелер – біреуден, ампулалар - 5 данадан медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге МемССТ 7933-90 бойынша А маркалы немесе ТШ У 05509659-008-2000 бойынша хром- эрзац типті қораптық картоннан жасалған қораптарға салынады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 20С-ден 10 0С-ге дейінгі температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

5 жыл.

250С-ден аспайтын температурада 3 жыл.

Мұздатып қатыруға болмайды!

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Жарамдылық мерзімін ұзартуға тыйым салынады!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

ШЖҚ РМК ҚР ДСӘДМ «Республикалық қан орталығы»

Қазақстан Республикасы, 050060, Алматы қ.

Өтепов к-сі 1, тел. 8 (727) 246-58-59;

факс: (727) 246-09-11 Е-mail: info@rck.kz

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

ШЖҚ РМК ҚР ДСӘДМ «Республикалық қан орталығы»

Қазақстан Республикасы, 050060, Алматы қ.

Өтепов к-сі 1, тел. 8 (727) 246-58-59;

факс: 8 (727) 246-09-11; Е-mail: info@rck.kz

 

Прикрепленные файлы

496648581477976237_ru.doc 83 кб
504415221477977497_kz.doc 101 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники