Хумулин® Регуляр (100 МЕ/мл)

МНН: Инсулин человеческий
Производитель: Лилли Франс С.А.С.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Insulin (human)
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№003067

Инструкция

Саудалық атауы

Хумулин® Регуляр

Халықаралық патенттелмеген атауы

Адам инсулині

Дәрілік түрі

Инъекцияға арналған 100 ХБ/мл ерітінді

Құрамы

Бір мл ерітіндінің құрамында

белсенді зат - 100 ХБ адам инсулині (ДНҚ–рекомбинантты),

қосымша заттар: тазартылған метакрезол, глицерин, рН түзетуге арналған 10 % хлорсутек қышқылы, рН түзетуге арналған 10 % натрий гидроксидінің ерітіндісі, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Мөлдір түссіз сұйықтық.

Фармакотерапиялық тобы

Қант диабетін емдеуге арналған дәрілер. Инсулиндер және жылдам әсер ететін аналогтары. Инсулин (адамнан алынған).

АТХ коды A10AВ01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Хумулин® Регуляр қысқа әсер ететін инсулин препараты болып табылады. Препараттың әсер етуінің басталуы – енгізгеннен кейін 30 минуттан соң, ең жоғарғы әсер ету тиімділігі – 1 және 3 сағат аралығында, әсер ету ұзақтығы – 5-7 сағат.

Белсенділігінің типтік профилі (глюкоза тұтыну қисығы) тері астына енгізгеннен кейін төмендегі суретте қою сызық түрінде берілген. Инсулин белсенділігіндегі жекелей айырмашылықтар доза, инъекция орнын таңдау, науқастың дене белсенділігі және т.б. сияқты факторларға тәуелді.

Инсулин белсенділігі

Уақыт (сағат)

Фармакодинамикасы

Хумулин® Регуляр адамның ДНҚ-рекомбинантты инсулині болып табылады.

Инсулиннің негізгі әсері глюкоза метаболизмін реттеу болып табылады. Бұдан өзге, оның организмнің түрлі тіндеріне анаболизмдік және катаболизмге қарсы әсері бар. Бұлшықет тінінде гликоген, май қышқылдары, глицерол құрамының артуы, ақуыз синтезінің күшеюі және аминқышқылдар тұтынылуының артуы жүреді, бірақ бұл кезде гликогенолиздің, глюконеогенездің, кетогенездің, липолиздің, ақуыздар катаболизмі мен аминқышқылдардың босап шығуының төмендеуі жүреді.

Қолданылуы

- глюкоза гомеостазын ұстап тұру үшін инсулинмен ем көрсетілген қант диабеті бар науқастарды емдеуде

Қолдану тәсілі мен дозалары

Хумулин® Регулярдың дозасын дәрігер гликемия деңгейіне байланысты жекелей анықтайды. Препаратты тері астына енгізу керек. Көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне де енгізуге болады.

Теріастылық инъекцияларын иық, сан, жамбас немесе іш тұсына жасау керек. Инъекция аймағын, сол бір аймағы айына бір реттен жиі пайдаланылмайтындай етіп кезектестіре ауыстырып отыру қажет. Инсулинді тері астына енгізген кезде инъекция кезінде қантамырға тиіп кетпес үшін сақ болу қажет. Инъекциядан кейін енгізген жерді уқаламау керек. Пациенттер инсулинді енгізуге арналған құрылғыны дұрыс пайдалануды үйренуі тиіс.

Хумулин® Регулярды Хумулин® НПХ-мен біріктіріп енгізуге болады (инсулиндерді араластыру жөніндегі нұсқаулықты қараңыз). Инсулинді енгізу режимі әр адамға жекелей анықталады.

Көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне тек медицина қызметкері ғана енгізуіне болады.

Қолдану жөніндегі нұсқаулық

Дозаны дайындау.

Хумулин® Регуляр картридждері қайта суспензиялауды қажет етпейді және тек олардың ішіндегісі көзге көрінетін қосылыстарсыз, мөлдір, түссіз сұйық түрінде болса ғана пайдалануға болады.

Картридждерді мұқият тексеру керек. Араластырғаннан кейін онда үлпектер болса, инсулинді пайдаланбаңыз. Егер құтының түбіне немесе қабырғаларына аязды өрнек әсерін түзіп, қатты ақ бөлшектер жабысып қалса, инсулинді пайдаланбаңыз.

Картридждер құрылғысы олардың ішіндегісінің басқа инсулиндермен тікелей сол картриджде араласып кетуіне мүмкіндік бермейді. Картридж қайта толтыруға арналмаған.

Инсулиндерді араластыру.

Қысқа әсері бар инсулинді құтының ішіндегісінің ұзақ әсер ететін инсулин компоненттерімен ластануын болдырмас үшін еккішке бірінші жинап алу керек. Дайындалған қоспаны тікелей араластырғаннан кейін енгізген дұрыс. Инсулиннің әр түрінің дәл мөлшерін енгізу үшін Хумулина® Регуляр мен Хумулина® НПХ үшін жеке-жеке еккішті пайдалануға болады.

Үнемі Сіз енгізген инсулин концентрациясына сәйкес инсулиндік еккішті пайдаланыңыз.

Картриджді толтыру мен инені бекітуге қатысты өндірушінің нұсқаулығын сақтау қажет.

Дозаны енгізу.

  • Қолдарыңызды жуыңыз. Инені қосатын орындағы картридждің резеңке тығынын дезинфекциялау керек.

  • Еккіш-қаламды оны қолдану жөніндегі нұсқаулықты ұстанып дайындау керек. Картриджді еккіш-қаламға орналастыру керек.

  • Алдын ала қорғағыш үлбірін алып, инені қосады.

  • Инеден сыртқы қалпақшасын аыап тастау керек.

  • Инсулин бар картриджден ауаны шығарып тастау керек. 1-2 бірлік дозаны өлшеп алыңыз. Инесін жоғары қарата ұстап еккіш инені алыңыз және ішіндегі көпіршіктер бетіне шығуы үшін еккіш-қаламның ұшын сәл ғана қағып ұрыңыз. Еккіш қаламды инесін жоғары қарата ұстап тұрып, инъекциялық механизмді басыңыз. Иненің ұшында Хумулин® Регулярдың тамшысы пайда болғанша жалғастырыңыз. Еккіш қаламда ауаның біршама көпіршіктері қалуы мүмкін, олар зиянсыз. Дегенмен, егер көпіршіктер өлшемі үлкен болса, Сіздің инъекцияңыз дозасының дәлдігі кемдеу болады. Әрбір инъекция алдында тексеру керек.

  • Инъекцияға арналған орынды таңдаңыз.

  • Теріні спиртке малынған мақта тампонымен сүртіңіз. Терінің кебуін күте тұру керек.

  • Тері қыртысын қалыптастыра отырып белгілеңіз. Инъекция орнының алдыңғысынан кем дегенде 1 см жерде екендігіне және Сіз өзіңізге ұсынылғандай инъекция аймағын кезектестіруді сақтап жатқаныңызға көз жеткізіңіз.

  • Сіздің дәрігеріңіздің нұсқауына және еккіш қалам өндірушісінің нұсқаулығына сәйкес инсулиннің қажетті дозасын тері астына енгізу керек. Сіз барлық дозаны толық енгізгеніңізге көз жеткізу үшін инені тері астында 5 секунд кідіртіңіз.

    10. Инені теріден тігінен шығарып алыңыз және инъекция орнын бірнеше секунд бойы жаймен басып тұрыңыз. Енгізген жер аумағын ысқылауға болмайды.

  • Иненің сыртқы қалпақшасын пайдалана отырып, енгізгеннен кейін бірден инені шығарып алыңыз және оны қауіпсіз жолмен жойыңыз. Инені инъекциядан кейін бірден шешіп алу стерильділігін қамтамасыз етеді, инсулиннің ағып кетуі мен ауа кіруін және иненің бітеліп қалу мүмкіндігін болдырмайды.

  • Еккіш қаламға қалпақшасын кигізіңіз.

    Пайдаланылған картридждер мен инелерді жою.

    Инені қайта пайдаланбаңыз. Пайдаланылған инелерді тиісті жолмен жойыңыз. Өз картридждер мен инелеріңізді басқа адамдарға беруге болмайды. Олай болғанда күрделі инфекцияның берілу немесе олардан күрделі инфекция жұқтыру қаупі бар. Инелер мен қаламдар тек дербес қолдануға арналған. Картридждерді босағанша пайдалану керек, содан кейін оларды сәйкесінше жою керек. Пайдаланылмаған препарат немесе шығын материалдары жергілікті талаптарға сәйкес жойылуы тиіс.

Жағымсыз әсерлері

Препараттың негізгі әсеріне байланысты жағымсыз әсерлері:

  • гипогликемия Хумулин® Регулярды қоса, инсулин препараттарын енгізген кезде туындайтын анағұрлым жиі кездесетін жағымсыз әсері болып табылады.

Жеңіл және орташа гипогликемия белгілері: әлсіздік, дімкәстік, жүрек қағуының жиілеуі, қолдардың, табандардың, ерін мен тілдің шаншу сезімдері, бас ауыруы, суық тер, бас айналуы, ұйқының бұзылуы, ұйқышылдық, жүрек қағуының жиілеуі, үрейлену, мазасыздық, көрудің бұлыңғырлануы, түсініксіз сөйлеу, депрессиялық көңіл-күй, ашушаңдық, зейін шоғырландырудың мүмкін болмауы, патологиялық мінез-құлық, тұлғалық өзгерістер, орнықсыз қимылдар, ашығу сезімі.

Ауыр гипогликемия белгілері: бағдарсыздық, естен тану жағдайы, құрысулар. Кей жағдайларда ауыр гипогликемия өлімге алып келуі мүмкін.

  • инъекция орнының қызаруы, ісінуі немесе қышынуы түріндегі жергілікті аллергиялық реакциялар (жиілігі 1/100-ден 1/10 дейін) және әдетте бірнеше күннен бірнеше аптаға дейінгі кезең ішінде тыйылады. Бірқатар жағдайларда бұл реакцияларды инсулинге байланысты емес себептер, мысалы, тазартқыш агенттің теріні тітіркендіруі немесе инъекциялардың дұрыс жүргізілмеуін туғызуы мүмкін.

  • жүйелік аллергиялық реакциялар (жиілігі <1/10000) жайылған қышынумен, тыныстың тарылуымен, ентігумен, артериялық қысымның төмендеуімен, тамыр соғысының жиілеуімен, қатты терлеумен, анафилактикалық шокпен білінуі мүмкін. Хумулин® Регулярға ауыр, өмірге қауіп төндіретін аллергияның сирек жағдайларында емдеуді дереу тоқтату немесе десенсибилизация жүргізумен инсулинді ауыстыру қажет етіледі.

  • жергілікті реакциялар және жайылған миалгия метакрезолды инъекцияланатын толтырғыш ретінде пайдаланған кезде туындайды.

  • Хумулин® Регулярды тері астына енгізгендегі инъекция орнындағы (жиілігі 1/1000-ден <1/100 дейін) липодистрофиялар (липоатрофиялар немесе липогипертрофиялар).

  • гипергликемия, диабеттік кетоацидоз немесе гиперосмолярлық кома пациент Хумулин® Регулярдың қандағы глюкоза деңгейін бақылау үшін қажетті дозасынан аз енгізген кезде дамуы мүмкін.

  • гипокалиемия, ол ем жүргізілмеген жағдайда респираторлық салдану, қарыншалық аритмия немесе өлім туғызуы мүмкін.

  • дене салмағының жоғарылауы, бұған инсулиннің анаболиялық әсері және глюкозурияның төмендеуі түрткі болады.

  • натрийдің іркілуі және шеткергі ісінулер, әсіресе жеткіліксіз метаболизмдік бақылауды жақсарту мақсатында инсулинмен емдеу күшейтілген жағдайда.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • гипогликемия

  • инсулинге немесе препараттың қосымша компоненттерінің біріне жоғары сезімталдық

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

  • Хумулин® Регулярдың гипогликемиялық әсерін: ішу арқылы қолданылатын контрацептивтер, кортикостероидтар, қалқанша без гормондары препараттары, өсу гормондары, даназол, бета2-симпатомиметиктер (мысалы, ритодрин, сальбутамол, тербуталин), тиазидтер, изониазид, кейбір гиполипидемиялық препараттар (мысалы, ниацин), эстрогендер, фенотиазиндер, атипиялық антипсихотикалық препараттар, глюкагон, протеазалар тежегіштері төмендетеді.

  • Хумулин® Регулярдың гипогликемиялық әсерін: ішу арқылы қолданылатын гипогликемиялық препараттар, салицилаттар (мысалы, ацетилсалицил қышқылы), кейбір антидепрессанттар (моноаминоксидаза (МАО) тежегіштері, кейбір АӨФ тежегіштері (мысалы, каптоприл, эналаприл), ангиотензин II рецепторларының блокаторлары, селективті емес бета-адреноблокаторлар, сульфаниламидтік антибиотиктер, серотониннің кері қармалуының селективті тежегіштері (СКҚСТ), прамлинтид, дизопирамид, фибраттар, флуоксетин, пропоксифен, пентоксифиллин және алкоголь күшейтеді.

  • Бета-адреноблокаторлар, клонидин (мысалы, клофелин) Хумулин® Регулярдың гипогликемиялық әсерін күшейтуі немесе бүркемелеуі мүмкін.

  • Литий тұздары мен алкоголь Хумулин® Регулярдың гипогликемиялық әсерін төмендетуі, күшейтуі немесе бүркемелеуі мүмкін.

  • Гуанетидин мен резерпин гипогликемия симптомдарының көріністерін бүркемелеуі мүмкін.

  • Соматостатин аналогтары (октреотид, ланкреотид) инсулинге қажеттілікті төмендетуі немесе күшейтуі мүмкін.

  • Пентамидин кей жағдайларда гипергликемияға ауысуы мүмкін гипогликемияны тудыруы мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Пациентті инсулиннің басқа типіне немесе саудалық атауы басқа препаратына ауыстыру қатаң медициналық қадағалаумен жүргізілуі тиіс. Инсулин белсенділігінің, типінің (мысалы, НПХ, М3 және басқа), түрінің (шошқаныкі, адам инсулині, адам инсулинінің аналогы) немесе өндіру әдісінің (ДНҚ-рекомбинантты инсулин немесе жануар текті инсулин) өзгеруі дозасын түзету қажеттілігіне алып келуі мүмкін.

Кейбір пациенттер үшін жануар текті инсулиннен адам инсулиніне ауысқанда дозасын түзету қажеттілігі туындауы мүмкін. Бұл адам инсулині препаратын алғаш енгізгенде-ақ немесе ауыстырғаннан кейін бірнеше апта немесе бірнеше ай ішінде біртіндеп орын алуы мүмкін.

Гипогликемия

Инсулин препараттарын енгізген кезде туындайтын анағұрлым жиі жағымсыз әсері гипогликемия болып табылады. Гипогликемияның бастапқы симптомдары ұзаққа созылған қант диабетінде, вегетативтік диабеттік нейропатия кезінде, инсулин препараттарын ауыстырған кезде, диабетті қарқынды бақылауда (инсулиннің күніне 3 және одан да көп инъекциясы), бета-адреноблокаторлар сияқты дәрілік препараттарды қолданғанда өзгешеленуі немесе айқындығы әлсіз болуы мүмкін.

Адам инсулинін енгізу аясындағы гипогликемияның ізашар- симптомдарының кей науқастарда айқындығы аз болуы немесе жануар текті инсулинді енгізу аясында байқалғаннан ерекшеленуі мүмкін. Қандағы глюкоза деңгейі қалыпқа түскен кезде, мысалы, инсулинмен қарқынды емдеу нәтижесінде, гипогликемияның барлық немесе кейбір ізашар-симптомдары жойылуы мүмкін, науқастар бұдан құлағдар болуы тиіс. Гипогликемияның ізашар-симптомдары қант диабеті ұзаққа созылғанда, диабеттік нейропатия немесе бета-адреноблокаторлар сияқты препараттармен емдеу кезінде өзгеруі немесе айқындығы әлсіз болуы мүмкін. Ізашар симптомдарын анықтап алмай, пациент гипогликемияның күрделірек түрлерінің алдын алу шараларын қолдана алмайды. Гипогликемияның немесе гипергликемияның түзетілмейтін реакциялары естен тануға, комаға және өлімге алып келуі мүмкін.

Гипогликемияның ізашар-симптомдары жоқ пациенттерге, әсіресе автокөлік жүргізер алдында қандағы глюкоза деңгейін жиі бақылап отыру қажет. Әлсіз немесе орташа дәрежелі гипогликемияны құрамында қант бар тамақ немесе сусындарды қабылдау арқылы түзетуге болады. Пациенттер үнемі өзімен бірге қант көздерін, мысалы мұзкәмпиттер, құрамында көмірсулар бар диеталық емес сусындар немесе глюкоза таблеткаларын алып жүруі тиіс.

Хумулин® Регуляр гипогликемияның туындауына бейім болуы мүмкін пациенттерге (мысалы, педиатриялық популяция немесе тамақтануды шектейтін немесе тамақтану режимі тұрақсыз пациенттер) енгізгенде сақ болу қажет.

Аллергиялық реакциялар.

Анафилактикалық шокты қоса, ауыр, өмірге қауіп төндіретін, жайылған аллергиялық реакция инсулин препараттарын, соның ішінде Хумулин® Регуляр қолданған кезде туындауы мүмкін (Жағымсыз әсерлерін қараңыз).

Гипергликемия, диабеттік кетоацидоз, гиперосмолярлық кома

Талапқа сай емес дозаларын пайдалану немесе емдеуді тоқтату, әсіресе инсулинге тәуелді қант диабетімен пациенттерде, гипергликемияға, диабеттік кетоацидозға немесе гиперосмолярлық комаға (пациенттің өміріне қауіп төндіретін жағдайларға) алып келуі мүмкін. Бұл ауыру немесе инфекция кезінде инсулинге қажеттіліктің артуымен, диетаны сақтамаумен, инсулиннің жазып берілген дозаларын жіберіп алған немесе тиісінше қолданбаған кезде немесе глюкоза метаболизміне және инсулинге сезімталдыққа әсер ететін препараттарды пайдалануға байланысты болуы мүмкін. Диабеттік кетоацидоздың ерте білінетін белгілеріне глюкозурия мен кетонурия жатады. Полидипсия, полиурия, тәбеттің жойылуы, шаршау, терінің құрғауы, іштің ауыруы, жүрек айнуы және құсу мен компенсаторлық тахипноэ біртіндеп, әдетте бірнеше сағат немесе күн ішінде гипергликемиямен және кетонемиямен бірге дамиды. Тұрақты ауыр гипергликемия гиперосмолярлық комаға немесе өлімге алып келуі мүмкін.

Гипокалиемия

Хумулин® Регуляр гипокалиемияның даму қаупі бар пациенттерде (калийді төмендететін препараттарды немесе қан сарысуындағы калий концентрациясына сезімтал препараттарды қабылдап жүрген пациенттерді қоса) сақтықпен пайдаланылуы тиіс. Хумулин® Регулярды көктамыр ішіне енгізу әсерінің тез басталуына алып келетіндіктен, қандағы калий деңгейіне мұқият мониторинг жүргізу қажет.

Антиденелердің түзілуі

Хумулин® Регулярмен емдеу антиденелердің түзілуін тудыруы мүмкін, бірақ адам инсулиніне антиденелер титрі жануар текті тазартылған инсулинге қарағанда төмен.

Ағзалар мен жүйелер функциясының бұзылуы

Инсулинге қажеттілік бүйрекүсті бездері, гипофиз немесе қалқанша без функциясының жеткіліксіздігі, бүйректің немесе бауырдың жеткіліксіздігі кезінде төмендеуі мүмкін. Бүйректің немесе бауырдың жеткіліксіздігі бар пациенттерде глюкоза деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізу және инсулиннің дозасын төмендету қажет болуы мүмкін.

Кейбір, оның ішінде инфекциялық ауруларда, эмоционалдық ширығу кезінде, аффектілік бұзылыстар кезінде инсулинге қажеттілік артуы мүмкін.

Инсулин дозасын түзету дене жүктемесін арттырғанда немесе әдеттегі емдәмді өзгерткенде де қажет болуы мүмкін.

Дәрілік препараттар

Кейбір дәрілік препараттар инсулинге қажеттілікті және гипогликемия мен гипергликемияның туындау қаупін өзгертуі мүмкін (Дәрілермен өзара әрекеттесуін қараңыз).

Тиазолидиндиондерді инсулиндермен біріктіріп қолданғанда ісінулер мен жүрек жеткіліксіздігінің даму қаупі, әсіресе қатар жүретін жүрек аурулары бар пациенттерде артады.

Пиоглитазонді инсулинмен біріктіріп қолданғанда жүрек жеткіліксіздігінің дамыған жағдайлары, әсіресе жүрек жеткіліксіздігінің қауіп факторлары бар пациенттерде хабарланған. Инсулинді пиоглитазонмен біріктіріп пайдаланған жағдайда, пациенттерде жүрек жеткіліксіздігінің белгілері мен симптомдарының, дене салмағы жоғарылауының және ісінулердің бар-жоқтығы қадағалануы тиіс. Пиоглитазонмен емдеу кардиальді симптомдардың кез-келген нашарлауы болған кезде тоқтатылуы тиіс.

Адам инсулинін жануар текті инсулинмен немесе басқа өндірушілер шығарған адам инсулинімен араластырған кездегі әсерлері зерттелген жоқ.

Жүктілік және бала емізу кезінде қолданылуы

Жүктілік кезінде әсіресе, инсулинмен ем алып жүрген пациенттерді (инсулинге тәуелді диабетпен немесе гестациялық диабетпен) жақсы бақылауға алу маңызды. Инсулинге қажеттілік әдетте бірінші триместр кезінде төмендейді және екінші және үшінші триместрлер кезінде артады. Қант диабетімен науқастарға өз дәрігеріне жүктілігі немесе жүктілікті жоспарлап жүргендігі туралы хабарлауы тиіс. Қант диабеті бар емделуші әйелдерде бала емізу кезінде инсулин дозасын, емдәмді немесе екеуін де өзгерту қажет болуы мүмкін.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Гипогликемия кезінде пациентте зейін шоғырландырудың әлсіреуі және психомоторлық реакциялар жылдамдығы азаюы мүмкін. Бұл осы қабілеттер ерекше қажет жағдайларда (мысалы, автокөлік жүргізу немесе механизмдерді басқару) қауіп төндіруі мүмкін.

Пациенттерге автокөлік жүргізу кезінде гипогликемияны болдырмауға арналған сақтық шараларын ұсыну кекрек. Бұл әсіресе гипогликемия жиі дамитын жағдайда, гипогликемияның ізашар симптомдарының айқындығы әлсіз немесе мүлдем болмайтын пациенттер үшін маңызды. Мұндай жағдайларда дәрігер пациенттің автокөлік жүргізуінің талапқа сай екендігін бағалауы тиіс.

Артық дозалануы

Инсулинмен артық дозалану мына симптомдармен: енжарлық, сананың шатасуы, қатты жүрек қағуы, бас ауыруы, қатты терлеу және құсумен қатар жүретін гипокалиемия мен гипогликемияның дамуына алып келуі мүмкін. Гипогликемия дамуының негізгі себептері қандағы инсулин мөлшерінің тамақпен түсетін глюкозамен салыстырғанда артық болуы және организмнің дене еңбегі кезінде глюкозаны көп пайдалануы немесе екі фактордың бірігуі болып табылады. Белгілі бір жағдайларда, мысалы, қант диабеті ұзаққа созылғанда немесе қарқынды бақыланғанда, гипогликемияның ізашар симптомдары өзгеруі мүмкін.

Емі: гипогликемияның жеңіл жағдайларын әдетте, ішке глюкоза немесе қант қабылдай отырып басуға болады. Инсулиннің дозасын, емдәмді немесе дене белсенділігін түзету қажет болуы мүмкін. Ауырлығы орташа гипогликемияны түзетуді бұлшықет ішіне немесе тері астына глюкагонды енгізудің көмегімен, ары қарай ішке көмірсуларды қабылдай отырып жүргізуге болады. Гипогликемияның комамен, құрысулармен немесе неврологиялық бұзылыстармен қатар жүретін ауыр жағдайларын бұлшықет ішіне/тері астына глюкагонды немесе көктамыр ішіне концентрацияланған глюкоза ерітіндісін енгізе отырып басады. Есі кіргеннен кейін гипогликемияның қайта дамуын болдырмас үшін, пациентке көмірсуларға бай тамақ беру қажет. Көмірсуларды ұзақ уақыт қабылдау және пациенттердің жағдайын қадағалау көзге көрінетін клиникалық сауығудан кейін гипогликемия көріністерінің қайталану мүмкіндігіне байланысты қажет болуы мүмкін. Гипокалиемия тиісті жолмен түзетілуі тиіс.

Шығарылу түрі мен қаптамасы

3 мл препараттан түссіз шыныдан жасалған картридждерге құяды. Картридждің бір жағын резеңке тығынмен тығындайды және алюминий қалпақшамен, екінші жағынан плунжермен қысады.

5 картриджден поливинилхлоридті үлбірден және оған жапсырылған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.

Әрбір картриджге өздігінен желімделетін заттаңба жапсырылады.

Пішінді ұяшықты қаптама медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон жиналмалы қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

2 0С-8 0С температурада сақтау керек. Тікелей түсетін күн сәулесінен және қыздырудан қорғау қажет. Мұздатып қатыруға болмайды! Қолданудағы препаратты 15ºС - 25º С бөлме температурасында 28 күннен асырмай сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Қолданудағы препаратты 15º С- 25º С бөлме температурасында сақтау керек.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші ұйымның атауы мен елі

Лилли Франс С.А.С, Франция

Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі

Элай Лилли Восток С.А., Швейцария

Қаптаушы/ұйымның атауы мен елі

Лилли Франс С.А.С, Франция

Орталық Азия және Моңғолия елдері аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Элай Лилли Восток С.А.» компаниясының өкілдігі

Қазақстан Республикасы, 050059, Алматы қ., Иванилов к-сі 21.

тел: 8 (727) 2 447 447

факс: 8 (727) 2 442 851

Lilly_Safety_CARAGA@Lilly.com

 

Прикрепленные файлы

415275651477976283_ru.doc 95.5 кб
618122411477977493_kz.doc 113.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники