Эторикоксиб -Тева (60 мг)

МНН: Эторикоксиб
Производитель: Teva Pharmaceutical Works Private Limited Company
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Etoricoxib
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№023497
Информация о регистрации в РК: 25.01.2018 - 25.01.2023

Инструкция

Саудалық атауы

Эторикоксиб-Тева

Халықаралық патенттелмеген атауы

Эторикоксиб

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 30 мг

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 60 мг

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 90 мг

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 120 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 30 мг, 60 мг, 90 мг, 120 мг эторикоксиб.

қосымша заттар: сусыз кальций гидрофосфаты, микрокристалды целлюлоза (101 типі), микрокристалды целлюлоза (102 типі), кросповидон (А типі), повидон-К25, магний стеараты.

30 мг дозадағы үлбірлі қабықтың құрамы:

АкваПолиш Р көгілдір 064.20 MS: гипромеллоза, гидроксипропилцеллюлоза, тальк, орташа тізбекті триглицеридтер, титанның қостотығы (Е171), микрокристалды целлюлоза, индигокармин негізді алюминий лагы (Е132), лак (Е132), темірдің қызыл тотығы (Е172).

60 мг дозадағы үлбірлі қабықтың құрамы:

АкваПолиш Р жасыл 074.23 MS: гипромеллоза, гидроксипропилцеллюлоза, тальк, орташа тізбекті триглицеридтер, титанның қостотығы (Е171), бриллиант көгі бояғышы негізді алюминий лагы (Е133), индигокармин негізді алюминий лагы (Е132), темірдің сары тотығы (Е172), темірдің қара тотығы (Е172).

90 мг дозадағы үлбірлі қабықтың құрамы:

АкваПолиш Р ақ 014.44 MS: гипромеллоза, гидроксипропилцеллюлоза, тальк, орташа тізбекті триглицеридтер, титанның қостотығы (Е171).

120 мг дозадағы үлбірлі қабықтың құрамы:

АкваПолиш Р жасыл 074.25 MS: гипромеллоза, гидроксипропилцеллюлоза, тальк, орташа тізбекті триглицеридтер, титанның қостотығы (Е171), бриллиант көгі бояғышы негізді алюминий лагы (Е133), индигокармин негізді алюминий лагы (Е132), темірдің сары тотығы (Е172), темірдің қара тотығы (Е172).

Сипаттамасы

Көгілдір түсті үлбірлі қабықпен қапталған, екі жақ беті дөңес, бір жақ бетінде нақышталған «30» жазуы бар, басқа жақ беті тегіс дөңгелек таблеткалар (30 мг доза үшін).

Қою-жасыл түсті үлбірлі қабықпен қапталған, екі жақ беті дөңес, бір жақ бетінде нақышталған «60» жазуы бар, басқа жақ беті тегіс дөңгелек таблеткалар (60 мг доза үшін).

Ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған, екі жақ беті дөңес, бір жақ бетінде нақышталған «90» жазуы бар, басқа жақ беті тегіс дөңгелек таблеткалар (90 мг доза үшін).

Ашық жасыл түсті үлбірлі қабықпен қапталған, екі жақ беті дөңес, бір жақ бетінде нақышталған «120» жазуы бар, басқа жақ беті тегіс дөңгелек таблеткалар (120 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Сүйек-бұлшықет жүйесі. Қабынуға қарсы және реаматизмге қарсы препараттар. Қабынуға қарсы және ревматизмге қарсы, стероидты емес препараттар. Коксибтер. Эторикоксиб

АТХ коды М01АН05

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі. Эторикоксиб ішке қабылдаған кезде тез сіңеді. Ішке қабылдаған кездегі абсолюттік биожетімділігі 100%-ға жуықты құрайды. Ересектерде препаратты ашқарынға тәулігіне бір рет 120 мг дозада қолданғанда тепе-тең жағдайға жеткенше ең жоғары концентрациясы (Сmax) 3,6 мкг/мл құрайды. Қан плазмасында ең жоғары концентрацияға жету уақыты (TCmax) – препаратты қабылдағаннан кейін 1 сағат. Орташа геометриялық AUC0-24сағ. - 37,8 мкг*сағ./мл. Емдік доза шегіндегі эторикоксибтің фармакокинетикасы дозаға байланысты сипатқа ие болады.

Тамақтану кезінде (құрамында май мөлшері жоғары тамақ) эторикоксибті 120 мг дозада қабылдағанда сіңу дәрежесіне клиникалық тұрғыдан маңызды ықпалы байқалған жоқ. Сіңу жылдамдығы өзгерді, бұл Сmax мәнінің 36%-ға төмендеуіне және TCmax 2 сағатқа артуына әкелді.

Осы нәтижелер клиникалық тұрғыдан маңызды деп саналмайды. Клиникалық зерттеулерде эторикоксиб тамақ ішкенге қарамай қолданылды.

Таралуы. Эторикоксиб 0,05-5 мкг/мл концентрацияларда адамдағы қан плазмасының ақуыздарымен шамамен 92%-ға байланысады. Тепе-тең жағдайда таралу көлемі (Vdss) 120 л-ге жуықты құрайды.

Эторикоксиб плацентарлық бөгет және гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтеді.

Meтаболизмі. Эторикоксиб қарқынды түрде метаболизденеді. Эторикоксибтің 1%-дан азы өзгермеген күйінде бүйрек арқылы шығарылады. Метаболизмінің негізгі жолы – цитохромдар жүйесінің ферменттерімен катализденетін 6'-гидроксиметилэторикоксибтің түзілуі. CYP3A4 эторикоксибтің in vivo метбаолизміне мүмкіндік береді. Іn vitro зерттеулер CYP2D6, CYP2C9, CYP1A2 және CYP2C19 изоферменттерінің де метаболизмнің негізгі жолын катализдейтіндігін көрсетеді, бірақ олардың сандық мөлшері in vivo зерттелген жоқ.

Адамда эторикоксибтің 5 метаболиті табылды. Негізгі метаболиті 6'-гидроксиметилэторикоксиб қосымша тотыққан кезде түзілетін 6'-карбоксиацетилэторикоксиб болып табылады. Осы негізгі метаболиттердің айқын белсенділігі жоқ, немесе ЦОГ-2 әлсіз тежегіші болып табылады. Осы метаболиттердің бірде-біреуі ЦОГ-1-ді тежемейді.

Шығарылуы. Дені сау адамдарда вена ішіне таңбаланған радиоактивті эторикоксибті 25 мг дозада бір реттік енгізгенде эторикоксибтің 70%-ы бүйрек арқылы, 20%-ы ішек арқылы көбіне метаболиттер түрінде шығарылды. 2%-дан азы өзгермеген күйінде табылды.

Эторикоксиб негізінен метаболизм жолымен, кейіннен бүйрек арқылы шығарылады.

120 мг эторикоксибті күн сайын қабылдағанда жиналып қалу коэффициенті 2-ге жуық болатын тепе-тең концентрацияға 7 күннен соң жетеді, ол 22 сағатқа жуық жартылай шығарылу кезеңіне сәйкес келеді. Вена ішіне 25 мг енгізгеннен кейін плазмалық клиренсі шамамен 50 мл/мин құрайды.

Пациенттердің ерекше топтары

Егде жастағылар

Егде жастағылардағы (65 жас және одан үлкен) фармакокинетикасы жастардағы фармакокинетикасына ұқсас болады.

Жынысы

Эторикоксибтің фармакокинетикасы еркектер мен әйелдерде ұқсас болады.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауыр функциясы ауырлығы жеңіл дәрежеде бұзылған (Чайлд-Пью шкаласы бойынша 5-6 балл) пациенттерде эторикоксибті 60 мг дозада тәулігіне бір рет қабылдау, препаратты сол дозада қабылдаған дені сау адамдармен салыстырғанда, AUC көрсеткішінің 16%-ға артуымен қатар жүреді.

Эторикоксибті 60 мг дозада күнара қабылдаған, бауыр функциясы ауырлығы орташа дәрежеде бұзылған (Чайлд-Пью шкаласы бойынша 7-9 балл) пациенттерде AUC көрсеткішінің орташа мәні эторикоксибті сол дозада күн сайын қабылдаған дені сау адамдардағы сияқты болды. Осы популяцияда күніне бір рет 30 мг эторикоксибті қабылдау зерттелген жоқ.

Бауыр функциясының бұзылуы ауыр (Чайлд-Пью шкаласы бойынша ≥10 балл) болатын пациенттерде клиникалық және фармакокинетикалық зерттеу деректері жоқ.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек функциясы орташа және ауыр дәрежеде бұзылған және терминальді сатыдағы бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі (БСЖ) бар пациенттерде эторикоксибті 120 мг дозада бір реттік қолданудың фармакокинетикалық көрсеткіштерінің дені сау адамдардағы көрсеткіштерден елеулі айырмашылықтары жоқ. Шығарылуына гемодиализдің ықпалы мардымсыз (диализ клиренсі - минутына 50 мл-ге жуық).

Балалар

Эторикоксибтің фармакокинетикалық параметрлері 12 жасқа дейінгі балаларда зерттелген жоқ.

12-ден 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерде жүргізілген фармакокинетикалық зерттеулерде (n=16) эторикоксибті 60 мг дозада күніне бір рет қабылдаған, дене салмағы 40-тан 60 кг дейінгі жасөспірімдердегі және эторикоксибті 90 мг дозада күніне бір рет қабылдаған, дене салмағы 60 кг-ден жоғары жасөспірімдердегі фармакокинетикасы эторикоксибті 90 мг дозада күніне бір рет қабылдаған ересектердегі фармакокинетикаға ұқсас. Эторикоксибтің қауіпсіздігі мен тиімділігі балаларда зерттелген жоқ.

Фармакодинамикасы

Емдік концентрацияларда пероральді түрде қабылданған эторикоксиб циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) тежегішінің селективті тежегіші болып табылады. Клиникалық фармакологиялық зерттеулерде 150 мг-ге дейінгі тәуліктік дозада қолданғанда эторикоксиб ЦОГ-2-ні дозаға байланысты тежеп, ЦОГ-1-ге ықпалын тигізген жоқ. Препарат асқазанның шырышты қабығында простагландиндердің синтезін тежемейді және тромбоциттер функциясына ықпалын тигізбейді.

Циклооксигеназа простагландиндердің түзілуіне қатысты жауап береді. Циклооксигеназа екі изоформаға – ЦОГ-1 және ЦОГ-2 бөлінеді. ЦОГ-2 қабынуға қарсы әртүрлі медиаторлардың әсер етуімен индукцияланатын изофермент болып табылады және ауырудың, қабынудың және қызбаның простаноидтық медиаторларының синтезіне жауап беретін негізгі фермент ретінде қарастырылады. ЦОГ-2 овуляция, имплантация және артериялық ағынның жабылу, бүйрек функциясының және орталық жүйке жүйесінің реттелу үдерістеріне (қызба индукциясы, ауыруды сезіну, когнитивті функция) қатысады, сондай-ақ ойық жараның жазылу үдерісінде белгілі бір рөльді атқарады. ЦОГ-2 адамда асқазанның ойық жарасын қоршап жатқан тіндерден табылды, бірақ оның ойық жараны жазудағы маңызы анықталған жоқ.

Қолданылуы

- остеоартритте, ревматоидты артритте, шорбуынданған спондилитте симптомдарды бәсеңдету үшін, сондай-ақ жедел подагралық артритте ауыру мен қабынуды бәсеңдету үшін.

- стоматологиялық операциялар жүргізгеннен кейінгі орташа қарқынды ауыруды қысқа мерзімдік бәсеңдету үшін.

Қолдану тәсілі және дозалары

Препаратты тамақ ішуге қарамай, ішке қабылдайды. Егер препаратты тамақ ішер алдында қабылдаса, оның әсері тезірек басталады, мұны симптомдарды тезірек бәсеңдету қажет болған жағдайда ескерген жөн.

Эторикоксибті қолданған кездегі жүрек-қантамыр асқынуларының туындау қаупі дозаны және қолдану ұзақтығын арттырған кезде ұлғаятын болғандықтан, барынша қысқа мерзім ішінде тиімді ең төмен дозаларды пайдалану керек. Симптомдарды жеңілдету қажеттілігіне және жүргізілген емге жауап беруге, әсіресе остеоартриті бар пациенттерде, мезгіл-мезгіл баға беріп отыру керек.

Остеоартрит (ОА). Ұсынылатын доза тәулігіне бір рет 30 мг құрайды. Кейбір пациенттерде жеткілікті әсер болмаған жағдайда дозаны тәулігіне бір рет 60 мг-ге дейін арттыру мәселесін қарастырған жөн. Әсері болмаған жағдайда басқа да ықтимал емдеу әдістерін қарастыру керек.

Ревматоидты артрит (РА). Ұсынылатын доза тәулігіне бір рет 60 мг. Кейбір пациенттерде жеткілікті әсер жоқ болған жағдайда дозаны тәулігіне бір рет 90 мг-ге дейін арттыру мәселесін қарастырған жөн. Содан кейін науқастың жағдайы тұрақтанады, дозаны тәулігіне 60 мг-ге дейін төмендету жеткілікті болады. Әсері жоқ болған жағдайда басқа да ықтимал емдеу әдістерін қарастыру керек.

Шорбуынданатын спондилит (ШС). Ұсынылатын доза тәулігіне бір рет 60 мг. Кейбір пациенттерде жеткілікті әсер жоқ болған жағдайда дозаны тәулігіне бір рет 90 мг-ге дейін арттыру мәселесін қарастырған жөн. Содан кейін науқастың жағдайы тұрақтанады, дозаны тәулігіне 60 мг-ге дейін төмендету жеткілікті болады. Әсері жоқ болған жағдайда басқа да ықтимал емдеу әдістерін қарастыру керек.

Қатты ауыратын жағдай

Эторикоксибті ауырудың жедел синдромында ғана қолданған жөн.

Жедел подагралық артрит. Ұсынылатын доза тәулігіне бір рет 120 мг құрайды. Клиникалық зерттеулерде жедел подагралық артриттіт емдеуге эторикоксибті 8 күн бойы қолданған.

Стоматологиялық операциялардан кейінгі жедел ауру. Ұсынылатын доза ең көп дегенде 3 күн бойына тәулігіне бір рет 90 мг құрайды. Кейбір пациенттер үшін операциядан кейінгі ауыруды басатын басқа да әдістерді қарастыру қажет болуы мүмкін.

Әрбір көрсетілім үшін ұсынылғаннан асып кететін дозалардың не қосымша тиімділігі жоқ, немесе зерттелмеген. Сондықтан:

- ОА-да тәуліктік доза тәулігіне 60 мг-ден аспауы тиіс

- РA-да және шорбуынданатын спондилитте тәуліктік доза тәулігіне 90 мг-ден аспауы тиіс

- жедел подагралық артритте тәуліктік доза 8 күннен аспайтын кезеңде тәулігіне 120 мг-ден аспауы тиіс

- стоматологиялық операциядан кейін жедел ауыруды басу үшін тәуліктік доза 3 күннен аспайтын кезең ішінде тәулігіне 90 мг-ден аспауы тиіс.

Пациенттердің ерекше топтары

Егде жастағылар

Егде жастағы пациенттер үшін дозаны түзету қажет емес. Басқа препараттарды қолданған кездегідей, егде жастағы пациенттерде сақтық танытқан жөн.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Қолдану көрсетілімдеріне қарамай, препаратты бауыр функциясының ауырлығы жеңіл дәрежедегі бұзылулары бар (Чайлд-Пью шкаласы бойынша 5-6 балл) пациенттерде күніне бір рет 60 мг дозадан асырмау керек, бауыр функциясының ауырлығы орташа дәрежедегі бұзылулары бар (Чайлд-Пью шкаласы бойынша 7-9 балл) пациенттергекүніне бір рет 30 мг.

Эторикоксиб-Тева препаратын бауыр функциясының ауырлығы орташа дәрежедегі бұзылулары бар пациенттерге қолданғанда сақтық таныту ұсынылады, өйткені Эторикоксиб-Тева препаратын қолданудың клиникалық тәжірибесі шектеулі. Эторикоксиб-Тева препаратын бауыр функциясының ауыр бұзылулары бар (Чайлд-Пью шкаласы бойынша ≥10 балл) пациенттерде қолданудың клиникалық тәжірибесі жоқ болғандықтан, препаратты пациенттердің осы тобында қолдануға болмайды.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Креатинин клиренсі ≥30 мл/мин пациенттерде дозаны түзету қажет емес. Эторикоксиб-Тева препаратын креатинин клиренсі <30 мл/мин пациентке қолдануға болмайды.

Балалар

Эторикоксиб-Тева препаратын 16 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге қолдануға болмайды.

Жағымсыз әсерлері

Жағымсыз реакциялары клиникалық зерттеулердің деректеріне негізделген және туындау жиілігі бойынша бөлінеді: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100, <1/10), жиі емес (≥1/1000, <1/100), сирек (≥1/10000, <1/1000), өте сирек (<1/10000).

Өте жиі

  • абдоминальді ауыру

Жиі

  • астения/әлсіздік, тұмау тәрізді симптомдар

  • бас айналу, бас ауыру

  • бронхтың түйілуі

  • жүректің қағуы, аритмия, гипертензия, ісінулер/сұйықтықтың іркілуі

  • іш қату, метеоризм, гастрит, қыжыл/қыжыл рефлюксі, диарея, диспепсия, эпигастральді аймақта жайсыздық сезімі, жүректің айнуы, құсу, эзофагит, ауыз қуысында ойық жара

  • альвеолярлы остеит

  • АЛТ деңгейінің жоғарылауы, АСТ деңгейінің жоғарылауы

  • экхимоз

Жиі емес

  • дәмнің бұзылуы, ұйқысыздық, парестезия/гипестезия, ұйқышылдық, үрейлену, депрессия, ақыл-ой қызметінің нашарлауы, елестеулер

  • көрудің жіті болмауы, конъюнктивит

  • құлақтың шуылдауы, вертиго

  • жүрекшелер фибрилляциясы, тахикардия, жүрек функциясының іркілген жеткіліксіздігі, ЭКГ-де спецификалық емес өзгерулер, стенокардия, миокард инфарктісі, қан тебулер, инсульт, ми қан айналымының транзиторлы ишемиялық бұзылулары, гипертониялық криз, васкулит

  • кеуде қуысының ауыруы, жөтел, диспноэ, мұрыннан қан кету, жоғарғы тыныс алу жолдарының инфекциялары

  • іштің желденуі, ішектің жиырылу сипатының өзгеруі, ауыздың кеберсуі, гастродуоденальді ойық жаралар, пептикалық ойық жаралар, гастроинтестинальді перфорацияны қоса және қан кету, тітіркенген ішек синдромы, панкреатит, гастроэнтерит, тәбеттің төмендеуін немесе күшеюі, дене салмағының артуы

  • протеинурия, сарысулық креатинин деңгейінің жоғарылауы, бүйрек функциясының жеткіліксіздігін қоса, бүйрек функциясының бұзылуы, несеп шығару жолдарының инфекциялары

  • спазмдар/бұлшықет құрысулары, қаңқа-бұлшықет ауыруы/қимылсыздығы

  • аса жоғары сезімталдық реакциялары, беттің ісінуі, қышыну, бөртпе, эритема, есекжем

  • анемия (көбіне асқазан-ішектік қан кетулер нәтижесінде), лейкопения, тромбоцитопения

  • қан мочевинасы азоты деңгейінің жоғарылауы, креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауы, гиперкалиемия, несеп қышқылы деңгейінің жоғарылауы

Сирек

  • сананың шатасуы, мазасыздық

  • гепатит, бауыр функциясының жеткіліксіздігі, сарғаю

  • ангионевроздық ісіну, анафилаксиялық/анафилактоидтық шок, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз, тұрақты дәрілік эритема

  • қандағы натрий деңгейінің төмендеуі

Қолдануға болмайтын жағдайдар

  • Препараттың қандай да бір компонентіне жоғары сезімталдық

  • Асқазанның және 12 елі ішектің ойық жара ауруының өршу сатысы, асқазан-ішектен белсенді қан кету

  • бронх демікпесінің, мұрынның және мұрын маңайындағы қуыстардың қайталанатын полипозының толық немесе толық емес бірігуі және ацетилсалицил қышқылының немесе қабынуға қарсы басқа да стероидты препараттардың жақпаушылығы (соның ішінде анамнезінде)

  • Жүктілік, емшек емізу кезеңі

  • Бауыр функциясының ауыр бұзылулары арысулық альбумин <25 г/л немесе Чайлд-Пью шкаласы бойынша ≥10 балл)

  • Бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі (КК минутына 30 мл-ден аз)

  • 16 жасқа дейінгі балалар

  • Ішектің қабыну аурулары

  • Жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі (NYHA бойынша II-1V функциональді класс)

  • Бақыланбайтын артериялық гипертензия, онда АҚ көрсеткіштері 140/90 мм с.б. тұрақты түрде артық болады.

  • Жүректің айғақталған ишемиялық ауруы, шеткері артериялардың аурулары және/немесе цереброваскулярлық аурулар

  • Айғақталған гиперкалиемия

  • Бүйректің өршіген аурулары

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Фармакодинамикалық өзара әрекеттесу

Пероральді антикоагулянттар (варфарин). Варфарин қабылдап жүрген пациенттерде күніне 120 доза эторикоксиб қабылдау протромбин уақытының халықаралық қалыптасқан қатынас (ХҚҚ) мәнінің шамамен 13%-ға артуымен қатар жүрді. Пероральді антикоагулянттарды қабылдап жүрген пациенттерде, емдеудің бас кезінде немесе әсіресе алғашқы бірнеше күн ішінде эторикоксибпен емдеу өзгерген кезде протромбин уақытының және ХҚҚ көрсеткіштерін бақылаған жөн.

Диурездік препараттар, ангиотензинөзгертетін фермент (АӨФ) тежегіштері және ангиотензин II антагонистері. ҚҚСП диуретиктердің және гипертензияға қарсы басқа да препараттардың әсерін бәсеңдетуі мүмкін. Бүйрек функциясы бұзылған кейбір пациенттерде (мысалы, дегидратациясы бар пациенттерде немесе бүйрек функциясы бұзылған егде жастағы пациенттерде) АӨФ тежегішін немесе ангиотензин II антагонисін және циклооксигеназаны тежейтін препараттарды бір мезгілде қолдану әдетте қайтымды сипатқа ие бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігін қоса, бүйрек функциясының қосымша төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін. Эторикоксибті АӨФ тежегіштерімен немесе ангиотензин II антагонистерімен бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде мұндай өзара әрекеттесудің туындауы мүмкін екендігін ескерген жөн. Мұндай біріктірілімді әсіресе егде жастағы пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. Біріктірілген емнің бас кезінде, әрі қарай белгілі бір мерзіммен сұйықтық тапшылығын толықтырып отыру және бүйрек функциясына мониторинг жүргізу мәселесін қарастыру керек.

Ацетилсалицил қышқылы. Дені сау еріктілердің қатысуымен жүргізілген зерттеулерде күніне 120 мг доза эторикоксибті қабылдау тепе-тең жағдайда ацетилсалицил қышқылының (күніне 1 рет 81 мг) антитромбоцитарлық белсенділігіне ықпалын тигізген жоқ. Эторикоксибті жүрек-қантамыр ауруларының профилактикасына арналған ацетилсалицил қышқылының төмен дозаларымен бір мезгілде қолдануға болады. Алайда төмен дозаларда ацетилсалицил қышқылын және эторикоксибті бір мезгілде тағайындау, эторикоксибтің жалғыз өзін қабылдаумен салыстырғанда, АІЖ ойық жаралану және басқа да асқынулар жиілігінің артуына әкелуі мүмкін. Эторикоксибті жүрек-қантамыр ауруларының профилактикасы үшін ұсынылғаннан артық дозалардағы ацетилсалицил қышқылымен, сондай-ақ басқа да ҚҚСП бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Циклоспорин және такролимус. Эторикоксибтің осы препараттармен өзара әрекеттесуі зерттелген жоқ, алайда ҚҚСП-ті циклоспоринмен және такролимуспен бір мезгілде қолдану осы препараттардың нефроуыттық әсерін күшейтуі мүмкін. Эторикоксибті осы препараттардың кез келгенімен бір мезгілде қолданғанда бүйрек функциясын бақылау керек.

Фармакокинетикалық өзара әрекеттесу

Эторикоксибтің басқа дәрілік препараттарға ықпалы

Литий. ҚҚСП литийдің бүйрек арқылы шығарылуын азайтады және, демек, қан плазмасындағы литий концентрациясын арттырады. Қажет болған кезде қандағы литий концентрациясына жиі бақылау жүргізеді және ҚҚСП-пен бірге қолдану кезеңінде, сондай-ақ ҚҚСП қабылдауды тоқтатқан кезде литийдің дозасын түзетеді.

Метотрексат. Жүргізілген екі зерттеуде де ревматоидты артритке қатысты 7,5-тен 20 мге дейінгі дозадағы метотрексатты аптасына 1 рет қабылдаған пациенттерде жеті күн бойы күніне 1 рет қабылданған 60, 90 және 120 мг доза эторикоксибтің әсерлері зерттелді. Эторикоксиб 60 және 90 мг дозаларда плазмадағы концентрацияға және метотрексаттың бүйректік клиренсіне ықпалын тигізген жоқ. Жүргізілген бір зерттеуде 120 мг доза эторикоксиб метотрексаттың фармакокинетикалық көрсеткіштеріне ықпалын тигізген жоқ. Басқа зерттеулерде плазмадағы метотрексаттың концентрациясы 28%-ға артты, ал метотрексаттың бүйректік клиренсі 13%-ға төмендеді. Эторикоксибті және метотрексатты бір мезгілде тағайындағанда метотрексаттың уытты әсерлерінің ықтимал пайда болуы тұрғысында бақылау жүргізген жөн.

Пероральді контрацептивтер. Эторикоксибті 21 күн бойы 60 мг дозада құрамында 35 мкг этинилэстрадиол (ЭЭ) және 0,5-тен бастап 1 мг дейін норэтиндрон бар пероральді контрацептивтермен бірге қабылдау ЭЭ үшін AUC0-24сағ. мәнін 37%-ға арттырады. 120 мг доза эторикоксибті жоғарыда көрсетілген пероральді контрацептивтермен бірге (бір мезгілде немесе 12 сағаттық аралықпен) қабылдау ЭЭ үшін тепе-тең AUC0-24сағ. мәнін 50-60%-ға арттырады. ЭЭ концентрациясының осы артуын эторикоксибпен бір мезгілде қолдануға арналған тиісті пероральді контрацептивті таңдаған кезде ескерген жөн. Осындай факт пероральді контрацептивтерді қолданумен байланысты жағымсыз құбылыстардың (мысалы, қауіп тобындағы әйелдерде веноздық тромбоэмболиялар) дамуы жиілігінің артуына әкелуі мүмкін.

Орнын басатын гормональді ем (ОГЕ). 120 мг доза эторикоксибті құрамында 0,625 мг доза конъюгацияланған эстрогендер бар орнын басатын гормональді емге арналған препараттарымен бір мезгілде 28 күн бойы тағайындау конъюгацияланбаған эстронда (41%), эквилинде (76%) және 17-β-эстрадиолда (22%) тепе-тең AUC0-24сағ. орташа мәнін арттырады. Ұзақ уақыт қолдануға ұсынылған эторикоксиб (30, 60 және 90 мг) дозаларының ықпалы зерттелген жоқ. 120 мг доза эторикоксиб осы эстрогендік компоненттердің экспозициясын (AUC0-24ч), құрамында конъюгацияланған эстрогендері бар препаратпен, соңғысының дозасын 0,625-тен 1,25 мг дейін арттырғанда, монотерапиямен салыстырғанда, екі еседен азға өзгертті. Осындай жоғарылатудың клиникалық мәні белгісіз. Эторикоксибті және құрамында конъгацияланған эстрогендердің жоғары дозалары бар препаратты біріктіріп қолдану зерттелген жоқ. Эстрогендердің концентрациясын арттыруды эторикоксибпен бір мезгілде тағайындағанда постменопауза кезеңінде қолдану үшін гормональді препаратты таңдағанда ескерген жөн, өйткені эстрогендердің экспозициясының артуы ОГЕ-мен байланысты жағымсыз құбылыстардың даму қаупін арттыруы мүмкін.

Преднизон/преднизолон. Дәрілік өзара әрекеттесулеріне жүргізілген зерттеулерде эторикоксиб преднизонның/преднизолонның фармакокинетикасына клиникалық тұрғыдан маңызды ықпалын тигізген жоқ.

Дигоксин. Эторикоксибті 120 мг дозада күніне бір рет 10 күн бойы дені сау еріктілерге қолданғанда тепе-тең жағдайда AUC0-24сағ. өзгерулер немесе дигоксиннің бүйрек арқылы шығарылуына ықпалы байқалған жоқ. Дигоксиннің Сmax көрсеткіштерінің (шамамен 33%-ға) артқаны білінді. Мұндай жоғарылау, әдеттегідей, пациенттердің көбісінде елеулі емес. Алайда эторикокcибті және дигоксинді бір мезгілде қолданғанда дигоксиннің уытты әсерінің даму қаупі жоғары болатын пациенттердің жай-күйін бақылауға алған жөн.

Эторикоксибтің сульфотрансферазалармен метаболизденетін препараттарға ықпалы. Эторикоксиб адамның сульфотрансфераза тежегіші (атап айтқанда SULT1E1) болып табылады және қан сарысуында ЭЭ концентрациясын арттыруы мүмкін. Қазіргі таңда әртүрлі сульфотрансферазалардың ықпалы жөнінде деректер жеткіліксіз алынғандықтан, ал көптеген препараттарды қолдану үшін олардың клиникалық маңыздылығы әлі зерттелмегендіктен, адамның сульфотрансферазаларымен метаболизденетін басқа препараттармен (мысалы, пероральді сальбутамол және миноксидил) бір мезгілде тағайындағанда сақ болған жөн.

Эторикоксибтің цитохромдар жүйесінің изоферменттерімен метаболизденетін препараттарға ықпалы. Іn vitro зерттеу нәтижелерінің негізінде эторикоксиб Р450 1А2, 2С9, 2С19, 2D6, 2Е1 және ЗА4 цитохромы изоферменттерін тежейді деп күтілмейді. Дені сау еріктілердің қатысуымен жүргізілген зерттеулерде эторикоксибті 120 мг дозада күн сайын қолдану, эритромициннің тыныс алу тестісінің нәтижелеріне сәйкес, бауырда CYP ЗА4 изоферментінің белсенділігіне ықпалын тигізген жоқ.

Басқа препараттардың эторикоксибтің фармакокинетикасына ықпалы

Эторикоксиб метаболизмінің негізгі жолы цитохромдар жүйесінің ферменттеріне байланысты.

CYP3A4 изоферменті эторикоксибтің in vivo метаболизміне мүмкіндік береді. Іn vitro зерттеулер CYP2D6, CYP2C9, CYP1A2 және CYP2CI9 изоферменттері сондай-ақ метаболизмнің негізгі жолын катализдейді деп болжам жасауға негіз береді, бірақ олардың сандық in vivo сипаттамасы зерттелген жоқ.

Кетоконазол. Кетоконазол CYP3A4 изоферментінің күшті тежегіші болып табылады. Кетоконазолды дені сау еріктілерге тәулігіне бір рет 400 мг дозада 11 күн бойы тағайындағанда ол эторикоксибтің 60 мг бір дозасының фармакокинетикасына клиникалық тұрғыдан маңызды ықпалын тигізген жоқ (AUC артуы 43%).

Вориконазол және миконазол. СYP3A4 изоферментінің күшті тежегіштерін (ішке қабылдауға арналған вориконазол немесе жергілікті миконазол, ішке қабылдауға арналған гель) және эторикоксибті бір мезгілде тағайындау эторикоксиб экспозициясының аздап артуын туындатты, ол жарияланған деректер негізінде клиникалық тұрғыдан маңызды деп танылған жоқ.

Рифампицин. Эторикоксибті және рифампицинді (цитохромдр жүйесінің күшті индукторы) бір мезгілде тағайындау қан плазмасында эторикоксиб концентрациясының 65%-ға төмендеуіне әкелді. Осындай өзара әрекеттесу эторикоксибті рифампицинмен бір мезгілде қолданғанда симптомдардың қайталануымен қатар жүруі мүмкін. Бұл деректер дозаны арттыру қажеттілігін көрсетуі мүмкін, алайда эторикоксибті әрбір көрсетілім үшін ұсынылатыннан артық дозаларда қолданбаған жөн, өйткені рифампицинді және эторикоксибті осындай дозаларда біріктіріп қолдану зерттелген жоқ.

Антацидтер. Антацидтер эторикоксибтің фармакокинетикасына клиникалық тұрғыдан маңызды әсерін тигізбейді.

Айрықша нұсқаулар

Асқазан-ішек жолына ықпалы

Эторикоксиб қабылдаған пациенттерде кейде өліммен аяқталатын, АІЖ жоғарғы бөлімдері тарапынан асқыну жағдайлары (тесілулер, ойық жаралар немесе қан кетулер) байқалды.

ҚҚСП қолданған кезде АІЖ тарапынан асқынулардың даму қаупі жоғары пациенттерді, атап айтқанда егде жастағыларды, бір мезгілде басқа да ҚҚСП, соның ішінде ацетилсалицил қышқылын қолданып жүрген пациенттерді, сондай-ақ анамнезінде ойық жара немесе асқазан-ішектік қан кету сияқты АІЖ осындай аурулары бар пациенттерді емдеген кезде сақтық таныту ұсынылады.

Эторикоксибті және ацетилсалицил қышқылын (тіпті төмен дозаларда) бір мезгілде қолданғанда АІЖ тарапынан жағымсыз реакциялардың (асқазан-ішектің ойық жаралар немесе АІЖ тарапынан басқа да асқынулар) қосымша қаупі бар. Ұзақ мерзімдік клиникалық зерттеулерде ЦОГ-2 селективті тежегіштерін ацетилсалицил қышқылымен біріктіріп қолданудың, ҚҚСП ацетилсалицил қышқылымен біріктіріп қолданумен салыстырғанда, АІЖ үшін қауіпсіздігіне қатысты сенімді айырмашылықтар байқалған жоқ.

Жүрек-қантамыр жүйесіне ықпалы

Клиникалық зерттеу нәтижелері ЦОГ-2 селективті тежегіштері класының дәрілік заттарын қолдану плацебоға және кейбір ҚҚСП қатысты тромбоздық құбылыстардың даму (әсіресе миокард инфарктісінің және инсульттің) қаупінің жоғарылауымен байланысты екендігін айғақтайды. ЦОГ-2 селективті тежегіштерін қабылдаған кезде жүрек-қантамырлар ауруларының даму қаупі дозаны және қолдану ұзақтығын арттырған кезде ұлғаятындықтан, мүмкіндігінше, қолдану ұзақтығының қысқалауын және тиімді ең төмен тәуліктік дозаны таңдау қажет. Пациенттің симптоматикалық емді қажетсінуіне және емдеуге жауабына, әсіресе остеоартрозы бар пациенттер үшін, мезгіл-мезгіл баға беріп отыру қажет.

Жүрек-қантамыр асқынулары дамуының белгілі қауіп факторлары (артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу сияқты) бар пациенттерге эторикоксибті пайдасы мен қаупіне мұқият баға бергеннен кейін ғана тағайындау керек.

ЦОГ-2 селективті тежегіштері жүрек-қантамыр ауруларының профилактикасында ацетилсалицил қышқылының орнын басушы болып табылмайды, өйткені тромбоциттерге ықпалын тигізбейді. Сондықтан антиагреганттық препараттарды қолдануды тоқтатқан жөн.

Бүйрек функциясына ықпалы

Бүйректік простагландиндер бүйрек дисфункциясын демеуде компенсаторлық рөл атқаруы мүмкін. Бүйректік перфузияға теріс ықпал ететін жағдайлар болған кезде эторикоксиб тағайындау простагландиндердің түзілуін азайтуы және, осылайша, бүйрек функциясын төмендетуі мүмкін. Анамнезінде жүрек функциясының жеткіліксіздігімен немесе циррозбен декомпенсацияланған бүйрек функциясы едәуір төмендеген пациенттер үшін осы реакциялардың дамуының ең үлкен қаупі бар. Мұндай пациенттерде бүйрек функциясын бақылауды жүзеге асыру қажет.

Сұйықтықтың іркілуі, ісінулер және артериялық гипертензия

Простагландиндер синтезін тежейтін басқа препараттарды қолданған жағдайдағы сияқты, эторикоксибті қолданып жүрген пациенттерде, сұйықтықтың іркілуі, ісіну және артериялық гипертензия байқалды. Эторикоксибті қоса, барлық ҚҚСП қолдану жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігінің туындауымен немесе қайталануымен байланысты болуы мүмкін. Эторикоксиб әсерінің дозаға байланыстылығы жөніндегі ақпарат «Фармакологиялық қасиеттері» бөлімінде, «Фармакодинамикасы» қосымша бөлімінде берілген. Эторикоксибті анамнезінде жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар, сол жақ қарынша функциясы бұзылған немесе артериялық гипертензиясы бар пациенттерге, сондай-ақ кез келген басқа себептен туындаған ісінулері бар пациенттерге тағайындағанда сақтық таныту керек. Мұндай пациенттерде жағдайдың клиникалық нашарлау белгілері пайда болған кезде эторикоксиб қолдануды тоқтатуды қоса, тиісті шараларды қабылдаған жөн.

Эторикоксибті, әсіресе жоғары дозаларда, қолдану, кейбір басқа ҚҚСП және ЦОГ-2 селективті тежегіштерін қолданған кездегіге қарағанда, жиірек және ауыр артериялық гипертензиямен байланысты болуы мүмкін. Эторикоксибпен емделу кезінде АҚ бақылауға ерекше көңіл бөлген жөн, оны емдеуді бастағаннан кейін 2 апта бойы және әрі қарай мезгіл-мезгіл бақылап отыру керек. АҚ едәуір жоғарылаған кезде баламалы ем жүргізуді қарастыру қажет.

Бауыр функциясына ықпалы

Ұзақтығы бір жылға дейінгі клиникалық зерттеулерде эторикоксибпен тәулігіне 30 мг, 60 мг және 90 мг дозаларда ем қабылдаған пациенттердің 1%-да аланинаминотрансфераза (АЛТ) және/немесе аспартатаминотрансфераза (ACT) белсенділігінің (шамамен жоғары қалып шегіне қатысты үш және одан көп есе) жоғарылағаны байқалды.

Бауыр функциясының симптомдары және/немесе белгілері бар барлық пациенттердің, сондай-ақ бауыр функциясының патологиялық көрсеткіштері бар пациенттердің жағдайын бақылаған жөн.

Бауыр функциясы көрсеткіштерінде тұрақты ауытқулар (жоғары қалып шегінен үш есе жоғары) байқалған жағдайда эторикоксибті қолдану тоқтатылуы тиіс.

Жалпы нұсқаулар

Егер емдеу кезінде пациентте жоғарыда көрсетілген ағзалар жүйесінен қандай да болсын функциялардың нашарлауы байқалса, тиісті шараларды қолдану және эторикоксиб қабылдауды тоқтату мәселесін қарастыру керек. Эторикоксибті егде жастағы пациенттерге және бүйрек, бауыр немесе жүрек функциялары бұзылған пациенттерге қолданғанда тиісті медициналық бақылау жүргізу қажет.

Дегидратациясы бар пациенттерде эторикоксибпен емдеуді сақтықпен бастаған жөн. Эторикоксибті қолданар алдында регидратация жүргізу ұсынылады.

Постмаркетингтік бақылау кезінде ҚҚСП және ЦОГ-2 кейбір селективті тежегіштерін қолданғанда күрделі тері реакцияларының дамығаны жөнінде өте сирек мәлімделді. Олардың кейбіреулері (соның ішінде эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз) өліммен аяқталды («Жағымсыз реакциясы» бөлімін қараңыз). Мұндай реакциялардың даму қаупі емдеудің бас кезінде, көптеген жағдайларда емдеудің алғашқы айы ішінде жоғары. Эторикоксиб қабылдаған пациенттерде анафилаксия және ангионевроздық ісіну сияқты күрделі аса жоғары сезімталдық реакцияларының дамығаны жөнінде мәлімделді. ЦОГ-2 кейбір селективті тежегіштерін қолдану анамнезінде қандай да болсын дәрілік аллергиясы бар пациенттерде тері реакциялары дамуының жоғары қаупімен қатар жүрді. Эторикоксибті қабылдау тері бөртпесі, шырышты қабықтың зақымданулары немесе аса жоғары сезімталдықтың кез келген басқа белгісі алғаш пайда болған кезде тоқтатылуы тиіс.

Эторикоксибті қолдану қызбаны немесе қабынудың басқа да белгілерін бүркемелеуі мүмкін.

Эторикоксибті варфаринмен немесе басқа да пероральді антикоагулянттармен бір мезгілде тағайындағанда сақтық танытқан жөн.

Эторикоксибті қолдану, ЦОГ және простагландиндер синтезін тежейтін басқа препараттардағы сияқты, жүкті болуды жоспарлап жүрген әйелдерге ұсынылмайды.

Дәрілік препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Эторикоксиб-Тева препаратын қолдану кезінде бас айналу, ұйқышылдық немесе әлсіздік жағдайлары білінген пациенттер көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс жасау жұмысын тоқтата тұруы тиіс.

Артық дозалануы

Клиникалық зерттеулерде эторикоксибті 500 мг дейінгі дозада бір реттік немесе күніне 150 мг дейінгі дозада көп реттік қабылдау 21 күн ішінде елеулі уытты әсерлерді туындатқан жоқ. Эторикоксибтың жедел артық дозалануы жөнінде мәлімдемелер алынды, алайда көптеген жағдайларда жағымсыз реакциялар жөнінде мәлімделген жоқ.

Көбірек жиі жағымсыз реакциялар эторикоксибтің қауіпсіздігі бейініне сәйкес келді (мысалы, АІЖ тарапынан бұзылулар, кардиоренальді құбылыстар).

Артық дозалану жағдайында АІЖ-ден сіңбеген препаратты жою, клиникалық бақылау және, қажет болғанда, емдеуді демеу сияқты әдеттегі демеуші шараларды қолданған дұрыс. Эторикоксиб гемодиализбен шығарылмайды, перитонеальді диализбен эторикоксибтің шығарылуы зерттелген жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 7 немесе 14 таблеткадан салынған.

1 пішінді ұяшықты қаптамада 7 таблеткадан, 2 пішінді ұяшықты қаптамада 14 таблеткадан медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, жарықтан қорғалған жерде, 25 °C-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Teva Pharmaceutical Works Private Limited Company», Debrecen, Венгрия

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Teva Pharmaceutical Industries Limited», Petach Tiqva, Израиль

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері

«ратиофарм Қазақстан» ЖШС

050059 (А15Е2Р), Алматы қ., Әл-Фараби даңғылы 17/1

Нұрлы Тау БО, 5Б, 6 қабат

Тел: +7 727 325 16 15

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері

«ратиофарм Қазақстан» ЖШС

050059 (А15Е2Р), Алматы қ., Әл-Фараби даңғылы 17/1

Нұрлы Тау БО, 5Б, 6 қабат

Тел: +7 727 325 16 42, ұялы тел +7(701)9240368

е-mail: safety.kazakhstan@tevapharm.com

Прикрепленные файлы

Эторикоксиб-Тева_60_каз.doc 0.18 кб
Эторикоксиб-Тева_60_рус.doc 0.14 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту