Эйлеа® (40 мг/мл, раствор для инъекций)

МНН: Афлиберцепт
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Афлиберцепт
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020045
Информация о регистрации в РК: 02.10.2018 - 31.12.2027
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Предельная цена закупа в РК: 319 827.2 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Эйлеа®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Афлиберцепт

Дәрілік түрі, дозасы

Инъекцияға арналған ерітінді, 40 мг/мл, 0.278 мл

Фармакотерапиялық тобы

Сезім мүшелері. Офтальмологиялық препараттар. Көз маңы кеңістігіндегі тамырлардың бұзылыстарын емдеуге арналған дәрілер. Антинеоваскулярлық дәрілер. Афлиберцепт.

АТХ коды S01LA05

Қолданылуы

Эйлеа® ересектерді емдеуге арналған:

- жасқа байланысты неоваскулярлық (ылғалды) макулярлық дегенерацияда (ЖБМД)

- торқабық веналарының (торқабықтың орталық веналары (ТОВО) және оның тармақтарының (ТВТО)) окклюзиясына байланысты макулярлық ісіну салдарынан көрудің бұзылуында

- диабеттік макулярлық ісіну (ДМІ) салдарынан көрудің бұзылуында

- миопиялық хориоидалды неоваскуляризация салдарынан көрудің бұзылуында (миопиялық ХНВ)

Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- афлиберцептке немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

- белсенді окулярлық немесе периокулярлық инфекция немесе соған күмән болғанда

- белсенді ауыр интраокулярлық қабыну.

Қолданған кездегі қажетті сақтандыру шаралары

Қадағалануы

Биологиялық дәрілік препараттардың қадағалануын жақсарту үшін енгізілетін препараттың атауын және партия нөмірін анық жазып қою керек.

Интравитреальды инъекция емшарасына байланысты реакциялар

Эйлеа® инъекциясын қоса, интравитреальды инъекциялар эндофтальмит, интраокулярлық қабыну, көз торқабығының регматогендік ажырауы, көз торқабығының жыртылуы және ятрогендік жарақаттық катарактаның дамуымен астасқан.

Эйлеа® енгізілгенде барлық уақытта тиісінше асептикалық инъекциялар техникасын жүргізу керек. Мұнымен қоса, инфекциялық үдеріс белгілері пайда болғанда дер кезінде емдеуді қамтамасыз ету үшін инъекция жүргізуден кейін апта бойы пациенттің жағдайын байқап отыру қажет. Пациенттерге эндофтальмиттің қандай да бір симптомдарына немесе жоғарыда көрсетілген басқа да құбылыстарға күдіктенгенде шұғыл хабарлауға тиісті екендігі жайында нұсқама берілуі қажет.

Құтыдағы препараттың көлемі 2 мг афлиберцепті (бұл 0,05 мл-ге баламалы) құрайтын ұсынылған дозадан асады. Артық көлемді инъекцияны жүргізбей тұрып алып тастау керек.

Интравитреальды инъекцияларды, оның ішінде Эйлеа® препаратымен жүргізгеннен кейін, алғашқы 60 мин. ішінде көзішілік қысым жоғарылағаны байқалды. Нашар бақыланатын глаукомасы бар пациенттер сақтанудың ерекше шараларын қажет етеді. Эйлеа® препаратын көзішілік қысым ≥ 30 мм сын. бағ. болса енгізбейді. Барлық жағдайларда көзішілік қысымға және көру жүйкесі дискісі перфузиясына бақылау жүргізу және емнің тиісті шараларын қабылдау керек.

Иммуногенділік

Шығу тегі ақуыздық басқа да препараттар сияқты Эйлеа® препаратын енгізуге иммуногенділік дамуының ықтималдығы бар.

Пациенттерге ауыру, көздің қарығуы, немесе қызару сияқты интраокулярлық қабынудың кез келген белгілері мен симптомдары туралы хабарлап отырудың қажеттігі жайында нұсқама берілуі тиіс, бұл жоғары сезімталдықтың клиникалық белгісі болуы мүмкін.

Жүйелік әсерлері

VEGF тежегіштері интравитреальды инъекциясынан кейін теориялық тұрғыда VEGF тежелуіне негізделуі мүмкін көзішілік қан құйылу мен артериялық тромбоэмболиялық көріністерді қоса, жүйелі жағымсыз әсерлері байқалған. ДМІ, ТОКО, ТКТО, сондай-ақ анамнезінде емге дейінгі 6 ай ішінде инсульт, транзиторлық ишемиялық шабуылдар немесе миокард инфарктісі болған миопиялық ХНВ бар пациенттерде қолдану қауіпсіздігі туралы деректер шектеулі. Демек, мұндай пациенттерді емдеген кезде сақ болу керек.

Басқалар

Басқа да VEGF тежегіштерімен емдеудегі сияқты ЖБМД, ТОВО, ТВТО, ДМІ және миопиялық ХНВ еміне арналған төмендегі сақтандырулар Эйлеа® препаратына да қолданылады.

• Екі көзге бір мезгілде енгізген кездегі Эйлеа® емінің тиімділігі мен қауіпсіздігі жүйелі түрде зерттелмеген. Егер ем екі көзге бір мезгілде жүргізілсе, бұл препараттың жоғары жүйелік әсеріне әкелуі мүмкін, ал ол жүйелі жағымсыз әсерлердің даму қаупін арттыруы ықтимал.

• Басқа да анти-VEGF препараттармен бір мезгілде қолдану (қантамырлар эндотелийінің өсу факторы тежегіштерімен).

• Эйлеа® препаратын басқа да анти-VEGF препараттармен (жүйелік немесе окулярлық қолдануға арналған) бір мезгілде қолдану туралы қолжетімді деректер жоқ.

• Ылғалды ЖБМД емдеуге арналған анти-VEGF препараттармен емнен кейін торқабықтың пигменттік эпителий жыртылуы дамуымен байланысты қауіп факторлары торқабық пигменттік эпителийінің ауқымды және/жоғары ажырауын қамтиды. Эйлеа® препаратымен емдеуді бастар алдында торқабық пигменттік эпителий жыртылуының нұсқалған қауіп факторлары бар пациенттерге сақтық танытқан жөн.

• Торқабықтың регматогендік ажырауы немесе 3-4 дәрежедегі макулярлық жыртылуы бар пациенттерге емдеу жүргізуден тартына тұру қажет.

• Торқабық жыртылуы жағдайында дозаны енгізуден тартына тұрған және жыртылуы тиісінше жойылғанша оны жаңғыртпаған жөн.

• Төменде көрсетілген жағдайларда доза енгізуді тоқтату және оны препараттың төмендегі жоспарланған инъекциясынан ерте жаңғыртпаған жөн:

- барынша өте жақсы түзетілген көру өткірлігі (ЖТКӨ) көрсеткішінің төмендеуі көру өткірлігін соңғы бағалау кезіндегі көрсеткішпен салыстырғанда ≥30 әріп

- егер қан құйылу мөлшері зақымданудың жалпы аймағы ≥50% құрайтын болса немесе егер фовеа орталығы қамтылатын субретинальді қан құйылу

• Егер көзге хирургиялық араласу жүргізген немесе жоспарланған болса, операцияға дейін және одан кейін 28 күн ішінде доза енгізуден тартына тұру қажет.

• Емдеудің ықтимал пайдасы шаранаға төнетін қауіптен асып түсетін жағдайларды қоспағанда, жүктілік кезінде Эйлеа® тағайындамаған дұрыс.

• Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерге тиімді контрацепцияны препаратпен емдеу кезінде және Эйлеа® соңғы интравитреальды инъекциясынан кейін ең кемі 3 ай ішінде пайдалану қажет.

• Торқабықтың орталық венасының немесе оның тармақтарының ишемиялық окклюзиясымен пациенттерде препарат қолданудың шектеулі тәжірибесі бар. Ишемиялық сипатта көру функциясын қайтымсыз жоғалтудың клиникалық белгілері бар пациенттерге препаратты қолдану ұсынылмайды.

Деректері шектеулі популяциялар

1 типті қант диабетімен пациенттерде немесе HbA1c гликозилденген гемоглобин деңгейі 12%-дан астам немесе пролиферативтік диабет ретинопатиясы бар диабетпен пациенттерде ДМІ емдеу үшін препаратты қолдану тәжірибесі шектеулі.

Эйлеа® белсенді жүйелік инфекциялары бар пациенттерде торқабықтың ажырауы немесе макулярлық жыртылу сияқты қатар жүретін көз ауруларымен пациенттерде зерттелмеген. Сонымен қатар бақыланбайтын артериялық гипертензиясы бар диабетпен пациенттерде препаратты қолдану тәжірибесі жоқ. Емдеуші дәрігер осындай пациенттерді емдегенде осы ақпараттың жеткіліксіздігін ескеруі тиіс. Миопиялық ХНВ емдеуде азиялық популяцияға жатпайтын адамдарда, миопиялық ХНВ бұрын ем алған пациенттер, сондай-ақ зақымдануы экстрафовеальді орналасуымен пациенттерде препаратты қолданудың тәжірибесі жоқ.

Қосымша заттар туралы мәлімет

Осы дәрілік препараттың құрамында

- бір реттік дозада 1 ммольден азырақ натрий (23 мг) бар, яғни препаратты натрийден бос деп санауға болады.

- әрбір 0,05 мл дозасында 0,015 мг полисорбат 20 бар, бұл 0,3 мг/мл-ге баламалы. Полисорбаттар аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Дәрілік өзара әрекеттесуге зерттеулер жүргізілген жоқ.

Фотодинамикалық емді (ФДЕ) вертепорфинмен және Эйлеа® препаратымен аралас қолдану зерттелмеген, сондықтан осы өзара әрекеттесу үшін қауіпсіздік бейіні белгіленбеген.

Арнайы сақтандырулар

Педиатрияда қолдану

Балалар және жасөспірімдерде Эйлеа® препаратының қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Педиатриялық популяцияда ылғалды ЖБМД, ТОВО және ТВТО, ДМІ, миопиялық ХНВ көрсеткіштері бойынша Эйлеа® қолдануға негіздеме жоқ.

Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер

Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер емдеу кезінде және афлиберцептті соңғы интравитреальды инъекциялағаннан кейін кемінде 3 ай бойы тиімді контрацепциялық дәрілерді пайдаланулары тиіс.

Жүктілік немесе лақтация кезеңінде

Жүкті әйелдерде афлиберцептті қолдану туралы деректер жоқ.

Окулярлық енгізуден кейінгі жүйелі әсері өте төмен болғанымен, емдеудің ықтимал пайдасы шаранаға төнетін қауіптен асып түсетін жағдайларды қоспағанда, Эйлеа® препаратын жүктілік кезінде тағайындамаған жөн.

Өте шектеулі клиникалық деректерге сәйкес афлиберцепт аз мөлшерде емшек сүтіне өтуі мүмкін. Афлиберцепт үлкен ақуыз молекуласы болып табылады, сондықтан препараттың cәби сіңіретін мөлшері минималды болады деп күтілуде. Емшек еміп жүрген жаңа туған нәрестеге/сәбиге афлиберцепттің әсері белгісіз.

Сақтық шарасы ретінде, Эйлеа® қолдану кезінде емшек емізу ұсынылмайды.

Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Эйлеа® инъекциясынан соң инъекцияға немесе көзді тексеруге байланысты көрудің уақытша бұзылу мүмкіндігі салдарынан көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне елеусіз әсері анықталды.

Пациенттерге көру функциясы жеткілікті дәрежеде қалпына келгенге дейін автомобиль немесе күрделі механизмдерді басқаруға болмайды.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Эйлеа® тек интравитреальды енгізуге арналған.

Препаратты тек интравитреальды инъекция жүргізуде тәжірибесі, кәсіби біліктілігі бар дәрігер енгізуі тиіс.

Әр құтыда 0.278 мл интравитреальды енгізуге арналған ерітінді бар, бұл шығарылу көлемі 0.1 мл береді.

Құтыда 2 мг афлиберцепт құрайтын препараттың бір реттік дозасы бар, ол инъекцияға арналған 50 мкл (0.05 мл) ерітіндіге баламалы.

Бір ампуланың құрамында кем дегенде 0,1 мл шығарылу көлемі бар, ол кем дегенде 4 мг афлиберцептке баламалы. Бұл пайдалану үшін қолданылатын құрамында 2 мг афлиберцепт бар 0.05 мл бір реттік дозаны жеткізуді қамтамасыз етеді.

Дозалау режимі

Ылғалды, жасқа байланысты макулярлық дегенерация

Эйлеа® ұсынылатын дозасы 2 мг афлиберцепті құрайды, бұл 0.05 мл инъекцияға арналған ерітіндіге баламалы.

Эйлеа® емін айына 1 рет үш бірізді инъекциямен бастайды. Содан кейін емдеудегі аралық екі айға дейін созылады.

Дәрігердің шешімі бойынша, көздің көруіне және анатомиялық тұрақты нәтижелерге негізделген инъекция арасындағы аралықты екі ай бойы демеп тұруға болады немесе әрі қарай ұзартылатын treat-and-extend (емдеу-және-ұлғайту) режимінде көруді және/немесе анатомиялық тұрақты нәтижелерді ұстап тұру үшін инъекция арасындағы аралық 2 немесе 4 аптаға дейін ұзартылуы мүмкін. Көздің көруі және анатомиялық нәтижелер нашарлаған жағдайда емдеу аралығын тиісінше қысқарту керек.

Инъекциялар арасында мониторинг жасау қажет емес. Дәрігердің шешімі бойынша мониторинг кестесі инъекция кестесіне қарағанда жиірек болуы мүмкін.

Емдеудегі төрт айдан асатын немесе 4 аптадан аз инъекция арасындағы аралықтар зерттелген жоқ.

Торқабық веналары окклюзиясы салдарынан (торқабықтың орталық венасы немесе оның тармақтары) болатын макулярлық ісіну

Эйлеа® ұсынылатын дозасы 2 мг афлиберцептті құрайды, ол инъекцияға арналған 0,05 мл ерітіндіге баламалы.

Препараттың бастапқы инъекциясынан кейін емді әр ай сайын өткізеді. Екі инъекция аралығы бір айдан кем болмау керек.

Егер жүргізілген емнің пайдасын көздің көруі мен анатомиялық нәтижелер көрсетпейтін болса, Эйлеа® инъекциясын тоқтату керек.

Ай сайын енгізуді ең жоғары көру жітілігіне жеткенше және/немесе аурудың белсенділік белгілері болмағанша жалғастырады. 3 немесе одан асатын жүйелі ай сайынғы инъекцияларды орындау қажет болуы мүмкін.

Көруді және/немесе анатомиялық тұрақты нәтижелерді демеу үшін инъекциялар арасындағы аралықты біртіндеп ұзартумен емді содан соң treat-and-extend режимінде (емдеу-және-ұзарту) жалғастыруға болады, алайда осы аралықтардың ұзақтығы туралы қорытынды жасауға деректер жеткіліксіз.

Егер көрудің және/немесе анатомиялық нәтижелердің нашарлауы байқалатын болса, сәйкесінше емдеудегі аралықты қысқарту қажет.

Мониторинг және емдеу кестесін пациенттің жекелей реакциясы негізінде емдеуші дәрігер анықтауы тиіс.

Ауру белсенділігінің мониторингі клиникалық тексерулер, функционалдық тестілер немесе көзбен көру әдістерін (мысалы, оптикалық когеренттік томография немесе флуоресцентті ангиография) жүргізуді қамтиды.

Диабеттік макулярлық ісіну

Эйлеа® ұсынылатын дозасы 2 мг афлиберцептті құрайды, бұл инъекцияға арналған 0.05 мл ерітіндіге баламалы.

Эйлеа® препаратымен емдеуді айына 1 рет бес бірізді инъекциядан бастайды, одан кейін емдеу аралығымен 2 айда 1 инъекция.

Дәрігердің шешімі бойынша, көздің көруіне және анатомиялық тұрақты нәтижелерге негізделген инъекция арасындағы аралықты 2 ай бойы демеп тұруға болады немесе әр адамда жекелей ұстап тұруға болады, мысалы, treat-and-extend (емдеу-және-ұлғайту) режимінде көруді және/немесе анатомиялық нәтижелерді ұстап тұру үшін инъекция арасындағы аралық 2 аптаға стандартты ұзартылатады. 4 айдан артық емдеу аралықтары үшін шектеулі деректер бар. Көру және/немесе анатомиялық нәтижелер нашарлаған жағдайда емдеу аралығын тиісінше қысқарту керек. 4 аптадан кем емдеу аралықтар зерттелмеген.

Мониторинг кестесін емдеуші дәрігер белгілеуі тиіс.

Егер көздің көруі және анатомиялық нәтижелер жүргізіліп жатқан үздіксіз емнің пайдалылығын көрсетпесе, Эйлеа® инъекцияларын тоқтату керек.

Миопиялық хориоидалды неоваскуляризация

Эйлеа® ұсынылған дозасы 2 мг афлиберцепті құрайды, бұл бір реттік интравитреальды инъекция түрінде 0.05 мл ерітіндіге баламалы.

Егер көздің көруі және/немесе анатомиялық нәтижелер ауру белгілерінің сақталғанын растайтын болса, қосымша дозалар енгізілуі мүмкін. Ауру қайталанғанда аурудың жаңа манифестациясы жағдайындағы сияқты емдеу қажет.

Тексеру кестесін емдеуші дәрігер белгілеуі қажет.

Екі инъекция арасындағы аралық бір айдан қысқа болмауы тиіс.

Пациенттердің ерекше санаттары үшін қосымша ақпарат

Бауыр және/немесе бүйрек функциясы бұзылуы бар пациенттер

Бауыр және бүйрек функциясы бұзылуы бар науқастарда Эйлеа® қандай да бір арнайы зерттеулері жүргізілмеген.

Қол жетімді деректерде мұндай пациенттерде доза түзету керектігі болжанбайды.

Егде жастағы пациенттер

Арнайы алдын ала сақтандырулар жоқ. 75 жастан асқан диабеттік макулярлық ісінумен науқастарға қолданудың шектеулі тәжірибесі бар.

Балалар және жасөспірімдер

Балалар және жасөспірімдерде Эйлеа® препаратының қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Педиатриялық популяцияда ылғалды ЖБМД, ТОВО және ТВТО, ДМІ, миопиялық ХНВ көрсеткіштері бойынша Эйлеа® қолдануға негіздеме жоқ.

Енгізу әдісі мен жолы

Интравитреальды инъекцияларды медициналық стандартқа және қолданыстағы нұсқаулық қағидаларына сай интравитреальды инъекция жүргізуде тәжірибесі бар білікті маман дәрігер жүргізуі тиіс. Көз айналасы терісіне, қабақ және көз беткейіне жағылатын сыртқа арналған ауқымы кең бактерицидті дәрілерді (мысалы, повидон-йод) қоса, талапқа сай анестезия және асептика қамтамасыз етілуі тиіс. Қолды хирургиялық дезинфекциялау, стерильді қолғаптар пайдалану, стерильді сүрткілер, стерильді қабақ кеңейткіштер (немесе баламасы) қолдану ұсынылады.

Инъекцияға арналған инені көлденең меридиана аймағына жолатпай және инені көз алмасы орталығына бағыттай отырып, лимбадан 3,5–4.0 мм артқа қарай, шыны тәрізді дене қуысына енгізген жөн. Содан соң 0.05 мл ерітінді инъекциясын жасау керек; одан кейінгі инъекциялар үшін ақ қабықтың басқа жерлерін пайдаланған жөн.

Пациенттерді интравитреальды инъекциядан соң дереу көзішілік қысым жоғарылауы мүмкіндігіне байланысты бақылау басталуы тиіс. Бұл мониторинг көру жүйкесі дискісінің перфузиясын тексеруден немесе тонометриядан тұруы мүмкін. Қажет болғанда парацентез жүргізу үшін стерильді жабдық қол жетімді болуы керек.

Интравитреальды инъекциядан кейін пациенттерге қандай да бір эндофтальмиттің дамуын айғақтауы мүмкін (мысалы, көз ауруы, көз қызаруы, көз қарығуы, анық көре алмау) симптомдар болғанда кешіктірмей хабарлауы тиістігі жөнінде нұсқау беру керек.

Әрбір құты тек бір көзді ғана емдеуге қолданылуы тиіс.

Құтыдан бірнеше дозаны шығару жұқтыру қаупін және одан кейінгі инфекциялардың даму қаупін арттыруы мүмкін.

Құтының құрамында ұсынылған 2 мг дозадан артық афлиберцепт бар. Құтының алынатын көлемі (100 мкл) толығымен қолданылмайды. Артық көлемі инъекцияға дейін шығарылып тасталу керек.

Құтыдағы толық көлемді енгізу артық дозалануға әкелуі мүмкін. Ауа көпіршіктерін және дәрілік заттың артық көлемін алып тастау үшін шприц поршенін баяу басып және поршень күмбезінің цилиндрлік негізін шприцтегі қара белгіге ауыстыру керек (50 мкл баламалы, яғни 2 мг афлиберцепт).

Инъекциядан соң кез келген пайдаланылмаған препарат утилизациялануы тиіс.

Құты тек бір рет пайдалануға, яғни бір көзге бір инъекция енгізуге арналған.

Құтының ішінде ұсынылған дозадан артық 2 мг афлиберцепт ( бұл 0,05 мл баламалы) бар. Артық көлемі инъекцияға дейін шығарылу керек.

Инъекция алдында ерітіндіні бөгде механикалық қосындылардың болуына және/немесе оның бояуының өзгеруі немесе сыртқы түрінің кез келген өзгеруі мәніне көзбен шолып тексеру жүргізіледі. Жоғарыда қарастырылған кез келген жағдайларда дәрілік препарат жарамсыз болады.

Сүзгі ине:

Blunt Filter (Fill) инесі тері инъекциясына арналмаған. Автоклавта стерилизациялауға болмайды.

Сүзгі ине апирогенді болып табылады. Жеке қаптамасы зақымдалған жағдайда инені пайдалануға болмайды.

Пайдаланған Blunt Filter (Fill) сүзгі инесін өткір медициналық заттарға арналған арнайы контейнерде утилизациялау керек.

Назар аударыңыз: Сүзгі инені қайта қолдану инфекцияның немесе басқа патологияның/зақымданудың пайда болуына әкелуі мүмкін.

Интравитреальды инъекцияны орындау үшін өлшемі 30 G x ½ дюйм инъекцияға арналған инелер қолданылады.

Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

Клиникалық зерттеулерде 1 айлық аралықпен 4 мг дейінгі доза пайдаланылды және 8 мг дозада артық дозаланудың жекелеген жағдайлары болды.

Жоғары көлемде енгізу нәтижесінде артық дозалану көзішілік қысымның артуына әкелуі мүмкін.

Сондықтан артық дозалану жағдайларында көзішілік қысымға бақылау жүргізу керек және қажет болғанда емдеуші дәрігер талапқа сай ем тағайындауы керек

Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын өткізіп алған кезде қажетті шаралар

Эйлеа® инъекциясын өткізіп алған жағдайда тексерілу және инъекция жасау үшін дәрігерге жазылу қажет.

Тоқтату симптомдары қаупінің болуына нұсқаулар

Емдеуді тоқтатпас бұрын дәрігермен кеңесіп алу керек.

Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіну үшін медицина қызметкерінен кеңес алуға бару жөніндегі нұсқаулар

Осы дәріні пайдалану бойынша қандай да бір қосымша сұрақтар туындаған кезде дәрігерге қаралу қажет.

ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар

Зерттелген көздегі инъекция емшарасына байланысты көздің күрделі жағымсыз реакциялары 1900 интравитреальды инъекциялардың кемінде біреуінен байқалды және олардың ішінде соқырлық, эндофтальмит, торқабықтың ажырауы, жарақаттық катаракта, шыны тәрізді денеге қан құйылу, катаракта, шыны тәрізді дененің ажырауы, және көзішілік қысымның жоғарылауы болды.

Ең жиірек жағымсыз реакциялары (Эйлеа® емін қабылдаған пациенттердің ең кемі 5%-да) конъюнктиваға қан құйылу (25 %), торқабыққа қан құйылу (11%), көру жітілігінің төмендеуі (11 %), көздің ауыруы (10 %), катаракта (8 %), көзішілік қысымның жоғарылауы (8 %), шыны тәрізді дененің ажырауы (7 %), шыны тәрізді дененің баяу бұлыңғырлануы (7 %) болды.

Өте жиі

- көру жітілігінің төмендеуі, торқабыққа қан құйылу, конъюнктиваға қан құйылу, көздің ауыруы

Жиі

- торқабықтың пигментті эпителийінің жыртылуы*, торқабықтың пигментті эпителийінің ажырауы, торқабық дегенерациясы, шыны тәрізді денеге қан құйылу, катаракта, кортикальді катаракта, ядролық катаракта, субкапсулярлық катаракта, мөлдір қабық эрозиясы, мөлдір қабықтың зақымдануы, көзішілік қысымның жоғарылауы, көрудің анық болмауы, шыны тәрізді дененің ауытқымалы бұлыңғырлануы, шыны тәрізді дененің ажырауы, енгізу орнындағы ауыру, көзде бөгде затты сезіну, көз жасының көп бөлінуі, қабақ ісінуі, енгізу орнындағы қан құйылу, нүктелік кератит, конъюнктива гиперемиясы, окулярлық гиперемия

Жиі емес

  • өте жоғары сезімталдық реакциялары ***

  • эндофтальмит**, торқабықтың ажырауы, торқабықтың жыртылуы, ирит, увеит, иридоциклит, көз бұршағының бұлыңғырлануы, мөлдір қабықтың ісінуі, мөлдір қабық эпителийінің зақымдануы, енгізген орындағы тітіркену, көзде жайсыздықты сезіну, қабақтың тітіркенуі, көздің алдыңғы камерасының қабынуы.

Сирек

- соқырлық, жарақаттық катаракта, шыны тәрізді дененің қабынуы, гипопион

Белгісіз (қолда бар деректер бойынша бағалау мүмкін емес)

- склерит****

* Ылғалды ЖБМД байланысты екені белгілі болған жағдайлар.

Тек ылғалды ЖБМД зерттеулерінде байқалған.

**Инфекциялық және инфекциялық емес эндофтальмит.

***Маркетингтен кейінгі кезеңде хабарланған аса жоғары сезімталдық реакцияларына бөртпе, қышыну, есекжем және анафилаксиялық/анафилактоидты реакциялардың оқшау жағдайлары жатады.

**** Постмаркетингтік есептемеден

Жекелеген жағымсыз реакциялар сипаттамасы

III фаза зерттеулерінде тромбозға қарсы препараттарды қабылдаған ЖБМД «ылғалды» түрі бар пациенттерде субконъюнктивальді қан кету туындауы жиілігінің артуы байқалды. Бұл құбылыстың арту жиілігі ранибизумаб және Эйлеа® препаратын қабылдаған пациенттерде салыстырмалы болды.

Артериялық тромбоэмболиялық көріністер (АТК) – тамырлардың жүйелік эндотелиалды өсу факторының тежелуіне потенциалды байланысты (VEGF) жағымсыз реакциялар.

VEGF тежегіштерін интравитреальды қолданудан кейін инсульт және миокард инфарктісін қоса, АТК дамуының теориялық қаупі бар.

ЖБМД, ДМІ, ТОВО және ТВТО, миопиялық ХНВ бар пациенттерде Эйлеа® клиникалық зерттеулерінде АТК төмен жиілігі бақыланған. Барлық көрсеткіштерде Эйлеа® алған пациенттер тобы және тиісті салыстыру тобындағылар арасында елеулі айырмашылық анықталмады.

Басқа да шығу тегі ақуызды препараттардағы сияқты Эйлеа® препаратын енгізуге де иммуногенділіктің даму ықтималдығы бар.

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ұлттық сараптау орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препарат құрамы

Бір мл препараттың құрамында

белсенді зат - 40 мг афлиберцепт,

қосымша заттар: натрий хлориді, натрий дигидрофосфаты моногидраты, натрий гидрофосфаты гептагидраты, сахароза, полисорбат 20, инъекцияға арналған су.

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Мөлдір, сәл бозаңданатын ерітінді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Фторполимермен фольгаланған, бутилкаучуктан жасалған тығынмен тығындалған, алюминий сақинамен және полипропилен қалпақшамен қаусырылған, сыйымдылығы 2 мл, I типті түссіз шыныдан жасалған құтыда 0.278 мл ерітіндіден.

1 құтыдан, 1 сүзгі инеден медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Сақтау шарттары

2 °С-ден 8 °С-ге дейінгі температурада сақтау керек. Мұздатып қатыруға болмайды.

Жарықтан қорғау үшін картон қорапшада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәліметтер

Байер АГ, Берлин, Германия.

тел.: +49 214-30 57 36 5

e-mail: www.bayer.com

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

Байер АГ, Леверкузен, Германия

тел.: +49 214-30 57 36 5

e-mail: www.bayer.com

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, электрондық пошта):

«Байер КАЗ» ЖШС

Тимирязев көш., 42, 15 павильон, 301 кеңсе

050057 Алматы, Қазақстан Республикасы,

тел. +7 727 258 80 40,

e-mail: kz.claims@bayer.com

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, электрондық пошта):

«Байер КАЗ» ЖШС

Тимирязев көш., 42, 15 павильон, 301 кеңсе

050057, Алматы, Қазақстан Республикасы

тел:+7 727 258 80 40,

e-mail: pv.centralasia@bayer.com 

 

 

1. Енгізу бойынша нұсқаулық

Қолданар алдында ашылмаған құты бөлме температурасында (25 °C / 77°F) ең көбі 24 сағат бойы сақталуы мүмкін. Ашылған құтымен барлық манипуляцияларды асептикалық жағдайларда жүргізу керек.

Пластик қалпақшаны шешіп алыңыз және құтының резеңке тығынының сыртқы бөлігін дезинфекциялаңыз.

18G инені Люэр бекіткіші бар 1-миллилитрлік стерильді шприцпен картон қаптамада берілген 5-микрондық сүзгімен жалғаңыз.

Сүзгіш инені түбіне жеткенше құтының тығынының ортасына енгізіңіз.

Асептикалық жағдайда Эйлеа® құтысының барлық ішіндегісін шприцке шығарып, құтыны тік қалыпта ұстап, оның толық босатылуын жеңілдету үшін сәл еңкейтіңіз. Ауаның түсуін болдырмау үшін иненің кертілген ұшы сұйықтыққа батырылғанына көз жеткізу қажет. Сүзгіш иненің кертілген ұшы сұйықтыққа батырылуын қадағалай отырып, шығарған кезде құтыны еңкейте түсіңіз.

Құтыны босатқан кезде поршень штогы жеткілікті дәрежеде көтерілгеніне және сүзгіші бар ине бос екеніне көз жеткізіңіз.

Сүзгіш инені шешіп алыңыз және оны тиісінше утилизациялаңыз.

Ескертпе: сүзгіш ине интравитреальды инъекцияларға арналмаған.

Асептика жағдайында бұрайтын қимылмен 30G x ½ дюйм инъекцияға арналған инесін люэр бекіткіші бар шприцтің өтпелі канюлясына мықтап кигізіңіз.

Инесін жоғары қаратып шприцті ұстап тұрып, оны көпіршіктердің болуына тексеріңіз. Егер көпіршіктер болса, барлық көпіршіктер жоғары көтерілгенге дейін шприцке абайлап шертіңіз.

Барлық көпіршіктерді шығарыңыз және жалпақ жағы шприцтегі 0,05 мл белгідегі сызықпен сәйкестендірілетіндей етіп шприцтің поршеніне баяу басып тұрып дәрінің артығын алып тастаңыз.

Құты тек бір рет пайдалануға арналған. Бір құтыдан бірнеше дозаны шығару контаминация қаупінің артуына және кейін инфекция жұқтыруға әкелуі мүмкін. Дәрілік заттың пайдаланылмаған көлемі немесе қалдықтары ұлттық талаптарға сәйкес утилизациялануы тиіс.

Прикрепленные файлы

ЛС_инструкция_Эйлеа_рус.docx 0.46 кб
ЛС_инструкция_Эйлеа_каз.docx 0.54 кб
Эйлеа_2_мг_ЛВ_ЕАЭС_от15.01_.2026_.pdf 0.28 кб
ОХЛП_Эйлеа_рус.docx 1.16 кб
ОХЛП_Эйлеа_каз.docx 1.26 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники