Эргокальциферол (витамин D2) (Ergocalciferol)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Эргокальциферол (D2 витамині)
Халықаралық патенттелмеген атауы
Эргокальциферол
Дәрілік түрі
Ішуге арналған майлы ерітінді 0,125%
Құрамы
1 мл ерітіндінің құрамында
белсенді зат - эргокальциферол (D2 витамині) – 1,25 мг, бұл 50000 ХБ-ға сәйкес келеді;
қосымша зат: «П» маркалы рафинадталған, иіссіздендірілген, мұздатылған күнбағыс майы
Сипаттамасы
Ақшыл сарыдан күңгірт сары түске дейінгі, ащы иісі жоқ мөлдір майлы сұйықтық
Фармакотерапиялық тобы
Витаминдер. Д витамині мен оның туындылары. Эргокальциферол
АТХ коды А11С С01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы.
Ішу арқылы қабылданған D2 витамині аш ішекте қанға тез (өт қышқылдары бар болса – 60-90 %-ға, гиповитаминозда – толығымен дерлік), әсіресе – оның проксимальді бөлігінде жақсы сіңеді. Қанмен витамин бауыр жасушаларына түседі, ол жерде 25-гидроксилазаның қатысуымен оның тасымалдаушы түрін түзе отырып гидроксилденеді, ол қанмен бүйрек митохондрийлеріне жеткізіледі. Бүйректе оның 1α-гидроксилазаның көмегімен ары қарай гидроксилдену жүреді, соның нәтижесінде витаминнің гормональді түрі түзіледі. D витаминінің бұл түрі қанмен нысана тіндерге, мысалы – ішектің шырышты қабығына тасымалданады, бұл жерде ол Са++ сіңірілуіне түрткі болады.
D2 витаминінің организмнен жартылай шығарылу кезеңі 19-48 сағатты құрайды.
D2 витамині мен оның метаболиттері өтпен, болар-болмас мөлшері – бүйрекпен шығарылады. Жинақталады.
Фармакодинамикасы.
D2 витамині майда еритін витаминдер тобына жатады және фосфор мен кальций алмасуын реттегіштерінің бірі болып табылады. Соңғыларының ішекте сіңуіне, таралуына және сүйектердің өсуі кезінде оларда жинақталуына ықпал етеді. Эргокальциферолдың әсері кальций мен фосфор қосылыстары бір мезгілде түскенде күшейеді.
Витаминнің спецификалық әсері әсіресе рахит кезінде білінеді (рахитке қарсы витамин).
Қолданылуы
Алдын алу және емдеу:
- D витаминінің гипо- және авитаминозында,
- рахитте,
- остеопорозда,
- остеомаляцияда,
- гипопаратиреозда
Қолдану тәсілі мен дозалары
Эргокальциферолды тамақтану кезінде ішке тағайындайды. 1 мл препараттың құрамында 50 000 ХБ (1 ХБ құрамында 0,025 мкг эргокальциферол бар). Препаратты тамшылар түрінде қолданады, көз тамшуырындағы бір тамшысында 1400 ХБ жуығы бар. Тәуліктік жоғарғы дозасы 100 000 ХБ (2 мл/тәул.).
Алдын алу үшін
Рахиттің алдын алу Эргокальциферолды (денсаулық жағдайын, өмір салты мен жыл мезгілдерін ескере отырып (күз-қыс маусымында) жүкті әйелге (антенатальді) және бала емізетін ана мен нәрестеге (босанғаннан кейін)) тағайындау арқылы жүзеге асырылады.
Жүкті әйелдерге препаратты жүктіліктің 30-32 аптасынан бастап босанғанға дейін 3 күнде 1 рет 1 тамшыдан (1400 ХБ) тағайындайды.
Бала емізетін және антенатальді кезеңдегі рахиттің алдын алу емін қабылдамаған әйелдерге, Эргокальциферолды босанғаннан кейін бірден 2-3 апта бойы 3 күнде 1 рет 1 тамшыдан (1400 ХБ) немесе препаратты балада қолдану басталғанға дейін тағайындайды.
Күз-қыс маусымында рахиттің спецификалық алдын алу шараларын (жаз айларында тоқтата тұрып) 3 апта кезеңіндегі мерзімі жетіп туылған сәбилерден бастау керек, жаз айларын қоспағанда (құрғақ қоспалармен жасанды тамақтандыру кезеңінде - эргокальциферолдың бала тағамындағы мөлшерін ескере отырып), өмірінің алғашқы жылы бойына 3 күнде 1 рет 1 тамшыдан (1400 ХБ) тағайындайды. Қабылдау ұзақтығын дәрігер Эргокальциферолдың алдын алу курсындағы жалпы дозасы - 150-300 мың. ХБ (3-6 мл) есебінен екендігіне байланысты анықтайды. Бұл әдіс анағұрлым физиологиялық болып табылады және көпшілік жағдайларда қолданылады.
Шала туғандарға, егіздерге және тұрмысы және климаты жағымсыз жағдайлардағы, жиі интеркуррентті аурулары бар балаларға) Эргокальциферолды өмірінің 2 аптасынан бастап (дененің бастапқы салмағы қалпына келтірілетін жағдайда) өмірінің алғашқы жылы бойына 2 күнде 1 рет 1-2 тамшыдан (1400-2800 ХБ) немесе «витаминдік жұлқулар» әдісімен –6-8 апта бойына аптасына 2 рет 14-21 тамшы (20000-30000 ХБ) немесе «тығыздалған» әдіспен – 200-300 мың ХБ (4-6 мл) 20 күн бойы – күн сайын 7-10 тамшыдан (10-15 мың ХБ /тәул.) тағайындайды.
Эргокальциферолды енгізу курсы аяқталғаннан кейін рахиттің «демеуші» спецификалық алдын алу емі жаз айларын қоспағанда, бала өмірінің алғашқы жылы бойына 3 күнде 1 рет 1 тамшыдан (1400 ХБ) жүргізіледі, сосын 2 жасқа дейін бастап күз-қыс маусымында қайталанады. Қысы ұзақ және суық аймақтарда рахиттің демеуші алдын алу емін 3 жасқа дейін жүргізеді. Эргокальциферолдың бұл жағдайлардағы курстық дозасы 300-400 мың ХБ (6-8 мл).
Менопаузадағы әйелдердегі остеопороздың алдын алу үшін, тәулігіне 400-800 ХБ (немесе 2-3 күнде 1 рет 1 тамшыдан) Ca2+ препараттарымен үйлестіріп тағайындайды (1-1,5 г/тәул.).
Емі
І дәрежелі рахит
30-45 күн бойы тәулігіне 9 800-15 400 ХБ (7-11 тамшыдан) тағайындайды. Емдеу курсына 500 000-600 000 ХБ (бір курсқа 10 мл-ден 12 мл дейін) тағайындайды. Жедел білінген үдерісінде аталған дозасын 10 күн бойы «тығыздалған» әдіспен тағайындайды.
II дәрежелі рахит
Жеделге жуық ағымында 30-45 күн бойы тәулігіне 20 000 ХБ - 26 000 ХБ (14-19 тамшыдан) тағайындайды. Емдеу курсына 600 000-800 000 ХБ қажет (бір курсқа 12 мл-ден 16 мл дейін). Жедел білінген үдерісінде аталған дозасын 10-15 күн бойы «тығыздалған» әдіспен тағайындайды.
III дәрежелі рахит
Жеделге жуық ағымында 40-60 күн бойы тәулігіне26 000-33 600 ХБ (19-24 капли), емдеу курсына 800 000-1 000 000 ХБ (16-20 мл) тағайындайды. Жедел білінген үдерісінде аталған дозасын 10-15 күн бойы «тығыздалған» әдіспен тағайындайды.
II-III дәрежелі рахитте қайталануларының алдын алу үшін, балаларға қайталама емдеу курсын 10 күн бойы 400 мың ХБ жалпы дозада (8 мл) тағайындау ұсынылады.
Остеопорозда және остеомаляцияда D2 витаминін 45 күн бойы тәулігіне 3000 ХБ (2 тамшы) аспайтын дозада тағайындайды (Сулкович сынамасын апта сайын бақылай отырып).
Жағымсыз әсерлері
Жоғары дозаларын ұзақ уақыт бойы қолданғанда мынадай жағымсыз реакциялары болуы мүмкін:
- иммундық жүйе тарапынан: аса жоғары сезімталдық реакциялары, соның ішінде бөртпе, есекжем, қышыну
- орталық жүйке жүйесі тарапынан: бас ауыруы, вертиго, ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, депрессиялар
- метаболикалық бұзылыстар: гиперфосфатемия, несептегі кальций деңгейінің артуы (ішкі ағзалардың кальцинозы болуы мүмкін)
- асқорыту жолы тарапынан: анорексия, тәбеттің болмауы, диарея, жүрек айнуы, құсу
- сүйек-бұлшықет жүйесі тарапынан: сүйектердің ауыруы
- несеп шығару жүйесі тарапынан: протеинурия, цилиндрурия, лейкоцитурия
- жалпы бұзылулар: жалпы әлсіздік, қызба
Сипатталған әсерлері пайда болған жағдайда, препаратты тоқтатады және кальцийдің организмге енуін оның тамақпен түсуін қоса, барынша шектейді.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- эргокальциферолға және препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық
- D гипервитаминозы
- өкпе туберкулезінің белсенді түрі
- асқазан мен он екі елі ішектің ойық жаралы ауруы
- бауыр мен бүйректің жедел және созылмалы аурулары
- декомпенсация сатысындағы жүрек және қантамырлардың органикалық аурулары
- қан мен несептегі кальций және фосфор деңгейінің артуы
- саркоидоз
- несептас ауруы.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Кальций тұздарымен бір мезгілде қолданғанда D2 витаминінің уыттылығы артады. Йод препараттарымен тағайындағанда витаминның тотығуы жүреді. Антибиотиктермен (тетрациклин, неомицин) бір мезгілде қолданғанда эргокальциферолдың сіңуінің бұзылуы байқалады. Препаратты минералды қышқылдармен біріктіру оның ыдырауына және белсенділігінің жойылуына алып келеді.
Тиазидтік диуретиктер, құрамында Са2+ бар дәрілік заттар гиперкальциемияның даму қаупін арттырады, ол препараттың баяу шығарылуына және оның организмде жинақталуына алып келетін жүрек гликозидтеріне толеранттылықтың төмендеуін туғызады.
Барбитураттардың (соның ішінде фенобарбиталдың), фенитоин мен примидонның әсерінен эргокальциферолға қажеттілік едәуір артуы мүмкін, бұл остеомаляцияның немесе рахиттің ауырлық дәрежесінің күшеюімен білінеді (микросомалық ферменттердің индукциясы салдарынан эргокальциферолдың белсенді емес метаболиттерге метаболизмінің жеделдеуінен болады).
Құрамында Al3+ және Mg2+ бар антацидтерді бір мезгілде қолдану аясында ұзақ уақыт емдеу олардың қандағы концентрациясын және уыттанудың даму қаупін арттырады (әсіресе, бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі бар болса). Кальцитонин, этидрон және памидрон қышқылдарының туындылары, пликамицин, галлий нитраты және глюкокортикостероидтар әсерін төмендетеді. Холестирамин, колестипол және минералды майлар майда еритін витаминдердің асқорыту жолындағы сіңірілуін төмендетеді және олардың дозасын арттыруды қажет етеді.
Рифампицин, изониазид, эпилепсияға қарсы препараттар, холестирамин эргокальциферолдың тиімділігін төмендетеді.
Кетоназолмен, Р450 цитохромы тежегіштерімен сақтықпен қолдану керек.
Құрамында фосфор бар препараттардың сіңірілуін және гиперфосфатемияның туындау қаупін арттырады.
D витаминінің басқа аналогтарымен (әсіресе кальцифедиолмен) бір мезгілде қолдану гипервитаминоздың даму қаупін арттырады (ұсынылмайды).
Айрықша нұсқаулар
D2 витамині препараттарын жарық пен ауаның, олардың белсенділігін жоятын әсерін болдырмайтын жағдайларда сақтайды: оттегі D2 витаминін тотықтандырады, жарық оны улы токсистеринге айналдырады.
D2 витаминінің жинақталу қасиеттері бар екендігін ескеру қажет.
Ұзақ уақыт қолданған кезде қан мен несептегі Са2+ концентрациясын анықтау қажет.
D2 витаминінің ұзақ уақыт қабылданған тым жоғары дозалары немесе екпінді дозалары D2 созылмалы гипервитаминозына себеп болуы мүмкін.
Эргокальциферол туғызған гипервитаминоз кезінде, жүрек гликозидтерінің әсер күшеюі және гиперкальциемия дамуынан болған аритмияның туындау қаупі артуы мүмкін (жүрек гликозидінің дозасын түзеген жөн).
Ұзақ уақыт бойғы гипотиреозбен науқастарға, егде жастағы тұлғаларға сақтықпен тағайындайды, өйткені кальцийдің өкпеде, бүйректе және тамырларда жинақталуын күшейте отырып, ол атеросклероз құбылыстарының дамуына және күшеюіне ықпал етуі мүмкін.
D витамині сіңірілуінің азаюы, терінің D3 провитаминін синтездеу қабілетінің төмендеуі, инсоляция уақытының азаюы, бүйрек жеткіліксіздігінің туындау жиілігінің артуы салдарынан егде жастағыларда D2 витаминіне қажеттілік артуы мүмкін.
Жоғары дозаларда қолданғанда организмге уытты әсерін азайту үшін, бір мезгілде А витаминін (тәулігіне 10000-15000 ХБ), аскорбин қышқылы мен В тобының витаминтерін тағайындау керек. D2 витаминін қабылдауды кварц шамымен сәулелендірумен үйлестірмеген дұрыс.
Кальций препараттарын жоғары дозалардағы D витаминімен бір мезгілде қолдануға болмайды. Емдеу үдерісінде қан мен несептегі кальций және фосфор деңгейіне бақылау жүргізу ұсынылады.
Қант диабеті бар науқастарға және иммобилизациясы бар емделушілерге сақтықпен қолдану керек.
Препаратты дәрігердің қадағалауымен қолдану керек. Белгілі бір қажеттілігін жекелей қамтамасыз ету бұл витаминнің барлық мүмкін болатын көздерін ескеруі тиіс.
Жүктілік немесе бала емізу кезінде қолданылуы
Эргокальциферолды жүктіліктің 30-32-аптасынан бастап қолдануға болады. Эргокальциферолды жасы 35-тен асқан жүкті әйелдерге тағайындағанда сақ болу керек. Анасындағы гиперкальциемия (жүктілік кезінде D2 витаминін ұзақ уақыт бойы қабылдауымен байланысты) ұрықта D витаминіне сезімталдықтың артуын, қалқанша маңы бездері қызметінің бәсеңдеуін, сырт келбетінің спецификалық эльфтәрізділігі синдромын, ақыл-ой дамуының тежелуін, қолқа стенозын туғызуы мүмкін. Препаратты жүкті әйелдерге қолдану кезінде D2 витамині артық дозаланса гиперкальциемия болуы мүмкін, бұл ұрықта қалқанша маңы бездері қызметінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Артық дозаланған жағдайда, препараттың тератогендік әсерінің пайда болуы мүмкіндігіне байланысты, жүктілік кезінде D2 витаминін жоғары дозаларда (тәулігіне 2000 ХБ асатын) қабылдамаған дұрыс.
D2 витаминін бала емізу кезінде сақтықпен тағайындау керек, өйткені анасы жоғары дозаларда қабылдап жүрген препарат балада артық дозалану симптомдарын туғызуы мүмкін.
Балалар
Балаға D витаминінің тәуліктік қажеттілігін анықтауды және оны қолдану тәсілін дәрігер жекелей белгілейді, және әр ретте жүйелі тексерулер кезінде, әсіресе өмірінің алғашқы айларында реттеп отырады.
Жаңа туған сәбилердің D2 витаминіне сезімталдығы әр түрлі болуы мүмкін, олардың кейбірі тіпті өте төмен дозаларына да сезімтал болуы мүмкін.
D2 витаминін шала туған сәбилерге тағайындағанда онымен бір мезгілде фосфаттарды енгізген дұрыс.
Дәрілік заттың көлік құралдарын жүргізуге және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялардың дамуы мүмкіндігін ескере отырып, автокөлік басқаруда немесе басқа механизмдермен жұмыс жасағанда ерекше сақ болу ұсынылады.
Артық дозалануы
D гипервитаминозының симптомдары
Ерте білінетін (гиперкальциемиядан болатын) – іштің қатуы немесе диарея, ауыздың шырышты қабығының құрғауы, бас ауыруы, шөлдеу, поллакиурия, никтурия, полиурия, анорексия, ауыздың металл татуы, жүрек айнуы, құсу, қатты қажу, астения, гиперкальциемия, гиперкальциурия;
Кеш білінген – сүйектердің ауыруы, несептің бұлыңғырлануы (несепте гиалиндік цилиндрлердің пайда болуы, протеинурия, лейкоцитурия), артериялық қысымның жоғарылауы, қышыну, көздің фотосезімталдығы, конъюнктива гиперемиясы, аритмия, ұйқышылдық, миалгия, жүрек айнуы, құсу, панкреатит, гастралгия, дене салмағының төмендеуі, сирек – көңіл-күйдің және психиканың бұзылулары (психоз дамуына дейінгі).
D витаминімен созылмалы уыттану симптомдары (ересектер үшін тәулігіне 20000-60000 ХБ дозаларда бірнеше апта немесе ай бойы, балалар үшін – тәулігіне 2000-4000 ХБ қабылдағанда): жұмсақ тіндердің, бүйректің, өкпенің, қантамырлардың кальцинозы, артериялық гипертензия, өліммен аяқталуға дейінгі бүйрек және жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі (бұл әсерлері көбінесе гиперкальциемияға гиперфосфатемия қосылғанда туындайды), балалардың өсуінің бұзылуы (тәулігіне 1800 ХБ демеуші дозасында ұзақ уақыт бойы қабылдау).
Емі: препаратты тоқтату, D2 витаминінің организмге тамақпен түсуін барынша шектеу, құстыру немесе асқазанды белсенділендірілген көмірдің жүзіндісімен шаю, тұзды іш жүргізгіш дәрілерді тағайындау, су-электролиттік теңгерімді түзету. Гиперкальциемия кезінде эдетаттарды тағайындайды. Гемо- және перитонеальді диализ тиімді. Препараттың жоғары дозаларының уытты әсері А витаминін бір мезгілде қабылдағанда әлсірейді.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Шыны массадан жасалған құтыларда 10 мл 0,125 % ерітіндіден.
Әр құтыны медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған пәшкеге салады.
Сақтау шарттары
Түпнұсқалық қаптамасында (2 0С-ден 8 0С-ге дейінгі температурада) сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Технолог» жеке акционерлік қоғамы.
20300, Украина, Черкасск облысының Умань қаласы, Мануильский к-сі, 8.
Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі
«Технолог» жеке акционерлік қоғамы.
20300, Украина, Черкасск облысының Умань қаласы, Мануильский к-сі, 8.
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар)
сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«Medicus Centre» ЖШС
050000, Алматы қ., Мусоргский к-сі, 2А
тел: +007(7272) 71-48-12, 71 48 13
e-mail: postavki@medicus.kz