Экватор® (20 мг/5 мг)

МНН: Амлодипин, Лизиноприл
Производитель: Гедеон Рихтер ОАО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ингибиторы АПФ в комбинации с блокаторами кальциевых каналов
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020564
Информация о регистрации в РК: 25.05.2018 - 25.05.2023

Инструкция

Саудалық атауы

Экватор®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Таблеткалар, 20 мг/5 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 20 мг лизиноприл (21,76 мг лизиноприл дигидраты түрінде), 5 мг амлодипин (6,94 мг амлодипин бесилаты түрінде),

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза 101, микрокристалды целлюлоза 12, натрий крахмалының гликоляты (А типті), магний стеараты.

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, ақ немесе ақ дерлік түсті, бір жағында «GF2» өрнегі бар таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Басқа препараттармен біріктірілімдегі АКФ тежегіштері. АКФ тежегіштері «баяу» кальций өзекшелері блокаторларымен біріктірілімде.

АТХ коды С09ВВ

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Лизиноприл

Сіңуі

Жедел миокард инфарктісі бар емделушілерде қан сарысуындағы ең жоғары концентрациясына жету уақытында аздап іркілуге тенденция байқалса да, ішке қабылдағаннан кейін препарат плазмадағы ең жоғары концентрациясына 7 сағаттан кейін жетеді. Несеппен шығарылуы туралы деректер негізінде лизиноприлдің орташа сіңу дәрежесі шамамен 25 % құрайды, әртүрлі емделушілердегі дозаның зерттелген диапазонында (5 –тен 80 мг дейін) ауытқуы 6 -дан 60 %-ға дейінді құрайды. Жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде лизиноприлдің абсолютті биожетімділігі шамамен 16 %-ға дейін төмендейді. Лизиноприлдің сіңуі тамақ ішуге байланыссыз.

Таралуы және ақуыздармен байланысуы

Ангиотензин-өзгертуші ферменттен басқа (АӨФ), қан плазмасындағы ақуыздармен мүлде дерлік байланыспайды. Гематоэнцефалдық бөгет арқылы өткізгіштігі төмен.

Метаболизм

Лизиноприл организмде метаболизденбейді.

Шығарылуы

Бүйрекпен өзгермеген түрде шығарылады. Жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) 12,6 сағ құрайды. Лизиноприлдің бүйректік клиренсі шамамен 50 мл/мин құрайды. Қан сарысуындағы концентрация төмендеуі жартылай шығарудың ұзақ терминальді кезеңіне ие, бұл препараттың организмде жинақталуына ықпал етпейді. Жартылай шығарудың бұл терминальді кезеңі АӨФ қаныққан байланысуды көрсетуі және дозаға тәуелді сипатта болмауы ықтимал.

Емделушілердің жекелеген топтарындағы фармакокинетика

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек функциясының бұзылуы бүйрек арқылы шығарылатын лизиноприл шығарылуын төмендетеді, бірақ бұл төмендеу тек шумақтық сүзіліс жылдамдығы 30 мл/мин кем болса ғана клиникалық мәнге болады. Жеңіл және орташа бүйрек жеткіліксіздігінде (креатинин клиренсі 30-80 мл/мин) «концентрация –уақыт» қисығы астындағы ауданның (AUC) орташа мәні 13 %-ға артады, ауыр бүйрек жеткіліксіздігінде (креатинин клиренсі 5-30 мл/мин) AUC орташа мәнінің 4,5 есеге артқаны байқалды.

Лизиноприл организмнен гемодиализ жолымен шығарылады. 4 сағат гемодиализден кейін қан плазмасындағы лизиноприл концентрациясы орташа алғанда 60 %-ға төмендейді. Диализді клиренс 40-тан 55 мл/мин дейінгі шаманы құрайды.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауыр циррозы бар емделушілердегі бауыр функциясы бұзылуы лизиноприл сіңуі төмендеуіне (несеп шығарылуы бойынша деректерге сәйкес шамамен 30 %-ға) алып келді, алайда клиренсі төмендеуіне байланысты дені сау емделушілермен салыстырғанда препарат әсері (шамамен 50 %-ға) артқан.

Жүрек жеткіліксіздігі

Жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілер плазмасында зерттеудің дені сау қатысушыларымен салыстырғанда (AUC орташа алғанда 125 % артқан) лизиноприл концентрациясы үлкен болады, бірақ несеп шығарылуы туралы деректер негізінде олардағы лизиноприл сіңуі дені сау қатысушыларымен салыстырғанда шамамен 16 %-ға төмендейді.

Егде жастағы емделушілер

Егде жастағы емделушілерде жас емделушілерге қарағанда қан плазмасындағы лизиноприл концентрациясы және AUC мәні (шамамен 60 %-ға) үлкен.

Амлодипин

Сіңуі

Амлодипин емдік дозаларын қабылдағаннан кейін қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына қолданудан кейін 6-12 сағаттан соң жете отырып, жақсы сіңеді. Тамақ ішу препарат сіңуіне әсер етпейді. Амлодипиннің абсолютті биожетімділігі 64 - 80 % құрайды.

Таралуы және ақуыздармен байланысуы

Таралу көлемі шамамен 21 л/кг тең болады. In vitro зерттеулері амлодипиннің шамамен 97,5 %-ы қан плазмасындағы ақуыздармен байланысатынын көрсетті.

Метаболизм және шығарылуы

Плазмадан терминальді жартылай шығарылу кезеңі шамамен 35-50 сағатты құрайды және препаратты тәулігіне бір рет қабылдауға сәйкес келеді. Амлодипин бауырда белсенді емес метаболитке қарқынды метаболизденеді, және бастапқы қосылыстардың тек 10 %-ы ғана және метаболиттердің 60 % ғана несеппен шығарылады.

Емделушілердің жекелеген топтарындағы фармакокинетика.

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде амлодипин клиренсі төмендеуі және AUC мәні артуы және жартылай шығарылу кезеңінің шамамен 40-60 %-ға ұлғайғаны байқалды.

Егде жастағы емделушілерде препараттың плазмадағы ең жоғары концентрациясына жету уақыты (tmax) егде жастағыларда және жас адамдарда іс жүзінде бірдей. Егде жастағы адамдарда амлодипин клиренсі төмендеуіне қарай тенденция байқалған, бұл AUC және жартылай шығарылу кезеңінің ұлғаюына алып келеді. Іркілісті жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілердегі AUC және жартылай шығарылу кезеңінің ұлғаюы зерттеудегі жас тобындағылар үшін болжамға сәйкес келді.

Бекітілген дозасымен біріктірілген препарат

Экватор® препаратының белсенді компоненттері арасындағы өзара фармакокинетикалық әрекеттесулер сипатталмаған.

Дәл осындай белсенді компоненттерді жеке енгізуден соң фармакокинетикалық параметрлерінің (AUC, Cmax, tmax, Т1/2) айырмашылығы болмады.

Тамақ ішу Экватор® препаратының сіңуіне әсер етпейді.

Фармакодинамикасы

Экватор® - бұл бекітілген дозасы бар біріктірілген препарат, құрамында белсенді әсер етуші заттар - лизиноприл және амлодипин бар.

Лизиноприл - пептидил дипептидаза ферментінің тежегіші болып табылады. Ол ангиотензин I-дің вазоконстрикторлық пептидке, ангиотензин II-ге конверсиясын катализдейтін ангиотензин-өзгертуші ферментті (АӨФ) тежейді. Ангиотензин II құрамының төмендеуі альдостерон бөлінуінің тікелей азаюына алып келеді және брадикинин вазодилататорының деңгейін арттырады. Жалпы шеткергі қантамырлық кедергіні, артериялық қысымды (АҚ) азайтады. Бұл өзгерістер жүрек жиырылу жиілігінің өзгерісінсіз, қан көлемінің минуттық ұлғаюымен, сондай-ақ бүйректің қан ағынының артуымен қатар жүруі мүмкін. Гипергликемиясы бар емделушілерде лизиноприл зақымданған эндотелий функциясының қалпына келуіне ықпал етеді.

Лизиноприлдің бастапқы әсері ренин-ангиотензин-альдостеронды жүйесі арқылы болса да, лизиноприл сондай-ақ плазмада ренин белсенділігі төмен емделушілерде де тиімді. Артериялық қысымның төмендеуіне тікелей әсерінен басқа, лизиноприл гемодинамикалық жағдайлардың және бүйрек шумақтарындағы тіндер құрылымының өзгерістері есебінен несепте альбуминдер деңгейі төмендейді. Қант диабетімен науқастарда глюкоза деңгейіне әсер етпейді.

Лизиноприлдің антигипертензиялық әсері әдетте қабылдаудан кейін бір сағаттан соң басталады және ең жоғары мәніне 6 сағаттан соң жетеді және ұзақ уақыт сақталады. Әсерінің ұзақтығы 24 сағат (дозаға байланысты). Лизиноприлмен емді дереу тоқтату айқын тоқтату синдромына алып келмейді (артериялық қысым артуы).

Амлодипин –бұл «баяу» кальций өзекшелерінің дигидропиридинді блокаторы. Жасушалық жарғақшаның «баяу» кальций өзекшелерін тежеу есебінен тамырлардың тегіс бұлшықет жасушалары мен миокард жасушаларына кальций иондарының түсуін төмендетеді. Амлодипин артериолалардың тегіс бұлшықеті тонусын және жалпы шеткергі тамырлар кедергісін төмендетеді, бұл өз кезегінде жүйелік артериялық қысымның төмендеуіне алып келеді. Амлодипинді тәулігіне бір рет күн сайын қабылдау артериялық гипертензиясы бар емделушілердің тіке қалпында да, көлденең қалпында да артериялық қысымының 24 сағат бойына төмендеуіне алып келеді. Әсерінің баяу басталуы салдарынан тез гипотензиялық әсері басталмайды. Амлодипин зат алмасуына және қан плазмасындағы липидтер концентрациясына қандай да бір жағымсыз әсер көрсетпейді және бронх демікпесі, қант диабеті және подаграсы бар науқастарды емдеуде қолданылуы мүмкін.

Қолданылуы

- эссенциалдық артериялық гипертензияда

- бұрын бір мезгілде лизиноприл 20 мг және амлодипин 5 мг қабылдаған және артериялық қысымды талапқа сай бақылауға қол жеткен ересек емделушілерде орын басу емінде.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке, тамақ ішуге байланыссыз. Ұсынылатын доза – күн сайын Экватор® 20 мг/5 мг бір таблеткасы. Ең жоғары тәуліктік дозасы – Экватордың® 20 мг/5 мг бір таблеткасы.

Әдетте, бекітілген дозасымен біріктірілген препаратты бастапқы ем үшін қолдануға болмайды.

Экватор® тек лизиноприл және амлодипин үшін оңтайлы демеуші доза титрленген емделушілер үшін ғана қолдануға көрсетілген: тиісінше 20 мг және 5 мг дейін. Доза түзету қажет болған жағдайда препараттың жеке компоненттерінің дозаларын титрлеуді ұсынуға болады.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер үшін оңтайлы старттық дозаны және демеуші дозаны анықтау үшін дозалау режимін лизиноприл және амлодипинді дара пайдалана отырып, жеке түрде анықтау керек. Экватор® препаратымен емдеу уақытында бүйрек функциясына, қан сарысуындағы калий және натрий концентрациясына бақылау жүргізу керек.

Бүйрек функциясы нашарлаған жағдайда Экватор® қабылдауды тоқтату керек және талапқа сай дозаларда оны монопрепараттарға алмастыру керек.

Амлодипин диализбен шығарылмайды.

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілер

Бұндай жағдайларда дозалау режимі бойынша анық ұсыныстар анықталмаған, сондықтан бұл дәрілік препаратты бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде ұсынылған ең төмен дозада сақтықпен тағайындау керек.

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде оңтайлы бастапқы және демеуші дозаны анықтау үшін лизиноприл мен амлодипинді жеке дара пайдалана отырып, дозаны титрлеу керек.

Ауыр бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде амлодипиннің фармакокинетикалық зерттеулері жүргізілмеген. Айқын бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде амлодипинді дозалауды аздау дозадан бастап және оңтайлы дозаға дейін баяу титрлеу керек.

Егде емделушілер (65 жастан асқан)

Препаратты егде жастағы емделушілерге сақтықпен тағайындау керек. Клиникалық зерттеулерде амлодипин және лизиноприл үшін тиімділігі немесе қауіпсіздігі профилінің жасқа байланысты өзгерістері анықталмаған. Оңтайлы демеуші дозаны анықтау үшін лизиноприл мен амлодипинді жеке дара қолдана отырып, дозалау режимін әр адамға жекелей анықтау керек.

Жағымсыз әсерлері

Жиі ( ≥ 1/100-ден < 1/10 дейін)

- бас айналуы, бас ауыруы, сомноленция, қажығыштық

- жүрек қағуының жиілеуі, ортостатикалық гипотензия

- препаратты тоқтатқанда жойылатын құрғақ жөтел

- әлсіздік, диарея, жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы

- бүйрек функциясы бұзылуы

- шеткергі ісінулер, тобық ісінуі, тері гиперемиясы

Жиі емес ( ≥ 1/1 000-ден <1/100 дейін)

- ұйқының бұзылуы, ұйқысыздық, көңіл - күй өзгеруі (оның ішінде үрейшілдік), депрессия, астения, дімкәстік

- парестезиялар, гипостезиялар, вертиго, тремор, естен тану, дисгевзия

- көрудің бұзылыстары (оның ішінде диплопия)

- құлақтағы шуыл

- тахикардия, артериялық гипотензия, миокард инфарктісі және ми қан айналымы бұзылуы, жоғары қауіп тобындағы емделушілердегі шамадан тыс артериялық гипотензия нәтижесінде болуы ықтимал, Рейно синдромы

- ентігу

- кеуде қуысындағы, арқадағы ауыру, артралгиялар, миалгиялар, бұлшықеттердегі тоникалық құрысулар

- ринит

- ауыз құрғауы, диспепсия, дефекация өзгерістері (диарея, іш қатуы)

- қышыну, тері бөртпелері, алопеция, пурпура, тері түсінің өзгеруі, жоғары тершеңдік, экзантема

- несеп шығарудың бұзылыстары (оның ішінде жиі несеп шығару), никтурия

- импотенция, гинекомастия

- қан сарысуындағы креатинин, мочевина концентрациясының артуы, гиперкалиемия, «бауыр» ферменттері белсенділігінің жоғарылауы

- дене салмағының ұлғаюы немесе төмендеуі

Сирек (≥ 1/10 000-ден < 1/1 000 дейін)

- антидиуретикалық гормонның талапқа сай емес секрециялану синдромы

- сананың шатасуы

- псориаз, есекжем, аса жоғары сезімталдық/беттің, аяқ-қолдың, еріннің, көмекей және көмейдің, тілдің ангионевротикалық ісінуі

- жедел бүйрек жеткіліксіздігі, уремия

- препаратты ұзақ уақыт қолданудағы гемоглобин деңгейінің елеусіз төмендеуі және гематокрит, гипербилирубинемия, гипонатриемия

Өте сирек (< 1/10 000)

- сүйек кемігіндегі қан түзілудің бәсеңдеуі: агранулоцитоз, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения; гемолитикалық анемия, анемия, лимфоаденопатиялар

- аутоиммундық бұзылулар

- гипогликемия, гипергликемия

- шеткергі нейропатия

- артериялық қысым жоғарылауы

- миокард инфарктісі, қарыншалық тахикардия, брадикардия, жүрекше фибрилляциясы, аритмиялар, васкулит

- бронх түйілуі, аллергиялық альвеолит, эозинофильді пневмония, синусит

- интестинальді ангионевротикалық ісіну

- панкреатит, гастрит, қызыл иек гиперплазиясы, гепатоцеллюлярлық немесе холестатикалық сарғаю, гепатит, бауыр жеткіліксіздігі

- уытты эпидермальді некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, мультиформалы эритема, эксфолиативті дерматит, өрескел сулы бөртпе, жарыққа сезімталдық, терінің псевдолимфомасы, есекжем, Квинке ісінуі

- олигурия/анурия

Терінің псевдолимфома синдромында төменде аталған симптомдардың біреуі немесе одан да көбі болуы мүмкін деген деректер алынған: қызба, васкулит, миалгия, артралгия/ артрит, антинуклеарлық антидене деңгейі жоғарылауы (АНА), эритроциттердің шөгу жылдамдығы артуы (ЭШЖ), эозинофилия және лейкоцитоз, бөртпе, фотосенсибилизация немесе тері тарапынан болатын басқа да өзгерістер.

Сондай-ақ амлодипин қолдануда экстрапирамидалық синдромның ерекше жағдайлары тіркелген.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- лизиноприлге немесе АӨФ басқа тежегіштеріне жоғары сезімталдық

- амплодипинге немесе дигидропиридиндердің басқа туындыларына жоғары сезімталдық

- препараттың қосымша компоненттеріне жоғары сезімталдық

- айқын артериялық гипотензия

- сыртартқысындағы АӨФ тежегіштерімен ем аясындағы ангионевротикалық ісіну

- тұқым қуалайтын немесе идиопатиялық ангионевротикалық ісіну

- гемодинамикалық елеулі аорталық стеноз, митральді стеноз, гипертрофиялық обструктивті кардиомиопатия, кардиогендік шок

- жедел миокард инфарктісінен кейінгі (алғашқы 28 күн ішінде) жүрек жеткіліксіздігі

- тұрақсыз стенокардия (Принцметал стенокардиясын қоспағанда)

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдер (қауіпсіздігі және тиімділігі бойынша деректер жеткіліксіздігіне байланысты)

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Лизиноприл

Калий құрамына әсер етуші заттар: калий жинақтаушы диуретиктер (мысалы, спиронолактон, амилорид және триамтерен), құрамында калий бар тағамдық қоспалар, құрамында калий бар тұз алмастырғыштар және қан сарысуындағы калий құрамын жоғарылатуға алып келетін басқа да дәрілік препараттар (мысалы, гепарин), әсіресе сыртартқысында бүйрек жеткіліксіздігі және басқа да бүйрек аурулары бар емделушілерде АӨФ тежегіштерімен үйлесімде гиперкалиемияға алып келуі мүмкін. Калий құрамына әсер етуші дәрілік препараттарды лизиноприлмен бір мезгілге тағайындағанда сарысудағы калий құрамын бақылау керек. Сондықтан бір мезгілге тағайындау мұқият негізді болуы және аса сақтықпен және сарысудағы калий деңгейін, сондай-ақ бүйрек функциясын ұдайы бақылаумен жүргізілуі тиіс. Лизиноприлді организмнен калий шығарушы диуретикпен бір уақытқа тағайындауда диуретикпен индукцияланған гипокалиемия төмендеуі мүмкін.

Диуретиктер: Экватор® қабылдаушы емделушіге диуретик тағайындау жағдайында антигипертензиялық әсері әдетте күшейеді, Экваторды® диуретиктермен үйлестіруде аса сақтықпен қабылдау керек. Диуретиктерді қабылдап жүрген емделушілерде және әсіресе диуретиктермен ем жуырда тағайындалғандарда, лизиноприл қабылдауда кейде артериялық қысымның шамадан тыс төмендеуі байқалған. Егер лизиноприлмен ем бастағанға дейін диуретиктер қабылдауды тоқтатса, лизиноприл қабылдаудағы симптоматикалық гипотензия ықтималдығы төмендеуі мүмкін. Лизиноприл диуретиктердің калийуретикалық әсерін жұмсартады.

Басқа да гипотензиялық препараттар: бұл препараттарды бір уақытта қабылдау лизиноприлдің гипотензиялық әсерін күшейтуі мүмкін. Нитроглицеринмен немесе басқа да нитраттармен немесе вазодилататорлармен бір уақытта қабылдау артериялық қысымның көп төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Үшциклды антидепрессанттар/ антипсихотикитер/ анестетиктер/ есірткілер: бұл препараттарды АӨФ тежегіштерімен бір уақытта қабылдау артериялық қысымның көп шамада төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Симпатомиметиктер: АӨФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін.

Гипогликемиялық препараттар: АӨФ тежегіштерін және гипогликемиялық дәрілік препараттарды (инсулиндер және пероральді гипогликемиялық дәрілер) бір мезгілде қабылдағанда қандағы глюкоза деңгейі төмендеуінің ықтималдығы және гипогликемия қаупі жоғарылауы мүмкін. Бұл феномен көбіне біріктірілген емнің бірінші аптасы уақытында және бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде жиі бақыланды.

Ацетилсалицил қышқылы, тромболитиктер, бета-блокаторлар, нитраттар

Лизиноприл ацетилсалицил қышқылымен (кардиологиялық дозаларда), тромболитиктермен, бета-блокаторлармен және/немесе нитраттармен бір мезгілде қолданылуы мүмкін.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): ацетилсалицил қышқылының > 3 г/тәулік жоғары дозаларын қоса, ҚҚСП ұзақ уақыт қабылдау АӨФ тежегіштерінің антигипертензиялық әсерін төмендетуі мүмкін. ҚҚСП және АӨФ тежегіштерін қабылдаудың аддитивті әсері қан сарысуындағы калий құрамының жоғарылауымен білінеді және бүйрек функциясының нашарлауына алып келуі мүмкін. Бұл әсерлер әдетте қайтымды. Сирек жағдайларда жедел бүйрек жеткіліксіздігі, әсіресе егде жастағы және сусызданған емделушілерде дамуы мүмкін.

Литий препараттары: литий препараттарын АӨФ тежегіштерімен қоса қолдануда қан сарысуындағы литий құрамының қайтымды артуы және уыттылығы жоғарылағаны тіркелген. Тиазидті диуретиктерді АӨФ тежегіштерімен бір мезгілде қолдану литийдің уыттылық қаупін жоғарылатуы мүмкін және литиймен онсыз да жоғары уыттануды ұлғайтуы мүмкін. Лизиноприлді литий препараттарымен қолдану ұсынылмайды, бірақ егер біріктірілген препарат қажет болса, осы кезеңде қан сарысуындағы литий құрамын бақылау керек.

Алтын препараттары: АӨФ тежегіштерін және алтын препараттарын (натрий ауротиомалаты) көктамыр ішіне бір уақытта қабылдауда бет гиперемиясын, жүрек айнуын, бас айналуын және артериялық гипотензияны қоса симптомдар кешені сипатталған.

Амлодипин

CYP3A4 изоферментінің тежегіштері: амлодипинді CYP3A4 изоферментінің қуатты немесе орташа тежегіштерімен (протеаза тежегіштерімен, азол тобының зеңге қарсы дәрілерімен, макролидтер тобының антибиотиктерімен (эритромицин немесе кларитромицин сияқты), верапамил немесе дилтиазем) бір уақытта қолдану егде жастағы емделушілерде айқын білінетін амлодипин әсерінің елеулі күшеюіне алып келуі мүмкін. Дәрігерлік бақылау және қажет болуында амлодипин дозасын түзету ұсынылады.

CYP3A4 индукторлары: антиконвульсанттармен (мысалы, карбамазепинмен, фенобарбиталмен, фенитоинмен, фосфенитоинмен, примидонмен), рифампицинмен, құрамында шайқурай бар өсімдік текті препараттармен (Hypericum perforatum) бір уақытта қолдану қан плазмасындағы амлодипин концентрациясының төмендеуіне алып келуі мүмкін. Бір мезгілде қолдануды сақтықпен жүргізу керек.

Амлодипинді грейпфрут шырынымен қабылдау ұсынылмайды, өйткені кейбір емделушілерде бұл амлодипин биожетімділігі артуына алып келуі мүмкін, соның нәтижесінде оның гипотензивтік әсері жоғарылайды.

Дантролен (инфузия): верапамилді ішке қабылдаудан кейін және дантроленді көктамыр ішіне енгізуден соң қарыншалық фибрилляция дамуы және қатарлас гиперкалиемиясы бар және өлім жағдайымен аяқталуы мүмкін жүрек-қан тамырлық жеткіліксіздігі байқалған. Гиперкалиемия даму қаупіне байланысты амлодипин сияқты «баяу» кальций өзекшелері блокаторларын қатерлі гипертермияға бейімі бар емделушілерде, сондай-ақ қатерлі гипертермияны емдеу үшін бір мезгілде қолданудан аулақ болу ұсынылады

Басқа дәрілік препараттар

Амлодипиннің гипотензиялық әсері басқа гипотензивтік дәрілік препараттардың антигипертензиялық әсерін күшейтеді.

Дәрілік өзара әрекеттесулерін клиникалық зерттеулерде амлодипин аторвастатин, дигоксин, варфарин және циклоспориннің фармакокинетикасына әсер етпеді.

Айрықша нұсқаулар

Лизиноприлге байланысты:

Симптоматикалық гипотензия

Симптоматикалық гипотензия асқынусыз артериялық гипертензиядан зардап шегуші емделушілерде сирек байқалады. Артериялық гипотензия дамуы диуретиктер қабылдау, қатаң тұзсыз ем-дәм, диализ, диарея немесе құсу салдарынан айналымдағы қан көлемі төмендеуі бар емделушілерде, сондай-ақ айқын ренин-тәуелді артериялық гипертензиясы бар емделушілерде байқалуы мүмкін. Бүйрек жеткіліксіздігі қатар жүретін немесе онсыз, жүрек жеткіліксіздігінен зардап шегуші емделушілерде симптоматикалық гипотензия туындау жағдайы тіркелген. Бұған ұқсас жағдайлар ілмектік диуретиктердің үлкен дозасын қабылдау, гипонатриемия немесе функционалдық бүйрек жеткіліксіздігі салдарынан тым ауыр дәрежелі жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде болуы ықтимал. Симптоматикалық гипотензия қаупі жоғары емделушілерде бастапқы дозаны қабылдағаннан кейін артериялық қысымға мұқият мониторинг жүргізу керек. Бұл ұсыныстар артериялық қысымның шамадан тыс төмендеуі миокард инфарктісіне немесе инсультке алып келуі мүмкін жүректің ишемиялық ауруы және ми қан айналымы бұзылуы бар емделушілерге қатысты.

Артериялық гипотензия жағдайында емделушіні шалқасынан жатқызу керек және қажет болғанда жоғалған сұйықтықтың (көктамыр ішіне физиологиялық ерітіндінің инфузиясын жүргізу) орнын толтыру керек.

Лизиноприлді кейіннен қолдануға транзиторлық гипотензивтік реакция қарсы көрсетілім болып табылмайды, әдетте оны айналымдағы қан көлемі артуынан кейінгі артериялық қысым жоғарылағаннан соң бірден қолдануға болады.

Қан қысымы қалыпты немесе артериялық қысымы төмен жүрек жеткіліксіздігі бар кейбір емделушілерде лизиноприл жүйелік артериялық қысымының қосымша төмендеуін туындатуы мүмкін. Бұл болжамды әсер болып табылады және әдетте ол емді тоқтатуды талап етпейді. Егер артериялық гипотензия симптоматикалық болса, лизиноприл дозасын төмендету немесе қабылдауды тоқтату талап етілуі мүмкін.

Аорталық және митральді клапан стенозы/гипертрофиялық кардиомиопатия

Басқа да АӨФ тежегіштері жағдайындағы сияқты, лизиноприлді митральді клапан стенозы және аорталық стеноз немесе гипертрофиялық кардиомиопатия сияқты сол жақ қарынша шығарылу жолдарының обструкциясы бар емделушілерде сақтықпен тағайындау керек.

Жедел миокард инфарктісіндегі артериялық гипотензия

Лизиноприлмен емдеуді вазодилятаторлармен емнен кейін гемодинамикасы одан әрі қарай күрделі нашарлау қаупіне ұшырайтын жедел миокард инфарктісі бар емделушілерге тағайындауға болмайды. Бұл систолалық артериялық қысымы 100 мм сын. бағ. немесе одан төмен емделушілерге, сондай-ақ кардиогенді шок жай-күйіндегі емделушілерге де қатысты. Егер миокард инфарктісінен кейінгі бірінші 3 күн бойына емделушінің систолалық артериялық қысымы 120 мм сын. бағ. немесе одан төменді құраса, дозаны төмендету керек. Егер емделушінің систолалық артериялық қысымы 100 мм сын. бағ. немесе одан төмен болса, демеуші дозаны 5 мг дейін немесе (уақытша) 2,5 мг дейін төмендету керек. Егер артериялық гипотензия сақталса (систолалық артериялық қысым 1 сағаттан астам уақыт бойына 90 мм сын. бағ. аз), онда лизиноприлді тоқтату керек.

Бүйрек функциясы бұзылуы

Бүйрек функциясы бұзылуы жағдайында (креатинин клиренсі < 80 мл/мин) лизиноприлдің бастапқы дозасын креатинин клиренсіне қарай, ал содан кейін емделушінің емге реакциясына байланысты түзету керек. Бұндай емделушілерде қан сарысуындағы калий құрамына және креатинин концентрациясына бақылау жүргізу керек.

Жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде АӨФ тежегіштерімен емдеуді бастағаннан кейінгі артериялық гипотензия бүйрек функциясының бұдан да жоғары бұзылуларына алып келуі мүмкін. Бұндай емделушілерде жедел бүйрек жеткіліксіздігі дамығаны, әдетте оның қайтымды болып келетіні туралы хабарламалар бар.

Реноваскулярлық аурулардың айқын білінуінсіз артериялық гипертензиясы бар кейбір емделушілерде қан сарысуындағы мочевина және креатинин концентрациясының жоғарылағаны көп жағдайларда ең төмен немесе өтпелі, АӨФ тежегіштерін және диуретиктерді бір мезгілде қабылдағанда айқындау болатыны байқалған. Бұл көбіне бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге тән. Бұған ұқсас жай-күйлер дозаны төмендетуді және/немесе диуретиктер және/немесе лизиноприл қабылдауды тоқтатуды талап етуі мүмкін.

АӨФ тежегіштерін қабылдаушы, бүйрек артериясының екі жақты стенозы бар немесе жалғыз бүйрек артериясы стенозы бар кейбір емделушілерде, әдетте препаратты тоқтатқаннан кейін қайтымды болатын, қандағы мочевина және креатинин концентрациясының жоғарылауы бақыланған. Бұндай өзгерістер әсіресе бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге тән. Сондай-ақ емделушіде реноваскулярлық гипертензия болғанда ауыр артериялық гипотензия және бүйрек жеткіліксіздігі дамуының жоғары қаупі бар. Бұндай емделушілерді емдеуді төмен дозамен мұқият медициналық бақылаумен бастау керек және дозаны сақтықпен титрлеу керек.

Жедел миокард инфарктісінде лизиноприлмен емді бүйрек функциясының айқын бұзылуы бар емделушілерде (қан сарысуындағы креатинин концентрациясы 177 мкмоль/л асатын және/немесе протеинуриясы 500 мг/тәулік жоғары) бастауға болмайды. Егер лизиноприлмен ем аясында бүйрек функциясының бұзылуы (қан сарысуындағы креатинин концентрациясы 265 мкмоль/л астам немесе ем бастағанға дейінгі мәннен екі есе жоғары) дамыса, лизиноприл қабылдауды тоқтату керек.

Ангионевротикалық ісіну

Бет, аяқ-қолдың, еріннің, тілдің, дауыс саңылауы және/немесе көмейдің ангионевротикалық ісінуі лизиноприлді қоса, АӨФ тежегіштерін қабылдаған емделушілерде тіркелген. Бұл емдеудің кез келген уақытында болуы мүмкін. Бұндай жағдайда Экватор® препаратын қабылдауды дереу тоқтату керек және емделушіге симптомдары толық жойылғанға дейін мұқият медициналық бақылау жүргізу керек. Тіпті тыныс тарылу симптомы жоқ тіл ісінуі жағдайында да антигистаминдік препараттармен және глюкокортикостероидтармен емделу жеткіліксіз болуы мүмкіндігінен емделушіге ұзақ бақылау қажет болуы ықтимал.

Көмей немесе тіл ісінуімен қатарлас жүретін ангионевротикалық ісіну өліммен аяқталу жағдайына алып келуі мүмкін. Тіл, жұтқыншақ және көмей ісінуі бар емделушілерде, әсіресе бұрын тыныс жолдарына операцияны өткергендерде, тыныс жолдарының обструкциясы туындауы мүмкін. Бұндай

жағдайларда шұғыл медициналық көмек көрсету керек. Тиісті шараларға төмендегілер жатады: 0,1 % адреналин ерітіндісін (эпинефрин) 0,3 – 0,5 мг тері астына енгізу немесе 0,1 мг көктамыр ішіне баяу енгізу, глюкокортикостероидтарды және антигистаминдік препараттарды көктамыр ішіне енгізу және/немесе тыныс жолдарының еркін өткізгіштігін қамтамасыз ету. Емделушіге симптомдары толық жойылғанша медициналық мұқият бақылау жүргізу керек.

Ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштері басқа нәсілді емделушілермен салыстырғанда қара нәсілді емделушілерде ангионевротикалық ісінуді жиі туындатады.

Сыртартқысында АӨФ тежегіштерін қабылдауға байланыссыз ангионевротикалық ісінуі болған емделушілер АӨФ тежегіштерін қабылдауда ангионевротикалық ісінудің жоғары қаупіне ұшырауы мүмкін.

Гемодиализдегі емделушілердегі анафилактоидтық реакциялар

Өткізгіштігі жоғары (мысалы, AN 69) жоғары ағынды диализдік жарғақша пайдаланумен жүргізілетін диализдегі және сонымен бір мезгілде АӨФ тежегіштерін қабылдаған емделушілердегі анафилактоидтық реакциялар туралы хабарланған. Бұндай емделушілерде диализдік жарғақшаның не басқа түрін, болмаса басқа кластың гипотензивтік препаратын қолданудың дұрыстығын қарастыру керек.

Тығыздығы төмен липопротеиндер (ТТЛП) аферезі кезінде емделушілердегі анафилактоидтық реакциялар

АӨФ тежегіштерін, декстран сульфатымен тығыздығы төмен липопротеиндерді (ТТЛП) аферездеу уақытында қабылдаушы емделушілерде өмірге қауіп төндіретін анафилактоидтық реакциялар сирек жағдайларда дамыған. Бұндай реакцияларды аферездің әр емшарасы алдында АӨФ тежегіштерін қабылдаудан уақытша бас тарту жолымен болдырмаған.

Десенсибилизациялау

АӨФ тежегіштерін қабылдаушы емделушілерде жарғаққанаттылар уынан (мысалы, Hymenoptera venom) десенсибилизациялау кезінде тұрақты анафилактоидтық реакциялар туындайды. Бұндай емделушілерде АӨФ тежегіштерімен емді уақытша тоқтату арқылы анафилактоидтық реакциялардың алдын алды және бұл дәрілік затты кездейсоқ қабылдағаннан кейін ол қайта дамыған.

Бауыр жеткіліксіздігі

АӨФ тежегіштерін қабылдау өте сирек жағдайларда холестатикалық сарғаю немесе гепатитпен басталған синдроммен қатарлас жүрген және фульминантты некрозға өршіп ауысқан және (кейде) өліммен аяқталуға соқтырған. Бұл синдромның механизмі түсініксіз. Сарғаю дамыған немесе «бауыр» ферменттері белсенділігі елеулі жоғарылаған лизиноприл қабылдаушы емделушілер лизиноприл қабылдауды тоқтатуы керек және тиісті медициналық бақылауда болуы керек.

Нейтропения/агранулоцитоз

АӨФ тежегіштерін қабылдаған емделушілерде нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия болғаны туралы хабарланған. Бүйрек функциясы қалыпты емделушілерде басқа ауырлық факторлары болмағанда нейтропения сирек дамыған. Нейтропения және агранулоцитоз қайтымды болып табылады және АӨФ тежегіштерін тоқтатқаннан кейін жойылады.

Лизиноприлді дәнекер тіндердің жүйелік аурулары бар емделушілерде иммунодепрессанттармен емдеуде, аллопуринолмен немесе прокаинамидпен емдеуде, немесе осындай ауырлық факторлар біріккенде, әсіресе бүйрек функциясының осының алдында бұзылуы болған жағдайда ерекше сақтықпен тағайындау керек. Бұл емделушілердің кейбіреуінде күрделі жұқпалы аурулар дамыған, олар бірнеше жағдайда қарқынды антибиотикотерапиямен түзетуге келмеген. Лизиноприлмен ем уақытында, бұндай емделушілерде ауық-ауық зертханалық зерттеулер (лейкоцитарлық формуланың есептеумен қан талдауы) жүргізу ұсынылады, сондай-ақ оларға жұқпалы аурулардың бірінші белгілері пайда болғаны туралы хабарлау қажеттігі туралы ескерту керек.

Оперативті араласулар/ жалпы анестезия

Ауқымды оперативтік араласулар жүргізілетін немесе артериялық гипотензияға алып келуші препараттармен анестезиялау уақытында емделушілерде рениннің компенсаторлық лықсуынан кейін лизиноприл ангиотензин II түзілуін бөгеуі мүмкін. Егер жоғарыда келтірілген механизм нәтижесінде болуы ықтимал артериялық гипотензия дамыса, айналымдағы қан көлемін арттыру арқылы түзету жүргізуге болады.

Гиперкалиемия

Лизиноприлді қоса, АӨФ тежегіштерін қабылдаған кейбір емделушілерде қан сарысуындағы калий мөлшері артқаны байқалған. Бүйрек жеткіліксіздігі, 2 типті қант диабеті бар емделушілер, немесе калий жинақтаушы диуретиктер, калий қосылған тағамдық қоспалар немесе құрамында калий бар тұз алмастырғыштар, сондай-ақ қан сарысуындағы калий деңгейінің артуын туындатуға ықпалды басқа да препараттарды (мысалы, гепарин) бір мезгілде қабылдаған емделушілер гиперкалиемия дамуының қауіп тобын құрайды. Жоғарыда аталған препараттармен бір мезгілде қабылдау қажет болған жағдайда қан сарысуындағы калий құрамын ұдайы бақылау ұсынылады.

Қант диабеті

Қант диабеті бар, гипогликемиялық препараттарды ішке қабылдаушы немесе инсулин қабылдаушы емделушілерде, АӨФ тежегіштерімен емнің бірінші айы бойына гликемияға мұқият бақылау жүргізу керек.

Нәсілдік ерекшелігі

Қара нәсілділер өкілдерінде ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштері басқа нәсіл емделушілерімен салыстырғанда ангионевротикалық ісінуді жиі туындатады.

АӨФ басқа да тежегіштері сияқты, қара нәсілді емделушілерде басқа нәсіл емделушілерімен салыстырғанда лизиноприлдің гипотензиялық дәрі ретінде тиімділігі аз болуы мүмкін. Бұл әсер артериялық гипертензиясы бар қара нәсілді емделушілерде төмен рениндік статус басымдығы айқын болуына байланысты болуы ықтимал.

Жөтел

АӨФ тежегіштерін қолдану кезінде жөтел болғаны туралы мәлімделген. Әдетте жөтел өнімсіз, тұрақты және препаратты тоқтатқаннан кейін жойылған. Жөтелді дифференциалдық диагностикалауда АӨФ тежегіштерін қолдануға байланысты болатын жөтелді ескеру керек.

Амлодипинге байланысты:

Амлодипиннің гипертониялық криздегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Жүрек жеткіліксіздігі

Жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге амлодипинді сақтықпен тағайындау керек. Кальций өзекшесінің блокаторларын, оның ішінде амлодипинді іркілісті жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге сақтықпен қолдану керек, өйткені олар болашақтағы жүрек-қан тамырларымен болатын жағдайлар қаупін және өлім жағдайын арттыруы мүмкін.

Бауыр функциясы бұзылуы бар емделушілерде қолданылуы

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде амлодипиннің жартылай шығарылу кезеңінің ұзаруы және AUC мәні жоғарылауы белгіленді, сондықтан амлодипиннің ұсынылатын дозасы анықталмаған. Амлодипинмен емнің бастапқы кезеңінде де, сондай-ақ дозаны арттырған кезде де сақтық жасай отырып, емді ең аз дозадан бастау керек. Ауыр бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерге дозаны баяу титрлеу және мұқият медициналық бақылау керек.

Егде емделушілер

Егде емделушілерде дозаны арттыру сақтықпен жүргізілуі тиіс.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде қолданылуы

Бұндай емделушілерге амлодипинді әдеттегі дозада тағайындауға болады.

Амлодипин концентрациясының плазмадағы өзгерісі бүйрек жеткіліксіздігінің дәрежесімен өзара байланыссыз. Амлодипин диализ кезінде шығарылмайды.

Жүктілік және лактация кезеңі

Экватор® препаратын талапқа сай бақыланатын клиникалық зерттеулерде жүкті әйелдерде қолдану тәжірибесі жоқ.

Жүктілік расталғанда Экватор® препаратын қабылдауды дереу тоқтату керек, қажет болғанда альтернативті гипотензиялық препараттар тағайындау керек.

Экватор® препаратын қабылдауды жүктілік уақытында бастауға болмайды.

Жүктіліктің екінші және үшінші триместрінде АӨФ тежегіштерінің әсері фетоуыттылықтың (бүйрек функциясы төмендеуі, олигогидрамнион, бассүйегінің сүйектенуінің баяулауы) және неонатальды уыттанудың (бүйрек жеткіліксіздігі, артериялық гипотензия, гиперкалиемия) себебі болуы мүмкін. Экватор® препаратын бала емізу уақытында қолдануға қатысты ешбір ақпарат болмағандықтан аталған дәрілік препаратты лактация кезінде қолдану ұсынылмайды және қауіпсіздігі дәлелденген альтернативті гипотензиялық препараттарды, әсіресе жаңа туған немесе шала туған нәрестелерді емізуде пайдаланған дұрыс.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Экватор® әсіресе артериялық гипотензияның даму қаупі ықтимал емнің бастапқы кезеңінде, автомобиль басқару және механизмдермен жұмыс жүргізу қабілетіне ықпал етуі мүмкін.

Лизиноприлге байланысты

Автокөлікті немесе күрделі механизмдерді басқаруда лизиноприлдің бас айналуын немесе қажығыштық туындатуы мүмкіндігін ескеру керек.

Амлодипинге қатысты

Амлодипин автокөлікті немесе күрделі механизмдерді басқару қабілетіне елеусіз немесе әлсіз әсер етеді. Егер амлодипин қабылдаушы емделушілер бас айналуын, бас ауыруын, қажығыштық немесе жүрек айнуын сезінсе олардың реакциялары бұзылуы мүмкін. Амлодипинді, әсіресе емнің бастапқы кезеңінде, сақтықпен қолдану керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: айқын артериялық гипотензиямен шамадан тыс шеткергі вазодилатация, жедел қантамырлық жеткіліксіздік, электролиттік теңгерімсіздік, бүйрек жеткіліксіздігі, гипервентиляция, тахикардия, брадикардия, бас айналуы, үрейлену және жөтел.

Емі: симптоматикалық (емделушіні шалқасынан «жатқызып қойған» күйде бақылау керек, және қажет болған жағдайда жүрек-қан тамырлар және тыныс алу жүйесі функциясын, артериялық қысымды, айналымдағы қан көлемін және электролиттік теңгерімді, сондай-ақ қан сарысуындағы креатинин концентрациясын демеу керек). Айқын артериялық гипотензия жағдайында аяқты жоғары көтерген күйде ұстау қажет; егер сұйықтық енгізу жеткілікті нәтижеге алып келмесе, қолданылуына қарсы көрсетілім болмаған жағдайда көктамыр ішіне перифериялық вазопрессорлар енгізу есебінен демеуші ем талап етілуі мүмкін.

Сондай-ақ егер препарат қол жетімді болса, ангиотензин II-мен емдеу қарастырылады. Кальций глюконатын көктамыр ішіне енгізу кальций өзекшелері блокадасынан туындаған әсерлердің кері дамуына оң әсер беруі мүмкін.

Брадикардия дамыған кезде атропин тағайындалады. Дәрі-дәрмектік емге төзімді брадикардияда жасанды ырғақ жетекшісін қою талап етілуі мүмкін.

Амлодипин баяу сіңетіндіктен, кейбір жағдайларда асқазанды шаю тиімді болуы мүмкін (немесе құстыру және сорбенттер және натрий сульфатын енгізу).

Лизиноприлді жүйелік қан ағымынан гемодиализ жүргізумен шығаруға болады. Диализ уақытында жоғарғы ағынды полиакрилонитрилді жарғақшаларды қолдану ұсынылмайды.

Амлодипин, алайда, ақуыздармен жақсы байланысады, және сондықтан диализ тиімсіз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан ПВХ/ПЭ/ПВДХ үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.

1, 3 немесе 6 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, құрғақ және жарықтан қорғалған жерде, 25 0С-ден аспайтын температурада.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші-ұйымның атауы мен елі

«Гедеон Рихтер» ААҚ,

1103 Будапешт, Дёмрёи к-сі, 19-21, Венгрия

Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі

«Гедеон Рихтер» ААҚ, Венгрия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Гедеон Рихтер» ААҚ ҚР өкілдігі

E-mail: info@richter.kz

Телефон: 8-(727) - 258-26-22, 8-(727) - 258-26-23

 

Прикрепленные файлы

073247191477976686_ru.doc 117.5 кб
849742411477977818_kz.doc 150.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники