Тулип® (10 мг)

МНН: Аторвастатин
Производитель: Лек Фармасьютикалс д.д.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Atorvastatin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020738
Период регистрации в РК: 08.08.2019 - 08.08.2029
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 24.51 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Тулип®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Аторвастатин

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 10 мг, 20 мг, 40 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 10 мг, 20 мг, 40 мг аторвастатин (аморфты аторвастатин кальций түрінде),

қосымша заттар: ядро – микрокристалды целлюлоза, лактоза моногидраты, натрий кроскармеллозасы, гидроксипропилцеллюлоза, полисорбат 80, ауыр магний оксиді, коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты,

қабық – гипромеллоза, гидроксипропилцеллюлоза, титанның қостотығы

(E 171), макрогол 6000, тальк, темірдің (III) сары тотығы (Е 172) (20 мг және 40 мг доза үшін).

     

 

 

Сипаттамасы

Ақтан ақ дерлік түске дейінгі үлбірлі қабықпен қапталған, дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «HLA 10» өрнектелген таблеткалар (10 мг доза үшін).

Ашық-сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған, дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «HLA 20» өрнектелген таблеткалар (20 мг доза үшін).

Ашық-сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған, дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «HLA 40» өрнектелген таблеткалар (40 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Гиполипидемиялық препараттар. Гипохолестеринемиялық және гипотриглицеридемиялық препараттар. ГМГ КоА-редуктаза тежегіштері. Аторвастатин.

ATХ коды С10АА05

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Аторвастатин пероральді қабылдауда тез сіңіріледі. Плазмадағы ең жоғары концентрациясына (Смакс) 1 – 2 сағаттан кейін жетеді. Биожетімділігі 95-99% құрайды.

Таралуы

Аторвастатиннің орташа таралу көлемі шамамен 381 литрді құрайды. Аторвастатиннің 98% астамы қан плазмасындағы ақуыздармен байланысады.

Метаболизмі

Аторвастатин Р450 3А4 цитохромымен метаболизденеді.

Шығарылуы

Аторвастатин негізінен өтпен шығарылады. Аторвастатиннің жартылай шығарылу кезеңі (T½)— 14 сағ жуық, алайда T½ ГМГ-КоА-редуктазаға қатысты тежегіш әсері белсенді метаболиттер әсері арқылы 20–30 сағ құрайды.

Пациенттердің ерекше тобы

Егде жастағы пациенттер

Аторвастатиннің және оның белсенді метаболиттерінің қан плазмасындағы концентрациясының деңгейі жас адамдарға қарағанда егде жастағы пациенттерде жоғары. Алайда пациенттердің әртүрлі жас топтарында аторвастатиннің гиполипидемиялық тиімділігінде елеулі айырмашылық болмайды.

Балалар

Дене салмағы бойынша аллометриялық қайта есептеуде балалардағы болжамды жалпы клиренсі ересектердегі сондайға ұқсас. Аторвастатин мен о-гидроксиаторвастатинді қолданғанда ТТЛП холестерин мен жалпы холестериннің тұрақты төмендеуі бақыланған.

Бүйрек функциясы бұзылуы бар пациенттер

Бүйрек ауруы қан плазмасындағы препарат концентрациясы деңгейіне немесе аторвастатиннің және оның белсенді метаболиттерінің гиполипидемиялық тиімділігіне әсер етпейді.

Бауыр функциясы бұзылуы бар пациенттер

Алкоголь салдарынан болған созылмалы бауыр ауруы бар пациенттерде (Чайлд-Пью жіктеуі бойынша В класы) плазмалық концентрациясы елеулі жоғарылаған.

SLOC1B1 полиморфизмі

SLCO1B1 полиморфизмі бар пациенттерде аторвастатиннің экспозициясы ұлғаюының қаупі бар (AUC 2.4 есе артуымен), бұл рабдомиолиз даму қаупіне алып келуі мүмкін.

Фармакодинамикасы

Аторвастатин — 3-гидрокси-3-метилглютарил коэнзим А мевалон қышқылына айналуына қатысатын негізгі фермент - ГМГ-КоА редуктазаның селективті, бәсекелес тежегіші - холестеринді қоса, стеролдардың ізашары. Аторвастатин бауырда ГМГ-КоА-редуктаза мен холестерин синтезін бәсеңдету жолымен, сондай-ақ гепатоциттер жарғақшаларында тығыздығы өте төмен липопротеиндердің (ТӨТЛП) рецепторлар мөлшерін ұлғайту есебінен қан плазмасындағы холестерин мен липопротеиндер деңгейін төмендетеді, бұл тығыздығы өте төмен липопротеиндердің (ТӨТЛП) сіңуі мен катаболизмінің күшеюіне алып келеді.

Аторвастатин әсері нәтижесінде бір мезгілде ТЖЛП холестерин мен А-I аполипопротеин концентрациясы жоғарылай отырып, жалпы холестериннің концентрациясы 30-46%-ға, ТТЛП холестерин – 41-61%-ға, В аполипопротеин - 34-50%-ға және триглицеридтер - 14-33%-ға төмендейді, бұның жүрек-қан тамырлары оқиғаларының қаупін және жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлімді төмендететіні дәлелденген.

Аторвастатин гетерозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиямен немесе гиперхолестеринемияның ауыр түрінен зардап шегетін, 6-дан 17 жасқа дейінгі балаларда плацебо және колестиполмен салыстырғанда жалпы холестериннің, ТТЛП холестериннің, триглицеридтердің және В аполипопротеиннің деңгейін елеулі төмендеткен.

Қолданылуы

Гиперхолестеринемияда

Тулип алғашқы гиперхолестеринемия, оның ішінде тұқым қуалайтын гиперхолестеринемиясы (гетерозиготалық нұсқасы) немесе біріктірілген (аралас) гиперлипидемиясы (тиісінше Фредриксон жіктеуінің IIa және IIb типтері) бар ересектер, жасөспірімдер мен 10 жастағы және одан үлкен балаларда диета және басқа да дәрі-дәрмектік емес шаралардың нәтижесі жеткіліксіз болғанда жалпы холестериннің, ТТЛП холестерині, В аполипопротеин және триглицеридтердің жоғары деңгейін төмендету үшін диетаға қосымша ретінде көрсетілген.

Тулип сондай-ақ гомозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиясы бар пациенттерде жалпы холестерин мен ТТЛП холестеринін азайту үшін басқа гиполипидемиялық емге (мысалы, ТТЛП аферез) қосымша ретінде, немесе егер ондай ем қолжетімді болмаған жағдайда көрсетілімде.

Жүрек-қан тамырлары ауруларының профилактикасы

Басқа қауіп факторларын түзетуге қосымша ретінде алғашқы жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары қаупі бар пациенттерде жүрек-қан тамырлары ауруларының профилактикасында.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке қабылдауға арналған. Тулип препаратын тәулігіне бір рет кез келген уақытта тамақ ішуге байланыссыз қабылдау керек.

Ем басталғанға дейін және емнің барлық кезеңі бойына стандартты гипохолестеринді диета ұстану керек. Доза ТТЛП холестериннің бастапқы деңгейіне, емдеу мақсатына және пациенттің аторвастатинге сезімталдығына сәйкес жеке таңдалады.

Тулип препараты үшін ұсынылатын бастапқы доза тәулігіне бір рет 10 мг немесе 20 мг құрайды. ТТЛП холестерин деңгейін біршама (45%-дан астам) төмендетуге мұқтаж пациенттер емделуді тәулігіне бір рет 40 мг дозадан бастай алады. Тулип препараты дозаларының диапазоны тәулігіне бір рет 10 мг-ден 80 мг-ге дейінді құрайды.

Емді бастағаннан кейін және/немесе Тулип препаратының дозасын таңдаған кезде 2-4 апта бойы липидтер деңгейін талдау жасау және тиісті түрде дозаны түзету керек.

Алғашқы гиперхолестеринемия және біріктірілген (аралас) гиперлипидемия

Көптеген пациенттерде Тулип препаратының тәулігіне 10 мг дозасы тиімді болып табылады. Тулип препаратының ұсынылатын ең жоғары дозасы – тәулігіне 20 мг. Емдік әсеріне 2 апта ішінде жетеді, ең жоғары емдік әсеріне - 4 апта ішінде жетеді. Ұзақ емдегенде әсері сақталады.

Гетерозиготалы отбасылық гиперхолестеринемия

Тулип препаратын тәулігіне 1 рет 10 мг бастапқы дозада тағайындау ұсынылады. Дозаны жеке таңдайды және қажет болғанда тәуліктік дозасы 40 мг жеткенге дейін әрбір төрт апта сайын түзетеді, одан кейін дозаны ең жоғарысына дейін жоғарылатуға (тәулігіне 80 мг), болмаса 40 мг аторвастатинді (тәулігіне бір рет) өт қышқылының секвестрантымен біріктіруге болады.

Гомозиготалы отбасылық гиперхолестеринемия

Гомозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиясы бар пациенттер үшін тәуліктік доза 10-80 мг шамасында ауытқиды. Тулип® басқа да гиполипидемиялық дәрілермен (мысалы, ТТЛП-аферез) біріктірілімде немесе басқа дәрілерді пайдалану мүмкін болмағанда қолданылады.

Жүрек-қан тамыр ауруларының профилактикасы

Тулип препараты бастапқы профилактикалық емде тәулігіне 1 рет 10 мг дозада қолданылады. Қолданыстағы көрсетілген ұсынылымдарда ТТЛП холестерині мақсатты деңгейіне жету үшін аторвастатин дозасы арттырылуы мүмкін.

Бүйрек функциясы бұзылуы бар пациенттер

Доза түзету талап етілмейді.

Бауыр функциясы бұзылуы бар пациенттер

Бауыр функциясы бұзылуы бар пациенттерді емдеу үшін препаратты сақтықпен қолдану керек. Бауыр ауруының белсенді фазасында қолдануға болмайды.

Егде жастағы пациенттер

Тулип препаратын ұсынылған дозаларда қабылдағанда 70 жастан асқан пациенттердегі қауіптілігі мен тиімділігі жалпы популяциядағы осындайлардан айырмашылықсыз болады.

Педиатрияда қолданылуы

Гиперхолестеринемия

Тулип препараты тек балалардағы гиперлипидемияны емдеу тәжірибесі бар дәрігермен тағайындалады және ұдайы бақылауда болады.

10 жастағы және одан үлкен балалар: жеке жауап реакциясы мен көтерімділігіне қарай тәулігіне біртіндеп 20 мг дейін жоғарылатумен Тулип препаратының бастапқы тәуліктік дозасы 10 мг. Шамамен 0,5 мг/кг сәйкес келетін 20 мг астам доза қабылдаушы балалардағы Тулип препаратының қауіпсіздігі зерттелмеген.

Тулип препараты 10 жастан кіші балаларға қолданылмайды.

Қабылдауды жіберіп алған кезде Тулип препаратының дозасын екі еселеуге болмайды, жай ғана әдеттегі қабылдауға арналған уақытта келесісін ішу керек.

Циклоспорин, кларитромицин, итраконазол немесе белгілі протеаза тежегіштерін қабылдайтын пациенттер

Циклоспоринді, АИТВ протеаза тежегіштерін ( ритонавирмен бірге типранавир) немесе С гепатиті вирусы протеазасының тежегішін (телапревир) қабылдайтын пациенттерге Тулип препаратын тағайындауға болмайды. Лопинавирді ритонавирмен қабылдайтын АИТВ бар пациенттерге Тулип препаратын сақтықпен әрі қажетті дозаның ең төменгісін тағайындау керек. Кларитромицин немесе итраконазол қабылдайтын пациенттерге және саквинавирдің ритонавирмен, дарунавирдің ритонавирмен, фосампренавир немесе фосампренавирді ритонавирмен біріктіріп қабылдайтын АИТВ бар пациенттерге Тулип препаратының 20 мг дозасынан асыруға болмайды және Тулип препаратының ең төменгі қажетті дозасын қолдануға кепілдік болу үшін тиісті клиникалық бағалауды орындау ұсынылады. АИТВ протеазасының тежегішін – нелфинавирді немесе С гепатиті вирусы протеазасының тежегішін – боцепревирді қабылдайтын пациенттерге Тулип препаратының 40 мг дозасынан асыруға болмайды және Тулип препаратының ең төменгі қажетті дозасын қолдануға кепілдік болу үшін тиісті клиникалық бағалауды орындау ұсынылады.

Жағымсыз әсерлері

Жағымсыз әсерлер тізімі ағзалар жүйесі класына және біліну жиілігіне сәйкес берілген. Төмендегіше сипатталған жағдайлар жиілігіне сәйкес: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100-дан < 1/10 дейін) , жиі емес (≥1/1000-ден < 1/100 дейін), сирек (≥1/10000-дан < 1/1000 дейін), өте сирек (<1/10000) .

Жиі

- назофарингит

- аллергиялық реакциялар

- гипергликемия

- бас ауыруы

- жұтқыншақтың және көмейдің ауыруы, мұрыннан қан кету

- іш қатуы, метеоризм, диспепсия, жүрек айнуы, диарея, балалардағы іш ауыруы

- миалгия, артралгия, аяқ-қолдың ауыруы, бұлшықеттердің құрысуы, буындардың ісінуі, арқаның ауыруы

- бауыр функциясы қалыптан тыс көрсеткіштері, сарысулық креатинкиназа жоғарылауы, балалардағы аланинаминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы

Жиі емес

- гипогликемия, дене салмағының артуы, анорексия

- шым-шытырықтар, ұйқысыздық

- бас айналуы, парестезия, гипестезия, дәм сезу бұрмалануы, дисгевзия, амнезия

- көрудің бұлыңғырлануы

- құлақтағы шуыл

- құсу, іштің жоғарғы және төменгі жағындағы ауыру, кекіру, панкреатит

- гепатит

- есекжем, тері бөртпесі, қышыну, алопеция

- мойын ауыруы, бұлшықет шаршауы

-дімкәстік, астения, кеуденің ауыруы, шеткері ісінулер, қажу, қызба

- несептегі лейкоциттерге оң реакция

Сирек

- тромбоцитопения

- көрудің бұзылуы

- шеткері нейропатия

- холестаз

- Квинке ісінуі, буллезді дерматит, эритеманы, Стивенс-Джонсон синдромын және уытты эпидермальді некролизді қоса

- миопатия, миозит, рабдомиолиз, тендонопатия, кейде үзілумен асқынған

Өте сирек

- анафилаксия

- естімей қалу

- өліммен аяқталатын немесе өліммен аяқталмайтын бауыр жеткіліксіздігі

- гинекомастия

- ұмытшақтық, жадыны жоғалту, амнезия, сананың шатасуы

Белгісіз

  • иммунитетке байланысты некрозданған миопатия

Аторвастатинді қабылдау аясында (басқа да ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерін қабылдау аясындағыдай) препаратты тоқтатуды талап етпейтін сарысулық трансаминазалар деңгейінің транзиторлы елеусіз жоғарылауы мүмкін. Ол дозаға тәуелді және барлық жағдайларда қайтымды болды.

Кейбір статиндерді қолданғанда төмендегі жағымсыз реакциялар анықталған:

- жыныстық функция бұзылуы

- депрессия

- өкпенің интерстициальді зақымдануының өте сирек жағдайлары, әсіресе ұзақ емдегенде

- қант диабеті.

Қолжетімді деректерге сүйенгенде, балаларда жағымсыз әсерлердің ересектердегімен бірдей жиілігі, түрлері мен дәрежесі күтіледі. Балалардағы ең жиі жағымсыз әсерлер инфекциялар болды. Қазіргі уақытта балалар жасындағы пациенттердегі ұзақ ем кезіндегі қауіпсіздік туралы қолжетімді ақпарат шектеулі.

Болжамды жағымсыз әсерлер туралы мәлімдемелер

Дәрілік препаратты тіркеуден кейін анықталған болжамды жағымсыз әсерлер туралы мәліметтерді хабарлаудың мәні зор. Бұл дәрілік препараттың пайда мен қауіп арақатынасына мониторингті жалғастыруға мүмкіндік береді.

Медицина қызметкерлері мен пациенттерден кез келген жағымсыз әсерлер туралы осы медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтың соңында көрсетілген мекенжайға хабарлау сұралады.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • берілген дәрілік заттың белсенді затына немесе кез келген компоненттеріне жоғары сезімталдық,

  • бауырдың белсенді ауруы немесе сарысулық трансаминазаның қалыптың жоғарғы шегінен 3 еседен астам түсініксіз жоғарылауы.

  • жүктілікте, лактация кезеңінде және бала тууға қабілетті жастағы, контрацепцияның талапқа сай әдістерін пайдаланбайтын әйелдер

  • 10 жасқа дейінгі балалар

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Статиндермен емдеу кезіндегі миопатияның даму қаупі фиброй қышқылының туындыларын, липидтердің деңгейлерін модификациялайтын дозаларда ниацинді, циклоспоринді немесе CYP3A4 күшті тежегіштерін (мысалы, кларитромицинді, АИТВ протеазасының тежегіштерін және итраконазолды) бір мезгілде қолданғанда жоғарылайды.

CYP3A4 күшті тежегіштері

Аторвастатин Р450 3А4 (CYP3A4) цитохромымен метаболизденеді және тасымалдағыш протеиндер субстраты, ішінара OATP1B1 органикалық аниондарының бауырлық тасымалдағышы болып табылады. Аторвастатинді CYP3A4 тежегіштерімен немесе тасымалданатын ақуыздармен бір уақытта қолданғанда аторвастатиннің плазмалық концентрациясы ұлғаюына және миоглобинурия аясында бүйрек жеткіліксіздігінің салдарлы дамуы бар миопатиялар/рабдомиолиз дамуының жоғары қаупіне алып келуі мүмкін. Осыған ұқсас қауіп аторвастатин мен миопатияны индукциялауға ықпалды басқа да препараттарды, ішінара фибраттар, гемфиброзил, эзетимиб, ниацин, телапревир, немесе типранавир/ритонавир біріктірілімін бір уақытта тағайындағанда туындайды.

CYP3A4 тежегіштері

Аторвастатиннің плазмалық концентрациясының елеулі ұлғаюынан CYP3A4 цитохромының қуатты тежегіштерімен (мысалы, циклоспоринмен, телитромицинмен, кларитромицинмен, делавирдинмен, стирипентолмен, кетоконазолмен, вориконазолмен, итраконазолмен, позаконазолмен және АИТВ-протеаза тежегіштерімен, ритонавир, лопинавир, атазанавир, индинавир, дарунавир және тағы басқаларын қоса) үйлесімде қабылдаудан аулақ болу керек. Аторвастатиннің плазмалық концентрациясының ұлғаюы салдары жағымсыз реакциялар (диффуздық миалгия, креатинкиназа деңгейінің артуы, рабдомиолиз, жедел бүйрек жеткіліксіздігі) даму қаупі болып табылады

Егер жоғарыда аталған дәрілік препараттарды аторвастатинмен бірге қолданудан бас тарту мүмкін болмаса, аторвастатинның бастапқы және ең жоғары дозасын төмендетуді қарастыру керек және пациенттерге тиісті бақылау жүргізу керек. Кларитромицинмен пайдаланғанда аторвастатин дозасы 20 мг, ал итраконазолмен пайдаланғанда – 40 мг аспауы тиіс.

Эритромицин, дилтиазем, верапамил, флуконазол және амиодарон сияқты CYP3A4 цитохромының орташа тежегіштері де аторвастатиннің плазмалық концентрациясын ұлғайтуы мүмкін, сондықтан аторвастатиннің ең жоғары дозасын төмендету және клиникалық бақылау ұсынылады. Эритромицинді статиндермен біріктіргенде миопатия дамуының қаупі артады. CYP3A4 цитохромы тежегіштерімен емдеудің бастапқы сатысында және олардың дозасын түзеткенде дәрігердің ерекше назар аударуы талап етіледі.

Тасымалданатын ақуыз тежегіштері

Тасымалданатын ақуыз тежегіштері (мысалы, циклоспорин) аторвастатиннің жүйелік экспозициясын жоғарылатуы мүмкін. Егер бірге қолданудан бас тартуға болмаса, дозаны төмендету және клиникалық тиімділігін мұқият бағалау ұсынылады. Циклоспоринмен пайдаланғанда аторвастатин дозасы 10 мг аспауы тиіс.

CYP3A4 индукторлары

P4503A4 цитохромы индукторлары (мысалы, эфавиренз, рифампицин, шайқурай) аторвастатиннің плазмадағы концентрациясының құбылмалы төмендеуіне алып келуі мүмкін. Клиникалық тиімділігін мұқият бақылау керек. Егер бірге қолданудан бас тартуға болмаса, пациенттер тиімділігіне мұқият тексерілуі тиіс. Аторвастатин және рифампицинді бірге қолданғанда кейінге қалдырмай, бір уақытта қолдану ұсынылады.

Протеаза тежегіштерінің біріктірілімі

Аторвастатиннің AUC мәні аторвастатинді АИТВ протеазасының тежегіштерінің бірнеше біріктірілімдерімен, сондай-ақ С гепатиті вирусының протеазасы – телапревирмен бір уақытта қабылдағанда, аторвастатинмен монотерапиямен салыстырғанда біршама жоғарылады. Сондықтан да, АИТВ протеазасының тежегіштерін – типранавирді ритонавирмен немесе С гепатиті вирусы протеазасының тежегіші – телапревирді қабылдайтын пациенттерге оларды аторвастатинмен бір уақытта тағайындауға болмайды. АИТВ протеазасының тежегіштерін – лопинавирді ритонавирмен қабылдайтын пациенттерге аторвастатинді сақтықпен тағайындау және ең төменгі қажетті дозаны таңдау керек. АИТВ протеазасының тежегіштерін – саквинавирді ритонавирмен, дарунавирді ритонавирмен, фосампренавирді немесе фосампренавир мен ритонавирді қабылдайтын пациенттерге аторвастатиннің дозасы 20 мг-ден аспауы тиіс және осы аторвастатинді сақтықпен қолдану керек. АИТВ протеазасының тежегіші – нелфинавирді немесе С гепатиті вируысының протеазасы – боцепревирді қабылдайтын пациенттерге аторвастатиннің 40 мг дозасынан асырмау керек және мұқият клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.

Гемфиброзил/фибраттар, эзетимиб

Рабдомиолизді қоса, бұлшықет зақымдануы кейде фибраттар мен эзетимибтың монотерапиясында туындауы мүмкін, ал аторвастатинмен үйлесімде қолданғанда қауіп артады. Егер бірге қолданудан бас тартуға болмаса, аторвастатиннің ең төмен емдік дозасын қолданады, емдеуді дәрігер бақылауымен жүргізеді.

Колестипол

Колестиполмен бір уақытта қабылдау аторвастатиннің концентрациясын шамамен 25% төмендетеді, алайда біріктірілімнің антигиперлипидемиялық тиімділігі әрбір препаратты жеке алғандағы осындайдан асып түседі.

Фузидий қышқылы

Аторвастатин мен фузидий қышқылын бір уақытта қолданғанда рабдомиолизге дейін жететін бұлшықет жүйесі тарапынан болатын бұзылулар туралы хабарланған. Мұқият медициналық бақылау керек; аторвастатинді уақытша тоқтатқан дұрыс.

Колхицин

Аторвастатин мен колхициннің өзара әрекеттесулеріне зерттеулер жүргізілмегендігіне қарамастан, аторвастатин мен колхицинді бір уақытта қолданғанда миопатия дамуы туралы мәлімдемелер бар, сондықтан аторвастатинді колхицинмен бірге тағайындағанда сақтық жасау керек.

Рифампин және Р450 3А4 цитохромның басқа индукторлары

Аторвастатинді Р450 3А4 цитохромның индукторларымен (мысалы, эфавирензбен, рифампинмен) бір уақытта қабылдау аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрациясының әртүрлі дәрежеде көрінетін төмендеуіне әкелуі мүмкін. Рифампин тарапынан өзара әрекеттесудің қосарлы механизміне байланысты, аторвастатинді рифампинмен бір уақытта қолдану ұсынылады, себебі аторвастатинді рифампиннен кейін біраз уақыттан соң қолдану аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрациясының елеулі түрде төмендеуіне душар етті.

Дигоксин

10 мг аторвастатин мен дигоксинді көп рет бір уақытта қабылдау дигоксиннің тепе теңдік концентрациясының елеусіз артуымен бірге жүрді. Дигоксинді қабылдау уақытында пациент дәрігер бақылауында болуы тиіс.

Оральді контрацептивтер

Аторвастатин мен пероральді контрацептивтерді бір уақытта қолданғанда плазмада норэтиндрон мен этинилэстрадиол деңгейлері артқан. Бұны ұрықтануға қарсы дәрілердің дозасын таңдауда ескеру керек.

Варфарин

Емнің бірінші күндері атовастатин мен варфаринді бір уақытта қабылдағанда протромбиндік уақыттың елеусіз төмендегені байқалды, бұл аторвастатинмен емнің 15-ші тәулігінде қалыпқа түскен. Сондықтан кумаринді антикоагулянттарды қабылдауды бастар алдында және аторвастатинмен емнің ерте сатысында, сондай-ақ доза өзгерткенде немесе препаратты тоқтатқанда протромбиндік уақытты ұдайы анықтау көрсетілген.

Грейпфрут шырыны

Грейпфрут шырыны құрамында CYP3A4 цитохромын тежейтін бір немесе одан да көп компоненттер бар. Грейпфрут шырынының көп мөлшерін аторвастатинмен ем уақытында бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Балалар

Балаларда қолданғанда ересектердегі жоғарыда аталған дәрілермен өзара әрекеттесулерін және сақтық шараларын ескеру керек.

Айрықша нұсқаулар

Бауырға әсері

Бауыр функциясын ем бастар алдында, ұдайы ем уақытында, сондай-ақ бауыр зақымдануының клиникалық белгілері пайда болған жағдайда бақылау керек. Трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы анықталған науқастар ферменттер деңгейі қалыпқа түскенше бақылауда болуы тиіс.

Трансаминазалар белсенділігінің үш еседен астам жоғарылауы жағдайында (қалыптан жоғары) препарат дозасын төмендету керек немесе емді тоқтату керек. Статиндерді, оның ішінде аторвастатинді қабылдайтын пациенттерде тіркеуден кейінгі кезеңде өліммен аяқталған немесе өліммен аяқталмаған бауыр жеткіліксіздігінің сирек жағдайлары тіркелген. Егер аторвастатинмен емдеу кезінде бауырдың клиникалық симптомдармен және/немесе гипербилирубинемиямен, не болмаса сарғаюмен күрделі зақымдануы туындаса, емді бірден тоқтатыңыз. Егер баламалы этиологияны анықтау мүмкін болмаса, аторвастатинмен емді қайта бастауға болмайды.

Препаратты алкоголь қолданатын және/немесе анамнезінде бауыр ауруы бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек.

Холестерин деңгейінің агрессиялық төмендеуі бар инсульттің профилактикасы

Жуырда инсульт алған немесе транзиторлық ишемиялық шабуыл (ТИШ) болған, жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) жоқ пациенттердегі инсульттің қосалқы топтарының ретроспективтік талдауында плацебомен салыстырғанда 80 мг аторвастатин қабылдаушы пациенттерде геморрагиялық инсульт дамуының тым жоғары жиілігі анықталды. Зерттеуге қосқанда бұрын геморрагиялық инсульт немесе лакунарлық инфарктіден зардап шеккен науқастарда ішінара қауіп жоғарылағаны анықталды. Осының алдында геморрагиялық инсульті немесе лакунарлық инфарктісі болған пациенттер үшін, 80 мг аторвастатиннің қаупі мен артықшылығының теңгерімі белгісіз болып табылады, және ем бастағанға дейін геморрагиялық инсульттің потенциалды қаупін мұқият қарастыру керек.

Қаңқа бұлшықеттеріне әсері

Аторвастатин, басқа да ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері сияқты, миалгия, миозит және миопатиялар дамуын туындата отырып, сүйек-бұлшықет жүйесіне әсер етуі мүмкін, және бұл үдеген жағдайда рабдомиолизге әкеп соқтыруы мүмкін.

Мұндай пациенттерде аторвастатиннің қаңқа бұлшықеттеріне ықпалына мұқият мониторинг жүргізу қажет.

Рабдомиолиз — бұл миоглобинемиямен, бүйрек жеткіліксіздігінің дамуымен, миоглобинуриямен, креатинфосфокиназа (КФК) деңгейінің қалыптың жоғарғы шегінен 10 есе жоғарылауымен сипатталатын, бұлшықеттердегі ауыру немесе бұлшықет әлсіздігі ретінде анықталатын өмірге қауіпті жай-күй.

Аторвастатинді үлкен дозаларда циклоспорин және CYP3A4 күшті тежегіштерімен (мысалы, кларитромицин, итраконазол және АИТВ протеаза тежегіштер) тәрізді кейбір басқа препараттармен бір уақытта қабылдағанда миопатия/рабдомиолиз қаупі жоғарылайды.

Емдеуді бастар алдында

Аторвастатинді рабдомиолизге бейімі бар науқастарға тағайындағанда сақ болу керек. Статиндермен ем бастар алдында төмендегі жағдайларда КФК деңгейін бақылау керек:

  • бүйрек жеткіліксіздігі

  • гипотиреоз

  • егер пациент немесе оның туысқандары қандай да бір тұқым қуалайтын бұлшықет ауруларынан зардап шексе

  • анамнезінде бұлшықет жүйесіне статиндер немесе фибраттардың уыттылық әсері болса

  • анамнезінде бауыр аурулары немесе алкогольді шамадан тыс пайдалану болса

  • 70 жастан асқан пациенттерде КФК деңгейін анықтау қажеттігі рабдомиолизге бейімділіктің басқа факторлары болуымен анықталады

  • препараттың плазмадағы деңгейінің болжамды жоғарылауында, атап айтқанда, басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесу салдарынан, сондай-ақ пациенттердің ерекше топтарында, оның ішінде генетикалық жағынан бейім пациенттерде.

Бұндай жағдайларда емнің потенциалды пайдасы мен қауіп дәрежесін салыстыру керек және пациенттерге клиникалық бақылау жүргізу керек. Егер креатинкиназаның бастапқы деңгейі елеулі жоғары болса (ҚЖШ салыстырғанда >5 есе) емді бастамау керек.

КФК деңгейлерін өлшеу

Ауыр дене жүктемесінен кейін немесе фермент деңгейінің жоғарылауына алып келетін кез келген фактор бар болғанда КФК деңгейін өлшеуге болмайды, өйткені бұл талдау нәтижелерінің интерпретациясын күрделілендіреді.

Егер креатинкиназаның бастапқы деңгейі елеулі жоғары болса (ҚЖШ салыстырғанда >5 есе), нәтижені нақтылау үшін талдауды 5-7 күннен кейін қайталайды.

Емдеу уақытында

Пациенттер ауыру, құрысулар немесе бұлшықеттегі әлсіздіктер туралы, әсіресе ол дімкәстікпен немесе температура жоғарылауымен бірге жүрсе дәрігерге дереу хабарлауы тиіс.

Егер жоғарыда аталған симптомдар аторвастатинмен емдеу уақытында пайда болса, креатинкиназа деңгейін анықтау керек. Оның елеулі жоғарылауында (ҚЖШ қатысты >5 есе) емді тоқтату керек.

Бұлшықеттердің айқын симптомдарында, тіпті креатинкиназа деңгейі 5 ҚЖШ болса да, препаратты тоқтатудың дұрыстығын бағалау керек.

Симптомдары жойылғаннан кейін және КФК деңгейі қалыпқа келген соң, дәрігердің мұқият бақылауымен, статиндердің ең төмен дозаларымен емдеуді жаңғыртуға болады.

КФК деңгейінің клиникалық елеулі жоғарылауында (ҚЖШ қатысты >10 есе), сондай-ақ рабдомиолизге күдік болғанда немесе ол расталғанда аторвастатин препаратымен емді тоқтатады.

Статиндерді қолдануға байланысты, иммунитетке байланысты некрозданған миопатия (ИБНМ), аутоиммундық миопатия жағдайлары туралы сирек хабарлар түскен. ИБНМ проксималдық бұлшықет әлсіздігімен және қан сарысуындағы креатинкиназа деңгейінің жоғарылауымен, бұлар статиндермен емдеу тоқтатылғанына қарамастан сақталады; елеулі қабынусыз некрозданған миопатияны көрсететін бұлшықет биопсияларының нәтижелерімен; иммунодепрессанттарды қолданғанда жай-күйдің жақсаруымен сипатталады.

Диффузиялық миалгиясы, бұлшықеттердің ауырғыштығы немесе әлсіздігі және/немесе КФК деңгейінің елеулі түрде жоғарылауы бар кез келген пациентте миопатияның даму мүмкіндігін ескеру керек. Пациенттерге анықталмаған себептен туындаған бұлшықет ауыруы, ауырғыштығы немесе әлсіздігі, әсіресе олар дімкәстікпен немесе қызбамен қатар жүрсе немесе егер бұлшықет біліністері мен симптомдары аторвастатинді тоқтатқаннан кейін сақталса, дереу хабарлауды ұсыну керек. КФК деңгейлері елеулі түрде жоғарылағанда, миопатия диагнозы қойылғанда немесе миопатияға күдік туғанда аторвастатинмен емді тоқтату керек.

Бұл кластағы препараттармен ем кезінде миопатия қаупі циклоспоринді, фиброй қышқылының туындыларын, эритромицинді, кларитромицинді, С гепатиті вирусы протеазасының тежегішін – телапревирді, АИТВ протеазасының тежегіштері - саквинавирдің ритонавирмен, лопинавирдің ритонавирмен, типрановирдің ритонавирмен, дарунавирдің ритонавирмен, фосампренавир немесе фосампренавирдің ритонавирмен, сондай-ақ ниациннің немесе азольдік зеңге қарсы препараттардың біріктірілімдерін бір уақытта қолданғанда жоғарылайды. Аторвастатинмен және фиброй қышқылының туындыларымен, эритромицинмен, кларитромицинмен, саквинавирді ритонавирмен, лопинавирді ритонавирмен, дарунавирдің ритонавирмен, фосампренавир немесе фосампренавирдің ритонавирмен, сондай-ақ азольдік зеңге қарсы препараттармен немесе ниацинмен липидтер деңгейін модификациялайтын дозаларда біріктірілген ем мүмкіндігін қарастыратын дәрігерлер потенциалдық пайда мен қауіпті мұқият таразылап, пациенттердің бұлшықет ауыруларының, ауырғыштығы мен әлсіздігінің кез келген көріністерінің немесе симптомдарының пайда болуын, әсіресе емнің алғашқы айларында және препараттардың кез келгенінің дозасын бірте-бірте ұлғайту кезеңінде мұқият бақылауы тиіс. Жоғарыда аталған препараттармен бірге қолданған кезде аторвастатиннің неғұрлым төмен бастапқы және демеуші дозаларын пайдалану мүмкіндігін қарастыру керек. Мұндай жағдайларда креатинфосфокиназаның (КФК) деңгейлерін жүйелі анықтау мүмкіндігін қарсытруға болады, бірақ мұндай мониторинг ауыр миопатияның дамуының алдын алуға кепілдік бермейді.

Өзара әрекеттесетін дәрілік препараттарды тағайындау жөніндегі нұсқаулар төмендегі кестеде жинақтап көрсетілген.

Миопатияның/рабдомиолиздің жоғары қаупіне байланысты дәріаралық өзара әрекеттесулер

Өзара әрекеттесетін дәрілік препараттар

Тағайындау жөніндегі нұсқаулар

Циклоспорин, АИТВ протеаза тежегіштері (типронавир ритонавирмен), С гепатиті вирусы протеазасының тежегіші (телапревир)

Аторвастатинді қолданудан тартыну

АИТВ протеазасының тежегіші (лопинавир ритонавирмен)

Сақтықпен және ең төменгі қажетті дозада қолдану

Кларитромицин, итраконазол, АИТВ протеаза тежегіштері (саквинавир ритонавирмен*, дарунавир ритонавирмен, фосампренавир, фосампренавир ритонавирмен)

Аторвастатиннің дозасын тәулігіне 20 мг-ден асырмау

АИТВ протеаза тежегіштері (нелфинавир)

С гепатиті вирусы протеазасының тежегіші (боцепревир)

Аторвастатиннің дозасын тәулігіне 40 мг-ден асырмау

* Сақтықпен және ең төменгі қажетті дозада қолдану керек

Аторвастатинді колхицинмен бір уақытта қолданғанда рабдомиолизді қоса, миопатия жағдайлары туралы хабарланған, сондықтан аторвастатинді колхицинмен бір уақытта сақтықпен тағайындау керек.

Аторвастатинмен емді миопатияға сәйкес келуі мүмкін жедел күрделі жай-күйдегі кез келген пациентте немесе рабдомиолизден туындаған бүйрек жеткіліксіздігінің дамуына бейім қауіп факторы бар пациентте (мысалы, ауыр жедел инфекциясы, гипотензиясы бар, ауқымды хирургиялық араласуды бастан кешкен, жарақаты, зат алмасудың ауыр бұзылуы, эндокриндік бұзылуы немесе су-электролит теңгерімінің бұзылуы, сондай-ақ бақылауға көнбейтін құрысулары бар пациентте) уақытша немесе толығымен тоқтату керек.

Өкпенің интерстициальді зақымдануы

Өкпенің интерстициальді зақымдануы дамуына күдік болғанда (ентігу, өнімсіз жөтел, әлсіздік, салмақ жоғалту, қызба) статиндермен емді тоқтатады.

Егде жастағы пациенттерге қолдану

Бұл пациенттер мен жасырақ пациенттер арасында қауіпсіздік пен тиімділіктің ешқандай өзгешеліктері байқалған жоқ, егде жастағылар мен жасырақ пациенттер арасында емге жауаптың айырмашылықтары белгіленген жоқ; әйтсе де, кейбір егде пациенттердің жағымсыз әсерлерге бейімділігі жоғары екенін әрқашанда ескеру керек. Егде жас (≥ 65 жас) миопатияның дамуына бейім факторға жататындықтан, аторвастатинді егде пациенттерге сақтықпен тағайындау керек.

Балалар

Препаратты 10 жасқа дейінгі балаларда қолданудың тәжірибесі жоқ.

Қант диабеті

Cтатиндер, класс ретінде қандағы глюкозаны жоғарылатуға қабілетті, және диабет дамуы қаупі жоғары кейбір пациенттерде диабетті емдеудің стандартты шараларын жүргізуді талап ететін гипергликемия туындатуы мүмкін. Сонымен бірге статиндердің жүрек-қан тамырлары асқынулары қаупін төмендетуі диабет қаупінен асып түседі, сондықтан статиндермен емді тоқтату талап етілмейді. Диабет даму қаупі бар пациенттер (ашқарындағы глюкоза 5,6 – 6,9 ммоль/л, дене салмағының индексі >30 кг/м2, триглицеридтер көрсеткіші жоғары, артериялық гипертензия) клиникалық бақылауды және биохимиялық талдаулар жүргізуді қажет етеді.

Препарат құрамында лактоза бар, сондықтан препаратты сирек кездесетін туа біткен галактоза жақпаушылығы, lapp лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы синдромы бар науқастарға тағайындауға болмайды.

Жүктілік және лактация кезеңі

Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер контрацепцияның тиімді әдістерін пайдалануы тиіс.

Тулипті жүктілік кезінде қолдануға болмайды. Жатырішілік даму кезеңінде ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері әсерінің салдарынан шарананың туа біткен ауытқулары дамығандығы туралы жеке дара хабарламалар болған.

Жүктілерге, жүктілікті жоспарлаушы немесе жүктілігі болжанған әйелдерге Тулип қабылдауға болмайды.

Бұл препараттың емшек сүтіне экскрециялануы белгісіз.

Тулипті бала емізу кезеңінде қолдануға болмайды.

Артық дозалануы

Артық дозаланған жағдайда қажетіне қарай симптоматикалық ем жүргізу қажет. Бауыр ферменттері және креатинкиназа деңгейін бақылау керек. Препарат қан плазмасы ақуыздарымен белсенді байланысатындықтан, гемодиализ оны организмнен жеделдетіп шығарудың тиімді тәсілі бола алмайды.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салынады.

Пішінді ұяшықты 3 немесе 9 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

25С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші/ Қаптаушы

Лек Фармасьютикалс д.д, Словения

Verovskova, 57, Ljubljana, Slovenia

Тіркеу куәлігінің иесі

Лек Фармасьютикалс д.д, Словения

Verovskova, 57, Ljubljana, Slovenia

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын, дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы

«Сандоз Фармасьютикалс д.д.» АҚ Қазақстан Республикасындағы өкілдігі

Қазақстан Республикасы, 050051, Алматы қ., Луганский к-сі 96.

Тел + (727) 2581048 Факс: +7 (727) 2581047,

kzsdz.drugsafety@sandoz.com  

8 800 080 0066 – Қазақстан бойынша тегін қоңырау шалатын нөмір

 

Прикрепленные файлы

829045291477976669_ru.doc 123.5 кб
281127381477977810_kz.doc 56.94 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники