Алотендин® (10мг/5мг) (Bisoprolol and amlodipine)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Алотендин®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Таблеткалар, 5 мг/5 мг, 5 мг/10 мг, 10 мг/5 мг, 10 мг/10 мг
Құрамы
5 мг/5 мг бір таблетканың құрамында
белсенді зат: 5 мг бисопролол фумараты
5 мг амлодипин (6,95 мг амлодипин бесилатына баламалы),
5мг/10 мг бір таблетканың құрамында
белсенді зат: 5 мг бисопролол фумараты
10 мг амлодипин (13,9 мг амлодипин бесилатына баламалы),
10 мг/5мг бір таблетканың құрамында
белсенді зат: 10 мг бисопролол фумараты
5 мг амлодипин ( 6,95 мг амлодипин бесилатына баламалы),
10 мг/10 мг бір таблетканың құрамында
белсенді зат. 10 мг бисопролол фумараты
10 мг амлодипин (13,9 мг амлодипин бесилатына баламалы),
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, натрий крахмалының гликоляты (A типі), магний стеараты, кремнийдің коллоидты сусыз қостотығы
Сипаттамасы
Ақ немесе ақ дерлік түсті, сопақша пішінді, екі беті сәл дөңес, иіссіз, бір жағында сызығы және екінші жағында MS ойылып жазылған таблеткалар (5 мг/5 мг бисопролол фумараты/амлодипин дозасы үшін).
Ақ немесе ақ дерлік түсті, сопақша пішінді, екі беті сәл дөңес, иіссіз, бір жағында сызығы және екінші жағында MS ойылып жазылған таблеткалар (10 мг/5 мг бисопролол фумараты/ амлодипин дозасы үшін).
Ақ немесе ақ дерлік түсті, дөңгелек пішінді, жайпақ, ойығы бар, иіссіз, таблетканың бір жағында сызығы және екінші жағында MS ойылып жазылған таблеткалар (5 мг/10 мг бисопролол фумараты/амлодипин дозасы үшін).
Ақ немесе ақ дерлік түсті, дөңгелек пішінді, екі беті сәл дөңес, иіссіз, бір жағында сызығы және екінші жағында MS ойылып жазылған таблеткалар (10 мг/10 мг бисопролол фумараты/амлодипин дозасы үшін).
Фармакотерапиялық тобы
Бета- адреноблокаторлар. Басқа гипотензивті дәрілермен біріктірілген іріктелген бета-адреноблокаторлар. Бисопролол басқа гипотензивті дәрілермен біріктірілімде.
АТХ коды C07FB07
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Амлодипин ішке қабылдағаннан кейін жақсы сіңеді және қандағы ең жоғарғы шыңына қабылдағаннан кейін 6-12 сағатта жетеді. Ас қабылдау оның биожетімділігіне әсер етпейді. Абсолютті биожетімділігі 64-80% құрайды. Таралу көлемі 21 л/кг. Қан плазмасындағы тепе-тең концентрациясына (5-15 нг/мл) күнделікті дозалаудың 7-8 күнінен кейін жетеді. In vitro зерттеулері көрсеткендей, амлодипиннің қан айналымындағы 93-98% қан плазмасының ақуыздарымен байланысады. Амлодипин бауырмен белсенді емес пиридин туындыларына дейін тез метаболизденеді (шамамен 90%). 10% бастапқы қосындылардан және 60% белсенді емес метаболиттерден несеппен, 20-25 % – нәжіспен бөлініп шығарылады. Қан плазмадасындағы концентрациясының төмендеуі екіфазалы сипаттамаға ие. Қан плазмасынан жартылай шығарылуының соңғы элиминациялық кезеңі шамамен 35-50 сағатты құрайды және тәулігіне бір рет дозалануына сәйкес келеді. Жалпы клиренсі 7 мл/мин/кг тең (пациенттің салмағы 60кг болғанда - 25 л/сағ). Егде пациенттерде бұл көрсеткіш 19 л/сағат құрайды.
Амлодипиннің фармакокинетикасы бүйрек жеткіліксіздігінде және пациенттің жасының ұлғаюына қарай айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды. Жас және егде жастағы пациенттерде шыңдық концентрациясына жету уақыты ұқсас. Амлодипиннің клиренсі төмендеуге бейім болуының салдарынан егде жастағыларда AUC мәні және жартылай шығарылу кезеңі артады. Жүрек жеткіліксіздігімен пациенттерде AUC мәні мен жартылай шығарылу кезеңінің артуы осы жас тобындағыларды зерттеу нәтижесінің негізінде күтілгенге сәйкес келді.
Амлодипин белсенсіз компоненттерге дейін қарқынды метаболизденеді (шамамен 90%-ға). Бастапқы қосылыстың 10% өзгермеген түрінде бүйрекпен шығарылады. Амлодипиннің плазмадағы концентрациясының өзгеруі бүйрек функциясының бұзылысының дәрежесіне байланысты емес. Осындай пациенттерге әдетте амлодипиннің ұсынылған дозасын тағайындауға болады. Амлодипин гемодиализ кезінде шығарылмайды.
Бауыр функциясының бұзылуында клиренстің төмендеуіне байланысты амлодипиннің жартылай шығарылу кезеңі артады.
Бисопролол асқазан –ішек жолдарынан түгелдей дерлік (> 90%) сіңіріледі. Бауыр арқылы бірінші өту әсерінің төмендігіне байланысты (шамамен 10%), препараттың абсолютті биожетімділігі ішу арқылы қабылдағаннан кейін шамамен 90% құрайды. Таралу көлемі 3,5 л/кг тең. Бисопрололдың қан плазмасының ақуыздарымен байланысуы 30%. Бисопролол организмнен екі жолмен шығарылады: 50% бауырмен белсенді емес метаболиттерге дейін метаболизденеді, содан кейін бүйректермен шығарылады. Қалған 50% өзгермеген түрінде бүйректермен шығарылады. Элиминация бүйректе және бауырда бірдей дәрежеде жүретіндіктен, жеңіл және орташа дәрежедегі бауыр мен бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерде дозаны түзетудің қажеті жоқ. Жалпы клиренсі шамамен 15 л/сағатты құрайды. Плазмадан жартылай шығарылуының элиминациялық кезеңі шамамен 10 сағат. Бисопрололдың кинетикасы дозаға байланысты және жасқа байланысты емес.
Фармакодинамикасы
Алотендин – құрамына баяу кальций өзекшелерінің блокаторы (амлодипин) және іріктелген β-адреноблокатор (бисопролол) кіретін біріктірілген гипертензияға қарсы препарат. Препараттың гипертензияға қарсы әсері бар.
Амлодипин кальций иондарының жарғақша арқылы миокардиальді және тегіс бұлшықеттік қантамырлық жасушаларға (баяу кальций өзекшелерінің блокаторы немесе кальций иондарының антогонисі) өтуін тежейді. Антигипертензиялық әсерінің механизмі, шеткергі қантамырлық кедергінің төмендеуіне әкелетін, қантамырлардың тегіс бұлшықеттеріне тікелей босаңсытатын әсерімен байланысты.
Ол арқылы стенокардия симптомдарын жеңілдететін дәл механизмі толығынан анықталмаған және төмендегілерді қосуға болады:
1) шеткергі артериолдардың кеңеюінің арқасында, жалпы шеткергі кедергінің (кейінгі жүктеменің) азаюы. Бұл рефлекторлы тахикардияға әкелмейтіндіктен, миокардтың энергияны жұмсау және оттегіні қажет етуі төмендейді.
2) қалыпты және ишемизияланған аймақтарда негізгі тәждік артериялар мен артериолдардың кеңеюі арқасында, оттегінің келіп түсуі жақсарады.
Осының арқасында тәждік артериялардың тарылу (вариантты стенокардия немесе Принсметал стенокардиясы) жағдайында да миокардқа оттегінің жеткілізілуі арта түседі.
Артериялық гипертензияда тәулігіне бір таблетка қабылдау артериялық қысымның жатқан күйде, сондай-ақ тұрған күйінде де 24 сағат ішінде клиникалық мәні бар төмендеуіне әкеледі. Препарат әсерінің баяу басталуына байланысты жедел гипотензия дамымайды.
Стенокардиямен пациенттерде препаратты тәулігіне бір рет қабылдау жүктеменің жалпы уақытын, стенокардия ұстамаларының басталуына дейінгі уақытты және ST сегментінің айқын депрессиясына дейінгі уақытты арттырады, сондай-ақ стенокардия ұстамаларының жиілігін және нитроглицерин таблеткаларын қабылдауды азайтады.
Препаратты қабылдау жағымсыз метаболизмдік әсерлердің дамуымен байланысты емес: қан плазмасында липидтер деңгейі, қанда және несеп қышқылында глюкоза деңгейі жоғарыламайды; препаратты бронх демікпесімен пациенттерге тағайындауға болады.
Бисопролол ішкі симпатомиметикалық белсенділігінен (ISA) айырылған, күшті жоғары іріктелген β1-адренореноблокатор болып табылады, оның айтарлықтай жарғақша тұрақтандырғыш әсері жоқ.
Оның бронхтардың және қантамырлардың тегіс бұлшықеттерінің β2-рецепторларына, метаболикалық реттелуге қатысы бар β2-рецепторларға төмен аффинитеттігі бар. Осыған байланысты бисопрололдың жалпы тыныс алу жолдарының резистенттілігіне және β2- арқылы метаболикалық әсерлерге әсер ету мүмкіндігі төмен.
β1-іріктегіштігі терапиялық дозалаудың диапазонынан асып таралады. Бисопрололдың айқын теріс инотропты әсері жоқ. Бисопрололдың ең жоғарғы әсері ішу арқылы қабылдағанда 3-4 сағаттан кейін дамиды. Плазмадан жартылай шығарылуының элиминациялық кезеңі (10-12 сағат), препаратты тәулігіне бір рет дозалаудан кейін 24-сағаттық тиімділікпен қамтамасыз етеді. Әдетте ең жоғарғы антигипертензивті әсері 2 аптадан кейін дамиды. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігінсіз жүректің тәждік патологиясымен пациенттерге жедел тағайындағанда, бисопролол жүректің жиырылу жиілігін және екпінді көлемін азайтуы арқылы жүректің минуттық көлемін және оттегіні қажет етуін азайтады. Ұзақ қолданған жағдайда, бастапқыда жоғарылаған шеткергі кедергі төмендейді. β-блокаторлардың антигипертензиялық әсері одан басқа, рениннің белсенділігінің төмендеуіне байланысты.
Біріктірілген препараттың фармакодинамикалық қасиеттері:
Аталған біріктірілім екі белсенді затының кальций антогонисі амлодипиннің вазоселективті әсері (шеткергі кедергінің төмендеуі) және бисопрололдың β-блокаторының кардиоселективті әсері (минуттық көлемінің азаюы) секілді бірін бірі толықтыратын механизмінің арқасында антигипертензиялық және антиангинальді әсерін күшейтуге мүмкіндік береді.
Қолданылуы
- артериялық гипертензияда монотерапия түрінде немесе қажет болғанда, басқа антигипертензивті дәрілермен бірге біріктірілген ем құрамында
- созылмалы тұрақты стенокардияда монотерапия түрінде немесе қажет болғанда, басқа антиангинальді дәрілермен бірге біріктірілген ем құрамында
- амлодипин және бисопрололды сол дозаларда бір уақытта қолданғанда, жеткілікті бақыланатын артериялық қысым және/немесе созылмалы тұрақты стенокардиямен пациенттерде, орын басатын ем есебінде
Қолдану тәсілі және дозалары
Препаратты дәрігердің тағайындауымен ғана қолдануға болады!
Алотендин жоғары артериялық қысымы немесе тәждік қантамырлар патологиясы монокомпонентті препараттарды ұсынылған бекітілген комбинациялардағы дозадағыдай бөлек тағайындаумен талапқа сай бақыланатын пациенттерге тағайындалады.
Ұсынылған тәуліктік доза – белгілі дозасының 1 таблеткасы. Алотендинді тамақ қабылдауға байланыссыз, шайнамай, ертеңгісін қабылдау ұсынылады. Емді дереу тоқтатуға болмайды бұл клиникалық жағдайының уақытша нашарлауына әкелу мүмкін. Әсіресе жүректің ишемиялық ауруларымен зардап шегетін пациенттерде емді дереу тоқтатуға болмайды. Дозаны біртіндеп азайту ұсынылады.
Бауыр функциясы бұзылған жағдайда амлодипиннің шығарылуы ұзаққа созылуы мүмкін. Амлодипиннің дозалануына қатысты дәл ұсынымдар болмауына байланысты, препарат пациенттерге сақтықпен тағайындалуы керек. Ауыр бауыр жеткіліксіздігі жағдайында бисопрололдың тәуліктік дозасы 10 мг-ден аспауы керек.
Жеңіл және орташа дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігімен пациенттерде дозаны өзгерту қажет емес. Амлодипин гемодиализ жолымен шығарылмайтын болғандықтан, оны гемодиализдегі пациенттерге айрықша сақтықпен тағайындау керек. Ауыр бүйрек жеткіліксіздігі жағдайында (креатинин клиренсі 20мл/мин) бисопрололдың тәуліктік дозасы 10 мг-ден аспауы керек.
Егде жастағы пациенттерге препараттың әдеттегі дозасы тағайындалады, әйтсе де дозаны жоғарылатқанда сақтық шараларын сақтау керек.
Жағымсыз әсерлері
Амлодипинге қатысты:
Жиі (³1/100 - <1/10)
- бас ауыруы, бас айналуы, ұйқышылдық (әсіресе емнің басында) шаршағыштық
- жүрек қағуы
- «ысынулар»
- жүрек айнуы, іштің ауыруы
- ісіну, шеткергі ісінулер (тобықтың ісінуі)
Жиі емес (³1/1 000 - <1/100)
- көрудің бұзылуы (диплопияны қоса), ұйқысыздық, көңіл күйдің бұзылуы (үрейлену жағдайын қоса), депрессия, құлақтағы шуыл
- синкопэ, гипестезия, парестезиялар, дәм сезінудің бұзылуы, тремор
-артериялық гипотензия,
- ентігу, ринит, кеуде тұсының ауыруы, астения, ауыру, өзін нашар сезіну
- ауыз құрғауы, құсу, диспепсия, асқазан-ішек жолының мотильділігінің бұзылуы (диарея мен іш қатуды қоса),
- жоғары тершеңдік, пурпура, тері түсінің өзгеруі, экзантема, аллопеция, қышыну,бөртпе
- артралгиялар, миалгиялар, бұлшықет құрысуы, арқаның ауыруы
- поллакиурия, несеп шығарудың бұзылуы, никтурия
- дене салмағының артуы немесе төмендеуі
- потенцияның бұзылуы, гинекомастия
Сирек ( ³1/10 000 - <1/1 000)
-сананың шатасуы
-васкулит
Өте сирек (<1/10 000)
-лейкопения, тромбоцитопения
-гипергликемия
-аллергиялық реакциялар, ангионевроздық ісіну, көпформалы эритема, есекжем, эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы, Квинке ісінуі, фотосезімталдық
-бұлшықет тонусының жоғарылауы, шеткергі нейропатия
- миокард инфарктісі, аритмия (брадикардияны, қарыншалық тахикардия мен жүрекшенің фибрилляциясын қоса)
-жөтел
- қызыл иек гиперплазиясы, гастрит, панкреатит,
- холестаз, сарғаю, гепатит, бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауы (көп жағдайларда холестазбен)
Бисопрололға қатысты:
Жиі ( ³1/100 - <1/10)
-бас айналуы**, бас ауыруы**, шаршағыштық**, қалжырау**
- аяқ қолдың ұю және мұздау сезімі
-асқазан-ішек симптомдары, жүректің айнуы, құсу, диарея, іш қату
Жиі емес( ³1/1 000 - <1/100)
- ұйқының бұзылуы, депрессия
-АВ-өткізгіштіктің бұзылуы, болған жүрек жеткіліксіздігінің нашарлауы, брадикардия
-сыртартқысында бронх демікпесімен пациенттердегі бронх түйілуі
-артериялық гипотензия
-бұлшықет әлсіздігі мен құрысулар
Сирек ( ³1/10 000 - <1/1 000)
-шым-шытырақ түстер көру, елестеулер, естудің бұзылуы
-синкопэ
-көз жасы сұйығының сөлінісінің төмендеуі (бұны егер пациент жанаспалы линза тағатын болса, ескеру керек)
-аллергиялық ринит
-гепатит, бауыр ферменттері деңгейінің артуы (АлАТ, АсАТ),
-жоғары сезімталдық реакциясы, қышыну, бөртпе
- триглицеридтер деңгейінің жоғарылауы
- «ысынулар»
- потенцияның бұзылуы
Өте сирек (<1/10 000)
-конъюнктивит
-аллопеция, - β-блокаторлар псориаздың ағымын ауырлатуы немесе оған түрткі болуы мүмкін, немесе теріде псориазға ұқсайтын өзгерістер туындатуы мүмкін
** Бұл симптомдар әсіресе емнің басында білінеді. Негізінен олар аздап білінеді және көбіне 1-2 аптадан кейін қайтады.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- амлодипинге, дигидропиридин туындыларына, бисопрололға және /немесе кез келген қосымша заттарына аса жоғары сезімталдық
- ауыр гипотония
- миокард инфарктісінен кейінгі гемодинамикалық тұрақсыз жүрек жеткіліксіздігі
- сол жақ қарыншадан қанның лықсуына кедергі келтіретін қолқаның айқын тарылуы
- инотропты әсері бар препараттарды көктамыр ішіне енгізуді қажет ететін
жедел жүрек жеткіліксіздігі немесе жүрек жеткіліксіздігінің көріністері
- кардиогенді шок
- II немесе III дәрежедегі АВ-блокада (пейсмейкерсіз)
- синусты түйіннің әлсіздігінің синдромы
- синоатриальді блокада
- емді бастамас бұрынғы брадикардия (жүректің жиырылу жиілігі минутына 60 соғудан төмен)
- артериялық гипотензия (систолалық артериялық қысым < 100 мм.сын. бағ.)
- ауыр бронх демікпесі немесе өкпенің ауыр созылмалы обструктивті аурулары
- шеткергі артериялардың окклюзиялайтын ауруларының соңғы сатысы және Рейно синдромының ауыр түрі
- емделмеген феохромоцитома
- метаболизмдік ацидоз
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Дәрілермен өзара әсерлесуі толық айқындалмаған.
Тиазидті диуретиктермен, β-блокаторлар, әсер етуі ұзартылған нитраттармен, глицерил тринитратының тіл астылық препараттарымен, стероидты емес қабынуға қарсы дәрілермен, антибиотиктермен, ішу арқылы қабылданатын гипогликемиялық препараттармен бірге қолдану қауіпті емес деп саналады.
Амлодипинді CYP3А4 күшті немесе орташа тежегіштерімен (мысалы, протеаза тежегіштері, азольді зеңге қарсы препараттар, макролидтер, мысалы, эритромицин немесе кларитромицин, верапамил немесе дилтиазем) бір мезгілде тағайындау амлодипиннің қан плазмасындағы концентрациясының клиникалық мәні бар деңгейге дейін жоғарылауын туындатуы мүмкін.
CYP3А4 индукторларының амлодипинге әсеріне қатысты деректер жоқ. CYP3А4 индукторларын (рифампицин, шілтер жапырақты шайқурай /hypericum perforatum/) бір мезгілде қолдану амлодипиннің плазмадағы концентрациясын төмендетуі мүмкін. Амлодипинді CYP3А4 индукторларымен сақтықпен біріктіру керек.
Дәрілік өзара әрекеттесуін зерттеулерде көрсетілгендей грейпфрут шырыны, циметидин, алюминий/магний (антацид) және силденафил амлодипиннің фармакокинетикасына әсер етпейді.
Амлодипиннің антигипертензивті әсері артериялық қысымды төмендететін басқа препараттардың антигипертензивті әсерін күшейтеді.
Дәрілік өзара әрекеттесуін зерттеулерде көрсетілгендей, амлодипин аторвастатин, дигоксин, этанол (алкоголь), варфарин немесе циклоспориннің фармакокинетикасына әсер етпейді.
Амлодипинді симвастатинмен бір мезгілде қолдану симвастатиннің қан плазмасындағы деңгейінің жоғарылауына әкелуі мүмкін. Симвастатиннің, тәулігіне 20 мг асатын дозасы, амлодипин қабылдайтын пациенттерге ұсынылмайды.
Амлодипин зертханалық талдаулардың нәтижесіне әсер етпейді.
Ұсынылмайтын біріктірілімдер:
- верапамил түріндегі және аз дәрежеде дилтиазем түріндегі кальций антагонистері жиырылу қабілетіне, жүрекшелік-қарыншалық өткізгіштікке және артериялық қысымға теріс әсер етеді. β-блокаторлармен ем алатын пациенттерге верапамилді көктамыр ішіне енгізу айқын артериялық гипотензияға және атриовентрикулярлы бөгелуге әкелуі мүмкін;
- орталықтық әсері бар антигипертензивті препараттармен бір уақытта қабылдау (мысалы, клонидин, метилдопа, моксонодин, рилменидин) ЖЖЖ-нің, жүректің минуттық көлемінің сиреуіне және вазодилатацияға әкелуі мүмкін. Препаратты дереу тоқтату “гипертензия түрінде тоқтату синдромының” қаупін арттырады.
Алотендиннің келесі препараттармен біріктірілімі ерекше сақтықпен қолданылуы керек:
- нифедипин секілді, дигидропиридин түріндегі кальций антогонистері артериялық гипотензия қаупін арттырады, және жүрек жеткіліксіздігімен пациенттерде асқазанның насостық функциясының ары қарай нашарлау қаупін жоққа шығармайды;
- I класты антиаритмиялық препараттар (мысалы, дизопирамид, хинидин, лидокаин, фенитоин, флекаинид, пропафенон) жүрекшелік-қарыншалық өткізу уақытына әсерді көтермелейді және теріс инотропты әсердің күшеюі мүмкін;
- III класты антиаритмиялық препараттар (мысалы, амиодарон) жүрекшелік-қарыншалық өткізу уақытына әсерді көтермелеуі мүмкін;
- парасимпатомиметикалық дәрілер жүрекшелік-қарыншалық өткізу уақытын ұзартуы мүмкін, осылайша брадикардияның даму қаупін де күшейтуі мүмкін;
- құрамында β-блокатор бар топикалық препараттар (мысалы, глаукоманы емдеу үшін көз тамшы дәрісі) препараттың жүйелік әсерін өзгертуі мүмкін;
- инсулин және ішу арқылы қабылданатын диабетке қарсы препараттар гипогликемиялық әсердің күшеюін туындатуы мүмкін. β-адренорецепторларды бөгеу гипогликемия симптомын бүркемелеуі мүмкін;
- анестетиктер рефлекторлық тахикардияның нашарлауын және гипотония даму қаупін жоғарылатуы мүмкін
- тырнақгүл гликозидтері ЖЖЖ сиретуі, жүрекшелік-қарыншалық өткізу уақытын ұзартуы мүмкін;
- стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер (ҚҚСП) бисопрололдың гипотензивті әсерін төмендетуі мүмкін;
- β-симпатомиметикалық дәрілерді (мысалы, изопреналин, добутамин) бисопрололмен бір мезгілде қолдану екі препараттың да әсерін төмендетуі мүмкін;
- β – сондай-ақ альфа-адренорецепторларды (норадреналин, адреналин) белсендіретін симпатомиметиктер бисопрололмен біріктірілімде артериялық қысымның жоғарылауына әкеліп, осы препараттардың альфа-адренорецепторлармен байланысты вазоконстрикторлық әсерлерін айқындауы мүмкін. Іріктелмеген бета-блокаторлармен осындай өзара әрекеттесудің мүмкіндігі бар деп саналады.
-антигипертензивті дәрілер, гипотензивті әсері бар басқа дәрілер (мысалы, трициклді антидепрессанттар, барбитураттар, фенотиазиндер) артериялық гипотензия қаупін жоғарылатады.
Алотендиннің қарастыруды қажет ететін препараттармен біріктірілуі:
- мефлокин брадикардия қаупін жоғарылатуы мүмкін;
- моноаминооксидаза тежегіштері (MAO-B тежегіштерін қоспағанда): β-блокаторлардың гипотензивті әсерін күшейтеді, сондай-ақ гипертониялық криз қаупін арттырады.
- рифампицин бисопрололдың жартылай шығарылу уақытының аздап азаюын туындатуы мүмкін, бәлкім бауырдың метаболизмдік ферменттерінің индукциясы нәтижесінде. Әдетте бұл дозаны өзгертуді талап етпейді.
- эрготаминнің туындылары шеткергі қанайналымының бұзылуының нашарлауын туындатуы мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Амлодипиннің гипертониялық криздерде тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған.
Жүрек жеткіліксіздігімен пациенттерге препаратты сақтықпен тағайындау керек. NYHA бойынша III/IV класты жүректің ауыр жеткіліксіздігімен пациенттерде жүргізілген ұзақ мерзімдік плацебо-бақыланатын зерттеулер нәтижесіне сәйкес, амлодипин тобында өкпе ісінуінің жиілігі плацебо тобына қарағанда жоғары болды, бірақ бұл жүрек жеткіліксіздігінің нашарлауымен байланысты емес.
Бауыр функциясының бұзылуымен пациенттер
Бауыр функциясының бұзылуымен пациенттерде
амлодипиннің жартылай шығарылу уақыты ұзарады. Пациенттердің осы тобында дозалауға қатысты ұсыныстар анықталған жоқ. Сондықтан осы пациенттерге препаратты сақтықпен тағайындау керек.
Бүйрек функциясының бұзылуымен пациенттер
Пациенттердің осы тобында амлодипинді әдеттегі дозада қолдануға болады. Плазмада амлодипин концентрациясының өзгеруі бүйрек функциясының бұзылу дәрежесімен өзара байланысты. Амлодипин гемодиализ жолымен шығарылмайды.
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациенттерде дозаны жоғарылатқанда сақтық шараларын сақтау керек.
Әсіресе жүректің ишемиялық ауруы жағдайында препаратты тоқтатуға нақты көрсетілімдер болмаса, кардиальді патологияның уақытша нашарлауына әкеліп соғуы мүмкіндігіне байланысты, бисопрололмен емді дереу тоқтатуға болмайды.
Бисопролол жүрек жеткіліксіздігімен байланысты артериялық гипертензия немесе стенокардиямен пациенттерге аса сақтықпен тағайындалуы керек.
Бисопролол келесі жағдайларда сақтықпен тағайындалуы керек:
- қандағы глюкоза деңгейінің үлкен ауытқуымен қант диабетінде, гипогликемия симптомдары (тахикардия, жүректің қатты соғуы, тершеңдік) бүркемеленуі мүмкін;
- қатаң түрде ашығу /диета;
- бір мезгілде десенсибилизациялайтын ем жүргізгенде (басқа β-блокаторларды қолданған жағдайдағыдай, препарат аллергендерге сезімталдықтың жоғарылауын және анафилаксиялық реакциялардың ауырлауын туындатуы мүмкін. Адреналинді қолдану күтілген терапиялық әсерді бермеуі мүмкін);
- I дәрежедегі АВ-блокада;
- Принсметал стенокардиясы;
- шеткергі артериялардың окклюзиялық аурулары (шағымдардың күшеюі емнің басында айқынырақ болуы мүмкін);
- псориаз немесе оның сыртартқысында болуы – бұл жағдайда, пайдасы мен қаупін мұқият қарастырғаннан кейін, тек β-блокаторлар (бисопролол) қолданылуы керек;
- Бисопролмен емдеу барысында, гипертиреоз симптомдары айқын болмауы мүмкін;
- феохромоцитомамен пациенттерде бисопролол α-рецепторларды бөгегеннен кейін ғана тағайындалуы керек;
- жалпы жансыздандыруды қолданбас бұрын анестезиолог пациенттерден β-блокаторларды қолдануына қатысты ақпаратты біліп алуы керек. Жалпы жансыздандыру жүргізілген пациенттерде жансыздандырудың индукциясы және интубация кезінде, сондай-ақ операциядан кейінгі кезеңде β -блокада аритмия мен миокард ишемиясы жиілігін азайтады. Қазіргі уақытта операциядан кейін де β –блокаданы демеу керектігі анықталды. Анестезиолог брадиаритмияны, рефлекторлық тахикардияның азаюын және қан кетуді компенсациялаудың рефлекторлы бәсеңдету мүмкіндігін туындатуы мүмкін басқа препараттармен өзара әрекеттесу себебіне байланысты β –блокаданы ескеруі керек. Егер β-блокаторларды хирургиялық араласу алдында тоқтату қажет болса, бұл біртіндеп жүргізіліп, жансыздандыруға дейін 48 сағат ішінде аяқталуы керек;
- бронх демікпесінде және симптомдар туындата алатын басқа да өкпенің созылмалы обструктивті ауруларында, бір уақытта бронхкеңітетін ем жүргізілуі керек. Кейбір жағдайларда, бронх демікпесімен пациенттерде, тыныс жолдарында кедергінің жоғарылауының дамуы мүмкін болғандықтан, β2-стимуляторлар дозасын жоғарылату қажет болуы мүмкін.
Педиатрияда қолданылуы
Алотендинді пациенттердің осы категориясында қолданудың тиімділігі мен қауіпсіздігі жөнінде деректердің болмауына байланысты балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде қолдану ұсынылмайды.
Жүктілік және емшек емізуде
Бисопролол жүктілікке және/немесе ұрық/нәрестеге зиянды әсер етуі мүмкін фармакологиялық әсер береді. Жалпы β-адреноблокаторлардың плацентарлы перфузияны төмендетуі, өсуді тежейді, жатырішілік өлімді, өздігінен түсікті және мерзімінен бұрын босануды туындатады. Ұрықта және жаңадан туған нәрестеде жағымсыз әсерлері байқалуы мүмкін (гипогликемия және брадикардия). Егер β-адреноблокаторлармен емдеу қажет болса, іріктеуші β1-адреноблокаторларды таңдаған дұрыс.
Алотендинді егер оған қатаң көрсетілім болмаса, жүктілік кезінде қолданбаған жөн. Егер Алотендинмен емдеу қажет деп табылса жатырлық-плацентарлық қан ағымына және ұрықтың өсуіне мұқият мониторинг жүргізу керек. Жүктілікке немесе ұрыққа жағымсыз әсері болған жағдайда, басқа альтернативті ем жөнінде шешім қабылдау керек. Жаңа туған нәрестелер мұқият бақылануы керек. Гипогликемия және брадикардия симптомдары алғашқы 3 күн ішінде күтіледі. Препараттың емшек сүтіне бөлінуі жөнінде деректер жоқ болғандықтан, Алотендинді емшекпен емізу кезінде тағайындау ұсынылмайды.
Дәрілік заттың көлік құралдарын жүргізуге және қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препарат көлік құралдарын басқару және қауіпті механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне аздап әсер етуі мүмкін.
Егер препарат қабылдайтын пациенттер бас айналуы, бастың ауыруы, шаршау немесе жүректің айнуына шағымданса, реакциялық қабілеті бұзылуы мүмкін. ЖИА-мен пациенттердің қатысуымен зерттеулерде бисопролол көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс жасау қабілетін бұзған жоқ. Препаратқа жеке реакциялардың әртүрлі болуына байланысты, көлік құралдарын жүргізу және қауіпті механизмдерді басқару қабілеті бұзылуы мүмкін. Бұндай әсерлер емнің басында, емді өзгерткен кезде және бір мезгілде алкоголь қабылдаған жағдайда жиі байқалады.
Артық дозалануы
Симптомдары: айтарлықтай артық дозалануы туралы бар деректер айқын шеткергі вазодилатация дамуын және рефлекторлық тахикардия мүмкіндігін білдіреді.
Өліммен аяқталатын шокқа дейін айтарлықтай жоғары, ұзаққа созылған жүйелі артериялық гипотензия туралы хабарлар бар.
β-адреноблокаторлармен артық дозаланғанда күтілген симптомдар брадикардия, артериялық гипотензия, бронхтүйілуі, жедел жүрек жеткіліксіздігі және гипогликемия болып табылады.
Артериялық гипертензия және/немесе жүректің ишемиялық ауруымен пациенттерде брадикардия және/немесе артериялық гипотензия дамуымен бисопрололдың артық дозалануы туралы бірнеше хабарлар бар.
Барлық пациенттер жазылып кетті. Бисопрололдың бір реттік жоғары дозасына сезімталдық және реакция тұрғысынан субъектілер арасында айтарлықтай ауытқушылық бар.
Жүрек функциясының бұзылуы бар пациенттердің бисопролол әсеріне сезімталдылығы жоғары болатыны белгілі.
Емі: Артық дозаланғанда препарат тоқтатылып, демеуші және симптоматикалық ем басталуы керек. Препараттың баяу сіңетіндігін назарға ала отырып асқазанды шаю керек. 10 мг амлодипинді енгізгенге дейін 2 сағат бұрын белсенділенген көмірді қабылдау амлодипиннің сіңу жылдамдығын төмендетті.
Клиникалық маңызды артериялық гипотензия жағдайында, белсенді жүрек-қантамырлық демеу, жүрек пен тыныс алу қызметін мониторингілеу, аяқтарды көтеріп қою, айналымдағы сұйықтық көлемі мен диурезді бақылау және де қарқынды демеуші ем жасау қажет. Вазоконстрикторларды қолдану, қолдануға қарсы көрсетілім болмаған жағдайда қантамырлық тонусты және артериялық қысымды қалпына келтіруде пайдалы болуы мүмкін. Кальций глюконатын көктамыр ішіне енгізу, кальций өзекшелерінің бөгелу әсерінің регресіне түрткі болады. Кейбір жағдайларда асқазанды шаюдың пайдасы болуы мүмкін. Дені сау еріктілерде 10 мг амлодипинді енгізгенге дейін 2 сағат бұрын белсенділендірілген көмірді қабылдау амлодипиннің сіңу жылдамдығын төмендетті. Амлодипин айтарлықтай шамада қан плазмасы ақуыздарымен байланысатын болғандықтан, диализдің тиімділігі аз.
Брадикардияда: атропинді көктамыр ішіне енгізу. Егер әсері жеткіліксіз болса, оң хронотропты әсерімен изопреналин немесе басқадай препараттар сақтықпен тағайындалуы мүмкін.
Кейбір жағдайларда жасанды ырғақ жетекшісін трансвенозды орнату қажет болуы мүмкін. Артериялық гипотензияда: көктамырлық инфузия және вазопрессорлар; глюкагонды көктамыр ішіне енгізу. АВ-блокадада (II немесе III дәрежеде): пациенттің жағдайын мұқият қадағалау, изопреналиннің инфузиясы немесе жасанды ырғақ жетекшісін имплантациялау қажет болуы мүмкін. Жүрек жеткіліксіздігінің кенеттен нашарлануында: диуретиктерді, оң инотропты әсерімен препараттарды, вазодилататорларды көктамыр ішіне енгізу. Бронхтүйілуінде: бронходилататорларды қолдану (мысалы, изопреналин, β2-симпатомиметиктер және/немесе аминофиллин). Гипогликемияда: глюкозаны көктамыр ішіне енгізу. Препараттың қан плазмасының ақуыздарымен жоғары дәрежеде байланысуына байланысты, диализдің айтарлықтай пайдасы жоқ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Біріктірілген «соld» (полиамид/алюминий фольга / ПВХ) үлбірден / алюминий фольгадан тұратын пішінді ұяшықты қаптамада 7 немесе 10 таблеткадан. 3 және 9 пішінді ұяшықты қаптама 10 таблеткадан, 4 және 8 пішінді ұяшықты қаптама 7 таблеткадан мемлекеттік және орыс тіліндегі медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынған.
Сақтау мерзімі
5 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Сақтау шарттары
25°C-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«ЭГИС ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ЗАУЫТЫ» ЖАҚ
1106 БУДАПЕШТ, Керестури көшесі, 30-38 Венгрия
Телефон: (36-1) 803-5555, факс: (36-1) 803-5529
Тіркеу куәлігінің иесі
«ЭГИС Фармацевтикалық Зауыты» ЖАҚ, Венгрия
Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы туралы түскен шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«ЭГИС Фармацевтикалық зауыты» ЖАҚ ҚР өкілдігі
050060, Алматы қаласы, Жароков көшесі 286 Г
тел: + 7 (727) 247 63 33, + 7 (727) 247 63 34, факс: + 7 (727) 247 61 41,
e-mail: egis@egis.kz