Флюкорик
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Флюкорик
Халықаралық патенттелмеген атауы
Флуконазол
Дәрілік түрі
Капсулалар, 150 мг
Құрамы
Бір капсуланың құрамында
белсенді зат - 150 мг флуконазол,
қосымша заттар: лактоза моногидраты, жүгері крахмалы, сусыз коллоидты кремний, магний стеараты, натрий лаурилсульфаты;
желатин капсулалар құрамы
қақпақ: патенттелген көк Е131, титанның қостотығы Е171, желатин, тазартылған су;
корпус: патенттелген көк Е131, титанның қостотығы Е171, желатин, тазартылған су;
сия құрамы: шеллак, дегидратацияланған этанол спирті*, изопропил спирті*, бутил спирті*, пропиленгликоль, концентрацияланған аммиак ерітіндісі*, темірдің (III) қара тотығы (Е172), калий гидроксиді, тазартылған су.
*өндіріс үдерісінде бумен ұшып кетеді
Сипаттамасы
Өлшемі № 1, қақпағы мен корпусында қара сиямен "RANBAXY" деген жазуы бар, өздігінен жабылатын көгілдір түсті қатты желатин капсулалар. Капсуланың ішінде – ақ түсті немесе ақ дерлік түсті ұнтақ.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі қолдануға арналған зеңге қарсы препараттар. Триазол туындылары. Флуконазол. АТХ коды J02AC01 |
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Флуконазол фармакокинетикасы вена ішіне (в/і) енгізу және ішке қабылдау кезінде ұқсас.
Флюкорик ішке қабылдағанда жақсы сіңеді, жалпы биожетімділігі - 90%. Бір мезгілде тамақтану ішке қабылдағанда препараттың сіңуіне ықпал етпейді. Флюкорикті аш қарынға қабылдаудан кейін 0,5-1,5 сағаттан соң плазмадағы концентрациясы жоғары шегіне жетеді. Плазмадағы концентрациясы дозаға пропорционалды.
Ішке қабылдаудан кейін флюконазол жақсы сіңеді және плазмалық деңгейлері (және жүйелі биожетімділігі) вена ішіне енгізуден кейін жететін 90 %-дан астам деңгейлерін құрайды.
Тепе-тең концентрациясы 90% деңгейіне ем басталған соң 4-5 күнге қарай (тәулігіне бір рет препаратты көп рет қабылдағанда) жетеді.
Орташа тәуліктік дозасынан 2 есе асып кететін екпінді дозаны 1-ші күні қабылдау 2-ші күнге қарай 90% концентрациясына (Css) жетуге мүмкіндік береді. Болжамды таралу көлемі (Vd) организмдегі судың жалпы мөлшеріне жуықтайды. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы төмен (11-12%).
Флуконазол организм сұйықтықтарының бәріне жақсы өтеді. Сілекей мен қақырықта флуконазол деңгейлері оның қан плазмасындағы концентрацияларына ұқсас. Зеңді менингитпен науқастарда жұлын-ми сұйықтығындағы флуконазол деңгейлері оның қан плазмасындағы деңгейлерінің 80% жуығын құрайды.
Мүйізгек қабатында, эпидермисте және тер сұйықтығында сарысудағысынан асып кететін жоғары концентрацияларына жетеді. Флуконазол мүйізгекті қабатта жиналады. Тәулігіне 1 рет 50 мг дозада қабылдағанда 12 күннен соң флуконазол концентрациясы 73 мкг/г, ал емді тоқтатудан кейін 7 күннен соң тек 5.8 мкг/г құрады. Аптасына 1 рет 150 мг дозада қабылдағанда мүйізгекті қабатта флуконазол концентрациясы 7-ші күні 23.4 мкг/г, ал екінші дозаны қабылдаудан кейін 7 күннен соң 7.1 мкг/г құрады.
Тырнақтағы флуконазол концентрациясы аптасына 1 рет 150 мг дозада 4 ай қолданудан кейін зақымданған тырнақтарда 1.8 мкг/г құрады; ем аяқталған соң 6 ай өткенде флуконазол бұрынғыша тырнақтан табылды.
Препарат, негізінен, бүйрекпен шығарылады; енгізілген дозаның 80% шамасы өзгеріссіз күйде несептен табылады. Флюкорик клиренсі креатинин клиренсіне пропорционалды. Айналымдағы метаболиттері табылмаған.
Жартылай шығарылу кезеңі ұзақ (30 сағат).
Қан плазмасынан ұзаққа созылатын T1/2 флуконазолды қынаптық кандидоз кезінде бір рет немесе басқа көрсетілімдерде тәулігіне 1 рет немесе аптасына 1 рет қабылдауға мүмкіндік береді.
AUC мәндері 1-ші күні 271 мкг×сағ./мл құрап, артынан 7-ші күні 490 мкг×сағ./мл дейін артты және 13-ші күнге қарай орта есеппен 360 мкг×сағ./мл дейін төмендеді.
Vd 1-ші күні 1183 мл/кг құрап, артынан орта есеппен 7-ші күні 1184 мл/кг дейін және 13-ші күні 1328 мл/кг дейін ұлғайды.
Егде жастағы пациенттерде (65 жастағы және одан асқан)
Егде жастағы пациенттерде фармакокинетикалық параметрлер мәндері жас пациенттердегіден жоғары. Диуретиктермен бірге қабылдау AUC немесе Cmax мәндерін мардымсыз өзгерткен. Бұдан бөлек, егде жастағы науқастар үшін флюконазол креатинин клиренсі (74 мл/мин), несепте өзгеріссіз күйде қалыпқа келген дәрі пайызы (0-24 сағат, 22%) және бүйрек клиренсінің мәндері (0.124 мл/мин/кг), әдетте, жас адамдардағы мәндерінен төмен болды. Флуконазол қабылдайтын егде жастағы пациенттерде фармакокинетикалық параметрлерінің аса жоғары мәндері егде жасқа тән төмендеп кеткен бүйрек функциясымен байланысты болуы ықтимал.
Фармакодинамикасы
Флюкориктің Р-450 цитохромына тәуелді зеңді ферменттерге қатысты жоғары спецификалығы бар.
Флюкорик, триазолды зеңге қарсы дәрі, зеңдер жасушасындағы стеролдар синтезінің қуатты іріктелген тежегіші болып табылады.
Флюкорик оппортунистік, соның ішінде жайылған кандидозды қоса, Candida spp.; бассүйек ішіндегі инфекцияларды қоса, Cryptococcus neoformans; Microsporum spp. және Trychoptyton spp. туғызған микоздарда белсенділік танытады. Флуконазолдың Blastomyces dermatitidis, Coccidioides immitis туғызған инфекцияларды қоса, бассүйек ішіндегі инфекцияларды және Histoplasma capsulatum қоса, эндемиялық микоздар кезіндегі де белсенділігі анықталған.
Қолданылуы
- криптококкоз, криптококкты менингитті және басқаша орналасқан (мысалы, өкпеде, теріде) инфекцияны қоса, соның ішінде иммундық жауабы қалыпты науқастарда және ЖИТС-пен науқастарда, ағзалары ауыстырып салынған реципиенттерде және иммунитет тапшылығының басқа түрлеріне шалдыққан науқастарда; ЖИТС-пен науқастарда криптококкоз қайталануларының профилактикасы мақсатындағы демеуші емде
- жайылған кандидоз, кандидемияны, диссеминацияланған кандидозды және ішперде, эндокард, көз, тыныс алу және несеп шығару жолдарының инфекциялары сияқты инвазиялық кандидоздық инфекцияның басқа түрлерінде, соның ішінде қарқынды ем бөлімдерінде жүрген және цитоуытты немесе иммуносупрессиялық ем алатын қатерлі ісіктері бар науқастарда, сондай-ақ кандидоз дамуына бейімдейтін басқа факторлары бар науқастарда
- иммундық функциясы қалыпты және бәсеңдеген науқастардағы шырышты қабықтар кандидозы, ауыз қуысының, жұтқыншақтың, өңештің шырышты қабықтарын қоса, инвазиялық емес бронх-өкпе инфекциялары, кандидурия, ауыз қуысының тері-шырышты қабық және созылмалы атрофиялық кандидозы (тіс протездерін cалумен байланысты), ЖИТС-пен науқастарда орофарингеальді кандидоз қайталануының профилактикасында
- генитальді кандидоз, жедел немесе қайталамалы қынаптық кандидоз, қынаптық кандидоз қайталануларының (жылына 3 және одан көп көріністер) жиілігін азайту мақсатындағы профилактика, кандидозды баланитте
- цитоуытты химиялық ем немесе сәулемен емдеу нәтижесінде осындай инфекциялар дамуына бейімдейтін қатерлі жаңа түзілімдермен науқастардағы зеңді инфекциялар профилактикасында
- дерматомикоз, табанның, дененің тегіс терісінің, аяқ-қолдың микоздарын қоса, кебек тәрізді теміреткі, онихомикоз және терінің кандидозды инфекцияларында
Қолдану тәсілі және дозалары
Ішке қабылдауға арналған. Доза әркімге жеке таңдалады.
Емді сеппенің және басқа зертханалық зерттеулердің нәтижелері алынғанша бастауға болады. Алайда, осы зерттеулер нәтижелері белгілі болғанда инфекцияға қарсы емді тиісті үлгіде өзгерту қажет.
Флюкориктің тәуліктік дозасы зеңді инфекцияның сипатына және ауырлығына байланысты.
Көп реттік дозалармен емдеуді талап ететін инфекция түрлерін емдеу клиникалық және зертханалық көрсеткіштер белсенді зеңді инфекцияның басылғанын көрсеткенше жалғастырылуы тиіс. Емдеу ұзақтығының талапқа сай болмауы инфекция жаңғыруына әкелуі мүмкін. ЖИТС және криптококкты менингитпен немесе қайталанатын орофарингеальді кандидозбен науқастар, әдетте, аурудың қайталануына жол бермеу үшін демеуші емді қажет етеді.
Флуконазолдың күнделікті дозасы зеңді инфекцияның сипатына және ауырлық дәрежесіне негізделуі тиіс.
Ересектерде қолдану
1. Криптококкты менингитте және басқаша орналасқан криптококкты инфекцияларда, әдетте, бірінші күні 300 мг (тәулігіне 1 рет 2 капсуладан) тағайындалады, ал артынан емді тәулігіне бір рет 150 мг дозада жалғастырады. Криптококкты инфекцияларды емдеу ұзақтығы клиникалық және микологиялық әсерлерінің бар-жоғына байланысты; криптококкты менингитте емдеу, әдетте, 6-8 апта жалғасады.
ЖИТС-пен науқастарда криптококкты менингит қайталануының профилактикасында ұсынылатын Флюкорик дозалануы - 1500 мг/тәулік.
2. Кандидемия, диссеминацияланған кандидоз және басқа да инвазиялық кандидозды инфекцияларда доза, әдетте, бірінші күні 300 мг (2 капсула), артынан 150 мг/тәулік құрайды. Ем ұзақтығы клиникалық және микологиялық әсеріне байланысты.
3. Орофарингеальді кандидозда препарат тәулігіне бір рет 150 мг тағайындалады. Қайталану ықтималдығын төмендету үшін емдеуді 2 апта бойы жалғастырады.
ЖИТС-пен науқастарда орофарингеальді кандидоз қайталануларының профилактикасында Флюкорикпен бастапқы емдеудің толық курсы аяқталған соң аптасына бір рет 150 мг тағайындалады.
4. Қынаптық кандидозда Флюкорик бір рет 150 мг дозада ішке тағайындалады. Қынаптық кандидоз профилактикасында препаратты айына бір рет 150 мг дозада қолдануға болады. Ем ұзақтығы әркімге жеке белгіленеді, ол 4-тен 12 айға дейін құбылады.
Кандидозды баланитте Флюкорик бір рет 150 мг дозада ішке тағайындалады.
5. Қатерлі ісіктермен науқастарда зеңді инфекциялар профилактикасында ұсынылатын Флюкорик дозасы зеңді инфекция дамуының қауіп дәрежесіне қарай тәулігіне бір рет 150-300 мг құрайды. Жайылған инфекцияның жоғары қаупі бар, айқын немесе ұзақ сақталатын нейтропениямен науқастарда ұсынылатын доза тәулігіне бір рет 300 мг құрайды.
6. Табанның, тегіс терінің, шап аумағының микоздарын қоса, тері микоздарында ұсынылатын доза аптасына бір рет 150 мг құрайды. Ем ұзақтығы, әдетте, 2-4 апта құрайды, алайда, табан микоздарында ұзағырақ ем (6 аптаға дейін) қажет болуы мүмкін.
Кебек тәрізді теміреткіде ұсынылатын доза 2 апта бойы аптасына бір рет 300 мг құрайды, кейде үшінші доза – аптасына 300 мг қажет, ал осы тұста кейбір науқастарға бір рет 300 мг қабылдау жеткілікті болады.
Онихомикозда ұсынылатын доза аптасына бір рет 150 мг құрайды. Емдеуді сау тырнақ пластинкасы толық өсіп шыққанша жалғастырған жөн. Қол саусақтарында және аяқ башпайларында тырнақтың қайта өсуіне әдетте, тиісінше, 3-6 ай және 6-12 ай қажет болады. Алайда, өсу жылдамдығы әртүрлі адамдарда, сондай-ақ жас шамасына қарай кең ауқымды өзгеруі мүмкін. Ұзақ сақталатын созылмалы инфекциялар сәтті емделген соң кейде тырнақ түрінің өзгеруі байқалады.
7. Терең эндемиялық микоздарда препаратты тәулігіне 150-300 мг дозада қолдану қажет болуы мүмкін. Ем ұзақтығы әркімге жеке белгіленеді.
Егде жастағы адамдарда қолдану
Бүйрек жеткіліксіздігінің белгілері болмағанда препарат әдеттегі дозада тағайындалады.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда қолдану
Бір рет қабылдағанда дозаны өзгерту қажет емес. Бүйрек функциясы бұзылған науқастарда препаратты көп рет қолданғанда бастапқыда 150 мг-ден 300 мг дейінгі екпінді дозасын енгізу керек, одан кейін келесі кестеге сай тәуліктік дозасын (көрсетілімге қарай) белгілейді:
Креатинин клиренсі (мл/мин) |
Ұсынылатын доза пайызы |
>50 ≤50 (диализсіз) Жүйелі диализ |
100% 50% 100% әр диализден соң |
Егде жастағы адамдарда қолдану
Бүйрек жеткіліксіздігінің белгілері болмағанда препарат әдеттегі дозада тағайындалады.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда қолдану
Бір рет қабылдағанда дозаны өзгерту қажет емес. Балаларды қоса, бүйрек функциясы бұзылған науқастарда препаратты көп рет қолданғанда бастапқыда 150 мг-ден 300 мг дейінгі екпінді дозасын енгізу керек, одан кейін келесі кестеге сай тәуліктік дозасын (көрсетіліміне қарай) белгілейді:
Креатинин клиренсі (мл/мин) |
Ұсынылатын доза пайызы |
>50 ≤50 (диализсіз) Жүйелі диализ |
100% 50% 100% әр диализден соң |
Жүйелі диализде жүрген науқастар әр диализден кейін 100% ұсынылатын дозаны алуы тиіс; диализ жоқ күндері науқастар өздерінің креатинин клиренсіне сәйкес қысқартылған дозаны алуы тиіс.
Жағымсыз әсерлері
Флуконазолдың, әдетте, жағымдылығы жақсы
Жиі (≥1/100-ден <1/10 дейін)
-
бас ауыру
-
жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, диарея
-
сілтілік фосфатаза деңгейінің, сарысулық аминотрансферазалар (АЛТ және АСТ) деңгейінің жоғарылауы
-
бөртпе
Жиі емес (≥1/1,000-нан ≤1/100 дейін)
-
ұйқысыздық, ұйқышылдық
-
құрысулар, бас ауыру, парестезия, дәм сезудің өзгеруі
-
вертиго
-
диспепсия, метеоризм, ауыздың кеберсуі
-
холестаз, сарғаю, билирубин деңгейінің жоғарылауы
-
қышыну, есекжем, қатты терлеу,
-
миалгия
-
шаршау, дімкәстану, әлсіздік, қызба
Сирек (≥1/10,000-нан ≤1/1,000 дейін)
-
агранулоцитоз, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения
-
анафилаксия, ангионевроздық ісіну
-
гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, гипокалиемия
-
тремор
-
тахикардия, қарыншалар жыпылықтауы/дірілдеуі, QT аралығының ұзаруы
-
диспепсия, метеоризм, ауыздың кеберсуі
-
гепатоуыттану, өліммен аяқталатын сирек жағдайларды қоса, бауыр жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлы некроз, гепатит, гепатоцеллюлярлы зақымданулар
-
уытты эпидермалық некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, жедел жайылған экзантематозды пустулез, эксфолиативті дерматит, беттің ісінуі, алопеция
ЖИТС немесе обырмен науқастарда Флюрикпен және ұқсас препараттармен емделгенде қан көрсеткіштерінің, бүйрек және бауыр функциясының өзгерістері байқалды, алайда, осы өзгерістердің клиникалық мәні және олардың емдеумен байланысы анықталмаған.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- флуконазолға және триазол қосылыстарына жоғары сезімталдық
- терфенадинді бір мезгілде қабылдау
- цизаприд, астемизол, эритромицин, пимозид және хинидин сияқты QT аралығын ұзартатын және CYP3A4 ферменті арқылы метаболизденетін дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдау
- жүктілік және лактация кезеңі
- 18 жасқа дейінгі балаларда
- сирек тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылық кінәраттары, лактаза жеткіліксіздігі немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар науқастар
Сақтықпен
Флуконазол қолдану аясында бауыр функциясы көрсеткіштерінің бұзылуы; беткейлік зеңді инфекциялары мен инвазиялық/жүйелі зеңді инфекциялары бар науқастарда флуконазол қолдану аясында бөртпенің білінуі; терфенадин мен флуконазолды 400 мг/тәуліктен аз дозада бір мезгілде қолдану; көптеген қауіп факторлары бар науқастарда ықтималды проаритмиялық жай-күйлер (органикалық жүрек аурулары, электролиттік теңгерім бұзылулары және осындай бұзылулардың дамуына ықпал ететін қатарлас ем).
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Гидрохлоротиазид: бір мезгілде гидрохлоротиазид пен флуконазол қолдану плазмада Флюкорик концентрациясын 40% арттырады. Осы арттыру әсері қатарлас диуретиктер алатын пациенттерде Флюкорик дозалануын өзгертуді талап етпейді.
Рифампицин: Флюкорик пен рифампицинді бір мезгілде қолдану Флюкорик AUC (концентрация-уақыт қисығы астындағы аудан) 25% төмендеуіне және жартылай шығарылу кезеңінің 20% қысқаруына алып келеді. Рифампицинмен қатарлас ем алатын науқастарда Флюкорик дозасын арттыру қажет.
Флюкориктің басқа дәрілік препараттарға әсері
Флюкорик P450 (CYP) 2C9 цитохромы изоферментінің қуатты тежегіші және CYP3A4 ферментінің орташа тежегіші болып табылады. Төменде көрсетілген өзара әрекеттесулерден тыс, Флюкорикпен бір мезгілде қолдану кезінде CYP2C9 және CYP3A4 ферменттерімен метаболизденетін басқа қосылыстардың плазмалық концентрацияларының жоғарылау қаупі бар. Сондықтан, осы біріктірілімдерді пайдалану кезінде сақтық танытып, ал науқастарды мұқият бақылау қажет. Флюкориктің ферментті тежеу әсері, жартылай шығарылу кезеңінің ұзаққа созылуына орай, Флюкорикпен емделуді тоқтатудан кейін 4-5 күн бойы сақталады.
Альфентанил: Флюкорикпен бір мезгілде емдегенде альфентанил клиренсінің және таралу көлемінің төмендеуі, сондай-ақ T½ (жартылай шығарылу кезеңі) ұзаруы байқалады. Болжамды әсер ету механизмі Флюкориктің CYP3A4 ферментін тежеуі болып табылады. Альфентанил дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Амитриптилин, нортриптилин: Флюкорик амитриптилин мен нортриптилин әсерін күшейтеді. Біріктірілген емнің басында және апта өткенде 5-нортриптилин және/немесе S-амитриптилинді өлшеуге болады. Егер қажет болса, амитриптилин/нортриптилин дозасы түзетілуі тиіс.
B амфотерицині: иммунитеті қалыпты және әлсіреген жұқпа жұқтырған тышқандарда Флюкорик пен B амфотерицинін бір мезгілде қолдану мынадай нәтижелер: C. albicans туғызған жүйелі инфекцияларда зеңге қарсы аздаған қосымша әсерін, Cryptococcus neoformans туғызған бассүйек ішіндегі инфекция кезінде ешқандай өзара әрекеттесудің болмауын, екі препараттың да A. fumigatus туғызған жүйелі инфекцияға антагонизмін көрсетті. Осы зерттеуде алынған клиникалық мәнді нәтижелер белгісіз.
Антикоагулянттар: Флюкорик варфаринмен бір мезгілде қолданылғанда протромбин уақытын (12%) ұзартады. Постмаркетингтік зерттеуде, басқа да зеңге қарсы азолды препараттардағы сияқты, Флюкорикті варфаринмен бір мезгілде алған науқастарда протромбин уақытының ұзаруымен байланысты қан кету көріністері (гематомалар, мұрыннан қан кетулер, асқазан-ішектен қан кетулер, гематурия және мелена) хабарланды. Кумариндік қатар антикоагулянттарын қабылдайтын науқастарда протромбин уақытын мұқият бақылау қажет. Варфарин дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Азитромицин: Флюкорик пен азитромицин арасында ешқандай мәнді фармакокинетикалық өзара әрекеттесу болмаған.
Бензодиазепиндер (қысқа әсер ететін): мидазоламмен бір мезгілде қолданғанда, Флюкорик мидазолам концентрациясының елеулі жоғарылауына және психомоторлық әсерлерге алып келеді. Флюкорикті ішу арқылы қабылдаудан кейін мидазоламға осындай әсері вена ішіне енгізу кезіндегіден айқындау. Егер Флюкорик алатын науқастарға бензодиазепиндермен қатарлас ем қажет болса, бензодиазепиндер дозасын азайтып, ал науқастарды мұқият қадағалау қажет.
Флюкорик, триазолам метаболизмінің тежелісі салдарынан, триазоламның (бір реттік доза) AUC мәнін шамамен 50%, Cmax 20-32% және t½ 25-50% арттырады. Триазолам дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Карбамазепин: Флюкорик карбамазепин метаболизмін тежейді және сарысуда соңғысының концентрациясын 30% арттырады. Карбамазепинмен уыттанудың даму қаупі бар. Карбамазепин дозасын концентрация/әсер өлшеміне қарай түзету қажет болуы мүмкін.
Кальций өзекшелерінің блокаторлары: кальций өзекшелерінің кейбір антагонистері (нифедипин, исрадипин, амлодипин, верапамил және фелодипин) CYP3A4 ферментімен метаболизденеді. Флюкорик кальций өзекшелері антагонистерінің жүйелі әсерін едәуір арттыруы мүмкін. Препараттардың жағымсыз әсеріне жиі мониторинг өткізу ұсынылады.
Флуконазол кальций өзекшесі антагонистерінің жүйелі әсерін арттыру қуаты бар. Жағымсыз құбылыстарға жиі мониторинг өткізу ұсынылады.
Целекоксиб: Флюкорикпен (тәулігіне 150 мг) және целекоксибпен (200 мг) қатарлас ем кезінде целекоксиб Cmax және AUC, тиісінше, 68% және 134% ұлғайған. Флюкорикпен біріктіргенде целекоксиб дозасының жартысы қажет болуы мүмкін.
Циклоспорин: Флюкорик циклоспориннің AUC және концентрациясын едәуір арттырады. Бұл біріктірілімді циклоспорин дозасын оның концентрациясына қарай төмендету арқылы пайдалануға болады.
Циклофосфамид: циклофосфамид пен Флюкориктің біріктірілген емі қан сарысуында билирубин мен креатинин деңгейлерінің жоғарылауына алып келеді. Біріктірілімді қан сарысуында билирубин мен креатинин деңгейлерінің жоғарылау қаупі білінгенше пайдалануға болады.
Фентанил: Флюкорик фентанил элиминациясын едәуір кідіртеді. Фентанилдің жоғары концентрациялары тыныс алу жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.
Галофантрин: Флюкорик CYP3A4 тежеу әсері салдарынан плазмада галофантрин концентрациясын арттыруы мүмкін.
Гидроксиметилглутарил-кофермент A-редуктаза (ГМГ-КоA-редуктаза) тежегіштері: Флюкорик аторвастатин мен симвастатин сияқты CYP3A4 арқылы немесе флувастатин сияқты CYP2C9 арқылы метаболизденетін ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштерімен бір мезгілде тағайындалғанда, миопатия және қаңқа бұлшықеттері жедел некрозының (рабдомиолиз) даму қаупі артады. Егер қатарлас ем қажет болса, науқаста миопатия және рабдомиолиз симптомдарының білінуі қадағалануы тиіс, сондай-ақ креатинкиназа деңгейіне бақылау жүргізілуі тиіс. Егер креатинкиназа деңгейінің едәуір жоғарылауы байқалса немесе егер миопатия/ рабдомиолиз дамуы диагностикаланса немесе күдік тудырса, ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштерін қабылдауды тоқтату керек.
Лозартан: Флюкорик Лозартанмен емделу кезінде жүретін ангиотензин II рецепторлары антагонизмінің басым бөлігіне жауап беретін лозартанның өз белсенді метаболитіне (Е-31 74) метаболизденуін тежейді. Науқастар артериялық қысымды тұрақты бақылап отыруы тиіс.
Метадон: Флюкорик қан сарысуында метадон концентрациясын арттыруы мүмкін. Метадон дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): Флюкорикпен бір мезгілде тағайындалғанда, флурбипрофен монотерапиясымен салыстырғанда, флурбипрофен Cmax және AUC, тиісінше, 23% және 81% артады. Ұқсас сипатта, Флюкорик ибупрофен (400 мг) рацемиялық қоспасымен бір мезгілде тағайындалғанда, соңғысының монотерапиясымен салыстырғанда, фармакологиялық белсенді изомер [S-(+)-ибупрофен] Cmax және AUC, тиісінше, 15% және 82% артты.
Флюкорик CYP2C9 арқылы метаболизденетін басқа ҚҚСП (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) жүйелі әсерін күшейтуі мүмкін. ҚҚСП-мен байланысты жағымсыз әсеріне және уыттылығына жиі мониторинг өткізу ұсынылады. ҚҚСП дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Ішуге арналған контрацептивтер: Флюкорик 50 мг дозасының гормондар деңгейіне ешқандай елеулі әсері білінбеген, ал осы тұста 150 мг тәуліктік дозасында этинилэстрадиол мен левоноргестрел AUC (концентрация-уақыт қисығы астындағы аудан), тиісінше, 40% және 24% ұлғайды. Осылайша, Флюкорикті осындай дозаларда көп рет қолданудың ұрықтануға қарсы біріктірілген ішуге арналған препараттар тиімділігіне ықпалын тигізуі екіталай.
Фенитоин: Флюкорик фенитоиннің бауырдағы метаболизмін тежейді. Бір мезгілде қабылдағанда фенитоинмен уыттануды болдырмау үшін қан сарысуында фенитоиннің концентрация деңгейлері тексерілуі тиіс.
Преднизон: Флюкорикпен және преднизонмен ұзақ уақыт емделіп жүрген науқастар Флюкорик қабылдауды тоқтатудан кейін бүйрек үсті бездері қыртысының дамуы тұрғысынан бақылануы тиіс.
Рифабутин: Флюкорикпен бір мезгілде қолдану қан сарысуында рифабутин деңгейлерін 80% дейін арттыруы мүмкін. Флюкорик пен рифабутин бір мезгілде тағайындалған науқастарда увеиттің даму жағдайлары хабарланған. Рифабутин мен Флюкорикті бір мезгілде алатын науқастардың жағдайын мұқият бақылау қажет.
Саквинавир: Флюкорик CYP3A4 арқылы саквинавирдің бауырдағы метаболизмін тежеу және Р-гликопротеин тежелісі есебінен саквинавир AUC шамамен 50%, Cmax шамамен 55% арттырады және саквинавир клиренсін шамамен 50% азайтады. Саквинавир дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Сиролимус: Флюкорик, жорамалды түрде, CYP3A4 және Р-гликопротеин арқылы сиролимус метаболизмін тежеу жолымен сиролимустың плазмалық концентрациясын арттырады. Бұл біріктірілімді әсер/концентрация өлшеміне қарай сиролимус дозасын түзету кезінде пайдалануға болады.
Сульфонилмочевина: Флюкорик ішуге арналған сульфонилмочевина препараттарын (мысалы, хлорпропамид, глибенкламид, глипизид, толбутамид) бір мезгілде қабылдағанда сарысудан жартылай шығарылу кезеңін ұзартады. Қан глюкозасын жиі бақылау және сульфонилмочевина дозасын тиісінше азайту ұсынылады.
Такролимус: Флюкорик 5 есеге дейін ішу арқылы қабылдағанда CYP3A4 арқылы ішектегі такролимус метаболизмін тежеу есебінен сарысулық такролимус концентрациясын арттыруы мүмкін. Такролимус вена ішіне енгізілгенде ешқандай елеулі фармакокинетикалық өзгерістер анықталмаған. Такролимус деңгейінің жоғарылауы нефроуыттанумен байланысты болды. Ішуге арналған такролимус дозалануы препарат концентрациясына қарай азайтылуы тиіс.
Теофиллин: Флюкорикті 14 күн бойы 150 мг қабылдау теофиллин клиренсі орташа жылдамдығының 18% төмендеуіне әкеледі. Флюкорик пен теофиллинді жоғары дозаларда қабылдайтын науқастарды немесе теофиллиннің уытты әсер ету қаупі жоғары науқастарды теофиллиннің артық дозалану симптомдарын дер мезгілінде анықтау мақсатында мұқият қадағалау қажет; олар білінгенде емді тиісті үлгіде өзгерту керек.
Қабіршөп алкалоиды: Флюкорик қабіршөп алкалоидының (мысалы, винкристин және винбластин) плазмалық деңгейлерін арттырып, CYP3A4 тежеу әсеріне орай, нейроуыттануға әкелуі мүмкін.
А дәрумені: Бұл біріктірілімді пайдалануға болады, бірақ ОЖЖ-мен байланысты жағымсыз әсерлерін анықтау мақсатында пациенттерді қадағалау керек.
Зидовудин: Флюкорик ішу арқылы қабылдағанда зидовудин клиренсінің шамамен 45% төмендеуі салдарынан зидовудин Cmax және AUC мәндерін, тиісінше, 84% және 74% арттырады. Зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі Флюкорикпен біріктірілген емнен кейін шамамен 128% ұзарады. Осы біріктірілімді алатын науқастар зидовудин қабылдаумен байланысты жағымсыз реакцияларды анықтау мақсатында қадағалануы тиіс. Зидовудин дозасын азайту қажет болуы мүмкін.
Тофаситиниб: тофаситиниб CYP3А4 орташа тежелісіне де, CYP2С9 күшті тежелуіне де әкелетін дәрілермен (флуконазол) бірге қабылданғанда әсері артады.
Вориконазол (CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 тежелісі): ішуге арналған вориконазол (1 күні әр 12 сағат сайын 400 мг, артынан 2,5 күн бойы әр 12 сағат сайын 200 мг) және ішуге арналған Флюкорикті (4 күн бойы 150 мг) бір мезгілде қолдану вориконазол AUC және концентрациясының орта есеппен, тиісінше, 57% (90% C1: 20%, 107%) және 79% (90% CI: 40%, 128%) жоғарылауына алып келді. Вориконазол мен Флюкорикті кез келген дозада бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды.
Флюкорикті бір мезгілде ас ішумен, циметидинмен, антацидтермен қолдану кезінде, сондай-ақ сүйек кемігін ауыстырып салу үшін денені түгел сәулелендіруден соң оның ішуге арналған түрлерінің өзара әрекеттесуін зерттеу бұл факторлардың Флюкорик сіңуіне клиникалық мәнді әсер етпейтінін көрсетті.
Флюкориктің басқа дәрілермен өзара әрекеттесуін зерттеу әлі жүргізілмеген, бірақ ондай өзара әрекеттесулер туындауы мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Сирек жағдайларда Флюкорик қолдану, ең алдымен, қатарлас аурулары бар науқастарда бауырдың, соның ішінде өліммен аяқталатын уыттылық өзгерістерімен қатар жүрді. Флюкориктің гепатоуытты әсері әдетте қайтымды болды, оның белгілері емді тоқтатудан кейін басылды. Флюкорикпен емделу кезінде бауыр функциясының көрсеткіштері нашарлаған науқастарды бауырдың зақымдану белгілерін анықтау мақсатында қадағалау қажет. Флюкорик қолданумен байланысты болуы мүмкін бауыр зақымдануының клиникалық белгілері немесе симптомдары білінгенде препаратты тоқтату керек.
Флюкорик сирек жағдайларда анафилаксиялық реакциялар туғызуы мүмкін.
Флюкорикпен емделу кезінде науқастарда сирек жағдайларда Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермалық некролиз жағдайлары сияқты эксфолиативті тері реакциялары дамыды. ЖИТС-пен науқастар көптеген препаратты қолдану кезінде ауыр тері реакцияларының дамуына бейімірек. Науқаста емделу кезінде Флюкорик қолданумен байланысты болуы мүмкін бөртпенің беткейлік зеңді инфекциясы білінгенде препаратты тоқтату керек. Инвазиялық/жүйелі зеңді инфекциялары бар науқастарда бөртпе білінгенде оларды мұқият қадағалап, буллезді зақымданулар немесе көп формалы эритема пайда болғанда Флюкорикті тоқтату керек.
Флюкорик ЭКГ-да QT аралығының ұзаруын туындатуы мүмкін. Флюкорик қолдану кезінде органикалық жүрек аурулары, электролиттік теңгерім бұзылулары және осындай бұзылулардың дамуына ықпал ететін қатарлас ем сияқты көптеген қауіп факторлары бар науқастарда QT аралығының ұзаруы және қарыншалардың жыпылықтауы/дірілдеуі өте сирек білінді. Сондықтан проаритмиялық жай-күйлері зор пациенттерге Флюкорикті абайлап қолдану керек.
Қынаптық кандидоз себепті Флюкорик 150 мг қолданғанда пациенттерге симптомдардың жақсаруы әдетте 24 сағаттан соң байқалатыны, бірақ олардың толық басылуына кейде бірнеше күн қажет болатыны ескертілуі тиіс. Симптомдар бірнеше күн бойы сақталса, дәрігерге қаралу керек.
Флуконазол күшті әсер ететін CYP2C9 тежегіші және орташа әсер ететін CYP3A4 тежегіші болып табылады. CYP2C9 және CYP3A4 арқылы метаболизденетін емдік өрісі тар дәрілермен қатарлас ем қабылдайтын флуконазолмен емделіп жүрген науқастар тексеруден өтуі тиіс.
Бауыр, жүрек аурулары бар пациенттерге Флюкорик қолданар алдында дәрігермен кеңесу ұсынылады.
Флюкорик бүйрек дисфункциясы бар науқастарда сақтықпен қабылдануы тиіс.
Педиатриялық қауым
Балаларда байқалған жағымсыз құбылыстардың және қалып шегінен зертханалық ауытқулардың мысалдары мен жағдайлары ересектерде байқалған құбылыстармен салыстырмалы.
Жүктілік және лактация кезеңі
Егер күтілетін пайдасы ұрыққа төнуі мүмкін қауіптен жоғары болғанда флюконазолды пайдалануға болатын ауыр немесе өмірге қатері зор зеңді инфекциясы бар науқастарды қоспағанда, жүктілік кезінде препаратты пайдаланбау қажет.
Бала емізу кезінде пайдалану
Флуконазол емшек сүтінен плазмадағысына ұқсас концентрацияларда табылған, осылайша, бала емізетін аналарға пайдалану ұсынылмайды.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Бас айналу немесе құрысулар туындауы мүмкін екендіктен, автокөлікті басқару немесе техниканы пайдалану кезінде сақтық шарасын қадағалау керек.
Артық дозалануы
Симптомдары: елестеулермен және параноидты мінез-құлықпен қатар жүретін препараттың жағымсыз әсерлерінің күшеюі.
Емі: асқазанды жуып-шаю, жеделдетілген диурез, гемодиализ (үш сағаттық гемодиализ плазмада препарат концентрациясын шамамен 50% төмендетеді), симптоматикалық ем.
Шығарылу түрі және қаптамасы
ПВХ/ПВДХ үлбірінен және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 1 капсуладан салады. Пішінді ұяшықты 1 қаптамадан қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
Құрғақ жерде, 25 0С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Sun Pharmaceutical Industries Ltd
Industrial Area-3
Dewas-455001
Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі
Sun Pharmaceutical Industries Ltd, Мумбай, Үндістан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан осы өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
Sun Pharmaceutical Industries Ltd ҚР өкілдігі
Алматы қ., Манас к-сі 32А, СӘТ БО, 602 кеңсе
тел.: 8-727-2378450
эл.пошта: regulatory.kz@sunpharma.com
Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
Sun Pharmaceutical Industries Ltd ҚР өкілдігі
Алматы қ., Манас к-сі 32А, СӘТ БО, 602 кеңсе
тел.: 8-727-2378450
эл.пошта: regulatory.kz@sunpharma.com