Флукосайз
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Флукосайз
Халықаралық патенттелмеген атауы
Флуконазол
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 150 мг
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - 150 мг флуконазол,
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, кальций гидрофосфаты, натрий кроскармеллозасы, повидон, коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты.
таблетканың қабығы: гидроксипропилметилцеллюлоза, титанның қостотығы (Е 171), тұндырылған кремний қостотығы, полиэтиленгликоль 400, тальк
Сипаттамасы
Ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған, екі жақ беті дөңес, дөңгелек таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Зеңге қарсы жүйелік қолдануға арналған препараттар.
Триазол туындылары. Флуконазол.
АТХ коды J02АС01
Фармакологиялық қасеттері
Фармакокинетикасы
Ішке қабылдағаннан кейін жақсы сіңеді. Тамақ ішу флуконазолдың сіңуіне ықпалын тигізбейді. Препараттың биожетімділігі 90%-дан асады. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы – 11-12%. Қан плазмасындағы концентрациясы дозаға тікелей байланыста болады. Тепе-тең концентрацияға 4-5 тәулік қабылдағаннан кейін (препаратты тәулігіне 1 рет қабылдағанда) жетеді.
Қан плазмасындағы концентрациясы препаратты ішке қабылдағаннан кейін 0,5-1,5 сағаттан соң ең жоғары мәніне жетеді. Жартылай шығарылу кезеңі 30 сағатты құайды.
Флуконазол организмнің барлық сұйықтығына жақсы өтеді. Жұлын-ми сұйқтығында флуконазолдың концентрациясы оның қан плазмасындағы концентрациясы деңгейінің 80%-на жетеді. Терінің мүйізгекті қабатында, эпидермисте және тер сұйықтығында сарысудағыдан асатын концентрацияға жетеді. Флуконазол терінің мүйізгекті қабатында жиналады, емдеу аяқталғаннан кейін 6 айдан соң препарат тырнақтардан табылады.
Флуконазол екіншілік метаболиттерге дейін ғана метаболизденеді. Радиоактивті дозаның небары 11%-ы несеппен бірге өзгермеген күйінде шығарылды. Флуконазол CYP2C9 және CYP3A4 изоферменттерін селективті түрде тежейді. Флуконазол сондай-ақ CYP2C19 изоферментін де тежейді.
Негізінен бүйрек арқылы шығарылады; енгізілген дозаның шамамен 80%-ы несептен өзгермеген күйінде табылады. Препараттың клиренсі креатинин клиренсіне пропорционалды.
Қан плазмасынан жартылай шығарылу кезеңінің ұзақ (шамамен 30 сағат) болуы флуконазолды қынаптық кандидозда бір рет қабылдауға және сезімтал зеңдерден туындаған басқа ауруларда тәулігіне бір рет немесе аптасына бір рет қолдануға мүмкіндік береді.
Фармакодинамикасы
Флуконазол, зеңге қарсы триазольді дәрі, зеңдердің жасушаларындағы стеролдар синтезінің күшті селективті тежегіші болып табылады.
Препараттың жоғары спецификалық әсері бар, Р450 цитохромына тәуелді зеңдердің ферменттерінің белсенділігін тежейді. Оның әсер етуінің алғашқы механизмі Р450 цитохромы арқылы зеңдік 14- альфа-ланостерол-деметилденуінің басылуы болып табылады, ол зеңдік эргостерол биосинтезінің ажырамас кезеңі болып табылады. 14-альфа-метилстеролдардың жинақталуы эргостеролдың кейіннен жоғалуымен өзара байланысты, жасушалық жарғақшаның өткізгіштігін арттырады, оның өсуін және репликациясын бұзады; бұл үдеріс оның зеңге қарсы әсерінің негізінде жатыр. Флуконазол зеңдердің Р450 цитохромы үшін жоғары іріктелген препараты болғандықтан, адам организмдегі ферменттерді іс жүзінде бәсеңдетпейді (итраконазолмен, клотримазолмен, эконазолмен және кетоконазолмен салыстырғанда адам бауырының микросомаларында Р450 цитохромына тәуелді тотығу үдерістерін аз дәрежеде басады).
Антиандрогендік белсенділігі болмайды.
Флуконазол өте жиі кездесетін Саndida түрлеріне (С.аlbiсаns, С.раrарsilosis, С.trорicalis-ді қоса) қатысты зеңге қарсы in vitro белсенділік танытпайды. Саndida glabrata флуконазолға сезімталдық ауқымының кеңдігін көрсетеді, ал Саndida krusеi оған резистентті.
Сондай-ақ флуконазол Сryptососсus nеоfоrmаns және Сryptососсus gattii-ге қарсы да, сонымен қатар Blastomyces dermatiditis, Соссidioides immitis, Нistoрlasma сарsulatum және Раrасоссidiоides brаsiliensis сияқты эндемиялық зеңдерге қарсыда in vitro белсенділік танытады.
Қолданылуы
-
криптококктік менингитте
-
кокцидиоидомикозда
- инвазиялық кандидозда
- шырышты қабықтардың кандидозында, соның ішінде орофарингеальді кандидозда, өңеш кандидозында, кандидурияда және созылмалы тері-шырышты қабық кандидозында
- ауыз қуысының созылмалы атрофиялық кандидозында (тіс протездерін қолданумен байланысты), ауыз қуысының гигиенасын сақтау немесе жергілікті емдеу жеткіліксіз болғанда
- қынаптық кандидозда, жедел немесе қайталанатын (жергілікті ем қолдануға келмегенде)
- кандидоздық баланитте (жергілікті ем қолдануға келмегенде)
- дерматомикоздарда, соның ішінде табан дерматофитиясында, тұлабойының дерматофитиясында, шап дерматофитиясында, түрлі-түсті теміреткіде және терінің кандидоздық инфекциялрында (жүйелік емдеу көрсетілген жағдайда); тырнақтардың дерматофитиясында (онихомикозда) (басқа препараттармен емдеуге келмегенде)
- ұзаққа созылған нейтропениясы бар пациенттерде (гемобластоздары бар, химиотерапиядан өтіп жүрген пациенттер, немесе гемопоэздік дің жасушаларының трансплантациясынан өткен пациенттер) кандидоздық инфекциялардың профилактикасында
Қолдану тәсілі және дозалары
Флукосайз ішке қабылданады. Тәуліктік дозасы зең инфекцияларының табиғатына және ауырлығына байланысты және жекелей анықталады. Емдеу ұзақтығы клиникалық және микологиялық әсеріне байланысты.
Ересектер:
-
криптококктік инфекцияларда алғашқы күні, әдеттегідей, 400 мг тағайындайды, ал содан кейін тәулігіне бір рет 200-400 мг дозада емдеуді жалғастырады. Емдеу ұзақтығы, әдеттегідей, 6-8 аптаны құрайды;
-
ЖИТС-ке шалдыққан науқастарда криптококктік менингиттің қайталануының профилактикасы үшін (алғашқы емнің толық курсы аяқталғаннан кейін) 200 мг доза Флуконазолмен емдеуді өте ұзақ уақыт бойы жалғастыруға болады;
-
кокцидиоидомикоз: пациенттің жағдайына байланысты 11-24 ай немесе одан ұзағырақ уақыт бойы 200 - 400 мг. Кейбір инфекциялар үшін, әсіресе ми қабықтары зақымданғанда, тәулігіне 800 мг доза қарастырылуы мүмкін.
-
инвазиялық кандидозда: қаныққан доза алғашқы күні 800 мг, кейінгі доза тәулігіне 400 мг құрайды. Кандидемияны емдеу ұзақтығы жөнінде жалпы ұсынымдар – пациенттің қанында кандидемияның бар екендігіне алғашқы теріс нәтиже алынғаннан кейін және кандидемия симптомдары толық жойылғаннан кейін 2 апта.
-
орофарингеальді кандидоз: 7 - 21 күн ішінде қаныққан доза алғашқы күні 200-400 мг, кейінгі доза тәулігіне 100-200 мг (орофарингеальді кандидоз ремиссиясына қол жеткізгенге дейін). Иммундық жүйе функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерде өте ұзағырақ емдеу кезеңдерін пайдалануға болады.
– өңеш кандидозы: 14-30 күн ішінде қаныққан доза алғашқы күні 200-400 мг, кейінгі доза тәулігіне 100- 00 мг құрайды (өңеш канидоздының ремиссиясына қол жеткізгенге дейін). Иммундық жүйе функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерде ұзағырақ емдеу кезеңдерін пайдалануға болады.
– кандидурия: 7-21 күн бойы тәулігіне 200 - 400 мг. Иммундық жүйе функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерде ұзағырақ емдеу кезеңдерін пайдалануға болады.
– созылмалы атрофиялық кандидоз: 14 күн бойы тәулігіне 50 мг.
– созылмалы тері-шырышты қабық кандидозы: ұзақтығы 28 күнге дейін тәулігіне 50-100 мг. Инфекцияның ауырлығына немесе иммундық функцияның қатар жүретін бұзылуларына және инфекцияларға байланысты пациенттерде ұзағырақ емдеу кезеңдерін пайдалануға болады.
Генитальді кандидоз
– жедел қынаптық кандидоз: бір реттік 150 мг.
– кандидоздық баланит: бір реттік 150 мг.
– қынаптық кандидоздың қайталануын (жылына 4 немесе одан көп көрініс) емдеу және профилактикасы: 150 мг әрбір үш күн сайын - жиынтық 3 доза (1-ші, 4-ші және 7-ші күні), содан кейін 6 ай бойы аптасына бір рет 150 мг демеуші доза.
Дерматомикоз
– табан дерматофитиясы, тұлабой дерматофитиясы, шап дерматофитиясы, кандидоздар: аптасына бір рет 150 мг немесе 2- 4 аптада күніне бір рет 50 мг, бірақ табан дерматофитиясын емдеу үшін ұзақтығы 6 аптаға дейін созылатын ем қажет болуы мүмкін.
– түрлі-түсті теміреткі: 1-3 апта ұзақтықпен аптасына бір рет 300 - 400 мг немесе 2-4 аптада күніне бір рет 50 мг.
– тырнақ дерматофитиясы (онихомикоз): аптасына бір рет 150 мг. Емдеуді инфекция жұқтырған тырнақ алмасқанға дейін (инфекция жұқтырмаған тырнақ өскенше) жалғастырған жөн. Қол мен аяқтардағы тырнақтар қалпына келуі үшін әдетте, сәйкесінше, 3-тен 6 айға дейін және 6-дан 12 айға дейін қажет болады. Дегенмен, өсу жылдамдығында әртүрлі адамда және жасқа байланысты едәуір айырмашылықтары болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда ұзаққа созылған созылмалы инфекцияларды емдеу ойдағыдай аяқталғаннан кейін тырнақтар деформацияланған күйінде қалады.
Ұзаққа созылған нейтропениясы бар пациенттерде кандидоздық инфекциялардың профилактикасы: 200 - 400 мг. Емдеуді күтілген нейтропенияның пайда болуынан бірнеше күн бұрын бастаған және нейтрофилдер саны мм3-ге шаққанда 1000 жасушаға артқаннан кейін 7 күн бойы жалғастырған жөн.
Балаларға 6 жастан бастап.
Шырышты қабықтардың кандидозында – тәулігіне 1 кг дене салмағына шаққанда 3-6 мг, кем дегенде 3 апта;
Жүйелік кандидоздарда – 10-12 апта бойы тәулігіне 1 кг дене салмағына шаққанда 6-12 мг (ликворда қоздырғыштардың жоқтығы зертханалық айғақталғанға дейін).
Балалар үшін тәуліктік доза ересектерге арналған дозадан аспауы тиіс, емдеу ұзақтығы препараттың клиникалық және зертханалық тиімділігімен анықталады.
Егде жастағы пациенттер:
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі жоқ болғанда препаратты әдеттегі дозада қолданады. Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар егде жастағы пациенттер үшін бір реттік қолданғанда дозаны өзгерту қажет болмайды. Қайталап қолданғанда препаратты бастапқы 50-ден 400 мг-ге дейінгі дозада тағайындайды. Осыдан кейін тәуліктік дозаны (креатинин клиренсінің көрсеткіштеріне байланысты) кесте бойынша белгілейді:
Креатинин клиренсі, мл/мин | Ұсынылатын дозалардың пайызы |
>50 |
100 % |
≤50 (диализсіз) |
50 % |
Ұдайы диализде жүрген науқастар |
Әрбір диализден кейін бір доза |
Доза және емдеу ұзақтығы жекелей белгіленеді.
Жағымсыз әсерлері
Барлық жағымсыз әсрлер пайда болу жиілігіне сәйкс берілген: жиі ( ≥ 1/100-ден < 1/10 дейін), жиі емес ( ≥ 1/1000-нан < 1/100 дейін), сирек (≥ 1/10 000-нан < 1/1000 дейін).
Жиі
- бас ауыру
-
іштің ауыруы, жүректің айнуы, құсу, диарея
-
аланинаминотрансфераза (АЛТ) деңгейінің артуы, аспартатаминотрансфераза (АСТ) деңгейінің жоғарылауы, қандағы сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы
-
бөртпе
Жиі емес
- анемия
- тәбеттің төмендеуі
-
ұйқышылдық, ұйқысыздық
-
құрысулар, парестезия, бас айналу, дәмнің бұзылуы
-
вертиго
-
іш қату, диспепсия, метеоризм, ауыздың кеберсуі
-
холестаз, сарғаю, билирубин деңгейінің жоғарылауы
-
қышыну, дәрілік бөртпе (тұрақты дәрі-дәрмектік бөртпені қоса), есекжем, қатты тершеңдік
-
миалгия
-
қатты қажығыштық, дімкәстік, астения, қызба
Сирек
-
агранулоцитоз, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения
-
анафилаксия
-
гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, гипокалиемия
-
тремор
-
көп формалы қарыншалық пароксизмальді тахикардия, QT аралығының ұзаруы
-
бауыр функциясының жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлық некроз, гепатит, гепатоцеллюлярлық зақымданулар
-
уытты эпидермальді некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, жйылған жедел экзантематоздық пустулез, эксфолиативті дерматит, ангионевроздық ісіну, беттің ісінуі, алопеция (шаштың түсуі)
Бала пациенттер
Бала пациенттерде, генитальді кандидозды қоспағанда, клиникалық зерттеу кезінде тіркелген жағымсыз реакциялардың сипаты және жиілігі, сондай-ақ зертханалық көрсеткіштердің қалыптан ауытқулары ересек пациенттердегі осындайларға ұқсас.
Болжамды жағымсыз реакциялар жөніндегі мәлімдемелерді мәлімдеу
Дәрілік препаратты тіркегеннен кейін жағымсыз әсерлері жөніндегі мәліметтерді мәлімдеу препаратты қолданудың пайдасы мен қаупі арақатынасына мониторинг үшін маңызды мәнге ие. Кез келген жағымсыз реакцияларды барлық медициналық қызметкерлер және пациенттер медициналық қолдану жөніндегі осы нұсқаулықтың соңындағы мекенжайға және телефондарға мәлімдегені жөн.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- флуконазолға, құрылысы флуконазолға ұқсас азольді заттарға немесе препараттың қосымша заттарының кез келгеніне жоғары сезімталдық
- флуконазолды тәулігіне 400 мг және көбірек дозаларда көп реттік қолдану кезінде терфенадинді бір мезгілде қабылдау
- QT аралығын ұзартатын және Р-450 CYP3A4 цитохромы арқылы метаболизденетін, мысалы, цизаприд, астемизол, пимозид, хинидин, амиодарон және эритромицин сияқты дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдау
- жүктілік және лактация кезеңі
- 6 жасқа дейінгі балалар
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Келесі дәрілік препараттармен бір мезгілде қолдануға болмайды
Цизаприд: флуконазол мен цизапридті бір мезгілде қолданғанда жүрек тарапынан жағымсыз реакциялар, соның ішінде «пируэт» типті қарыншалық тахисистолалық аритмия (torsade de pointеs) болуы мүмкін. Флуконазолды тәулігіне 1 рет 200 мг дозада және цизапридті тәулігіне 4 рет 20 мг дозада қолдану цизапридтің плазмалық концентрациясының айқын артуына және ЭКГ-де QT аралығының ұзаруына әкеледі. Цизапридті және флуконазолды бір мезгілде қолдануға болмайды.
Терфенадин: зеңге қарсы азольді заттарды және терфенадинді бір мезгілде қолданғанда QT аралығының артуы нәтижесінде күрделі аритмиялар пайда болуы мүмкін. Флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада қабылдағанда QT аралығының артуы анықталған жоқ, алайда флуконазолды тәулігіне 400 мг және одан жоғары дозаларда қолдану қан плазмасындағы терфенадин концентрациясының едәуір артуын туындатады. Флуконазолды тәулігіне 400 мг және одан жоғары дозаларда терфенадинмен бір мезгілде қабылдауға болмайды («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз). Тәулігіне 400 мг-ден аз дозалардағы флуконазолды терфенадинмен үйлестіріп емдеуді мұқият бақылай отырып жүргізген жөн.
Астемизол: флуконазолды астемизолмен немесе метаболизмі Р450 цитохромы жүйесімен жүзеге асырылатын басқа препараттармен бір мезгілде қолдану осы дәрілердің сарысулық концентрацияларының жоғарылауымен қатар жүруі мүмкін. Қан плазмасындағы астемизолдың жоғары концентрациялары QT аралығының ұзаруына және кейбір жағдайларда тахисистолалық «пируэт» типті қарыншалық аритмияның (torsade de pointеs) дамуына әкелуі мүмкін. Астемизолды және флуконазолды бір мезгілде қолдануға болмайды.
Пимозид және хинидин. Флуконазолды және пимозидті немесе хинидинді бірге қолдану пимозид немесе хинидин метаболизмінің бәсеңдеуіне әкеп соғуы мүмкін. Қан плазмасында пимозид немесе хинидин концентрацияларының жоғарылауы QТ аралығының ұзаруын туындатуы және сирек жағдайларда «пируэт» типті пароксизмальді қарыншалық тахикардияның дамуына әкелуі мүмкін. Флуконазолды және пимозидті немесе хинидинді бір мезгілде қолдануға болмайды.
Эритромицин: флуконазолды және эритромицинді бір мезгілде қолдану кардиоуыттылықтың (QT аралығының ұзаруы, torsade de pointеs) даму қаупінің жоғарылауына және, осының салдарынан, потенциалды түрде жүректен кенет өліп кетуге әкелуі мүмкін. Флуконазолды және эритромицинді бір мезгілде қолдануға болмайды.
Амиодарон: флуконазолды амиодаронмен бір мезгілде қолдану амиодарон метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Амиодаронды қолдану QT аралығының ұзаруымен қатар жүрді. Флуконазолды амиодаронмен бір мезгілде қолдануға болмайды.
Келесі дәрілік препараттармен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды
Галофантрин: Флуконазол CYP3A4 ферментінің тежегіш әсері бар болғандықтан, галофантриннің плазмалық концентрациясын арттыруы мүмкін. Флуконазолды және галофантринді бір мезгілде қолдану кардиоуыттылықтың потенциалды қаупін арттырады (QT аралығының ұзаруы, көп формалы қарыншалық пароксизмальді тахикардия) және, соның салдары ретінде, жүректен кенеттен өліп кетуді ұлғайтады. Бұл біріктірілімге жол бермеген жөн.
Келесі дәрілік препараттармен бір мезгілде қолдану сақтықты және олардың дозаларын түзетуді қажет етеді
Басқа дәрілік препараттардың флуконазолға ықпалы
Рифампицин: флуконазолды және рифампицинді бір мезгілде қолдану AUC мәнінің 25%-ға төмендеуіне және флуконазолдың жартылай шығарылу кезеңінің 20%-ға қысқаруына әкеледі. Рифампицинді бірге қабылдап жүрген пациенттерде флуконазолдың дозасын арттырған жөн.
Өзара әрекеттесуіне жүргізілген зерттеулер тамақпен, циметидинмен, антацидтермен флуконазолды пероральді түрде қабылдау және кейіннен сүйек кемігін ауыстырып салғанда организмнің тотальді сәулелендіру флуконазолдың сіңуінің клиникалық тұрғыдан маңызды нашарлауына әкелмейтіндігін көрсетті.
Гидрохлортиазид: фармакокинетикалық өзара әрекеттесуге жүргізілген зерттеулерде флуконазол қабылдаған дені сау еріктілерде гидрохлортиазидтің бірнеше дозаларын бір мезгілде қолдану қан плазмасындағы флуконазолдың концентрациясын 40%-ға арттырды. Осылай әсер еткен кезде бір мезгілде диуретиктерді қабылдап жүрген пациенттерде флуконазолды қабылдау режимін өзгерту қажет болмайды.
Флуконазолдың басқа дәрілік препараттарға ықпалы
Флуконазол P – 450 цитохромы CYP2C9 изоферментінің күшті тежегіші және CYP3A4 изоферментінің орташа тежегіші болып табылады. Флуконазол сондай-ақ CYP2C19 изоферментін де тежейді. Сондай-ақ CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 ферменттерімен метаболизденетін және Флуконазолмен бір мезгілде қолданылатын басқа құрамдас заттардың плазмалық концентрацияларының арту қаупі бар. Сондықтан осы препараттарды абайлап біріктірген жөн, және пациенттер дәрігердің мұқият бақылауында болуы тиіс. Флуконазолдың ферменттерге тежегіш әсері осы препаратпен емдеуді тоқтатқаннан кейін де, оның жартылай шығарылу кезеңі ұзақ болғандықтан, 4 - 5 күн бойы жалғасады.
Алфентанил: Флуконазолды (400 мг) және вена ішіне алфентанилді (20 мкг/кг) бір мезгілде қолдану барысында дені сау еріктілерде алфентанилдің AUC10 мәні 2 есе жоғарылайды, бұл CYP3A4 ферментінің тежелуіне байланысты болуы мүмкін. Алфентанилдің дозасын түзету қажеттілігі туындауы мүмкін.
Амитриптилин, нортриптилин: Флуконазол амитриптилиннің және нортриптилиннің әсерін күшейтеді. 5 – нортриптилиннің және(немесе) S – амитриптилиннің концентрациясын қатарласқан емдеуді бастар алдында және одан кейін бір аптадан соң өлшеуге болады. Қажет болғанда амитриптилиннің немесе нортриптилиннің дозаларына түзету жүргізген жөн.
В амфотерицин: Флуконазолды және В амфотерицинді бір мезгілде қолдану келесі нәтижелерді: C. Albicans тудырған туындаған жүйелік инфекцияларда зеңге қарсы әлсіз аддитивтік әсерді, Cryptococcus neoformans әсерінен туындаған бассүйекішілік инфекцияларда ешқандай өзара әрекеттесулердің болмағанын, Aspergillus fumigatus туындатқан жүйелік инфекцияларда екі препараттың антагонизмін көрсетеді.
Антикоагулянттар. Зеңге қарсы басқа азольді заттарды қолданған кездегідей, флуконазолды және варфаринді бір мезгілде қабылдағанда протромбин уақытының артуымен біріккен қан кетулердің (гематомалар, мұрыннан қан кету, асқазан-ішектік қан кетулер, гематурия және мелена) дамығаны жөнінде мәлімделді. Флуконазолды және варфаринді бір мезгілде қолданғанда, СYР2С9 арқылы варфарин метаболизмінің бәсеңдеуі салдарынан, протромбин уақытының екі есе артқаны білінді. Кумарин қатарының антикоагулянттарын бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде протромбин уақытын мұқият бақылаған жөн. Варфариннің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Бензодиазепиндер (қысқа әсерлі) (мидазолам, триазолам): мидазоламды пероральді түрде қабылдаудан кейін Флуконазол мидазолам концентрациясының елеулі жоғарылауына және психомоторлы әсерлерге әкеледі. 200 мг Флуконазолды және 7,5 мг мидазоламды бір мезгілде пероральді түрде қабылдау мидазоламның AUC мәндерінің жоғарылауына және жартылай шығарылу кезеңінің 3,7 және 2,2 есеге ұзаруына әкеледі. 200 мг Флуконазолды 0,25 мг триазоламмен бірге күн сайын пероральді түрде қабылдау триазоламның AUC мәндерінің және жартылай шығарылу кезеңінің 4,4 және 2,3 есеге жоғарылауына әкеледі. Флуконазолды және триазоламлы бір мезгілде қолданғанда триазолам әсерінің күшеюі және созылуы байқалады. Флуконазол қабылдап жүрген пациенттерді бензодиазепинмен қатар емдеу қажет болған жағдайда бензодиазепиннің дозасын азайту және пациенттерге тиісінше бақылау жүргізу керек.
Карбамазепин: Флуконазол карбамазепиннің метаболизмін тежейді және соңғысының қан сарысуындағы концентрациясын 30%-ға арттырады. Карбамазепиндік уыттылықтың даму қаупі бар. Концентрациясының көрсеткіштеріне немесе әсеріне байланысты карбамазепиннің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Кальций өзектерінің блокаторлары: кальций өзектерінің кейбір антагонистері (нифедипин, исрадипин, амлодипин, верапамил және фелодипин) CYP3A4 ферментімен метаболизденеді. Флуконазол кальций өзектерінің антагонистерінің жүйелік әсерін едәуір арттыруы мүмкін. Препараттардың жағымсыз әсерлерін жиі бақылау ұсынылады.
Целекоксиб: Флуконазолмен (тәулігіне 200 мг) және целекоксибпен (200 мг) қатар емдеу кезінде, целекоксибтің Cmax және AUC мәндері 68%-ға және 134%-ға артады. Флуконазолмен біріктіру үшін целекоксиб дозасының жартысы қажет болуы мүмкін.
Циклофосфамид: циклофосфамидпен және Флуконазолмен біріктіріп емдеу қан сарысуында билирубин және креатинин деңгейлерінің жоғарылауына әкеледі. Біріктірілім қан сарысуында билирубин және креатинин деңгейлерінің арту қаупі пайда болғанға дейін пайдаланылуы мүмкін.
Фентанил: фентанил мен флуконазолдың өзара әрекеттесуінен туындауы мүмкін бір өліммен аяқталу жағдайы тіркелді. Бұдан басқа, дені сау еріктілерде Флуконазол фентанилдің элиминациясын едәуір кідіртетінін көрсетті. Фентанилдің жоғары концентрациялары тыныс алу функциясының жеткіліксіздігіне әкеп соғуы мүмкін, сондықтан пациенттерді тыныс алудың тарылу қаупінің ықтималдылығы тұрғысынан мұқият бақылаған жөн. Фентанилдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Гидроксиметилглутарил – А коферменті - редуктазаның (ГМГ – КоA - редуктазаның) тежегіштері: Флуконазолды CYP3A4 арқылы метаболизденетін аторвастатин және симвастатин сияқты, немесе CYP2C9 арқылы метаболизденетін флувастатин сияқты ГМГ-КоA-редуктазаның тежегіштерімен бір мезгілде тағайындаған кезде миопатияның және қаңқа бұлшықеттерінің жедел некрозының (рабдомиолиз) даму қаупі ұлғаяды. Қатар емдеу қажет болған кезде пациент дәрігерде миопатия және рабдомиолиз симптомдарының пайда болуына қатысты бақылануы тиіс, сондай-ақ креатинкиназа деңгейіне бақылау жүргізілуі тиіс. Егер креатинкиназа деңгейінің едәуір жоғарылауы байқалса, немесе егер миопатияның немесе рабдомиолиздің дамуы диагностикаланса немесе оған күдіктенсе, ГМГ- КоA-редуктаза тежегіштерін қабылдауды тоқтатқан жөн.
Иммунодепрессанттар (циклоспорин, эверолимус, сиролимус және такролимус)
Циклоспорин: Флуконазол циклоспориннің концентрациясын және AUC мәнін едәуір арттырады. Флуконазолмен (тәулігіне 200 мг дозада) және циклоспоринмен (тәулігіне 2,7 мг/кг дозада) циклоспориннің AUC мәндерінің 1,8 есе жоғарылағаны байқалды. Препараттардың бұл элиминациясын, концентрациясына байланысты циклоспориннің дозасын төмендете отырып, пайдалануға болады.
Эверолимус: Флуконазол CYP3A4 ферментінің тежелуіне байланысты, қан сарысуындағы эверолимустың концентрациясын арттыруы мүмкін.
Сиролимус: Флуконазол сиролимустың плазмалық концентрациясын, шамамен, сиролимустың метаболизмін CYP3A4 және Р-гликопротеин арқылы тежеу жолымен арттырады. Бұл біріктірілім сиролимустың дозасын әсеріне және концентрациясының көрсеткіштеріне байланысты түзеткен кезде пайдаланылуы мүмкін.
Такролимус: Флуконазол пероральді түрде қолданғанда такролимустың концентрациясын ішекте CYP3A4 ферментінің тежелуі салдарынан такролимустың метаболизмінің тежелуі себебінен 5 есеге дейін арттыруы мүмкін. Такролимусты вена ішіне қолданған кезде елеулі фармакокинетикалық өзгерулер байқалған жоқ. Такролимус деңгейінің жоғарылауы нефроуыттылықтың дамуына әкелді. Пероральді түрде қолданғанда такролимустың дозасын оның концентрациясына байланысты азайтқан жөн.
Лозартан: Флуконазол лозартанның оның белсенді метаболитіне (Е - 3174) метаболизмін тежейді, ол лозартанмен емдеу кезінде ангиотензин II рецепторларының антагонизмінің үлкен бөлігі үшін жауап береді. Пациенттердің артериялық қысымы ұдайы бақылануы тиіс.
Метадон: Флуконазол қан сарысуында метадонның концентрациясын арттыруы мүмкін. Метадонның дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): Флуконазолмен бір мезгілде тағайындағанда, флурбипрофенмен монотерапиямен салыстырғанда, флурбипрофеннің Cmax және AUC мәндері 23%-ға және 81%-ға артады. Осыған ұқсас, Флуконазол ибупрофеннің (400 мг) рацемиялық қоспасымен бір мезгілде тағайындалғанда, соңғысының монотерапиясымен салыстырғанда, фармакологиялық тұрғыдан белсенді (S - (+) - ибупрофен) изомерінің Cmax және AUC мәндері 15%-ға және 82%-ға артады.
Флуконазол CYP2C9 арқылы метаболизденетін басқа ҚҚСП (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) жүйелік әсерін арттыруы мүмкін. ҚҚСП-пен байланысты жағымсыз әсері мен уыттылығына жиі мониторинг ұсынылады. ҚҚСП дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Пероральді контрацептивтер: Флуконазолдың 50 мг дозасының гормондардың деңгейіне ешқандай да елеулі ықпалы байқалған жоқ, ал сол кезде тәуліктік 200 мг дозада этинилэстрадиолдың және левоноргестрелдің AUC (концентрация – уақыт қисығы астындағы аудан) мәндері 40%-ға және 24%-ға артты. Сондықтан Флуконазолды жоғарыда көрсетілген дозаларда көп реттік қолдану ұрықтануға қарсы біріктірілген пероральді препараттардың тиімділігіне ықпалын тигізбейді.
Ивакафтор: ивакафтормен, муковисцидозда трансжарғақшалық өткізгіштіктің (CFTR) реттеуші генінің стимуляторымен бір мезгілде қолдану ивакафтордың әсер ету деңгейін 3 есеге, ал гидроксиметил – ивакафтордың (M1) әсер ету деңгейін 1,9 есеге арттырады. Флуконазол және эритромицин сияқты CYP3A орташа тежегіштерін бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерге ивакафтордың дозасын тәулігіне бір реттік 150 мг-ге дейін төмендету ұсынылады.
Фенитоин: флуконазол фенитоинның бауырлық метаболизмін тежейді. Вена ішіне флуконазолды 200 мг дозада және фенитоинды 250 мг дозада бір мезгілде көп реттік қолдану фенитоинның AUC24 мәнінің 75%-ға және Cmin мәнінің 128%-ға жоғарылауына әкелді. Бір мезгілде қолданғанда фенитоинның уыттылық көріністеріне жол бермеу үшін қан сарысуындағы фенитоин концентрациясының деңгейі тексерілуі тиіс.
Преднизон: бауыр трансплантациясынан кейін, преднизонмен ем қабылдаған пациентте флуконазолмен үш ай емдеуді тоқтатқаннан кейін бүйрекүсті безі қыртысы функциясының жедел жеткіліксіздігі дамыған жағдай тіркелді. Флуконазол қабылдауды тоқтату CYP3A4 ферменті белсенділігінің артуына әкеледі деп болжам жасалады, бұл өз кезегінде преднизон метаболизмінінің күшеюін туындатты. Флуконазолмен және преднизонмен ұзақ ем қабылдаған пациенттерді, флуконазол қабылдауды тоқтатқаннан кейін, бүйрекүсті безі қыртысы функциясы жеткіліксіздігінің дамуы тұрғысынан бақылаған жөн.
Рифабутин: флуконазолмен бір мезгілде қолдану қан сарысуында рифабутиннің AUC шамасының 80%-ға дейін жоғарылауына әкеледі. Флуконазол мен рифабутин бір мезгілде тағайындалған пациенттерде увеиттің даму жағдайлары жөнінде мәлімделді. Рифабутин мен Флуконазолды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде рифабутиннің уыттылық көріністерінің симптомдарына қатысты жағдайды мұқият бақылау қажет.
Саквинавир: Флуконазол ферменттердің қатысуымен саквинавирдің AUC және Cmax мәндерін, CYP3A4 ферментінің қатысуымен саквинавирдің бауырлық метаболизмінің тежелуіне, сондай-ақ P-гликопротеиннің тежелуіне байланысты, сәйкесінше, шамамен 50%-ға және 55%-ға арттырады. Саквинавирмен/ритонавирмен өзара әрекеттесуі зерттелген жоқ және ол айқынырақ болуы мүмін. Саквинавирдің дозасын түзету қажеттілігі туындауы мүмкін.
Сульфонилмочевина препараттары: флуконазол сульфонилмочевинаның пероральді препараттарын (мысалы, хлорпропамид, глибенкламид, глипизид, толбутамид) бір мезгілде қабылдағанда қан плазмасынан жартылай шығарылу кезеңін ұзартады. Қандағы глюкозаны және сульфонилмочевина дозасының тиісінше азаюын жиі бақылау ұсынылады.
Теофиллин: флуконазолды 200 мг-ден 14 күн бойы қабылдау теофиллин клиренсінің орташа жылдамдығының 18%-ға төмендеуіне әкеледі. Флуконазол мен теофиллинді жоғары дозаларда қабылдап жүрген пациенттерді, немесе теофиллиннің уыттылық әсерінің жоғары қаупі бар пациенттерді, теофиллиннің артық дозалану симптомдарын дер кезінде анықтау мақсатында, мұқият бақылау қажет; олар пайда болған жағдайда емдеуді тиісінше өзгерткен жөн.
Қабыршөп алкалоидтары: флуконазол қабыршөп алкалоидтарының (мысалы, винкристин және винбластин) плазмалық деңгейлерін арттыруы және, CYP3A4-ке тежегіш әсер етуіне байланысты, нейроуыттылыққа әкеп соғуы мүмкін.
А дәрумені: транс-ретиной қышқылымен (А дәруменінің қышқыл түрі) және флуконазолмен біріктірілген емделуден өткен пациенттің клиникалық жағдайын біреуін сипаттағанда, ОЖЖ тарапынан идиопатиялық бассүйекішілік гипертензия түріндегі жағымсыз әсерлердің дамығаны тіркелген, ол Флуконазол қабылдауды тоқтатқаннан кейін жоғалған. Бұл біріктірілімді пайдалануға болады, бірақ ОЖЖ-мен байланысты жағымсыз әсерлерді анықтау мақсатында пациенттерді бақылауға алған жөн.
Зидовудин: пероральді түрде қабылдаған кезде зидовудин клиренсінің шамамен 45%-ға төмендеуіне байланысты, флуконазол зидовудиннің Cmax және AUC мәндерін 84%-ға және 74%-ға арттырады. Зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі флуконазолмен біріктірілген емнен кейін шамамен 128%-ға ұзарады. Осы біріктірілімді қабылдаған пациенттер зидовудинді қабылдауға байланысты жағымсыз реакцияларды анықтау мақсатында бақылануы тиіс. Зидовудиннің дозасын азайту қажет болуы мүмкін.
Азитромицин: зерттеу деректері бойынша, флуконазол және азитромицин арасында елеулі фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.
Вориконазол (CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 тежегіші): пероральді вориконазолды (1-ші күні әрбір 12 сағат сайын 400 мг, содан кейін 2,5 күн бойы әрбір 12 сағат сайын 200 мг) және пероральді Флуконазолды (1–ші күні 400 мг, содан кейін 4 күн бойы әрбір 24 сағат сайын 200 мг) бір мезгілде қолдану вориконазол концентрациясының және AUC мәнінің, сәйкесінше, орта есеппен 57%-ға (90% C1: 20%, 107%) және 79%-ға (90% CI: 40%, 128%) артуына әкелді. Вориконазол мен флуконазолды кез келген дозада бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды. Вориконазолды флуконазолдан кейін бірден қолданған жағдайда вориконазолды қолданумен байланысты жағымсыз құбылыстарға мониторинг жасауды жүзеге асыру ұсынылады.
Айрықша нұсқаулар
-
Емдеуді аурудың клинико-гематологиялық ремиссиясы пайда болғанға дейін жалғастыру қажет. Емдеуді мезгілінен ерте тоқтату аурудың қайталануына әкеледі. Емдеуді сеппе немесе басқа да зертханалық талдау нәтижелері алынғанға дейін бастауға, кейіннен зерттеулерден алынған нәтижелер бойынша фунгицидтік емдеуді түзетуге болады.
-
Емдеу барысында қан көрсеткіштерін, бүйрек және бауыр функциясын бақылау қажет. Бүйрек және бауыр функцияларының бұзылулары пайда болған жағдайда препарат қабылдауды тоқтатқан жөн.
-
Дерматофития. Балаларда дерматофитияны емдеу үшін флуконазолды зерттеу нәтижелеріне сәйкес, флуконазолдың тиімділігі гризеофульвиндегі осындайдан аспайды, және тиімділігінің жалпы көрсеткіші 20%-дан азды құрайды. Сондықтан препаратты дерматофитияны емдеу үшін қолданбаған жөн.
-
Криптококкоз. Орналасуы басқаша криптококкоздарды (мысалы, өкпе криптококкозын және тері криптококкозын) емдеу үшін флуконазолдың тиімділігіне айғақтамалар жеткіліксіз, сондықтан мұндай ауруларды емдеу үшін дозалануы жөнінде нұсқаулар жоқ.
-
Терең эндемиялық микоздар. Эндемиялық микоздардың, мысалы, паракокцидиоидомикоз, гистоплазмоз және тері-лимфалық споротрихоз сияқты басқа түрлерін емдеу үшін флуконазолдың тиімділігіне айғақтамалар жеткіліксіз, сондықтан мұндай ауруларды емдеу үшін дозалануы жөнінде нұсқаулар жоқ.
-
Несеп шығару жүйесі. Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде препаратты сақтықпен қолданған жөн («Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімін қраңыз).
-
Гепатобилиарлық жүйе. Бауыр функциясы бұзылған пациенттерде препаратты сақтықпен қолданған жөн. Флуконазолды қолдану, негізінен, ауыр негізгі аурулары бар пациенттерде, өліммен аяқталуды қоса, ауыр гепатоуыттылықтың сирек жағдайларының пайда болуымен астасты. Гепатоуыттылық флуконазолды қолданумен астасқан жағдайларда, оның препараттың жалпы тәуліктік дозасына, емдеу ұзақтығына, пациенттің жынысына немесе жасына айқын байланыстылығы байқалған жоқ. Әдетте флуконазолдан туындаған гепатоуыттылық қайтымды, ал оның көрініс беруі емдеуді тоқтатқаннан кейін жоғалады.
-
Флуконазолды қолданған кезде бауырдың функциональді сынамалары нәтижелерінің ауытқулары білінетін пациенттерді бауырдың өте ауыр зақымдарының дамуына қатысты мұқият бақылаған жөн.
-
Пациент бауырға күрделі әсер етуге жетелейтін симптомдар (атап айтқанда, астения, тәбеттің болмауы, жүректің үнемі айнуы, құсу және сарғаю жөнінде) жөнінде хабардар болуы тиіс. Мұндай жағдайда флуконазол қолдануды дереу тоқтатқан және дәрігерден кеңес алған жөн.
-
Жүрек-қантамыр жүйесі. Кейбір азолдар, соның ішінде флуконазол, электрокардиограммада QТ аралығының ұзаруымен астасады. Флуконазолды қолданған кезде QТ аралығы ұзаруының және «пируэт» типті пароксизмальді қарыншалық тахикардияның өте сирек жағдайлары жөнінде мәлімделді. Мұндай мәлімдемелер жүректің құрылымдық аурулары, электролиттік алмасудың бұзылуы және QТ аралығына ықпалын тигізетін басқа дәрілік заттарды бір мезгілде қолдану сияқты күрделі қауіп факторлары бар ауыр науқастанған пациенттерге қатысты болды.
-
Препаратты аритмияның даму қаупін бар пациенттерге сақтықпен қолданған жөн. QТс аралығын ұзартатын және Р450 цитохромының СYР3А4 ферментінің жәрдемімен метаболизденетін дәрілік заттармен бір мезгілде қолдануға болмайды.
-
Галофантрин. Галофантрин СYР3А4 ферментінің субстраты болып табылады және ұсынылған емдік дозаларда қолданғанда QТс аралығын ұзартады. Галофантрин мен флуконазолды бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
-
Дерматологиялық реакциялар. Флуконазолды қолданған кезде Стивенс-Джонсон синдромы және уыттық эпидермальді некролиз сияқты эксфолиативтік тері реакцияларының дамығаны жөнінде сирек мәлімделді. ЖИТС-ке шалдыққан пациенттер көп дәрілік заттарды қолданғанда ауыр тері реакцияларының дамуына бейім болады. Егер беткейлік зеңдік инфекциялары бар пациентте бөртпелер пайда болса, бұл флуконазолды қолданумен астасуы мүмкін, препаратты әрі қарай қабылдауды тоқтатқан жөн. Егер инвазиялық/жүйелік зеңдік инфекциясы бар пациентте теріде бөртпелер пайда болса, оның жағдайын мұқият бақылау керек, ал буллездік бөртпелер немесе полиморфтық эритема дамыған жағдайда флуконазол қолдануды тоқтатқан жөн.
-
Аса жоғары сезімталдық. Сирек жағдайларда анафилаксиялық реакциялардың дамығаны жөнінде мәлімделді.
-
Р450 цитохромы. Флуконазол СYР2С9 ферментінің күшті тежегіші және СYР3А4 ферментінің орташа тежегіші болып табылады. Сондай-ақ флуконазол СYР2С19 ферментінің де тежегіші болып табылады. Флуконазолды және СYР2С9, СYР2С19 және СYР3А4 қатысуымен метаболизденетін, емдік аясы тар прпараттарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттердің жағдайын бақылап отырған жөн.
-
Терфенадин. Терфенадинді және флуконазолды тәулігіне 400 мг-ден аз дозаларда бір мезгілде қолданғанда пациенттің жағдайын мұқият бақылауға алу керек.
Жүктілік немесе лактация кезеңінде қолданылуы
Жүктіліктің І триместрінде бірнеше жүздеген жүкті әйелдерге флуконазолды әдеттегі (тәулігіне < 200 мг) дозаларда бір реттік немесе қайталап қолданған кезде алынған деректер ұрыққа жағымсыз әсерді көрсеткен жоқ. Аналары кокцидиоидозды емдеу үшін флуконазолды жоғары (тәулігіне 400-800 мг) дозаларда 3 ай бойы немесе одан көбірек қабылдаған жаңа туған нәрестелерде көптеген туа біткен патологиялар (брадифренияны, құлақ қалқанының дисплазиясын, алдыңғы еңбектің шамадан тыс ұлғаюын, санның қисаюын, иық-шынтақ синостозын қоса) жөнінде мәлімделді. Флуконазолды қолдану мен осы жағдайлар арасындағы байланыс анықталған жоқ.
Жануарларға жүргізілген зерттеулер тұқым өрбіту уыттылығын көрсетті.
Аса қажет жағдайлардан басқасында, жүктілік кезеңінде флуконазолдың әдеттегі дозаларын және қысқа мерзімдік курстарын қолданбаған жөн.
Өмірге қауіп төндіретін инфекцияларды емдеуден басқасында, жүктілік кезеңінде флуконазолды жоғары дозаларда және/немесе ұзаққа созылатын курстарын қолданбау керек.
Флуконазол емшек сүтіне өтеді және, қан плазмасына қарағанда, өте төмен концентрацияға жетеді. Емшек емізуді флуконазолдың 200 мг немесе одан азды құрайтын әдеттегі дозасын бір реттік қолданудан кейін жалғастыруға болады.
Флуконазолды көп реттік немесе жоғары дозаларда қолданғанда емшек емізу ұсынылмайды.
Балалар
Препаратты 6 жастан бастап қолдануға болады.
Көлік құралын немесе потенциалды қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері
Көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне флуконазолдың ықпал етуіне қатысты зерттеулер жүргізілген жоқ. Флуконазолды қабылдау кезінде пациенттер бас айналуды немесе құрысу ұстамаларын бастан кешуі мүмкін, сондықтан осы симптомдардың кез келгені пайда болғанда автокөлік құралдарын басқаруға және механизмдермен жұмыс жасауға жол бермеген жөн.
Артық дозалануы
Флуконазолмен артық дозалану жөнінде мәлімдемелер бар; сонымен бір мезгілде елестеулер және параноидальді мінез-құлықтар жөнінде мәлімделді.
Артық дозалаған кезде симптоматикалық демеуші ем жүргізу және қажет болғанда асқазанды шаю қажет.
Флуконазол аздаған дәрежеде несеппен бірге шығарылады; қарқындатылған диурез препараттың шығарылуын тездетуі мүмкін. Ұзақтығы 3-4 сағаттық гемодиализ сеансы қан плазмасындағы флуконазолдың деңгейін шамамен 50%-ға төмендетеді.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 3 таблеткадан салынған.
Пішінді ұяшықты 1 қаптама медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
30 ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Пресайз Хемифарма Пвт. Лтд.
Гат№ 215/1, 215/2, Хатвад Фата, пост Талегаон,
Талука Диндори, Нашик ауданы – 422 202,
Махараштра, Үндістан
Тіркеу куәлігінің иесі
«Medical House «AKZHOL» ЖШС, Қазақстан
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, 050060, Витебская көшесі, 46 үй.
Тел.: 8/727/302-12-08
Факс: 8/727/302-16-55
e-mail: mh_akzhol@mail.ru
Тұтынушылардан дәрілік заттың сапасы жөніндегі шағымдарды (ұсыныстарды) Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын және тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның мекенжайы:
«Medical House «AKZHOL» ЖШС,
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, 050060, Витебская көшесі, 46 үй.
Тел.: 8/727/302-12-08
Факс: 8/727/302-16-55
e-mail: mh_akzhol@mail.ru