ЭРТИНОБ 150

МНН: Эрлотиниб
Производитель: Компания "НОБЕЛ АЛМАТИНСКАЯ ФАРМАЦЕВТИЧЕСКАЯ ФАБРИКА"
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Erlotinib
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№022136
Период регистрации: 31.03.2016 - 31.03.2021
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Предельная цена закупа в РК: 15 076.3 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Эртиноб 100

Эртиноб 150

Халықаралық патенттелмеген атауы

Эрлотиниб

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 100 мг, 150 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – эрлотиниб гидрохлориді 111,6527 мг, 167,220 мг

қосымша заттар: 1)PanExcea MHC 300G, аэросил R972, натрий крахмалы гликолляты (А типі), магний стеараты.

қабығы: Опадри II ақ 85F18422, 3) тазартылған су

Сипаттамасы

Екі жағында ойығы бар, екі беті дөңес, дөңгелек пішінді, ақтан ақшыл түске дейінгі үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (100 мг доза үшін).

Екі беті дөңес, дөңгелек пішінді, ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (150 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы препараттар. Ісікке қарсы басқа да препараттар. Протеинкиназа тежегіштері. Эрлотиниб.

АТХ коды L01XЕ03

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Эртиноб 150 мг таблеткаларын ішке қабылдағаннан кейін эрлотинибтің қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрациясына Сmax 4 сағаттан кейін жетеді және 1,995 нг/мл құрайды. Келесі дозаны қабылдау алдында эрлотинибтің қан плазмасындағы ең төменгі концентрациясы Cmin - 1,238 нг/мл. Эрлотинибтің биожетімділігі 59% құрайды, ас қабылдау оның биожетімділігін ұлғайтуы мүмкін. Сіңірілгеннен кейін 95%-ға дейін эрлотиниб қан плазмасының ақуыздарымен (альбуминмен және альфа-1 қышқыл гликопротеинмен) байланысады, оның мөлшерінің шамамен 5% бос күйінде анықталады.

Байқалатын таралу көлемі 232 л. Эрлотиниб ісік тінінде жинақталады. Ісік тініндегі негізгі белсенді метаболиттердің концентрациясы - 160 нг/г, бұл тепе-тең жағдайда қан плазмасында 113% Cmax сай келеді.

Эрлотиниб Р450 цитохромы жүйесінің қатысуымен, бірінші кезекте CYP3А4 және аз дәрежеде - CYP1А2 ферментімен бауырда метаболизденеді. Сондай-ақ CYP3А4 арқылы ішекте, CYP1А1 арқылы өкпеде және CYP1В1 арқылы ісік тінінде жүретін бауырдан тыс метаболизмінің де эрлотинибтің метаболизмдік клиренсінде мәні бар. Метаболизм үш жолмен жүреді: 1) артынша карбон қышқылдарына дейін тотығумен бүйірлік бір немесе екі тізбегінің О-диметилденуі; 2) артынша арилкарбон қышқылына дейін гидролизімен молекуланың ацетилен бөлігінің тотығуы; және 3) молекуланың фенилацетилен бөлігінің хош иісті гидроксилденуі. Негізгі метаболиттер бүйірлік тізбектердің бірінің О-диметилденуі нәтижесінде түзіледі және эрлотинибпен салыстырылатын белсенділікке ие. Олар плазмада эрлотинибтің <10% концентрациясын құрайтын концентрацияларда болады; олардың фармакокинетикасы эрлотиниб фармакокинетикасына ұқсас.

Метаболиттер және эрлотинибтің іздік мөлшері көбінесе, нәжіс массасымен (>90%) шығарылады, бүйрекпен енгізілген дозаның аздаған мөлшері (9% азы) шығарылады. Клиренстің орташа мәні - 4,47 л/сағ. Орташа жартылай шығарылу кезеңі T1/2 - 36,2 сағ. сондықтан тепе-тең концентрацияға жету үшін 7-8 күн керек. Науқастың клиренсі, жас шамасы, дене массасы, жынысы мен нәсілі арасындағы байланыс анықталмады. Эрлотиниб клиренсінің төмендеуі жалпы билирубин мен альфа-1 қышқыл гликопротеин концентрациясының жоғарылауы кезінде, aл оның жоғарылауы – шылым шегушілерде байқалды.

Айрықша пациенттер тобындағы фармакокинетикасы

Балалар мен ересек пациенттерде арнайы зерттеулер жүргізілген жоқ.

Бауыр функциясының бұзылуы. Ауырлығы орташа дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде және бауыр функциясы қалыпты пациенттерде, оған қоса бауырының бастапқы обыры және бауырдағы метастаздарымен пациенттерде эрлотинибке экспозициясы бірдей. Эрлотинибтің ауыр бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттердегі фармакокинетикасы зерттелмеді.

Бүйрек функциясының бұзылуы. Бүйрек функциясы бұзылған науқастарда клиникалық зерттеулер жүргізілмеді.

Шылым шегу: Шылым шегетіндерде эрлотинибтің клиренсі шамамен 24% жоғарылайды, ал эрлотинибке экспозициясы шылым шекпейтін пациенттермен салыстырғанда шамамен 3 есе төмен. Бұл ретте эрлотинибтің шылым шегушілердегі тепе-тең концентрациясы шылым шекпейтіндерге қарағанда шамамен 2 есе төмен мәндерге жетеді. Бұл CYP1А1 өкпедегі және CYP1А2 бауырдағы ферменттері деңгейінің жоғарылауымен түсіндіріледі. Эртиноб дозасының 2 есе (күніне 150 мг-ден 300 мг дейін) жоғарылауы шылым шегушілерде эрлотинибтің шылым шекпейтіндердің осындай көрсеткішімен салыстыруға келетін концентрацияларына жетуге мүмкіндік берді.

Фармакодинамикасы

Эрлотиниб HER1/EGFR эпидермальді өсу факторының рецепторлары тирозинкиназасының күшті тежегіші болып табылады. HER1/EGFR экспрессиясы қалыптағыдай, сондай-ақ обыр жасушаларының да беткейінде байқалады. HER1/EGFR жасушаішілік фосфорлану үдерісінің тежелуі ісік жасушалары қатарының өсуін тоқтатады және/немесе олардың қырылуына әкеледі. Эртинобты өкпе және ұйқы безі обырында қолдану жалпы жауапты және науқастардың рецидивсіз өміршеңдік көрсеткіштерін жақсартады.

Қолданылуы

  • белсенді EGFR мутациясымен, жергілікті таралған немесе метастаздалатын ұсақ жасушалы емес өкпе обырында, бірінші желідегі химиотерапия ретінде

  • жергілікті таралған немесе метастаздалатын ұсақ жасушалы емес өкпе обырында, платина препараттарымен бірінші желідегі емінің 4 циклінен кейін аурудың өршуі байқалмаған пациенттерде демеуші ем ретінде

  • жергілікті таралған немесе метастаздалатын ұсақ жасушалы емес өкпе обырында, химиотерапияның кемінде бір тиімсіз курсынан кейін

  • ұйқы безінің метастаздалатын обырында, гемцитабинмен біріктірілімде

Қолдану тәсілі және дозалары

Ұсақ жасушалы емес өкпе обыры

Жергілікті таралған немесе метастаздалатын ұсақ жасушалы емес өкпе обыры бар бұрын химиотерапия алмаған пациенттерде Эртинобпен емді бастар алдында EGFR мутациясына зерттеулер жүргізу керек.

Күнделікті 150 мг-да, ұзақ уақыт. Таблеткаларды ішке, тәулігіне бір рет, кемінде ас қабылдауға дейін бір сағат бұрын немесе екі сағаттан кейін көп мөлшердегі сумен қабылдау керек.

Ұйқы безінің обыры

Күнделікті 100 мг, ұзақ уақыт, гемцитабинмен біріктірілімде. Таблетканы ішке, тәулігіне бір рет, кемінде ас қабылдауға дейін бір сағат бұрын немесе екі сағаттан кейін көп мөлшердегі сумен қабылдау керек.

(Гемцитабиннің нұсқаулығын да қараңыз)

Дозалау бойынша айрықша нұсқаулар

Бауыр функцясының бұзылуы. Ауырлығы орташа бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер мен бауыр функциясы қалыпты пациенттерде эрлотинибке экспозиция бірдей болғанмен бауыр функциясы бұзылған науқастарға Эртинобты сақтықпен тағайындайды. Бауыр функциясының ауыр бұзылыстарында Эртинобпен емдеуді тоқтату керек.

Бүйрек функциясының бұзылуы. Ауырлық дәрежесі жеңіл және орташа бүйрек функциясының бұзылуы бар науқастарда дозаны түзету талап етілмейді.

Балалар. Эртинобтың 18 жасқа дейінгі науқастардағы қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеді.

Шылым шегу. Шылым шегу кезінде эрлотинибке экспозиция төмендейтіндіктен 2 апта бойы Эртиноб дозасын тәулігіне 300 мг дейін жоғарылатуға болады. Емдеу кезінде шылым шегуді тоқтатпаған адамдарда Эртинобтың жоғары дозаларын ұзақ уақыт қабылдау қауіпсіздігі анықталмаған.

Жағымсыз әсерлері

Эртинобпен монотерапия:

Өте жиі (> 10%)

  • инфекциялар (нейтропениямен немесе онсыз ауыр инфекциялар, оның ішінде пневмония, сепсис, флегмона)

  • анорексия

  • конъюнктивит, құрғақ кератоконъюнктивит

  • жөтел, ентігу

  • диарея, жүрек айнуы, құсу, стоматит, іш ауыруы

  • бөртпе (эритематоздық және күн сәулесінің әсерімен пайда болған немесе күшейген папуло-пустулездік бөртпелер), тері қышымасы, терінің құрғауы

  • шаршағыштық

Эртиноб гемцитабинмен біріктірілімде:

Өте жиі (> 10%)

  • инфекциялар (нейтропениямен немесе онсыз ауыр инфекциялар, оның ішінде пневмония, сепсис, флегмона)

  • дене салмағының азаюы

  • депрессия, бас ауыруы, нейропатия

  • жөтел

  • диарея, стоматит, диспепсия, метеоризм

  • бөртпе, алопеция

  • шаршағыштық, дене температурасының көтерілуі, қалтырау

Басқа жиілік санаттарындағы жағымсыз әсерлер төмендегідей топталған:

Жиі (>1%, <10%)

  • мұрыннан қан кету

  • асқазан-ішектен қан кету, оған қоса бірнеше фатальді жағдайлар (варфарин мен стероидты емес қабынуға қарсы дәрілерді бір уақытта қабылдау кезінде)

  • билирубин, бауыр аминотрансферазалар деңгейінің жоғарылауы (негізінен, аздап немесе орташа, өздігінен қайтатын және бауырда метастаздалуымен байланысты)

  • кератит, конъюнктивит

Жиі емес (>0,1% <1%)

  • интерстициальді өкпе аурулары (интерстициальді пневмония, облитерирленетін бронхиолит, өкпе фиброзы, жедел респираторлық дистресс-синдром және өкпе инфильтрациясы, фатальді аяқталатын жағдайларды қоса)

  • АІЖ тесілуі

  • гирсутизм, қас пен кірпіктің зақымдануы, кірпік өсудің бұзылуы, оған қоса кіріп кеткен кірпік, кірпіктің шамадан тыс өсуі және жуандауы, тырнақтың сынғыштығы және түсуі, тырнақ маңы тіндерінің қабынуы

  • гиперпигментация

Сирек (>0,01, <0,1%)

  • бауыр жеткіліксіздігі, оның ішінде фатальді аяқталатын (бұрыннан бар бауыр аурулары және гепатоуытты препараттарды бір уақытта қабылдау)

Өте сирек (<0,01%), жекелеген жағдайларды қоса

  • нұрлы қабықтың ойық жаралануы

  • гипокалиемия

  • сусыздану

  • бүйрек жеткіліксіздігі

  • буллездік/эксфолиативтік тері зақымдануы, Стивенс-Джонсон синдромы/ уытты эпидермальді некролиз, кейбір жағдайларда өліммен аяқталатын

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • эрлотинибке немесе препараттың кез келген басқа компонентіне аса жоғары сезімталдық

  • ауыр бауыр жеткіліксіздігі

  • бүйрек функциясының ауыр бұзылыстары

  • жүктілік және бала емізу

  • балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Эртинобты басқа дәрілік заттармен бір уақытта қабылдағанда, егер олар Р450 цитохромы жүйесі изоферменттерінің белсенділігін басатын немесе көтеретін болса, немесе олардың метаболизмі осы ферменттер арқылы жүрсе фармакокинетикалық өзара әрекеттесу мүмкіндігін ескеру қажет.

CYP3А4 тежегіштері (мысалы, кетоконазол) эрлотинибтің метаболизмін төмендетеді және оның плазмадағы концентрациясын ұлғайтады. Эртинобты CYP3А4 тежегіштерімен біріктіріп қолданғанда сақ болу қажет. CYP3А4 метаболизмінің кетоконазолдың әсерімен тежелуі (5 күн бойы тәулігіне 2 рет 200 мг ішке) эрлотиниб AUC 86%-ға және Cmax 69%-ға ұлғаюына әкеледі. Уыттылық дамыған жағдайда Эртиноб дозасын төмендету қажет.

CYP3А4 индукторлары (мысалы, рифампицин) эрлотиниб метаболизмін арттырады және оның қан плазмасындағы концентрациясын айтарлықтай төмендетеді. Рифампицинмен бір уақытта қабылдаумен (7 күн бойы тәулігіне 4 рет ішке 600 мг) CYP3А4 қатысуымен метаболизмінің индукциясы эрлотинибке экспозицияның 69%-ға төмендеуіне әкеледі. Бұл құбылыстың клиникалық мәні белгісіз. Мүмкіндігінше CYP3А4 белсенділігінің индукциясынсыз емдеудің баламалы әдісін қарастыру қажет. Эртинобты да, рифампицинді де қажет ететін пациенттер үшін Эртиноб дозасын 2 апта бойы 300 мг дейін ұлғайтуды ұсынуға болады.

Эртинобты эритромицинмен және мидазоламмен бір уақытта қабылдау CYP3А4 клиренсін өзгертпейді.

Протондық помпа тежегіштері. Эртинобты протондық помпа тежегіштерімен бірге қабылдау эрлотинибтің биожетімділігін төмендетеді, өйткені рН жоғарылағанда оның ерігіштігі төмендейді. Бұл ретте Эртиноб дозасын арттыру эрлотиниб концентрациясының төмендеуін өтемейді. Сондықтан тұз қышқылының өндірілуін төмендететін препараттарды Эртинобпен бір уақытта тағайындаудан мүмкіндігінше аулақ болу керек. Егер пациенттерге асқазан сөлінің қышқылдылығын төмендететін препараттарды тағайындау қажет болса Н2-гистаминді рецепторлары антагонистерінің тобындағы препараттарды тағайындауға және Эртиноб таблеткаларын ас қабылдаудан 2 сағат бұрын немесе 10 сағаттан кейін қабылдауға болады.

Варфарин, кумариннің басқа туындылары. ХҚҚ (халықаралық қалыптандырылған қатынастар) жоғарылауы және асқазан-ішектен қан кету байқалды, олардың кейбірі варфаринді бір уақытта қабылдаумен байланысты болған. Варфарин немесе кумариннің басқа туындыларын қабылдайтын науқастарда протромбиндік уақытты немесе ХҚҚ жүйелі түрде бақылау қажет.

Статиндер. Эртиноб пен статиндерді бір уақытта тағайындау статинмен байланысты миопатияның, тіпті рабдомиолизге дейін даму мүмкіндігін ұлғайтуы мүмкін.

Гемцитабин. Фармакокинетиклық өзара әрекеттесулер анықталмаған.

Шылым шегу. Эртинобпен емдегенде шылым шегуді тоқтату ұсынылады, өйткені шылым шеккенде CYP1А1 және CYP1А2 ферменттерінің белсенділігі жоғарылайтыны белгілі, бұл эрлотинибке экспозициясының 50-60%-ға төмендеуіне әкеледі.

Айрықша нұсқаулар

Интерстициальді өкпе аурулары. Фатальді аяқталатын ИӨА қоса, интерстициальді өкпе ауруларының (ИӨА), дамуы туралы ұсақ жасушалы емес өкпе обыры, ұйқы безінің обыры немесе жиілігі 0,6% Тарцева қабылдайтын басқа да ауқымды ісіктері бар науқастарды емдеу кезінде хабарланды. ИӨА-ға интерстициальді пневмония, радиациялық пневмония, эозинофильді гранулема, интерстициальді өкпе ауруы, облитерирленетін бронхиолит, өкпе фиброзы, жедел респираторлық дистресс-синдром, альвеолит және өкпе инфильтрациясы жатады. Бұл аурулар Эртинобпен емді бастағаннан кейін бірнеше күннен бірнеше айға дейінгі кезеңде дамыды. ИӨА көптеген жағдайлары қатарлас немесе бұрын жүргізілген химия-, сәуле терапиясын қабылдаумен, сыртартқысында паренхиматоздық өкпе ауруларымен, өкпенің метастаздық зақымдануымен немесе инфекциямен байланысты болған. Жаңа өкпе симптомдарының дамуы және/немесе өршуі (ентігу, жөтел және қызба) кезінде Эртинобты қабылдауды себеп анықталғанға дейін уақытша тоқтату қажет. ИӨА диагнозы расталған жағдайда Эртинобты тоқтату және тиісті ем жүргізу қажет.

Диарея, дегидратация, электролиттік дисбаланс және бүйрек жеткіліксіздігі. Орташа немесе ауыр дәрежелі диарея туындағанда лоперамид тағайындау керек. Кейбір жағдайларда Эртиноб дозасын төмендету керек болуы мүмкін. Гипокалиемия және оның ішінде өліммен аяқталатын бүйрек жеткіліксіздігінің дамуы туралы хабарламалар бар. Бүйрек жеткіліксіздігінің кейбір жағдайлары диарея, құсу және анорексия, сондай-ақ қатарлас химиотерапия нәтижесінде ауыр дәрежедегі сусызданудан туындаған. Ауыр немесе тұрақты диарея, жүрек айнуы, анорексия немесе сусызданумен болатын құсу кезінде Эртинобты уақытша тоқтатады және және регидратация жүргізеді. Сусыздану қаупі болса (бейім жағдайлар мен ауруларды, егде жасты, қатарлас химиотерапияны қоса) бүйрек функциясына және калийдің қандағы мөлшеріне зертханалық бақылау жүргізу керек.

Гепатит, бауыр жеткіліксіздігі. Эртинобпен емдеудегі бауыр жеткіліксіздігі дамуының қауіп факторлары бұрыннан бар бауыр аурулары және гепатоуытты дәрілік заттарды қабылдау болып табылады. Сондықтан қауіп тобының пациенттері бауыр функциясын кезеңдік бақылауды керек етеді. Бауырдың ауыр зақымдануы дамығанда препарат қабылдауды тоқтатады.

Асқазан-ішек жолының тесілуі. Эртинобты қабылдау аясында, әсіресе антиангиогенді препараттарды, кортикостероидтарды, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілік заттарды, таксандарды бір уақытта тағайындағанда, сондай-ақ пациентте сыртартқыдағы пептидтік ойықжаралар және дивертикулдар болғанда асқазан-ішек жолының жоғары дәрежедегі тесілу қаупі бар. АІЖ тесілуі дамыған жағдайда Эртинобпен емдеуді тоқтату керек.

Буллездік және эксфолиативтік тері зақымдануы. Эртинобпен емдеу аясында буллездік және эксфолиативтік тері зақымдануының дамуы, оған қоса тіпті өліммен аяқталатын Стивенс-Джонсон синдромының өте сирек жағдайлары туралы хабарланды. Буллездік және эксфолиативтік тері зақымдануы дамығанда Эртинобты уақытша тоқтату немесе тоқтату керек.

Көру мүшелерінің зақымдануы. Өте сирек жағдайларда нұрлы қабықтың ойықжаралануы немесе тесілуі туралы хабарланды. Эртинобты қабылдау кезінде байқалған көру мүшелерінің басқа да зақымданулары (кірпік өсуінің бұзылуы, құрғақ кератоконъюнктивит) да нұрлы қабықтың ойық жаралануының немесе тесілуінің даму қаупін жоғарылатады. Мұндай асқынулар дамыған жағдайда Эртинобпен емдеуді тоқтату керек.

Жүктілік және бала емізу

Эртинобпен емдеу уақытында ол аяқталған соң кемінде 2 апта бойы контрацепцияның сенімді тәсілдерін қолдану керек. Эртинобты жүктілік кезінде қабылдамаған жөн. Эртинобпен емдеу кезінде баланы емшекпен қоректендіруді тоқтату қажет.

Көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Зейін жұмылдыру қабілетін бұзатын жағымсыз реакциялардың даму мүмкіндігін ескеру керек.

Артық дозалану

Симптомдары: диарея, тері бөртпесі және бауыр трансаминазалары деңгейінің жоғарылауы ықтимал.

Емі: симптоматикалық және демеуші ем.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 100 мг, 150 мг. 10 таблеткадан алюминий форматурадан және баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада. 3 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге өндіруші фирманың голограммасы бар картон қорапшаға салынады.

Сақтау мерзімі

2 жыл

Қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы,

Алматы қ-сы, Шевченко к-сі 162 Е.

Тіркеу куәлігінің иесі

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы, Алматы қ-сы, Шевченко к-сі 162 Е.

Телефон нөмірі: (+7 727) 399-50-50

Факс нөмірі: (+7 727) 399-60-60

Электронды поштасы: nobel@nobel.kz

Дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы:

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы, Алматы қ-сы, Шевченко к-сі 162 Е.

Телефон нөмірі: (+7 727) 399-50-50

Факс нөмірі: (+7 727) 399-60-60

Электронды поштасы: nobel@nobel.kz

Прикрепленные файлы

995890121477976267_ru.doc 83.5 кб
914056901477977474_kz.doc 47.67 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники