Спайзеф (1500 мг)


Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Спайзеф
Халықаралық патенттелмеген атауы
Цефуроксим
Дәрілік түрі
Инъекция үшін ерітінді дайындауға арналған ұнтақ, 750 мг және 1500 мг
Құрамы
белсенді зат - стерильді цефуроксим натрий (цефуроксимге баламалы) (750 мг) немесе (1500 мг)
Сипаттамасы
Ақтан бозғылт-сары түске дейінгі ұнтақ.
Ұнтақты инъекцияға арналған суда еріткенде бозғылт-сарыдан ашық- янтарь түске дейінгі мөлдір ерітінді түзіледі.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі пайдалануға арналған микробтарға қарсы препараттар. Бактерияларға қарсы бета-лактамды басқа да препараттар. Екінші буындағы цефалоспориндер.
АТЖ коды J01DС02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Бұлшықет ішіне (б/і) енгізгенде Сmax инъекциядан кейін 30-45 минуттан кейін жетеді.
Цефуроксимнің көптеген микроорганизмдерді басатын ең төменгі концентрацияларынан асатын жоғары концентрациялары сүйек тіндерінде, синовиалды сұйықтықта және көз ішілік сұйықтықта жиналады. Менингит кезінде цефуроксим гематоэнцефалдық кедергі арқылы өтеді.
Сарысу ақуыздарымен байланысуы – 50%. Организмде емдік концентрациясы 5,3-8 сағат аралығында сақталады.
Цефуроксим организмде биотрансформацияланбайды. Бұлшықет, көктамыр ішіне (к/і) енгізгенде де Т1/2 шамамен 70 минутты құрайды. Цефуроксимнің 89 % өзгермеген күйінде несеппен өзекшелік бөлініс және шумақтық сүзілу есебінен шығарылады.
Фармакодинамикасы
Спайзеф – парентералды қолдануға арналған II буынның цефалоспориндік антибиотигі. Спайзеф бактерияның жасушалық қабырғасының түзілуін бұза отырып, бактерицидті әсер етеді. Кең ауқымды әсерге ие. Спайзеф көптеген бета-лактамаза әсеріне төзімді, мыналарға қатысты жоғары белсенділікте:
аэробты грамоң бактериялар: Streptococcus pneumoniae, Streptococcus pyogenes, Streptococcus agalacticae, Streptococcus mitis, Staphylococcus aureus, Staphylococcus epidermidis (пенициллиназа өндіретін және өндірмейтін штаммаларды қоса алғанда), Bordetella pertusis;
аэробты грамтеріс бактериялар: Haemophilus influenzae (пенициллиназа өндіретін және өндірмейтін штаммаларды қоса алғанда), Escherichia coli, Klebsiellaa spp., Proteus mirabilis, Moraxella catarrhalis, Neisseria gonorrhoeae (пенициллиназа өндіретін және өндірмейтін штаммаларды қоса алғанда), Neisseria meningitidis, Salmonella spp;
анаэробты грамоң бактериялар: Peptococcus spp., Peptostreptococcus spp., Clostridium spp., Propionibacterium spp;
анаэробты грамтеріс бактериялар: Bacteroides spp., Fusobacterium spp.;
сонымен қатар Borrelia burgdorferi-ға қатысты да белсенді.
Қолданылуы
- пневмонияда, бронхитте, фарингитте, тонзиллитте, синуситте
- несеп шығару жолдарының жұқпаларында
- жұмсақ тіндер мен терілердің жұқпаларында
- сүйектер мен буын жұқпаларында
- сепсисте
- менингитте
- соз, асқынбаған және диссеминирленген гонококктық жұқпаларда
- ересектер мен 12 жастан асқан балаларда Лайм ауруының алғашқы сатысында және кештетіп пайда болатын белгілерінің алдын алуда
- кеуде қуысы ағзалары, құрсақ қуысы, кіші жамбас ағзалары операциялары, ортопедиялық операциялар кезінде асқынған жұқпалардың алдын алуда
Қолдану тәсілі және дозалары
Ересектерге б/і немесе к/і тәулігіне 3 рет 750 мг тағайындайды. Ауыр жұқпалар кезінде – к/і 1500 мг тәулігіне 3 рет. Қажет жағдайда инъекциялар аралықтары 6 сағатқа дейін қысқаруы мүмкін; препараттың ең жоғары бір реттік дозасы – тәулігіне 1500 мг; ең жоғары тәуліктік дозасы – тәулігіне 3-6 г.
Балаларға (3 айлықтан бастап) препаратты 50-100 мг/кг/тәулік дозасында 3-4 енгізуге тағайындайды. Көптеген жұқпалар үшін тәуліктік доза 60 мг/кг құрайды.
Несеп шығару жолдары, жұмсақ тіндер мен терінің жұқпаларында, диссеминирленген гонококк жұқпалары мен асқынбаған пневмонияда әр 8 сағат сайын 750 мг ұсынылады. Ауыр немесе асқынған пневмонияда әр 8 сағат сайын 1500 мг тағайындалады. Сүйек және буынның жұқпаларында әр 8 сағат сайын 1500 мг тағайындалады. Бактериялы менингитте әр 8 сағат сайын тағайындалатын доза 3 г аспауы тиіс. Соз кезінде доза б/і бір сәтте 1500 мг, ал екі инъекция түрінде әртүрлі бөлікке 750 мг.
Орташа емдеу курсы 7-10 күнді құрайды.
Операция кезінде жұқпалы асқынулардың алдын алу үшін ұсынылатын доза операция алдында жарты немесе 1 сағат бұрын 1500 мг құрайды, мұнан әрі әр 8 сағат сайын б/і немесе к/і 750 мг енгізіледі.
Бүйрек қызметі бұзылған науқастарда КК мәні 10-20 мл/мин болғанда 750 мг тәулігіне 2 рет; ал КК мәні 10-20 мл/мин аз болғанда - 750 мг тәулігіне 1 рет ұсынылады.
Парентералді енгізуге арналған ерітінді дайындау ережесі
Б/і немесе к/і инъекциялары үшін инъекцияға арналған суды (кестеге сай) қосып, суспензия түзілгенше абайлап шайқайды.
Б/і енгізу үшін:
Доза |
Инъекцияға арналған су мөлшері |
750 мг |
3 мл |
К/і енгізу үшін:
Доза |
Инъекцияға арналған су мөлшері |
750 мг |
7 мл |
1500 мг |
14 мл |
К/і сорғалатып енгізу – баяу 3-5 минут бойы. К/і үздіксіз инфузиялық енгізу үшін Спайзеф ерітіндісін келесі инфузиялық ерітінділерге қосуға болады: 0,9% натрий хлориді ерітіндісі, 5% және 10% декстроза ерітіндісі.
Жағымсыз әсерлері
- жүрек айну, құсу, диарея, метеоризм, іш қату, іштің ауыруы, ауыз қуысы шырышты қабығының ойылуы, жалғанжарғақшалы колит
- қысқа мерзімді эозинофилия және нейтропения, лейкопения, анемия, тромбоцитопения, протромбин уақытының өзгеруі, панцитопения, агранулоцитоз
- билирубин, бауыр трансаминазалары деңгейінің транзиторлық артуы
- тері бөртпесі, қышыну, есекжем, қызба, мультиформалы эритема, бронх түйілуі, Стивенс-Джонсон синдромы, анафилактикалық шок
- бас ауыруы, ұйқысыздық
- тромбофлебиттер
- енгізген жердің ауыруы
- интерстициальді нефрит
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- цефалоспориндерге және басқа бета-лактамды антибиотиктерге жоғары сезімталдық
- сыртартқысындағы жарғанжарғақшалы колит
- 3 айға дейінгі балаларға
- жүктілік және лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Спайзеф препаратын аминогликозидтер тобының антибиотиктерімен, метронидазолмен қоса қолдануға болады. Олармен біріктірілімде аддитивті әсер етеді, бірақ кейде әсерінің синергизмі байқалуы мүмкін.
Спайзефті жоғары дозадағы әсері күшті диуретиктермен (фуросемидпен) және аминогликозидтермен бір мезгілде қолданғанда өзекшелік сөлініс бәсеңдейді, бүйрек клиренсі төмендейді, плазмадағы концентрация жоғарылап, цефуроксимнің жартылай шығарылу кезеңі ұзарады, бұл нефроуытты әсерлердің туындау қатерін арттырады.
Айрықша нұсқаулар
Сыртартқысында пенициллин тобы антибиотиктеріне және/немесе басқа бета-лактамды антибиотиктерге аллергиялық реакциялары көрсетілген науқастарға Спайзефті абайлап тағайындаған жөн. Спайзефті фуросемидпен және антикоагулянттармен бір мезгілде сақтықпен тағайындау керек. Спайзефті қабылдайтын науқастарда қандағы глюкоза мөлшерін анықтау үшін глюкокиназа немесе гексокиназаны пайдалану ұсынылады.
Дәрілік заттардың көлік құралдарына немесе әлеуетті қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері.
Дәрілік препараттың жағымсыз әсерлерін еске ала отырып, көлік жүргізуде және қауіптілігі зор механизмдерді басқаруда сақтық жасау керек.
Артық дозаланғанда
Симптомдары: құрысуларды қоса алғанда, неврологиялық бұзылыстар болуы мүмкін.
Емі: гемодиализ немесе перитонеальді диализ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
750 мг немесе 1500 мг препараттан (белсенді затқа шаққанда) сұр түсті резеңке тығынмен жабылып, көгілдір түсті қақпақшасы бар алюминий қалпақшамен қаусырылған III класты мөлдір шыныдан жасалған құтыға құйылған.
Құтыға өздігінен жабысатын заттаңба желімделген.
1 құты медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.
Сақтау
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Орхид Хелскэр, Орхид Кемикалс Энд Фармасьютикалс Лтд бөлімшесі» Орхид Тауэрс
313, Валлувар Коттам Хай Роуд,
Нунгамбаккам,
Ченнай – 600 034
Үндістан
Тіркеу куәлігінің иесі
«Орхид Хелскэр, Орхид Кемикалс Энд Фармасьютикалс Лтд бөлімшесі»
Орхид Тауэрс
313, Валлувар Коттам Хай Роуд,
Нунгамбаккам,
Ченнай – 600 034
Үндістан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
ҚР өкілдігі Алматы қ., Достық даңғ., 114 үй, 49 кеңсе
Телефон. тел +7(727) 2640985 факс (727) 2640934
Электронды поштасы georgiyperm@hotmail.com