Авелокс® (400 мг) (Moxifloxacin)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Авелокс®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Моксифлоксацин
Дәрілік түрі
Қабықпен қапталған 400 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - 436,8 мг моксифлоксацин гидрохлориді
(400,0 мг моксифлоксацинге баламалы),
қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, натрий кроскармеллозасы, магний стеараты,
қабықтың құрамы: темірдің қызыл тотығы, гипромеллоза, макрогол 4000, титанның қостотығы.
Сипаттамасы
Бір жағында «М 400», екінші жағында «BAYER» деген таңбасы бар, ұзындығы 17 мм және ені 7 мм шамасындағы, ұзынша пішінді, қызыл- күңгірт түсті, қабықпен қапталған таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі пайдалануға арналған бактерияға қарсы препараттар. Микробқа қарсы препараттар - хинолон туындылары. Фторхинолондар. Моксифлоксацин.
АТХ коды J01MA14
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі және биожетімділігі
Ішу арқылы қабылдағанда моксифлоксацин жылдам және толық дерлік сіңеді. Нақты биожетімділігі 91%-ға жуық құрайды.
Моксифлоксацин фармакокинетикасы 50-ден 1200 мг-ге дейінгі дозада бір рет, сондай-ақ тәулігіне 600 мг-ден 10 күн бойы қабылдағанда дозаға байланысты болады. Тепе-тең жағдайға 3 күн ішінде жетеді.
400 мг моксифлоксацинді бір рет тағайындағаннан кейін қандағы ең жоғары концентрациясына (С max) 0.5-4 сағат ішінде жетіп, 3.1 мг/л құрайды. Плазмадағы жоғары шектік және ең төмен концентрациялары тұрақты жағдайда (күн сайын бір рет 400 мг) тиісінше 3,2 және 0,6 мг/л болды.
Моксифлоксацинді тамақпен бірге қабылдағанда Сmax-қа жету уақытының болымсыз ұлғаюы (2 сағатқа) және Сmax-тың мардымсыз төмендеуі (шамамен 16%) білінеді, бұл орайда сіңірілу ұзақтығы өзгермейді. Алайда, бұл деректердің клиникалық мәні жоқ, өйткені AUC/MIC арақатынасы хинолондардың микробқа қарсы белсенділігін көбірек болжайды. Демек, препаратты ас ішуге байланыссыз қолдануға болады.
Таралуы
Моксифлоксацин қан тамырларынан тыс арнада өте жылдам таралады. Фармакокинетикалық AUC қисығы (AUCnorm = 6 кг*сағ./л) астындағы үлкен ауданда шамамен 2 л/кг моксифлоксациннің тепе-тең таралу көлемі (Vss) байқалады. Моксифлоксациннің жоғары шектік концентрациясы, плазмадан гөрі, сілекейде жоғары. 0,02-ден 2 мл/л-ге дейінгі концентрация кеңдігіндегі ин-витро және ин-виво зерттеулерінде моксифлоксациннің ақуыздармен байланысуы препарат концентрациясына тәуелсіз шамамен 45% құрады.
Моксифлоксацин негізінен плазма альбуминдерімен байланысады.
Төмен көлеммен байланысты бос концентрацияның >10xMIC жоғарғы шегі байқалады.
Плазмадағы осындай мөлшерден асатын препараттың жоғары концентрациялары өкпе тінінде (эпителийлік сұйықтық, альвеолярлық макрофагтар, биологиялық тін), мұрын қойнауларында және полиптерде, қабыну ошақтарында түзіледі. Сілекейде, интерстициальді сұйықтықта (бұлшықет арасындағы және тері астындағы) препараттың бос күйдегі жоғары концентрациясы анықталады.
Бұдан басқа, препараттың жоғары концентрациялары құрсақ қуысы мүшелерінде және перитонеальді сұйықтықта, сонымен қатар әйелдердің жыныс мүшелерінде анықталады.
400 мг моксифлоксациннің бір реттік дозасынан кейін енгізудің екі жолында да әртүрлі нысана-тіндердегі плазмалық концентрациямен салыстырмалы сай келетін ең жоғары концентрациялары байқалды.
Метаболизмі
Биоөзгерістің 2-ші фазасынан өткеннен кейін моксифлоксацин бүйрекпен және асқазан-ішек жолымен (АІЖ) өзгермеген күйде де, белсенді емес сульфоқосылымдар (М1) мен глюкуронидтер (М2) түрінде де организмнен шығарылады. Осы метаболиттер адамдардың организміне ғана қатысты қолданылады және микробқа қарсы белсенділік иеленбейді. Басқа препараттармен метаболизмдік фармакокинетикалық өзара әрекеттесуін зерттеу моксифлоксациннің Р450 цитохромы микросомалық жүйесінің биоөзгеріске ұшырамайтынын көрсетті.
Қолдану тәсіліне қарамастан, М1 және М2 метаболиттері қан плазмасында, моксифлоксациннің өзгермеген концентрациясынан гөрі, төмендеу концентрацияда табылады.
Шығарылуы
Препараттың плазмадан жартылай шығарылу кезеңі шамамен 12 сағат құрайды. 400 мг дозада қабылдағаннан кейінгі орташа жалпы клиренс минутына 179-дан 246 мл-ге дейін құрайды. Шамамен 24-53 мл/мин құрайтын бүйрек клиренсі препараттың бүйректе ішінара өзекшелік кері сіңірілу жолымен жүреді. Ранитидин мен пробенецидтің қосылымды қолданылуы препараттың бүйректік клиренсіне әсер етпейді. Енгізілу жолына қарамастан, бастапқы зат - моксифлоксацин толық дерлік оксидативтік метаболизм нышандарынсыз метаболизмнің ІІ сатысындағы метаболиттерге дейін 96-98% метаболизденеді.
Емделушілердің әртүрлі топтарындағы фармакокинетикасы
Егде жастағы емделушілер
Моксифлоксацин фармакокинетикасында айырмашылықтар анықталмаған.
Жынысы
Ер және әйел жынысты тұлғалар арасында фармакокинетикадағы (AUC, Cmax) айырмашылықтар (33%) анықталды. Анықталған AUC пен Cmax айырмашылықтары, жыныстық тектен гөрі, дене салмағындағы айырмашылықтармен түсіндірілді. Осылайша, олар клиникалық тұрғыда маңызсыз.
Этникалық айырмашылықтар
Болжамды этникааралық айырмашылықтар европеоидтық, жапондық, негроидтық және басқа этникалық топтарда зерттелді. Моксифлоксацин фармакокинетикасында клиникалық елеулі айырмашылықтар анықталмаған.
Балалар
Балаларда моксифлоксацин фармакокинетикасы зерттелмеген.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бүйрек функциясы бұзылған (креатинин клиренсі < 30 мл/мин/1,73 кв.м емделушілерді қоса) және үздіксіз гемодиализ бен ұзақ амбулаторлық перитонеальді диализде жүрген емделушілердегі моксифлоксацин фармакокинетикасында айтарлықтай өзгерістер анықталмаған.
Бауыр функциясының бұзылуы
Бауыр функциясы жеңілден ауырға дейін бұзылған (Чайльд-Пью бойынша А сатысы С сатысына дейін) емделушілерде қан плазмасындағы моксифлоксацин концентрациясын зерттеуде, дені сау еріктілер мен бауыр функциясы қалыпты емделушілермен салыстырғанда, тиісінше, клиникалық елеулі айырмашылықтар анықталған жоқ («Айрықша нұсқаулар» бөлімінен бауыр циррозы бар емделушілерде пайдаланылуын да қараңыз).
Фармакодинамикасы
Авелокс® – белсенділік ауқымы кең және бактериялық әсер ететін 8-метокси-фторхинолондық антибиотик. Авелокс® грамоң және грамтеріс организмдердің, анаэробтық организмдердің, қышқылға төзімді бактериялардың және атиптік, мысалы Chlamidia spp., Mycoplasma spp. мен Legionella spp. түрлерінің кең ауқымына қарсы «ин витро» белсенділік иеленеді.
Препараттың бактерицидтік әсері ДНҚ топологиясын (ДНҚ микробтық жасушасының репликациясы, репарациясы және транскрипциясы үшін жауап беретін) ретке келтіретін маңызды ферменттер – II және IV бактериялық топоизомеразаларды тежеумен жүзеге асады.
Моксифлоксациннің бактерицидтік әсері оның концентрациясына тәуелді.
Авелокс® β-лактамдар мен макролидтерге төзімді бактерияларға бактерицидті ықпал етеді.
Төзімділігі
Пенициллиндерге, цефалоспориндерге, аминогликозидтерге, макролидтерге және тетрациклиндерге төзімділіктің дамуына алып келетін механизмдер препараттың бактерияға қарсы белсенділігін бұзбайды. Бактерияға қарсы препараттардың осы топтары мен Авелокстың® арасында айқаспалы төзімділік білінбейді.
Плазмид арқылы төзімділік қазіргі кезге дейін байқалмаған.
Препарат құрылымындағы C8-метокси тобының грамоң микроорганизмдерге қарсы белсенділікті арттыратыны және C8-H тобымен салыстырмалы түрде төзімді грамоң бактериялар селекциясы мутанттарының дамуын төмендетуге ықпал ететіні анықталған. Құрылымда С7 қалпындағы азабициклды құрылымның болуы микроорганизмдердің фторхинолондарға төзімділігін дамыту негізінде жатқан механизм – белсенді эффлюксті (яғни, фторхинолонды жасушадан белсенді ығыстыру) тойтарады.
Авелоксқа® төзімділік көптеген мутациялар жолымен баяу дамиды. Төзімділіктің жалпы даму жиілігі өте мардымсыз (10-7–10-10). Препараттың микроорганизмдерге ең төмен тежеуші концентрациядан (ЕТТК) төменгі концентрацияларда көп дүркін әсер етуі тек шамалы ЕТТК ұлғаюымен қатар жүреді.
Хинолондармен айқаспалы төзімділік жағдайлары болады. Соның өзінде, басқа хинолондарға төзімді кейбір грамоң және анаэробтық микроорганизмдер Авелоксқа® сезімталдықты сақтайды.
Адамның ішек флорасына әсері
Авелоксты® ішке қабылдағаннан кейін ішек флорасында мынадай өзгерістер болды: E.Colі, Bacіllus spp., Bacteroіdes vulgatus, Enterococcі және Klebsіella spp., сондай-ақ анаэробтық Bіfіdobacterіum, Eubacterіum және Peрtostreptococcus азайды. Бұл өзгерістер екі апта ішінде өтті. Clostrіdіum dіffіcіle токсині табылған жоқ.
Ин витро сезімталдық туралы деректер
Сезімтал микроорганизмдер:
Грамоң бактериялар:
- Gardnerella vaginalis
- Streptococcus pneumoniae (Streptococcus pneumoniae (MDRSP) мультитөзімді штаммдарын қоса, PRSP (пенициллинге төзімді St. Pneumoniae) ретінде белгілі штаммдар мен келесі екі және одан да көп антибиотиктерге: пенициллин (MIC ≥ 2 мкг/мл), цефалоспориндердің екінші буыны (мысалы, цефуроксим), макролидтер, тетрациклиндер және триметоприм/сульфаметоксазолға төзімді штаммдарды қоса
- Streptococcus pyogenes (А тобы)*
- Streptococcus milleri тобы (S. anginosus*, S. constellatus* және
S. іntermedius*)
- Streptococcus viridans тобы (S. viridans, S. mutans, S. mitis, S. sanguinis, S. salivarius, S. thermophilus, S. constellatus)
- Streptococcus agalactiae
- Streptococcus dysgalactiae
- Staphylococcus aureus (метициллинге сезімтал штаммдар)*
- коагулаза-теріс стафилококктар (S. cohnii, S. epidermidis, S. haemolyticus, S. hominis, S. saprophyticus, S. simulans) метициллинге сезімтал штаммдар
Грамтеріс бактериялар
- Haemophillus influenzae (β-лактамазаларды өндіретін және өндірмейтін штаммдарды қоса)*
- Haemophillus parainfluenzae*
- Moraxella catarrhalis (β-лактамазаларды өндіретін және өндірмейтін штаммдарды қоса)*
- Bordetella pertussis
- Legionella pneumophilia Acinetobacter baumanii
- Proteus vulgaris
Анаэробтар:
- Fusobacterium spp., Porphyromonas spp., Prevotella spp., Propionibacterium spp.
Атиялық:
Chlamydia pneumoniae*, Chlamydia trachomatis**, Mycoplasma pneumoniae*, Mycoplasma hominis, Mycoplasma genitalium, Legionella pneumophila*, Coxiella burnetti
Аралық микроорганизмдер:
Грамоң бактериялар:
- Enterococcus faecalis* (тек ванкомицин мен гентамицинге сезімтал штаммдар)
- Enterococcus avium*
- Enterococcus faecium*
Грамтеріс бактериялар:
- Escherichia coli*
- Klebsiella pneumoniae*
- Klebsiella oxytoca
- Citrobacter freundii*
- Enterobacter species (E. aerogenes, E. intermedius, E. sakazaki)
- Enterobacter cloacae*
- Pantoea agglomerans
- Pseudomonas fluorescens
- Burkholderia cepacia
- Stenotrophomonas maltophilia
- Proteus mirabilis*
- Morganella morganii
- Neisseria gonorrhoea**
- Providencia species (P. rettgeri, P. stuartii)
Анаэробтар:
- Bacteroides sp. (B. fragilis*, B. distasoni*, B. thetaiotaomicron*, B. ovatus*, B. uniformis*, B. vulgaris*)
- Peptostreptococcus spp. *
- Clostridium sp. *
Төзімділер
Грамоң:
- Staphylococcus aureus - метициллин/офлоксацинге төзімді штаммдар.
(Авелоксты® метициллинге төзімді Staphylococcus aureus (MRSA) туғызған инфекцияларды емдегенде қолдану ұсынылмайды). Инфекцияны осы штаммдардың (MRSA) туғызғаны күдік тудырғанда немесе расталғанда тиісінше антибиотиктермен емдеуді бастау қажет).
- коагулаза-теріс стафилококктар (S. cohnii, S. epidermidis, S. haemolyticus, S. hominis, S. saprophyticus, S. simulans) метициллинге төзімді штаммдар
Грамтеріс
- Pseudomonas aeruginosa
*/** Авелоксқа® сезімталдық клиникалық деректермен расталған.
Микроорганизмдердің кейбір штаммдарының жүре иеленген төзімділігінің жиілігі географиялық аймаққа қарай уақыт өте ауытқуы мүмкін.
Әсіресе, ауыр инфекцияларды емдегенде микроорганизмдердің жергілікті төзімділігі туралы ақпарат алған дұрыс.
Қолданылуы
Авелокс® таблеткалары препаратқа сезімтал микроорганизмдер туғызған келесі бактериялық инфекцияларды емдеу үшін көрсетілген:
- тыныс алу жолдарының инфекциялары, соның ішінде созылмалы бронхиттің өршуі, ауруханадан тыс пневмония, мультитөзімді штаммдар* туғызған түрін қоса
- жедел синусит
- терінің және жұмсақ тіндердің асқынбаған инфекциялары
- терінің және жұмсақ тіндердің асқынған инфекциялары, жұқпа жұқтырған «диабеттік табанды» қоса
- кіші жамбас астауы мүшелерінің асқынбаған қабыну аурулары (әйелдің жыныс жолдарының жоғарғы бөліктерінің инфекциялары, сальпингит пен эндометритті қоса)
- асқынған интраабдоминальді инфекциялар, полимикробтық инфекцияларды, соның ішінде құрсақішілік абсцестерді қоса
* Мультитөзімді Streptococcus pneumoniae (MDRSP) PRSP (пенициллинге төзімді S. Pneumoniae) ретінде белгілі изоляттарды және келесі екі және одан да көп антибиотиктерге: пенициллин (MIC ≥2 мкг/мл), цефалоспориндердің екінші буыны (мысалы, цефуроксим), макролидтер, тетрациклиндер мен триметоприм/сульфаметоксазолға төзімді штаммдарды қамтиды.
Бактерияға қарсы препараттарды дұрыс пайдалану туралы ресми нұсқауларды назарға алу керек.
Қолдану тәсілі және дозалары
Таблетканы жеткілікті сұйықтық мөлшерімен іше отырып, бүтіндей жұту керек. Ас ішуге байланыссыз қабылдауға болады.
Ересектер
Авелокстың® жоғарыда тізбеленген көрсетілімдер үшін ұсынылған дозасы тәулігіне 1 рет 400 мг (1 таблетка) құрайды және одан аспауға тиіс.
Ем ұзақтығы
Емдеу ұзақтығы көрсетілімдердің ауырлығына немесе клиникалық тиімді әсерге қарай белгіленеді.
Жоғарғы және төменгі тыныс алу жолдарының инфекцияларын емдеуге арналған мынадай жалпы нұсқаулар бар:
Созылмалы бронхиттің өршуі - 5 күн.
Ауруханадан тыс пневмония - 10 күн.
Жедел синусит - 7 күн.
Терінің және жұмсақ тіндердің асқынбаған инфекциялары - 7 күн.
Кіші жамбас астауы мүшелерінің асқынбаған қабыну аурулары - 14 күн.
Терінің және жұмсақ тіндердің асқынған инфекциялары – Авелокспен® сатылы емдеудің жалпы ұзақтығы (препаратты көктамыр ішіне енгізіп, әріқарай ішке қабылдау) 7-21 күн құрайды.
Асқынған құрсақішілік инфекциялар – сатылы емнің жалпы ұзақтығы (препаратты көктамыр ішіне енгізіп, әріқарай ішке қабылдау) 5-14 күн құрайды.
Ұсынылған емдеу ұзақтығынан асыруға болмайды.
Емделушілердің ерекше санаттары жөнінде қосымша ақпарат
Балалар мен жасөспірімдер
Авелоксты® балалар мен 18 жасқа толмаған жасөспірімдерде қолданудың тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған.
Егде жастағы емделушілер
Егде емделушілерде дозалау режимін өзгерту қажет емес.
Этникалық айырмашылықтар
Этникалық топтарда дозалау режимін өзгерту талап етілмейді.
Бауыр функциясының бұзылуы бар емделушілер
Бауыр функциясы бұзылған емделушілерде дозалау режимін өзгерту қажет болмайды.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар емделушілер
Бүйрек функциясы бұзылған (≤ 30 мл/мин/1,73 кв.м креатинин клиренсін қоса) емделушілерде, сондай-ақ ұзаққа созылатын диализде, мысалы гемодиализде және ұзақ амбулаторлық перитонеальді диализде жүрген емделушілерде дозалау режимін өзгерту талап етілмейді.
Жағымсыз әсерлері
Жүрек айну мен диареядан басқа, «жиі» санатына жататын ұнамсыз құбылыстар 3%-дан аз емделушілерде байқалды.
Жиі (> 1/100 және 1/< 10%)
- кандидоздық асқын инфекциялар
- бас айналу, бас ауыру
- гипокалиемиясы бар науқастар ЭКГ-сында QT аралығының ұзаруы
- жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, диарея
- қанда трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы
- инъекция мен инфузия орынындағы реакциялар
Жиі емес ( > 1/1000 және <1/10%)
- анемия, лейкопения, нейтpопения, тромбоцитопения, тpомбоцитоз, пpотpомбин уақытының ұзаруы және халықаралық қалыптанған қатынас көрсеткішінің артуы
- аллергиялық реакциялар, есекжем, қышыну, бөрту, эозинофилия
- гиперлипидемия
- үрейлену сезімі, психомоторлық белсенділіктің жоғарылауы, ажитация
- парестезиялар/дизестезиялар
- өте сирек жағдайларда болатын дәм сезу бұзылыстары, соның ішінде агевзия (дәмге сезімталдықтан айырылу)
- сананың шатасуы, бағдардан жаңылу, ұйқының бұзылуы, бас айналу, тремор, сомноленция
- көрудің нашарлауы, әсіресе ОЖЖ тарапынан болатын реакциялармен қосылған
- емделушілердің ЭКГ-сында QT аралығының ұзаруы, жүрек соғуы, тахикаpдия, вазодилатация
- ентігу, соның ішінде демікпелі ахуал
- тәбеттің төмендеуі, іш қату, диспепсия, метеоризм, гастроэнтерит (эрозиялық гастроэнтериттен басқа)
- амилаза, билирубин деңгейінің жоғарылауы, бауыр функциясының бұзылуы, соның ішінде лактатдегидрогеназа деңгейінің артуы, гамма-
глутамилтрансфераза мен сілтілі фосфатаза деңгейінің ұлғаюы
- артралгиялар, миалгиялар
- дегидратация (диарея немесе сұйық ішудің азаюы туғызған)
- жалпы дімкәстану, айрықша белгісі жоқ сипаттағы ауырулар, тершеңдік
- инфузия орынындағы тромбофлебиттер
Сирек ( > 1/ 10 0000 және 1/1000)
- тpомбопластин концентрациясының өзгеруі
- анафилактикалық/анафилактоидтық реакциялар, аллергиялық/ангионевроздық ісінулер, соның ішінде көмейдің ісінуі (өмірге зор қауіп төндіретін)
- гипергликемия, гиперурикемия
- эмоциялық орнықсыздық, депрессия (өте сирек жағдайларда суицидтік ойлар немесе әрекеттер сияқты өзіне-өзі зақым келтіруге бейім түрде мінез-құлықтан айқын көрініс беретін), елестеулер
- гипостезия, иіс сезудің бұзылуы, аносмияны қоса
- патологиялық түс көрулер, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы (негізінен, бас айналудың немесе вертигоның салдарынан (әсіресе, егде емделушілерде өте сирек жағдайларда құлау нәтижесінде болатын жарақаттарға апаратын) жүрістің бұзылуын қоса), әртүрлі клиникалық көріністері бар құрысу ұстамалары (соның ішінде жайылған), зейіннің бұзылулары, сөйлеу бұзылыстары, амнезия
- шеткергі невропатия және полинейропатия
- құлақтың шуылдауы, естудің нашарлауы, соның ішінде саңыраулық (әдетте, қайтымды)
- естен танулар, гипотензия, гипертензия, қарыншалық тахиаритмиялар
- дисфагия, стоматиттер, жалған жарғақшалы колит (өте сирек жағдайларда өмірге қауіп төндіретін асқынулармен астасқан), сарғаю, гепатит (көбіне холестаздық)
- тендинит, бұлшықет тонусының көтерілуі және бұлшықеттік құрысулар, бұлшықет әлсіздігі
- бүйрек функциясының бұзылуы, бүйрек жеткіліксіздігі (әсіресе, бүйрек функциясының қатарлас бұзылуы бар егде емделушілерде дегидратация нәтижесіндегі)
- ісінулер
Өте сирек (<1/10 000)
- пpотpомбин концентрациясының жоғарылауы және халықаралық қалыптанған қатынас көрсеткішінің азаюы немесе пpотpомбин концентрациясы мен халықаралық қалыптанған қатынас көрсеткішінің өзгеруі
- анафилактикалық/анафилактоидтық шок (соның ішінде, өмірге зор қауіп төндіретін)
- гипогликемия
- өзін-өзі танымау, мінез-құлықтан өзіне-өзі зақым келтіруге бейім түрде айқын көрініс беретін психоздық реакциялар
- гиперестезия
- көрудің транзиторлы бұзылуы, әсіресе ОЖЖ тарапынан болатын реакциялармен қосылған
- клиникалық мәні бар брадикардия, жедел миокард ишемиясы сияқты аритмиялық жорамалды ахуалдары бар тұлғаларға тән айрықша белгісі жоқ аpитмиялар, «пируэт» түріндегі полиморфтық қарынша тахикардиясы, жүректің тоқтап қалуы
- өмірге зор қауіп төндіретін бауыр жеткіліксіздігіне, соның ішінде өліммен аяқталуға әкеп соқтыратын шұғыл дамыған гепатит
- буллезді тері реакциялары, мысалы, Стивенс-Джонсон синдромы немесе уытты эпидермалық некролиз (өмірге аса қауіпті)
- сіңірлердің үзілуі, артриттер, бұлшықеттік, сіңірлік немесе буындық зақымдардың салдарынан жүріс-тұрыс бұзылыстары, миастения симптомдарының өршуі
Келесі ұнамсыз құбылыстар Авелокс® ерітіндісімен/Авелокс таблеткаларымен сатылы емделген науқастардың қосалқы тобында байқалды:
Жиі
- гамма-глутамил трансферазасы деңгейінің жоғарылауы
Жиі емес
- қарыншалық тахиаритмиялар, артериялық гипотензия, ісінулер, антибиотиктер туғызған жалған жарғақшалы колит (өте сирек жағдайларда өмірге қауіп төндіретін асқынулармен астасқан), әртүрлі клиникалық көріністері бар құрысу ұстамалары (соның ішінде жайылған), елестеулер, бүйрек функциясының бұзылуы мен бауыр жеткіліксіздігі (әсіресе, бүйрек функциясы қатарлас бұзылған егде емделушілерде дегидратация нәтижесіндегі)
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- моксифлоксацинге немесе басқа хинолондарға, сондай-ақ препараттың құрамдас бөліктерінің кез келгеніне белгілі аса жоғары сезімталдық
- 18 жасқа дейінгі балалық және жасөспірімдік кезең
- жүктілік және лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Атенололмен, ранитидинмен, құрамында кальций бар қоспалармен, теофиллинмен, ішу арқылы қабылданатын контрацептивтік дәрілермен, глибенкламидпен, итраконазолмен, дигоксинмен, морфинмен, пробеницидпен бірге қолданғанда дозалануын реттеу талап етілмейді (Авелокспен® клиникалық мәні бар өзара әрекеттесу болмайтыны расталған).
Антацидтік дәрілер, поливитаминдер және минералдар
Авелоксты® антацидтік дәрілермен, поливитаминдермен және минералдармен бірге қабылдау осы препараттар құрамындағы көпвалентті катиондармен хелаттық кешендердің түзілуі салдарынан моксифлоксациннің ішке қабылданғаннан кейін сіңуінің бұзылуына алып келеді. Нәтижесінде плазмадағы моксифлоксацин концентрациясы межелі деңгейден едәуір төмен болуы ықтимал. Осыған орай, антацидтік препараттар, антиретровирустық препараттар (мысалы, диданозин) және құрамында магний немесе алюминий, сукральфат бар басқа препараттар мен құрамында темір немесе мырыш бар препараттар Авелоксты® ішке қабылдауға дейін кемінде 4 сағат бұрын немесе одан кейін 2 сағаттан соң тағайындалу керек.
Варфарин
Варфаринмен қосып қолданғанда фармакокинетикасы, протромбин уақыты және қан ұюының басқа параметрлері өзгермейді.
ХҚҚ (халықаралық қалыптанған қатынас) мәндерінің өзгеруі
Антибиотиктермен, соның ішінде Авелокспен® қосылған антикоагулянттар алатын емделушілерде қан ұюына қарсы препараттардың антикоагуляциялық белсенділігі жоғарылаған жағдайлар болды. Инфекциялық аурудың болуы (және қатар жүретін қабыну үдерісі), емделушінің жасы мен жалпы ахуалы қауіпті факторлар болып саналады. Авелокс® пен варфарин арасындағы өзара әрекеттесудің осы препараттармен қосылымды ем алатын емделушілерде анықталмағанына қарамастан, ХҚҚ мониторингін жүргізіп, қажет болса, ішу арқылы қабылданатын қан ұюына қарсы препараттар дозасын реттеу керек.
Дигоксин
Авелокс® пен дигоксин бір-бірінің фармакокинетикалық параметрлеріне айтарлықтай ықпал етпейді. Авелокстың® қайталама дозаларын тағайындағанда дені сау тұлғаларда дигоксиннің ең жоғары концентрациясы шамамен 30% ұлғайды, бұл орайда «концентрация – уақыт» (AUC) қисығы астындағы аудан мен дигоксиннің ең төмен концентрациясының арақатынасы өзгермейді.
Белсенділендірілген көмір
Белсенділендірілген көмір мен Авелоксты® 400 мг дозада бір мезгілде ішке қолданғанда, препараттың жүйелі биожетімділігі оның сіңірілуінің тежелуі нәтижесінде 80%-дан көп төмендейді. Артық дозаланған жағдайда сіңудің ерте сатысында белсенділендірілген көмірді қолдану жүйелі әсер етудің әріқарай жоғарылауын кедергілейді.
Тағам және сүт өнімдері
Ас ішумен (сүт өнімдерін қоса) бір мезгілде қабылдағанда препараттың сіңуі өзгермейді. Авелоксты® ас ішуге байланыссыз қабылдауға болады.
Айрықша нұсқаулар
Кейбір жағдайларда препаратты алғаш қолданғаннан кейін-ақ аса жоғары сезімталдық пен аллергиялық реакциялар дамуы ықтимал, бұл жөнінде дәрігерді дереу хабарландыру қажет.
Өте сирек, кейбір жағдайларда препаратты алғаш қолданғаннан кейін анафилактикалық реакциялар өмірге қауіп төндіретін анафилактикалық шокқа дейін үдеуі мүмкін. Бұл жағдайларда Авелоксты® тоқтатып, қажетті емдеу шараларын (соның ішінде, шокқа қарсы) жүргізген жөн.
Авелоксты® қолданғанда кейбір емделушілердің электрокардиограммасында QT аралығының ұзарғаны білінеді.
Әйелдер, еркектермен салыстырғанда, QT аралығының ұзаруына бейім болып келетіндіктен, олардың QT аралығының ұзаруына ықпал ететін препараттарға мейлінше сезімтал болуы ықтимал. Егде жастағы емделушілер де мұндай препараттарға аса сезімтал болады.
QT аралығының ұзару дәрежесі препарат концентрациясының жоғарылауымен бірге арта түсуі мүмкін, сондықтан ұсынылған дозадан және инфузия жылдамдығынан (60 минутта 400 мг) асыруға болмайды. Алайда, пневмониясы бар емделушілерде қан плазмасындағы препарат концентрациясы мен QT аралығының ұзаруы арасындағы реттеліс анықталған жоқ. QT аралығының ұзаруы, «пируэт» түріндегі полиморфтық қарынша тахикардиясын қоса, қарыншалық аритмиялардың жоғары қаупімен ілесе жүреді. Препаратты қабылдағанда QT аралығының ұзаруымен байланысты кардиоваскулярлық асқынулар мен өліммен аяқталған жағдайлар болған жоқ. Дегенмен, белгілі бір аритмиялық жорамалды жай-күйлері бар емделушілерде Авелоксты® қолданғанда қарынша аритмияларының даму қаупі артуы мүмкін.
Осыған орай, келесі емделушілерде Авелоксты® қолдану тәжірибесі шектеулі болғандықтан, препаратты бұл емделушілерге тағайындаудан аулақ болу керек:
- QT аралығы ұзарғандар
- гипокалиемиясы емделмегендер
- IA класының (хинидин, прокаинамид) немесе III кластың (амиодарон, соталол) аритмияға қарсы препараттарын алатындар.
Авелоксты®, моксифлоксациннің аддитивтік әсері жоққа шығарылмайтындықтан, келесі жағдайларда сақтықпен тағайындау керек:
- QT аралығын ұзартатын препараттармен (цизаприд, эритромицин, антипсихотикалық препараттар, үш циклды антидепрессанттар) қатарлас ем алатын емделушілерде;
- клиникалық мәні бар брадикардия, жедел миокард ишемиясы сияқты аритмиялық жорамалды жай-күйлері бар емделушілерде;
- QT аралығының ұзаруы жоққа шығарылмайтын бауыр циррозы бар емделушілерде;
- QT аралығын ұзартатын препараттарға мейлінше сезімтал болуы мүмкін әйелдерде немесе егде жастағы емделушілерде.
Авелоксты® қолданғанда өмірге қауіп төндіретін, соның ішінде өліммен аяқталатын бауыр жеткіліксіздігіне әкелуі сөзсіз шұғыл дамыған гепатиттің даму жағдайлары жөнінде хабарланды. Бауыр жеткіліксіздігінің белгілері білінгенде емді жалғастырмас бұрын емделушілер кідіріссіз дәрігерге қаралу керек.
Буллезді тері реакцияларының, мысалы, Стивенс-Джонсон синдромының немесе уытты эпидермалық некролиздің (өмірге аса қауіпті) даму жағдайлары жөнінде хабарланған. Терінің және/немесе шырышты қабықтар тарапынан реакциялар пайда болғанда да емді жалғастыру алдында дереу дәрігермен кеңесу керек.
Хинолондар қатарындағы препараттарды қолдану құрысу ұстамасының болжамды даму қаупімен ілесе жүреді. Авелоксты® ОЖЖ аурулары және ОЖЖ-не телінуге қатысты күдік тудыратын, құрысу ұстамаларының пайда болуы жорамалданатын немесе құрысу белсенділігінің шегін төмендететін ахуалдары бар емделушілерде абайлап қолданған жөн.
Авелокспен® қоса, кең ауқымда әсер ететін бактерияға қарсы препараттарды қолдану антибиотиктерді қабылдаумен астасқан жалған жарғақшалы колиттің даму қаупімен ілесетіндіктен, осы диагноз препаратпен емделу аясында ауыр диареясы байқалатын емделушілердің қаперінде болу керек. Бұл жағдайда шұғыл тиісті ем тағайындалуға тиіс. Ауыр диареясы байқалған емделушілерге ішек перистальтикасын тежейтін препараттар қарсы көрсетілімді.
Авелоксты® миастениясы бар науқастар абайлап пайдаланған дұрыс, өйткені препарат осы ауру симптомдарын өршітуі мүмкін.
Фторхинолондармен, соның ішінде Авелокспен® емдеу аясында, әсіресе егде жастағылар мен глюкокортикостероидтар алатын емделушілерде тендиниттің дамуы және сіңірлердің үзілуі ықтимал; жекелеген даму жағдайлары ем біткеннен кейін бірнеше ай ішінде болды. Зақым орынының ауыруы немесе қабынуының бірінші сиптомдары білінген бойда препаратты қабылдауды тоқтатып, зақымданған қол-аяққа түсетін жүктен арылу керек.
Хинолондарды қолданғанда фотосезімталдық реакциялары болады. Алайда, Авелоксты® қолданғанда арнайы жетілдірілген клиникалық зерттеулерде де, әдеттегі клиникалық тәжірибе жағдайларында да фотосезімталдық реакциялары болған жоқ. Сонда да, препаратты алатын емделушілер тіке түсетін күн сәулелерінен және ультракүлгінді сәулеленуден аулақ болуға тиіс.
Көктамырішілік емдеу көрсетілген, кіші жамбас астауы мүшелерінің асқынған қабыну аурулары бар емделуші әйелдер үшін (мысалы, тубоовариальді немесе жамбастық абсцестермен байланысты) оларға Авелоксты® 400 мг-лік таблеткаларда қабылдау ұсынылмайды.
Авелокс® метициллинге төзімді алтын түстес стафилококк (МТАС) туғызған инфекцияны емдеу үшін ұсынылмайды. Аталған инфекция күдік тудырған немесе расталған жағдайда бактерияға қарсы препаратты тиісінше қолданудан бастау керек («Фармакодинамикалық қасиеттері» бөлімін қараңыз).
Моксифлоксацин белсенділігін «ин витро» зерттеу, микобактериялық өсу супрессиясына орай, Mycobacterium өсіріндісімен өзара әрекеттесу болуы мүмкін екенін көрсетті, бұл Авелоксты® қабылдайтын емделушілерден алынған үлгілерде жалған-теріс нәтижеге әкелуі мүмкін.
Хинолондарды, соның ішінде Авелоксты® қолданғанда парестезияға, гипоэстезияға, дисэстезияға немесе әлсіздікке әкелетін сенсорлық және сенсомоторлық полинейропатия жағдайлары жөнінде хабарланды. Авелокспен® емделіп жүрген емделушілерде ауырсыну, ашыту, шаншу, ұйып қалу немесе әлсіздік сияқты нейропатия симптолмдары дамығанда емді жалғастырмас бұрын дереу дәрігермен кеңесу керек.
Психикалық реакциялар тіпті, Авелоксты® қоса, фторхинолондар қатарының препараттарын алғаш қолданғаннан кейін де пайда болуы мүмкін.
Өте сирек жағдайларда депрессия немесе психотздық реакциялар суицидтік ойлардың немесе өзіне-өзі зақым келтіруге бейім мінез-құлықтың дамуына дейін үдеді («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз).
Егер емделушіде аталған реакциялар дамыса, Авелокспен® емдеуді тоқтатып, тиісті шаралар қабылдау қажет. Препаратты психоздық емделушілерде немесе сыртартқысында психиатриялық ауруы бар емделушілерде пайдаланғанда сақтық қадағалау ұсынылған.
Neisseria gonorrhoeae инфекциясының фторхинолондарға төзімді түрлерінің кең таралуын және жиілігінің ұлғаюын ескеріп, кіші жамбас астауы мүшелерінің қабыну аурулары бар емделуші әйелдерде N. Gonorrhoeae-ның фторхинолондарға төзімділігін жоққа шығарғаннан кейін Авелокс® монотерапиясын тағайындау ұсынылады.
Егер Neisseria gonorrhoeae инфекциясының фторхинолондарға төзімділігі жоққа шығарылмаса, Авелокс® еміне қосымша N. gonorrhoeae-ға (мысалы, цефалоспориндер) қарсы әрекет ететін тиісті антибиотикті тағайындау мәселесін қарастыру керек.
Натрий мөлшері төмен емдәм ұстанатын емделушілер үшін (іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, бүйрек жеткіліксіздігі, нефроздық синдром және т.б. кезінде) инфузияға арналған ерітіндімен натрийдің қосымша қабылдануын назарға алу керек.
Дисгликемия
Авелоксты® басқа да фторхинолондарды қабылдаудағы сияқты, қандағы қант деңгейінің ауытқуын туындатуы мүмкін: гипогликемия және гипергликемияның дамуы жөнінде хабарланды. Авелокспен® емдеген кезде негізінде дисгликемия қант диабетімен ауыратын егде жастағы емделушілерде және ішке кабылданатын гипогликемиялық препараттармен (мысалы сульфонилмочевина) немесе инсулинмен ем қабылдағанда туындайды.
Қант диабеті бар емделушілерге қандағы қант деңгейін мұқият бақылау ұсынылады.
Жүктілік және лактация кезеңі
Авелокстың® жүктілік кезіндегі қауіпсіздігі анықталмаған.
Кейбір хинолон антибиотиктерін алатын балаларда буындардың қайтымды зақымдануы сипатталған, дегенмен ұрыққа әсер етуінен туындайтын ұқсас тиімділігі туралы хабарланбады. Адамдар үшін зор қатері белгісіз.
Сондықтан, Авелоксты® жүктілік кезеңінде қолдануға болмайды.
Авелоксты® лактация және емізу кезеңіндегі әйелдерде қолдану жөнінде деректер жоқ. Сондықтан, Авелоксты® бала емізетін әйелдерде қолдану қарсы көрсетілімді.
Дәрілік заттың автокөлікті және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Фторхинолондар, Авелоксты® қоса, ОЖЖ жағынан болатын реакциялар салдарынан автокөлікті басқару немесе механизмдерді басқару қабілетінің бұзылуына алып келуі мүмкін.
Артық дозаланғанда
Симптомдары - артық дозалануы жөнінде шектеулі мәліметтер бар. Авелоксты® дені сау адамдарда 1200 мг-ге дейінгі дозада бір дүркін және 600 мг-лік дозада 10 күннен астам уақыт қолданғанда қандай да бір жағымсыз әсерлер болған жоқ.
Емі - артық дозаланған жағдайда клиникалық көріністі бағдарға алып, ЭКГ-мониторинг арқылы симптоматикалық демеуші ем жүргізген жөн. Таблеткаларды қабылдағаннан кейін дереу белсенділендірілген көмір қабылдау моксифлоксациннің жүйелі әсер етуінің шамадан артық ұлғаюын болдырмауға көмектеседі.
Шығарылу түрі және қаптамасы
5 таблеткадан ПП немесе ПВХ үлбірден және алюминий фольгадан жасалған түссіз немесе ақ түсті блистерде.
1 блистерден медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшада.
Сақтау шарттары
Құрғақ жерде, 25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Түпнұсқалық қаптамасында сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
5 жыл
Қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Байер Фарма АГ,
D-51368 Леверкузен, Германия.
Тіркеу куәлігінің иесі
Байер Фарма АГ, Германия.
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Байер КАЗ» ЖШС
Тимирязев к-сі 42 үй, «Экспо-Сити» бизнес орталығы, 15 пав.
050057 Алматы, Қазақстан Республикасы
тел.: +7 727 258 80 40
факс: +7 727 258 80 39
e-mail: kz.claims@bayer.com