Цефтрисерв

МНН: Цефтриаксон
Производитель: Самрудх Фармацеутикалз. Пвт. Лтд
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ceftriaxone
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020066
Информация о регистрации в РК: 07.08.2013 - 07.08.2018
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 189.8 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Цефтрисерв

Халықаралық патенттелмеген атауы

Цефтриаксон

Дәрілік түрі

Көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған 1,0 г ұнтақ

Құрамы

белсенді зат: сусыз цефтриаксонға баламалы

1000 мг натрий цефтриаксоны

Сипаттамасы

Ақ немесе сарғыш түсті кристалды ұнтақ.

Фармакотерапиялық тобы

Бактерияларға қарсы жүйелі қолдануға арналған препараттар. Бактерияларға қарсы басқа да бета-лактамды препараттар. Үшінші буын цефалоспориндері. Цефтриаксон.

АТХ коды J01D D04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Цефтриаксон фармакокинетикасының дозаға байланысты емес сипаты бар. Препараттың жалпы концентрациясына негізделген барлық негізгі фармакокинетикалық көрсеткіштері, жартылай шығарылу кезеңін қоспағанда, дозасына тәуелді.

Сіңуі. Қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрациясы 1 г препаратты бұлшықет ішіне бір рет енгізгеннен кейін 81 мг/л жуықты құрайды және енгізілгеннен кейін 2-3 сағатта жетеді. Қан плазмасындағы концентрациясының көктамыр ішіне енгізгеннен кейінгі қисық астындағы ауданы бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін де осыған тең болады. Бұл бұлшықет ішіне енгізгеннен кейінгі цефтриаксонның биожетімділігі 100% құрайтынын көрсетеді.

Таралуы. Цефтриаксонның таралу көлемі 7-12 л тең болады. 1-2 г дозада енгізгеннен кейін цефтриаксон ағза тіндері мен сұйықтықтарына жақсы өтеді. 24 сағаттан астам уақыт бойы оның концентрациялары көптеген жұқпа қоздырғыштарының 60 астам тін мен сұйықтықтардағы (соның ішінде өкпенің, жүрек, өт жолдарының, бауырдың, таңдай бездеріндегі, ортаңғы құлақ пен мұрынның шырышты қабығындағы, сүйектердегі, сондай-ақ жұлын, плевра және синовиальді сұйықтықтарда және қуық асты безі сөлінісіндегі) төменгі бәсеңдетуші концентрацияларынан асып түседі.

Көктамыр ішіне енгізгеннен кейін цефтриаксон жұлын сұйықтығына тез өтеді, онда сезімтал микроорганизмдерге қатысты бактерицидтік концентрациялары 24 сағат бойы сақталады.

Ақуыздармен байланысуы

Цефтриаксонның альбуминмен, байланысу дәрежесі концентрациясы артқан сайын төмендейді, мысалы плазмадағы 100 мг/л аз концентрациясы 95%-дан және концентрациясы 300 мг/л болғанда 85%-ға дейін төмендей отырып, қайтымды байланысады. Альбуминнің тін сұйықтығындағы концентрациясы азғантай болғандықтан, ондағы бос цефтриаксонның үлесі қан плазмасындағысынан жоғарырақ.

Жеке тіндерге өтуі. Цефтриаксон балаларда, соның ішінде жаңа туған сәбилерде қабынған ми қабықтары арқылы өтеді. Цефтриаксонды дене салмағына 50-100 мг/кг дозаларда көктамыр ішіне енгізгеннен кейін 24 сағаттан соң (сәйкесінше жаңа туған балаларға және сәбилерге) цефтриаксонның жұлын сұйықтығындағы концентрациялары 1,4 мг/л-ден асады. Жұлын сұйықтығындағы ең жоғарғы концентрациясына көктамыр ішіне енгізгеннен кейін 4 сағаттан соң жетеді және орташа алғанда 18 мг/л құрайды. Бактериялық менингитте цефтриаксонның жұлын-ми сұйықтығындағы орташа концентрациясы қан плазмасындағы концентрациясының 17%-ын, асептикалық менингитте - 4% құрайды. Менингитпен ауыратын ересек науқастарда дене салмағына 50 мг/кг дозасын енгізгеннен кейін 2-24 сағаттан соң, цефтриаксонның жұлын сұйықтығындағы концентрациясы өте кең таралған менингит қоздырғыштарының ең төменгі тежегіш концентрацияларынан бірнеше есе асып түседі.

Цефтрисерв плацентарлық бөгет арқылы өтеді және азғантай концентрацияларында емшек сүтіне енеді.

Метаболизмі. Цефтриаксон жүйелік метаболизмге ұшырамайды, ал ішек флорасының әсерінен белсенді емес метаболиттерге айналады.

Шығарылуы. Цефтриаксонның жалпы плазмалық клиренсі 10-22 мл/минутты құрайды. Бүйрек клиренсі 5-12 мл/минутқа тең. Цефтриаксонның 50-60%-ы өзгеріссіз күйде бүйрекпен және 40-50%-ы – өзгеріссіз күйде өтпен шығарылады. Цефтриаксонның жартылай шығарылу кезеңі ересектерде 8 сағатқа жуықты құрайды.

Ерекше клиникалық жағдайлардағы фармакокинетикасы. Жаңа туған сәбилерде бүйрек арқылы дозасының 70% шығарылады. Балаларда өмірінің алғашқы 8 күнінде, сондай-ақ 75 жастан асқан тұлғаларда жартылай шығарылу кезеңі, орташа алғанда, жасырақ ересектерге қарағанда 2-3 есе көп.

Бүйрек немесе бауыр қызметі бұзылған науқастарда цефтриаксонның фармакокинетикасы болмашы шамада өзгереді, жартылай шығарылу кезеңінің тек азғана ұлғаюы байқалады. Егер тек бүйрек қызметі бұзылған болса, өтпен шығарылуы артады, егер бауыр қызметі бұзылған болса, бүйрекпен шығарылуы артады.

Фармакодинамикасы

Цефтрисерв – ІІІ буынның цефалоспоринді антибиотигі. Цефтрисервтің бактерицидтік белсенділігі жасуша жарғақшаларының синтезін бәсеңдетуіне негізделеді. Цефтриаксон грамтеріс және грамоң микрооганизмдердің көпшілігіне қатысты in vitro белсенді. Цефтрисерв грамоң және грамтеріс бактериялардың β-лактамазаларының (пенициллиназалар сияқты, цефалоспориназаларға да) көпшілігіне өте жоғары төзімділігімен сипатталады. Цефтрисерв төменде атап көрсетілген микроорганизмдерге қатысты in vitro белсенді:

Грамоң аэробтар. Staрhylococcus aureus (метиллинге сезімтал), коагулазотеріс стафилококктар, Streptococcus pyogenes (β-гемолитикалық, А тобы), Streptococcus agalactiae (β-гемолитикалық, В тобы), β-гемолитикалық стрептококктар (А тобы да, В тобы да емес), Streptococcus viridans, Streptococcus pneumoniae.

Ескерту. Метиллинге төзімді Staрhylococcus spp. цефалоспориндерге, соның ішінде цефтриаксонға резистентті. Сондай-ақ, Entercoccus faecalis, Enterоcoccus faecium және Listeria monocytogenes - те цефтриаксонға төзімділік анықталған.

Грамтеріс аэробтар. Acinetobacter lwoffi, Acinetobacter anitratus (негізінен, А.baumannii), Aeromonas hydrophila, Alcaligenes faecalis, Alcaligenes odorans, алкаген тәрізді бактериялар, Borrelia burgdorferi, Capnocytophaga spp., Citrobacter diversus (оның ішінде С. amalonaticus), Citrobacter freundii, Escherichia coli, Enterobacter aerogenes*, Enterobacter cloacae*, Enterobacter spp. (басқалары), Haemophilus ducreyi, Haemophilus influenzae, Haemophilus parainfluenzae, Hafnia alvei, Klebsiella oxytoca, Klebsiella pneumoniae, Moraxella catarrhalis (бұрынғы аты Branhamella catarrhalis), Moraxella osloensis, Moraxella spp. (басқалары), Morganella morganii, Neisseria gonorrhoeae, Neisseria meningitidis, Pasteurella multocida, Plesiomonas shigelloides, Proteus mirabilis, Proteus penneri, Proteus vulgaris, Pseudomonas fluorescens, Pseudomonas spp. (басқа да), Providencia rettgeri, Providencia spp. (басқа да), Salmonella typhi, Salmonella spp. (тифоидты емес), Serratia marcescens, Serratia spp. (басқа да)*, Shigella spp., Vibrio spp., Yersinia enterocolitica, Yersinia spp. (басқа да).

* Бұл түрлердің кейбір изоляттары негізінен, хромосомалармен кодталған β-лактамазалардың түзілуі салдарынан цефтриаксонға төзімді.

** Бұл түрлердің кейбір изоляттары цефтриаксонға негізінен, β-лактамазалардың плазманың қатысуымен түзілуі салдарынан төзімді.

Ескерту. Аминопенициллиндер мен уреидопенициллиндер, бірінші және екінші буынның цефалоспориндері, аминогликозидтер сияқты антибиотиктерге көп төзімділігі бар жоғарыда аталған микроорганизмдер штаммдарының көпшілігі цефтриаксонға сезімтал болып келеді. Treponema pallidum цефтриаксонға in vitro және жануарларға жасалған тәжірибелерде сезімтал. Клиникалық сынақтар цефтриаксонға төзімді P. Aeruginoza штаммдарын қоспағанда, цефтриаксонның бастапқы және салдарлы мерезді емдеу үшін тиімді екендігін көрсетеді.

Анаэробтар. Bacteroides spp. (өтке сезімтал), Clostridium spp. (C. difficile-ден басқа), Fusobacterium nucleatum, Fusobacterium spp. (басқа да), Gaffkіa anaerobica (бұрынғы аты Peptococcus), Peptostreptococcus spp.

* Бұл түрлердің кейбір изоляттары β-лактамазалардың түзілуі салдарынан цефтриаксонға төзімді.

Ескерту. β-лактамазаны (ішінара B. fragilis-ті) өндіруші Bacteroides spp. штаммдарының көпшілігі цефтриаксонға төзімді. Clostridium difficile де төзімді.

Қолданылуы

Препаратқа сезімтал микроорганизмдермен туындаған жұқпаларды емдеуде, соның ішінде:

  • тыныс жолдарының жұқпаларында (әсіресе, пневмония)

  • ЛОР мүшелердің жұқпаларында

  • бүйрек пен несеп шығару жолдарының жұқпаларында

  • жыныс мүшелерінің жұқпаларында (созды қоса)

  • тері мен жұмсақ тіндердің жұқпаларында

  • іш қуысының жұқпаларында: перитонитте, өт айдау жолы мен ас қорыту жолының жұқпаларында

  • сепсисте

  • сүйектер мен буындардың жұқпаларында

  • жарақат жұқпаларында

  • иммундық қорғанышы әлсіреген науқастардағы жұқпаларда

  • менингитте

  • диссеминацияланған Лайм борелиозында: аурудың ерте және кешеуілдеген сатыларында.

Операция алдында:

  • ас қорыту жолы ағзаларындағы

  • өт шығару жолдарындағы

  • несеп шығару жолдарындағы хирургиялық араласулар кезіндегі жұқпаның алдын алуда

  • гинекологиялық емшаралар кезіндегі, бірақ тек потенциальді немесе белгілі контаминация жағдайында

Цефтрисерв тағайындағанда, антибиотиктермен емдеу жөніндегі, оның ішінде антибиотикке резистенттіліктің алдын алу жөніндегі ресми ұсынымдарды ұстану керек.

Қолдану тәсілі және дозалары

Цефтрисервті бұлшықет ішіне және көктамыр ішіне қолданады. Цефтрисерв қолданып емдеуді бастар алдында, тері сынамасын жасап, емделушіде препаратты көтере алмаушылықтың бар-жоғын анықтау қажет.

Ересектер мен 12 жастан үлкен балалар: әдетте 1-2 г Цефтрисервті тәулігіне 1 рет (әр 24 сағат сайын) тағайындайды. Ауыр жұқпаларда немесе қоздырғыштары цефтриаксонға сезімталдығы орташа жұқпаларда, тәуліктік дозасын 4 г-ге дейін ұлғайтуға болады.

Балалар.

Жаңа туған сәбилер үшін (2 аптаға дейінгі) дене салмағына 20-50 мг/кг тәулігіне 1 рет. Тәуліктік дозасы дене салмағына 50 мг/кг-ден аспауы тиіс. Препараттың жетіліп туылған және шала туған сәбилер үшін дозасын анықтауда айырмашылық жоқ.

Жаңа туған сәбилер мен 15 күннен 12 жасқа дейінгі балаларға дене салмағына 20-80 мг/кг тәулігіне 1рет.

Дене салмағы 50 кг артық балаларға ересектерге арналған дозаны тағайындайды. 50 мг/кг немесе одан жоғары көктамырішілік дозаларын инфузия арқылы кемінде 30 минут бойы енгізу керек.

Егде жастағы науқастар.

Егде жастағы науқастарға дозасын түзету қажет емес.

Емдеу ұзақтығы ауру ағымына байланысты. Антибиотиктермен емдеуде қалыптасқандай, науқастарға цефтриаксонды қабылдауды температура қалпына келгеннен және талдаулар қоздырғыштардың жоқтығын көрсеткеннен кейін, тағы кемінде 48-72 сағат жалғастыру керек.

Біріктірілген ем. Цефтриаксон мен аминогликозидтер арасында көптеген грамтеріс бактерияларға қатысты синергизм бар. Мұндай біріктірілімдердің жоғары тиімділігін үнемі қарастыру мүмкін еместігіне қарамастан, оны Pseudomonas аeruginoza туындаған ауыр, өмірге қауіпті жұқпалар кезінде ескеру керек. Цефтриаксон мен аминогликозидтер физикалық үйлесімсіз болғандықтан, оларды ұсынылған дозаларында, бөлек-бөлек енгізу керек.

Ерекше жағдайларда дозалануы.

15 күннен 12 жасқа дейінгі сәбилер мен балалардағы бактериялық менингитте емдеуді тәулігіне 1 рет 100 мг/кг (4 г-дан асырмай) дозасынан бастайды. Қоздырғышы айқындалған, ал оның сезімталдығы анықталған бойда, сәйкесінше дозасын азайтуға болады. Ең үздік нәтижелерге емдеу ұзақтығы төмендегідей болғанда қол жеткізілген:

Neisseria meningitidis

Haemophilus influenzae

Streptococcus pneumoniae

4 күн

6 күн

7 күн

Лайм бореллиозы: ересектер мен балаларға  14 күн бойы тәулігіне 1 рет 50 мг/кг (ең жоғары тәуліктік дозасы  2 г).

Созды емдеу үшін (пенициллиназа өндіруші және өндірмейтін штаммдардан туындаған) бір реттік 250 мг дозасын бұлшықет ішіне тағайындау ұсынылады.

Хирургиядағы операциядан кейінгі жұқпалардың алдын-алу үшін жұқпалану қаупінің дәрежесіне байланысты, операцияны бастағанға дейін 30-90 минут бұрын цефтриаксонның бір реттік 1-2 г дозасын енгізеді. Тоқ және тік ішектегі операцияларда Цефтрисервпен және 5 нитромидазолдың біреуін, мысалы, орнидазолды бір мезгілде (бірақ екі бөлек) енгізу тиімді жағынан көрінді.

Бауыр мен бүйрек жеткіліксіздігі. Бүйрек қызметі бұзылған науқастарға, егер бауыр қызметі қалыпты болса, дозасын төмендетудің қажеті жоқ. Тек претерминальді сатыдағы бүйрек жеткіліксіздігі жағдайында (креатинин клиренсі 10 мл/мин кем болғанда) тәуліктік дозасы 2 г-ден аспауы тиіс. Бауыр қызметі бұзылған науқастарға, егер бүйрек қызметі қалыпты болса, дозасын төмендетудің қажеті жоқ. Бір мезгілдегі бүйрек пен бауырдың ауыр жеткіліксіздігінде қан плазмасындағы Цефтрисерв концентрациясын ұдайы анықтап отыру және қажет болған жағдайда, препараттың дозасына түзету жүргізу керек. Гемодиализдегі науқастарға диализден кейін препаратты қосымша енгізудің қажеті жоқ. Дегенмен, қан сарысуындағы Цефтрисерв концентрациясын дозасын түзету мүмкіндігіне қарай бақылап отыру керек, өйткені бұл науқастарда шығарылу жылдамдығы төмендеуі мүмкін. Гемодиализдегі науқастар үшін Цефтрисервтің тәуліктік дозасы 2 г-ден аспауы тиіс.

Ерітінділерді дайындау.

Лидокаин 18 жасқа дейінгі балаларға қарсы көрсетілімде және еріткіш ретінде балалар тәжірибесінде пайдалануға болмайды.

Ерітінділерді тікелей, оларды пайдаланар алдында дайындау керек. Жаңа дайындалған ерітінділер бөлме температурасында 6 сағат бойы өзінің физикалық және химиялық тұрақтылығын сақтайды (немесе 2-8С температурада 24 сағат ішінде). Концентрациясына және сақтау ұзақтығына байланысты ерітінділердің түсі бозғылт-сарыдан янтарь түстеске дейін өзгеріп тұрады. Белсенді заттың бұл қасиеті препараттың тиімділігі мен көтерімділігіне әсер етпейді.

Бұлшықетішілік инъекция үшін 1г-сін 3,5 мл 1% лидокаин ерітіндісінде ерітеді; инъекцияны бөксе бұлшықетіне терең жасайды. Бір бөксеге 1 г-ден асырмай енгізу ұсынылады.

Құрамында лидокаин бар ерітіндіні көктамыр ішіне енгізуге болмайды!

Көктамырішілік инъекция үшін 1г Цефтрисервті инъекцияға арналған 10 мл стерильді суда ерітеді; көктамыр ішіне баяу енгізеді (2-4 минут),

Көктамыр ішіне құю кемінде 30 минутқа созылуы тиіс. Құюға арналған ерітіндіні дайындағанда 2 г Цефтрисервті кальций иондарынан бос мына инфузиялық ерітінділердің біреуінің 40 мл-інде ерітеді: 0,9% натрий хлориді, 0,45 % натрий хлориді + 2,5 % глюкоза, 5 % глюкоза, 10 % глюкоза, 5 % глюкоза ерітіндісіндегі 6 % декстран, 6-10 % гидроксиэтилденген крахмал, инъекцияға арналған су. Үйлеспеу мүмкіндігін ескере отырып, құрамында цефтриаксон бар ерітінділерді дайындауда да, енгізуде де құрамында басқа антибиотиктер бар ерітінділермен араластыруға болмайды.

Рингер ерітіндісі немесе Гартман ерітіндісі сияқты құрамында кальций бар еріткіштерді, цефтриаксонның кальций тұздарының преципитаттары түзілу мүмкіндігіне байланысты, құтылардағы Цефтрисервті еріту үшін немесе көктамыр ішіне енгізуге арналған қалпына келтірілген ерітіндіні сұйылтуға пайдалануға болмайды.

Цефтриаксонның кальций тұздарының преципитаттары түзілуі сондай-ақ, Цефтрисервті құрамында кальций бар ерітінділермен бір инфузиялық жүйеде араластырғанда да жүруі мүмкін. Цефтрисервті құрамында кальций бар ерітінділермен, оның ішінде, құрамында кальций бар ұзақ инфузиялармен бір мезгілде енгізуге болмайды, мысалы парентеральді қоректену («Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі немесе өзара әрекеттесуінің басқа түрлерін» қараңыз).

Жағымсыз әсерлері

Цефтрисервті қолданған кезде мынадай жағымсыз құбылыстар болуы мүмкін:

  • диарея, жүрек айнуы, құсу, стоматит, глоссит

  • эозинофилия, лейкопения, гранулоцитопения, гемолитикалық анемия, тромбоцитопения, протромбиндік уақыттың ұлғаюы

  • жыныс жолдарының микозы, салдарлы зеңдік жұқпалар және резистентті микроорганизмдерден туындаған жұқпалар

Сирек

  • бас ауыруы және бас айналуы, қызба, қалтырау, сондай-ақ анафилактикалық немесе анафилактоидтық реакциялар

  • бөртпе, аллергиялық дерматит, қышыну, есекжем, ісінулер, экзантема

  • панкреатит, қан сарысуында бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауы ( АСТ,АЛТ, сілтілік фосфатаза)

  • олигурия, гематурия, глюкозурия, қан сарысуындағы креатинин деңгейінің жоғарылауы

Өте сирек

  • жалған жарғақшалы энтероколит

  • агранулоцитоз (< 500/мм3), көбінесе 20 г немесе одан көп жалпы дозасын қолданғанда. Ұзақ емдеу кезінде қан көрінісін ұдайы бақылау ұсынылады;

  • экссудативті мультиформалы эритема (Стивенс-Джонсон синдромы), уытты эпидермальді некролиз (Лайелл синдромы),

  • коагуляцияның бұзылуы

  • балалардағы сәйкесінше симптоматикасы бар өт қабындағы цефтриаксонның кальций тұздарының преципитаттары, балалардағы қайтымды холелитиаз (атап көрсетілген құбылыстар балаларда сирек байқалған);

  • бүйректе конкременттердің түзілуі, негізінен препараттың тәуліктік жоғары дозаларын (тәулігіне ≥ 80 мг/кг) немесе 10 г-ден жоғары жинақталатын дозаларын қабылдаған 3 жастан бастап балаларда, сондай-ақ қосымша қауіп факторлары бар болғанда (сұйықтық ішуді шектеу, төсекте жату режимі). Бүйректе конкременттердің түзілуі симптомсыз жүруі немесе клиникалық түрде білінуі мүмкін, цефтриаксонмен емдеуді тоқтатқаннан кейін қайтатын бүйрек жеткіліксіздігіне себеп болуы мүмкін;

Жекелеген жағдайларда көктамыр жақтауларының қабыну реакциялары байқалуы мүмкін. Оларды баяу инъекцияны (2-4 минут) қолдана отырып болдырмауға болады. Лидокаинді қолданбай бұлшықетішілік инъекция жасау ауыру сезімін тудырады.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • цефалоспориндерге (науқаста пенициллинге жоғары сезімталдық болса, цефтриаксонға айқаспалы аллергиялық реакцияның болу мүмкіндігін ескеру керек), лидокаинге жоғары сезімталдық

  • ≤ 41 апта шамасындағы шала туылған балаларда, жатырішілік даму мерзімін (гестациялық жас шамасы + туғаннан кейінгі жас шамасы) ескере отырып

  • 28 күнге дейінгі жаңа туылған кезеңде: гипербилирубинемияда (цефтриаксонның қан сарысуы альбуминімен байланыстан билирубинді ығыстыру қабілетіне байланысты, бұл билирубин туындататын энцефалопатияның даму қаупіне алып келуі мүмкін), құрамында кальций бар көктамырішілік ерітінділермен емдеу қажеттілігінде (немесе күтілетін қажеттілікте), соның ішінде құрамында кальций бар көктамырішілік құюларда, мысалы цефтриаксонның кальций тұздарының преципитаттары түзілу қаупіне байланысты парентеральді қоректенуде.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Қандай жағдай болмасын, Цефтрисервті құрамында кальций бар ерітінділермен (Рингер ерітіндісі және соған ұқсас) қолдануға болмайды. Құрамында кальций бар ерітінділерді Цефтрисервті соңғы енгізуден кейінгі 48 сағат ішінде тағайындамау керек.

Жаңа туылған және шала туған балаларда Цефтрисервті кальций препараттарымен бір мезгілде қолданғанда, өлім жағдайына әкелетін өкпе мен бүйректе преципитаттар түзілген жағдайлары болған.

Цефтрисервтің жоғары дозалары мен фуросемид сияқты күшті әсері бар диуретиктермен бір мезгілде қолданғанда, бүйрек қызметінің бұзылулары байқалған жоқ.

Цефтрисерв аминогликозидтердің бүйректік уыттылығын арттыратыны туралы деректер жоқ. Цефтрисервті қабылдаған соң бірден алкоголь қабылдағаннан кейін, дисульфирамның (тетурамның) әсеріне ұқсас әсерлер байқалған жоқ.

Цефтрисервтің құрамында басқа цефалоспориндерге де тән этанолды көтере алмаушылықты, сондай-ақ қан кетуді туғызуы мүмкін N-метилтиотетразольдік топтар болмайды.

Пробенецид Цефтрисервтің шығарылуына әсер етпейді.

Хлорамфеникол мен Цефтрисервтің арасында антогонизм бар.

Цефтрисерв кальций тұздарының преципитаттары түзілу ықтималдығына байланысты, Рингер ерітіндісі немесе Гартман ерітіндісі сияқты құрамында кальций бар еріткіштерді құтыдағы Цефтрисервті ерітуге немесе көктамыр ішіне құю үшін қалпына келтірілген ерітіндіні сұйылтуға пайдалануға болмайды. Цефтриаксонның кальций тұздары преципитаттарының түзілуі, сондай-ақ Цефтрисервті құрамында кальций бар ерітінділермен көктамырішілік енгізуге арналған бір инфузиялық жүйеде араластырғанда болуы мүмкін. Цефтрисервті құрамында кальций бар ерітінділермен, оның ішінде, құрамында кальций бар ұзаққа созылатын инфузиялармен бір мезгілде енгізуге болмайды, мысалы парентеральді қоректенуде («Қолдану тәсілі мен дозаларын» қараңыз). Сәбилерде цефтриаксонның кальций тұздарының преципитаттары түзілу қаупі жоғары.

Цефтрисерв амзакринмен, ванкомицинмен, флуконазолмен және аминогликозидтермен үйлесімсіз.

Бактериостатикалық дәрілер цефалоспориндердің бактерицидтік әсеріне ықпал етуі мүмкін.

Цефтрисерв ішілетін гормональді контрацептивтердің тиімділігін азайтуы мүмкін. Осыған байланысты, емдеу кезінде және емдеуден кейін 1 ай бойы қосымша (гормональді емес) контрацепция әдістерін қолдану ұсынылады.

Цефтрисервпен пероральді қабылдауға арналған құрамында кальций бар өнімдер арасындағы және бұлшықетішілік инъекциядағы Цефтрисервпен құрамында кальций бар өнімдер арасындағы (көктамырішілік немесе ішу арқылы) өзара әрекеттестіктер туралы хабарланған жоқ.

Айрықша нұсқаулар

Препараттың еріткіші ретінде балалар тәжірибесінде лидокаин қолданылмайды.

Басқа цефалоспориндерді қолданғандағы сияқты, Цефтрисервті қолданғанда, тіпті нақты сыртартқысында сәйкесінше нұсқаулар болмаса да, өлімге соқтыратын анафилактикалық реакциялар болуы мүмкін. Аллергиялық реакциялар туындаған жағдайда, цефтриаксонды бірден тоқтату және сәйкесінше ем тағайындау керек.

Цефтрисерв протромбиндік уақытты ұлғайтуы мүмкін. Осыған байланысты, К витамині тапшылығына күдіктенгенде, протромбиндік уақытты анықтау қажет.

Бактерияларға қарсы препараттардың барлығын дерлік, оның ішінде Цефтрисервті де қолдану аясында, ауырлығының жеңіл дәрежесінен өліммен аяқталатын колитке дейінгі, Clostridium difficile-мен астасқан диарея дамуы мүмкін. Бактерияларға қарсы препараттар тоқ ішектің қалыпты флорасын өзгертеді, бұл Clostridium difficile-нің шектен тыс өсуіне алып келеді. Clostridium difficile-мен астасатын диарея дамуына ықпал ететін А және В токсиндерін Clostridium difficile өндіреді. Токсиндерді шамадан тыс өндіретін Clostridium difficile штаммдары ауру санын және өлім жағдайын жоғарылатады, өйткені бұл жұқпалар микробқа қарсы дәрілерге резистентті болуы және колэктомияны талап етуі мүмкін. Антибиотиктерді қолданған кезде барлық емделушілерде Clostridium difficile-мен астасқан диареяны жоққа шығару қажет. Clostridium difficile-мен астасқан диарея бактерияға қарсы дәрілерді қолдану аяқталғаннан кейін екі ай ішінде туындауы мүмкін болғандықтан, мұқият медициналық сыртартқыны жинақтау қажет. Clostridium difficile-мен астасқан диареяға күдіктенгенде немесе расталғанда, Clostridium difficile-ге әсер етпейтін антибиотикпен емдеуді тоқтату керек. Цефтрисервті ұзақ уақыт бойы қолданғанда, препаратқа сезімтал емес микроорганизмдерді бақылауда қиындықтар болуы мүмкін. Осыған байланысты емделушілерді мұқият қадағалау қажет. Асқын жұқпа дамыған жағдайда, сәйкесінше шаралар қабылдау қажет.

Цефтрисервті стандартты ұсынылған дозалардан жоғары дозаларда қолданғаннан кейін, өт қабын ультрадыбыстық зерттеуде тас ретінде қате қабылданатын көлеңкелер байқалуы мүмкін. Бұл цефтриаксонның кальций тұзының преципитаттары, олар Цефтрисервпен емдеу аяқталғанда немесе тоқтатылғанда жоғалады. Мұндай өзгерістер қандай да бір симптоматикамен сирек қатар жүреді. Бірақ мұндай жағдайларда тек консервативті емдеу ұсынылады. Егер бұл құбылыстар клиникалық симптоматикамен қатар жүрсе, онда препаратты тоқтату туралы шешімді дәрігер қабылдайды.

Цефтрисерв енгізілген науқастарда, өт шығару жолдарының обструкциясы салдарынан дамуы мүмкін бірлі-жарым панкреатит жағдайлары сипатталады. Бұл науқастардың көпшілігінде өт шығару жолдарында іркілу қаупі факторлары, мысалы сыртартқысындағы емделу, ауыр сипатты аурулар мен толығымен парентеральді тамақтану болған. Сонымен бірге панкреатит дамыған кезде, өт шығару жолдарындағы Цефтрисервтің әсерінен түзілетін преципитаттардың рөлін жоққа шығаруға болмайды.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

Цефтриаксонды аминогликозидтер мен диуретиктерді бір мезгілде алып жүрген, бүйрек жеткіліксіздігімен науқастарға сақтықпен қолданған жөн.

Жаңа туылған және шала туған сәбилерде Цефтрисерв және кальций препараттарын бір мезгілде енгізгенде, өлім тудыратын өкпе мен бүйректе преципитаттар түзілген жағдайлар сипатталған.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

Иммунитет арқылы болған гемолитикалық анемия цефалоспориндерді, оның ішінде, цефтриаксон қабылдап жүрген емделушілерде байқалған. Ауыр гемолитикалық, соның ішінде, ересектер мен балаларда өлімге соқтырған анемияның дамыған жағдайлары белгілі болды. Цефтрисервті қолдану кезінде анемия дамыған жағдайда, Цефтриаксоннан туындаған анемияның бар-жоғын анықтау және препаратты анемияның шығу тегі белгілі болғанша тоқтату қажет. Ұзақ уақыт емдеген кезде қан көрінісін ұдайы бақылап отыру керек.

Цефтрисервпен емдеуде сирек жағдайларда науқастарда Кумбс реакциясының жалған оң нәтижелері білінуі мүмкін. Басқа антибиотиктер сияқты, цефтриаксон галактоземияға сынаманың жалған оң нәтижесін туғызуы мүмкін. Жалған оң нәтижелер несептегі глюкозаны анықтағанда да алынуы мүмкін, сондықтан глюкозурияны Цефтрисервпен емдеу кезінде, қажет болса, тек ферменттік әдіспен анықтауға болады.

Жүктілік пен лактация кезеңі

Цефтрисерв плацентарлық бөгет арқылы өтеді. Цефтриаксонды әйелдерге жүктілік кезінде қолданудың қауіпсіздігі зерттелмеген, сондықтан жүктілік кезінде қолдану ұсынылмайды. Азғантай концентрацияларда цефтриаксон емшек сүтіне енеді. Сондықтан Цефтрисервті тағайындағанда бала емізуді тоқтату қажет.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Цефтрисервтің реакция жылдамдығына әсер ететіні туралы мәліметтер жоқ, бірақ бас айналуы туындау мүмкіндігіне байланысты, цефтриаксон көлік құралдарын басқару мен күрделі механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне ықпал етуі мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: орталық жүйке жүйесінің қозуы, құрысулар.

Емі : симптоматикалық. Артық дозаланған жағдайда гемодиализ немесе перитонеальді диализ препараттың концентрациясын азайтпайды. Арнайы у қайтарғысы жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

1.0 г- ден белсенді зат резеңке тығындармен тұмшаланып тығындалған, алюминий қалпақшалармен қаусырылған және сақтандырғыш қалпақшемен жабылған шыны құтыларға салынады.

1 құтыдан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.

10, 25 құтыдан топтық қаптамаға салынады.

Топтық қаптама және тасымалдаушы ыдыс МССТ 17768 - 90 сәйкес.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 30 ºС –ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Самрудх Фармацеутикалз Пвт.Лтд

J-174, M.I.D.C., Tarapur, Boisar, Dist. Thane – 401 506, India

Тел: +9122 28725367/ 28773023

Факс: +9122 28725367

ho@samrudhpharma.com 

Тіркеу куәлігінің иесі

Фармасерв Солюшинс Пвт.Лтд

B-518-519, Nandadham Building, 5th floor, Plot No. 59, Sector 11, CBD Belapur – 400 614

Тел: +9122 67938583/ 86

Факс: +9122 27573221

sameer.p@pharmaserv.in

Тұтынушылардан өнім сапасы туралы түскен шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

Алматы қ-сы, Мұратбаев к-сі, д. 91 үй, 52кеңсе

тел: +7705-170-88-79

сompleteasia@gmail.com

Прикрепленные файлы

095186411477976811_ru.doc 111.5 кб
983235381477977967_kz.doc 200 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники