Янумет (таблетки, 50мг/1000 мг, Патеон Пуэрто Рико, Инк.)
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Янумет
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған 50 мг/500 мг, 50 мг/850 мг, 50 мг/1 000 мг таблеткалар.
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: 64,25 мг cитаглиптин фосфат моногидраты (50 мг ситаглиптинге баламалы) және 500 мг/850 мг/1000 мг метформин гидрохлориді.
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, поливинилпирролидон (повидон), натрий стеарилфумараты, натрий лаурилсульфаты, тазартылған су.
50 мг/500 мг дозасына арналған қабықтың құрамы: Опадрай® II Қызғылт 85 F94203 (поливинил спирті, титанның қостотығы (Е171), макрогол/полиэтиленгликоль 3350, тальк, темірдің қызыл тотығы (Е172), темірдің қара тотығы (Е172)),
50 мг/850 мг дозасына арналған қабықтың құрамы: Опадрай® II Қызғылт 85 F94182 (поливинил спирті, титанның қостотығы (Е171), макрогол/полиэтиленгликоль 3350, тальк, темірдің қызыл тотығы (Е172), темірдің қара тотығы (Е172)),
50 мг/1000 мг дозасына арналған қабықтың құрамы: Опадрай® II Қызыл 85 F15464 (поливинил спирті, титанның қостотығы (Е171), макрогол/полиэтиленгликоль 3350, тальк, темірдің қызыл тотығы (Е172), темірдің қара тотығы (Е172)).
Сипаттамасы
50/500 мг таблеткалар:
Капсула пішінді, екі беті дөңес, бір жағына «575» деген жазу ойып түсірілген және екінші жағы тегіс, ашық қызғылт түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
50/850 мг таблеткалар:
Капсула пішінді, екі беті дөңес, бір жағына «515» деген жазу ойып түсірілген және екінші жағы тегіс, қызғылт түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
50/1000 мг таблеткалар:
Капсула пішінді, екі беті дөңес, бір жағына «577» деген жазу ойып түсірілген және екінші жағы тегіс, қызыл түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Қант диабетін емдеуге арналған дәрілер. Қант төмендететін препараттар, инсулинді қоспағанда. Қант төмендететін ішу арқылы қабылданатын біріктірілген препараттар. Метформин және ситаглиптин.
АТХ коды А10ВD07
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Дені сау еріктілерде биобаламалылығы жөнінде зерттеулер Янумет (ситаглиптин/метформин гидрохлориді) қабылдау ситаглиптин фосфаты мен метформин гидрохлоридін жеке қабылдауға биобаламалы екенін анықтады. Төмендегі деректер белсенді заттардың фармакокинетикалық қасиеттерін көрсетеді.
Ситаглиптин фосфаты
Сіңірілуі. 100 мг дозасын ішу арқылы қолданғанда, ситаглиптин жылдам сіңірілген және қан плазмасындағы ең жоғары концентрацияларына (Tmax медиана) 1-4 сағаттан соң жетеді, қан плазмасындағы ситаглиптиннің орташа AUC көрсеткіші 8.52 мкмоль•сағ., Cmax 950 нмоль. Қан плазмасында ситаглиптин AUC дозаға пропорционал ұлғаяды. Ситаглиптиннің абсолютті биожетімділігі шамамен 87% құрайды. Ситаглиптин мен май мөлшері көп тамақты бір мезгілде қабылдау препарат фармакокинетикасына ықпал етпейді, ситаглиптинді ас ішуге байланыссыз қолдануға болады. Қан плазмасында ситаглиптин AUC көрсеткіштері дозаға пропорционал ұлғаяды.
Таралуы. Ситаглиптин дозасын 100 мг дозада қабылдағаннан кейін тепе-тең жағдайдағы орташа таралу көлемі шамамен 198 литр құрайды. Қан плазмасы ақуыздарымен қайтымды байланысатын ситаглиптин фракциясы төмен - 38%.
Метаболизм. Ситаглиптиннің шамамен 79% өзгермеген түрде несеппен шығарылады. Препараттың метаболизмдік трансформациясы өте аз - 16% жуығы метаболиттер түрінде шығарылады.
Шығарылуы. Дені сау еріктілер 14С-таңбалы ситаглиптинді ішу арқылы қабылдағаннан кейін 100%-ға жуық препарат 1 апта ішінде, тиісінше, 13% және 87% шамасында нәжіспен және несеппен шығарылды. Ситаглиптинді 100 мг дозада ішу арқылы қолданғаннан кейін түпкілікті жартылай шығарылу кезеңі t½ шамамен 12.4 сағат құрайды. Ситаглиптин көп рет қолданылғанда ғана тым аз мөлшерде жиналады. Бүйрек клиренсі шамамен 350 мл/мин құрайды.
Ситаглиптин шығарылуы, ең алдымен, белсенді өзекшелік сөлініс механизмі бойынша бүйрек арқылы жүзеге асырылады.
Қант диабеті. 2 типті қант диабеті бар пациенттердегі ситаглиптин фармакокинетикасы дені сау еріктілердегі фармакокинетикасына ұқсас болды.
Бүйрек функциясының бұзылуы. Ауырлығы жеңіл (КК креатинин клиренсі 50-ден 80 мл/минутқа дейін), орташа (КК 30-дан 50 мл/минутқа дейін) және ауыр (30 мл/мин аз) дәрежеде бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде ситаглиптин (50 мг) дозасы үшін, сондай-ақ гемодиализ жүргізілген бүйрек ауруларының терминалдық сатысындағы пациенттерде дені сау пациенттермен салыстыру бойынша препарат фармакокинетикасы зерттеулерінің деректері алынған.
Ауырлығы жеңіл дәрежедегі бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде, дені сау еріктілердің бақылау тобымен салыстырғанда, қан плазмасындағы ситаглиптин концентрациясының клиникалық мәнді жоғарылауы болды. Дені сау еріктілердің бақылау тобымен салыстырғанда, бүйрек функциясы орташа ауырлықта бұзылған пациенттерде қан плазмасындағы ситаглиптин AUC шамамен 2 есе ұлғаюы, ал бүйрек функциясының ауыр сипатты бұзылуы бар пациенттерде, сондай-ақ гемодиализ жүргізілген бүйрек ауруының терминалдық сатысындағы пациенттерде қан плазмасындағы ситаглиптин AUC шамамен 4 есе ұлғаюы байқалды. Ситаглиптин гемодиализ кезінде аз дәрежеде шығарылады (препарат қабылдағаннан кейін 4 сағаттан соң басталған 3-4 сағаттық диализ сеансында 13.5%).
Егде жас. Егде жастағы пациенттерде (65-80 жас) қан плазмасындағы ситаглиптин концентрациясы жастау пациенттердегіден 19% жоғары.
Балалар. Балаларда ситаглиптин қолдану жөніндегі зерттеулер жүргізілмеген.
Жынысы, нәсілі, дене салмағы индексі (ДСИ). ДСИ немесе нәсілі, жынысына қарай препарат дозасын түзету қажеттілігі жоқ. Бұл сипаттамалар ситаглиптин фармакокинетикасына клиникалық мәнді ықпалын тигізбеген.
Метформин гидрохлориді
Сіңірілуі. Ішу арқылы қолданғаннан кейін метформин tmax мәніне 2.5 сағаттан соң жетеді. Метформин 500 мг таблеткаларының абсолютті биожетімділігі дені сау еріктілерде шамамен 50-60 % құрайды. Ішу арқылы қолданғанда сіңірілмеген фракциясы 20-30 % құрайды, әрі көбінесе нәжіспен шығарылады. Метформиннің сіңірілу фармакокинетикасы дозаға байланыссыз болады. Метформин ұсынылатын дозаларда қолданылғанда тепе-тең концентрацияларына 24-48 сағат ішінде жетеді, әдетте, 1 мкг/мл-ден аспайды. Бақыланатын клиникалық зерттеулерде метформиннің қан плазмасындағы ең жоғары концентрациялары (Cmax) ең жоғары дозаларын қолданғанда 4 мкг/мл-ден аспайды. 850 мг дозада препаратты тамақпен бір мезгілде қабылдау метформиннің сіңуінің дәрежесін және жылдамдығын төмендетеді, бұл қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясының 40 % төмендеуімен, AUC 25 % азаюы және қан плазмасында ең жоғары концентрациясына жету уақытының 35 минутқа ұзаруымен расталады. Осылай төмендеуінің клиникалық мәні белгісіз.
Таралуы. Қан плазмасының ақуыздарымен байланысуы мардымсыз. Метформин эритроциттерде таралады. Қандағы ең жоғары концентрациясы плазмадағыдан төмен, шамамен бірдей уақыт кезеңі өткен соң жетеді. Эритроциттер екіншілік таралу компоненті болып табылуы мүмкін. Орташа Vd көрсерткіші 63-276 л арасында ауытқиды.
Метаболизмі. Метформин өзгеріссіз күйде несеппен шығарылады.
Шығарылуы. Метформиннің бүйрек клиренсі > 400 мл/мин құрайды, препарат шумақтық сүзіліс және тубулярлық секреция арқылы шығарылады. Ішу арқылы қолданғаннан кейін түпкілікті жартылай шығарылу кезеңі шамамен 6.5 сағат құрайды. Бүйрек функциясы бұзылғанда бүйректік клиренс креатинин деңгейіне пропорционал төмендейді, соның салдарынан жартылай шығарылу кезеңі ұзарады, бұл қан плазмасында метформин деңгейінің артуына әкеледі.
Фармакодинамикасы
Янумет әсер ету механизмі өзара толықтырылатын екі гипогликемиялық препараттың: ситаглиптин фосфатының, дипептидилпептидаза 4 (ДПП-4) тежегішінің және бигуанидтер класының өкілі метформин гидрохлоридінің біріктірілімі түрінде болады, 2 типті қант диабеті бар пациенттерде гликемия деңгейінің бақылануын жақсартуға арналған.
Ситаглиптин фосфаты бұл 2 типті диабетті емдеуге арналған дипептилпептидаза 4 (ДПП-4) ферментінің белсенді, жоғары селективті ішуге арналған тежегіші. Тежегіштер (ДПП-4) – бұл инкретиндердің күшейткіштері ретінде әсер ететін препараттар класы. ДПП-4 ферментін тежеу арқылы ситаглиптин екі белсенді инкретиндік гормондар – глюкагон тәріздес пептид 1 (ГТП-1) және глюкозаға тәуелді инсулин тропты полипептид (ГИП) деңгейлерін арттырады. Инкретиндер глюкоза гомеостазын физиологиялық реттеуге қатысатын эндогендік жүйе бөлігі болып табылады. Қандағы глюкозаның қалыпты немесе жоғары концентрациясында ғана ГТП-1 және ГИП инсулин синтезін және оның ұйқы безі бета-жасушаларынан босап шығуын арттырады. Сонымен қатар ГТП-1 ұйқы безі альфа-жасушалары арқылы глюкагон секрециясын төмендетіп, бауырда глюкоза өндірілуінің азаюына алып келеді. Ситаглиптин ДПП-4 ферментінің қуатты және жоғары селективті тежегіші болып табылады және тектестігі жақын ДПП-8 немесе ДПП-9 ферменттерін тежемейді. Ситаглиптин химиялық құрылымы мен фармакологиялық әсері жағынан ГТП-1 аналогтарынан, инсулиннен, сульфонилмочевинадан немесе меглитинидтерден, бигуанидтерден, пероксис пролифераторымен (PPARγ) белсенділенетін гамма-рецепторлары агонистерінен, альфа-гликозидаза тежегіштерінен және амилин аналогтарынан ерекшеленеді.
Ситаглиптин мен метформинді бір мезгілде қолдану белсенді ГТП-1 концентрациясына аддитивті әсер көрсетеді. Ситаглиптин, бірақ метформин емес, белсенді ГИП концентрациясын арттырады.
Ситаглиптин монотерапия кезінде де, басқа препараттармен біріктіріліп те гликемиялық бақылауды жақсартады.
Клиникалық зерттеулерде монотерапиядағы ситаглиптин аш қарында және ас ішуден соң гликирленген гемоглобин A1c (HbA1c), сондай-ақ глюкоза деңгейін едәуір төмендетумен гликемиялық бақылауды жақсартты. Ашқарынға қан плазмасында глюкоза деңгейінің төмендеуі 3-аптада байқалған (бастапқы түпкілікті нүкте). Cитаглиптинмен ем алатын пациенттерде гипогликемияның пайда болу жиілігі плацебоға ұқсас болды. Ситаглиптинмен емделгенде дене салмағы, бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда, жоғарылаған.
HOMA-β қоса, бета-жасушалар қызметі, проинсулиннен инсулинге арақатынас көрсеткіштерінің және жиі сынама алғанда глюкозаға төзімділік тестісінде бета жасушалары реактивтілік көрсеткіштерінің оң динамикасы да байқалды.
Метформин гидрохлориді ашқарынға да, тамақтанғаннан кейін де қан плазмасындағы глюкоза деңгейін төмендететін гипергликемияға қарсы әсері бар бигуанид болып табылады. Препарат инсулин секрециясын көтермелемейді, сондықтан да гипогликемияның пайда болуына әкелмейді.
Метформин әсері үш механизммен жүзеге асады:
-
глюконеогенез және гликогенолиз тежелісі арқылы бауырда глюкоза өндірілуін төмендету;
-
инсулинге сезімталдықты орташа күшейту арқылы шеткергі тіндерде, бұлшықет тінінде глюкозаның қармалуы мен жұмсалуын жақсарту;
-
ішекте глюкозаның сіңірілуін баяулату.
Метформин гликоген-синтетазаға әсер ету жолымен гликогеннің жасушаішілік синтезін көтермелейді, спецификалық жарғақшалық ақуыздармен (GLUT-1 және GLUT-4) глюкозаның тасымалдануын күшейтеді.
Гипогликемиялық әсерінен тыс, метформин липидтер метаболизміне оң ықпалын тигізеді. Емдік дозаларда метформин жалпы холестерин, ТТЛП және триглицеридтер деңгейлерін төмендетеді.
Қолданылуы
Янумет қан глюкозасын реттеудің дәрі-дәрмектік емес әдістерімен біріктіріліп, сондай-ақ басқа препараттармен біріктіріліп 2 типті қант диабетін емдеу үшін қолданылады:
-
Ең жоғары көтерімді дозадағы метформин монотерапиясының тиімділігі жеткіліксіз пациенттерде, сондай-ақ ситаглиптин мен метформин біріктірілімімен ем алып жүрген пациенттерге гликемия деңгейін бақылауды жақсарту үшін емдәмге және дене жүктемелері режиміне қосымша ретінде.
-
Ең жоғары көтерімді дозалардағы сульфонилмочевина препараттарымен және метформинмен емделгенде гликемияның талапқа сай бақылануына жете алмаған пациенттерде емдәмге және дене жүктемелері режиміне қосымша ретінде сульфонилмочевина туындыларымен біріктіріліп (үш препараттың біріктірілімі).
-
Ең жоғары көтерімді дозалардағы метформинмен және PPAR-γ агонистерімен емделу тиімділігі жеткіліксіз пациенттерде емдәмге және дене жүктемелері режиміне қосымша ретінде пероксись пролифераторымен (PPAR-γ) белсенділенген гамма-рецепторлар агонистерімен (мысалы, тиазолидиндионмен) біріктіріліп (үш препараттың біріктірілімі).
-
Инсулинмен және метформинмен емделу тиімділігі жеткіліксіз пациенттерде гликемия деңгейінің бақылануын жақсарту үшін емдәмге және дене жүктемелері режиміне қосымша ретінде инсулинмен біріктіріліп (үш препараттың біріктірілімі).
Қолдану тәсілі және дозалары
Янумет препаратының дозасын ситаглиптиннің ең жоғары ұсынылған тәуліктік 100 мг дозасынан асырмай, ағымдағы емдеу сызбасын, пациенттегі тиімділігі мен көтерімділігін ескеріп, әркімге жеке таңдау керек.
Ең жоғары көтерімді дозадағы метформин монотерапиясымен гликемияның тиісті бақылауы болмағанда. Янумет препаратының бастапқы ұсынылатын дозасы тәулігіне 2 рет ситаглиптиннің 50 мг дозасын (жалпы тәуліктік дозасы 100 мг) және метформиннің ағымдағы дозасын қамтуы тиіс.
Ситаглиптинмен және метформинмен біріктіріп емдеуден ауысқанда. Янумет препаратының бастапқы дозасы ситаглиптин мен метформиннің қолданылған дозаларына баламалы болуы тиіс.
Ең жоғары көтерімді дозадағы метформинмен және сульфонилмочевинамен біріктірілген еммен гликемияның тиісті бақылауы болмағанда. Янумет препаратының дозасы тәулігіне 2 рет ситаглиптиннің 50 мг дозасын (жалпы тәуліктік дозасы 100 мг) және метформиннің ағымдағы дозасын қамтуы тиіс. Егер Янумет сульфонилмочевинамен біріктіріліп қолданылса, гипогликемияның пайда болу қаупін төмендету үшін сульфонилмочевина дозасын азайту мақсатқа сай болады.
Ең жоғары көтерімді дозадағы метформинмен және PPAR-γ агонистімен біріктірілген еммен гликемияның тиісті бақылауы болмағанда. Янумет препаратының дозасы тәулігіне 2 рет ситаглиптиннің 50 мг дозасын (жалпы тәуліктік дозасы 100 мг) және метформиннің ағымдағы дозасын қамтуы тиіс.
Ең жоғары көтерімді дозадағы екі препаратпен – инсулинмен және метформинмен біріктірілген емімен гликемияның тиісті бақылауы болмағанда. Янумет препаратының дозасы тәулігіне 2 рет ситаглиптиннің 50 мг дозасын (жалпы тәуліктік дозасы 100 мг) және метформиннің ағымдағы дозасын қамтуы тиіс. Янумет препаратын инсулинмен біріктіріп қолданғанда гипогликемия қаупін болдырмау үшін инсулин дозасын азайту керек болады.
Янумет препаратын дозалау қолайлы болу үшін 50 мг ситаглиптин плюс 500, 850 немесе 1000 мг метформин гидрохлориді үш дозалауда шығарылады.
Пациенттердің бәрі күн ұзағына көмірсу қабылдау талапқа сай бөлінетін диета ұстануы тиіс. Дене салмағы шамадан артық пациенттер калориясы төмен диета ұстануы тиіс.
Қолдану тәсілі
Янумет метформинмен байланысты ас қорыту жүйесі жағынан жағымсыз реакциялардың пайда болу қаупін азайту мақсатында дозасын біртіндеп ұлғайта отырып, тәулігіне 2 рет тамақтану кезінде қабылдану керек.
Ерекше топтағы пациенттер
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер. Ауырлығы жеңіл дәрежелі бүйрек жеткіліксіздігі (КК ≥ 60 мл/мин) бар пациенттерге доза түзету талап етілмейді. Януметті ауырлығы орташа немесе ауыр дәрежелі (КК < 60 мл/мин) бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге тағайындау ұсынылмайды.
Бауыр жеткіліксіздігі. Янумет бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге ұсынылмайды.
Егде жастағы пациенттер. Препаратты егде жастағы пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, өйткені метформин және ситаглиптин бүйрек арқылы шығарылады. Метформиннен туындайтын лактацидоздың алдын алу үшін бүйрек функциясына, әсіресе егде адамдарда мониторинг жүргізу керек. Ситаглиптинді 75 жастан асқан егде жастағы пациенттерде қолданудың қауіпсіздігі бойынша деректер шектеулі, сондықтан оларға препаратты сақтықпен тағайындау керек.
Балалар. Қазіргі уақытта Янумет препаратының 18 жасқа жетпеген балалар мен жасөспірімдерде қауіпсіздігі мен тиімділігі бойынша деректер жеткіліксіз.
Жағымсыз әсерлері
Препараттарды қолдануға байланысты жағымсыз реакциялар төменде келтірілген.
Жиілігі төмендегіше анықталады : өте жиі (≥ 1/10); жиі (≥ 1/100, < 1/10); жиі емес ( ≥ 1/1 000, < 1/100); сирек (≥1/10 000, < 1/1 000); өте сирек (< 1/10 000).
Ситаглиптин және метформин
Жиі
- Асқазан-ішек жолдары тарапынан бұзылулар: жүрек айнуы
Жиі емес
- жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: ұйқышылдық
- Асқазан-ішек жолдары тарапынан бұзылулар: диарея, іштің жоғарғы бөлігінің ауыруы
Зерттеулер нәтижелері: қандағы глюкоза деңгейінің төмендеуі
Ситаглиптин метформинмен және сульфонилмочевинамен
Өте жиі
- Метаболизм және тамақтану тарапынан бұзылулар: гипогликемия*
Жиі
- Асқазан-ішек жолдары тарапынан бұзылулар: іш қатуы
Ситаглиптин метформинмен және PPARγ агонистерімен (росиглитазон)
Жиі
- Метаболизм және тамақтану тарапынан бұзылулар: гипогликемия*
- Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: бас ауыруы
- Респираторлық жүйе, кеуде және көкірек ортасы ағзалары тарапынан бұзылулар: жөтел**
- Асқазан-ішек жолдары тарапынан бұзылулар: диарея, құсу
- Жалпы жай-күйдің бұзылуы және препаратты қолдану тәсіліне байланысты: шеткергі ісіну**
Жиі емес
- Инфекциялар және инвазиялар: терінің зеңдік инфекциялары**
Ситаглиптин метформинмен және инсулин
Өте жиі
- Метаболизм және тамақтану тарапынан бұзылулар: гипогликемия*
Жиі емес
- Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: бас ауыруы
- Асқазан-ішек жолдары тарапынан бұзылулар: ауыз құрғауы
Маркетингтен кейінгі зерттеулер
Белгісіз
- Асқазан-ішек жолдары тарапынан бұзылулар: құсу, жедел панкреатит, фатальді және фатальді емес панкреатит, геморрагиялық және некроздайтын панкреатит
- Тері және тері асты шелі тарапынан бұзылулар: ангионевроздық ісіну, бөртпе, есекжем, тері васкулиті, Стивенс-Джонсон синдромын қоса, терінің эксфолиативті жай-күйі
- Қаңқа-бұлшықет және дәнекер тіндер тарапынан бұзылулар: ауыр және мүгедектікке апаратын артралгия, миалгия, арқаның ауыруы, қышыну
- Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар: анафилаксиялық реакцияларды қоса, аса жоғары сезімталдық реакциялары
- Бүйрек және несеп шығару жүйесі тарапынан бұзылулар: бүйрек функциясы нашарлауы, жедел бүйрек жеткіліксіздігі
*Ситаглиптин монотерапиясының және метформинмен немесе метформинмен және PPARγ-агонистпен біріктірілген ситаглиптиннің клиникалық зерттеулерінде ситаглиптин қолдану кезіндегі гипогликемияның пайда болу жиілігі плацебо тобындағы жиілігіне ұқсас болды.
** 54 аптада талдау жүргізілгенде бақыланды.
Янумет таблеткалары құрамындағы әсер етуші заттың әрқайсысының жағымсыз әсерлері туралы қосымша ақпарат
Ситаглиптин 100 мг дозада тәулігіне 1 рет
-
бас ауыру, бас айналу
-
гипогликемия
-
іш қату
-
респираторлық жолдың жоғарғы бөліктерінің инфекциялары және назофарингит
-
остеоартрит және аяқ-қолдың ауыруы
-
нейтрофильдер санының көбеюі есебінен болатын болымсыз лейкоцитоз (клиникалық мәнді болып қарастырылмайды )
Метформин
Өте жиі
-
гастроинтестинальді симптомдар: жүрек айнуы, құсу, диарея, абдоминальді ауыру және тәбеттің болмауы*
Жиі
-
ауыздың темір татуы
Өте сирек
-
лактацидоз
-
B12 витаминінің тапшылығы **
-
бауыр функциясының бұзылуы, гепатит
-
есекжем, эритема, қышыну
* Әдетте, емдеудің басында жиірек пайда болады және көпшілік жағдайларда өздігінен жоғалады.
** Метформинмен ұзақ уақыт емдеу В12 витамині сіңірілуінің төмендеуімен астасқан, бұл В12 витаминінің клиникалық айқын тапшылығына (мысалы, мегалобластты анемияға) өте сирек алып келеді.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
әсер етуші заттарға немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
-
диабеттік кетоацидоз, диабеттік прекома
-
бүйрек функциясының орташа және ауыр бұзылулары (креатинин клиренсі <60 мл/мин)
-
бүйрек функциясына әсер ететін жедел жағдайлар (дегидратация, ауыр инфекция, шок, құрамында йод бар контрастылы заттарды тамыр ішіне енгізу)
-
тін гипоксиясына алып келетін жедел және созылмалы аурулар (жүрек немесе респираторлық жеткіліксіздік, таяуда өткерілген миокард инфарктісі, шок)
-
бауыр функциясының бұзылуы
-
жедел алкогольдік уыттану, алкоголизм
-
жүктілік және лактация кезеңі
-
18 жасқа дейінгі балаларға (клиникалық деректер жоқтығына байланысты)
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Басқа препараттардың Янумет препаратымен фармакокинетикалық өзара әрекеттесулеріне зерттеулер жүргізілмеген; алайда, мұндай зерттеулер Янумет құрамына кіретін әсер етуші заттардың (ситаглиптин мен метформин) әрқайсысына бөлек жүргізілді.
Метформин
Алкоголь. Лактацидоздың жоғары даму қаупіне орай, алкоголь мен құрамында спирт бар дәрілік препараттарды қолдануды шектеген жөн (әсіресе, ашығу, жеткіліксіз тамақтану немесе бауыр функциясының бұзылуы жағдайында).
Циметидин және басқа катиондық препараттар бүйрек-өзекшелік секреция жолымен шығарылады да, жалпы бүйрек-өзекшелік тасымалдау жүйелері үшін метформинмен бәсекелеседі, сондықтан диабетті емдеу сызбасына өзгерістер енгізу мен ұсынылған ауқым аясында дозаны түзету, гликемиялық бақылауға мұқият мониторинг жасау мәселесін қарау керек.
Құрамында йод бар контрастылы заттар. Құрамында йод бар контрастылы заттарды радиологиялық тексерулерде тамырішілік енгізу бүйрек жеткіліксіздігінің дамуына және соған сәйкес метформиннің жинақталуына және лактацидоз дамуына әкелуі мүмкін. Януметті тексеру алдында немесе тексеру кезінде тоқтату керек және ол жүргізілгеннен кейін 48 сағат өткен соң ғана, сондай-ақ, бүйрек функциясының қалпына келгеніне көз жеткізгеннен кейін барып қабылдауды жандандыруға болады.
Анестезия препараттары. Янумет препаратының құрамына метформин гидрохлориді кіретіндіктен, препаратпен емдеуді жалпы, жұлын немесе эпидуральді анестезиямен жасалатын жоспарлы операцияның алдында 48 сағат бұрын тоқтату керек. Әдетте, Янумет препаратын қолдануды операциядан кейін 48 сағат өткен соң және бүйректің қалыпты функциясын анықтағаннан кейін ғана жандандырады.
Жүйелі және жергілікті қолданылатын глюкокортикостероидтар, бета-2-агонистер және диуретиктер гипергликемиялық белсенділік иеленеді. Бұл жөнінде пациенттерді хабарландырып, әсіресе, осындай препараттармен емдеудің басында қан глюкозасының деңгейін тиянақты бақылау керек. Янумет препаратының дозасын аталған препараттармен емдеу барысында және оларды тоқтатқанда түзету керек.
АӨФ тежегіштері қан глюкозасының деңгейін төмендетуі мүмкін. Қажет болса, Янумет препаратының дозасын АӨФ тежегіштерімен емдегенде және оларды тоқтатқанда түзету керек.
Ситаглиптин
Төменде келтірілген клиникалық деректер басқа препараттармен бір уақытта қолданғаннан кейін клиникалық маңызды өзара әрекеттесулер туындау қаупі төмен болатынын көрсетті.
Циклоспорин. Бір реттік 100 мг дозада ішу арқылы ситаглиптин мен бір реттік 600 мг дозада ішу арқылы циклоспоринді бір мезгілде қолданғанда ситаглиптиннің бүйрек клиренсі айтарлықтай өзгермеген. Сондықтан р-гликопротеиннің басқа тежегіштерімен елеулі өзара әрекеттесулер күтілмейді.
CYP3A4 тежегіштері (мысалы, кетоконазол, итраконазол, ритонавир, кларитромицин). In vitro зерттеулер CYP2C8 қатысуымен ситаглиптин метаболизміне жауап беретін негізгі фермент CYP3A4 екенін көрсетеді. CYP3A4 қуатты тежегіштері (мысалы, кетоконазол, итраконазол, ритонавир, кларитромицин) бүйрек функциясы ауыр бұзылған немесе бүйрек ауруының терминалдық сатысындағы пациенттерде ситаглиптин фармакокинетикасына ықпал етеді.
Пробенецид Іn vitro зерттеулері ситаглиптиннің Р-гликопротеинге және органикалық аниондық тасымалдағыш-3 (ОАТ3) тән субстрат екенін жария етті. ОАТ3 арқылы ситаглиптиннің тасымалдануы пробенецидпен in vitro бәсеңдеген.
Ситаглиптиннің басқа препараттарға ықпалы
Метформин, глибурид, симвастатин, розиглитазон, варфарин, ішуге арналған контрацептивтер. Ситаглиптин аталған препараттар фармакокинетикасына елеулі әсер етпейді.
Дигоксин. Ситаглиптин қан плазмасындағы дигоксин концентрациясына мардымсыз әсер етеді. Дигоксин дозасын түзету қажет емес, бірақ ситаглиптин мен дигоксинді бір мезгілде қолданатын пациенттерді мұқият қадағалау керек.
Айрықша нұсқаулар
Жалпы нұсқаулар. Янумет 1 типті қант диабеті бар пациенттерге тағайындалмайды, сондай-ақ диабеттік кетоацидозды емдеуге қолдануға болмайды.
Панкреатит. Постмаркетингтік кезеңде жағымсыз реакциясы - жедел панкреатит жөнінде хабарланды. Пациенттерді жедел панкреатиттің сипаттас симптомдарынан: персистирлеуші, қарқынды абдоминальді ауыру жөнінде хабардар ету керек. Ситаглиптинді (демеуші ем жүргізумен/жүргізусіз) тоқтатқаннан кейін панкреатиттің басылуы байқалды, некроздаушы немесе геморрагиялық панкреатит және/немесе өлім жағдайлары өте сирек хабарланды. Панкреатитке күдік туындағанда, Янумет препараты мен басқа да қауіптілігі зор препараттарды тоқтату керек.
Лактацидоз. Лактацидоз метформиннің жинақталуы салдарынан пайда болатын өте сирек, бірақ күрделі (шұғыл емдеу болмағанда өлімге ұшырау пайызы жоғары) метаболизмдік асқыну болып табылады. Лактацидоз дамуы жөнінде бәрінен жиірек айқын бүйрек жеткіліксіздігі жағдайларында хабарланды. Лактацидоздан сақтану үшін жеткіліксіз бақыланған диабет, кетоз, ұзақ уақыт ашығу, алкогольді шамадан тыс тұтыну, бауыр функциясының бұзылуы және гипоксиямен қатар жүретін барлық жағдайлар сияқты қауіп факторларын ескеру қажет.
Диагностика. Симптомдары: ацидоздық диспноэ, абдоминальді ауыру және гипотермия, кома; зертханалық көрсеткіштер: қанда рН төмендеуі, қан плазмасындағы лактат деңгейінің 5 ммоль/л төмен азаюы, аниондық айырманың және лактат/пируват арақатынасының артуы. Метаболизмдік ацидозға күдік туындағанда препаратпен емдеуді тоқтатып, пациентті дереу ауруханаға жатқызған дұрыс.
Бүйрек функциясы. Метформин және ситаглиптин бүйрекпен шығарылады. Лактацидоздың пайда болу жиілігі бүйрек функциясының нашарлау дәрежесімен арта түседі, сондықтан қан сарысуындағы креатинин концентрациясын ұдайы тексеру керек:
-
бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде жылына кем дегенде бір рет;
-
қан сарысуындағы креатинин деңгейлері жоғары қалып шегімен тең немесе одан асып кететін пациенттерде, сондай-ақ егде жастағы пациенттерде жылына кем дегенде 2-4 рет.
Егде жастағы пациенттерде бүйрек функциясының әлсіреуі жиі байқалады және белгісі білінбейді. Бүйрек функциясы нашарлап кететін жағдайларда, мысалы, гипертензияға қарсы препарат немесе диуретик тағайындалғанда, немесе қабынуға қарсы стероидты емес препаратпен (ҚҚСП) емдеудің басында айрықша сақтану шарасын қадағалау қажет.
Гипогликемия. Януметті сульфонилмочевинамен немесе инсулинмен біріктіріп қабылдайтын пациенттерде гипогликемияның пайда болу қаупі болады. Сондықтан сульфонилмочевина немесе инсулин дозасын азайту керек болады.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары. Постмаркетингтік кезеңде ситаглиптинмен ем алып жүрген пациенттерде аса жоғары сезімталдықтың күрделі реакциялары жөнінде хабарламалар алынған. Стивенс-Джонсон синдромын қоса, анафилаксия, ангионевроздық ісіну және терінің эксфолиативті жай-күйлері сияқты аса жоғары сезімталдық реакциялары ситаглиптинмен емделу басталған соң алғашқы 3 ай ішінде, ал кейбір жағдайларда бірінші дозаны қабылдағаннан кейін пайда болды. Аса жоғары сезімталдық реакциясынан күдіктенгенде Януметті дереу тоқтатып, реакцияның өзге де болжамды себептерін бағалау және диабеттің баламалы емін тағайындау керек.
Ауыр және мүгедектікке ұшырататын артралгия. ДПП -4 тежегіштерін қабылдаған пациенттерде ауыр және мүгедектікке ұшырататын артралгия дамығаны туралы маркетингтен кейінгі жеке хабарламалар болды. Дәрілік ем басталғаннан кейін симптомдар дамуының басталуы бірнеше күннен бірнеше жылға дейін ауытқиды. Емді тоқтатқаннан кейін ауру симптомдарының жеңілдеуі байқалды. Дәл өзін немесе ДПП -4 тежегіштеріне ұқсасты қайта тағайындағаннан кейін ауру симптомдары жаңғырған. Қатты буын аурулары дамығанда ДПП -4 тежегіштерін болжамды себебі ретінде қарастыру керек және қажет болғанда емді тоқтату керек.
Бұрын бақыланған 2 типті қант диабеті бар пациенттердің клиникалық статусының күрт өзгеруі. Зертханалық көрсеткіштердің патологиялық өзгерістері немесе клиникалық көріністері (әсіресе, түсініксіз және өшіп кеткен клиникалық симптомдары) пайда болғанда 2 типті қант диабеті бар пациенттер кетоацидоз және лактацидозға қатысты шұғыл тексеруден өткізу қажет. Тексеруде қан сарысуындағы электролиттер мен кетондарды, қан глюкозасын, қан рН-ын, лактат, пируват және метформин деңгейін анықтау қамтылуы тиіс. Ацидоздың кез келген түрінде Янумет препаратын қолдануды дереу тоқтатып, симптоматикалық тиісті ем жүргізген жөн.
Егде жастағы пациенттер. Метформин мен ситаглиптин бүйрекпен шығарылатындықтан, Янумет препаратын егде жастағы пациенттерде сақтықпен қолдану керек. Янумет препаратымен емдегенде, әсіресе, егде жастағы пациенттерде метформин қолданумен байланысты лактацидоздан сақтану мақсатында бүйрек функциясын ұдайы бақылау қажет. Препаратты, осы қауымдағы қауіпсіздігі жөнінде деректер шектеулі болғандықтан, 75 жастан асқан пациенттерде абайлап қолдану керек.
Балаларда қолданылуы. Янумет осы қауымда қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы деректердің болмауы себепті 18 жасқа дейінгі балаларға ұсынылмаған.
Жүктілік және лактация кезеңінде қолдану
Қазіргі таңда ситаглиптинді жүкті әйелдерде қолдану туралы деректер жеткіліксіз. Жануарлардағы зерттеулер ситаглиптинді жоғары дозада қолданғанда ұрпақ өрбітуге уыттылығын анықтады. Метформиннің жүкті әйелдерде қолданылуы туа біткен кемістік даму қаупінің жоғарылауымен қатар жүрмейтіні туралы шектеулі деректер бар. Януметті жүктілік кезеңінде қолдануға болмайды. Егер пациент әйел жүктілікті жоспарласа немесе емдеу басталған соң жүкті болса, онда Янумет препаратын тоқтатып, инсулинді мүмкіндігінше ертерек тағайындау керек.
Метформиннің емшек сүтімен аздаған мөлшерде бөлінетінін, ал ситаглиптин жөніндегі деректердің жеткіліксіз екенін ескере отырып, Янумет бала емізу кезеңінде қолдануға ұсынылмайды.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Янумет препараты автокөлікті және күрделі механизмдерді басқару қабілетіне ықпалын тигізбейді. Алайда ситаглиптин қолдану кезінде бас айналу және ұйқышылдық болуы мүмкін екенін ескерген жөн. Егер Янумет препараты суфонилмочевинамен немесе инсулинмен біріктіріп қолданылса, пациенттерді гипогликемияның пайда болу қаупінен сақтандыру керек.
Артық дозалануы
Симптомдары: Янумет препаратының артық дозалануына қатысты деректер жоқ.
Дені сау еріктілер қатысқан бақыланған клиникалық зерттеулер барысында ситаглиптин 800 мг дейінгі бір реттік дозада жақсы көтерімді болды.
Метформинмен артық дозалану (немесе лактацидоздың қатарлас даму қауіптері) лактацидоз дамуына алып келуі мүмкін, бұл кейінге қалдырылмайтын жағдай болып табылады және ауруханаға жатқызуды талап етеді.
Емі: организмнен лактат пен метформинді шығарудың ең тиімді әдісі гемодиализ болып табылады. Клиникалық зерттеулерде шамамен 13.5% доза 3-4 сағаттық гемодиализ сеансы кезінде шығарылды. Клиникалық қажет жағдайларда ұзақ әсер ететін диализ тағайындалады. Артық дозаланған жағдайда стандартты шаралар қолдану керек: асқазан-ішек жолынан сіңірілмеген препаратты шығару, клиникалық мониторинг (ЭКГ қоса), сондай-ақ, қажет болса, симптоматикалық емдеу.
Шығарылу түрі және қаптамасы
14 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
4 пішінді қаптамадан медициналық қолдануы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
30 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Патеон Пуэрто Рико, Инк., Манати, Пуэрто Рико
Қаптаушы
Мерк Шарп және Доум Б.В., Хаарлем, Нидерланды
Тіркеу куәлігінің иесі
Шеринг-Плау Сентрал Ист АГ, Люцерн, Швейцария
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы: Қазақстандағы Шеринг-Плау Сентрал Ист АГ компаниясының өкілдігі, Алматы қ., Достық д-лы, 38, «Кең дала» бизнес орталығы, 5 қабат
Тел. + 7 (727) 330-42-66, + 7 (727) 259-80-84
Факс + 7 (727) 259-80-90
эл. поштасы: dpoccis2@merck.com,
pharmacovigilance.ukraine&cis@merck.com
Сарапшы Зәуірбекова Г.Ж.
Аудармашы
Рүстемова А.А.