Эликвис (5 мг)

МНН: Апиксабан
Производитель: Бристол-Майерс Скуибб Мануфактуринг Кампани
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Апиксабан
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020720
Период регистрации: 24.07.2014 - 24.07.2019
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Предельная цена закупа в РК: 257.94 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Эликвис

Халықаралық патенттелмеген атауы

Апиксабан

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 2,5 мг және 5 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 2,5 мг немесе 5 мг апиксабан,

қосымша заттар: лактоза, микрокристалды целлюлоза, натрий кроскармеллозасы, магний стеараты, натрий лаурилсульфаты

Қабықтың құрамы:

2,5 мг доза үшін опадрай II сары (гипромеллоза, лактоза моногидраты, титанның қостотығы, триацетин, темірдің сары тотығы бояғышы)

5,0 мг доза үшінопадрай II қызғылт (гипромеллоза, лактоза моногидраты, титанның қостотығы, триацетин, темірдің қызыл тотығы бояғышы)

Сипаттамасы

Дөңгелек, екі беті дөңес, бір жағында «893» және екінші жағында «2 ½» бедері бар сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (2.5 мг доза үшін).

Сопақша, екі беті дөңес, бір жағында «894» және екінші жағында «5» бедері бар қызғылт түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (5 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Қанның түзілуіне және қанға ықпал ететін препараттар. Антикоагулянттар.

Ха факторының тікелей тежегіштері. Апиксабан.

АТХ коды B01AF02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңірілуі

10 мг дейінгі дозаларда ішке қабылдағанда апиксабан абсолютті биожетімділігі шамамен 50 % құрайды. Апиксабан тез сіңеді және таблетка қабылдағаннан кейін 3-4 сағаттан соң ең жоғары концентрациясына (Cmax) жетеді. Препаратты 10 мг дозада ас ішумен қабылдау AUC (препараттың қан плазмасындағы экспозициясы немесе «концентрация – уақыт» қисығы астындағы ауданы) немесе Cmax мәндеріне ықпал етпейді. Сондықтан апиксабанды тамақпен немесе онсыз қабылдауға болады.

Апиксабан 10 мг дейінгі ауқымында дозаға байланысты фармакокинетикасын көріністейді, яғни әсерінің ұлғаюы қабылданған дозаға пропорционал. Апиксабан  25 мг дозалар қабылдау кезінде шектеулі сіңуімен және биожетімділігінің төмендеуімен сипатталады. Апиксабанның әсер ету параметрлері әркімде жекелей төмен немесе орташа ауытқуымен сипатталады: ауытқу коэффициенті, тиісінше, шамамен 20 % және 30 %.

Таралуы

Адамда қан ақуыздарымен байланысуы шамамен 87 % құрайды. Таралу көлемі (Vss) шамамен 21 литр құрайды.

Биотрансформация және элиминация

О-деметилдену және гидроксилдену - апиксабан биотрансформациясының негізгі жолдары. Апиксабан көбінесе CYP3A4/5 изоферментінің, аз дәрежеде CYP1A2, 2С8, 2С9, 2С19 және 2J2 изоферменттерінің қатысуымен метаболизденеді. Өзгермеген апиксабан - адам қаны плазмасында айналатын негізгі зат, осы тұста қан ағымында айналатын белсенді метаболиттері жоқ. Апиксабан тасымалдаушы ақуыздардың, Р-гликопротеиннің (Р-gp) және сүт безі обырының төзімділік ақуызының (BCRP) субстраты болып табылады. Апиксабан элиминациясының бірнеше жолдары бар. Қабылданған дозаның шамамен 25 % нәжістен көп бөлігі табылатын метаболиттер түрінде болады. Апиксабан бүйректік экскрециясы жалпы клиренстен шамамен 27 % құрайды. Сондай-ақ өт шығару жолдары және тікелей ішек арқылы қосымша экскрециясы болуы мүмкін.

Апиксабан жалпы клиренсі 3,3 л/сағатқа жуық құрайды, жартылай шығарылу кезеңі шамамен 12 сағат.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Емделушіде бүйрек жеткіліксіздігінің болуы қан плазмасындағы апиксабанның ең жоғары концентрациясына ықпал етпейді. Креатинин клиренсі мәндері бойынша бағаланған бүйрек функциясының бұзылу дәрежесімен өзара байланысты апиксабан концентрациясының жоғарылауы болды. Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл (креатинин клиренсі 51-80 мл/мин), орташа (креатинин клиренсі 30-50 мл/мин) және ауыр (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) дәрежелі тұлғаларда қан плазмасындағы апиксабан концентрациялары (AUC), креатинин клиренсінің мәндері қалыпты тұлғалардағымен салыстырғанда, тиісінше,16, 29 және 44 % жоғарылады. Бүйрек функциясының бұзылуы қан плазмасындағы апиксабан концентрациясы мен оның анти-Xa-факторлық белсенділігі арасындағы өзара байланысқа айқын ықпалын тигізбеген.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауыр жеткіліксіздігі жеңіл дәрежедегі (Чайлд-Пью бойынша А класы) және орташа дәрежедегі (Чайлд-Пью бойынша В класы) емделушілер және дені сау емделушілер апиксабанның бір реттік 5 мг дозасын қабылдағаннан кейін бауыр жеткіліксіздігіне шалдыққан тұлғаларда фармакокинетикалық және фармакодинамикалық параметрлері анықталмаған. Дені сау емделушілерде және бауыр жеткіліксіздігі жеңіл және орташа дәрежедегі емделушілерде анти-Xa-фактор белсенділігі мен ХҚҚ (Халықаралық қалыптасқан қатынас) өзгерістері салыстырмалы болды.

Егде жастағы емделушілер

Егде жастағы емделушілерде (65 жастан асқан) қан плазмасындағы апиксабан концентрациясының мәндері жас емделушілердегіден өте жоғары болды, бұл орайда орташа AUC мәні шамамен 32 % жоғары болған, ал Cmax айырмасы анықталмаған.

Жынысы

Апиксабанның әйелдер организміне әсері ерлердегі әсерінен шамамен 18 % асып кетті.

Нәсілі және этникалық тегі

Фармакокинетикалық зерттеулер нәтижелері апиксабан алған европеоидты, монголоидты және негроидты нәсілдер өкілдері мен емделушілердің әр алуан этникалық қауымдарының арасында апиксабан фармакокинетикасының мәнді айырмашылықтары жоқ екенін айғақтайды.

Дене салмағы

Дене салмағы 120 кг-ден көп емделушілерде қан плазмасындағы апиксабан концентрациясы дене салмағы 65 кг-ден 85 кг дейінгі емделушілердегіден шамамен 30 % төмен, ал дене салмағы 50 кг-ден аз емделушілерде бұл көрсеткіш шамамен 30 % жоғары.

Фармакокинетикалық және фармакодинамикалық параметрлер тәуелділігі

Фармакокинетика және фармакодинамика параметрлері арасындағы тәуелділікті зерттеу аясында препарат дозаларының кең ауқымына (0,5-50 мг) тән қан плазмасындағы апиксабан концентрациясы мен бірнеше фармакодинамикалық көрсеткіштер (анти-Xa-фактор белсенділігі, ХҚҚ, ПУ (протромбин уақыты) және ІБТУ (ішінара белсендірілген тромбопластин уақыты) арасындағы байланыс зерттелген. Апиксабан концентрациясы мен оның анти-Ха-фактор белсенділігі арасындағы тәуелділіктің дозаға байланысты модель пайдаланылғанда ең жақсы үлгіде сипатталатыны көрсетілген, яғни емделушілерде бағаланған апиксабан фармакокинетикасы мен фармакодинамикасы параметрлерінің тура пропорционал тәуелділігі дені сау еріктілердегі байқалуымен сәйкес болды.

Фармакодинамикасы

Әсер ету механизмі

Апиксабан – Эликвис препаратының белсенді заты, Xa фактор (FXa) белсенді орталығын қайтымды және жоғары селективті бөгейтін ішуге арналған қуатты тікелей тежегіш түрінде болады. Препараттың тромбозға қарсы белсенділігі үшін антитромбин III қатысуы қажет емес. Апиксабан бос күйдегі де, ұйындымен байланысқан түрдегі де Xa факторын, сондай-ақ протромбиназа белсенділігін тежейді. Апиксабан тромбоциттер агрегациясына тікелей ықпалын тигізбейді, бірақ тромбинмен индукцияланған агрегациясын жанама түрде тежейді. Апиксабан, Xa факторын тежеумен, тромбин түзілуі мен тромб қалыптасуын болдырмайды. Жануарлар үлгілерінде жүргізілген апиксабанның клиникаға дейінгі зерттеулерінде оның гемостаз сақталатын дозаларында көктамырлар мен артериялар тромбозының алдын алудағы тромбозға қарсы тиімділігі көріністелген.

Фармакодинамикалық әсерлері

Апиксабанның әсер ету механизмі (Xa фактор тежелісі) оның фармакодинамикалық әсерлерінен көрініс береді. Апиксабанның Xa факторды тежеуінің нәтижесінде протромбин уақыты (ПУ), ХҚҚ және ішінара белсендірілген тромбопластин уақыты (ІБТУ) сияқты қанның ұю көрсеткіштерінің мәндері артады. Апиксабанның емдік дозаларында күтілетін осы қан ұю талдауларының нәтижелерінен байқалатын өзгерістер жоғары дәрежеде ауытқуымен сипатталады. Осы көрсеткіштер бойынша апиксабан фармакодинамикалық әсерлерін бағалау ұсынылмайды.

Апиксабан анти-Xa-факторлық белсенділігі анти-Xa-фактор белсенділігін анықтауға арналған бірқатар коммерциялық жинақтар көмегімен айқындалатын Xa фактор ферментативтік белсенділігінің төмендеуімен де расталады, алайда әртүрлі жинақтар пайдалану кезінде алынған нәтижелері ерекшеленеді. Қазіргі таңда клиникалық зерттеулер барысында алынған гепарин пайдаланылатын Rotachrom хроматогендік талдауының деректеріне қол жеткізуге болады. Анти-Xa-фактор белсенділігі жоғары шекті концентрациялар тұсында ең жоғары мәндерге жетумен плазмадағы апиксабан концентрациясына дозаға байланысты тікелей тәуелденуді көріністейді. Қан плазмасындағы апиксабан концентрациясы мен анти-Xa-фактор белсенділігі арасындағы байланыс дозалардың кең ауқымындағы желісті сақтайды, ал Rotachrom талдауының дәлдігі клиникалық зертханада қолдануға арналған қолайлы шектерде жақсы сай келеді. Апиксабан қабылдаудан кейінгі оның дозасы мен концентрациясына тәуелденетін анти-Xa-фактор белсенділігінің өзгерістері, ұю көрсеткіштерінің өзгерістеріне қарағанда, едәуір айқын және кемірек ауытқымалы.

Ұршық және тізе буынын жоспарлы эндопротездеуден кейін тәулігіне екі рет 2,5 мг апиксабан қабылдаған емделушілерде тепе-тең жағдайда болжанатын апиксабанның ең жоғары және ең төмен анти-FXa белсенділігі 1,3 ХБ/мл (5/95 пайыздығы, 0,67-2,4 ХБ/мл) және 0,84 ХБ/мл (5/95 пайыздығы, 0,37-1,8 МЕ/мл) құраған, тиісінше, бұл бір дозалау аралығының шегіндегі ең жоғары және ең төмен концентрациялар арасындағы анти-Xa-фактор белсенділігінің 1,6 есе ауытқуын айғақтайды.

Тәулігіне екі рет 5 мг апиксабан қабылдаған жүрекшелер фибрилляциясы (ЖФ) бар емделушілерде тепе-тең жағдайда болжанатын апиксабанның ең жоғары және ең төмен анти-FXa белсенділігі, тиісінше, 2,55 ХБ/мл (5/95 пайыздығы (‰), 1,36-4,79 ХБ/мл) және 1,54 ХБ/мл (5/95-х ‰, 0,61–3,43 ХБ/мл) құраған. ЖФ бар емделушілерде тәулігіне екі рет доза 2,5 мг дейін азайтылған тиісті критерийлерде болжанатын анти-FXa белсенділігінің ең жоғары және ең төменгі мәндері, тиісінше,1,84 ХБ/мл (5/95-х ‰, 1,02‑3,29 ХБ/мл) және 1,18 ХБ/мл (5/95-х ‰, 0,51–2,42 ХБ/мл) құраған.

Апиксабанмен емдеу оның қандағы концентрациясына тұрақты мониторинг жасалуын талап етпесе де, апиксабанның әсер ету деректері, мысалы, артық дозаланғанда және шұғыл операциялық араласу кезінде клиникалық шешімдер қабылдауға ықпал ететін айрықша жағдайларда кейде Rotachrom® жинағының көмегімен анти-Ха-фактор белсенділігіне талдау жасау мақсатқа сай болады.

Клиникалық тиімділігі және қауіпсіздігі

Көктамырлық тромбоэмболия асқынуларының алдын алу: ұршық немесе тізе буынын жоспарлы эндопротездеу

Ұршық немесе тізе буынын жоспарлы эндопротездеуге ұшыраған ересек емделушілерде КТА алдын алуға арналған тәулігіне 2 рет 2,5 мг апиксабан тиімділігі мен қауіпсіздігі, тиісінше, операциядан кейін 12-24 сағаттан соң немесе операцияға дейін 9-15 сағат бұрын тәулігіне бір рет теріастылық 40 мг эноксапаринмен салыстырылды. Апиксабан эноксапаринмен салыстырылғанда мынадай негізгі тиімділік көрсеткіштерінің статистикалық мәнді басым түсетін төмендеуін көріністеген: КТА/барлық себептерден болатын өлім көріністерінің жиілігі ұршық буынын эндопротездеу кезінде, тиісінше, 1,39% және 3,86%, ал тізе буынында, тиісінше, 15,06% және 24,37%, ауқымды КТА жиілігі ұршық буыны үшін, тиісінше, 0,45% және 1,14%, ал тізе буыны үшін, тиісінше, 1,09% және 2,17% құраған. Мол көлемде қан кетулердің (негізгі қауіпсіздік көрсеткіші), мол көлемде қан кетулер мен клиникалық мәнді аумақтық қан кетулердің (КМАҚ) тұтас алғанда барлық қан кетулердің жиілігі 2,5 мг апиксабан алған емделушілерде және 40 мг эноксапарин алған емделушілерде ұқсас болды. Жалпы, зерттеулерде жағымсыз реакциялар – қан кетулер, анемия немесе трансаминазалар деңгейінің қалып шегінен ауытқу жиілігі апиксабан алған емделушілерде, эноксапарин алған емделушілермен салыстырғанда, төмен болды.

Жүрекшелердің клапанды емес фибрилляциясы (ЖКЕФ) бар емделушілерде инсульттің және жүйелі эмболияның алдын алу

Жүрекшелердің клапанды емес фибрилляциясы (ЖКЕФ) бар емделушілер қатысқан клиникалық зерттеулерде апиксабан варфариннен статистикалық мәнді артықшылығын көріністеді, бұл инсульттердің (геморрагиялық немесе ишемиялық) және жүйелі эмболияның алдын алуда бірінші тиімділік көрсеткіші бойынша бағаланды. Тәулігіне екі рет 5 мг дозалау режимінде (немесе кейбір емделушілерде тәулігіне екі рет 2,5 мг) немесе 20 ай бойы варфарин (ХҚҚ мәндерінің берілген ауқымы 2,0-3,0) қолданылғанда апиксабан, варфаринмен салыстырғанда, инсульттер мен жүйелі эмболиялардың аз жиілігін көріністеді: 0,79 салыстырмалы қауіп тұсында, тиісінше, жылына 1,27% және жылына 1,60% (95 % СА және р=0,0114 тұсында, тиісінше, 0,66 және 0,95).

Тиімділіктің екіншілік көрсеткіштері – ауқымды қан кетулер жиілігінде де және барлық себептерден болатын өлім жиілігінде де статистикалық мәнді артықшылыққа қол жеткізілді. АІЖ ағзаларындағы (асқазан-ішек жолының (АІЖ) жоғарғы және төменгі бөлімдеріндегі қан кетуді, тік ішектен қан кетуді қоса) мол көлемде қан кету жағдайларының жиілігі (Халықаралық тромбоз және гемостаз қоғамы, ISTH критерийлері бойынша) апиксабан үшін жылына 0,76 % және варфарин үшін жылына 0,86 % құрады. ХҚҚ мәндеріне мониторинг жасаудың күшейтілуіне қарай апиксабанның барлық себептерден болатын өлімге ұшырауға қатысты байқалатын варфариннен артықшылығы: 0,89 салыстырмалы қауіп тұсында жылына 3,52% және жылына 3,94% (95 % СА және р= 0,04650 тұсында,тиісінше, 80 және 1,00) төмендейді.

Жағымсыз реакциялар себебі бойынша емдеуді тоқтатқан жағдайлардың жалпы жиілігі апиксабан үшін 1,8 % және варфарин үшін 2,6 % құрады.

Басқа зерттеудегі ЖКЕФ бар емделушілерде ацетилсалицил қышқылымен (АСҚ) салыстырғанда апиксабан 14 ай бойы тәулігіне бір рет 81 мг, 162 мг, 243 мг немесе 324 мг дозалардағы сол дозалау режимінде АСҚ-дан статистикалық мәнді артықшылығын көріністеді, онда инсульттердің (геморрагиялық, ишемиялық немесе анықталмаған типтегі) және жүйелі эмболияның алдын алудағы бірінші тиімділік көрсеткіші бойынша бағаланды: инсульт және жүйелі эмболия жиілігі апиксабан үшін 0,45 салыстырмалы қауіп тұсында жылына 1,62% және АСҚ үшін жылына 3,63% құрады (95 % СА және р< 0,0001 тұсында, тиісінше, 0,32 және 0,62). Тиімділіктің екіншілік көрсеткіші – 0,79 салыстырмалы қауіп тұсында барлық себептерден болатын өлім, тиісінше, жылына 3,51% және жылына 4,42% (95 % СА және р=0,0680 тұсында, тиісінше, 62 және 1,02). Жағымсыз реакциялар себебі бойынша емдеуді тоқтатқан жағдайлардың жалпы жиілігі апиксабан үшін 1,5% және АСҚ үшін 1,3% құрады. Апиксабан мен АСҚ топтары арасындағы мол көлемде қан кету жағдайларының жиілігінде статистикалық мәнді айырмашылық болмаған.

Балалар жасындағы емделушілер

Балалар жасындағы емделушілерде көктамырлық және артериялық эмболиялар мен тромбоздар жиілігіне Эликвистің ықпал етуі жөніндегі деректер жеткіліксіз.

Қолданылуы

Эликвис 2,5 мг

- ересек емделушілерде ұршық немесе тізе буынын жоспарлы эндопротездеуден кейінгі көктамырлық тромбоэмболия асқынуларының (КТА) алдын алуда

Эликвис 2,5 мг және 5 мг

- алдыңғы инсульт немесе транзиторлы ишемиялық шабуыл (ТИШ), 75 жас және одан асқандар, артериялық гипертензия, қант диабеті, NYHA бойынша II-IV КФ созылмалы жүрек жеткіліксіздігі (Нью-Йорк кардиологиялық қауымдастығының жіктемесі бойынша) сияқты бір немесе бірнеше қауіп факторлары бар жүрекшелердің клапанды емес фибрилляциясы (ЖКЕФ) бар ересек емделушілерде инсульт пен жүйелі эмболияның алдын алуда

- терең көктамырлар тромбозын (ТКТ) және өкпе артериясының тромбоэмболиясын (ӨАТЭ) емдеу, сондай-ақ ересектердегі қайталанатын ТКТ және ӨАТЭ алдын алуда

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке, ас ішуге байланыссыз.

Эликвис таблеткаларын сумен ішіп жұту қажет.

КТА алдын алу: ұршық немесе тізе буынын жоспарлы эндопротездеу

Ұсынылатын Эликвис дозасы тәулігіне екі рет 2,5 мг құрайды. Алғашқы дозасын операциядан кейін 12-24 сағат ішінде қабылдау керек.

Көрсетілген аралықта препарат қабылдау уақытын таңдағанда дәрігерлер КТА және араласудан кейінгі қан кету қатерінің алдын алу үшін антикоагулянттық емді ертерек бастаудың әлеуетті пайдасын саралауды жетекшілікке алуына болады.

Ұршық буынын эндопротездеуден кейінгі емделушілер үшін

Ұсынылатын ем ұзақтығы 32-ден 38 күнге дейін құрайды.

Тізе буынын эндопротездеуден кейінгі емделушілер үшін

Ұсынылатын ем ұзақтығы 10-нан 14 күнге дейін құрайды.

Жүрекшелердің клапанды емес фибрилляциясы (ЖКЕФ) бар емделушілерде инсульттің және жүйелі эмболияның алдын алу

Ұсынылатын Эликвис дозасы тәулігіне екі рет 5 мг құрайды.

Дозаны азайту

ЖКЕФ және кем дегенде мынадай екі қауіп факторы бар:

- 80 жастағы және одан асқан,

- дене салмағы ≤ 60 кг

- қан сарысуындағы креатинин концентрациясы ≥ 1,5 мг/дл (133 мкмоль/л)

болатын емделушілерге ұсынылатын Эликвис дозасы тәулігіне екі рет 2,5 мг құрайды.

Ем ұзаққа созылуы тиіс.

ТКТ емдеу, ӨАТЭ емдеу және қайталанатын ТКТ және ӨАТЭ алдын алуда (КТЭА емдеу)

Жедел ТКТ емдеу және ӨАТЭ емдеу үшін Эликвис препаратының ұсынылатын дозасы бастапқы 7 күн ішінде тәулігіне екі рет пероральді қабылданатын 10 мг, содан кейін тәулігіне екі рет пероральді қабылданатын 5 мг құрайды. Қолда бар медициналық ұсыныстарға сәйкес емдеудің ең аз ұзақтығы (3 айдан кем емес) уақытша қауіп факторына (мысалы, жуырдағы хирургиялық араласулар, жарақат немесе иммобилизация) негізделуі тиіс.

Қайталанатын ТКТ және ӨАТЭ алдын алу үшін Эликвис препаратының ұсынылатын дозасы тәулігіне екі рет пероральді қабылданатын 2,5 мг құрайды. Көрсетілімде қайталанатын ТКТ және ӨАТЭ алдын алу болғанда препаратты тәулігіне екі рет пероральді 2,5 мг қабылдауды төмендегі 1 кестеде көрсетілгендей Эликвис препаратымен немесе басқа антикоагулянтпен 6 айлық емдеу курсы аяқталғаннан кейін бастау керек.

1 кесте.

 

Дозалау режимі

Ең жоғары тәуліктік доза

ТКТ және ӨАТЭ емдеу

бастапқы 7 күн ішінде тәулігіне екі рет 10 мг

20 мг

Содан кейін 5 мг тәулігіне екі рет

10 мг

ТКТ және ӨАТЭ

6 айлық емдеу курсы аяқталғаннан кейін қайталанатын ТКТ және (немесе) ӨАТЭ алдын алу

2,5 мг тәулігіне екі рет

5 мг

Емнің ұзақтығы негізінен қан кету туындауы қаупімен салыстыру бойынша ем пайдасына мұқият баға беруден кейін жеке таңдау керек.

Препарат қабылдауды өткізіп алу

Егер препарат дозасын қабылдауды өткізіп алса, емделуші дереу Эликвис қабылдап, артынан тәулігіне екі реттік режимде қабылдауды жалғастыруы тиіс.

Препаратты ауыстыру

Парентеральді антикоагулянттармен емнен Эликвиске ауыстыруды (әрі керісінше) келесі дозаны қабылдау жоспарланған сәтте жүзеге асыруға болады («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

K витамині антагонистерімен (КВА) емдеуден Эликвиске көшу

Емделушілерді K витамині антагонистерімен  (КВА) емдеуден Эликвиске ауыстырғанда варфарин немесе басқа КВА қабылдауды тоқтатып, халықаралық қалыптасқан қатынас (ХҚҚ) мәні 2,0-ден аз болғанда Эликвис қабылдауды бастау керек.

Эликвиспен емдеуден КВА еміне көшу

Емделушілерді Эликвиспен емдеуден КВА еміне көшіргенде КВА емі басталған соң кемінде екі күн бойы Эликвис қабылдауды жалғастырған жөн. Эликвис пен КВА бір мезгілде қолданылған 2 күннен кейін кесте бойынша келесі Эликвис дозасын қабылдағанша ХҚҚ мәнін анықтау қажет. ХҚҚ ≥ 2,0 мәніне жеткенше бір мезгілде Эликвис пен КВА қабылдау жалғастырылады.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Айрықша нұсқаулар

КТА алдын алу: ұршық немесе тізе буынын жоспарлы эндопротездеу

Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл және орташа емделушілерде препарат дозасын түзету қажет емес («Айрықша нұсқауларын» қараңыз»).

Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр емделушілерде (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) апиксабан қолданудың шектеулі клиникалық деректері осы қауымдағы емделушілер плазмасында препарат мөлшерінің жоғарылауын көрсетеді, сондықтан Эликвис оларда сақтықпен пайдаланылу керек («Фармакокинетикасы» және «Айрықша нұсқаулар» бөлімдерін қараңыз»).

Жүрекшелердің клапанды емес фибрилляциясы (ЖКЕФ) бар емделушілерде инсульттің және жүйелі эмболияның алдын алу

Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл және орташа емделушілерде препарат дозасын түзету қажет емес («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз).

Жасы 80-ге келіп, одан аса ұлғайған немесе ≤ 60 кг дене салмағы қан сарысуында креатининнің ≥ 1,5 мг/дл деңгейіне (133 мкмоль/л) ұласқан емделушілер тәулігіне екі рет апиксабанның азайтылған 2,5 мг дозасын алуы тиіс.

Ауыр бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) - айрықша критерийге жауап беретін емделушілер де тәулігіне екі рет апиксабанның азайтылған 2,5 мг дозасын алуы тиіс.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауыр ауруы коагулопатияға және клиникалық мәнді қан кету қатеріне ұласқан емделушілерге Эликвис қабылдау қарсы көрсетілімді («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).

Айрықша нұсқаулар

Айрықша нұсқаулар

Бауыр ферменттерінің белсенділігі жоғарылаған (АЛТ/АСТ жоғарғы қалып шегінен 2 еседен аса жоғары) немесе жалпы билирубин жоғарғы қалып шегінен 1,5 есе және одан да көп жоғары емделушілер клиникалық зерттеуге қосылмаған. Осыған орай, емделушілердің осы тобында Эликвис сақтықпен қолданылу керек («Фармакокинетикасы» және «Айрықша нұсқаулар» бөлімдерін қараңыз).

Эликвис қабылдау басталғанша бауыр функциясына зерттеу жүргізу қажет.

Дене салмағы

Емделушінің жай-күйі дозаны азайту қажеттілігі критерийлеріне сай болған жағдайларды қоспағанда, препарат дозасын түзету қажет емес (Осы бөлімнің басындағы «Дозаны азайтуды» қараңыз).

Жынысы

Препарат дозасын түзету қажет емес («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз).

Егде жастағы емделушілер

Емделушінің жай-күйі дозаны азайту қажеттілігі критерийлеріне сай болған жағдайларды қоспағанда, препарат дозасын түзету қажет емес (Осы бөлімнің басындағы «Дозаны азайтуды» қараңыз).

Балалар жасындағы емделушілер

18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде Эликвис қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Деректер жоқ.

Жағымсыз әсерлері

Эликвис қауіпсіздігі КТА алдын алу мақсатындағы зерттеуге қатысқан 5924 емделушіде және препаратты, тиісінше, орта есеппен 20 күн - 1,7 жыл бойы қабылдаған ЖКЕФ бар 11 886 емделушіде зерттелген.

КТА алдын алу зерттеулерінде жағымсыз реакциялар тәулігіне екі рет 2,5 мг дозада апиксабан алған 11 % емделушіде зерттелген. Кең таралған жағымсыз реакциялар қатарына анемия, қан кету, соғылу және жүрек айну кірген.

III фазадағы екі зерттеу барысында жағымсыз реакциялар тәулігіне екі рет апиксабан (5 мг немесе 2,5 мг дозада) алған ЖКЕФ бар 24,4 % емделушіде (апиксабан қолданудың варфаринмен салыстырылған зерттеуі) және 9,6 % емделушіде (апиксабан қолданудың АСҚ-мен салыстырылған зерттеуі) білінді.

Апиксабан қабылдау кезіндегі жиі жағымсыз реакциялар мұрыннан қан кету, көгеру, гематурия, гематома, көзден және асқазан-ішектен қан кету болды.

Апиксабан қабылдау кезінде қан кетумен байланысты жағымсыз реакциялардың жалпы жиілігі апиксабан қолданудың варфаринмен салыстырылған зерттеуінде 24,3 % және апиксабан қолданудың АСҚ-мен салыстырылған зерттеуінде 9,6 % құрады («Фармакодинамикасы» бөлімін қараңыз).

Апиксабан қолданудың варфаринмен салыстырылған зерттеуінде (ISTH шкаласы бойынша) асқазан-ішектен мол көлемде қан кету жиілігі (АІЖ жоғарғы бөліміндегі, АІЖ төменгі бөліміндегі және тік ішектегі қан кетулерді қоса) апиксабан қабылдау кезінде жылына 0,76 % құрады. Апиксабан қабылдау кезінде көзішілік мол көлемде (ISTH шкаласы бойынша) қан кетулер жиілігі жылына 0,18 % құрады.

Жағымсыз реакциялардың пайда болу жиілігі былайша жіктелді: өте жиі (≥ 1/10); жиі (≥ 1/100 және < 1/10); жиі емес (≥ 1/1 000 және < 1/100); сирек (≥ 1/10 000 және < 1/1000); өте сирек (< 1/10 000); белгісіз (қолда бар деректер бойынша анықтау мүмкін емес).

КТА алдын алу кезіндегі жағымсыз әсерлері

Жиі

- анемия (операциядан кейінгі және геморрагиялық анемияны, сондай-ақ зертханалық талдаулардың тиісті нәтижелерін қоса)

- қан кету (гематоманы, қынаптық және уретралық қан кетуді қоса)

- жүрек айну

- көгеру

Жиі емес

- тромбоцитопения (тромбоциттер санының азаюын қоса)

- гипотензия (емшараны орындау барысындағы гипотензияны қоса)

- мұрыннан қан кету

- АІЖ-нан қан кету (қан аралас құсу мен меленаны қоса), нәжісте өзгермеген қанның болуы

- трансаминазалар белсенділігінің жоғарылауы (аланинаминотрансфераза белсенділігінің жоғарылауын және аланинаминотрансфераза деңгейінің қалыптан ауытқуын қоса), аспартатаминотрансфераза белсенділігінің жоғарылауы, гаммаглутамилтрансфераза деңгейінің артуы, бауыр функциясын талдау нәтижелерінің қалып шегінен ауытқуы, қандағы сілтілік фосфатаза деңгейінің артуы, қандағы билирубин деңгейінің ұлғаюы

- гематурия (зертханалық талдаулар нәтижелерінің тиісті көрсеткіштерін қоса)

- емшарадан кейінгі қан құйылу (емшара орындалғаннан кейінгі гематоманы, жарақаттан қан кетуді, тамырлар тесілген жердегі гематома мен катетер орнатқан жердегі қан кетуді қоса), жарақаттан бөліністер, тілінген жердегі қан кету (тілінген жердегі гематоманы қоса), операция барысында қан кету

Сирек

- аса жоғары сезімталдық реакциялары

- көзішілік қан құйылу (конъюнктивалық қан құйылуды қоса)

- қан түкіру

- ректальді қан кету, қызылиектен қан кету

- бұлшықеттен қан кету

ЖКЕФ бар емделушілердегі жағымсыз әсерлері

Жиі

- көзішілік қан құйылу, конъюнктивалық қан құйылуды қоса

- басқа қан кету түрлері, гематома

- мұрыннан қан кету

- АІЖ-нан қан кету (қан аралас құсу мен меленаны қоса), ректальді қан кету, қызыиектен қан кету

- гематурия

- соғылу

Жиі емес

- аса жоғары сезімталдық, тері бөртпесін, анафилактикалық реакция мен аллергиялық ісінуді қоса

- миға қан құйылу, бассүйекішілік және омыртқаішілік қан құйылуды қоса (субдуральді гематоманы, субарахноидальді қан құйылуды және жұлын гематомасын қоса)

- құрсақішілік қан кету

- геморроидальді қан кету, нәжісте өзгермеген қанның болуы, ауыз қуысынан қан кету

- патологиялық қынаптық қан кетулер, урогенитальді қан кетулер

- енгізген жерден қан кету

- жарақаттық қан кету, емшарадан кейінгі қан кету, тілінген жердегі қан кету

Сирек

- тыныс жолдарынан қан кету (өкпенің альвеолярлы қан кетуін, көмей мен жұтқыншақтан қан кетуді қоса)

- ішперде артында қан кету

- жасырын қан кетуге оң сынама

Айрықша нұсқаулар

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе препараттың қосымша заттарының кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

- клиникалық тұрғыда айқын белсенді қан кету

- коагулопатияға және қан кетудің клиникалық мәнді даму қаупіне ұласқан бауыр ауруы («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз)

- зақымдану ошағының немесе мол көлемде қан кетудің айқын қаупімен байланысты ахуалдың болуы, мысалы, қазіргі уақыттағы немесе таяу арада бұрын болған АІЖ ойық жарасы, қан кету қаупі жоғары болатын қатерлі жаңа түзілімдердің болуы, таяуда болған ми немесе жұлын жарақаты, миға, жұлынға немесе көзге таяуда жасалған операция, таяуда болған бассүйекішілік қан кету, анықталған немесе күдік тудыратын өңеш көктамырларының варикозды кеңеюі, тамырлар дамуының артериялық-көктамырлық аномалиялары, тамырлар аневризмасы немесе ірі омыртқаішілік немесе ми тамырларының патологиялық жай-күйлері

- кез келген басқа антикоагулянтпен, мысалы, фракцияланбаған гепаринмен (ФГ), төмен молекулалы гепариндермен (эноксапарин, далтепарин және т. б.), гепарин туындыларымен (фондапаринукс және т. б.), ішуге арналған антикоагулянттармен (варфарин, ривароксабан, дабигатран және т. б.) бір мезгілде қолдану, апиксабанмен емдеуге немесе апиксабан емінен көшетін («Қолдану тәсілі» бөлімін қараңыз) немесе орталық көктамырлық немесе артериялық катетердің өткізілуін қамтамасыз ету үшін ФГ қажетті дозаларда енгізілетін жағдайлардан басқа

- тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылық, Лапп лактаза тапшылығы немесе глюкоза және галактоза мальабсорбциясы синдромы

- жүктілік

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

CYP3A4 және P-gp тежегіштері

Апиксабанды CYP3A4 және P-gp күшті тежегіші - кетоконазолмен (тәулігіне бір рет 400 мг) бір мезгілде қабылдау орташа апиксабан AUC 2 есе ұлғаюына және орташа апиксабан Cmax 1,6 есе артуына алып келген.

Азолдар тобының антимикотиктері (мысалы, кетоконазол, итраконазол, вориконазол және позаконазол) сияқты CYP3A4 және P-gp тежегіштері мен АИВ протеазасы тежегіштерін (мысалы, ритонавир) бір мезгілде жүйелі қолданатын емделушілерде Эликвис қолдану ұсынылмайды («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).

CYP3A4 және P-gp күшті тежегіштері болып саналатын белсенді заттар (мысалы, дилтиазем, напроксен, амиодарон, верапамил, хинидин) аз дәрежеде плазмадағы апиксабан концентрациясын арттырады деп жорамалданады. Мысалы, CYP3A4 орташа тежегіші және P-gp әлсіз тежегіші болып саналатын дилтиазем (тәулігіне бір рет 360 мг дозада) апиксабан AUC орташа мәнінің 1,4 есе жоғарылауын және Cmax орташа мәнінің 1,3 артуын туындатады. P-gp тежегіші болып табылатын, бірақ CYP3A4 тежемейтін напроксен (бір реттік 500 мг дозасы) орташа AUC және Cmax мәндерін, тиісінше, 1,5 және 1,6 есе арттырады. CYP3A4 және/немесе P-gp едәуір әлсіз тежегіштерімен бір мезгілде қабылдағанда апиксабан дозасын түзету қажет емес.

CYP3A4 және P-gp индукторлары

Апиксабанды CYP3A4 және P-gp күшті индукторы – рифампицинмен бір мезгілде қабылдау апиксабан AUC және Cmax орташа мәндерін, тиісінше, 54 % және 42 % төмендеткен. Апиксабанды басқа да күшті CYP3A4 және P-gp индукторларымен (мысалы, фенитоин, карбамазепин, фенобарбитал немесе шайқурай) бір мезгілде қабылдау да қан плазмасындағы апиксабан концентрациясын төмендетуі мүмкін. Апиксабанды осындай препараттармен үйлестіріп қолданғанда алғашқысының дозасын түзету қажет емес, алайда CYP3A4 және P-gp индукторларын олармен абайлап қолдану керек («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).

Антикоагулянттар, тромбоциттер агрегациясының тежегіштері және ҚҚСП

Қан кетудің жоғары пайда болу қаупіне орай, кез келген өзге антикоагулянттармен бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімді («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).

Бір мезгілде эноксапарин (бір реттік 40 мг доза) мен апиксабан (бір реттік 5 мг доза) қолданудан кейін Xa антифактор белсенділігіне қатысты аддитивті әсері байқалды.

Тәулігіне бір рет 325 мг дозадағы АСҚ-мен апиксабан қабылдау кезінде фармакокинетикалық немесе фармакодинамикалық өзара әрекеттесулері болмаған.

Зерттеулерде апиксабанды клопидогрелмен (тәулігіне бір рет 75 мг) немесе 75 мг дозадағы клопидогрел және 162 мг дозадағы АСҚ біріктірілімімен тәулігіне бір рет бір мезгілде қабылдау кезінде қан кету ұзақтығының елеулі ұзаруы немесе әріқарай апиксабансыз антитромбоцитарлық дәрілер қабылдаумен салыстырғанда тромбоциттер агрегациясының тежелісі тіркелмеген. Қан ұю көрсеткіштерінің артуы (протромбин уақыты, ХҚҚ және ІБТУ) тек апиксабан пайдалану кезінде алынған нәтижелерге сәйкес болды.

P-gp тежегіші - напроксен (500 мг) қолдану апиксабан AUC және Cmax орташа мәндерінің, тиісінше, 1,5 және 1,6 есе артуына алып келді. Апиксабан қабылдау кезінде қан ұю көрсеткіштерін талдау нәтижелерінің тиісінше жоғарылауы байқалды. Напроксеннің арахидон қышқылымен индукцияланған тромбоциттер агрегациясына ықпал етуінде ешбір өзгеріс байқалмаған, сондай-ақ апиксабан мен напроксен бірге қолданылғаннан кейін қан кету ұзақтығының клиникалық мәнді ұзаруы болмаған.

Осы деректерге қарамастан, жекелеген емделушілерде апиксабанды басқа антитромбоцитарлық препараттармен бірге қолданғаннан кейін өте айқын фармакодинамикалық жауап байқауға болады. Эликвисті, ацетилсалицил қышқылын қоса, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілермен (ҚҚСД) бірге абайлап қолдану керек, өйткені бұл дәрілік заттар әдетте қан кету қаупін арттырады. Жедел коронарлық синдромы бар емделушілер қатысқан клиникалық зерттеуде үш препаратты: апиксабан, АСҚ және клопидогрел қабылдау кезінде қан кету қаупінің елеулі жоғарылауы анықталған («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).

Тромболитиктер, IIb/IIIa гликопротеин рецепторларының антагонистері, тиенопиридиндер (мысалы, клопидогрел), дипиридамол, декстран және сульфинпиразон сияқты күрделі қан кету қаупімен байланысты препараттарды Эликвиспен бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды.

Басқа да қатарлас ем

Апиксабанды атенололмен немесе фамотидинмен бір мезгілде қабылдағанда қандай да бір клиникалық мәнді фармакокинетикалық немесе фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер болмаған. Бір мезгілде 10 мг дозадағы апиксабан мен 100 мг дозадағы атенолол қолдану апиксабан фармакокинетикасына клиникалық мәнді әсер көрсетпеген. Екі препаратты бірге қабылдағаннан кейін апиксабан үшін AUC және Cmax орташа мәндері тек апиксабан қабылдау кезіндегіден 15 % және 18 % төмен болды. 10 мг дозадағы апиксабан мен 40 мг дозадағы фамотидинді бір мезгілде қабылдау апиксабан AUC немесе Cmax мәндеріне ықпалын тигізбеген.

Апиксабанның басқа дәрілік препараттарға ықпалы

Апиксабанның in vitro зерттеулерінде CYP1A2, CYP2A6, CYP2B6, CYP2C8, CYP2C9, CYP2D6 немесе CYP3A4 белсенділігін тежеу әсері анықталмаған (ТК50 (50%-дық тежеліс коэффициенті) > 45 мкМ) және емделушілерде байқалған плазмадағы ең жоғары концентрацияларынан асып кететін концентрациялардағы CYP2C19 белсенділігіне қатысты әлсіз тежеу әсері (ТК50 > 20 мкМ) анықталған. Апиксабан 20 мкМ дейінгі концентрацияларда CYP1A2, CYP2B6 және CYP3A4/5 индукторы болып табылмайды. Сондықтан апиксабанның бірге қолданылатын, осы ферменттермен метаболизденетін препараттардың метаболикалық клиренсін өзгертуі күтіледі. Апиксабан едәуір дәрежеде P-gp тежемейді.

Дені сау еріктілер қатысатын зерттеулерде, төменде сипатталғандай, апиксабан дигоксиннің, напроксен мен атенололдың фармакокинетикасын елеулі дәрежеде өзгертпеген.

Дигоксин: апиксабан (тәулігіне бір рет 20 мг дозада) мен P-gp субстраты болып табылатын дигоксин (тәулігіне бір рет 0,25 мг дозада) бір мезгілде қабылданғанда дигоксин AUC немесе Cmax мәндері өзгермеген. Осылайша, апиксабан P-gp субстраттарының тасымалдануын тежемейді.

Напроксен: апиксабан (10 мг) мен жиі қолданылатын ҚҚСД - напроксеннің (500 мг дозада) бір реттік дозаларын бірге қабылдау напроксен AUC немесе Cmax мәндеріне ешқандай әсерін көрсетпеген.

Атенолол: апиксабан (10 мг) мен жиі қолданылатын бета-блокатор - атенололдың (100 мг дозада) бір реттік дозаларын бірге қабылдау атенолол фармакокинетикасын өзгертпеген.

Белсендірілген көмір

Белсендірілген көмір қабылдау апиксабан әсерін төмендетеді («Артық дозалануы» бөлімін қараңыз).

Айрықша нұсқаулар

Қан кету қатері

Басқа антикоагулянттармен болған жағдайдағыдай, қан кету белгілерін анықтау үшін Эликвис қабылдайтын емделушілерге мұқият бақылау қажет. Қан кетудің жоғары қаупімен байланысты жай-күйлерде препаратты сақтықпен қолдану ұсынылады. Қатты қан кеткен жағдайда Эликвис қабылдауды тоқтату керек («Жағымсыз әсерлері» және «Артық дозалануы» бөлімдерін қараңыз).

Апиксабанмен емдеу оның қандағы концентрациясына тұрақты мониторинг жасалуын талап етпесе де, апиксабан әсері жөніндегі деректер клиникалық шешімдер қабылдауға ықпал ете алатын айрықша жағдайларда, мысалы, артық дозалану және шұғыл операциялық араласу кезінде кейде Rotachrom® жинағының көмегімен анти-Ха-факторлық белсенділігіне талдау жасау мақсатқа сай болады («Фармакодинамикасы» бөлімін қараңыз).

Гемостазға ықпал ететін басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Қан кетудің жоғары қаупіне орай, кез келген өзге антикоагулянттармен үйлестіріп қолдану қарсы көрсетілімді («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).

Эликвисті антитромбоцитарлық препараттармен бір мезгілде қабылдау қан кету қаупін арттырады («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

Ацетилсалицил қышқылын қоса, бір мезгілде қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер алатын емделушілерде абайлап жүргізу қажет.

Хирургиялық араласудан кейін Эликвиспен бір мезгілде тромбоциттер агрегациясының басқа тежегіштерін қолдану ұсынылмайды («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

Жүрекшелер фибрилляциясы және бір немесе екі антитромбоцитарлық дәрілермен емдеуді талассыз талап ететін жай-күйлері бар емделушілер үшін Эликвиспен осындай емді үйлестіру алдында әлеуетті пайдасы мен қатерінің арақатынасын тиянақты бағалау керек.

Жүрекшелер фибрилляциясы бар емделушілер қатысқан клиникалық зерттеуде бір мезгілде АСҚ қабылдау жылына 1,8 %-дан жылына 3,4 % дейін апиксабан қабылдау кезіндегі мол көлемде қан кету қаупін арттырды, сондай-ақ жылына 2,7 %-ден жылына 4,6 % дейін варфарин қабылдау кезіндегі қан кету қаупін жоғарылатты. Осы клиникалық зерттеуде екі антитромбоцитарлық препаратпен үйлестірілген ем сирек қолданылды (2,1 %).

Көптеген кардиальді және кардиальді емес қатарлас аурулары болған және АСҚ немесе АСҚ мен клопидогрел біріктірілімін алған, жедел коронарлық синдромнан кейін қан кетудің жоғары қауіп тобындағы емделушілер қатысқан клиникалық зерттеу барысында апиксабан қабылдау кезінде (жылына 5,13 %), плацебомен салыстырғанда (жылына 2,04 %), мол көлемде қан кету қатерінің едәуір жоғарылауы (International Society on Thrombosis and Haemostasis критерийлерімен сәйкес (Халықаралық тромбоз және гемостаз қоғамы, ISTH) тіркелген.

Жедел ишемиялық инсультті емдеу үшін тромболитикалық дәрілер қолдану

Апиксабан қабылдайтын емделушілерде жедел ишемиялық инсультті емдеу үшін тромболитикалық препараттарды қолданудың мейлінше мардымсыз тәжірибесі жинақталған.

Хирургиялық араласулар және инвазиялық емшаралар

Жоспарлы операция жасауға немесе орташа немесе жоғары қан кету қаупімен байланысты инвазиялық емшараға дейін, кем дегенде, 48 сағат бұрын Эликвис қабылдауды тоқтату керек. Бұған клиникалық мәнді қан кету ықтималдығы жоққа шығарылмайтын немесе қан кету қаупі қолайсыздық туғызатын араласулар жатады.

Қан кету қаупі төмен жоспарлы операциялар немесе инвазиялық емшаралар алдында Эликвис қабылдауды 24 сағаттан кешіктірмей тоқтату керек. Оған ең төмен орналасуы бойынша қатерлі шектегі емес немесе жеңіл бақыланатын қан кету күтілетін араласулар жатады.

Егер операцияны немесе инвазиялық емшараны кейінге қалдыруға болмаса, қан кету қатерінің жоғарылауын ескеріп, оларды тиісінше сақтықпен атқару керек. Қан кету қатері мен шұғыл араласу қажеттілігін салыстырған дұрыс.

Хирургиялық араласудан немесе инвазиялық емшарадан кейін, егер оған клиникалық жағдай жол берген және тиісінше гемостазға жеткен жағдайда мүмкіндігінше тезірек Эликвис қабылдауды жаңғыртқан жөн.

Емді уақытша тоқтату

Эликвисті қоса, антикоагулянттар қабылдауды тоқтату қатты қан кетудің, жоспарлы операция немесе инвазиялық емшара себебінен емделушіге төнетін тромбоз қатерін арттырады. Емдеуде үзіліс жасамаған жөн, ал егер қандай да бір себеппен Эликвиспен антикоагулянттық емді тоқтата тұру керек болса, мүмкіндік туған бойда оны жаңғырту қажет.

Жұлындық және эпидуральді анестезия немесе пункция

Нейроаксиальді анестезия (жұлын немесе эпидуральді анестезия) әлде жұлын немесе эпидуральді пункция қолданылғанда тромбоэмболиялық асқынулардың алдын алуға арналған антитромбоцитарлық препараттар алатын емделушілер эпидуральді немесе жұлын гематомасы дамитын қауіп тобында болады, бұл ұзаққа созылатын немесе қайтымсыз салдануға алып келуі мүмкін. Бұл құбылыстардың қатері хирургиялық араласудан кейін тұрақты эпидуральді катетер пайдалану немесе бір мезгілде гемостазға ықпал ететін препараттар қолдану кезінде артуы мүмкін. Тұрақты эпидуральді немесе интратекальді катетерлерді Эликвистің алғашқы дозасын қабылдаудан кемінде 5 сағат бұрын алып тастау қажет. Қан кету қатері жарақаттық немесе қайталанатын эпидуральді немесе жұлын пункциялары тұсында да артады. Емделушілерде неврологиялық бұзылулардың белгілері мен симптомдарын (мысалы, аяқтардың ұйып қалуы немесе әлсіздігі, ішек немесе қуық дисфункциясы) мұқият анықтау қажет. Неврологиялық бұзылулар болғанда шұғыл диагноз қою және емдеу қажет. Нейроаксиальді араласуға дейін дәрігер антикоагулянттық ем алатын немесе оны тромбоздың алдын алу үшін қабылдайтын емделушілер үшін әлеуетті пайда мен қатер арақатынасын талдап алу қажет.

Эликвисті тұрақты интратекальді немесе эпидуральді катетерлермен қолданудың клиникалық тәжірибесі жоқ. Апиксабанның жалпы фармакокинетикалық қасиеттерін ескеріп, соңғы дозасын қабылдау мен катетерді шығарудың арасында, осындай қажеттілік жағдайында, 20-30 сағат өтуі тиіс (яғни, 2 рет жартылай шығарылу кезеңі), әрі Эликвистің кемінде бір дозасын катетерді шығарар алдында өткізіп жіберген жөн. Келесі Эликвис дозасын катетерді шығарған соң 5 сағат өткен соң барып қолдануға болады. Жаңа антикоагулянттық препараттардың бәрімен болған жағдайдағыдай, нейроаксиальді блокадада Эликвис қолдану тәжірибесі шектеулі, сондықтан да ондай жағдайда айрықша сақтану шарасын қадағалау керек.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Креатинин клиренсі < 15 мл/мин немесе диализде жүрген емделушілерде апиксабан қолданудың клиникалық тәжірибесі болмауына орай, емделушілердің осы тобында Эликвис қабылдау ұсынылмайды («Фармакокинетикасы» және «Қолдану тәсілі» бөлімдерін қараңыз).

КТА алдын алу: ұршық немесе тізе буынын жоспарлы эндопротездеу

Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл және орташа емделушілерде препарат дозасын түзету қажет емес («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз).

Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) емделушілерде апиксабан қолданудың клиникалық деректері осы топтағы емделушілердің қан плазмасындағы препарат мөлшерінің көбеюін айғақтайды, сондықтан жоғары қан кету қатеріне орай осы емделушілерде Эликвисті монотерапия ретінде немесе ацетилсалицил қышқылымен (АСҚ) біріктіріп пайдалану керек («Фармакокинетикасы» және «Қолдану тәсілі» бөлімдерін қараңыз).

Жүрекшелердің клапанды емес фибрилляциясы (ЖКЕФ) бар емделушілерде инсульттің және жүйелі эмболияның алдын алу

Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл және орташа емделушілерде препарат дозасын түзету қажет емес («Фармакокинетикасы» және «Қолдану тәсілі» бөлімдерін қараңыз). Жасы 80-ге келіп, одан аса ұлғайған немесе ≤ 60 кг дене салмағы қан сарысуында креатининнің ≥ 1,5 мг/дл деңгейіне (133 мкмоль/л) ұласқан емделушілер тәулігіне екі рет апиксабанның 2,5 мг азайтылған дозасын алуы тиіс. Айрықша критерийге жауап беретін – бүйрек жеткіліксіздігі ауыр (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) емделушілер де тәулігіне екі рет апиксабанның 2,5 мг азайтылған дозасын алуы тиіс («Қолдану тәсілі» бөлімін қараңыз)

Егде жастағы емделушілер

Егде жастағы емделушілерде бір мезгілде Эликвис пен АСҚ қабылдау, қан кетудің жоғары қаупінің зор екеніне орай, сақтануды талап етеді.

Бауыр жеткіліксіздігі

Эликвис қабылдау бауыр ауруы коагулопатияға және клиникалық маңызды қан кетудің даму қатеріне ұласқан емделушілерге қарсы көрсетілімді («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).

Препаратты бауыр жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесіндегі емделушілерге қабылдау ұсынылмайды («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз).

Бауыр жеткіліксіздігі жеңіл және орташа дәрежелі (Чайлд-Пью шкаласы бойынша А немесе В класы) емделушілерде препаратты сақтықпен қолдану керек («Фармакокинетикасы» және «Қолдану тәсілі» бөлімдерін қараңыз).

Бауыр ферменттерінің белсенділігі жоғары (АЛТ/АСТ деңгейі жоғарғы қалып шегінен 2 еседен аса жоғары) немесе жалпы билирубині жоғарғы қалып шегінен 1,5 есе және одан аса жоғары емделушілер клиникалық зерттеулерден шығарылды. Осыған орай, емделушілердің осы тобында Эликвисті сақтықпен қолдану керек («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз). Эликвис қабылдау басталғанша бауыр функциясына зерттеу жүргізу қажет.

P450 3A4 (CYP3A4) және P-гликопротеин (P-gp) цитохромы тежегіштерімен өзара әрекеттесуі

Азолдар тобының антимикотиктері (мысалы, кетоконазол, итраконазол, вориконазол және позаконазол) мен АИВ протеазасының тежегіштері сияқты (мысалы, ритонавир) CYP3A4 және P-gp күшті тежегіштерімен бір мезгілде жүйелі ем алатын емделушілерде Эликвис қолдану ұсынылмайды. Бұл дәрілік препараттар апиксабан әсерін 2 есе немесе апиксабан әсерін күшейтетін қосымша факторлар (мысалы, ауыр бүйрек жеткіліксіздігі) болғанда одан да артық күшейтуі мүмкін («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

CYP3A4 және P-gp индукторларымен өзара әрекеттесуі

Эликвисті CYP3A4 және P-gp күшті индукторларымен (мысалы, рифампицин, фенитоин, карбамазепин, фенобарбитал немесе кәдімгі шайқурай) бір мезгілде қолдану апиксабан әсерін шамамен 50 % төмендетуі мүмкін. Жүрекшелер фибрилляциясы бар емделушілер қатысқан клиникалық зерттеуде апиксабан мен CYP3A4 және P-gp күшті индукторлары бірге қолданылғанда, апиксабан монотерапиясымен салыстырғанда, препарат тиімділігінің төмендеуі мен едәуір жоғары қан кету қаупі байқалды. CYP3A4 және P-gp күшті индуктортарын апиксабанмен бірге абайлап қолдану керек («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

Ұршық буыны сынуларын операциялық емдеу

Апиксабан клиникалық зерттеулерде ұршық буынының сынуларына орай хирургиялық операция жасалған емделушілердің қатысуымен зерттелмеген, сондықтан да осындай емделушілерде қолдану тиімділігі мен қауіпсіздігіне баға берілмеген. Осыған орай, емделушілердің осы тобында препарат қолдану ұсынылмайды.

Зертханалық талдаулар параметрлері

Күтілгендей, апиксабан әсер ету механизмі қан ұюының талдау нәтижелерінен (мысалы, протромбин уақыты, ХҚҚ және ІБТУ) көрінеді. Эликвистің күтілімді емдік дозалары тұсында қан ұюының осындай талдауларының нәтижелерінен байқалатын өзгерістер онша емес және жоғары құбылу дәрежесімен сипатталады («Фармакодинамикасы» бөлімін қараңыз).

Қосымша заттар туралы мәліметтер

Эликвис құрамында лактоза бар. Сирек тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылығы, Лапп лактаза тапшылығы немесе глюкоза және галактоза мальабсорбциясы синдромы бар емделушілерге аталған дәрілік препаратты қабылдауға болмайды.

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүкті әйелдерде апиксабан қолдану туралы деректер жоқ. Жануарларда жүргізілген зерттеулер апиксабанның репродуктивтік функцияға тікелей және жанама жайсыз уытты әсерлерінің жоқ екенін айғақтайды. Жүктілік кезінде апиксабан қолдану ұсынылмайды.

Апиксабан немесе оның метаболиттері әйелдің емшек сүтіне бөлінуі белгісіз. Жануарларда жүргізілген зерттеулердің қолда бар деректері апиксабанның сүтке өтетінін көрсетті. Жаңа туған нәрестелер мен емшек еметін сәбилер үшін қатері жоққа шығарылмайды.

Не бала емізуді тоқтату туралы, не Эликвиспен емдеуді тоқтату немесе тоқтата тұру туралы шешім қабылдау қажет.

Репродуктивтік функция

Жануарларда жүргізілген апиксабан зерттеулерінде репродуктивтік функцияға ықпал етуі анықталмаған.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Эликвис автокөлік басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне ықпалын тигізбейді немесе оған болымсыз дәрежеде әсер етеді.

Артық дозалануы

Симптомдары: Эликвиспен артық дозалану қан кету қаупін жоғарылатуы мүмкін. Дені сау еріктілерде 3-7 күн бойы тәулігіне 50 мг дейінгі ішуге арналған дозаларда (7 күн бойы тәулігіне екі рет 25 мг немесе 3 күн бойы тәулігіне бір рет 50 мг) қолданылған апиксабанның бақыланатын клиникалық зерттеулерінің барысында клиникалық мәнді жағымсыз әсерлері тіркелмеген.

Емі: геморрагиялық асқынулар жағдайында препарат қабылдауды тоқтатып, қан кету көзін тексеру керек. Тиісті емдеуді бастау, мысалы, хирургиялық гемостаз немесе жаңадан мұздатылған плазма трансфузиясы мақсатқа сай болуы мүмкін. Эликвис артық дозалануы кезінде у қайтарғысы жоқ.

Дені сау еріктілерде 20 мг дозада апиксабан қабылданғаннан кейін 2 және 6 сағаттан соң белсендірілген көмір қабылдау апиксабан AUC орташа мәнін, тиісінше, 50 % және 27 % төмендетіп, Cmax мәніне әсер етпеген. Апиксабанның орташа жартылай шығарылу кезеңі тек апиксабан қабылдағанда, тиісінше, 13,4 сағаттан бастап 5,3 сағатқа және 4,9 сағатқа дейін, белсендірілген көмір қабылдағанда апиксабаннан кейін 2 және 6 сағаттан соң төмендеген. Осылайша, белсендірілген көмір қабылдау апиксабанның кездейсоқ немесе көзделмеген артық дозалануында пайдалы бола алады.

Егер өмірге қатер төндіретін қан кетуді жоғарыда баяндалған әдістермен тоқтату мүмкін болмаса, рекомбинантты VIIa фактор енгізуді қарастыруға болады. Алайда, қазіргі уақытта апиксабан алатын тұлғаларда рекомбинантты VIIa фактор қолдану тәжірибесі жоқ. Қан кету әлсірегенде дозасын өзгертіп, рекомбинантты VIIa факторды қайталап енгізуге болады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан поливинилхлорид/поливинилдихлоридтен жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.

2 немесе 6 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

Сақтау шарттары

30°C-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Бристол-Майерс Скуибб Мануфактуринг Кампани

Стэйт Роуд №3, Км 77.5

Хьюмакао, Пуэрто Рико 00791

Қаптаушы

Бристол-Майерс Скуибб С.р.л., Лок. Фонтана дель Черасо 03012 Анагни (ФР), Италия

Тіркеу куәлігінің иесі:

Пфайзер Эйч Си Пи Корпорэйшн, АҚШ

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан тауар сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Пфайзер Эйч Си Пи Корпорэйшн» компаниясының өкілдігі (АҚШ)

Алматы қ., Абылай хан д-лы, 141

тел. (727) 272-27-01, 250-09-16

факс (727) 272-04-06

Прикрепленные файлы

987170601477976698_ru.doc 149.5 кб
107549071477977840_kz.doc 233.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники