Фурадонин (50 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Фурадонин
Халықаралық патенттелмеген атауы
Нитрофурантоин
Дәрілік түрі
50 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында:
белсенді зат – нитрофурантоин (фурадонин) – 50 мг;
қосымша заттар: коллоидты сусыз кремнийдің қостотығы, кальций стеараты, картоп крахмалы.
Сипаттамасы
Жалпақ цилиндр пішінді, ойығы бар, сары немесе жасыл-сары түсті таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі қолдануға арналған бактерияға қарсы препараттар. Басқа да бактерияға қарсы препараттар. Нитрофуран туындылары. Нитрофурантоин.
АТХ коды J01XE01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Фурадонин асқазан-ішек жолдарының жоғары бөлігінде жақсы сіңеді және несеппен тез шығарылады. Жартылай шығарылу кезеңі 30 минутқа жуық. Несеппен ең жоғары экскрециясы фурадонинді қабылдағаннан кейін 2 – 4 сағаттан соң жүреді, өзгермеген дәрінің үлесі 40 - 45 % жуықты құрайды. Гематоэнцефалдық бөгет, плацентарлық бөгет арқылы өтеді, емшек сүтімен бөлініп шығады.
Фармакодинамикасы
Кең ауқымды әсер ететін синтетикалық микробқа қарсы дәрі. Бактерицидті әсер етеді.
Әсер ету механизмі, рибосомальді протеиндерді зақымдайтын, ақуыз, ДНҚ, РНҚ синтезін бұзатын, фурадониннің белсенді интермедиантқа қалпына келуімен байланысты. Жоғары дозада бактериялардың жасушалық жарғақшасының өткізгіштігін бұзады.
Грамоң аэробты бактерияларға: Staphylococcus spp., Streptococcus spp.; грамтеріс аэробты бактерияларға: Escherichia coli, Enterobacter spp., Klebsiella spp., Shigella spp. қатысты белсенді. Enterococcus spp., Candida тектес зеңдерге қатысты әлсіз белсенді. Pseudomonas aeruginosa, Acinetobacter spp қатысты белсенді емес.
Proteus және Serratia көптеген штаммдары фурадонинге төзімді.
Қолданылуы
-
несеп шығару жолдарының асқынбаған инфекцияларында (жедел цистит, симптомсыз бактериурия, уретрит, пиелит, пиелонефрит);
-
урологиялық операциялар және тексерулер кезінде (цистоскопия, катетерлеу) инфекциялардың профилактикасында.
Қолдану тәсілі мен дозалары
Ішке, ас қабылдау кезінде, көп мөлшердегі сумен ішіп қабылдайды.
Ересек пациенттер
Несеп шығару жолдарының асқынбаған жедел инфекцияларында: жеті күн бойы 50 мг күніне төрт рет. Ауыр қайталанған инфекцияда: жеті күн бойы 100 мг күніне төрт рет.
Ұзақ демеуші ем: күніне бір рет 50 мг – 100 мг.
Профилактикасында: урологиялық операциялар мен тексерулерде және одан кейін 3 күн бойы 50 мг күніне төрт рет.
6 жастан асқан балалар
Несеп шығару жолдарының жедел асқынбаған инфекцияларында: жеті күн бойы төрт рет қабылдаумен тәулігіне 3 мг/кг/. Демеуші ем: күніне бір рет 1 мг/кг.
Дене салмағы 25 кг төмен балалар үшін дәрілік затты суспензия түрінде қабылдау ұсынылады.
Жағымсыз әсерлер
Асқазан-ішек жолы тарапынан: жүрек айнуы, құсу, тәбеттің болмауы, іштің ауыруы, диарея, панкреатит, жалғанжарғақшалы колит.
Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан: холестаздық сарғаю, холестаздық синдром, созылмалы белсенді гепатит (кейде өліммен аяқталатын, әдетте ұзақ емделген жағдайда). Гепатоуыттылық симптомдары пайда болғанда препаратты қабылдауды дереу тоқтату керек.
Жүйке жүйесі тарапынан: бас ауыруы, ұйқышылдық, бас айналуы, депрессия, эйфория, нистагм, сананың шатасуы, психоздық реакциялар, бас сүйекішілік гипертензия. Сирек жағдайларда елеулі және тіпті қайтымсыз шеткері нейропатия (көз жүйкесінің зақымдануын қоса) сенсорлық және моторлық бұзылыстар симптомдарымен. Аталған симптомдарда препаратты қабылдауды тоқтату керек.
Тыныс алу жүйесі тарапынан: қызба, эозинофилия, жөтел, кеуденің ауыруы, ентігу, өкпе инфильтратының түзілуі, плевралық жалқықтың кенеттен пайда болуымен сипатталатын жедел өкпе реакциялары (әдетте емнің бірінші аптасы ішінде дамиды және препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін қайтымды).
Созылмалы өкпе реакциялары 6 ай және одан ұзақ уақыт ем қабылдаған пациенттерде сирек, егде жастағы пациенттерде жиі кездеседі. Айқындық дәрежесі алғашқы клиникалық симптомдардан кейін емнің ұзақтығына тәуелді. Өкпе реакцияларымен байланысты ЭКГ-да өзгерістер пайда болуы мүмкін, сирек – цианоз, коллапс. Өкпе функциясының бұзылуы қайтымсыз болуы мүмкін.
Тыныс алу жүйесі тарапынан алғашқы белгілері пайда болғанда препаратты қабылдауды тоқтату керек.
Тері және тері асты шелмайы тарапынан: жоғары сезімталдық реакциялары – тері бөртпелері, макулопапулезді бөртпе, есекжем, сирек жағдайларда қышыну: ангионевроздық ісіну, анафилаксия, сілекей бездерінің қабынуы, экзема, эксфолиативті дерматит, мультиформалы эритема (Стивенс-Джонсон синдромын қоса), қызылжегі тәріздес синдром.
Қан түзу және лимфа жүйесі тарапынан: глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығымен пациенттерде лейкопения, гранулоцитопения немесе агранулоцитоз, тромбоцитопения, мегалобластты анемия, апластикалық анемия, гемолитикалық анемия.
Сүйек-бұлшықет жүйесі тарапынан: артралгия.
Басқалары: қайтымды алопеция, суперинфекция (жиі көкірің таяқшаларымен немесе зеңдермен туындаған), несептің күңгірт-сары немесе қоңыр түске боялуымен.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- нитрофурантоинға немесе нитрофурандарға жоғары сезімталдық;
-
бүйрек функциясының айқын бұзылуы, бүйрек жеткіліксіздігі, олигурия (креатин клиренсі 60 мл/мин төмен);
-
6 жасқа дейінгі балаларға;
-
бауыр циррозы, созылмалы гепатит;
-
созылмалы жүрек жеткіліксізідігі (NYHA бойынша III-IV класс);
-
глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа жеткіліксіздігі;
-
жедел порфирия.
-
эритроциттердің ферменттік жүйесінің жетілмеуіне байланысты ұрықта немесе жаңа туғандарда гемолитикалық анемия мүмкіндігіне байланысты жүктілік, және лактация кезеңі;
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Тағаммен немесе асқазанның босауының іркілуін туындататын дәрілік заттармен бірге қабылдағанда фурадониннің сіңуі жоғарылайды.
Трисиликат магний фурадониннің сіңуін азайтады.
Пробенецид және сульфинпиразон фурадониннің бүйректік экскрециясын азайтады.
Корбоангидраза тежегіштері және несептің сілтілік реакциясын туындататын дәрілер фурадониннің бактерияға қарсы белсенділігін азайтады.
Фурадонин және фторхинолондар тобынан микробқа қарсы дәрілер бактерияға қарсы антагонистер болып табылады.
Фурадонин ішек флорасын басуы мүмкін, ол эстрогендердің сіңуінің төмендеуіне әкеледі және құрамында эстрогендер бар контрацептивтердің тиімділігінің төмендеуіне әкеледі. Пациенттерге контрацепцияның гормональді емес әдісін қолдану ұсынылады.
Фурадонин сүзекке қарсы пероральді вакцинаны белсенсіздендіруі мүмкін.
Нитрофурантоин несеп жолында норфлоксациннің бактерияға қарсы тиімділігін әлсіретеді; бір уақытта қолдану ұсынылмайды.
Айрықша нұсқаулар
Препаратты қабылдау шеткері нейропатияның алғашқы белгілері пайда болған кезде (парестезиялардың пайда болуы) тоқтатылуы керек, өйткені аталған асқынудың дамуы өмірге қауіп төндіруі мүмкін.
Өкпе, бауыр қызметі бұзылуының түсініксіз симптомдары, гематологиялық және неврологиялық бұзылыстар пайда болған жағдайда фурадонинмен емдеуді тоқтату керек.
Өкпенің зақымдану белгілері пайда болған жағдайда фурадонинді қабылдауды дереу тоқтату керек. Фурадонинмен ұзақ уақыт ем алатын, әсіресе егде жастағы пациенттерде өкпе функциясын мұқият мониторингілеу керек.
Гепатиттің белгілерінің дамуын анықтау мақсатында, фурадонинмен ұзақ уақыт ем алатын пациенттерді мұқият мониторингілеу керек. Фурадонинді қабылдағаннан кейін несеп сары немесе қоңыр түске боялуы мүмкін. Фурадонинді қабылдайтын пациенттерде несепте глюкозаны анықтағанда жалған оң реакция байқалуы мүмкін.
Глюкозо-6-фосфат дегидрогеназа тапшылығына күдік тудыратын пациенттерде гемолиз белгілері пайда болғанда фурадонинді қабылдауды тоқтату керек.
Асқазан- ішек жолдары тарапынан реакциялар препаратты тағаммен, сүтпен қабылдағанда немесе дозасын төмендеткенде азаюы мүмкін.
Жүктілік және лактация кезеңі. Фурадонинді жүктілік кезінде қолдануға болмайды. Оны лактация кезеңінде қолдану қажеттігінде нәрестені бүкіл емдеу кезеңі бойы емшекпен қоректендіруге болмайды.
Педиатрияда қолданылуы. 6 жасқа дейінгі балаларда қолдануға болмайды.
Қант диабетімен, анемиямен, электролиттік бұзылыстармен, В тобындағы витаминдер тапшылығымен адамдарға тағайындағанда сақ болу керек, өйткені препараттың нейроуытты әсері күшеюі мүмкін.
Бүйрек қабығы заты ауруларын (гломерулонефриттер) іріңді паранефрит, простатитті емдеу үшін фурадонинді қолдануға болмайды. Әсіресе жалғыз, қызмет жасамайтын бүйректің паренхиматозды инфекциясын емдеу үшін. Қайталанатын немесе ауыр инфекция жағдайында хирургиялық араласымға байланысты себептер жоққа шығарылуы керек.
Көлік және қозғалыстағы механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне әсер етуі. Фурадонин бас айналуы мен ұйқышылдықты туындатуы мүмкін. Пациентке дәрілік затты қабылдау кезінде көлік немесе қозғалыстағы механизмдерді басқаруға болмайды.
Артық дозалануы
Симптомдары: жоғары дозаны қабылдағанда бас айналуы, жүрек айнуы, құсу, асқазанның тітіркенуідың пайда болуы мүмкін.
Емі: препаратты қабылдауды тоқтату, асқазанды шаю, препараттың несеппен экскрециясын жоғарылату үшін сұйықтың мол мөлшерін қабылдау, гемодиализ, симптоматикалық ем. Арнайы антидоты жоқ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 таблеткадан қағаз және картон негізіндегі біріктірілген материалдан жасалған пішінді ұяшықсыз қаптамаға салынған.
Пішінді ұяшықсыз қаптамалар (қорапшаға салынбай) медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықтардың сәйкес санымен бірге картоннан жасалған қорапқа салынады.
10 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және дәрілік заттарға арналған алюминий фольга негізіндегі иілгіш қаптамадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
2 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25 ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтау керек!
Жарамдылық мерзімі
4 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Борисов медициналық препараттар зауыты» ашық акционерлік қоғамы, Беларусь Республикасы, Минск обл., Борисов қ-сы, Чапаев к-сі, 64,
тел/факс +375 (177) 734043.
Тіркеу куәлігінің иесі
«Борисов медициналық препараттар зауыты» ашық акционерлік қоғамы, Беларусь Республикасы
Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электрондық поштасы)
Қазақстан Республикасы, 050004, Алматы қ-сы, Абылай хан даңғылы, 30, «МедФармИнтерСервис» ЖШС, тел. 87013066011, 87714140258.