Цитол® (20 мг)

МНН: Циталопрам
Производитель: Abdi Ibrahim
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Citalopram
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№000035
Информация о регистрации в РК: 02.02.2016 - 02.02.2021
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Предельная цена закупа в РК: 94.15 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Цитол®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Циталопрам

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 20 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - циталопрам гидробромиді 24,98 мг

(20 мг циталопрамға баламалы),

қосымша заттар: жүгері крахмалы, лактоза моногидраты, поливинилпирролидон К-90, микрокристалды целлюлоза, магний стеараты.

қабықтың құрамы: гидроксипропилметилцеллюлоза- Е5, полиэтиленгликоль 400, титанның қостотығы Е 171.

Сипаттамасы

Бір жағында AI логотипі және екінші жағында сызығы бар, сопақша пішінді, үлбірлі қабықпен қапталған ақ түсті таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Антидепрессанттар. Серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштер. Циталопрам.

АТХ коды N06АВ04

Фармакологиялық қасиеті

Фармакодинамикасы

Циталопрам норадреналинді, дофаминді және гамма-амин май қышқылдарын қармауға әсер етпейтін немесе ең аз әсер ететін серотонинді кері қармайтын аса селективті тежегіш (СКҚСТ) болып табылады.

Циталопрам 5-HT1A-, 5-HT2-серотониндік, D1- және D2- дофаминдік, α1-, α2- және β-адренергиялық рецепторларды, H1-гистаминдік, мускариндік холинорецепторды, бензодиазепиндік және апиындық рецепторларды қоса, бірқатар рецепторлармен байланысу қабілеті мүлдем жоқ немесе байланысу қабілеті өте әлсіз.

Тез ұйықтау сатысын бәсеңдету (REM) антидепрессиялық әсерінің предикторы болып саналады. Үш циклді антидепрессанттар сияқты, басқа СКҚСТ және МАО 2 тежегіштері, циталопрам тез ұйықтауды бәсеңдетеді және баяу толқынды терең ұйқыға кетуді жоғарылатады. Фармакокинетикасысы

Сіңуі

Препарат іс жүзінде толық сіңеді және ас ішуге байланысты емес (қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына орташа жету уақыты (Tmax) шамамен 3 сағат). Ішке қабылдағанда биожетімділігі шамамен 80% құрайды.

Таралуы

Болжамды таралу көлемі (Vd) 12-17 л/кг жуықты құрайды. Циталопрам мен оның белсенді метаболиттерінің плазма ақуыздарымен байланысуы 80%-дан азды құрайды.

Биотрансформациясы

Циталопрам белсенді метаболиттер: деметилциталопрамға, дидеметилциталопрамға, циталопрам-N-тотығы және аминсізделген пропион қышқылының белсенді емес туындысына дейін метаболизденеді. Барлық белсенді метаболиттер де СКҚСТ болып табылады, бірақ олардың әсері бастапқы қосылысқа қарағанда әлсіздеу. Қан плазмасындағы иеленуші компонент өзгермеген циталопрам болып табылады. Деметилциталопрам мен дидеметилциталопрамның концентрациясы циталопрам концентрациясынан әдетте тиісінше 30-50% және 5-10% құрайды. Циталопрамның деметилциталопрамға биотрансформациялануы CYP2C19 (шамамен 38%), CYP3A4 (шамамен 31%) және CYP2D6 (шамамен 31%) изоферменттері арқылы жүреді.

Шығарылуы

Жартылай шығарылу кезеңі (T½) шамамен 1½ тәулікті құрайды. Циталопрам плазмасының жүйелік клиренсі (Cls) шамамен 0,3-0,4 л/мин, ал пероральді қолданған кездегі клиренсі (Cloral) шамамен 0,4 л/минутты құрайды. Циталопрам негізінен бауыр арқылы (85%) және бүйрек арқылы (15%) шығарылады; тәуліктік дозаның 12-23% -ы өзгермеген циталопрам түрінде несеппен шығарылады. Бауырдағы (қалдық) клиренсі шамамен 0,3 л/мин, ал бүйректік клиренсі шамамен 0,05-0,08 л/минутты құрайды.

Дозаға байланыстылығы

Циталопрамның кинетикасы дозаға байланысты. Плазмадағы тепе-тең концентрациясына 1-2 апта ішінде жетеді. Орташа тепе-тең концентрациясы тәуліктік доза аясында шамамен 300 нмоль/л (165-405 нмоль/л) 40 мг құрайды.

Егде жастағы пациенттер (> 65 жас)

Егде жастағы пациенттерде метаболизм жылдамдығын төмендету салдарынан препараттың жартылай шығарылуының ұзағырақ кезеңі (1,5-3,75 тәулік) және клиренсінің төмен көрсеткіштері (0,08-0,3 л/мин) байқалатыны көрсетілген. Тепе-тең концентрациясы бірдей дозаны қабылдаған жас пациенттерге қарағанда егде жастағыларда шамамен екі есеге жоғары.

Бауыр функциясының төмендеуі

Циталопрам бауыр функциясы бұзылған пациенттерде баяуырақ шығарылады. Циталопрамның жартылай шығарылу кезеңі бір дозаны қабылдағанда бауыр функциясы қалыпты пациенттермен салыстырғанда шамамен екі есеге көп, ал тепе-тең концентрациясы шамамен екі есеге жоғары.

Бүйрек функциясының төмендеуі

Циталопрам бүйрек функциясының азғана немесе орташа бұзылуы бар пациенттерде баяуырақ шығарылады, бұл алайда циталопрамның фармакокинетикасына айтарлықтай әсер көрсетпейді. Қазіргі уақытта бүйрек функциясының ауыр бұзылулары бар (креатинин клиренсі < 30 мл/мин) пациенттерді емдеуге қатысты ақпарат жоқ.

Полиморфизмі

In vivo зерттеулер циталопрам метаболизмінің спартеин/дебризохин (CYP2D6) тотығуының клиникалық маңызды полиморфизмімен ерекшеленбейтінін көрсетті. CYP2C19 изоферменті белсенділігі әлсіз пациенттерде сақтық шаралары ретінде ұсынылатын бастапқы доза тәулігіне 10 мг-ден аспауы тиіс.

Қолданылуы

- орташа және ауыр дәрежедегі депрессиялық көріністерде және олардың қайталануының алдын алуда

- агорафобиясымен/онсыз паникалық бұзылыстарда.

Қолдану тәсілі мен дозалары

Цитол® тәулігіне бір рет пероральді тағайындалады. Препаратты ас ішуге байланыссыз күннің кез келген уақытында қабылдауға болады.

Депрессиялар

Цитолді® тәулігіне бір рет 20 мг тағайындайды. Пациенттің жеке жауаптық реакциясына байланысты доза ең жоғары – тәулігіне 40 мг-ге дейін арттырылуы мүмкін.

Депрессияға қарсы әсері әдетте емді бастағаннан кейін 2-4 аптадан соң дамиды. Антидепрессанттармен емдеу симптоматикалық сипатқа ие және жеткілікті уақыт кезеңі бойы, әдетте қайталануының дамуын болдырмас үшін депрессия симптомдары толық қайтқаннан кейін кемінде 6 ай бойы жалғасуы тиіс. Рекурренттік (униполярлық) депрессиясы бар пациенттерде қажетті демеуші ем жаңа көріністердің дамуын болдырмас үшін бірнеше жылдар бойы жалғасуы мүмкін.

Паникалық бұзылыстар

Емдеудің алғашқы аптасында ұсынылатын бір реттік доза тәулігіне пероральді 10 мг құрайды, содан соң доза тәулігіне 20 мг-ге дейін арттырылады. Пациенттің жеке жауаптық реакциясына байланысты доза ең жоғары – тәулігіне 40 мг-ге дейін арттырылуы мүмкін. Паникалық бұзылыстарды емдеген кезде циталопрамның ең жоғары емдік әсеріне емді бастағаннан кейін шамамен 3 айдан соң жетеді және емдеуді жалғастырған кезде сақталады.

Егде жастағы пациенттер (65 жастан асқан)

Егде жастағы пациенттер үшін тәуліктік дозаны ұсынылатын дозаның жартысына дейін, яғни 10-20 мг-ге дейін төмендету керек. Егде жастағы пациенттер үшін ұсынылатын ең жоғары доза тәулігіне 20 мг құрайды.

Балалар мен жасөспірімдер ( 18 жасқа дейінгі)

Цитолді® 18 жастан кіші балалар мен жасөспірімдерде қолдануға болмайды («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз). Бұдан бөлек, өсуіне, жетілуіне, когнитивтік және мінез-құлықтың дамуына қатысты балалар мен жасөспірімдерде препаратты қолдану қауіпсіздігі бойынша ұзақ мерзімдік зерттеу мәліметтерінің көлемі жеткіліксіз.

Бүйрек функциясының төмендеуі

Жеңіл және орташа бүйрек жеткіліксіздігінде дозаны түзету қажет емес. Айқын бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге (креатинин клиренсі 30 мл/мин төмен) Цитолді® сақтықпен қолдану керек.

Бауыр функциясының төмендеуі

Жеңіл және орташа бауыр жеткіліксіздігінде ұсынылатын бастапқы доза алғақшы екі апта емдегенде тәулігіне 10 мг құрайды. Пациенттің жеке реакциясына байланысты доза ең жоғары – тәулігіне 20 мг-ге дейін арттырылуы мүмкін. Айқын бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге препаратты сақтықпен қолдану керек, дозаны мұқият титрлеу қажет.

CYP2C19 изоферменті белсенділігінің төмендеуі

CYP2C19 изоферментінің белсенділігі төмен пациенттер үшін ұсынылатын бастапқы доза емдеудің алғашқы екі аптасында тәулігіне 10 мг құрайды. Пациенттің жеке реакциясына байланысты доза ең жоғары – тәулігіне 20 мг-ге дейін арттырылуы мүмкін.

Емдеуді тоқтату

Емдеуді күрт тоқтатуға болмайды. Цитолмен® емдеуді тоқтатқан кезде доза «тоқтату» реакциясының туындауын болдырмас үшін кемінде 1-2 апта бойы біртіндеп төмендетілуі тиіс. Егер дозаны төмендеткен кезде немесе циталопраммен емдеуді тоқтатқанда көтерімсіз симптомдар туындаса, алдыңғы дозаға оралу немесе препаратты қабылдауды жаңғырту керек. Соңында дозаны төмендету жалғастырылуы мүмкін, бірақ біртіндеп.

Жағымсыз әсерлері

Цитолді® қабылдаған кезде байқалатын жағымсыз әсерлер әдетте әлсіз білінеді және транзиторлық сипатқа ие. Көбінесе олар емдеудің бірінші немесе екінші аптасында туындайды және әдетте емді жалғастыру шамасына қарай айтарлықтай бәсеңдейді.

Төмендегі реакциялар үшін пайдаланылатын дозаға байланысты тәуелділік анықталған: қатты терлеу, ауыздың құрғауы, ұйқысыздық, ұйқышылдық, диарея, жүрек айнуы және әлсіздік.

Төменде қосарлы жасырын плацебо бақыланатын зерттеулерге қатысқан және тіркеуден кейінгі кезеңдегі пациенттердің ≥ 1%-да бақыланған СКҚСТ және/немесе циталопрам қабылдаумен байланысты жағымсыз реакциялардың туындау жиілігі туралы деректер берілген. Жиілігі төмендегідей көрсетілген: өте жиі (1/10), жиі ( 1/100-ден

Қан және лимфа жүйесі тарапынан: белгісіз – тромбоцитопения.

Иммундық жүйе тарапынан: белгісіз – жоғары сезімталдық, анафилаксиялық реакциялар.

Эндокриндік жүйе тарапынан: белгісіз - диурезге қарсы гормон (ДҚГ) секрециясының жеткіліксіздігі.

Метаболизмдік бұзылулар және тамақтану бұзылыстары: жиі - тәбеттің төмендеуі, дене салмағының төмендеуі; жиі емес – тәбеттің жоғарылауы, дене салмағының артуы; сирек – гипонатриемия; белгісіз – гипокалиемия.

Психика тарапынан: жиі – ажитация, либидоның төмендеуі, үрей, күйгелектік, сананың шатасуы, аноргазмия (әйелдерде), әдеттен тыс түс көру; жиі емес – озбырлық, деперсонализация, елестеулер, мания; белгісіз – паникалық шабуылдар, бруксизм, мазасыздық, суицидтік ойлар, суицидтік мінез-құлық. Суицидтік ойлар мен суицидтік мінез-құлықтың пайда болу жағдайлары циталопраммен емдеген кезде және емдеуді тоқтатқаннан кейін бірден байқалған.

Жүйке жүйесі тарапынан: өте жиі – ұйқышылдық, ұйқысыздық; жиі – тремор, парестезиялар, бас айналу, зейіннің бұзылуы; жиі емес - естен тану; сирек – ауқымды құрысу ұстамалары, дискинезия, дәм сезудің бұзылуы; белгісіз – құрысу бұзылыстары, серотониндік синдром, экстрапирамидалық бұзылыстар, акатизия, қозғалыс бұзылыстары.

Көру мүшелері тарапынан: жиі емес – мидриаз (қарашықтың кеңеюі); белгісіз - көрудің бұзылуы.

Есту мүшесі тарапынан және лабиринттік бұзылулар: жиі – құлақтағы шуыл.

Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан: өте жиі – жүрек соғуын сезіну; жиі емес – брадикардия, тахикардия; сирек – қан кету; белгісіз – электрокардиограммада QT аралығының ұзаруы, қарыншалық аритмия, соның ішінде «пируэт» типті (torsade de pointes), ортостатикалық гипотензия.

Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысы ағзалары және көкірек орта тарапынан: жиі - есінеу; белгісіз – мұрыннан қан кету.

Асқазан-ішек жолы тарапынан: өте жиі - ауыздың құрғауы, жүрек айнуы; жиі - диарея, құсу, іш қату; белгісіз – асқазан-ішектен қан кету (соның ішінде ректальді қан кету).

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан: сирек – гепатит; белгісіз – бауырдың функционалдық көрсеткіштерінің бұзылуы.

Тері және теріасты тіндері тарапынан: өте жиі - қатты терлеу; жиі – қышыну; жиі емес – есекжем, алопеция, бөртпе, пурпура, фотосенсибилизация; белгісіз – экхимоз, ангионевроздық ісіну.

Қаңқа-бұлшықет және дәнекер тін тарапынан: жиі – миалгия, артралгия.

Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан: белгісіз – несептің іркілуі.

Ұрпақ өрбіту жүйесі және сүт бездері тарапынан: жиі - импотенция, эякуляцияның бұзылуы, эякуляцияның болмауы; жиі емес – меноррагия (әйелдерде); белгісіз – галакторея, метроррагия (жатырдан қан кету), приапизм (ерлерде).

Жалпы организм тарапынан және енгізген орынның бұзылуы: жиі – әлсіздік; жиі емес – ісінулер; сирек – гипертермия.

Көбінесе 50 жастағы және одан асқан пациенттердің қатысуымен жүргізілген эпидемиологиялық зерттеулер СКҚСТ мен үш циклдік антидепрессанттар қабылдайтын пациенттерде сүйек сынулар қаупінің жоғарылағанын көрсетті. Осы қауіпке әкелетін механизм белгісіз.

QT аралығының ұзару жағдайлары және «пируэт» типтегі (torsade de pointes) аритмияларды қоса, қарыншалық аритмиялар көбінесе гипокалиемиясы немесе бұрыннан QT аралығының ұзаруы және басқа жүрек аурулары бар пациент әйелдерде тіркеуден кейінгі кезеңде тіркелді.

Циталопрамды қабылдауды тоқтату (әсіресе күрт) көбінесе «тоқтату» симптомының туындауына әкеледі. Бас айналу, сезімталдық бұзылыстары (соның ішінде парестезиялар), ұйқының бұзылыстары (соның ішінде ұйқысыздық және қарқынды түс көру), ажитация немесе үрей, жүрек айнуы және/немесе құсу, тремор, сананың шатасуы, терлеу, бас ауыруы, диарея, жүрек соғуын сезіну, эмоциялық тұрақсыздық, ашушаңдық, көру бұзылыстары өте жиі туындайды. Әдетте бұл әсерлер әлсіз білінеді немесе орташа және тез өтеді, алайда кейбір пациенттерде олар барынша жедел түрде және/немесе ұзағырақ көрініс беруі мүмкін. Егер циталопраммен емдеу енді қажет болмаса, дозасын төмендету арқылы препаратты қабылдауды біртіндеп тоқтату ұсынылады.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

Циталопрамға немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық.

Циталопрамға немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық. Моноаминооксидаза (МАО) тежегіштерімен (соның ішінде тәулігіне 10 мг-ден жоғары дозада селегилинмен) бір мезгілде қабылдау. Қайтымсыз МАО тежегіштерін қабылдауды аяқтау мен циталопрамды қабылдауды бастау уақытының аралығы 14 күннен кем болмауы тиіс. Қайтымды МАО А тежегіштерін қолданған жағдайда үзіліс ұзақтығы осы препараттарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес анықталады. МАО тежегіштерімен емдеу циталопрамды қабылдау тоқтатылғаннан кейін 7 күннен соң басталуы мүмкін. Линезолидпен бір мезгілде қабылдау, егер пациентті мұқият бақылау және артериялық қысымға мониторинг жүргізу мүмкін болмағанда.

Пимозидпен бір мезгілде қабылдау.

Анықталған QT аралығының ұзаруы немесе туа біткен QT аралығының ұзаруы.

QT аралығын ұзартатын препараттармен бір мезгілде қабылдау. Балалар мен жасөспірімдер (18 жасқа дейінгі) (қолданылу тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген жоқ).

Тұқым қуалайтын галактоза көтере алмаушылық, лактаза жеткіліксіздігі немесе глюкоза мен галактоза сіңірілуінің бұзылуы.

Сақтықпен: сыртартқыдағы QT аралығының ұзаруы; torsade de pointes қоса қарыншалық аритмия; елеулі брадикардия; жуырда бастан өткерген жедел миокард инфаркті; декомпенсацияланған жүрек жеткіліксіздігі; гипокалиемия және/немесе гипомагниемия (электролиттік бұзылулар циталопраммен емдеуді бастағанға дейін түзетілуі тиіс); айқын бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 30 мл/мин төмен); айқын бауыр жеткіліксіздігі (дозаны мұқият таңдау ұсынылады); айқын суицидтік мінез-құлық (емдеуді бастағаннан кейін бірнеше аптадан соң пациенттің жай-күйі жақсарғанға дейін оны мұқият бақылау қажет); қант диабеті (инсулиннің және/немесе пероральді гипогликемиялық препараттардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін); қан кетуге бейімділік (әсіресе тромбоциттер функциясына әсер ететін препараттармен немесе қан кетудің туындау қаупін арттыруы мүмкін препараттармен бір мезгілде қолданғанда); МАО B тежегіші селегилинмен, серотонинергиялық дәрілік препараттарымен; құрысуға дайындық шегін төмендететін препараттармен; циметидинмен (циталопрамның тепе-тең концентрациясының жоғарылауы), метопрололмен (метопролол концентрациясының жоғарылауы), литиймен және триптофанмен (әсерінің күшеюі), құрамында шілтерлі шайқурай бар дәрілік препараттармен, (жағымсыз әсерлерінің күшеюі); пероральді антикоагулянттармен және қанның ұюына әсер ететін дәрілік препараттармен (қан кету туындау қаупінің жоғарылауы); CYP2C19 изоферментінің әлсіз метаболиті болып табылатын препараттармен (бастапқы дозаны төмендету қажет); этанолмен бір мезгілде қабылдау; электрмен құрыстыру арқылы емдеу; 65 жастан асқан егде жастағылар (дозаны түзету қажет); жүктілік, бала емізу кезеңі. Көрсетілімдері мен сақтандыру шаралары туралы барынша егжей-тегжейлі ақпарат «Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі және өзара әрекеттесудің басқа түрлері», «Айрықша нұсқаулар», «Жүктілік және бала емізу кезеңінде қолданылуы» бөлімдерінде көрсетілген.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Фармакодинамикалық өзара әрекеттесуі

Циталопрамды моклобемидпен және буспиронмен бірге қолданғанда серотониндік синдромның даму жағдайлары сипатталған.

Қолдануға болмайтын біріктірілімдер

МАО тежегіштері

Циталопрам мен МАО тежегіштерін бір мезгілде қолдану серотониндік синдромды қоса, жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін. Бір мезгілде СКҚСТ мен қайтымсыз МАОТ селегилин және қайтымды МАОТ линезолид пен моклобемидті қоса, моноаминоксидаза тежегішін (МАОТ) қабылдайтын пациенттерде, сондай-ақ жуырда СКҚСТ қабылдауды тоқтатып, МАОТ қабылдауды бастаған пациенттерде күрделі және кейде өліммен аяқталатын реакциялар сипатталған. Ұсынылған жағдайлардың кейбірінде серотониндік синдромды еске түсіретін белгілер байқалған. Циталопрамның МАОТ-пен өзара әрекеттесу симптомдары: гипертермияны, қайталануын, миоклонус, өмірлік маңызы бар функция көрсеткіштерінің тез құбылуымен вегетативтік тұрақсыздықты, сананың шатасуы, ашушаңдық және делирий мен комаға үдеген шамадан тыс ажитация кіретін психикалық статустың өзгеруін қамтиды.

QT аралығын ұзартатын препараттар

Циталопрам мен QT аралығын ұзартатын дәрілік заттар арасында фармакокинетикалық және фармакодинамикалық өзара әрекеттесу зерттеулері жүргізілген жоқ. Циталопрам мен аталған препараттар әсерінің жиынтығы жоққа шығарылмайды. Осыған орай, циталопрам мен IA және III класты антиаритмиктер, антипсихотиктер (мысалы, фенотиазин туындылары, пимозид, галоперидол), үш циклді антидепрессанттар, кейбір микробқа қарсы дәрілер (мысалы, спарфлоксацин, моксифлоксацин, эритромицин IV, пентамидин, малярийге қарсы дәрілер, әсіресе галофантрин), кейбір антигистаминдік дәрілер (астемизол, мизоластин) және т.б. сияқты QT аралығын ұзартатын дәрілік заттарды бір мезгілде қолдануға болмайды.

Пимозид

11 күн бойы тәулігіне 40 мг дозада циталопрамның рацемиялық түрін қабылдаған сыналушылардың 2 мг дозада пимозидті бір рет қабылдауының зерттеулері үнемі болмаса да, пимозидтің AUC пен Cmax мәндерінің жоғарылауына әкелді. Пимозид пен циталопрамды бірге қолдану шамамен 10 мсекке QTc аралығының орташа ұзаруына әкелді. Пимозидтің төменгі дозасында өзара әрекеттесуінің дамуын ескере отырып, циталопрам мен пимозидті бір мезгілде қабылдауға болмайды.

Сақтықты қажет ететін біріктірілімдер

Селегилин (МАО B селективті тежегіші)

Циталопрамды (тәулігіне 20 мг) және селегилинді (тәулігіне 10 мг) (МАО B қатысты доза селективті) бір мезгілде қолданғанда фармакокинетикалық және фармакодинамикалық өзара әрекеттесу зерттеулері ешқандай клиникалық маңызды өзара әрекеттесулерді анықтаған жоқ. Циталопрам мен селегилинді (тәулігіне 10 мг-ден асатын дозада) бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Серотонинергиялық препараттар

Литий және триптофан

Литий мен циталопрамды бір мезгілде қолданудың клиникалық зерттеулерінде ешқандай фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ. Алайда СКҚСТ литиймен немесе триптофанмен бір мезгілде тағайындағанда әсерінің күшейгені хабарланған, сондықтан осындай біріктірілімдерді абайлап пайдалану керек. Қандағы литий деңгейін мониторингілеу әдеттегі режимде жүзеге асырылуы тиіс. Трамадол мен суматриптан сияқты серотонинергиялық препараттармен бірге қолдану серотонинергиялық әсердің күшеюіне әкелуі мүмкін. Ықтималды өзара әрекеттесуі туралы нақты деректер болмайынша, циталопрамды суматриптан мен басқа да триптандар сияқты 5-HT рецепторлар агонистерімен біріктіру ұсынылмайды.

Шілтерлі шайқурай

СКҚСТ құрамында шілтерлі шайқурай (Hypericum perforatum) бар өсімдік тектес препараттармен қарқынды өзара әрекеттесуі жағымсыз реакциялар жиілігінің артуына әкелуі мүмкін. Фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі зерттелген жоқ.

Антикоагулянттар мен қан ұюына әсер ететін дәрілер

Циталопрамды антикоагулянттармен, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД), ацетилсалицил қышқылы, дипиридамол мен тиклопидин сияқты тромбоциттер функциясына әсер ететін препараттармен немесе қан кету туындау қаупін арттыруы мүмкін басқа препараттармен (мысалы, атипиялық антипсихотикатермен, фенотиазиндермен, үш циклді антидепрессанттармен) ем қабылдайтын пациенттерге тағайындағанда сақ болу қажет.

Электрмен құрыстыру арқылы емдеуҚЕ)

ЭҚЕ мен циталопрамды бір мезгілде қолдану қауіптілігін немесе артықшылығын көрсететін клиникалық зерттеу деректері жоқ.

Алкоголь

Циталопрам мен алкоголь арасында ешқандай фармакодинамикалық немесе фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ. Дегенмен, циталопрам мен алкогольді бірге қабылдау ұсынылмайды.

Құрысуға дайындық шегін төмендететін препараттар

СКҚСТ құрысуға дайындық шегін төмендетуі мүмкін. Құрысуға дайындық шегін төмендететін басқа препараттармен (мысалы, антидепрессанттар 11 [үш циклді, СКҚСТ], нейролептиктер [фенотиазиндер, тиоксантендер мен бутирофенондар], мефлохин, бупропион және трамадол) бірге қолданғанда сақ болу ұсынылады.

Дезипрамин, имипрамин

Фармакокинетикалық зерттеулерде циталопрамның да, имипраминнің де деңгейлерінің өзгерісі анықталған жоқ, бірақ имипраминнің негізгі метаболиті дезипраминнің деңгейі жоғары болды. Циталопрам мен дезипраминді бір мезгілде қолданғанда қан плазмасында соңғысының деңгейі жоғары болды. Дезипраминнің дозасын төмендету қажет болуы мүмкін.

Нейролептиктер

Циталопрамды қолдану тәжірибесі нейролептиктермен клиникалық маңызды өзара әрекеттесулерді анықтаған жоқ. Алайда, қалған СКҚСТ жағдайындағыдай фармакодинамикалық өзара әрекеттесу жоққа шығарылмайды.

Фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер

Циталопрамның деметилциталопрамға дейін биотрансформациялануы P450 CYP2C19 (шамамен 38%), CYP3А4 (шамамен 31%) және CYP2D6 (шамамен 31%) цитохромы жүйесінің изоферменттері арқылы жүреді. Циталопрамның біреуден артық изоферментпен метаболиздену фактісі оның биотрансформациясының тежелу ықтималдығы аздығын білдіреді, себебі ферменттердің бірінің тежелу дәрежесі екіншісімен компенсациялануы мүмкін. Сондықтан циталопрамды басқа дәрілік заттармен бір мезгілде тағайындаудың фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер ықтималдығы аз.

Ас ішу

Ас ішу циталопрамның сіңуіне және басқа да фармакокинетикалық қасиеттеріне әсер ететіні туралы мәлімет жоқ.

Басқа дәрілік заттардың циталопрамның фармакокинетикасына әсері

Кетоконазолды (CYP3A4 изоферментінің күшті тежегіші) бірге қолданғанда циталопрамның фармакокинетикасын өзгерткен жоқ. Литий мен циталопрамның өзара әрекеттесуінің фармакокинетикалық зерттеулері ешқандай өзара әрекеттесулерді анықтамады. Циметидин (CYP2D6, 3А4 және 1А2 изоферменттерінің күшті тежегіші) циталопрамның тепе-тең концентрациясы деңгейінің орташа жоғарылауын туғызды. Циталопрамды циметидинмен бірге тағайындағанда сақ болу ұсынылады. Дозаны түзету қажет болуы мүмкін.

Циталопрамның басқа дәрілік заттардың фармакокинетикасына әсері

Циталопрам мен метопрололдың (CYP2D6 изоферментінің субстраты) фармакокинетикалық /фармакодинамикалық өзара әрекеттесу зерттеулері метопролол концентрациясының 2 есеге жоғарылағанын көрсетті, бірақ метопрололдың дені сау еріктілерде артериялық қысымға және жүрек ырғағына әсер етуінің статистикалық маңызды артуы байқалған жоқ. Метопролол мен циталопрамды бірге қолданғанда сақ болу керек. Дозаны түзету қажет болуы мүмкін. 12 Циталопрам мен деметилциталопрам CYP2C9, CYP2E1 және CYP3A4 изоферменттерінің елеусіз тежегіштері және едәуір тежегіштер болып саналатын басқа СКҚСТ салыстырғанда CYP1A2, CYP2C19 және CYP2D6 әлсіз тежегіштері болып табылады.

Левомепромазин, дигоксин, карбамазепин

Циталопрамды CYP1A2 субстраттарымен (клозапин және теофиллин), CYP2C9 (варфарин), CYP2C19 (имипрамин мен мефенитоин), CYP2D6 (спартеин, имипрамин, амитриптилин, рисперидон) және CYP3A4 (варфарин, карбамазепин (және оның метаболиті карбамазепин-эпоксид) және триазолам) бір мезгілде қолданғанда ешқандай өзгерістер байқалған жоқ немесе тек өте азғана клиникалық маңызды өзгерістер байқалды.

Циталопрам мен левомепромазин немесе дигоксин арасында ешқандай фармакокинетикалық өзара әрекеттесу байқалған жоқ (бұл циталопрамның P-гликопротеинді индукцияламайтынын және тежемейтінін білдіреді).

Айрықша нұсқаулар

Жүктілік және бала емізу кезеңінде қолданылуы

Жүкті әйелдерге қатысты жарияланған деректер (2500-тен астам аяқталған жағдайлар) циталопрам әсерімен қандай да бір мальформация 16 және фето-/неонатальді уыттылықтың қалыптасуын көрсеткен жоқ. Дегенмен, циталопрам өте қажет болмаса және әлеуетті қаупі мен пайдасына мұқият баға берілмейінше жүктілік кезінде пайдаланылмауы тиіс.

Егер циталопрамды қолдану жүктіліктің ақырғы мерзімінде, әсіресе үшінші триместрде жалғаса берсе, жаңа туған нәрестелер бақылауда болуы тиіс. Жүктілік кезінде препаратты қабылдауды күрт тоқтатуға болмайды. Жүктіліктің ақырғы мерзімінде ана СКҚСТ/СКҚСТН қабылдаған жағдайда жаңа туған нәрестелерде мына симптомдар байқалуы мүмкін: респираторлық дистресс, цианоз, апноэ, құрысу ұстамалары, дене температурасының тұрақсыздығы, емген кезде қиналуы, құсу, гипогликемия, бұлшықет гипертониясы, бұлшықет гипотониясы, гиперрефлексия, тремор, жоғары жүйке-рефлекстік қозу, ашушаңдық, летаргия, үздіксіз жылау, ұйқышылдық және мазасыз ұйықтау. Бұл симптомдар «тоқтату» синдромы немесе серотонинергиялық әсердің дамуы салдарынан туындауы мүмкін. Көп жағдайда асқынулар босанғаннан кейін бірден немесе босанғаннан кейін жақын арада (<24 сағат) дамиды.

Эпидемиологиялық деректер жүктілік кезінде, әсіресе ақырғы кезеңінде СКҚСТ қолдану жаңа туған нәрестелерде тұрақты өкпе гипертензиясының даму қаупін арттыруы мүмкіндігін көрсетті. Бақыланған қауіп 1000 жүктілікке шамамен 5 жағдайды құрайды. Жалпы популяцияда осы бұзылыстың туындау қаупі 1000 жүктілікке шамамен 1-2 жағдайды құрайды.

Циталопрам емшек сүтіне өтеді. Емшек еметін балалар салмағы (мг/кг) бойынша есептелген анасының қабылдаған циталопрамның тәуліктік дозасының шамамен 5% қабылдайды деп саналады. Балалар үшін іс жүзінде ешқандай салдары байқалған жоқ. Алайда қолда бар ақпарат бала үшін қауіпті бағалауға жеткіліксіз. Сондықтан циталопраммен емдеген кезде бала емізу ұсынылмайды.

Автокөлік басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсері

Циталопрам автокөлік басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне ең төмен немесе орташа ықпал ете алады. Психобелсенді препараттар төтенше жағдайларға әсер ету қабілетіне және шешім қабылдау үдерістеріне әсер етуі мүмкін. Пациенттерге автокөлік басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әлеуетті әсері туралы ескерту керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: құрусылар, тахикардия, ұйқышылдық, QT ұзаруы, кома, құсу, тремор, артериялық гипотензия, жүректің тоқтап қалуы, жүрек айнуы, серотониндік синдром, үрейлену, брадикардия, бас айналу, жүрек блокадасы, QRS ұзаруы, артериялық гипертензия, мидриаз, мелшию, қатты терлеу, цианоз, аса жоғары желдету, жүрекшелік және қарыншалық аритмия.

Емі

Арнайы у қайтарғысы жоқ. Емі симптоматикалық және демеуші. Асқазанды шаюды орындау және белсендірілген көмір мен осмостық іш жүргізгіш (мысалы, натрий сульфаты) беру керек. Сананың бұзылуы болған жағдайда пациент интубациялануы тиіс. ЭКГ мен өмірлік маңызы бар функциялар көрсеткіштеріне мониторинг жүргізу қажет. Іркілісті жүрек жеткіліксіздігі /брадиаритмиясы бар науқастарда және QT аралығын ұзартатын препараттармен қатарлас ем қабылдайтын пациенттерде немесе метаболизмі бұзылған пациенттерде, мысалы бауыр жеткіліксіздігінде артық дозалану жағдайында ЭКГ-мониторинг жүргізу ұсынылады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар пішінді ұяшықты қаптамада 14 таблеткадан. 2 пішінді ұяшықты қаптама медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

14 таблеткалар поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада. 2 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«ABDI IBRAHIM», Түркия

Тіркеу куәлігінің иесі

«ABDI IBRAHIM», Түркия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Жандосов к-сі 184 «г», тел. +7 727 309 74 07, факс +7 727 309 74 14, e-mail: info@aigp.kz

Сарапшы:

Аударған Ш.К.Наукенова

13.12.2015

Прикрепленные файлы

855567031477976300_ru.doc 96 кб
528090851477977493_kz.doc 128.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники