Юперио™ (50 мг, Новартис Фарма Штейн АГ)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Юперио™
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 50 мг, 100 мг және 200 мг
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - сакубитрил/валсартан тринатрий жартылай пентагидраты 56,551 мг, 113.103 мг немесе 226, 206 мг (сусыз қышқыл түріндегі 50 мг, 100 мг немесе 200 мг сакубитрил/валсартанға баламалы)
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, орын басуы төмен гидроксипропилцеллюлоза, кросповидон, магний стеараты, тальк, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы,
қабығының құрамы: гипромеллоза, титанның қостотығы (Е171), макрогол 4000/полиэтиленгликоль 4000, тальк, темірдің қызыл тотығы (Е 172), темірдің қара тотығы (Е 172) (50 мг және 200 мг дозалары үшін), темірдің сары тотығы (Е 172) (100 мг дозасы үшін).
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, екі жақ беті дөңес, күлгін-ақ түсті қабықпен қапталған, бір жақ бетінде ойығы, «NVR» өрнегі және басқа жақ бетінде «LZ» өрнегі бар таблеткалар (50 мг доза үшін).
Сопақша пішінді, екі жақ беті дөңес, бозғылт-сары түсті қабықпен қапталған, бір жақ бетінде ойығы, «NVR» өрнегі және басқа жақ бетінде «L1» өрнегі бар таблеткалар (100 мг доза үшін)
Сопақша пішінді, екі жақ беті дөңес, ақшыл-қызғылт түсті қабықпен қапталған, бір жақ бетінде ойығы, «NVR» өрнегі және басқа жақ бетінде «L11» өрнегі бар таблеткалар (200 мг доза үшін)
Фармакотерапиялық тобы
Жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын емдеуге арналған препараттар. Ренин-ангиотензин жүйесіне әсер ететін препараттар. Басқа препараттармен біріктірілген ангиотензин II aнтагонистері. Ангиотензин ІІ антагонистері, басқа біріктірілімдері. Сакубитрил/валсартан.
АТХ коды C09D X04
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Юперио™ құрамындағы валсартанның басқа таблеткалардың құрамындағы валсартанмен салыстырғанда биожетімділігі жоғары; Юпериодағы™ 26 мг, 51 мг және 103 мг валсартан басқа таблеткалардағы сәйкесінше 40 мг, 80 мг және 160 мг валсартанға баламалы.
Сіңуі
Ішу арқылы қабылдағаннан кейін Юперио™ валсартанға және сакубитрилдің белсенді емес түріне (ізашар дәрі) ыдырайды. Сакубитрил одан әрі белсенді метаболит LBQ657 дейін метаболизденеді. Плазмадағы шыңдық концентрациясына сәйкесінше 2 сағаттан, 1 сағаттан және 2 сағаттан кейін жетеді. Сакубитрилдің және валсартанның абсолютті биожетімділігі сәйкесінше 60%-дан және 23%-дан асады.
Юперионы™ тәулігіне екі рет қолданғаннан кейін сакубитрилдің, LBQ657 және валсартанның тепе-теңдік концентрациялары үш күннің ішінде жетеді. Сакубитрилдің және валсартанның тепе-теңдік күйде статистикалық маңызы бар жинақталуы байқалмайды; ал бұл кезде LBQ657 жинақталуы бір рет қолданған кезде концентрациядан 1,6 есе артады. Препаратты тамақ ішкен кезде қабылдау сакубитрилдің, LBQ657 және валсартанның жүйелі әсерінің көрсеткіштеріне клиникалық елеулі ықпалын тигізбейді. Юперио™ тамақ ішуге байланыссыз қабылдауға болады.
Таралуы
Сакубитрил, LBQ657 және валсартан плазманың ақуыздарымен берік байланысады (94-97%). Қан плазмасындағы және жұлын сұйықтығындағы экспозициясын салыстыру LBQ657 аздаған дәрежеде гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтетінін көрсетеді (0,28%). Валсартанның және сакубитрилдің орташа болжамды таралу көлемі сәйкесінше 75 және 103 литр құрады.
Биотрансформациясы
Сакубитрил карбоксилэстераза lb және lc ықпалымен LBQ657-ге тез трансформацияланады; одан әрі LBQ657 айтарлықтай метаболизденбейді. Валсартан елеусіз дәрежеде метаболизденеді, енгізілген дозаның 20% жуығы ғана метаболиттер түрінде анықталады. Қан плазмасында мардымсыз концентрацияларда (<10%) гидроксильді метаболит анықталды.
Сакубитрил де, валсартан да CYP450 цитохромы изоферменттерінің қатысуымен ең аз дәрежеде метаболизденетіндіктен, CYP450 изоферменттеріне ықпал ететін препараттарды бір мезгілде қолданған жағдайда олардың фармакокинетикасының өзгеру ықтималдығы аз деп есептеледі.
Шығарылуы
52-68% сакубитрил (негізінен LBQ657 ретінде) және ~13% валсартан мен оның метаболиттері ішу арқылы қолданғаннан кейін несеппен шығарылады; 37-48% сакубитрил (негізінен LBQ657 ретінде) және 86% валсартан мен оның метаболиттері нәжіспен шығарылады.
Сакубитрил, LBQ657 және валсартан плазмадан шамамен сәйкесінше 1.43 сағ, 11.48 сағ, және 9.90 сағ жартылай шығарылуының орташа кезеңімен (Т1/2) шығарылады.
Дозаға тәуелділігі/ тәуелсіздігі
Сакубитрилдің, LBQ657 және валсартанның фармакокинетикасы Юперио™ дозаларының барлық диапазонында – 24 мг сакубитрилден/26 мг валсартаннан 97 мг сакубитрил/103 мг валсартанға дейін шамамен дозаға тәуелді болды.
Пациенттердің айрықша топтары
Егде жастағы пациенттер
65 жастан асқан пациенттердің санатында LBQ657 және валсартанның экспозициялары жасырақ пациенттерге қарағанда сәйкесінше 42% және 30% жоғары.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Бүйрек функциясының жеңілден ауыр дәрежеге дейінгі бұзылуы бар пациенттерде бүйрек функциясы мен LBQ657 жүйелі әсерінің арасында өзара байланыс байқалды. Орташа (30 мл/мин/1.73 м ≤ еШСЖ <60 мл/мин/1.73 м2) және ауыр дәреже бұзылуы бар (15 мл/мин/1.73 м2 ≤ еШСЖ <30 мл/мин/1.73 м2) пациенттерде LBQ657 әсері бүйрек функциясының жеңіл түрде бұзылуы бар (60 мл/мин/1.73 м2 ≤ еШСЖ <90 мл/мин/1.73 м2) пациенттермен салыстырғанда 1.4 және 2.2 есе жоғары болды – бұл зерттеуіне қатысқан пациенттердің ең үлкен тобы. Бүйрек функциясы бұзылуының жеңіл түріндегі пациенттерге қарағанда орташа және ауыр дәрежеде бұзылған пациенттерде валсартанның әсері бірдей болды. Гемодиализде жүрген пациенттердің қатысуымен зерттеулер жүргізілген жоқ. Алайда LBQ657 және валсартан плазманың ақуыздарымен елеулі дәрежеде байланысады, соның салдарынан, олардың гемодиализ кезінде шығарылу ықтималдығы аз.
Бауыр функциясының бұзылуы
Бауыр функциясы жеңіл және орташа дәрежеде бұзылған пациенттерде сакубитрилдің экспозициясы дені сау еріктілермен салыстырғанда сәйкесінше 1.5 және 3.4 есе, LBQ657 – 1.5 және 1.9 есе, валсартан – 1.2 және 2.1 есе ұлғайды. Алайда, бауыр функциясы жеңіл және орташа дәрежеде бұзылған пациенттерде LBQ657 бос концентрацияларының әсері дені сау еріктілермен салыстырғанда сәйкесінше 1.47 және 3.08 есе ұлғайды, ал валсартанның бос концентрацияларының әсері сәйкесінше 1.09 және 2.20 есе ұлғайды. Юперио™ бауыр функциясы ауыр дәрежеде бұзылған, билиарлы бауыр циррозы немесе холестазы бар пациенттерде зертелген жоқ.
Жыныстың ықпалы
Юперионың™ (сакубитрил, LBQ657 және валсартан) фармакокинетикасы еркектер мен әйелдерде бірдей болды.
Фармакодинамикасы
Әсер ету механизмі
Юперио™ сакубитрилдің белсенді метаболиті – LBQ657 арқылы неприлизинді (бейтарап эндопептидаза; NEP) бір мезгілде тежеу және 1-типтегі ангиотензин II рецепторларын (AT1) валсартанның бөгеуі арқылы арқылы неприлизин рецепторлары антагонисінің тежегішінің әсер ету механизмін көрсетеді. Юперионың™ жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттердегі жүрек-қантамыр жүйесіне қосымша оң әсер ету себебі былай түсіндіріледі, яғни LBQ657 неприлизиннің әсерімен ыдырайтын пептидтерді, атап айтқанда натрийуретикалық пептидтерді (НП) белсенділендіреді, ал бұл кезде валсартан ангиотензин II жағымсыз әсерлерін тежейді. НП гуанилциклазамен үйлескен жарғақшаға байланысты рецепторлардың белсенділенуі есебінен өз әсерін көрсетеді, бұл вазодилатация симптомдарын, натрийурездің және диурездің ұлғаюын, шумақтық сүзіліс пен бүйректегі қан ағымының жылдамдығы артуын, ренин мен альдостерон босап шығуының басылуын, симпатикалық белсенділіктің төмендеуін, сондай-ақ антигипертрофиялық және антифибротикалық әсерді тудыратын циклдік гуанозинмонофосфат (цГМФ) концентрациясының жоғарылауына әкеледі.
Валсартан AT1 рецепторларын таңдамалы түрде бөгей отырып, ангиотензин II-нің жүрек-қантамыр жүйесіне және бүйрекке жағымсыз әсерін басады, сондай-ақ альдостеронның ангиотензин II-ге тәуелді босап шығуын бөгейді. Бұл тамырлардың тарылуын, натрий мен судың бүйректе кідіруін, жасушалардың өсуінің белсенділенуі мен пролиферациясын, сондай-ақ кейіннен жүрек-қантамыр жүйесі қызметінің бұзылуын күшейтетін қайта құрылуын тудыратын ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің (РААЖ) тұрақты белсенділенуінің алдын алады.
Фармакодинамикалық әсері
Препаратты дені сау еріктілерде, сондай-ақ созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде бір рет және көп рет қолданудан кейінгі оның құрамына кіретін сакубитрил мен валсартанның фармакодинамикалық әсерлеріне баға берілді. Байқалған әсерлері әсер етуші заттар кешенінің бір мезгілде неприлизинді басып әрі РААЖ бөгейтін әсер ету механизміне сәйкес келді. Сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясы (ЛФ) төмендеген пациенттердегі жеті күндік зерттеуде, валсартан бақылау ретінде қолданылып, сакубитрил мен валсартанды қолдану натрийурездің статистикалық мәні бар қысқа мерзімдік ұлғаюына, несептегі цГМФ концентрациясының артуына және қан плазмасындағы жүрекшелік натрийуретикалық пептид (MR-proANP) және ми натрийуретикалық пептиді ізашарының N-ұштық фрагментінің (NT-proBNP) концентрацияларының төмендеуіне (валсартанмен салыстырғанда) әкелді. Сол жақ қарыншаның ЛФ төмендеген пациенттердегі 21 күндік зерттеуде сакубитрил мен валсартанды қолдану жүрекшелік натрийуретикалық пептид (ANP) пен несептегі цГМФ концентрациясының және қан плазмасындағы цГМФ концентрациясының статистикалық мәні бар ұлғаюына, сондай-ақ NT-proBNP, альдостерон және эндотелин-1 плазмалық концентрациясының (бастапқы күймен салыстырғанда) төмендеуіне әкелді. Бұдан басқа, сакубитрил мен валсартанды қолдану AT1-рецепторды бөгейді, рениннің белсенділігі мен қан плазмасындағы концентрациясының артуы осыны көрсетеді. Сакубитрил мен валсартан кешені эналаприлге қарағанда қан плазмасында NT-proBNP концентрациясының айқынырақ төмендеуін және ми натрийуретикалық пептиді (BNP) мен несептегі цГМФ концентрацияларының біршама елеулі жоғарылауын туындатты. BNP неприлизин субстраты болып табылады, ал NT-proBNP ондайға жатпайды. Сондықтан NT-proBNP-дің BNP-ден өзгешелігі, оны сакубитрил мен валсартан кешенін қабылдайтын жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттердегі мониторинг кезінде биомаркер ретінде пайдалануға болады.
Еркек жынысты дені сау еріктілерде QTc аралығын жан-жақты бақылаған зерттеуде Юперионы™ 194 мг сакубитрил/206 мг валсартан және 583 мг сакубитрил/617 мг валсартан дозаларында бір рет қолдану жүрек реполяризациясына әсер еткен жоқ.
Неприлизин – мидың және жұлын сұйықтығының (ЖС) амилоид-β (Aβ) метаболизміне қатысатын бірнеше ферменттердің біреуі. Дені сау еріктілерде Юперионы™ 194 мг сакубитрил/206 мг валсартан дозасында тәулігіне бір рет екі апта бойы қолдану аясында ЖС-дағы Aβ 1-38 концентрациясы ұлғайды; бұл кезде ЖС-дағы Aβ 1-40 және 1-42 еш өзгерген жоқ. Бұл фактінің клиникалық маңызы белгісіз.
Қолданылуы
лықсыту фракциясы төмен ересек пациенттерде симтоматикалық созылмалы жүрек жеткіліксіздін емдеуде
Қолдану тәсілі және дозалары
Дозалау
Юперионың™ ұсынылатын бастапқы дозасы – төменде сипатталған жағдайларды қоспағанда, 100 мг бір таблеткадан тәулігіне екі рет. Пациентке жағымдылығы жақсы болған жағдайда, мақсатты доза тәулігіне екі рет 200 мг бір таблетканы құрайтындай болып, қабылдаудың 2-4 аптасында доза екі есе ұлғайтылуы тиіс.
Егер пациенттерде жақпаушылық пайда болса (систолалық артериялық қысым (САҚ) ≤95 мм сын.бағ., симптоматикалық гипотензия, гиперкалиемия, бүйрек функциясының бұзылуы), біріктірілген емді түзету немесе дозаны уақытша төмендету немесе Юперио™ препаратымен емді тоқтату ұсынылады.
Юперио™ АӨФ тежегішінің немесе басқа ангиотензин II рецепторларының (АРБ) бөгегіштерінің орнына жүрек жеткіліксіздігін емдеуге арналған басқа препараттармен үйлестіріп қолданылды. АӨФ немесе АРБ тежегіштерін қабылдамайтын немесе төмен дозаларда қабылдайтын пациенттерді емдеу туралы ақпарат шектеулі. Сондықтан пациенттердің мұндай санаты үшін ұсынылатын бастапқы доза баяу арттырылып отыратын (тәуліктік дозаны 3-4 аптада 1 рет екі еселеу) тәулігіне екі рет 50 мг құрайды.
Сарысулық калий деңгейі >5.4 ммоль/л немесе САҚ <100 мм сын. бағ. болатын пациенттерде емдеуді бастау ұсынылмайды. Тәулігіне екі рет 50 мг бастапқы доза САҚ ≥100 - 110 мм сын. бағ. болатын пациенттер үшін ұсынылады.
Юперио™ АӨФ немесе АРБ тежегішімен бірге қолданылмауы тиіс. Ангионевроздық ісінудің потенциалды қаупі бар болғандықтан, АӨФ тежегішімен бір мезгілде қолданған кезде, егер АӨФ тежегіші тоқтатылған сәттен кем дегенде 36 сағат өтпейінше препаратты қолдануға болмайды.
Юперио™ құрамындағы валсартанның басқа таблетка түріндегі препараттар құрамындағы валсартанмен салыстырғанда биожетімділігі жоғарырақ.
Егер пациент препаратты қабылдауды өткізіп алса, келесі доза белгіленген уақытында қабылданады.
Пациенттердің ерекше топтары
Егде жастағы пациенттер
Доза егде пациенттердің бүйрек функциясын ескере отырып белгіленеді.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер
Бүйрек функциясы жеңіл дәрежеде бұзылған (шумақтық сүзілістің есептелген жылдамдығы (еШСЖ) 60-90 мл/мин/1.73 м2) пациенттер үшін дозаны түзету қажет емес. Тәулігіне екі рет 50 мг бастапқы доза бүйрек функциясы бұзылуының айқындығы орташа (еШСЖ 30-60 мл/мин/1.73 м2) пациенттерге ұсынылады. Препаратты бүйрек функциясы ауыр бұзылған пациенттерде (еШСЖ <30 мл/мин/1.73 м2) қолданудың клиникалық тәжірибесі шектеулі болғандықтан Юперионы™ сақтықпен және тәулігіне екі рет 50 мг бастапқы дозамен тағайындау ұсынылады. Юперионы™ бүйрек ауруының терминальді сатысындағы пациенттерде қолдану тәжірибесі жоқ, және мұндай жағдайда препаратты қабылдау ұсынылмайды.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Бауыр функциясының жеңіл дәрежеде бұзылуы бар (Чайлд-Пью жүйесі бойынша жіктеудің А класы) пациенттер үшін Юперио™ дозасын түзету қажет емес. Бауыр функциясының орташа бұзылуы (Чайлд-Пью жүйесі бойынша жіктеудің В класы) бар немесе АСТ/АЛТ көрсеткіштері жоғары қалып шегінен екі есе асатын пациенттерде қолданудың аздаған клиникалық тәжірибесі бар. Юперио™ пациенттердің бұл санатында сақтықпен қолданылуы тиіс; ұсынылатын бастапқы доза тәулігіне екі рет 50 мг құрайды. Юперионы™ бауырдың ауыр жеткіліксіздігінде, билиарлы бауыр циррозында немесе холестазда (Чайлд-Пью жүйесі бойынша жіктеудің С класы) қолдануға болмайды.
Қолдану тәсілі
Ішу арқылы.
Юперио™ препаратын қабылдау уақыты тамақ ішу уақытына тәуелді емес. Таблеткаларды жұтып, стақан сумен ұрттау керек.
Жағымсыз әсерлері
Юпериомен™ ем жүргізу кезінде гипотензия, гиперкалиемия және бүйрек функциясының бұзылуы сияқты жағымсыз реакциялар туралы бәрінен де жиі хабарланды. Юперио™ қабылдаған пациенттерде ангионевроздық ісінудің дамығаны туралы хабарлар болды (жекелеген жағымсыз реакциялардың сипаттамасын қараңыз).
Өте жиі (≥1/10)
гиперкалиемия*
гипотензия*
бүйрек функциясының бұзылуы*
Жиі (≥1/100 - <1/10)
анемия
гипокалиемия, гипогликемия
бас айналуы, бас ауыруы, естен тану (синкопе)
вертиго (жүйелі немесе вестибулярлы бас айналу)
ортостатикалық гипотензия
жөтел
диарея, жүрек айну, гастрит
бүйрек жеткіліксіздігі (оның ішінде жедел бүйрек жеткіліксіздігі)
қажу
астения
Жиі емес (≥1/1,000 - <1/100)
аса жоғары сезімталдық
постуральді (позициялы) бас айналу
қышыну, бөртпе, ангионевроздық ісіну *
* жекелеген жағымсыз құбылыстардың сипаттамасын қараңыз
Жекелеген жағымсыз құбылыстардың сипаттамасы
Ангионевроздық ісіну
Юперио™ қабылдаған пациенттерде ангионевроздық ісінудің дамығаны туралы хабарланды. Зерттеуінде ангионевроздық ісіну эналаприлді қабылдаған 0.2% пациенттермен салыстырғанда, Юперио™ қабылдаған 0.5% пациенттерде пайда болды. Ангионевроздық ісіну дамуының ең жоғары жиілігі Юперио™ (2.4%) және эналаприл (0.5%) қабылдаған қара нәсілді пациенттерде байқалды.
Гиперкалиемия және сарысулық калий
Зерттеуі кезінде гиперкалиемия және >5.4 ммоль/л сарысулық калий концентрациялары сәйкесінше Юперио™ қабылдаған 11.6% және 19.7% пациенттерде және эналаприл қабылдаған14.0% және 21.1% пациенттерде байқалды.
Артериялық қысым
Зерттеуі кезінде, гипотензия және клиникалық мәні бар төмен систолалық қан қысымы (<90 мм сын. бағ. және бастапқы көрсеткіштерден >20 мм сын. бағ. төмендеуі) тиісінше Юперио™ қабылдаған 17.6% және 4.76% пациенттерде, және эналаприл қабылдаған 11.9% және 2.67% пациенттерде байқалды.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Зерттеуі кезінде бүйрек функциясының бұзылуы Юперио™ қабылдаған 10.1% пациенттерде және эналаприл қабылдаған 11.5% пациенттерде дамыды.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
белсенді затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
АӨФ тежегіштерімен бір мезгілде қолдану. Егер АӨФ тежегішін тоқтатқан сәттен бері 36 сағат өтпесе, Юперионы™ қабылдауға болмайды
анамнезде мұның алдында АӨФ тежегіштерін немесе АРБ қолдану аясындағы ангионевроздық ісінудің болуы
тұқым қуалайтын немесе идиопатиялық ангионевроздық ісіну
қант диабеті бар пациенттерде немесе бүйрек функциясы бұзылған (еШСЖ <60 мл/мин/1.73 м2) пациенттерде құрамында алискирен бар дәрілік препараттармен бір мезгілде қолдану
бауыр функциясының ауыр дәрежеде бұзылуы, билиарлы цирроз және холестаз
жүктілік
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Қарсы көрсетілімдерге әкелетін өзара әрекеттесулер
АӨФ тежегіштері
Юперионы™ АӨФ тежегіштерімен бір мезгілде қолдануға болмайды, өйткені неприлизинді (NEP) және АӨФ бір мезгілде тежеу ангионевроздық ісінудің даму қаупін арттырады. Юпериомен™ емді АӨФ тежегішінің соңғы дозасынан кейін 36 сағаттан ерте бастамау керек. АӨФ тежегішімен емді Юперионың™ соңғы дозасынан кейін 36 сағаттан ерте бастамау керек.
Алискирен
Қант диабеті бар пациенттерге және бүйрек функциясы бұзылған (еШСЖ <60 мл/мин/1.73 м2) пациенттерге Юперионы™ құрамында алискирен бар препараттармен бір мезгілде қолдануға болмайды. Юперионы™ және алискирен сияқты рениннің тікелей тежегіштерін біріктіру ұсынылмайды. Юперио™ мен алискиреннің біріктірілімі гипотензия, гиперкалиемия және бүйрек функциясының төмендеуі (жедел бүйрек жеткіліксіздігін қоса) сияқты жағымсыз реакциялар жиілігінің жоғарылауымен потенциалды байланысты болады.
Үйлестіріп қолдану қолайсыздыққа әкелетін өзара әрекеттесулер
Юперио™ құрамында валсартан бар, сол себептен, құрамында АРБ бар басқа препараттармен бірге қолданылмауы тиіс.
Сақтық шараларын қабылдауды керек ететін өзара әрекеттесулер
OATP1B1 және OATP1B3 субстраттары, (ГМГ-КоА редуктаза тежегіштері), мысалы, статиндер
In vitro мәліметтер сакубитрилдің OATP1B1 және OATP1B3 тасымалдаушыларын тежейтінін көрсетеді. Соның нәтижесінде, Юперио™ OATP1В1 және OATP1B3 субстраттарының, атап айтқанда статиндердің жүйелі экспозициясын ұлғайтуы мүмкін. Юперионы™ бір мезгілде қолдану аторвастатиннің және оның метаболиттерінің Сmax 2 есе және AUC 1.3 есе ұлғайтты. Осылайша, Юперионы™ статиндермен бір мезгілде қолданғанда сақтық таныту керек.
Силденафилді қоса, фосфодиэстераза 5 тежегіштері
Юперио™ препаратын қабылдайтын (тепе-тең концентрацияға жеткенге дейін), АҚ айқын жоғарылауы бар пациенттерде силденафилді бір рет қолдану Юперио™ препаратын монотерапияда қолданумен салыстырғанда гипертензияға қарсы әсерді күшейтті. Сол себептен, Юперио™ қабылдайтын пациенттерде силденафилді немесе басқа 5-типті фосфодиэстераза тежегішін сақтықпен қолдану керек.
Калий
Калий жинақтаушы диуретиктерді (триамтерен, амилорид), минералокортикоидтердің антагонистерін (мысалы, спиронолактон, эплеренон), калий қоспаларын немесе құрамында калий бар ас тұзы алмастырғыштарын, немесе басқа препараттарды (мысалы, гепарин) бір мезгілде қолдану сарысудағы калий деңгейінің және сарысулық креатинин деңгейінің жоғарылауына әкелуі мүмкін. Юперио™ препаратын осы препараттармен бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде қан сарысуындағы калий құрамын тұрақты бақылап отыру ұсынылады.
Циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) іріктелген тежегіштерін қоса, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП)
Егде жастағы пациенттерде, гиповолемиясы бар пациенттерде (диуретиктерді қабылдайтындарды қоса), немесе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде, Юперио™ және ҚҚСП бір мезгілде қолдану бүйрек функциясының нашарлау қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.
Юперио™ препаратын ҚҚСП бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде, емдеудің ұқсас сызбасын тағайындағанда және оны өзгерткен жағдайда бүйрек функциясын бақылау ұсынылады.
Литий препараттары
Литийді және АӨФ тежегіштерін немесе ангиотензин II рецепторларының антагонистерін бір мезгілде қолданған кезде сарысудағы литий концентрациясының қайтымды жоғарылауы және уыттылығы туралы мәлімделді. Юперио™ препараты мен литий препараттарының арасындағы дәрілік өзара әрекеттесу мүмкіндігі зерттелмеген. Сондықтан, бұл препараттардың біріктірілімі ұсынылмайды. Бұл біріктірілімді қолдану қажет болғанда сарысудағы литий деңгейіне мұқият мониторинг қажет. Диуретиктерді қолданған кезде литийдің уытты әсер ету қаупі ұлғаюы мүмкін.
Фуросемид
Юперио™ мен фуросемидті бір мезгілде қолдану Юперио™ фармакокинетикасына ықпал етпейді, бірақ фуросемидтің Cmax және AUC сәйкесінше 50% және 28% қысқартады. Несеп көлемі айтарлықтай өзгермегенімен, натрийдің несеппен бөлініп шығуы үйлестіріп қолданудан кейін 4 және 24 сағат ішінде қысқарды. Фуросемидтің орташа тәуліктік дозасы Юперио™ қабылдаған пациенттерде бастапқы дозамен салыстырғанда өзгерген жоқ.
Нитраттар, мысалы, нитроглицерин
Юперио™ мен қан қысымын төмендету үшін вена ішіне енгізілген нитроглицериннің арасындағы дәрілік өзара әрекеттесу байқалған жоқ. Нитроглицеринді және Юперионы™ бір мезгілде қолдану тек қана нитроглицеринді монотерапияда қолданумен салыстырғанда жүректің жиырылу жиілігіндегі минутына 5 рет соғу айырмашылығымен қатар жүрді. Жүректің жиырылу жиілігіне осы сияқты ықпал ету Юперионы™ сублингвальді, пероральді немесе трансдермальді нитраттармен бірге қабылдаған жағдайларда да орын алуы мүмкін. Жалпы алғанда дозаны түзету қажет емес.
ОATP және MRP2 тасымалдағыштары
Сакубитрилдің белсенді метаболиті (LBQ657) және валсартан OATP1B1, OATP1B3, OAT1 және OAT3 субстраттары болып табылады; валсартан – сонымен қатар MRP2 субстраты. Осылайша, Юперионы™ OATP1B1, OATP1B3, OAT3 (мысалы, рифампицин, циклоспорин), OAT1 (мысалы, тенофовир, цидофовир) немесе MRP2 (мысалы, ритонавир) тежегіштерімен бір мезгілде қолдану LBQ657 немесе валсартанның жүйелі экспозициясының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Юперио™ препараты мен аталған препараттар тобын бірге қолдануды бастағанда және аяқтаған сәтте сақтық таныту керек.
Метформин
Юперио™ мен метформинді бір мезгілде қолдану метформиннің Cmax және AUC 23% төмендеуіне әкелді. Бұл мәліметтердің клиникалық мәні белгісіз. Сондықтан, метформин қабылдайтын пациенттерде Юпериомен™ емдеуді бастағанға дейін олардың клиникалық жай-күйіне баға беру қажет.
Елеусіз өзара әрекеттесулер
Юперио™ мен дигоксинді, варфаринді, гидрохлоротиазидті, амлодипинді, омепразолды, карведилолды немесе левоноргестрел/этинилэстрадиол біріктірілімімен қолданғанда клиникалық елеулі дәрілік өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.
CYP 450 өзара әрекеттесулері
Метаболизмін in vitro зерттеулер CYP 450 цитохромы изферменттері арқылы дәрілік өзара әрекеттесу ықтималдығы өте төмен екенін көрсетеді, өйткені Юперионың™ CYP450 энзимдері арқылы метаболизмі шектеулі. Юперио™ CYP450 энзимдерін белсенділендірмейді және тежемейді.
Айрықша нұсқаулар
Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің (РААС) қосарлы блокадасы
- ангионевроздық ісінудің даму қаупі жоғарылауына байланысты Юперионың™ АӨФ тежегіштерімен біріктірілімін қолдануға болмайды. АӨФ тежегішінің дозасын соңғы қабылдаған сәттен кейін 36 сағат өтпейінше Юперионы™ қабылдауға болмайды. Юпериомен™ емді тоқтатқаннан кейін, АӨФ тежегіштерін қабылдау Юперионың™ соңғы дозасын қабылдағаннан кейін 36 сағаттан ерте басталмау керек.
- Юперионы™ рениннің тікелей тежегіштерімен, атап айтқанда алискиренмен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Юперионың™ құрамында алискирен бар препараттармен біріктірілімін қант диабеті бар немесе бүйрек функциясы бұзылған (еШСЖ <60 мл/мин/1.73 м2) пациенттерге қолдануға болмайды.
- Юперио™ құрамында валсартан бар, сондықтан да, құрамында АРБ бар басқа препараттармен бірге қолданылмауы тиіс.
Гипотензия
Егер САҚ ≥100 мм сын. бағ. болмаса, емдеуді бастамау керек. САҚ <100 мм сын. бағ. болатын пациенттер зерттелген жоқ. Юперионы™ клиникалық зерттеулер кезінде қабылдаған пациенттерде, әсіресе ≥ 65 жастағы пациенттерде, бүйрек ауруы бар пациенттерде және САҚ төмен (<112 мм сын. бағ.) пациенттерде симптоматикалық гипотензия жағдайлары туралы хабарланды. Емнің бастапқы сатысында немесе Юперио™ дозасын титрлеу кезінде артериялық қысым жоспарлы түрде бақылануы тиіс. Гипотензия дамыған жағдайда дозаны уақытша төмендету немесе Юпериомен™ емді тоқтату ұсынылады. Диуретиктердің, қатар жүретін гипертензияға қарсы дәрілердің дозасын түзету қажеттігін ескеру, сондай-ақ гипотензияның басқа да себептерін (мысалы, гиповолемия) назарда ұстау керек. АҚ айқын төмендеуінің пайда болу ықтималдығы, әдетте, гиповолемиясы бар пациенттерде жоғары, ол диуретикалық дәрілерді бір мезгілде қолданудан, тұзы аз диетадан, диареяның немесе құсудың болуынан туындауы мүмкін. Қандағы натрий деңгейінің және/немесе айналымдағы қан көлемінің (АҚК) төмендеуі, егер бұл АҚК шамадан асып кету қаупіне әкелмесе, Юпериомен™ емді бастағанға дейін жөнделуі тиіс.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерді тексеру әрқашанда бүйрек функциясын бағалауды қамтуы тиіс. Бүйрек функциясы ауырлығы жеңіл және орташа дәрежеде бұзылған пациенттер гипотензияның даму қаупіне көбірек дәрежеде бейім болады. Препаратты бүйрек функциясы ауыр дәрежеде бұзылған пациенттерде (еШСЖ<30 мл/мин/1.73м2) қолданудың клиникалық тәжірибесі өте шектеулі, бұл пациенттер гипотензияның жоғары даму қаупіне ұшырайды. Юперионы™ бүйрек функциясы бұзылуының терминальді сатысындағы пациенттерде қолдану тәжірибесі жоқ, препаратты мұндай жағдайда қолдану ұсынылмайды.
Бүйрек функциясының нашарлауы
Юперионы™ қолдану, РААЖ әсер ететін кез келген басқа препарат сияқты, бүйрек функциясының нашарлауына әкелуі мүмкін. Қауіп одан әрі дегидратацияда немесе қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды (ҚҚСП) бір мезгілде қолданғанда жоғарылауы мүмкін. Бүйрек функциясының клиникалық мәні бар нашарлау жағдайында Юперио™ препаратының дозасын азайту мәселесін қарастыру керек.
Гиперкалиемия
Егер сарысулық калий деңгейі >5.4 ммоль/л болса, емдеуді бастамау керек. Юпериомен™ емдеу гиперкалиемияның даму қаупін арттыруы мүмкін, гипокалиемияның да пайда болуы мүмкін. Сарысудағы калий деңгейін әсіресе бүйрек функциясының бұзылуы, қант диабеті немесе гипоальдостеронизм, немесе калий құрамы жоғары диета, сондай-ақ минералокортикоидтардың антагонистерін қабылдау сияқты қауіп факторлары бар пациенттерде тұрақты бақылау ұсынылады. Клиникалық мәні бар гиперкалиемия дамыған жағдайда қатар жүретін препараттардың дозасын түзету, не болмаса дозаны уақытша төмендету немесе емді тоқтату ұсынылады. Егер сарысулық калий деңгейі >5.4 ммоль/л болса, емді тоқтату мәселесін қарастырған жөн.
Ангионевроздық ісіну
Юперио™ препаратын қолдану аясында ангионевроздық ісінудің дамыған жағдайлары байқалды. Ангионевроздық ісіну пайда болғанда Юперио™ препаратын дереу тоқтату және тиісті ем тағайындап, пайда болған симптомдар толық әрі біржола басылғанға дейін пациентті бақылау қажет. Препаратты қайталап пайдалануға болмайды. Ісіну бетке және ерінге ғана таралған, ангионевроздық ісіну расталған жағдайларында, бұл жай-күй, әдетте, араласусыз-ақ жөнге келген, дегенмен антигистаминдік дәрілерді қолдану симптомдардың жеңілдеуіне ықпал етеді.
Тамақтың ісінуімен қатар жүрген ангионевроздық ісіну өліммен аяқталуы мүмкін. Ісіну тілге, дауыс қатпарларына немесе көмейге таралған жағдайда тыныс жолдарының обструкциясына әкеліп соғуы мүмкін, дереу тиісті емді бастау керек, мысалы адреналиннің 1 мг/1 мл (0.3-0.5 мл) ерітіндісін енгізу, және/немесе тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету.
Анамнезінде ангионевроздық ісіну болған пациенттер зерттелген жоқ. Олар ангионевроздық ісінудің жоғары қаупіне бейім болуы мүмкін болғандықтан, пациенттердің бұл санатында Юперионы™ аса сақтықпен тағайындаған жөн. Юперионы™ анамнезінде АӨФ тежегішін немесе АРБ қолдану аясындағы ангионевроздық ісіну немесе тұқым қуалайтын немесе идиопатиялық ангионевроздық ісіну бар пациенттерге қолдануға болмайды.
Қара нәсілді пациенттер ангионевроздық ісінудің даму қаупіне көбірек дәрежеде бейім.
Бүйрек артериясының стенозы бар пациенттер
Юперио™ бүйрек артериясының бір жақты немесе екі жақты стенозы бар пациенттерде қан сарысуындағы мочевина мен креатинин концентрациясын жоғарылатуы мүмкін. Бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде препаратты сақтықпен, бүйрек функциясын тұрақты бақылай отырып қолдану керек.
NYHA бойынша IV функционалдық кластағы пациенттер
NYHA бойынша IV функционалдық кластағы пациенттерде Юперионы™ қолданған кезде сақ болу қажет, өйткені пациенттердің бұл санатында клиникалық қолдану туралы мәліметтер шектеулі.
В типтегі натрийуретикалық пептид (BNP)
BNP Юперио™ қабылдаған пациенттерде жүрек жеткіліксіздігінің лайықты биомаркері болып табылмайды, өйткені ол неприлизин субстратына жатады.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Препаратты бауыр функциясы ауырлығы орташа дәрежеде бұзылған (Чайлд-Пью бойынша В класы) немесе АСТ/АЛТ мәндері жоғары қалып шегінен екі есе асатын пациенттерде клиникалық қолданудың шектеулі тәжірибесі бар. Бұл санаттағы пациенттер препараттың әсеріне көбірек бейім, және олар үшін қауіпсіздік дәрежесі анықталмаған. Сондықтан да, препаратты аталған пациенттерге сақтықпен тағайындау қажет. Юперионы™ бауыр функциясы ауыр дәрежеде бұзылған (Чайлд-Пью бойынша С класы), билиарлы бауыр циррозы немесе холестазы бар пациенттерге қолдануға болмайды.
18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде қолдану
Юперионың™ 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Мәліметтер жоқ.
Жүктілік және лактация кезеңі
Жүктілік
Препаратты жүктілік кезінде қолдануға болмайды.
РААЖ тікелей әсер ететін басқа да препараттар сияқты, Юперио препаратын жүктілік кезінде қолданбау керек («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз). Юперио препаратының әсері ангиотензин II рецепторларының блокадасына негізделген, сондықтан шарана үшін қаупін жоққа шығаруға болмайды. Валсартан қабылдаған жүкті әйелдерде жүктіліктің өздігінен тоқтауы, жаңа туған нәрестелерде судың аздығы және бүйрек функциясының бұзылу жағдайлары байқалды. Препаратпен емдеу кезінде жүкті болып қалған жағдайда пациент препарат қабылдауды тоқтатып, өзінің емдеуші дәрігеріне хабарлауы керек.
Лактация кезеңі
Юперио™ емшек сүтімен бөліне ме, жоқ па белгісіз. Юперио™ компоненттері - сакубитрил мен валсартан клиникаға дейінгі зерттеуде сүтпен бөлініп шыққан. Емшек еметін жаңа туған сәбилердегі жағымсыз реакциялардың потенциалды даму қаупіне байланысты, препаратты емшек емізу кезінде қолдану ұсынылмайды. Емшек емізу кезеңінде емізуден бас тарту немесе Юперио™ қолдануды тоқтату туралы шешім ана үшін Юперионы™ қолданудың қажеттілік дәрежесін ескере отырып қабылданады.
Фертильділік
Юперио™ препаратының фертильділікке әсеру етуі жөнінде деректер жоқ. Юперио™ препаратының клиникаға дейінгі зерттеуінде фертильділіктің төмендегені анықталмаған
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Юперио™ көлік құралдарын және механизмдерді басқару қабілетіне аз ғана ықпал етеді. Бас айналудың немесе қатты шаршағыштықтың пайда болу мүмкіндігіне байланысты автокөлікті жүргізгенде немесе механизмдермен жұмыс істегенде сақтық таныту керек.
Артық дозалануы
Юперио™ препаратымен адамның артық дозалануы туралы мәліметтер жеткіліксіз.
Дені сау еріктілерде препаратты 1200 мг дозада бір рет және 900 мг дозада көп рет қолдану жақсы жағымдылықпен жүрді.
Симптомдары: артық дозаланудың ең ықтимал симптомы әсер етуші заттардың гипертензияға қарсы әсерінен туындаған АҚ айқын төмендеуі болып табылады.
Емі: симптоматикалық ем. Қан плазмасы ақуыздарымен жоғары байланысуы салдарынан дәрілік препаратты гемодиализ кезінде шығарудың ықтималдығы аз.
Шығарылу түрі және қаптамасы
ПВХ/ПВДХ үлбірден және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 14 таблеткадан салынған.
Пішінді 2 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Түпнұсқалық қаптамасында, 30 С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Ылғалдан қорғалған жерде сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Новартис Фарма Штейн АГ
Штейн, Швейцария
Қаптаушы
Новартис Фарма С.п.А.
Торре-Аннунциата, Италия
Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі
Новартис Фарма Сервисэз АГ
Базель, Швейцария
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
Новартис Фарма Сервисэз АГ Қазақстандағы филиалы
050022 Алматы қ., Құрманғазы к-сі, 95
тел.: (727) 258-24-47
факс: (727) 244-26-51
e-mail: drugsafety.cis@novartis.com