Эпивир®

МНН: Ламивудин
Производитель: ГлаксоСмитКляйн Фармасьютикалз С.А.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Lamivudine
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№015500
Информация о регистрации в РК: 19.11.2014 - 19.11.2019
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 159.6 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Эпивир®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Ламивудин

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 150 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 150 мг ламивудин,

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, натрий крахмалының гликоляты (А типі), магний стеараты,

қабықтың құрамы Опадрай® ақ YS-1-7706-G: гипромеллоза, титанның қостотығы (Е171), макрогол 400, полисорбат 80.

Сипаттамасы

Ромб түріндегі, ақ түсті қабықпен қапталған, екі жағында сызығы және ”GX CJ7” өрнегі бар таблеткалар

немесе

Ромб түріндегі, ақ түсті қабықпен қапталған, бір жағында ”GX CJ7” өрнегі бар таблеткалар

Фармакотерапиялық тобы

Вирустарға қарсы жүйелі қолдануға арналған препараттар. Вирустарға қарсы тікелей әсер ететін препараттар. Кері транскриптазаның тежегіштері- нуклеозид. Ламивудин.

АТХ коды J05 AF05

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Ламивудин асқазан-ішек жолынан жақсы сіңеді. Ішке қабылдағаннан кейін ересектердегі ламивудиннің биожетімділігі әдетте 80-85% құрайды, ламивудиннің сарысудағы ең жоғарғы концентрациясына (Сmax) жететін орташа (tmax) уақыты 1 сағатқа жуық құрайды. Ламивудинді емдік дозаларда (4мг/кг/тәулік 12 сағаттық аралықпен 2 қабылдау) тағайындағанда Сmax - 1-1,9мкг/мл құрайды.

Ламивудинді тамақпен бірге қабылдау жалпы сіңірілу дәрежесіне («концентрация-уақыт» қисығына негізделе есептелген) әсер етпейді,бірақ ең жоғарғы концентрациясына (Сmax) жететін орташа (tmax) уақытты баяулатады.

Ламивудинді тамақпен бірге қабылдағанда дозасын түзету талап етілмейді.

Ұнтақталған таблетканы елеусіз мөлшердегі сұйық немесе жартылай сұйық тамақпен қабылдау өнімнің фармакологиялық сипатына және препараттың клиникалық тиімділігіне әсер етпейді, бұл препараттың ұсақталып және 100 % ерітілуі, соңынан дереу қабылдануына есептелген ламивудиннің сулы ортада ерітілуінің in vitro деректерімен расталған.

Таралуы

Ламивудиннің емдік дозалар диапазонындағы фармакокинетикасы дозаға тәуелді және плазма ақуыздарымен болымсыз дәрежеде байланысады. Ламивудин орталық жүйке жүйесіне (ОЖЖ) және жұлын сұйықтығына өтеді. Ішке қабылдағаннан кейін 2-4 сағат өткенде ликвордағы ламивудин концентрациясының оның сарысудағы концентрациясына арақатынасы шамамен 0,12 құрайды.

Метаболизмі

Ламивудиннің орташа жүйелі клиренсі шамамен 0,32 л/кг/сағат құрайды. Ламивудин негізінен бүйрекпен (70%-дан астамы) белсенді өзекшелік секреция (органикалық катиондарды тасымалдау жүйесі) арқылы, сондай-ақ бауырдағы метаболизм арқылы (10%-дан азы) шығарылады.

Ламивудиннің белсенді түрі - жасушаішілік ламивудин трифосфатының жасушалардан жартылай шығарылу кезеңі (16-19сағ.), оның плазмадан жартылай шығарылу кезеңіне (5-7 сағ.) қарағанда, ұзақтау болады.

Тәулігіне 1 рет 300 мг дозада қабылдағанда ламивудиннің фармакокинетикалық параметрлері оның 24 сағат ішіндегі «концентрация-уақыт» қисығы астындағы аудан (AUC24) және жасушаішілік трифосфатқа арналған Cmax көрсеткіштері бойынша тәулігіне 2 рет 150 мг дозада қабылдаған кездегі осындай шамаларға баламалы.

Бауырдағы шектеулі метаболизміне, плазма ақуыздарымен байланысуының болымсыз дәрежесіне және ламивудиннің бүйрек арқылы өзгермеген күйде толықтай дерлік шығарылуына қарай ламивудиннің басқа препараттармен жағымсыз сипаттағы өзара әрекеттесу ықтималдығы өте аз.

Балалар

Ламивудиннің абсолюттік биожетімділігі (58%-66%) 12 жастан кіші пациенттерде төмендеу және ауытқымалы болды.

Ламивудин таблеткаларын қабылдау ішуге арналған ерітінді қабылдауға қарағанда балаларда плазмадағы AUC∞ және Cmax жоғарырақ көрсеткіштеріне алып келеді.

Сондай-ақ, препараттың барлық дозасын бір рет қабылдау дозалаудың екі реттік режиміне баламалы екені де дәлелденді. Ламивудинді 3 айлықтан кіші балаларда қабылдау туралы деректер шектеулі. 1 апталық жаңа туған нәрестелерде креатинин клиренсі үлкендеу жастағы балалармен салыстырғанда төмен болған, бұл бүйрек функциясының жетілмеуінен және сіңірілуінің әртүрлі дәрежесінен болуы ықтимал. Осылайша, ересектерге және үлкендеу жастағы балаларға тән экспозицияға қол жеткізу үшін жаңа туған нәрестелерге ламивудинді 2 мг/кг дозада тағайындау ұсынылады. Жаңа туған 1 апта болмаған нәрестелерде ламивудин қолдану туралы деректер жоқ.

Егде жастағы пациенттер

Жасы 65-тен асқан пациенттердегі ламивудиннің фармакокинетикасы жөнінде деректер жоқ.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Бауырының орташа және ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде ламивудиннің қолданылуы жөніндегі мәліметтер бауыр функциясы бұзылуының ламивудиннің фармакокинетикасына түбегейлі әсер етпейтінін айғақтайды.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Бүйрек функциясы бұзылғанда ламивудиннің плазмалық концентрациясы ұлғаяды. Креатинин клиренсі 50 мл/мин төмен пациенттерде ламивудиннің дозасы азайтылуы тиіс.

Жүктілік

Жүкті әйелдердегі ламивудин фармакокинетикасы жүкті емес әйелдердегі осындайға сәйкес.

Ламивудиннің плацента арқылы пассивті трансмиссиясын ескергенде, ламивудиннің сарысудағы және жаңа туған нәрестенің кіндігіндегі концентрациясы босанушы анадағы ламивудин концентрациясымен бірдей болады.

Фармакодинамикасы

Эпивир® - тікелей әсер ететін вирусқа қарсы дәрі, кері нуклеозидтранскриптаза тежегіші.

Эпивир® АИТВ-1 және АИТВ-2 репликациясының тиімділігі жоғары іріктеп әсер етуші тежегіші болып табылады. Сондай-ақ зидовудинге төзімді АИТВ штаммдарына да қатысты белсенді. Жасушалар ішінде Эпивир® жасушаішілік жартылай ыдырау кезеңі 16-19 сағат болатын 5'-трифосфатқа дейін (белсенді түрі) метаболизденеді. Ламивудин 5'-трифосфаты АИТВ-тың РНҚ- және ДНҚ тәуелді кері транскриптазасын елеусіз дәрежеде тежейді. Негізгі әсер ету механизмі - АИТВ-тың кері транскрипция үдерісінде ДНҚ-ның өсу үстіндегі тізбегінің синтезін бөгеу.

Эпивир® басқа антиретровирустық препараттардың (абакавир, диданозин, невирапин, зальцитабин және зидовудин) антагонисі емес.

Эпивир® ДНҚ-ның қалыпты жасушалық метаболизмін бұзбайды және жасушалардағы ядролық және митохондриальді ДНҚ құрамына аса ықпалды әсер етпейді.

Эпивир® шеткергі қанның лимфоциттеріне, сондай-ақ лимфоцитарлы және моноцит-макрофаг жасушалық желілеріне және сүйек кемігінің басқа діңдік жасушаларына әлсіз цитоуытты әсер етеді. Осылайша, Эпивир® жоғары емдік индексті иеленеді.

АИТВ-1-дің Эпивирге® төзімділігінің даму себептерінің бірі - АИТВ кері транскриптазасының белсенді сайтымен тығыз байланыстағы M184V вирус геномында өзгерістердің пайда болуы. Арасында Эпивир® бар біріктірілген антиретровирустық ем алатын науқастарда M184V мутациясы бар АИТВ-1 штаммдары пайда болуы мүмкін. Вирустың мұндай штаммдары Эпивирге® деген сезімталдықтың төмендеуімен және репликация қабілетінің әлсіреуімен сипатталады. Зидовудинге төзімді АИТВ штаммдары, ламивудинге төзімділік бір мезгілде дамыған жағдайда, зидовудинге қайта сезімталдық дамуы мүмкін. Бұл құбылыстың клиникалық тұрғыдағы мәні анықталмаған.

M184V бөлігіндегі мутациялар АИТВ-тың кері транскриптаза нуклеозидтік тежегіштерінің тобындағы препараттарға ғана айқаспалы төзімділігінің пайда болуына әкеледі. Зидовудин және ставудин ламивудинге төзімді АИТВ-1 штаммдарына қатысты антиретровирустық белсенділігін сақтайды. Егер төзімділік тек M184V бөлігінің мутациясынан ғана туындаса, абакавир ламивудинге төзімді АИТВ-1 штаммдарына қатысты антиретровирустық белсенділігін сақтайды. M184V мутациясы бар АИТВ штаммдарының диданозинге және зальцитабинге сезімталдығының 4 дүркіннен көп емес мөлшерде төмендегені анықталды, бұл фактінің клиникалық мәні белгісіз.

Ламивудин және зидовудинді бірге тағайындау зерттеулерінде АИТВ-1 вирустық жүктемесінің төмендегені және CD-4 жасушалары мөлшерінің артқаны көрсетілген. Зерттеудің ақырғы нәтижесі ауырудың және өлім жағдайының үдеу қаупінің елеулі төмендегенін көрсететін нәтижелер болды.

Ламивудинмен моноемде ламивудинге резистенттілік дамуы анықталды. Дәлелді база ламивудин және зидовудині бірге тағайындағанда оның зидовудинге резистенттілік дамуының баяулататынын көрсетеді.

Эпивир® қамтылған біріктірілген антиретровирустық ем M184V локусында мутациялары бар АИТВ штаммдарына қатысты, сондай-ақ нативті пациенттерді емдегенде де тиімді екені көрсетілген.

Қолданылуы

- АИТВ-инфекциясын балалар мен ересектерде біріктірілген антиретровирустық терапия құрамында емдеуде

Қолдану тәсілі және дозалары

Эпивир® препаратын тек АИТВ инфекциясын емдеу тәжірибесі бар маманның тағайындауына рұқсат етіледі.

Эпивир® препараты ас ішуге байланыссыз (тамақ ішу алдында немесе одан кейін) ішке қолданылады. Таблетканы шайнамастан жұтып жіберу керек. Таблетканы тұтастай жұту мүмкін болмағанда таблетканы үгітіп, оны сұйық немесе жартылай сұйық аспен араластырып, әзір болғаннан кейін бірден қабылдауға кеңес беріледі.

Ересектер, жасөспірімдер және дене салмағы 25 кг-ден артық балалар

Препараттың ұсынылатын дозасы тәулігіне 300 мг құрайды. Тәулігіне 2 рет 150 мг (1 таблеткадан) немесе тәулігіне бір қабылданатын 300 мг (150 мг 2 таблетка) тағайындауға болады. Ең жоғарғы тәуліктік доза – 300 мг.

Дене салмағы 20-25 кг 6 жастағы және одан үлкен балалар

Жарты таблетка - таңертең және тұтас бір таблетка – кешкілік, болмаса бір жарым таблетка тәулігіне бір рет.

Дене салмағы 14-20 кг балалар

Жарты таблеткадан тәулігіне 2 рет (½ таңертең және ½ кешкілік) немесе 1 тұтас таблетка тәулігіне бір рет.

Барлық топтағы пациенттерге емдеу ұзақтығын емдеуші дәрігер белгілейді.

Препаратты тәулігіне екі рет қабылдаудан тәулігіне бір рет қабылдау сызбасына ауысқан пациенттерге препаратты соңғы қабылдаудан кейін шамамен 12 сағаттан соң ұсынылған бір реттік тәуліктік дозаны (жоғарыда сипатталғандай) қабылдау керек, сосын ұсынылған бір реттік тәуліктік дозаны (жоғарыда сипатталғандай) шамамен 24 сағат сайын қабылдауды жалғастыру керек.

Препаратты тәулігіне екі рет қабылдау сызбасына кері өзгерткен жағдайда пациентке бір реттік тәуліктік дозаны соңғы қабылдаудан кейін шамамен әрбір 24 сағат сайын тәулігіне екі рет қабылдауға сәйкес ұсынылған дозаны қабылдау керек.

Дене салмағы 14 кг төмен немесе 6 жастан кіші балалар

Берілген когортада препараттың таблетка түрі ұсынылмайды. Бұндай пациенттерге препаратты ішке қабылдауға арналған ерітінді түрінде тағайындау ұсынылады.

Егде жастағы пациенттер

Қазіргі уақытта осы топтағы пациенттерде ламивудиннің фармакокинетикасы туралы деректер жеткіліксіз, дегенмен жас ерекшелігіне байланысты бүйректің шығару функциясы төмендейтіндіктен және қан көрсеткіштері өзгеретіндіктен бұл санаттағы науқастарға ерекше көңіл бөлу керек.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Бүйрек функциясының орташа және ауыр дәрежелі бұзылуы бар пациенттерде ламивудин клиренсі төмендегендіктен ламивудиннің плазмадағы концентрациясы жоғарылаған, сондықтан креатинин клиренсі 50 мл/мин кем болғанда, төменде ұсынылған кестеде көрсетілгендей, препараттың дозасын азайту қажет. Бүйрек функциясының бұзылулары бар балаларға, дәл ересектердегі сияқты, препараттың дозасын креатинин клиренсінің мәніне қарай азайту сызбасы ұсынылады.

Дозаны 150 мг аз төмендету қажет болған жағдайда препаратты ішке қабылдауға арналған ерітінді түрінде қолдану керек.

Дене салмағы 25 кг-ден артық ересектер, жасөспірімдер мен балалардағы бүйрек жеткіліксіздігінде креатинин клиренсіне қарай доза таңдау:

Креатинин клиренсі (мл/мин)

Старттық доза

Демеуші доза

30 — <50

150 мг

Тәулігіне 1 рет 150 мг

15 — <30

150 мг

Тәулігіне 1 рет 100 мг.

5 — <15

150 мг

Тәулігіне 1 рет 50 мг.

Басқа дәрілік түрді – ішке қабылдауға арналған ерітіндіні қолдану қажет.

<5

50 мг

Тәулігіне 1 рет 25 мг. Басқа дәрілік түрді – ішке қабылдауға арналған ерітіндіні қолдану қажет.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Орташа және ауыр дәрежелі бауыр қызметі жеткіліксіздігі бар пациенттерде, егер бауыр функциясының бұзылуы бүйрек жеткіліксіздігімен қатар жүрмесе ғана, Эпивир® препаратының дозасын төмендету талап етілмейді.

Жағымсыз әсерлері

Төменде тізілген жағымсыз реакциялар АИТВ ауруларын ламивудинмен моноем барысында және оның басқа антиретровирустық препараттармен біріктірілімінде анықталды. Көптеген жағдайларда көрсетілген реакциялардың медициналық препаратқа жағымсыз әсер болып табылатыны немесе негізгі аурудың салдары екені түсініксіз.

Жағымсыз әсерлердің анықталу жиілігі: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100, бірақ <1/10), кейде (≥1/1,000, бірақ <1/100), сирек (≥1/10,000, бірақ <1/1,000), өте сирек (<1/10,000), жеке-дара мәлімдеулерді қоса.

Жиі

- бас ауыруы

- жүрек айнуы, құсу, іштің жоғарғы бөлігінің ауыруы, диарея

- бөртпе, алопеция

- артралгиялар, бұлшықет бұзылуы

- қажығыштық/әлсіздік, қызба, дімкәстік

- гиперлактатемия

Жиі емес

- нейтропения, анемия, тромбоцитопения

- бауыр ферменттері белсенділігінің транзиторлы жоғарылауы (АСТ, АЛТ)

Сирек

- лактоацидоз

- тері асты шелмайларының қайта таралуы/жиналуы (липодистрофия) - бұл реакцияның этиологиясы мультифакторлық, антиретровирустық препараттарды біріктіре қолдануды қоса

- панкреатит (препарат қабылдаумен байланысы анықталмаған), сарысулық амилаза белсенділігі жоғарылауы

- гепатит

- рабдомиолиз (қаңқа бұлшықеттерінің жедел некрозы)

- ангроневроздық ісіну (Квинке ісінуі)

Өте сирек

- сүйек кемігінің эритроидты өскінінің аплазиясы

- парестезиялар

- шеткергі нейропатия (препарат қабылдаумен байланысы анықталмаған)

Біріктірілген вирусқа қарсы ем гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, инсулинге төзімділік, гипергликемия және гиперлактатемия сияқты метаболизмдік бұзылыстармен қатар жүреді.

АИТВ инфекциясы өршуі және/немесе вирусқа қарсы емі ұзаққа созылған пациенттерде, әсіресе бір немесе бірнеше қауіп факторы (кортикостероидтар, бисфосфонаттар қабылдау, алкогольді шамадан тыс тұтыну, ауыр иммуносупрессия, дене салмағының жоғарғы индексі) болғанда остеонекроз жағдайлары туралы хабарламалар бар. Остеонекроз жиілігі белгісіз. Пациенттерге буынның ауыруы және қимыл шектелуі немесе қозғалыс кезіндегі қиындық туындағанда емдеуші дәрігерге хабарлау қажеттігі туралы мәлімделуі тиіс.

Жүргізілген ARROW (COL105677) зерттеулерде тәулігіне бір немесе екі рет абакавир және ламивудин қабылдап жүрген 3 айдан 17 жасқа дейінгі АИТВ-жұқтырған педиатриялық пациенттерде ересек пациенттермен салыстырғанда фармакоқауіпсіздік бойынша қосымша деректер анықталмаған.

Препараттың болжамды жағымсыз реакциялары туралы деректер ұсыну дәрілік заттың пайда/қауіп арақатынасына үздіксіз мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін аса маңызды сәт болып табылады. Медицина қызметкерлеріне нұсқаулықтың соңында көрсетілген байланыс құралдары бойынша, сонымен қатар ұлттық ақпарат жинау жүйесі арқылы кез келген болжамды жағымсыз реакциялар туралы ақпарат ұсыну керек.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- гламивудинге немесе препараттың кез келген басқа компонентіне жоғары сезімталдық

- 6 жасқа дейінгі балалық жас (ішке қабылдауға арналған ерітінді қолдану ұсынылады)

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Метаболизмінің және плазма ақуыздарымен байланысуының елеусіздігіне, өзгермеген ламивудиннің бүйректік механизм арқылы іс жүзінде толық шығарылуына байланысты Эпивир® препаратының басқа препараттармен метаболизмдік өзара әрекеттесу ықтималдығы тіптен төмен.

Ламивудин организмнен негізінен белсенді өзекшелік секреция жолымен органикалық катиондарды тасымалдау жүйесі арқылы шығарылады. Ламивудиннің бөліп шығару механизмі осындай препараттармен, мысалы триметоприммен өзара әрекеттесуі мүмкін екенін ескеру керек. Басқа препараттар (мысалы, ранитидин, циметидин) көрсетілген механизмнің көмегімен тек ішінара шығарылады және Эпивир® препаратымен өзара әрекеттеспейді.

Органикалық аниондарды тасымалдау жүйесі арқылы белсенді бүйректік секреция немесе шумақтық сүзілу жолымен шығарылатын препараттар, көрінісіне қарай, ламивудинмен клиникалық елеулі өзара әрекеттесуге түспейді.

Зидовудин. Эпивир® препараты мен зидовудинді бір мезгілде қолданғанда плазмадағы зидовудиннің Cmax орташа (28%-ға) артқаны байқалады, бұл орайда AUC елеулі өзгермейді. Зидовудин Эпивир® препаратының фармакокинетикасына әсер етпейді.

Триметоприм/сульфаметоксазол. Триметоприм/сульфаметоксазолды (ко-тримоксазолды) 160/800 мг дозада бір мезгілде қолдану қан плазмасындағы Эпивир® концентрациясын шамамен 40%-ға (триметоприммен өзара әрекеттесу есебінен) жоғарылатады. Дегенмен бүйрек функциясының бұзылуы болмаса, Эпивирдің® дозасын төмендету талап етілмейді. Триметоприм мен сульфаметоксазолдың фармакокинетикасына Эпивир® әсер етпейді. Эпивирдің® пневмоцистік пневмония және токсоплазмозды емдеу үшін тағайындалған ко-тримоксазолдың жоғары дозаларымен өзара әрекеттесуі зерттелген жоқ.

Зальцитабин. Эпивир® препараты мен залцитабин бір мезгілде тағайындалғанда ламивудин соңғысының жасушаішілік фосфорлануын тежеуі мүмкін. Осыған байланысты препараттардың осындай біріктірілімі ұсынылмайды.

Эмтрицитабин. Эпивир® препаратын және эмтрицитабинды бір мезгілге тағайындағанда, ламивудин соңғысының жасушаішілік фосфорлануын тежеуі мүмкін. Бұдан басқа бұл препараттардың резистенттілік даму механизмі бірдей (М184V генінің мутациясы), осыған байланысты бұл препараттарды біріктірілген ем құрамында тағайындағанда ем тиімділігі шектеулі болуы мүмкін. Осылайша, Эпивир® препаратын және эмтрицитабинді немесе құрамында оның бекітілген дозасы бар препараттарды бірге тағайындау ұсынылмайды.

Эпивир® кладрибиннің жасушаішілік фосфорлануын тежейді, осыған байланысты, біріктіріп қолдану ұсынылмайды.

Айрықша нұсқаулар

Эпивир® препаратын монотерапия ретінде қолдану ұсынылмайды.

Пациенттерге антиретровирустық препараттармен, соның ішінде Эпивир® препаратымен емдеудің басқа адамдарға жыныстық байланыс немесе қан құю кезінде АИТВ-тың берілу қатерін тойтара алмайтыны туралы ескерту керек, сондықтан пациенттер тиісті сақтану шараларын қадағалауға тиіс.

Эпивир® немесе басқа антиретровирустық препараттарды қабылдайтын пациенттерде оппортунистік инфекциялардың немесе басқа асқынулардың дамуы мүмкін, сондықтан олар АИТВ-инфекциясын емдеу тәжірибесі бар дәрігердің мұқият қадағалауында болуға тиісті.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Бүйрек функциясының орташа және ауыр дәрежелі бұзылуы бар пациенттерде ламивудин клиренсі төмендегендіктен ламивудиннің плазмадағы концентрациясы жоғарылаған, сондықтан креатинин клиренсі 50 мл/мин кем болғанда препараттың дозасын азайту қажет.

Панкреатит

Эпивир® препаратын қабылдап жүрген пациенттерде панкреатит дамуының бірнеше жағдайы кездескен. Дегенмен бұл асқынудың препараттан немесе АИТВ- инфекциясының өзінен туындағаны түсініксіз қалумен келеді. Эпивирді® қабылдап жүрген пациентте іштің ауыруы, жүрек айнуы, құсу немесе биохимиялық көрсеткіштердің сипатты өзгерістері пайда болғанда панкреатиттің бар-жоғын анықтау керек. Панкреатит диагнозы жоққа шығарылатын сәтке дейін препаратты қабылдауды тоқтата тұру керек.

Лактоацидоз/бауырдың майлы дистрофиясы бар айқын гепатомегалия

АИТВ-жұқтырған, нуклеозидтердің аналогтары тобындағы антиретровирустық препараттарды (Эпивир® де бар) монотерапия ретінде немесе біріктірілімде қабылдаған пациенттерде (негізінен әйелдерде) әдетте айқын гепатомегалиямен және өлімге әкелуі мүмкін бауырдың майлы дистрофиясымен қатар жүрген лактоацидоз жағдайлары сипатталған.

Лактоацидоздың дамуын көрсететін симптомдарға мыналар жатады: жалпы әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, кенеттен түсініксіз салмақ жоғалту, асқазан-ішек жолы және тыныс алу жүйесі (диспноэ және тахипноэ) тарапынан болатын бұзылулар.

Эпивир® препаратымен емдеу, әсіресе пациентте бауыр аурулары дамуының қауіп факторлары болса, үнемі сақтық шараларын қадағалауды талап етеді. Лактоацидоздың немесе бауыр функциясы бұзылуларының клиникалық немесе зертханалық нышандары (бауыр трансаминазалары деңгейінің айқын жоғарылауы болмағанның өзінде гепатомегалия және бауырдың майлы дистрофиясын қоса) пайда болған жағдайда Эпивир® препаратын қабылдауды тоқтату керек.

Теріастылық-шелмайларының қайта таралуы

Кейбір пациенттерде біріктірілген антиретровирустық ем теріастылық-шелмайларының қайта таралуы/жиналуымен, соның ішінде шеткергі шелмайларының мөлшерінің кемуімен және висцеральді майдың ұлғаюымен, аяқ-қол және беттің семуімен, сүт бездерінің үлкеюімен және мойынның артқы беті мен арқада майдың жиналуымен («өгіз өркеш»), сондай-ақ сарысудағы липидтер концентрациясының және қандағы глюкоза деңгейінің артуымен қатар немесе жеке дара симптомдар түрінде қатарлас жүруі мүмкін.

Липодистрофия деп жиі аталатын жалпы синдроммен байланыстағы жоғарыда тізбеленген ұнамсыз реакциялардың біреуі немесе бірнешеуін протеаза тежегіштері және кері транскриптазаның нуклеозидтік тежегіштері сыныптарындағы барлық препараттар туындатуы мүмкін болғанмен жинақталған деректер препараттардың атап көрсетілген жеке-дара сыныптарының арасында осы ұнамсыз реакцияларды туғызу қабілетінің айырмашылықтары барын айғақтайды.

Липодистрофия синдромының көпфакторлы этиологиясы барын да атап өту керек; мысалы, осы асқынудың дамуында АИТВ - инфекциясының сатысы, егде жас және антиретровирустық емнің ұзақтығы маңызды және, мүмкін, синергизмдік рөл атқарады.

Көрсетілген ұнамсыз реакциялардың ұзақ уақыттан кейінгі салдарлары қазіргі кезде анықталмаған.

Пациенттерді клиникалық тұрғыда тексеру майлы тіннің қайта таралуының физикалық белгілерін бағалауды қамтуға тиіс. Сондай-ақ сарысудағы липидтер концентрацияларын және қандағы глюкоза деңгейін өлшеу керек. Липидтік алмасудың бұзылуларын, олардың клиникалық көріністерін жетекшілікке ала отырып, ретке келтіру қажет.

Иммунитетті реактивациялау синдромы

Ауыр иммундық тапшылығы бар АИТВ-жұқтырған пациенттерде антиретровирустық ем (АРЕ) бастаған кезде белгісі жоқ немесе баяу жүретін оппортунистік инфекциямен шартталған қабыну үдерісінің өршуі мүмкін, бұл науқас ахуалының салмақты нашарлауына немесе сырқат белгілерінің ушығуына себеп бола алады. Әдетте, мұндай реакциялар АРЕ емі басталғаннан кейінгі алғашқы апталарда немесе айларда байқалған. Ең елеулі мысалдары – цитомегаловирустық ретинит, жайылған және/немесе ошақтық микобактериялық инфекция және пневмоцистік пневмония. Қабынудың кез келген белгілерін дереу анықтап және емдеуді кідіріссіз бастау қажет. Сондай-ақ Эпивир® препаратын қабылдағанда аутоиммундық бұзылулар (полимиозит, Джуллиан-Барр синдромы, диффуздық уытты зоб) кездесті, дегенмен аурудың басталу уақыты жеткілікті түрде ауытқымалы, Эпивир® препаратымен емді бастағаннан кейін біршама айлардан соң басталуы да және атипиялық түрде жүруі мүмкін.

Митохондриальді дисфункция

Нуклеозидті және нуклеотидті баламалары in vitro және in vivo зерттеуде зақымдаудың түрлі дәрежесіндегі митохондриальді бұзылыстар тудыруға қабілетін көрсетті. Нуклеозидті баламаларының ықпалына құрсақішілік және/немесе постнатальді ұшыраған АИТВ-теріс сәбилерде митохондриальді дисфункция туралы хабарламалар болған. Негізгі хабарланып жүрген жағымсыз реакциялар гематологиялық бұзылыстар (анемия, нейтропения), зат алмасудың бұзылуы (гиперлактатемия, гиперлипаземия) болды. Бұл реакциялар көбінесе транзиторлық сипатқа ие. Кеш басталатын неврологиялық бұзылыстардың (гипертония, конвульсия, бұрыс мінез-құлық) аздаған мөлшері туралы хабарланды. Неврологиялық бұзылыстар өтпелі немесе тұрақты сипатқа ие ме, ол қазіргі уақытта белгісіз. Нуклеозидті және нуклеотидті баламаларының құрсақішілік ықпалына ұшыраған, тіпті АИТВ-теріс барлық сәбилер алдағы кезде клиникалық және зертханалық тұрғыда қадағалануы және тиісті симптомдар немесе белгілер болған жағдайда ықтимал митохондриальді дисфункцияға қатысты толық тексерілуі тиіс. Бұл нәтижелер АИТВ вертикальді берілуінің алдын алу үшін жүкті әйелдердегі вирусқа қарсы ем пайдалану бойынша ағымдағы ұлттық ұсынымдарға ықпал етпейді.

АИТВ және В гепатитінің вирусы туғызған аралас инфекция

Созылмалы В гепатиті бар кейбір пациенттерде Эпивир® препаратын тоқтатқаннан кейін гепатиттің қайталануының клиникалық немесе зертханалық нышандары пайда болуы ықтимал, бұл бауыр функциясының декомпенсациясы кезінде ауыр нәтижелерге соқтыруы мүмкін. АИТВ және В гепатитінің вирусы туғызған қосарлы инфекциясы бар пациенттерде Эпивир® препаратымен емді тоқтатқаннан кейін бауыр функцияның биохимиялық көрсеткіштеріне және В гепатиті вирусының көбею маркерлеріне бақылау жасап отыру керек.

АИТВ-мен ықтимал инфекцияланғаннан кейінгі алдын алу Халықаралық ұсынымдарға сәйкес (Аурудың таралуын бақылау орталығы –маусым, 1998 ж.), АИТВ жұқтырған адам қан арқылы ықтималды жұқтырғанда (мысалы, инъекциялық ине арқылы) шұғыл түрде (жұқтырған сәттен 1-2 сағат ішінде) зидовудин мен ламивудиннің біріктірілген емін тағайындау қажет. Жұқтыру қаупі жоғары жағдайда антиретровирустық ем сызбасында протеаза тежегіштері тобының препараты қамтылуға тиіс. Профилактикалық емді 4 апта ішінде жүргізу ұсынылады. Антиретровирустық препараттармен емдеудің ерте басталғанына қарамастан, сероконверсияның болу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.

Педиатрияда қолданылуы

6 жасқа дейінгі балаларға таблеткаланған дәрілік түрлерді қолдану ұсынылмайды, сондықтан балаларды және таблетканы жұтуы қиын науқастарды емдеу үшін ішке қабылданатын ерітінді түріндегі дәрілік зат тағайындалады.

Жүктілік

Ламивудин 11000-ден астам жүкті әйел және босанған әйел қатысқан жүкті әйелдердің антивирустық ем бағдарламасында тексеріліп-бағаланған. Деректер ламивудинді қолданғанда құрсақішілік ақаудың даму қаупі жоғарылауының жоқ екенін көрсетті. Алайда ламивудинді жүкті әйелдерде қолданудың мұқият бақыланатын клиникалық зерттеулері жүргізілмеген.

Ламивудин плацента арқылы өтеді. Препаратты жүктілік кезінде тек ана үшін күтілетін пайда ұрыққа төнетін зор қауіптен артық болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Аналары жүктілік және босану кезінде кері транскриптазаның нуклеозидтік тежегіштері тобының препараттарын қабылдаған жаңа туған сәбилер мен 1 жасқа дейінгі балаларда митохондриальді дисфункциядан болған сарысудағы сүт қышқылы концентрациясының болымсыз өткінші жоғарылаған жағдайлары сипатталған. Сарысудағы сүт қышқылы концентрациясының уақытша артуының клиникалық мәні анықталмаған. Бұдан басқа, дамудың кідірісі, құрысу синдромы және басқа неврологиялық бұзылулар туралы өте сирек жағдайлар жайында хабарланды. Алайда, бұл асқынулардың жүктілік кезінде кері транскриптазаның нуклеозидтік тежегіштерін қабылдаумен байланысы және оның сәбидің постнатальді дамуына әсер етуі дәлелденбеген. Сондықтан жүктілік кезінде АИТВ жұқтырған әйелдерге, соның өзінде, АИТВ-тың вертикальді берілуінің алдын алу үшін антиретровирустық препараттарды қабылдау ұсынылады.

Лактация

АИТВ емшек сүтіне өтетін болғандықтан, вирустың берілу қаупінен аулақ болу үшін әйелдерге бала емізуге болмайды. Егер жасанды тамақтандыру мүмкін болмаса, онда антиретровирустық терапия аясында бала емізудің ресми арнайы ұсыныстарды іздестіру керек. Ламивудинді 150 мг дозада күніне екі мәрте және тәулігіне екі рет 300 мг зидовудинмен біріктірілімде немесе тәулігіне екі рет моноем түрінде қабылдағанда ламивудиннің емшек сүтіндегі концентрациясы қан сарысуындағы осындайға (0.5 – 8.2 мкг/мл) сәйкес болды. Ламивудинді 150 мг дозада күніне екі мәрте және тәулігіне екі рет 300 мг зидовудинмен біріктірілімде қабылдаған басқа зерттеулерде ламивудиннің емшек сүтіндегі және қан сарысуындағы концентрациясының арақатынасы 0.6 : 3.3 мкг/мл болды. Балалардағы бір зерттеуде сарысулық концентрациясының орташа деңгейі 18-28 нг/мл құрады және басқа зерттеуде мүлде анықталмады (сезімталдық деңгейі – 7 нг/мл). Емшек еметін балалардағы ламивудиннің, ламивудин үшфосфатының белсенді метаболитінің жасушаішілік деңгейі өлшенбеген, сондықтан анықталған фактілердің мәні белгісіз болып қалып отыр.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Эпивир® препаратының автомобильдерді/механизмдерді басқару қабілетіне ықпалы арнайы зерттелген жоқ. Дегенмен, Эпивир® препаратының фармакологиялық қасиеттерін саралағанда, ондай әсер ету ықтималдығы аз. Соның өзінде, пациенттің автомобильдерді/механизмдерді басқару қабілетін бағалағанда оның жалпы жай-күйін, сондай-ақ Эпивир® препаратының жағымсыз реакцияларының сипатын назарға алған дұрыс.

Артық дозалануы

Симптомдары: ұсынылатын дозаларды тұрақты түрде арттыру туралы деректер шектеулі. Өліммен аяқталған жағдай тіркелмеген, пациенттің жай-күйі қалпына келтірілген, артық дозалануының арнайы белгілері немесе симптомдары анықталмаған.

Емі: науқастың жағдайын бақылау және стандарттық демеуші ем жүргізу ұсынылады. Ламивудин организмнен диализдің көмегімен шығарылатындықтан, үздіксіз жүргізілетін гемодиализді қолдануға болады, алайда арнайы зерттеулер жүргізілмеген.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Үлбірлі қабықпен қапталған 150 мг таблеткалар.

Балалардың құтыны ашуына жол бермейтін құрылғысы бар қақпағы бұралып жабылатын тығыздығы жоғары полиэтилен құтыға 60 таблеткадан салынған. Бір құтыдан қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

30°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

5 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

ГлаксоСмитКляйн Фармасьютикалз С.А., Польша

(Ul. Grunwaldzka 189, 60-322 Poznan, Poland)

Қаптаушы

ГлаксоСмитКляйн Фармасьютикалз С.А., Польша

(Ul. Grunwaldzka 189, 60-322 Poznan, Poland)

Тіркеу куәлігінің иесі

ViiV Healthcare UK Limited, Ұлыбритания

(980 Great West Road, Brentford, Middlesex TW8 9GS, Ұлыбритания)

Эпивир ViiV Healthcarе компаниялар тобының сауда белгісі болып табылады

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Қазақстандағы ГлаксоСмитКляйн Экспорт Лтд өкілдігі

050059, Алматы қ., Фурманов к-сі, 273

Телефон нөмірі: +7 727 258 28 92, +7 727 259 09 96

Факс нөмірі: + 7 727 258 28 90

Электрондық поштасы: kaz.med@gsk.com

Медициналық қолдану жөніндегі бекітілген нұсқаулықты

www.dari.kz сайтынан да қараңыз

 

 

 

Прикрепленные файлы

055047601477976626_ru.doc 106 кб
510445031477977771_kz.doc 129.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники