Цитрамон П (таблетки)
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Цитрамон П
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: 240.0 мг ацетилсалицил қышқылы,
180.0 мг парацетамол,
30.0 мг кофеин,
қосымша заттар: картоп крахмалы, лимон қышқылы, какао-ұнтақ, полисорбат-80, коллоидты сусыз кремнийдің қостотығы, кальций стеараты.
Сипаттамасы
Жалпақ цилиндр пішінді, сәл ғана сірке қышқылы мен какао иісі бар, теңбілді, ашық-қоңыр түсті таблеткалар. Таблетканың бір жағында ойығы мен сызығы, екінші жағында – ойығы бар.
Фармакотерапиялық тобы
Анальгетиктер - антипиретиктер.
Салицил қышқылы және оның туындылары
Басқа да препараттармен біріктірілген ацетилсалицил қышқылы.
АТЖ коды N02BA51
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Препараттың фармакологиялық қасиеттері оның құрамына кіретін әсер етуші заттардың қасиеттеріне негізделген. Препарат компоненттері асқазан-ішек жолында жақсы сіңеді.
Ацетилсалицил қышқылы ішке қабылданғаннан кейін тез және толық дерлік сіңеді, жартылай ыдырау кезеңі 15-20 минуттан аспайды; көптеген тіндерге оңай өтеді; ішек қабырғасында және бауырда биоөзгеріске ұшырап, салицил қышқылын және басқа белсенді метаболиттер түзеді, бүйректер ақылы өзгермеген күйінде шығарылады.
Парацетамол ішектің жоғары бөлімдерінде сіңеді. Жартылай шығарылу кезеңі 2-3 сағатты құрайды; бауырда метаболизденеді, негізінен бүйректер арқылы бөлініп шығады.
Кофеин ішекте жақсы сіңеді, плазмада жартылай шығарылу кезеңі 5-10 сағатты құрайды. Көбінесе бүйректер арқылы метаболиттер түрінде,
10 %-ға жуығы өзгермеген күйінде шығарылады.
Фармакодинамикасы
Цитрамон П - біріктірілген препарат. Жиынтық әсері ацетилсалицил қышқылының және парацетамолдың ауыруды сездірмейтін, ыстықты түсіретін және қабынуға қарсы қасиеттерімен және кофеиннің психиканы көтермелейтін әсерімен анықталады.
Ацетилсалицил қышқылының ыстықты түсіретін және қабынуға қарсы әсерлері бар, әсіресе қабыну үдерісінен болған ауыруларды әлсіретеді, сондай-ақ тромбоциттердің бірігуін және тромбтың түзілуін орташа түрде басады, қабыну ошағындағы микроциркуляцияны жақсартады. Парацетамолдың ауыруды басатын, ыстықты түсіретін және қабынуға қарсы әлсіз әсері бар, ол оның гипоталамустағы жылуды реттейтін орталыққа ықпал етуімен және әлсіз байқалатын шеткергі тіндердегі простагландиндер (Pg) синтезін тежеуге қабілеттілігімен байланысты.
Кофеин жұлынның рефлекторлы қозғыштығын арттырады, тыныс алу және қантамырларын қозғалтқыш орталықтарын қоздырады, қаңқа бұлшықеттерінің, мидың, жүректің, бүйректердің қантамырларын кеңейтеді, тромбоциттердің бірігуін төмендетеді; ұйқышылдықты, шаршау сезімін азайтады, ақыл-ой және дене еңбегіне қабілетін арттырады. Осы біріктірілімде кофеин аз дозада орталық жүйке жүйесіне ынталандырғыш әсер етпейді, алайда ми қантамырларының тонусының қалыпты болуына ықпал етеді.
Қолданылуы
- шығу тегі әртүрлі қарқындылығы әлсіз және орташа ауыру синдромында (бас ауыру, бас сақинасы, тіс ауыру, невралгия, миалгия, альгодисменорея)
- жедел ағымды респираторлы вирус жұқпалары, тұмау кездеріндегі қызба жағдайларында.
Қолдану тәсілі және дозалары
Ішке, ересектерге (тамақтану кезінде немесе тамақтан кейін), 1 таблеткадан күніне 1-3 рет.
Ересектер үшін ең жоғары бір реттік доза – 2 таблетка, тәуліктік доза – 6 таблетка.
Қабылдау ұзақтығы – 3-5 күннен аспайды.
Препаратты ауыруды сездірмейтін дәрілік зат ретінде 5 күннен артық және ыстықты түсіретін дәрі ретінде 3 күннен артық қабылдамаған жөн (дәрігердің тағайындауынсыз және бақылауынсыз).
Жағымсыз әсерлері
- анорексия, жүрек айнуы, құсу, гастралгия
- асқазан-ішек жолы мен он екі елі ішектің эрозивті-ойық жаралы зақымдануы, асқазан-ішектен қан кету
- мультиформалы экссудативті эритема (оның ішінде Стивенс-Джонсон синдромы)
- уытты эпидермальді некролиз (Лайелл синдромы)
- бронх түйілуі
- бүйрек және бауыр жеткіліксіздігі
- бас айналуы, тахикардия, артерия қысымының көтерілуі
Ұзақ уақыт қолданған кезде
- тромбоциттер бірігуінің нашарлауы
- бас ауыруы, көрудің нашарлауы, құлақтың шуылдауы
- гипокоагуляция
- геморрагиялық синдром (мұрыннын қан кету, қызыл иектің қанағыштығы, пурпура және т.б.)
- бүйректің папиллярлы некрозбен зақымдануы
- балаларда Рейе синдромы (гиперпирексия, метаболикалық ацидоз, жүйке жүйесі және психика тарапынан бұзылулар, бауыр қызметінің бұзылуы, құсу)
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
препарат компоненттеріне асқын сезімталдықта
-
өршу фазасындағы асқазан және он екі елі ішектің ойық жара ауруында
-
асқазан-ішектен қан кетуде (оның ішінде сыртартқысында)
-
бауыр және/немесе бүйек қызметінің айқын бұзылуларында, подаграда
-
гемморагиялық диатезде, гипокоагуляцияда
-
көп қан кететін хирургиялық араласымда
-
глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығында
-
глаукомада
-
ацетилсалицил қышқылын, салицилаттар мен қабынуға қарсы басқа да стероидты емес дәрілерді қабылдаумен индукцияланған демікпеде
-
қатты қозғыштықта, ұйқы бұзылғанда
-
жүрек-қан тамырлары жүйесінің органикалық ауруларында (оның ішінде миокард жедел инфарктісі, атеросклероз)
-
айқын артериялық гипертензияда
-
порталды гипертензияда
-
К авитаминозында
-
гипопротеинемияда
-
18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге
-
жүктілікте, лактация кезеңінде
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Гепариннің, ішу арқылы қабылданатын антикоагулянттардың, резерпиннің, стероидты гормондардың және гипогликемиялық дәрілердің әсерін күшейтеді. Қабынуға қарсы стероидты емес басқа препараттармен, метотрексатпен бір мезгілде тағайындау жағымсыз әсерлердің даму қаупін арттырады. Спиронолактонның, фуросемидтің, гипотензиялық дәрілердің, несептің шығарылуына мүмкіндік беретін подаграға қарсы дәрілердің тиімділігін азайтады. Барбитураттар, рифампицин, салициламид, эпилепсияға қарсы дәрілер және микросомальды тотығудың басқа да көтермелегіштері бауыр қызметіне ықпал ететін парацетамол уытты метаболиттерінің пайда болуына мүмкіндік береді. Парацетамолдың әсер етуімен хлорамфениколдің жартылай шығарылу кезеңі 5 есе артады. Қайталап қабылдаған кезде парацетамол антикоагулянттардың әсерін күшейтуі мүмкін. Парацетамолды және этанолды бір мезгілде қабылдау гепатоуытты әсерлердің даму қаупін арттырады. Кофеин эрготаминнің сіңуін жылдамдатады.
Айрықша нұсқаулар
Препаратты ауыруды сездірмейтін дәрі ретінде бес күннен және ыстықты түсіретін дәрі ретінде үш күннен астам қолдануға болмайды.
Бауыр және бүйрек ауруларына шалдыққан емделушілерге, бронх демікпесінде, подаграда, қанағыштық жоғарылағанда немесе бір мезгілде ұюға қарсы ем жүргізген кезде, пішен қызбасында, дәріден болған аллергияда абайлап қолдану керек.
Препаратты қабылдау кезінде алкоголь қабылдауды тоқтата тұрған жөн.
Рейе синдромының пайда болу қаупі жоғары болуына байланысты балаларға препаратты тағайындамау керек. Рейе синдромы ұзақ құсумен, жедел ағымды энцефалопатиямен, бауырдың ұлғаюымен білінеді.
Несеп қышқылының жиналуына бейім емделушілерде препаратты қабылдау подагра ұстамасын өршітуі мүмкін.
Дәрілік заттың автокөлікті немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Дәрілік заттың жағымсыз әсер ететінін ескере отырып, автокөлікті немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару кезінде сақ болған жөн.
Артық дозаланғанда
Симптомдары: жеңіл уыттануларда – жүрек айну, құсу, гастралгия, бас айналу, құлақтың шуылдауы; қатты уыттану – қисынсыз ойлау, ұйқышылдық, коллапс, құрысулар, бронхтың түйілуі, тыныстың тарылуы анурия, қан кетулер.
Емі: қышқылды-негізді жағдай мен электролиттік теңгерімді ұдайы бақылау; зат алмасу жағдайына байланысты – натрий гидрокарбонатын, натрий цитраты немесе натрий лактатын енгізу, бұл несепті сілтілендіру есебінен ацетилсалицил қышқылының шығарылуын күшейтеді.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 таблеткадан поливинилхлоридті немесе импорттық үлбірден, және де алюминий немесе импорттық фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.
Пішінді ұяшықты қаптамаларды қораптық немесе гофрланған картоннан жасалған қораптарға салады. Әр қорапқа қаптамалар саны бойынша медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулық салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 30 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
«Химфарм» АҚ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ,
Шымкент қ., Рашидов к-сі, н/ж, т/ф: 561342
Тіркеу куәлігінің иесі
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«Химфарм» АҚ, Шымкент қ., ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ,
Рашидов к-сі, н/ж, т/ф: 560882
Телефон нөмірі: 7252 (561342)
Факс нөмірі: 7252 (561342)
Электронды поштасы: standart@santo.kz