Такролимус Сандоз® (5 мг)

МНН: Такролимус
Производитель: Сандоз Прайвит Лимитед
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Tacrolimus
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№019398
Информация о регистрации в РК: 19.02.2018 - 19.02.2023

Инструкция

Саудалық атауы

Такролимус Сандоз®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Такролимус

Дәрілік түрі

0.5 мг, 1 мг және 5 мг капсулалар

Құрамы

Бір капсуланың құрамында

белсенді зат - 0.511 мг, 1.022 мг немесе 5.110 мг такролимус моногидраты (0.5 мг), (1.0 мг) немесе (5.0 мг) такролимусқа баламалы.

қосымша заттар: гипромеллоза (Methocel E6 LV), лактоза моногидраты, натрий кроскармеллозасы (Ac Di Sol), магний стеараты.

капсула қабығының құрамы: желатин, титанның қостотығы (E 171), натрий лаурилсульфаты, сорбитан монолаураты, темірдің сары тотығы (E 172) - (0.5 мг және 1 мг доза үшін), темірдің қызыл тотығы (E 172) – (1 мг доза үшін), темірдің қара тотығы (E 172) – (1 мг доза үшін), темірдің қызыл тотығы (E 172) – (5 мг доза үшін)

Сипаттамасы

Ақ түсті мөлдір емес денесі және піл сүйегі түстес қақпақшасы бар қатты желатинді капсулалар, өлшемі 4 (0.5 мг доза үшін)

Ақ түсті мөлдір емес денесі және ашық-қоңыр түсті қақпақшасы бар қатты желатинді капсулалар, өлшемі 4 (1 мг доза үшін).

Ақ түсті мөлдір емес денесі және қызғылт сары-қызыл түсті қақпақшасы бар қатты желатинді капсулалар, өлшемі 3 (5 мг доза үшін)

Капсуланың ішіндегісі – ақтан ақ дерлік түске дейінгі ұнтақ.

Фармакотерапиялық тобы

Иммунодепрессанттар. Кальцийнерин тежегіштері. Такролимус

ATХ коды L04AD02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Такролимус асқазан-ішек жолының бүкіл бойында сіңеді. Ішке қабылдаудан кейін қандағы жоғары шекті концентрациясына (Cmax) шамамен 1-3 сағаттан соң жетеді. Кейбір пациенттерде такролимус ұзақ кезең бойы үздіксіз сіңіріліп, салыстырмалы түрде түзу бейінді сіңуіне әкеледі. Ішке қабылдағанда такролимустың орташа биожетімділігі 20-25% диапазонда болады.

Бауыры ауыстырып салынған пациенттер ішке қабылдаған соң (0,30 мг/кг/ тәулік) такролимус тұрақты концентрацияларына пациенттердің көпшілігінде 3 күн ішінде жетті.

Аш қарынға қабылдағанда такролимустың сіңірілу жылдамдығы мен дәрежесі өте үлкен. Тамақтың болуы такролимустың сіңу жылдамдығы мен дәрежесін төмендетеді, бұл әсер құрамында майы көп ас ішуден соң көбірек айқын. Құрамында көмірсуы мол астың ықпалы аз білінеді.

Бауыры ауыстырып салудан соң клиникалық жағдайы тұрақты пациенттерде ішке қабылдау кезіндегі такролимус биожетімділігі оны май мөлшері орташа (34% калория) тамақтан кейін тағайындағанда төмендеді. Жаңа алынған қанда AUC (27%), Cmax (50%) төмендеуі және tmax (173%) артуы білінді.

Бүйрек трансплантаты бар, клиникалық жағдайы тұрақты, такролимус таңғы астан соң бірден тағайындалған пациенттерде ішке қабылдаудан кейін биожиналуға ықпалы аз білінді. Жаңа алынған қанда AUC (2-12%) және Cmax (15-38%) төмендеуі және tmax (38-80%) артуы білінді.

Өттің бөлініп шығуы такролимус сіңірілуіне ықпал етпейді.

AUC және жаңа алынған қандағы деңгейлер арасында тепе-тең жағдайға жеткенде күшті өзара байланыс болады. Демек, препараттың жүйелі әсерін талапқа сай бағалау үшін жаңа алынған қандағы деңгейлерге мониторинг жасау қамтамасыз етіледі.

Таралуы және элиминациясы

Препаратты көктамыр ішіне және ішу арқылы енгізуден кейін такролимус таралуы екі фазалы сипатта болады.

Жүйелі қан ағымында такролимус эритроциттермен елеулі дәрежеде байланысады. Жаңа алынған қандағы концентрациясы мен плазмадағы концентрация шамасының арақатынасы шамамен 20:1 құрайды. Қан плазмасында такролимус ақуыздармен, негізінен, сарысулық альбуминмен және α1-қышқылды гликопротеинмен елеулі дәрежеде (>98,8%) байланысады.

Такролимус организмде кеңінен таралады. Плазмадағы концентрацияға негізделген тепе-тең таралу көлемі шамамен 1300 л құрайды (дені сау еріктілер). Жаңа алынған қан негізіндегі тиісті көрсеткіш орта есеппен 47,6 л құрайды.

Такролимус – клиренс деңгейі төмен препарат. Дені сау еріктілерде жаңа алынған қандағы препарат концентрациясы бойынша бағаланатын организмнің жалпы клиренсінің (ОЖК) орташа мәні 2,25 л/сағат құрайды. Бауыр, бүйрек және жүрек трансплантаты бар ересек пациенттерде осы параметр мәндері, тиісінше, 4,1 л/сағат, 6,7 л/сағат және 3,9 л/сағат құрайды. Бауыр трансплантаты бар реципиент-балаларда ОЖК мәні бауыр трансплантаты бар ересек пациенттердегіден шамамен екі есе жоғары. Такролимустың байланыспаған фракциясының артуына немесе кортикостероидтар туындатқан метаболизм жоғарылауына алып келетін төмен гематокрит және ақуыз деңгейлері сияқты факторлар, болжам бойынша, трансплантациядан кейін байқалатын клиренстің жоғарырақ мәндеріне жауапты болады.

Такролимустың жартылай шығарылу кезеңі ұзаққа созылады және өзгермелі. Дені сау тұлғаларда жаңа алынған қаннан жартылай шығарылу кезеңінің орташа мәні шамамен 43 сағат құрайды. Бауыр трансплантаты бар ересек пациенттерде және балаларда ол, бүйрек трансплантаты бар ересек реципиенттердегі 15,6 сағатпен салыстырғанда, тиісінше, орта есеппен 11,7 сағат және 12,4 сағат құрайды. Жоғары клиренс деңгейлері реципиенттерде бақыланатын өте қысқа жартылай шығарылу кезеңіне алып келеді.

Метаболизмі және биотрансформациясы

Такролимус көбінесе P450-3A4 цитохромымен бауырда кеңінен метаболизденеді. Такролимус ішек қабырғасында да елеулі дәрежеде метаболизденеді. Бірнеше метаболиттер сәйкестендірілген. Олардың ішінде бір метаболиттің ғана такролимустың осындайына ұқсас иммуносупрессиялық белсенділігі бар. Басқа метаболиттердің әлсіз ғана иммуносупрессиялық белсенділігі бар немесе ол тіпті болмайды. Жүйелі қан ағымында төмен концентрацияларда белсенді емес метаболиттердің біреуі ғана болды. Сондықтан метаболиттер такролимустың фармакологиялық белсенділігіне үлесін қоспайды.

Шығарылуы

Таңбаланған С14 такролимусты көктамыр ішіне енгізу мен ішу арқылы қабылдаудан кейін радиобелсенді препараттың көп бөлігі нәжіспен шығарылған. Радиобелсенді препараттың 2% шамасы несеппен элиминацияланды. Өзгермеген күйде несеппен және нәжіспен 1%-дан азы шығарылады, бұл такролимустың организмде толық дерлік метаболизденетінін көрсетеді. Негізгі шығарылу жолы – өтпен.

Фармакодинамикасы

Молекулалық деңгейдегі такролимус әсерлері препараттың жасуша ішінде жинақталуына жауап беретін цитозол ақуызымен (FKBP12) байланысуы арқылы болады. FKBP12-такролимус кешені кальцинеринмен спецификалық және бәсекелі байланысып, оны тежейді, бұл трансдукцияның T-жасушалық дабыл жолдарының кальцийге тәуелді тежелуіне әкеліп, осылайша, лимфокинді гендердің дискреттік тобының транскрипциясына жол бермейді.

Такролимус белсенділігі жоғары иммуносупрессиялық препарат болып табылады, бұл in vitro және in vivo зерттеулері кезінде расталған.

Атап айтқанда, такролимус негізінен трансплантаттың қабылданбай ажырауына жауапты цитоуытты лимфоциттердің түзілуін бәсеңсітеді, Т-жасушалардың белсенділенуін, Т-хелперлерге тәуелді В-жасушалар пролиферациясын, сондай-ақ лимфокиндердің (интерлейкиндер -2,-3 және γ-интерферон сияқты) қалыптасуын және интерлейкин-2 рецепторының экспрессиясын төмендетеді.

Қолданылуы

- бауыр, бүйрек немесе жүрек аллотрансплантаттарының қабылданбай ажырауының алдын алуда

- басқа иммуносупрессиялық дәрілік препараттармен емдеуге төзімді аллотрансплантаттың ажырауын емдеуде

Қолдану тәсілі және дозалары

Такролимус тағайындалғанда пациент тиісті біліктілігі мен жабдығы бар медицина қызметкерлерінің мұқият мониторинг-бақылауында болуы тиіс. Дәрілік заттарды иммуносупрессиялық емдеу және трансплантациядан кейінгі пациенттерді қадағалау тәжірибесі бар дәрігерлер тағайындауы тиіс. Иммуносупрессиялық емге ауысу шешімін де тәжірибелі дәрігер қабылдауы тиіс.

Дереу немесе ұзақ босап шығатын такролимус препараттарына кездейсоқ, көзделмеген немесе бақыланбайтын жағдайда көшу қауіпсіз емес және трансплантаттың қабылданбай ажырауына немесе такролимустың жүйелі әсеріндегі клиникалық мәнді айырмашылықтармен байланысты жеткіліксіз немесе шамадан артық иммуносупрессияны қоса, жағымсыз құбылыстар жиілігінің жоғарылауына әкелуі мүмкін. Пациенттер күнделікті тиісті дозалау режимінде бір ғана такролимус (дереу немесе ұзақ босап шығатын такролимус) препаратын қабылдауды ұстануы тиіс; дозалау режимі трансплантация саласындағы маманның мұқият қадағалауымен ғана өзгертілуі тиіс.

Басқа баламалы препаратқа ауысқан жағдайда такролимустың жүйелі әсерін сақтау мақсатында дозаны түзетуді қоса, дәрілік препараттарға емдік мониторинг өткізу керек.

Такролимус Сандоз препараты капсулаларын (такролимустың ұзақ босап шығатын препаратынан (күніне бір рет) дереу босап шығатын препаратына (күніне екі рет) ауыстырудан (немесе керісінше) болатын препаратты дозалаудың дұрыс дозаланбауға әкелуі мүмкін қателігіне жол бермес үшін күніне екі рет қабылдау ұсынылады.

Төменде көрсетілген бастапқы ұсынылған дозасы тек қана бағдар ретінде пайдаланылады. Такролимус дозасын таңдағанда қабылданбай ажырау мүмкіндігіне клиникалық баға беру, әр жеке пациенттегі көтерімділігін ескеру, сондай-ақ қандағы препарат деңгейін бақылау керек (төменде жаңа алынған қандағы жалпы концентрациясына қатысты нұсқаулар атап көрсетіледі). Егер қабылданбай ажыраудың клиникалық белгілері айқын болса, иммуносупрессиялық емді өзгерту мүмкіндігін қарастыру керек.

Операциядан кейінгі кезең басында такролимусты басқа иммунодепрессантармен жүйелі біріктіріп пайдаланады. Такролимус дозалары иммуносупрессиялық емнің таңдалған сызбасына қарай өзгертілуі мүмкін.

Такролимус Сандоз препараты капсулалары ішке қолданылады. Егер қажет болса, капсуланың ішіндегісін суда ерітуге және назогастральді зонд арқылы енгізуге болады.

Такролимус Сандоз препаратының дозасын, пациент қанындағы препарат деңгейіне мониторинг жасау нәтижелерін ескеріп, пациенттің жеке қажеттіліктеріне қарай түзету қажет.

Такролимус Сандоз препараты капсулаларын ішке қабылдағанда тәуліктік дозаны екі қабылдауға (таңертең және кешке) бөлу ұсынылады. Капсуланы блистерден шығарып алған соң бірден аздаған сұйықтық (дұрысы, су) мөлшерімен ішіп қабылдау керек. Пациенттер алюминий фольгадан жасалған пакетте болатын құрғатқышты қабылдауға болмайтыны туралы ескертілген болуы тиіс. Барынша сіңуіне жету үшін капсуланы аш қарынға немесе ас ішуден кемінде 1 сағат бұрын немесе одан кейін 2-3 сағат өткен соң қабылдау керек.

Дозалау ұзақтығы

Трансплантаттың қабылданбай ажырау реакциясын бәсеңдету мақсатында тұрақты демеуші иммуносупрессия қажет, демек, Такролимус Сандоз препараты капсулаларын ішке қабылдау кезінде ем ұзақтығы шектеулі емес және оны емдеуші дәрігер белгілейді.

Дозалау жөніндегі нұсқаулар

Бауыр трансплантациясы

Ересектердегі трансплантаттың қабылданбай ажырау реакциясының профилактикасы

Такролимус Сандоз препараты капсулаларымен ем ішке тағайындалғанда екі қабылдауға (мысалы, таңертең және кешке) бөлінген 0,10-0,20 мг/кг дозадан басталуы тиіс. Қабылдау операция аяқталған соң шамамен 12 сағаттан соң басталуы тиіс.

Егер пациенттің клиникалық жай-күйі Такролимус Сандоз капсулаларын ішке қабылдауға мүмкіндік бермесе, 24 сағаттық үздіксіз көктамырішілік инфузия түрінде тәулігіне 0,01-0,05 мг/кг көктамырішілік (к/і) ем жүргізіледі.

Балалардағы трансплантаттың қабылданбай ажырау реакциясының профилактикасы

Такролимус Сандоз препараты капсулаларымен ем ішке тағайындалғанда екі қабылдауға (мысалы, таңертең және кешке) бөлінген 0,30 мг/кг дозадан басталуы тиіс.

Егер пациенттің клиникалық жағдайы Такролимус Сандоз капсулаларын ішке қабылдауға мүмкіндік бермесе, 24 сағаттық үздіксіз көктамырішілік инфузия түрінде тәулігіне 0,05 мг/кг бастапқы дозамен көктамырішілік (к/і) ем жүргізіледі.

Ересектер және балаларда трансплантациядан кейінгі кезеңдегі дозаны реттеу

Трансплантациядан кейінгі кезеңде, әдетте, такролимус дозасын төмендетеді. Кейбір жағдайларда қатар жүргізілетін иммуносупрессиялық емді тоқтатуға болады, бұл такролимус монотерапиясына алып келеді. Трансплантациядан кейінгі кезеңде пациент жағдайын жақсарту такролимус фармакокинетикасын өзгертіп, әріқарай дозаны түзетуді талап етуі мүмкін.

Ересектер және балаларда қабылданбай ажырау реакциясын емдеу

Ажырау көріністерін емдеу үшін, қандағы препарат концентрациясының бақылануымен такролимустың жоғары дозалары, кортикостероидтармен қосымша ем және моно-/поликлональді антиденелерді қысқа курстармен енгізу қолданылады. Уыттану белгілері (мысалы, айқын жағымсыз құбылыстары) анықталғанда такролимус дозасын азайту керек болуы мүмкін.

Пациентті такролимуспен емдеуге көшіргенде емді бастапқы иммуносупрессия үшін ұсынылған ішке қабылданатын бастапқы дозадан бастаған жөн.

Бүйрек трансплантациясы

Ересектерде трансплантаттың қабылданбай ажырау реакциясының профилактикасы

Такролимус Сандоз препараты капсулаларымен ем ішке тағайындалғанда екі қабылдауға (мысалы, таңертең және кешке) бөлінген тәулігіне 0,20-0,30 мг/кг дозадан басталуы тиіс. Қабылдауды операция аяқталған соң 24 сағат ішінде бастау керек.

Егер пациенттің клиникалық жағдайы Такролимус Сандоз капсулаларын ішке қабылдауға мүмкіндік бермесе, 24 сағаттық үздіксіз көктамырішілік инфузия түрінде тәулігіне 0,05-0,10 мг/кг көктамырішілік (к/і) ем жүргізіледі.

Балаларда трансплантаттың қабылданбай ажырау реакциясының профилактикасы

Такролимус Сандоз препараты капсулаларымен ем ішке тағайындалғанда екі қабылдауға (мысалы, таңертең және кешке) бөлінген тәулігіне 0,30 мг/кг дозадан басталуы тиіс.

Егер пациенттің клиникалық жағдайы Такролимус Сандоз капсулаларын ішке қабылдауға мүмкіндік бермесе, 24 сағаттық үздіксіз көктамырішілік инфузия түрінде тәулігіне 0,075-0,100 мг/кг бастапқы дозасымен көктамырішілік (к/і) ем жүргізіледі.

Ересектер мен балаларда трансплантациядан кейінгі кезеңдегі дозаны реттеу

Трансплантациядан кейінгі кезеңде, әдетте, такролимус дозасын төмендетеді. Кейбір жағдайларда такролимусты қосарлы емнің базалық компоненті ретінде қалдырып, қатар жүргізілетін иммуносупрессиялық емді тоқтатуға болады. Трансплантациядан кейін пациент жағдайының жақсаруы такролимус фармакокинетикасын өзгертіп, әріқарай дозаны түзетуді талап етуі мүмкін.

Ересектер мен балаларда қабылданбай ажырау реакциясын емдеу

Ажырау көріністерін емдеу үшін такролимустың жоғары дозалары, кортикостероидтармен қосымша ем және моно-/поликлональді антиденелерді қысқа курстармен енгізу қолданылады. Уыттану белгілері (мысалы, айқын жағымсыз құбылыстар) білінгенде такролимус дозасын азайту керек болуы мүмкін.

Пациентті такролимуспен емдеуге көшіргенде емді бастапқы иммуносупрессия үшін ұсынылған ішке қабылданатын бастапқы дозадан бастаған жөн.

Жүрек трансплантациясы

Ересектерде трансплантаттың қабылданбай ажырау реакциясының профилактикасы

Такролимусты антиденелер (такролимуспен емнің басталуын кейінге шегеруге мүмкіндік беретін) енгізумен немесе клиникалық тұрғыда тұрақты пациенттерде антиденелер енгізусіз баламалы қолдануға болады.

Антиденелер енгізуден кейін Такролимус Сандоз препараты капсулаларымен ем ішке тағайындалғанда екі қабылдауға (таңертең және кешке) бөлінген тәулігіне 0,075 мг/кг дозадан басталады. Қабылдауды операция аяқталған соң 5 күн ішінде, пациент жағдайының тұрақтануынан кейін бірден бастау керек.

Егер пациенттің клиникалық жағдайы Такролимус Сандоз капсулаларын ішке қабылдауға мүмкіндік бермесе, 24 сағаттық үздіксіз көктамырішілік инфузия түрінде тәулігіне 0,01-0,02 мг/кг көктамырішілік (к/і) ем жүргізіледі.

Такролимус трансплантациядан кейін 12 сағат ішінде ішке тағайындалған кезде баламалы стратегия туралы жарияланымдар бар. Бұл амалды ағзалар дисфункциясы (мысалы, бүйрек функциясының бұзылуы) жоқ пациенттер үшін қолданылды. Бұл жағдайда такролимус тәулігіне 2-4 мг бастапқы дозада ішке қабылданғанда мофетил микофенолатымен және кортикостероидтармен біріктірілімде немесе сиролимуспен және кортикостероидтармен біріктіріліп қолданылды.

Балаларда трансплантаттың қабылданбай ажырау реакциясының профилактикасы

Жүрек трансплантациясында педиатриялық пациенттерге такролимус антиденелер енгізумен немесе енгізусіз қолданылады.

Антиденелер енгізілген пациенттерде такролимусты 24 сағаттық үздіксіз көктамырішілік инфузия түрінде енгізе отырып, тәулігіне ұсынылатын 0,03-0,05 мг/кг бастапқы дозасынан бастап, көктамырішілік (к/і) ем жүргізіледі. Алғашқы клиникалық мүмкіндік туған бойда пациентті Такролимус Сандоз препаратының капсулаларын ішу арқылы қабылдауға көшіру керек. Такролимус Сандоз препараты капсулаларының бастапқы дозасы – көктамырішілік инфузия аяқталған соң 8-12 сағат өткенде ішке қабылдауға тағайындалатын 0,30 мг/кг.

Антиденелер енгізілген пациенттерде ішу арқылы қабылданатын такролимус қолданылғанда Такролимус Сандоз препараты капсулалары тағайындалады, оның ұсынылатын бастапқы дозасы екі қабылдауға (таңертең және кешке) бөлінген тәулігіне 0,10-0,30 мг/кг құрайды.

Ересектер мен балаларда трансплантациядан кейінгі кезеңдегі дозаны реттеу

Трансплантациядан кейінгі кезеңде, әдетте, такролимус дозасын төмендетеді.

Трансплантациядан кейінгі кезеңде пациент жағдайының жақсаруы такролимус фармакокинетикасын өзгертіп, әріқарай дозаны түзетуді талап етуі мүмкін.

Ересектерде және балаларда қабылданбай ажырау реакциясын емдеу

Ажырау реакциясы көріністерін емдеуде такролимустың жоғары дозалары, кортикостероидтармен қосымша ем және моно-/поликлональді антиденелерді қысқа курстармен енгізу қолданылады.

Ересек пациенттерде Такролимус Сандоз препараты капсулаларымен емге ауысқанда ішке қабылданатын бастапқы дозасы екі қабылдауға (таңертең және кешке) бөлінген тәулігіне 0,15 мг/кг құрайды.

Педиатриялық пациенттерде Такролимус Сандоз препараты капсулаларымен емге ауысқанда ішке қабылданатын бастапқы дозасы екі қабылдауға (таңертең және кешке) бөлу керек болатын тәулігіне 0,20-0,30 мг/кг құрайды.

Басқа аллогенді трансплантаттардың қабылданбай ажырау реакциялары

Өкпе, ұйқы безі және ішек аллотрансплантациясынан кейінгі пациенттерге арналған такролимус дозасына қатысты нұсқаулар жекелеген клиникалық зерттеулер деректеріне негізделеді. Өкпе трансплантациясынан кейін Такролимус Сандоз препараты капсулалары тәулігіне 0,10-0,15 мг/кг бастапқы дозада ішке қолданылады. Ұйқы безінің аллотрансплантациясынан кейін Такролимус Сандоз препараты капсулалары тәулігіне 0,2 мг/кг бастапқы дозада ішке қолданылады. Ішек аллотрансплантациясынан кейін Такролимус Сандоз препараты капсулалары тәулігіне 0,3 мг/кг бастапқы дозада ішке қолданылады.

Пациенттердің жекелеген топтарында дозаны түзету

Бауыры зақымданған пациенттер

Бауыры ауыр зақымданған пациенттерге қанда препараттың тұрақты деңгейлерін ұсынылатын мақсатты диапазон шегінде сақтап тұру мақсатында дозаны азайту керек болуы мүмкін.

Бүйрегі зақымданған пациенттер

Такролимус фармакокинетикасы бүйрек функциясына байланысты болмайтындықтан, дозаны түзету қажет емес. Алайда, такролимустың нефроуытты қуатына орай, бүйрек функциясына (сарысу креатинині концентрациясын динамикада анықтауды, креатинин клиренсін есептеуді және диурезді бақылауды қоса) мұқият мониторинг жасау ұсынылады.

Балалар

Қанда препаратты қажетті деңгейлерге жеткізу үшін, әдетте, балаларға ересектердегіден 1,5-2 есе жоғары дозаны тағайындау қажет болады.

Егде жастағы пациенттер

Егде жастағы пациенттер үшін дозаны түзету қажеттілігіне қатысты деректер жоқ.

Циклоспоринмен емдеуден ауысу

Пациенттерді циклоспоринмен емдеуден такролимуспен емдеуге көшіру кезінде сақтық таныту керек. Такролимуспен ем қандағы циклоспорин концентрациясын және пациенттің клиникалық жағдайын бағалаудан кейін басталуы тиіс. Қанда циклоспорин деңгейі жоғары болғанда такролимус қабылдауға ауысу кейінге қалдырылады. Тәжірибеде такролимуспен емдеу циклоспоринді тоқтатудан соң 12-24 сағаттан соң басталады. Пациентті көшіруден кейін, циклоспорин клиренсінің бұзылуы мүмкін екенімен байланысты, науқас қанындағы циклоспорин деңгейіне мониторинг жасауды жалғастыру қажет.

Жаңа алынған қандағы мақсатты концентрацияға қатысты нұсқаулар

Алғашқы дозалануы қабылданбай ажырау реакциясын клиникалық бағалауға және пациенттегі препараттың жеке көтерімділігіне негізделуі тиіс.

Дозаны оңтайландыру мақсатында, микробөлшектерге жартылай дағдылы иммуноферментті талдауды (МИФТ) қоса, жаңа алынған қандағы такролимус концентрациясын анықтауға арналған бірнеше иммунологиялық тестілер бар. Әдебиетте жарияланған қандағы такролимус концентрациясына қатысты деректерді жекеше клиникалық көрсеткіштермен салыстыру сақтықпен және пайдаланылатын бағалау әдістері негізінде бағалануы тиіс.

Қандағы такролимус деңгейі трансплантациядан кейінгі кезеңде тексерілуі тиіс. Препарат ішке тағайындалғанда қандағы препарат деңгейі шамамен 12 сағаттан соң тура келесі дозаны қабылдар алдында анықталуы тиіс. Қандағы деңгейін анықтау жиілігі клиникалық қажеттілігіне байланысты. Такролимус клиренсі төмен дәрілік препарат болып табылатындықтан, дозалау режимдерін түзету қандағы препарат деңгейінің анық өзгеруіне дейін бірнеше күнді қамтуы мүмкін. Трансплантациядан кейінгі ерте кезеңде қандағы такролимус деңгейлері аптасына шамамен екі рет, ал артынан демеуші ем кезінде мезгіл-мезгіл бағалануы тиіс. Қандағы такролимус деңгейін дозаны түзетуден, иммуносупрессиялық режимді өзгертуден кейін немесе қандағы такролимус концентрациясын өзгертуі мүмкін заттарды бірге тағайындаудан кейін де бақылап отыру керек.

Егер қандағы ең төмен такролимус деңгейі 20 нг/мл-ден төмен деңгейде сақталса, клиникалық зерттеулер нәтижелері науқастардың көпшілігін емдеуді сәтті жүргізуге болады деп жорамалдауға мүмкіндік береді. Жаңа алынған қандағы такролимус концентрациясына қатысты деректерді түсіндіргенде пациенттің клиникалық жағдайын бағалау маңызды.

Трансплантациядан кейінгі ерте кезең бойына такролимустың сұйылтылмаған қандағы ең төменгі деңгейі, әдетте, бауыр трансплантациясынан кейін 5-20 нг/мл және бүйрек пен жүрек трансплантациясынан кейін 10-20 нг/мл шегінде құбылған. Әріқарай бауыр, бүйрек және жүрек трансплантациясынан кейінгі демеуші ем кезінде қандағы такролимус концентрациясы 5-15 нг/мл шегінде ауытқып отырады.

Жағымсыз әсерлері

Төменде аталған жағымсыз әсерлер келесі жиілік шкалаларын қолданумен анықталды: өте жиі (≥ 1/10); жиі (≥ 1/100, < 1/10); жиі емес (> 1/1 000, < 1/100); сирек (≥ 1/10000, < 1/1000), өте сирек (< 1/10000), жекелеген хабарламаларды қоса

Өте жиі

- артериялық гипертензия

- жүрек айну, диарея

- бүйрек функциясының бұзылуы

- гиперкалиемия, гипергликемия, қант диабеті

- тремор, бас ауыру, ұйқысыздық

Жиі

- асқазан-ішек жолының қабыну аурулары, асқазан-ішек ойық жаралары мен тесілулері, асқазан-ішектен қан кету, ауыз қуысы шырышты қабығының ойық жаралануы бар стоматит, асцит, іштің ауыруы, диспепсия белгілері мен симптомдары, іш қату, метеоризм, іштің кебуі, іштегі жайсыздық сезімі, сұйық нәжіс, асқазан-ішек бұзылыстарының симптомдары, құсу

- бауыр ферменттері белсенділігінің бұзылуы, холестаз және сарғаю, гепатоциттер тұтастығының бұзылуы және гепатит, холангит

- қан кету, тромбоэмболиялық ишемия көріністері, шеткергі тамыр бұзылулары, тамырлар тонусының төмендеуі

- бүйрек жеткіліксіздігі, жедел бүйрек жеткіліксіздігі, олигурия, өзекшелік жедел некроз, уытты нефропатия, несеп синдромы, қуық және уретра тарапынан болатын бұзылыстар

- трансплантаттың біріншілік дисфункциясы

- гипомагниемия, гипофосфатемия, гипокалиемия, гипокальциемия, гипонатриемия, гиперволемия, гиперуремия, тәбеттің төмендеуі, анорексия, метаболизмдік ацидоз, гиперлипидемия, гиперхолестеринемия, гипертриглицеридемия, су-электролит теңгерімінің басқа бұзылулары

- қозу, сананың шатасуы және бағдардан жаңылу, депрессия, көңіл-күйдің бұзылуы, түнгі шым-шытырық түстер, елестеулер, психика бұзылыстары

- ентігу, өкпе паренхимасының бұзылуы, плеврит, фарингит, жөтел, мұрын бітелісі және қабынулар

- артралгия, құрысулар, аяқ-қолдың ауыруы, арқаның ауыруы

- қышыну, бөртпе, алопеция, акне, қатты тершеңдік

- анемия, лейкопения, тромбоцитопения, лейкоцитоз, эритроциттер патологиясы, коагуляцияның бұзылуы

- эпилепсия ұстамалары, сананың бұзылуы, парестезия және дизестезия, шеткергі невропатия, бас айналу, жазу қабілетінің бұзылуы, жүйке жүйесі тарапынан болатын бұзылулар

- анық көрмеу, фотофобия, көз аурулары

- құлақтың шуылдауы

- ишемиялық жүрек ауруы, тахикардия

- астения, қызба, ісіну, ауыру және жайсыздану, сілтілік фосфатаза белсенділігінің жоғарылауы, дене салмағының артуы, дененің температуралық сезімталдығының бұзылуы

Жиі емес

- коагулопатия, қан ұю жүйесі көрсеткіштерінің қалып шегінен ауытқуы, панцитопения, нейтропения

- кома, миға қан құйылу, инсульттер, салданулар және парездер, энцефалопатия, сөйлеудің бұзылуы, амнезия

- катаракта

- естудің төмендеуі

- қарыншалық аритмия және жүректің тоқтап қалуы, жүрек ақаулары, кардиомиопатиялар, қарыншалар гипертрофиясы, суправентрикулярлы аритмия, жүрек қағу, ЭКГ параметрлерінің ауытқуы, жүректің жиырылу жиілігінің бұзылуы және тамыр соғу тапшылығы

- көп ағзалық жеткіліксіздік, тұмауға ұқсас жай-күйлер, температураның құбылуы, төс артындағы қысылу сезімі, қорқыныш, үрей сезімі, жайсыздық, қандағы лактатдегидрогеназа (ЛДГ) белсенділігінің жоғарылауы, дене салмағының төмендеуі

- миокард инфарктісі, аяқтың терең көктамырларының тромбозы, шок

- ішектің бітелуі, перитонит, жедел және созылмалы панкреатит, қандағы амилаза белсенділігінің жоғарылауы, гастроэзофагеальді рефлюкс ауруы, асқазанның босатылу функциясының бұзылуы

- дегидратация, гипопротеинемия, гиперфосфатемия, гипергликемия

- анурия, гемолиздік-уремиялық синдром

- буындардың ауруы

- дерматит, фотосенсибилизация

- дисменорея және жатырдан қан кету

- тыныс алу бұзылулары, тыныс алу жолдарының аурулары, демікпе

- психопатия

Сирек

- тромбоцитопениялық пурпура, гипопротромбинемия

- соқырлық

- нейросенсорлы кереңдік

- перикард қуысындағы жалқық

- шөлдеу, тыныс алу кезіндегі қысылу, қозғалыс белсенділігінің азаюы, ойық жаралар

- субилеус, ұйқы безінің жалған кистасы

- уытты эпидермалық некролиз (Лайелл синдромы)

- гирсутизм

- бауыр артериясының тромбозы, бауыр көктамырларының тромбозы

- жедел тыныс алу жеткіліксіздігі синдромы

Өте сирек

- бауыр жеткіліксіздігі

- өт түтігінің стенозы

- Стивенс-Джонсон синдромы

- қатерсіз ісіктің де, қатерлі ісіктің де дамуы, соның ішінде Эпштейн-Барр вирусымен астасқан (ЕBV) лимфопролиферациялық аурулардың және тері обырының дамуы

- аллергиялық және анафилаксиялық реакциялар

- инфекциялық (вирустық, бактериялық, зеңдік, протозойлық) аурулардың даму қаупі

- нефропатия, геморрагиялық цистит

- май тіні гипертрофиясы

- миастения

- естудің нашарлауы

- эхокардиография кезіндегі ауытқулар

- электрокардиограммада QT аралығының ұзаруы, «пируэт» типті полиморфты қарыншалық тахикардия

- JС вирусымен астасқан үдемелі мультифокальді лейкоэнцефалопатия

Белгісіз

- шынайы эритроцитарлық аплазия, агранулоцитоз, гемолиздік анемия

Дереу немесе ұзақ босап шығатын құрамдары бар такролимус препараттарын кездейсоқ, көзделмеген немесе бақыланбайтын алмастырылуын қоса, препаратты қабылдау қателіктері туралы хабарламалар түскен. Трансплантаттың қабылданбай ажырауының бірнеше жағдайлары тіркелген (қолда бар деректер негізінде жағдайлар жиілігін анықтау мүмкін емес).

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- такролимусқа немесе басқа да макролидтерге аса жоғары сезімталдық

- қосымша заттарға аса жоғары сезімталдық

- лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Метаболизмдік өзара әрекеттесу

Такролимус метаболизмі CYP3A4 изоферментінің қатысуымен бауырда жүреді. Бұдан бөлек, CYP3A4 изоферментінің қатысуымен ішек қабырғаларында метаболизмнің болу белгілері бар. CYP3A4 тежейтін немесе индукциялайтын дәрілік немесе өсімдік препараттарын қатар қолдану такролимус метаболизміне ықпал етіп, осылайша, қандағы такролимус деңгейлерін төмендетуі немесе арттыруы мүмкін. Сондықтан такролимус тәуелді жолдар арқылы CYP3A4 изоферментімен метаболизденетін препараттармен тағайындалғанда қандағы такролимус концентрациясын бақылау, сондай-ақ электрокардиограммада QT аралығының ұзартy және препараттың қажетті клиникалық әсерін сақтау үшін оның дозасын түзету ұсынылады.

Метаболизм тежегіштері

Төменде аталған заттар қандағы такролимус концентрациясын арттырған:

Зеңге қарсы препараттармен: кетоконазол, флуконазол, интраконазол және вориконазол; макролидтер тобы антибиотиктерімен: эритромицин; немесе АИТВ протеазасы тежегіштерімен (ритонавир) айқын өзара әрекеттесуі болды. Көрсетілген препараттарды біріктіріп тағайындағанда пациенттердің бәрінде дерлік такролимус дозасын азайту қажет болуы мүмкін.

Келесі препараттармен: клотримазол, кларитромицин, джозамицин; нифедипин, никардипин, дилтиазем, верапамил, даназол, этинилэстрадиол, омепразол және нефазодонмен айқындылығы аз өзара әрекеттесуі болды.

In vitro жағдайларында келесі препараттар: бромокриптин, кортизон, дапзон, эрготамин, гестоден, лидокаин, мефенитоин, миконазол, мидазолам, нилвадипин, норэтистерон, квинидин, тамоксифен, тролеандомицин такролимустың метаболизміне айқын тежегіш әсерін танытқан.

Грейпфрут шырыны қанда такролимус концентрациясын арттырады, сондықтан оны препаратпен бірге ішуге болмайды.

Ланзопразол мен циклоспорин такролимустың CYP3A4 арқылы метаболизмін әлеуетті тежеуі, сол арқылы такролимуспен қандағы жалпы концентрацияны арттыруы мүмкін.

Метаболизм индукторлары

Төменде аталған заттар қандағы такролимус концентрациясын төмендетеді:

Келесі препараттармен: рифампицин, фенитоин немесе шілтерленген шайқурай (Hypericum perforatum) сығындысымен айқын өзара әрекеттесуі болды, олардың аясында пациенттердің бәрінде дерлік такролимус дозасын арттыру қажет болуы мүмкін. Клиникалық тұрғыда фенобарбиталмен айқын өзара әрекеттесуі білінген. Кортикостероидтардың демеуші дозаларының қандағы такролимус концентрациясын төмендететіні көрсетілген.

Трансплантаттың қабылданбай ажырауының жедел реакциясын емдеу үшін енгізілетін преднизолон немесе метилпреднизолон жоғары дозаларының қандағы такролимус концентрациясын арттыру немесе төмендету әлеуеті бар.

Карбамазепин, метамизол және изониазид қандағы такролимус концентрациясын төмендетуге қабілетті.

Такролимустың басқа дәрілік препараттар метаболизміне ықпалы

Такролимустың CYP3A4 изоферментін тежейтіні белгілі, сондықтан оны метаболизмі CYP3A4 изоферментінің қатысуымен өтетін препараттармен біріктіріп тағайындау осы дәрілік заттар метаболизмін өзгертуі мүмкін.

Такролимус қабылдау аясында циклоспориннің жартылай шығарылу кезеңі ұзарады. Бұдан бөлек, синергиялық-аддитивті нефроуытты әсерлердің дамуы мүмкін. Сол себепті бір мезгілде циклоспорин мен такролимус тағайындау ұсынылмайды, ал пациентті циклоспориннен такролимусқа көшіргенде сақ болу керек.

Такролимустың қандағы фенитоин концентрациясын арттыруы білінген.

Такролимус стероидты контрацептивтердің клиренсін төмендетуге қабілетті болып, бұл гормондар экспозициясын арттыратындықтан, емдеу кезінде контрацепция шаралары мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлу керек.

Такролимус пен статиндер арасындағы өзара әрекеттесу туралы мәліметтер тым шектеулі. Қолжетімді деректер такролимустың статиндер фармакокинетикасына іс жүзінде ешбір әсер көрсетпейтінін айғақтайды.

Жануарларға жүргізілген зерттеулер нәтижелері такролимустың фенобарбитал мен феназон клиренсін төмендетуге және жартылай шығарылу кезеңін ұзартуға қабілетті екенін көрсетті.

Клиникалық тұрғыда айқын әсерлерге алып келетін басқа өзара әрекеттесу түрлері

Такролимусты нефроуытты немесе нейроуытты әсері бар препараттармен біріктіріп қолдану дәрілік препараттардың (амингликозидтер, гираза тежегіштері, ванкомицин, сульфометксазол+триметоприм, ҚҚСП, ганцикловир немесе ацикловир) уыттылық қасиеттерінің күшеюіне ықпал етуі мүмкін.

Амофтерацин В және ибупрофенді такролимуспен біріктіріп тағайындаудан кейін нефроуыттылықтың күшеюі білінген.

Такролимус қабылдау гипергликемияның дамуына немесе өршуіне әкелуі мүмкін екендіктен, калий жинақтаушы диуретиктер (милорид, триметерен немесе спиронолактон) тағайындалмау керек.

Иммуносупрессиялық препараттар вакцинация тиімділігіне теріс ықпал етуге қабілетті. Тірі вакциналар тағайындаудан аулақ болу керек.

Такролимустың жүйелі әсерін арттыруы мүмкін басқа да болжамды өзара әрекеттесулер метоклопрамид прокинетикалық затын, циметидин және магний мен алюминий гидроксидін қамтиды.

Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы

Такролимус қан плазмасы ақуыздарымен жоғары дәрежеде байланысады. Плазма ақуыздарына жоғары аффинділігі бар препараттармен (мысалы, ҚҚСП, ішуге арналған антикоагулянттар немесе гипогликемиялық дәрілер) бәсекелі өзара әрекеттесуі мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Сақтандыру: бұл препаратты күніне екі рет қабылдау керек ( такролимустың ұзақ босап шығатын (күніне бір рет) препаратынан дереу босап шығатын (күніне екі рет) препаратына (немесе керісінше) ауысу туындататын, дұрыс дозаламауға әкелуі мүмкін препаратты дозалау қателігіне жол бермеу үшін).

Трансплантациядан кейінгі бастапқы кезеңде келесі негізгі параметрлерді: артериялық қысымды, электрокардиограмманы (ЭКГ), неврологиялық және көзге көрінетін статусты, аш қарындағы қан глюкозасының деңгейін, электролиттерді (әсіресе, калий), бауыр мен бүйректің функционалдық тестілерін, гематологиялық параметрлерді, қанның ұю көрсеткіштерін және плазма ақуыздарының анықталуын дағдылы ағымда бақылауды жүзеге асырған жөн. Егер клиникалық тұрғыда маңызды өзгерістер байқалса, иммуносупрессиялық режимді түзету мәселесін қарастыру керек.

Дереу немесе ұзақ босап шығатын құрамдары бар такролимус препараттарын кездейсоқ, көзделмеген немесе бақыланбайтын алмастыруды қоса, препаратты қабылдау қателіктері туралы хабарламалар келіп түскен. Бұл елеулі жағымсыз әсерлерге, соның ішінде трансплантаттың қабылданбай ажырауына немесе такролимустың жеткіліксіз немесе шамадан тыс әсері салдарынан болатын басқа да жағымсыз әсерлерге алып келген.

Пациенттер тиісті күнделікті дозалау режимімен бір ғана такролимус препаратымен емделуді жалғастыруы тиіс; препараттарды немесе дозалау режимін өзгерту трансплантология саласы маманының мұқият қадағалауымен жүргізілуі тиіс.

Такролимус қабылдау кезінде құрамында шілтерлі шайқурай (Hypericumperforatum) бар өсімдік тектес препараттарды немесе қандағы такролимус концентрациясының азаюына әкелетін және оның клиникалық әсерін төмендететін өзара әрекеттесу қаупіне байланысты басқа да өсімдік тектес препараттарды тағайындаудан аулақ болу керек.

Қандағы такролимус деңгейлері диарея көріністері кезінде едәуір өзгеруі мүмкін екендіктен, ондай жағдайда такролимус концентрациясын қосымша бақылау ұсынылады.

Циклоспорин мен такролимусты бірге тағайындамау керек, ал бұрын циклоспорин алған пациенттерде такролимус тағайындау кезінде сақ болу қажет.

Сирек жағдайларда кардиомиопатия ретінде сипатталған қарыншалық гипертрофия немесе қарыншааралық қалқалар гипертрофиясы байқалды. Көпшілік жағдайлар көбінесе қандағы такролимустың тұрақты концентрациялары ұсынылатын ең жоғары деңгейлерден біршама жоғары болатын балаларда кездесіп, қайтымды болды. Осының алдындағы жүрек ауруын, кортикостероидтар қолдануды, артериялық гипертензия, бүйрек немесе бауыр функциясының бұзылуын, инфекцияларды, сұйықтықтың артық жүктемесін және ісінулерді қоса, осы клиникалық жағдайлар қаупін арттыратын басқа да факторлар байқалды.

Тиісінше, жоғары қауіп бар пациенттер, әсіресе, кішкентай балалар және жеткілікті иммуносупрессия алып жүргендер трансплантацияға дейін және одан кейін (мысалы, алғашқы үш айда және содан кейінгі 9-12 айда) эхокардиография немесе ЭКГ сияқты шаралардың қолданылуымен бақылауда болуы тиіс. Егер ауытқулар дамыса, такролимус дозасын азайту немесе оны басқа иммуносупрессиялық дәріге ауыстыру мәселесін қарастыру керек. Такролимус QT аралығын ұзартуы мүмкін, бірақ, солай бола тұра, оның «пируэт» типті полиморфты қарыншалық тахикардия туғызу қабілетінің дәлелі жеткіліксіз. QT аралығы ұзаруының туа біткен синдромының диагнозы немесе күдігі бар пациенттерде сақтық шарасын қадағалау керек.

Такролимус QT аралығын ұзартуы мүмкін және «пируэт» типті полиморфты қарыншалық тахикардияны туындата алады. QT аралығы ұзаруының туа біткен синдромының диагнозы немесе күдігі бар пациенттерде, соның ішінде сыртартқыдағы жеке немесе отбасылық тарихында QT ұзаруы, жүрек жеткіліксіздігі, брадиаритмия және электролитті теңгерімнің бұзылу жағдайлары бар пациенттерде сақ болу керек.

Такролимуспен емделген пациенттерде Эпштейн-Барр вирусымен (ЭБВ) байланысты лимфопролиферациялық бұзылыстардың дамуы сипатталған. Такролимуспен емдеуге көшірілген пациенттерге антилимфоцитарлық емді бір мезгілде тағайындауға болмайды.

Басқа иммуносупрессиялық дәрілер қолдану кезіндегідей, терінің қатерлі жаңа түзілімдерінің болжамды қаупі салдарынан күн сәулесінің және ультракүлгінді жарықтың әсері шектелуі тиіс, бұған қорғағыш киім және қорғау факторы жоғары күннен қорғайтын крем пайдаланумен қол жеткізіледі.

Басқа да қуатты иммуносупрессиялық дәрілер жағдайындағы сияқты, салдарлы обыр қаупі белгісіз.

Такролимус қабылдаған пациенттерде қайтымды артқы энцефалопатия синдромының дамуы туралы хабарламалар келіп түскен. Егер такролимус қабылдаған пациенттерде бас ауыру, психикалық жай-күйдің өзгеруі, құрысулар, көрудің нашарлауы сияқты қайтымды артқы энцефалопатия синдромын көрсететін симптомдар болса, радиологиялық емшаралар (мысалы, компьютерлік томография) өткізілу керек. Қайтымды артқы энцефалопатия синдромын диагностикалау кезінде артериялық қысымды тексеру және такролимусты жүйелі қабылдауды дереу тоқтату ұсынылады. Тиісті шаралар қабылдаудан кейін пациенттердің көпшілігі толық қалыпқа келеді.

Иммунодепрессанттар, соның ішінде такролимус қабылдайтын пациенттер оппортунистік (бактериялық, зеңдік, вирустық және протозойлық) инфекциялар пайда болатын жоғары қауіпке ұшырайды. Осы жағдайлар арасында нефропатиямен байланысты ВК вирусы (адамның 1 полиомавирусы) және асқынған көп түрлі лейкоэнцефалопатиямен (PLM) байланысты JC вирусы (Джон Каннингем вирусы) болады. Бұл инфекциялар жалпы жоғары иммуносупрессиялық жүктеме салдарынан жиі болады және күрделі немесе өліммен аяқталатын зардаптарға соқтыруы мүмкін, оларды дәрігерлер бүйрек функциясы нашарлаған немесе неврологиялық симптомдары бар пациенттерде ескеруі тиіс.

Такролимус қабылдаған пациенттерде шынайы эритроцитарлық аплазия (ШЭА) жағдайлары тіркелген.

Барлық пациенттерді емдегенде негізгі аурудың немесе ШЭА байланысты қатарлас препараттардың В19 инфекция парвовирусы сияқты ШЭА қауіп факторлары болды.

Басқа да иммуносупрессиялық препараттардағы сияқты, қатерлі тері өзгерістерінің әлеуетті қаупінің салдарынан, күн сәулесінің және ультракүлгінді жарықтың әсері қорғағыш киім киюмен және қорғау факторы жоғары күннен қорғайтын крем пайдаланумен шектелуі тиіс.

Басқа да қуатты иммуносупрессиялық препараттарды пайдалану кезіндегідей, салдарлы обырдың пайда болу қаупі белгісіз.

Такролимус Сандоз препаратының құрамында лактоза бар болғандықтан, сирек тұқым қуалайтын галактоза көтере алмаушылық ауруы, лактаза тапшылығы немесе глюкоза және галактоза мальабсорбциясы синдромы бар пациенттерге айрықша көңіл бөлу керек.

Қандағы такролимус деңгейіне ықпал етуі мүмкін препараттар.

Такролимуспен өзара әрекеттесетін препараттарды, атап айтқанда, CYP3A4 күшті тежегіштерін (мысалы, Телапревир, Боцепревир, Ритонавир, Кетоконазол, Вориконазол, Итраконазол, Телитромицин немесе Кларитромицин) немесе CYP3A4 индукторларын (мысалы, Рифампицин, Рифабутин) бір мезгілде қолданғанда, тиісті дозалардағы такролимус деңгейін түзету үшін қандағы такролимус деңгейін бақылап отыру қажет.

Калий мөлшері жоғары препараттарды немесе құрамында калий бар диуретиктерді қолданбау керек.

Нефроуытты немесе нейроуытты әсерлері бар белгілі бір препараттарды бір мезгілде такролимуспен біріктірілімде қолдану осы әсерлер қаупінің артуына алып келуі мүмкін.

Вакцинация

Иммунодепрессанттар вакцинацияға ықпал ете алады, сондай-ақ такролимуспен емделу кезінде жасалған вакцинацияның тиімділігі аз болуы мүмкін. Тірі әлсіретілген вакциналарды пайдаланудан аулақ болу керек.

Асқазан-ішек бұзылыстары

Такролимуспен ем алатын пациенттерде асқазан-ішек бұзылыстары туралы жағдайлар хабарланған. Медицинада асқазан-ішек бұзылыстары өмірге қатерлі немесе ауыр жай-күйлерге әкелуі мүмкін маңызды факторларға жататындықтан, осы симптомдарға немесе белгілерге күдіктер анықталған соң бірден талапқа сай емдеу қарастырылу керек.

Қандағы такролимус деңгейі диарея ағымында едәуір өзгеруі мүмкін екендіктен, диарея кезінде қандағы такролимус концентрациясына қосымша мониторинг жасау ұсынылады.

Жүктілік

Препаратты адамда пайдалану жөніндегі деректер такролимустың плацента арқылы өтуге қабілетті екенін көрсетеді. Ағзаларын ауыстырып салудан соң препаратты пациенттерге пайдалануға қатысты қолда бар шектеулі деректер негізінде, басқа иммуносупрессиялық дәрілік препараттармен салыстырғанда, жүктілік кезінде және жүктіліктің соңына қарай такролимус қолданумен байланысты қолайсыз жағымсыз әсерлердің даму қаупінің жоғарылауын тұжырымдауға негіздер жоқ. Дегенмен түсік тастау туралы хабарламалар келіп түскен. Бүгінгі таңда басқа тиісті эпидемиологиялық деректер жоқ. Емдеу қажеттілігіне байланысты қауіпсізірек балама болмаса және емдеуден болатын ана үшін болжанатын пайда ұрыққа төнетін зор қауіптен артық болса, жүкті әйелдерде такролимуспен емдеуді қарастыруға болады. Препаратты жатыр ішіне қолдану кезінде болуы мүмкін такролимустың жағымсыз әсерлерін (атап айтқанда бүйрекке ықпалын) анықтау үшін жаңа туған нәрестенің жай-күйін бақылау керек. Мезгілінен бұрын (˂ 37 аптада) босану қаупі, жаңа туған нәрестеде өздігінен түзетілетін гипергликемияның дамуы болады.

Бала емізу

Клиникалық зерттеулер деректері такролимустың емшек сүтімен бөлініп шығатынын көрсетті. Препаратты лактация кезеңінде тағайындау қажет болғанда емшекпен қоректендіруді тоқтату керек, өйткені препараттың бала организміне жағымсыз әсер етуі жоққа шығарылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Такролимус көзге көрінетін және неврологиялық бұзылуларды тудыруы мүмкін. Осы симптомдар пайда болғанда автокөлік жүргізуге немесе механизмдермен жұмыс істеуге болмайды. Бұл симптомдар такролимусты алкогольмен бір мезгілде қабылдағанда күшеюі мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: тремор, бас ауыру, жүрек айну, құсу, инфекциялар, есекжем, летаргия, қанда мочевина азоты деңгейінің артуы және сарысулық креатинин концентрациясының жоғарылауы және аланинаминотрансферазаның жоғарылауы.

Емі

Такролимусқа арнайы у қайтарғы жоқ. Артық дозалану жағдайында жалпы демеу шаралары және симптоматикалық ем жүргізілуі тиіс.

Жоғары молекулалық салмағына, суда нашар ерігіштігіне және эритроциттермен және қан плазмасы ақуыздарымен елеулі дәрежеде байланысуына орай, такролимуспен артық дозаланғанда диализдің тиімді болмауы күтіледі. Қан плазмасындағы препарат деңгейлері өте жоғары жекелеген пациенттерде гемофильтрация және диафильтрация тиімді болып, дәрінің уытты концентрацияларын төмендетеді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

PVC/PE/PVdC үлбірінен және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 капсуладан салады.

Пішінді 5 қаптамадан құрғатқышпен бірге алюминий фольгадан жасалған пакетке салады.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 1 пакеттен картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

30С-ден аспайтын температурада түпнұсқалық қаптамасында сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

30С-ден аспайтын температурада түпнұсқалық қаптамасында

2 жыл.

Пакетті ашқаннан кейін - 12 ай 25С-ден аспайтын температурада.

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші/Қаптаушы

Cандоз Прайвит Лимитед, Үндістан

Мекенжайы: MIDS, Plot №8-A/2, 8B, TTC Industrial Area, Kalwe Block

Vilage-Dighe, Navi Mumbai 400708, Үндістан

Тіркеу куәлігінің иесі

Сандоз Фармасьютикалс д.д., Словения

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын, дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы

Қазақстан Республикасындағы «Сандоз Фармасьютикалс д.д.» АҚ өкілдігі,

Алматы қ., Луганский к-сі 96, «Керуен» бизнес орталығы

Тел.: +7 (727) 2581048 Факс: +7 (727) 2581047

е-mail: kzsdz. drugsafety@sandoz.com

8 800 080 0066 – Қазақстан бойынша тегін қоңырау шалу нөмірі

Прикрепленные файлы

275295971477977009_ru.doc 184 кб
284769041477978184_kz.doc 199.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники