Фозиноприл Вива Фарм (10 мг)

МНН: Фозиноприл
Производитель: ВИВА ФАРМ ТОО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Fosinopril
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№018185
Период регистрации в РК: 09.08.2019 - 09.08.2029
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 34.18 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Фозиноприл ВИВА ФАРМ

Халықаралық патенттелмеген атауы

Фозиноприл

Дәрілік түрі

10 мг, 20 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 10 мг немесе 20 мг натрий фозиноприлі,

қосымша заттар: сусыз лактоза, микрокристалды целлюлоза, кросповидон, поливинилпирролидон (повидон К30) және натрий стеарилфумараты.

Сипаттамасы

Дөңгелек, екі беті дөңес, шеттері қиғашталған, бір жағында сызығы бар ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Ренин-ангиотензин жүйесіне әсер ететін дәрілер. Ангиотензин-конвертациялаушы фермент (АКФ) тежегіштері. Фозиноприл.

АТХ коды C09AA09

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қабылдағаннан кейін асқазан-ішек жолынан сіңірілуі 30-40% жуық құрайды. Сіңірілу дәрежесі ас ішуге байланысты емес, бірақ оның жылдамдығы баяулауы мүмкін.

Эстеразалардың әсер етуімен фозиноприлдің фозиноприлатқа гидролитикалық айналуы көбіне бауырда жүреді. Бауыр функциясының бұзылуында гидролиз жылдамдығы баяулауы мүмкін, ал айналу дәрежесі айтарлықтай өзгермейді. Қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына шамамен 3 сағаттан соң жетеді және қабылданған дозаға байланысты емес. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысы  95%. Фозиноприлат салыстырмалы түрде аз таралу көлеміне ие, әрі болымсыз дәрежеде қанның жасушалық компоненттерімен байланысқан. Гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтпейді.

Фозиноприл организмнен бауыр мен бүйрек арқылы тең дәрежеде шығарылады. Артериялық гипертензияда бүйрек және бауыр функциясы қалыпты емделушілерде фозиноприлаттың жартылай шығарылу кезеңі 11,5 сағатқа жуық құрайды. Жүрек жеткіліксіздігінде жартылай шығарылу кезеңі 14 сағат құрайды. Гемодиализ және перитонеальді диализде фозиноприлат клиренсі мочевина клиренсінің мәндеріне қатысты орта есеппен, тиісінше, 2% және 7% құрайды.

Бүйрек функциясы бұзылған науқастарда (креатинин клиренсі < 80 мл/мин/1,73 м2) организмнен фозиноприлаттың жалпы клиренсі бүйрек функциясы қалыпты науқастардағыдан шамамен екі есе төмен. Осы тұста сіңірілуі де, биожетімділігі мен ақуыздармен байланысуы айтарлықтай өзгермеген. Бүйрек арқылы шығарылу төмендігі бауыр арқылы жоғары шығарылуымен орнына келеді. Қан плазмасындағы (қалып шегімен салыстырғанда екі есеге аз) AUC мәндерінің (1 мг доза енгізілгеннен кейінгі уақытқа қан плазмасындағы концентрация тәуелділігінің қисық астындағы ауданы) орташа ұлғаюы терминалдық сатыдағы бүйрек жеткіліксіздігін (креатинин клиренсі < 10 мл/мин/1,73 м2) қоса, әртүрлі дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда байқалды. Бауыр функциясы бұзылған науқастарда (алкогольді немесе билиарлы циррозда) фозиноприл гидролизінің жылдамдығы азаюы мүмкін, бірақ гидролиз дәрежесі байқалатындай өзгермейді. Мұндай науқастар организмінен фозиноприлаттың жалпы клиренсі, бауыр функциясы қалыпты науқастармен салыстырғанда, шамамен жартысын құрайды.

Клиникалық тұрғыда бүйрек және бауыр функциясы қалыпты 65-тен 74 жасқа дейінгі ерлерде фозиноприлаттың фармакокинетикалық параметрлерінде, жас науқастармен (20-35 жас) салыстырғанда, айтарлықтай айырмашылықтар байқалмайды. Фозиноприл емшек сүтінен табылады.

Фармакодинамикасы

Фозиноприл ВИВА ФАРМ препаратының белсенді заты  фозиноприл  организмде эстеразалардың әсерімен фозиноприлат белсенді қосылысына гидролизденетін күрделі эфир. Фозиноприл, фосфинат тобының АКФ-мен спецификалық байланысының арқасында, І ангиотензиннің тамыр тарылтқыш зат – ІІ ангиотензинге өзгеруін кедергілейді, соның нәтижесінде альдостеронның вазопрессорлық белсенділігі мен секрециясы төмендейді. Соңғы әсері, организмнен натрий иондары мен сұйықтықты бір мезгілде жоғалтумен, сарысудағы калий иондары мөлшерінің болымсыз артуына (орташа 0,1 мэкв/л) әкелуі мүмкін. Препарат альдостерон синтезін бәсеңдетеді, тіндік АКФ тежейді. Жалпы шеткергі кедергіні және жүйелі артериялық қысымды төмендетеді. Артериялық қысымның (АҚ) төмендеуі айналымдағы қан көлемінің, ми және бүйрек қан ағымының, ішкі ағзалар, қаңқа бұлшықеттері, терінің қанмен қамтылуының, миокардтың рефлекторлы белсенділігінің өзгеруімен қатар жүреді. Фозиноприл қуатты вазодепрессорлық әсері бар брадикинин пептидінің метаболикалық деградациясын бәсеңдетеді; соның есебінен препараттың гипертензияға қарсы әсері күшеюі мүмкін. Артериялық гипертензияда және сол жақ қарынша гипертрофиясында емдеу сол жақ қарынша салмағының кемуіне және қарыншааралық қалқалар қалыңдығының азаюына әкеледі. Ұзақ уақыт емдеу метаболикалық бұзылуларға әкелмейді. Жүрек жеткіліксіздігінде фозиноприл оң әсерлеріне, ең алдымен, ренин-альдостерон жүйесін бәсеңдету есебінен жетеді. Ангиотензин конвертациялаушы ферменттің бәсеңдеуі миокардқа түсетін алдыңғы жүктеменің де, кейінгі жүктеменің де төмендеуіне әкеледі. Препарат симптоматиканы жақсартады және дене жүктемесіне төзімділікті арттырады, жүрек жеткіліксіздігінің ауырлығын кемітеді әрі жүрек жеткіліксіздігі себебімен ауруханаға жату жиілігін азайтады.

Қолданылуы

– артериялық гипертензияда (монотерапия үшін де, гипертензияға қарсы басқа препараттармен, атап айтқанда, тиазидті диуретиктермен біріктіріп те қолдануға болады)

– жүрек жеткіліксіздігінде (біріктірілген ем құрамында)

Қолдану тәсілі және дозалары

Препаратты дозалау әркімге жеке таңдалуы тиіс.

Артериялық гипертензия:

Артериялық гипертензияны емдегенде, мүмкіндігінше, Фозиноприл ВИВА ФАРМ қабылдау басталғанша бірнеше күн бұрын басқа гипертензиялық дәрілер қабылдауды тоқтату қажет. Препараттың ұсынылатын бастапқы дозасы күніне бір рет 10 мг құрайды. Дозаны артериялық қысымның төмендеу динамикасына қарай таңдау қажет. Әдеттегі дозасы күніне бір рет 10-нан 40 мг дейін құрайды. Гипотензиялық әсері жеткілікті болмаса, қосымша диуретиктер тағайындауға болады.

Егер Фозиноприл ВИВА ФАРМ препаратымен емдеу диуретикпен жүргізілетін ем аясында басталса, мұқият дәрігерлік бақылаумен оның бастапқы дозасы 10 мг-ден көп болмауы тиіс. Гипотензияның пайда болу ықтималдығын азайту үшін диуретиктерді Фозиноприл ВИВА ФАРМ препаратымен емдеу басталғанша 2-3 күн бұрын тоқтату керек.

Жүрек жеткіліксіздігі:

Ұсынылатын бастапқы дозасы күніне бір рет 10 мг құрайды. Емдік тиімділігіне қарай дозаны бір апталық аралықпен ең жоғары күніне бір рет 40 мг дозаға дейін арттыруға болады. Қосымша диуретик тағайындауға болады.

Бүйрек немесе бауыр функциясының бұзылуы кезіндегі артериялық гипертензия және жүрек жеткіліксіздігі

Ұсынылатын бастапқы дозасы тәулігіне 10 мг құрайды, дегенмен сақ болу керек. Препараттың организмнен шығарылуы екі жолмен жүретіндіктен, әдетте, бүйрек немесе бауыр функциясы бұзылған науқастарға дозаны азайту қажет емес.

Гериатриялық науқастар

Препаратпен 65 жастағы және одан асқан әрі жас науқастарды емдеудің тиімділігі мен қауіпсіздігінде айырмашылықтар байқалмайды. Алайда, жасы үлкен науқастардың препаратқа көбірек сезімтал екенін жоққа щығаруға болмайды.

Жағымсыз әсерлері

Жиі

  • бас айналу, бас ауыру

  • тахикардия, жүрек қағу, артериялық қысымның төмендеуі, аритмиялар

  • гипотензия, ортостатикалық гипотензия

  • құрғақ жөтел, ентігу

  • жүрек айну, құсу, диарея, диспепсия,

  • стоматит, глоссит

  • қышыну, ангионевротикалық ісіну, дерматит

  • кеуденің ауыруы (кардиологиялық сипаттағы емес), әлсіздік

  • сілтілік фосфатаза, билирубин, лактатдегидрогеназа деңгейінің артуы

Кейде

  • гемоглобиннің уақытша төмендеуі, гематокрит төмендеуі

  • тәбеттің төмендеуі, подагра, гиперкалиемия, гиперкреатининемия, мочевина концентрациясының ұлғаюы, «бауыр» трансаминазалары белсенділігінің жоғарылауы, гипербилирубинемия, эритроциттердің шөгу жылдамдығының (ЭШЖ) артуы

  • жоғары дозаларды пайдалану кезіндегі ұйқысыздық, үрейлену, депрессия, сананың шатасуы, парестезиялар

  • ми инфарктісі, парестезия, ұйқышылдық, инсульт, естен тану, дәм сезудің өзгеруі, тремор, ұйқы бұзылыстары

  • көру бұзылысы

  • есту мен көрудің нашарлауы, құлақтың шуылдауы, құлақтың ауыруы, құлақтың шыңылдауы, вестибулярлы аппарат тарапынан бұзылулар

  • стенокардия, миокард инфарктісі, инсульт, пальпитация, жүрек қызметінің тоқтауы, жүрек ырғағының бұзылуы, өткізгіштік бұзылыстары

  • гипертензия, шок, транзиторлы ишемия

  • диспноэ, ентігу, ринит, синусит, трахеобронхит

  • іш қату, іштің ауыруы, ауыздың кеберсуі, іш кебу, ішек бітелісі

  • гипергидроз, бөртпе

  • миалгия

  • анорексия

  • бүйрек функциясының бұзылуы, протеинурия, олигурия, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі симптомдарының дамуы немесе өршуі

  • сексуалдық бұзылыстар

  • денеге салмақ қосу

  • қан мочевинасының көбеюі, сарысулық креатининнің көтерілуі

Сирек

  • уақытша анемия, эозинофилия, лейкопения, лимфаденопатия,

нейтропения, тромбоцитопения

  • дисфазия, есте сақтау бұзылысы, бағдардан жаңылу

  • қан кернеу, қан кету, шеткергі тамырлар ауруы

  • бронх түйілу, мұрыннан қан кету, ларингит, фарингит, өкпе

инфильтраттары, дисфония, пневмония, өкпе іркілісі

  • панкреатит, тілдің ісінуі, дисфагия

  • гепатит, холестаздық сарғаю

  • экхимоз

  • артрит

  • простата функциясының бұзылуы

  • гемоглобин деңгейінің мардымсыз артуы, гипонатриемия

Өте жиі

  • агранулоцитоз

  • ішектік (суб) илеус

  • бауыр жеткіліксіздігі

  • жедел бүйрек жеткіліксіздігі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- фозиноприлге немесе препарат құрамына кіретін кез келген басқа затқа жоғары сезімталдық

- тұқым қуалайтын немесе идиопатиялық ангионевротикалық ісіну, соның ішінде сыртартқыдағы, басқа АКФ тежегіштерін қабылдаудан кейін

- жүктілік (жүктіліктің екінші және үшінші триместрлері бойына АКФ тежегіштерін қолдану даму үстіндегі ұрықтың зақымдануын немесе тіпті өлуін туындатады)

- лактация

- лактозаны көтере алмаушылық, лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы

- 18 жасқа дейінгі балаларға

 

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Гипотензиялық дәрілер, диуретиктер, есірткілік анальгетиктер, жалпы жансыздандыруға арналған заттар фозиноприлдің гипотензиялық әсерін күшейтеді. Эстрогендер өзінің сұйықтықты кідірту қабілетіне орай фозиноприлдің гипотензиялық әсерін әлсіретеді.

Препарат сульфонилмочевина туындыларының, инсулиннің гипогликемиялық әсерін күшейтеді. Аллопуринолмен, цитостатикалық дәрілермен, иммунодепрессанттармен, прокаинамидпен бір мезгілде қолданғанда лейкопенияның даму қаупін арттырады.

Антацидтер. Антацидтерді (соның ішінде, алюминий немесе магний гидроксиді, семитекон) бір мезгілде қолдану фозиноприлдің сіңуін азайтуы мүмкін. Сондықтан аталған препараттарды антацидтермен бір мезгілде қолданғанда 2 сағаттан кем емес аралықпен қабылдау керек.

Литий. АКФ тежегіштерін литий тұздарымен бір мезгілде қолданғанда, қан сарысуындағы литий концентрациясы және литиймен уыттанудың даму қаупі жоғарылауы мүмкін, сондықтан фозиноприл мен литийді бір мезгілде сақтықпен қолданған дұрыс.

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер. Фозиноприл тағайындалғанда индометацин мен басқа да қабынуға қарсы стероидты емес препараттардың (соның ішінде, 3 г-ден аспайтын дозадағы ацетилсалицил қышқылы және циклооксигеназа-2 тежегіштері), әсіресе, ренині төмен артериялық гипертензиямен науқастарда, басқа АКФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін азайтуы мүмкін екенін ескеру керек. Басқа да қабынуға қарсы стероидты емес препараттардың (мысалы, аспирин) ұқсас әсері болуы мүмкін. Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар мен эстрогендер гипотензиялық әсер айқындылығын төмендетеді. Фозиноприл көмірлік сіңірілу әдісін пайдаланумен мөлшерін анықтағанда дигоксиннің сарысулық деңгейлерінің жалған төмен мәндерін туындата алады. Оның орнына, антиденелермен жабындалған сынауық әдісі пайдаланылатын басқа жинақтарды пайдалануға болады. Фозиноприл көмегімен емдеу қалқанша маңындағы бездер функциясын айқындайтын тест өткізуден бірнеше күн бұрын тоқтатылуы тиіс. Фозиноприлді ацетилсалицил қышқылымен (ұсынылатын дозаларында), тромболитиктермен, бета-блокаторлармен және/немесе нитраттармен бір мезгілде қолдануға болады.

Диуретиктер. Фозиноприл диуретиктермен бір мезгілде немесе тұз тұтынуды шектейтін қатаң емдәммен үйлестіріп немесе диализбен қолданылғанда, әсіресе, фозиноприлдің бастапқы дозасын қабылдағаннан кейін алғашқы сағатта айқын гипотензиялық реакция дамуы мүмкін.

Калий жинақтаушы диуретиктер және құрамында калий бар қоспалар. Калий препараттары, калий жинақтаушы диуретиктер гиперкалиемияның даму қаупін арттырады. Гиперкалиемияның даму қаупінен сақтану үшін, фозиноприлді спиронолактон, амилорид, триамтерен және т.б. сияқты препараттармен бір мезгілде қолдану қажет. Препаратты калий қоспаларымен абайлап қолдану керек. Науқаста сарысудағы калий концентрациясын қысқа уақыт аралықтары арқылы анықтап отыру қажет. Калий жинақтаушы диуретиктер, калийлік, құрамында калий бар тұз алмастырғыштар немесе гиперкалиемия туғызатын өзге дәрілерді (мысалы, гепарин) бір мезгілде қабылдайтын созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, қант диабеті бар емделушілерде АКФ тежегіштері гиперкалиемияның даму қаупін арттырады.

Басқа препараттармен өзара әрекеттесуі. Препарат биожетімділігі хлорталидонмен, нифедипинмен, пропранололмен, гидрохлоротиазидпен, циметидинмен, метоклопрамидпен, пропантелин бромидімен, дигоксинмен, аспиринмен және варфаринмен бір мезгілде қолданғанда өзгермейді.

Айрықша нұсқаулар

Ауыр ағымды артериялық гипертензиясы немесе қатарлас декомпенсацияланған созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілер фозиноприлмен емделуді стационар жағдайларында бастауы тиіс. Митральді клапан стенозы және сол жақ қарыншадан ағып шығу өзегінің обструкциясы бар емделушілерге абайлап қолданылады.

Препаратпен емделуге дейін және ем кезінде АҚ, бүйрек функциясын, калий концентрациясын, қандағы гемоглобин, креатинин, мочевина мөлшерлерін, электролиттер концентрациясын және қандағы «бауыр» ферменттері белсенділігін бақылау қажет, трансаминазалар жоғарылағанда препарат қолдануды тоқтату керек.

Фозиноприл қабылдау аясында, әсіресе, нейтропения қатері жоғарылаған науқастарда: бүйрек функциясының бұзылуында және дәнекер тіннің жүйелі ауруларында шеткергі қандағы лейкоциттер санын ұдайы бақылап отыру керек.

Артериялық гипотензияның жоғары даму қаупіне орай, препаратты тұзы аз немесе тұзсыз емдәмде жүрген емделушілерге тағайындағанда сақтық шарасын қадағалау қажет.

Ангионевротикалық ісіну. Фозиноприлді қоса, АКФ тежегіштерін қолдану нәтижесінде науқастарда ангионевротикалық ісінудің дамуы хабарланды. Тілдің, жұтқыншақтың немесе көмейдің ісінуінде өліммен аяқталуы болжанатын тыныс жолдарының обструкциясы дамуы мүмкін. Мұндай жағдайларда эпинефрин (адреналин) ерітіндісін (1:1000) тері астына тез енгізіп, басқа да шұғыл емдеу шараларын қабылдау қажет. Науқастар бетте, көзде, ерінде және тілде ісінулердің пайда болуы жөнінде, көмей бұлшықеттерінің түйілуі немесе тыныстың тарылуы туралы емдеуші дәрігерге дереу хабарлап, препарат қабылдауды тоқтату жайында ақпараттанған болуы тиіс. АКФ тежегіштерін қабылдау кезінде сирек жағдайларда ішектің шырышты қабығының ісінуі болды. АКФ тежегіштерімен емделу аясында абдоминальді ауыруларға шағымданатын емделушілердегі дифференциялық диагностика кезінде ішектің шырышты қабығының ісінуін ескеру керек. Симптомдар АКФ тежегіштерін қолдануды тоқтатқаннан кейін басылды.

Десенсибилизация кезіндегі анафилактикалық реакциялар. Десенсибилизация шараларын жүргізу барысында науқастар АКФ тежегіштерімен емделгенде сақ болу қажет.

Өткізгіштігі жоғары жарғақшалар арқылы диализ кезіндегі анафилактикалық реакциялар. АКФ тежегіштерімен емдеу аясында өткізгіштігі жоғары жарғақшалар арқылы гемодиализ жасалғанда, сондай-ақ декстран сульфатында сіңірілетін тығыздығы төмен липопротеиндер плазмаферезі кезінде анафилактикалық реакциялар дамуы мүмкін. Мұндай жағдайларда басқа типті диализдік жарғақшаларды немесе басқа дәрі-дәрмектік емді пайдалану мүмкіндігін қарастыру керек.

Нейтропения/агранулоцитоз. Сирек жағдайларда АКФ тежегіштерімен емдеу кезінде агранулоцитоз дамыған және сүйек кемігі функциясы бәсеңдеген жағдайлар хабарланды. Бұл жағдайлар бүйрек функциясы бұзылған науқастарда, әсіресе, дәнекер тіннің жүйелі аурулары (соның ішінде жүйелі қызыл жегі немесе склеродермия) болғанда жиірек білінді. Нейтропения қаупі жоғары науқастарда АКФ тежегіштерімен емдеуді бастар алдында және ем үдерісінде лейкоциттердің жалпы санына және лейкоцитарлық формулаға бақылау (препарат пайдаланылған алғашқы жылы және емдеудің алғашқы 3-6 айында айына 1 рет) жүргізіледі.

Артериялық гипотензия. Артериялық гипертензияның пайда болу ықтималдығын азайту үшін диуретиктерді фозиноприлмен емдеу басталғанша 2-3 күн бұрын тоқтату керек. Фозиноприлмен емдеуге дейін және ем кезінде АҚ, бүйрек функциясын, калий иондарының, креатинин, мочевина мөлшерлерін, электролиттер концентрациясын және қандағы «бауыр» ферменттері белсенділігін бақылау қажет. Диуретиктермен қарқынды емдеуден және/немесе тұздың түсімін шектейтін емдәмнен кейін немесе бүйрекке диализ жасалғанда науқастарда АКФ тежегіштерін қолдану кезіндегі симптоматикалық гипотензия ықтималдығы зор. Уақытша гипотензиялық реакция организмді гидратациялау бойынша шаралар жүргізілгеннен кейін препаратты қолдануға қарсы көрсетілім болып табылмайды. Артериялық гипертензияның асқынбаған түрімен науқастарда сирек жағдайларда артериялық гипотензияның дамуы фозиноприл қолданумен байланыстырылды.

Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарда бүйрек жеткіліксіздігі болғанда немесе болмағанда АКФ тежегіштерімен емделу олигурияға немесе азотемияға, ал сирек жағдайларда жедел бүйрек жеткіліксіздігіне және өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін гипертензияға қарсы шамадан тыс әсер туғызуы мүмкін. Сондықтан созылмалы жүрек жеткіліксіздігін фозиноприлмен емдегенде, әсіресе, емдеудің алғашқы екі аптасы бойына, сондай-ақ фозиноприл немесе диуретик дозасының кез келген арттырылуында науқастарды ұқыпты қадағалау қажет.

Бұрын диуретиктермен қарқынды емделген артериялық қысымы қалыпты немесе төмен және қандағы натрий мөлшері төмендеген науқастарға диуретик дозасын азайту қажет болуы мүмкін. Артериялық гипотензия фозиноприлді әріқарай қолдануға қарсы көрсетілім емес. Жүйелі артериялық қысымның сәл төмендеуі препаратты жүрек жеткіліксіздігінде қолданудың басында болатын әдеттегі және қалаулы әсер болып табылады. Бұл төмендеу дәрежесі емдеудің бастапқы сатыларында барынша жоғары және емдеудің бір немесе екі аптасының шегінде тұрақтанады. Артериялық қысым, әдетте, емдік тиімділіктің төмендеуінсіз, емдеудің басталуына дейінгі кезеңіне тән мәндеріне оралады.

Бауыр функциясының бұзылуы. Айтарлықтай сарғаю білінгенде және «бауыр» трансаминазаларының белсенділігі айқын жоғарылағанда фозиноприлмен емдеуді тоқтатып, тиісінше ем тағайындау керек.

Бүйрек функциясының бұзылуы. Бір немесе екі бүйрегінің де бүйректік артерия стенозы бар артериялық гипертензиямен науқастарда, сондай-ақ бүйрек тамырлары ауруларының белгілерінсіз диуретиктерді бір мезгілде қолданғанда АКФ тежегіштерімен емделу кезінде қан мочевинасы азотының және сарысу креатининінің деңгейі жоғарылауы мүмкін. Бұл әсерлер әдетте қайтымды және емдеуді тоқтатқаннан кейін басылады. Диуретиктің және/немесе фозиноприлдің дозасын азайту қажет болуы мүмкін. Бүйрек жеткіліксіздігінде: гипонатриемияда (дегидратация, артериялық гипотензия, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі қатері); қолқа стенозында; бүйрек трансплантациясынан кейінгі жағдайда; десенсибилизацияда; нейтропенияның немесе агранулоцитоздың жоғары даму қатерінен болатын дәнекер тіннің жүйелі ауруларында (соның ішінде жүйелі қызыл жегі, склеродермия); гемодиализде; цереброваскулярлы ауруларда (соның ішінде ми қан айналымының жеткіліксіздігінде); жүректің ишемиялық ауруында; NYHA жіктемесі бойынша III-IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігінде; қант диабетінде; сүйек кеміктік қан түзілуінің бәсеңдеуінде; гиперкалиемияда; егде жастағы емделушілерде; подаграда; тұзды шектейтін емдәм аясында; айналымдағы қан көлемінің азаюымен қатар жүретін жай-күйлерде (соның ішінде диарея, құсу, диуретиктермен алдыңғы ем) сақтықпен қолданылады.

Емдеуді бастар алдында бұрын жүргізілген гипертензияға қарсы емге, АҚ көтерілу дәрежесіне, рационды тұз және/немесе сұйықтыққа қатысты шектеуге және басқа да клиникалық жағдайларға талдау жасау талап етіледі.

Мүмкіндігінше, фозиноприлмен емдеу басталғанша бірнеше күн бұрын бұрын жүргізілген гипертензияға қарсы емді тоқтату керек.

Бүйрек функциясы ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің белсенділігіне байланысты болуы мүмкін ауыр созылмалы жүрек жеткіліксіздігімен науқастарда АКФ тежегіштерімен емдеу олигурияға немесе үдемелі азотемияға және сирек жағдайларда жедел бүйрек жеткіліксіздігіне және/немесе өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін.

Гиперкалиемия. Калий жинақтаушы диуретиктерді, емдәмге калий қоспаларын, құрамында калий бар тұз алмастырғыштарды немесе сарысудағы калий иондарының концентрациясын арттыратын басқа препараттарды (мысалы, гепарин) бір мезгілде қабылдайтын жүрек жеткіліксіздігімен, қант диабетімен науқастарда АКФ тежегіштері сарысудағы калий иондары концентрациясының ұлғаю қаупін жоғарылатады.

Хирургиялық операциялар/анестезия. АКФ тежегіштері жалпы жансыздандыру үшін қолданылатын препараттардың гипертензияға қарсы әсерін күшейтуі мүмкін. Хирургиялық араласу алдында (стоматологияны қоса) анестезиолог-дәрігерді АКФ тежегіштерін қолдану туралы ескерту қажет.

Айналымдағы қан көлемінің азаюы салдарынан болатын дегидратация мен артериялық гипотензия қатеріне орай, дене жаттығуларын орындағанда немесе ыстық ауа райында сақтық шарасын қадағалау керек.

Көлікті және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Әсіресе, диуретиктік дәрілік заттар қабылдайтын науқастарда препараттың бастапқы дозасынан кейін бас айналу болуы мүмкін екендіктен, көлік құралдарын басқарғанда және жоғары зейін қоюды талап ететін кез келген жұмысты орындағанда сақтық шарасын қадағалау қажет.

Артық дозалануы

Симптомдары: АҚ айқын төмендеуі, брадикардия, шок, су-электролиттік жай-күйдің бұзылуы, жедел бүйрек жеткіліксіздігі, мелшию.

Емі: препарат қабылдауды тоқтату керек, асқазанды шаю, сорбенттер (мысалы, белсендірілген көмір), вазодепрессорлық дәрілер қабылдау, 0,9% натрий хлориді ерітіндісінің инфузиясы және әріқарай симптоматикалық және демеуші ем көрсетілген. АҚ төмендегенде – көктамыр ішіне катехоламиндер, ангиотензин II енгізу; брадикардияда – пейсмекер қолдану. Гемодиализ қолдану тиімсіз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

14 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салады.

2 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынады.

Сақтау шарттары

25 С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Препаратты қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«ВИВА ФАРМ» ЖШС, Қазақстан Республикасы

2-ші Остроумов к-сі, 33, Алматы қ., 050030

тел.: +7 (727) 383 74 63, факс: +7 (727) 383 74 56

Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі

«ВИВА ФАРМ» ЖШС, Қазақстан Республикасы

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«ВИВА ФАРМ» ЖШС, 2-ші Остроумов к-сі, 33, Алматы қ., 050030, Қазақстан Республикасы, тел.: +7 (727) 383 74 63, факс: +7 (727) 383 74 56;

e-mail: рv@vivapharm.kz

 

 

Прикрепленные файлы

839633601477976692_ru.doc 114.5 кб
138671501477977837_kz.doc 133.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники