Симбалта®

МНН: Дулоксетин
Производитель: Лилли дель Карибе Инк
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Duloxetine
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№002430
Информация о регистрации в РК: 11.03.2016 - 11.03.2021
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 403.52 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Симбалта

Халықаралық патенттелмеген атауы

Дулоксетин

Дәрілік түрі

60 мг капсулалар

Құрамы

Бір капсуланың құрамында

белсенді зат - 67.30 мг дулоксетин гидрохлориді (сәйкесінше, 60 мг дулоксетинге баламалы)

қосымша заттар: сахароза, гипромеллоза 2910. 5 cps, гипромеллоза ацетатының сукцинаты, сахароза (30-35 Меш 500-900 микрон жарма түріндегі қант түйіршіктері), тальк, триэтилцитрат, Mixture White DDB8257W* бояғышы, аммиак ерітіндісі

капсула құрамы:

корпусы: индигокармин (Е132), титанның қостотығы (Е171), натрий лаурилсульфаты, темірдің (ІІІ) сары тотығы (Е172), желатин

қақпақшасы: индигокармин (Е132), титанның қостотығы (Е171), натрий лаурилсульфаты, желатин

ақ сия: White Ink TekPrint™, SB-0007P (шеллак, дегидратацияланған спирт, 2-пропанол, бутанол, пропиленгликоль, натрий гидроксиді, повидон, титанның қостотығы (Е171).

* Mixture White DDB8257W бояғышының құрамы: титанның қостотығы (Е171), гипромеллоза 2910. 3 cps, гипромеллоза 2910. 15 cps.

** Green TekPrint™ SB-4028 сиясының құрамы: шеллак, дегидратацияланған спирт, 2-пропанол, бутанол, пропиленгликоль, тазартылған су, концентрацияланған аммиак ерітіндісі, калий гидроксиді, темірдің (ІІ, ІІІ) қара тотығы (Е172), темірдің (ІІІ) сары тотығы (Е172).

Сипаттамасы

№ 1 өлшемді, ақ сиямен түсірілген «60 mg» деген жазуы және «9542» сәйкестендіру коды бар, корпусы жасыл түсті және қақпақшасы көк түсті мөлдір емес, желатинді, қатты капсулалар. Капсуланың ішінде – ақтан сұрғылт-ақ түске дейінгі түйіршіктер.

Фармакотерапиялық тобы

Психоаналептиктер. Антидепрессанттар. Басқа да антидепрессанттар. Дулоксетин.

АТХ коды N06AX21

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Дулоксетин бірден бір энантиомер ретінде тағайындалады. Дулоксетин тотықтырғыш ферменттермен (CYP1А2 және полиморфты CYP2D6) қарқынды метаболизденіп, кейіннен коньюгацияланады. Дулоксетин фармакокинетикасы субъектаралық үлкен ауытқумен (жалпы 50-60%), ішінара жынысқа, жасқа, шылым шегуге және CYP2D6 метаболизаторы жағдайына қарай ерекшеленеді.

Сіңуі. Дулоксетин ішке қабылданғанда жақсы сіңіп, қабылдаудан кейін 6 сағат өткенде препарат қанда ең жоғары концентрациясына (Сmax) жетеді. Препарат қабылдаудан кейін, орта есеппен, 2 сағаттан соң сіңуі басталады. Дулоксетиннің ішу арқылы абсолютті биожетімділігі 32-80% шекте (орта есеппен 50%) болады. Ас ішу қанда препараттың ең жоғары концентрациясына ықпал етпейді, бірақ Сmax мәніне жету уақытын 6-дан 10 сағатқа дейін ұзартады, бұл сіңу дәрежесін мардымсыз (шамамен 11) төмендетеді. Дулоксетиннің сіңірілуінде 3 сағаттық кідіріс және дулоксетин клиренсінің препаратты кешкілік қабылдағаннан кейін, таңертеңгі дозамен салыстырғанда, үштен бірге ұзаруы білінеді.

Таралуы. Дулоксетин плазма ақуыздарымен, негізінен, альбуминмен және 1-қышқылды гликопротеинмен шамамен 96 байланысады. Бүйрек немесе бауыр функциясының бұзылулары қан ақуыздарымен байланысу дәрежесіне ықпалын тигізбейді. Таралу көлемі, орта есеппен, 1640 л жуық құрайды.

Метаболизмі. Дулоксетин белсенді метаболизденеді және оның метаболиттері негізінен несеппен (70 жуық) және 20 нәжіспен шығарылады. Екі Р450-2D6 және 1А2 цитохромы да екі негізгі метаболиттің (4-гидроксидулоксетиннің глюкурон конъюгаты, 5-гидрокси 6-метоксидулоксетиннің сульфат конъюгаты) түзілуін катализдейді. In vitro зерттеулеріне сай, айналымдағы метаболиттердің фармакологиялық белсенділігі жоқ. Дулоксетин фармакокинетикасы CYP2D6 метаболизмі төмендеген пациенттерде жеткіліксіз зерттелген. Шектеулі деректер осы пациенттерде плазмадағы дулоксетин деңгейінің едәуір жоғары болатынын жорамалдайды.

Шығарылуы. Дулоксетиннің жартылай шығарылу кезеңі, орта есеппен, 12 сағат (8-ден 17 сағатқа дейін) құрайды. Дулоксетин тұрақты концентрацияларына, әдетте, препаратты 3 күн қолданудан кейін жетеді. Ішу арқылы қабылдағанда дулоксетиннің орташа клиренсі 101 л/сағат (33-тен 261 л/сағатқа дейін), көктамыр ішіне енгізгенде 36 л/сағат (22-ден 46 л/сағатқа дейін) құрайды.

Пациенттердің жекелеген топтары.

Жынысы: ерлер мен әйелдер арасында анықталған фармакокинетика айырмашылығына (плазмалық клиренс әйелдерде шамамен 50% төмен) қарамастан, бұл айырмашылықтар әйел жынысты пациенттерде төмендеу дозаның пайдаланылуын ақтамайды.

Жасы: жас, орта және егде жастағы (65 жастан бастап және одан асқан) әйел жынысты пациенттер арасындағы фармакокинетикада анықталған айырмашылықтарға қарамастан, егде жастағыларда AUC (концентрация/уақыт қисығы астындағы аудан) жоғары және препараттың жартылай шығарылу кезеңінің ұзақтығы көбірек (шамамен 25%), бұл айырмашылықтар пациенттердің тек жасына қарай дозалануын өзгерту үшін жеткіліксіз. Жалпы, егде жастағы пациенттерді емдегенде сақтық таныту ұсынылады.

Бүйрек функциясының бұзылуы: гемодиализде жүрген, бүйрек функциясының бұзылуы ауыр (созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің (СБЖ) терминалдық сатысы) пациенттерде дулоксетин Сmах және AUC мәндері дені сау субъектілердегі осы көрсеткіштерден 2 есе асып кетті. Дулоксетин бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы немесе бүйрек жеткіліксіздігі ауыр (креатинин клиренсі <30 мл/мин) пациенттерде қолданылмауы тиіс. Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл және орташа пациенттерде дулоксетин фармакокинетикасы туралы деректер шектеулі.

Бауыр функциясының бұзылуы: бауыр функциясы орташа бұзылған (Chіld-Pugh бойынша В класы) пациенттерде, дені сау субъектілермен салыстырғанда, плазмадағы дулоксетин клиренсінің 79% төмендеуі, терминалдық жартылай ыдырау кезеңінің 2.3 есе ұзаруы және AUC 3.7 есе ұлғаюы білінеді. Дулоксетин мен оның метаболиттерінің фармакокинетикасы жеңіл және ауыр дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде зерттелмеген. Дулоксетин бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолданылмауы тиіс.

Бала емізетін аналар: Бала емізетін әйелдер тобында зерттеу жүргізгенде дулоксетин ана сүтінен табылды, ал препараттың статистикалық концентрациялары емшек сүтінде плазмадағы осындай шаманың ¼ жуығын құрады. Емшек сүтіндегі дулоксетин мөлшері күніне екі рет 40 мг доза қабылдағанда күніне 7 мг жуық құрайды. Лактация дулоксетин фармакокинетикасына ықпалын тигізбейді.

18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер: ауқымды депрессиялық бұзылысқа шалдыққан 7-ден 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде препаратты күніне бір рет 20-дан 120 мг дейін ішу арқылы енгізуден кейін дулоксетин фармакокинетикасы үш зерттеу деректеріне негізделген қауымдық үлгілік талдау әдісімен сипатталды. Плазмадағы дулоксетин концентрациясының болжанған көрсеткіштері пациенттердің осы тобында, негізінен, ересек пациенттерде байқалған концентрациялар диапазонында болды.

Фармакодинамикасы

Әсер ету механизмі

Дулоксетин серотонинді (5-HT) және норадреналинді (NA) кері қармайтын біріктірілген тежегіш болып табылады, ол дофаминнің кері қармалуына елеулі тежеу әсерін тигізбейді және гистаминдік, дофаминергиялық холинергиялық және адренергиялық рецепторларға айтарлықтай тектестігі жоқ. Дулоксетин дозасының артуымен жануарларда мидың әртүрлі аумақтарында серотониннің немесе норадреналиннің жасушадан тыс деңгейлері жоғарылайды.

Фармакодинамикалық әсері

Дулоксетин нейропатиялық және қабыну ауыруының кейбір тәжірибелік үлгілерінде ауыру шегін де қалыпқа түсіреді және созылмалы ауыру үлгілерінде ауыру сезімдерінің айқындылығын азайтады. Дулоксетиннің ауыруды басатын әсері, ықтималды түрде, орталық жүйке жүйесі шектерінде тежелудің баяулауымен жүзеге асады.

Клиникалық тиімділігі және қауіпсіздігі

Ауқымды депрессиялық бұзылыс: Симбалта® ауқымды депрессияға арналған DSM-IV критерийлеріне сәйкес 3158 пациент (жылына 1285 пациент экспозициясымен) қатысқан клиникалық бағдарлама аясында зерттелді.

Дулоксетин алған, қайталанған ауқымды депрессиялық бұзылысы бар пациенттерді салыстырмалы жасырын плацебо-бақыланатын зерттеудің 52 аптасы ішінде симптомсыз кезең (p<0,001) плацебо алған пациенттердегіден ұзағырақ болды. Барлық пациенттер бұрын тәулігіне 60-тан 120 мг дейінгі дозада дулоксетинмен емделу кезеңі (28-34 апта) ішінде дулоксетинмен емге жауап берген. Емделудің 52 апталық салыстырмалы жасырын плацебо-бақыланатын фазасында дулоксетин алған пациенттердің 14,4%-да және плацебо алған пациенттердің 33,1%-да депрессия симптомдарының қайта жаңғыруы білінді (p<0,00l).

Зерттеуде депрессиясы бар егде жастағы (65 жастан асқан) пациенттерде тәулігіне бір рет 60 мг дозадағы Симбалтаның® әсері бөлек зерттелді, оның барысында дулоксетин алған пациенттерде және плацебо алған пациенттерде HAMD17 шкаласы бойынша бағалаудың төмендеуі арасында статистикалық мәнді айырмашылық анықталған.

Диабеттік шеткергі нейропатия кезіндегі ауыру синдромы: Диабеттік нейропатия кезіндегі ауыру синдромында емдеу ретіндегі Симбалта® тиімділігі диабеттік нейропатиясы синдромы бар (22-88 жастағы) пациенттерде бекітілген дозаларды, ең кемінде, 6 ай бойы қолданған рандомизацияланған 12 апталық салыстырмалы жасырын плацебо-бақыланатын 2 зерттеуде анықталды. Екі зерттеуде де Симбалта® тәулігіне бір рет 60 мг дозада және тәулігіне екі рет 60 мг дозада, плацебомен салыстырғанда, ауыру қарқындылығын едәуір төмендетті. Ауыру қарқындылығының кем дегенде 30% азаюы, плацебо алған 40%-бен салыстырғанда, дулоксетин алған пациенттердің шамамен 65%-да білінді.

Балалар мен жасөспірімдер

Дулоксетиннің 7 жасқа дейінгі пациенттерде қолданылуына зерттеу жүргізілмеген. Ауқымды депрессиялық бұзылысы бар, 7-ден 17 жасқа дейінгі 800 пациенттің қатысуымен рандомизацияланған салыстырмалы жасырын қатарынан екі клиникалық зерттеу жүргізілді. Дулоксетин тобында да (30-120 мг), белсенді препаратты салыстыру тобында да (флуоксетин 20-40 мг), зерттеудің басынан аяқталу нүктесіне дейін плацебомен салыстырғанда CDRS-R шкаласы бойынша жалпы бағасының өзгеруінде статистикалық мәнді айырмашылық білінбеген. Зерттеудің барлық 36 апталық кезеңі ішінде дулоксетин алу үшін бастапқы рандомизацияланған 333 пациенттің 6-да, флуоксетин алу үшін бастапқы рандомизацияланған 225 пациенттің 3-де суицидтік мінез-құлық білінген (экспозициясы түзетілген жиілігі – дулоксетин үшін жылына пациенттегі 0,039 және флуоксетин үшін – 0,026 құбылыс). Бұдан басқа, плацебодан дулоксетинге ауысқан бір пациентте дулоксетин қолданылғанда суицидтік мінез-құлық білінді.

Қолданылуы

Ересектер

- ауқымды депрессиялық бұзылыста (АДБ)

- диабеттік шеткергі нейропатияның ауырсынулы түрінде (ДШНП)

Қолдану тәсілі және дозалары

Қатаң түрде дәрігердің тағайындауымен қолдану керек!

Ішке қабылдауға. Капсулаларды шайнамай және езбей, бүтіндей жұтқан жөн. Капсуланы ашуға және капсуланың ішіндегісін тамақпен немесе сұйықтықпен араластыруға болмайды.

Ауқымды депрессиялық бұзылыс (АДБ)

Симбалтаның® ұсынылған бастапқы және демеуші дозасы ас ішуге байланыссыз күніне 1 рет 60 мг құрайды. Дозаны күніне 60 мг-ден асырып, күніне ең жоғары 120 мг дозаға дейін арттыру клиникалық зерттеулерде қауіпсіздік тұрғысынан бағаланды. Бастапқы ұсынылған дозамен емдеуге жауап бермейтін пациенттерде дозаны арттырудың артықшылығына клиникалық дәлелдер жоқ.

Емге жауап, әдетте, 2-4 апта емделуден кейін білінеді.

Депрессияға қарсы әсер консолидациясынан кейін, қайталануына жол бермеу мақсатында емдеуді бірнеше ай бойы жалғастыру ұсынылады. Симбалтамен® емге жауап беретін және сыртартқысында депрессия көріністерінің қайталануы бар пациенттерде күніне 60-тан 120 мг дейінгі дозадағы препаратпен әріқарай ұзақ уақыт емдеу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Диабеттік шеткергі нейропатияның (ДШНП) ауырсынулы түрі

Симбалтаның® бастапқы және ұсынылатын демеуші дозасы күніне 60 мг құрайды. Күніне бір рет 60 мг-ден асып кететін дозалары біркелкі бөлінген дозалар түрінде күніне ең жоғары 120 мг дозаға дейін клиникалық сынақтарда қауіпсіздік тұрғысынан бағаланды. Симбалта® концентрациясында жекеше аралық елеулі ауытқуы бар болғандықтан, 60 мг дозаға жауабы жеткіліксіз пациенттерде препараттың дозасын арттыруға болады.

Пациенттің емге реакциясына 2 ай емделуден кейін баға берілуі тиіс. Бастапқы жауабы жеткіліксіз пациенттерде осы уақыт аралығынан соң қосымша реакцияның болу ықтималдығы аз. Емдік пайдасын бағалау жүйелі (үш айда бір реттен кем емес) қарастырылуы тиіс.

Диабет бүйрек ауруларымен жиі асқынатындықтан, бүйрек функциясы бұзылған пациенттерді емдеу препараттың төменірек бастапқы дозасынан басталуы тиіс және Симбалта® дозасын арттыру біртіндеп жүргізілуі тиіс.

Пациенттердің ерекше топтарында Симбалта® қолдану

18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде қолдану

Айрықша нұсқаулар

Егде жастағы пациенттерде қолдану

Жас шамасына ғана негіздеумен егде жастағы пациенттер үшін дозаны түзету қажет емес.

Егде жастағы пациенттерді емдегенде, әсіресе, ауқымды депрессиялық бұзылысты емдеуде Симбалта® 120 мг дозада тағайындалғанда, деректер шектеулі болғандықтан, алдын ала сақтану шараларын қабылдау қажет.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттерде қолдану

Симбалта® бауыр жеткіліксіздігіне әкелетін бауыр аурулары бар пациенттерде пайдаланылмауы тиіс.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде қолдану

Бүйрек функциясының бұзылуы жеңіл және орташа дәрежедегі (креатинин клиренсі минутына 30-80 мл) пациенттерде Симбалта дозасын түзету қажет емес. Симбалта® бүйрек жеткіліксіздігі ауыр (креатинин клиренсі 30 мл/мин аз) пациенттерде пайдаланылмауы тиіс.

Симбалтамен® емдеуді тоқтатқанда байқалатын тоқтату синдромы

Емдеуді күрт тоқтатпау қажет. Тоқтату синдромының даму қаупін төмендету үшін доза 1-2 апта ішінде біртіндеп азайтылуы тиіс. Препарат дозасын азайтудан кейін көтере алмаушылық симптомдары білінген жағдайда немесе емдеуді тоқтатқанда бұрын тағайындалған дозада қабылдауды жаңғыртуға болады. Әріқарай дәрігер дозаны азайтуды, бірақ баяуырақ қарқынмен жалғастыра алады.

жағымсыз әсерлері

Симбалтаныâ алған пациенттерде келесі жағымсыз реакциялардың дамуы жөнінде ең жиі хабарланды: жүрек айну, бас ауыру, ауыздың кеберсуі, ұйқышылдық және бас айналу. Жиі дамитын жағымсыз реакциялардың көпшілігінің, әдетте, емдеудің басында пайда болатын және көптеген жағдайларда емдеуді жалғастырғанда бәсеңдейтін айқындылығы әлсіз немесе орташа болды.

Бірлі-жарым жағдайлардағыдан жиірек кездесетін жағымсыз реакциялар келесі градацияға сәйкес берілген: өте жиі (10 ); жиі ( 1, 10); кейде ( 0,1, 1); сирек (0,01, 0,1); тіптен сирек (0,01).

Өте жиі

  • бас ауыру, ұйқышылдық

  • жүрек айну, ауыздың кеберсуі

Жиі

  • тәбеттің төмендеуі

  • ұйқысыздық, ажитация, либидо төмендеуі, үрей/мазасыздық, патологиялық оргазм, патологиялық түстер көру

  • бас айналу, летаргия, тремор, парестезия

  • көрудің тұмандануы

  • тиннит1

  • жүректің қатты қағуы

  • артериялық қысымның көтерілуі, бетке қан тебу

  • есінеу

  • іш қату, диарея, іштің ауыруы, құсу, диспепсия, метеоризм

  • қатты терлеу, бөртпе

  • қаңқа-бұлшықет ауыруы, бұлшықет түйілуі

  • дизурия, поллакиурия

  • эректильді дисфункция, эякуляцияның бұзылуы, эякуляция кідірісі

  • естен тану8, қажу

  • салмақтың кемуі

Кейде

  • ларингит

  • гипергликемия (әсіресе, қант диабеті бар пациенттерде)

  • суицидтік ойлар5,7, ұйқының бұзылуы, бруксизм, бағдардан жаңылу, апатия

  • миоклонус, акатизия, күйгелектік, зейін бұзылуы, дизгевзия, дискинезия, мазасыз аяқтар синдромы, ұйқы сапасының нашарлауы

  • мидриаз, көрудің нашарлауы

  • вертиго, құлақтың ауыруы

  • тахикардия, суправентрикулярлы аритмия (көбінесе жүрекшелер фибрилляциясы)

  • естен тану2, гипертензия3,7, ортостатикалық гипотензия2, шеткергі қан айналымының бұзылуы (аяқ-қолдардың суынуы)

  • тамақтың қысылу сезімі, мұрыннан қан кету

  • асқазан-ішектен қан кету7, гастроэнтерит, кекіру, гастрит, дисфагия

  • гепатит3, бауыр ферменттері (АЛТ, АСТ, сілтілік фосфотаза) деңгейінің жоғарылауы, жедел бауыр зақымдануы

  • түнгі тершеңдік, есекжем, жанаспалы дерматит, суық тер, фотосенсибилизация, қанталаулардың түзілуіне жоғары бейімділік

  • бұлшықеттер қимылының шектелісі, бұлшықеттердің құрысуы

  • несеп шығарудың кідіруі, несеп шығарудың бұзылуы, никтурия, полиурия, несеп ағыны жылдамдығының нашарлауы

  • гинекологиялық қан кету, етеккір оралымының бұзылуы, сексуалдық дисфункция, аталық бездердің ауыруы

  • кеуденің ауыруы7, патологиялық сезімдер, суықты сезіну, шөлдеу, қалтырау, дімкәстану, ысыну сезімі, жүріс-тұрыстың бұзылуы

  • салмақтың артуы, қандағы креатининфосфокиназа деңгейінің жоғарылауы, қандағы калий деңгейінің артуы

Сирек

  • анафилаксиялық реакция, аса жоғары сезімталдық

  • гипотиреоз

  • дегидратация, гипонатриемия, антидиурездік гормонның талапқа сай емес секреция синдромы (АДГТСС)

  • суицидтік мінез-құлық5,7, мания, елестеулер, озбырлық және ызақорлық4

  • серотониндік синдром6, құрысулар1, психомоторлық мазасыздық6, экстрапирамидалық симптомдар6

  • глаукома

  • гипертониялық криз3,6

  • стоматит, қан аралас нәжіс, ауыздан жағымсыз иіс шығуы

  • бауыр жеткіліксіздігі6, сарғаю6

  • Стивенс-Джонсон синдромы6, ангионевроздық ісіну6

  • тризм

  • несептің патологиялық иісі

  • менопауза симптомдары, галакторея, гиперпролактинемия

  • қанда холестерин деңгейінің жоғарылауы

Өте сирек

  • тері васкулиті

  • микроскопиялық колит

Ескертулер

  • Құрысу жағдайлары және құлақтың шуылдауы емді тоқтатудан кейін де білінді

  • Ортостатикалық гипотензия және естен танулар, әсіресе, емнің басында білінді

  • Айрықша нұсқаулар бөлімін қараңыз

  • Озбырлық пен ызақорлық жағдайлары, әсіресе, емдеудің басында немесе емді тоқтатудан кейін тіркелген

  • Суицидтік ойлар және суицидтік мінез-құлық жағдайлары Симбалтамен® ем кезеңінде немесе емдеуді тоқтатудан кейінгі бастапқы сатыларда білінген (Айрықша нұсқаулар бөлімін қараңыз)

  • Пост-маркетингтік бақылау деректері бойынша болжанатын жағымсыз реакциялар жиілігі; плацебо-бақыланатын клиникалық зерттеулер барысында байқалмаған

  • Статистикалық тұрғыда плацебодан болымсыз ерекшеленеді

  • Құлап қалу егде жастағы (≥ 65 жас) пациенттерде жиірек білінді

    Жекелеген жағымсыз реакциялар сипаттамасы

    Симбалта® қабылдауды тоқтату (әсіресе, емді күрт тоқтату кезінде), әдетте, тоқтату симптомдарының пайда болуына алып келеді. Ең көп таралған реакцияларға: бас айналу, сезімталдықтың бұзылуы (парестезия немесе, әсіресе, мидағы электр өрісімен зақымдалуға ұқсас сезімдерді қоса), ұйқының бұзылуы (ұйқысыздық пен айқын түс көруді қоса), шаршау, ұйқышылдық, қозу немесе үрейлену, жүрек айну және/немесе құсу, тремор, бас ауыру, миалгия, ашушаңдық, диарея, қатты терлеу және вертиго жатады.

    Жалпы, серотонинді кері қармайтын іріктелген тежегіштерге (СКҚІТ) және серотонин мен норадреналинді кері қармайтын тежегіштерге (СжНКҚТ) осы көріністердің әлсіз және орташа өздігінен реттелу сипаты тән; дегенмен, кейбір пациенттерде олардың ауыр болуы және/немесе ұзаққа созылуы мүмкін. Емдеуді жалғастыру қажет болмаған жағдайда, препарат дозасын біртіндеп азайту арқылы Симбалтамен® емдеуді бірізді тоқтату ұсынылған (Қолдану тәсілі және дозалары және Айрықша нұсқаулар бөлімін қараңыз).

    Клиникалық зерттеулер барысында Симбалта® қабылдаған, диабеттік нейропатиялық ауыруы бар пациенттерде препараттың үш клиникалық сынағының жедел фазасының 12 аптасында ашқарында қандағы глюкоза деңгейінің аздап, бірақ статистикалық мәнді жоғарылауы білінді. HbA1c деңгейі Симбалта® қабылдаған пациенттерде де және плацебо алған пациенттерде де тұрақты күйде қалды. 52 аптаға дейін жалғасқан осы зерттеулердің ұзартылған фазасында Симбалтамен® емдеу тобында да, дағдылы ем тобында да HbA1c деңгейінің жоғарылауы байқалды, бірақ осы көрсеткіштің орташа артуы Симбалтамен® ем тобында 0,3% көп болды. Симбалта® қабылдаған пациенттерде де ашқарында қандағы глюкоза деңгейінің және жалпы холестериннің аздап артуы білінді, сонымен қатар дағдылы ем тобында зертханалық көрсеткіштер деректерінің аздап төмендеуі байқалды.

    Жүректің жиырылу жиілігі бойынша түзетілген QT аралығы Симбалта® қабылдаған пациенттерде плацебо қабылдаған пациенттердегі осындайдан ерекшеленбеген. Симбалта® қабылдаған пациенттер мен плацебо қабылдаған пациенттер арасындағы QT, PR, QRS немесе QTcB көрсеткіштерінде клиникалық мәнді айырмашылықтар білінбеген.

    18 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдер

    Жалпы алғанда, ауқымды депрессиялық бұзылысы бар 7-ден 17 жасқа дейінгі 509 пациент Симбалтаны® клиникалық сынақтар кезінде алды. Жалпы, 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер тобындағы Симбалтаның® жағымсыз реакциялар бейіні ересек пациенттердегі осындаймен ұқсас болды.

    Симбалтамен® ем тобындағы клиникалық сынақтарда бастапқы рандомизацияланған 467 пациентте 10 аптада салмақтың 0,1 кг орташа төмендеуі болды, плацебо тобында салмақ төмендеуі 0,9 кг құрады. Кейінірек, төрт айдан алты айға дейінгі ем кезеңінде осы пациенттердің көпшілігінде олардың осы жас пен жыныс үшін күтілген бастапқы салмақтың қалыпқа келу үрдімі білінді (Айрықша нұсқаулар бөлімін қараңыз).

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препараттың әсер етуші затына немесе қосымша компоненттеріне жоғары сезімталдық

  • бауыр жеткіліксіздігіне алып келетін бауыр аурулары

  • ауыр бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 30 мл/мин аз)

  • әлеуетті гипертониялық кризге әкелетін бақыланбайтын гипертензия

  • бақыланбайтын жабық бұрышты глаукома

  • препаратты моноаминоксидаза тежегіштерімен (МАОТ) бір мезгілде қолдану

  • СҮР1А2 қуатты тежегіштерімен (мысалы, флувоксаминмен, ципрофлоксацинмен немесе эноксацинмен) бір мезгілде қолдану

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

  • бала емізу кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Симбалтаның® басқа дәрілік препараттарға ықпалы

СҮР1А2 арқылы метаболизденетін дәрілік препараттар. Симбалтаны® (күніне 2 рет 60 мг) бір мезгілде қолдану СҮР1А2 субстраты - теофиллин фармакокинетикасына елеулі ықпалын тигізбеген. In vitro зерттеулерінің деректері бойынша, Симбалта® СҮР1А2 белсенділігін көтермелемейді.

СҮР2D6 арқылы метаболизденетін дәрілік препараттар. Симбалта® СҮР2D6 орташа тежегіші болып табылады. Симбалтаны® күніне 2 рет 60 мг дозада бір рет қабылданатын СҮР2D6 субстраты - дезипраминмен бірге қабылдағанда дезипрамин AUC мәнінің 3 есе артуы білінді. Симбалтаны® (күніне 2 рет 40 мг) бірге тағайындау толтеродин (күніне 2 рет 2 мг) AUC мәнін орныққан күйде 71 жоғарылатты, бірақ оның белсенді 5-гидроксил метаболиті фармакокинетикасына ықпалын тигізбеген және препараттың дозасын түзету қажет болмаған. Симбалтаны® көбінесе СҮР2D6 жүйесімен метаболизденетін препараттармен (рисперидон, үш циклды антидепрессанттар (ҮЦА), нортриптилин, амитриптилин және имипрамин сияқты), әсіресе, емдік индексі тар фенотиазиндермен (мысалы, флекаинид, пропафенон немесе метапролол) бір мезгілде тағайындағанда сақ болу қажет.

Симбалтаны® үш циклды антидепрессанттармен бірге тағайындағанда плазмадағы концентрациясына мониторинг және кейіннен ҮЦА дозасын азайту қажет болуы мүмкін. Плазмадағы тиоридазиннің жоғары деңгейімен байланысты болуы әбден мүмкін күрделі қарыншалық аритмиялар мен кенеттен өлудің даму қаупіне орай, Симбалта® мен тиоридазинді бірге қолдану ұсынылмайды.

CYP2C9, CYP2C19 арқылы метаболизденетін дәрілік препараттар. Іn vitro зерттеулерінің нәтижелері Симбалтаның® CYP2C9 белсенділігіне тежеу ықпалын тигізбейтінін көрсетті. Клиникалық зерттеулерде CYP2C9 субстраты – S-варфарин фармакокинетикасы Симбалтаның® елеулі әсеріне ұшырамаған. Іn vitro зерттеулерінің нәтижелері Симбалтаның® емдік концентрацияларында CYP2C19 белсенділігіне тежеу ықпалын тигізбейтінін көрсетті. Сондықтан клиникалық зерттеулер жүргізілмесе де, CYP2C19 субстраттары метаболизмінің бәсеңдеуі күтілмейді.

Лоразепам және темазепам. Лоразепаммен немесе темазепаммен бірге қолдану дулоксетин фармакокинетикасына ықпалын тигізбеген.

Ішуге арналған контрацептивтер және басқа да стероидты дәрілер. Іn vitro зерттеулерінің нәтижелері Симбалтаның® CYP3A белсенділігін тежемеуі және көтермелемеуін көрсетті. CYP3A белсенділігін индукциялау немесе тежеу нәтижесінде CYP3A субстраттары (мысалы, ішуге арналған контрацептивтер және басқа да стероидты дәрілер) метаболизмінің артуы немесе азаюы күтілмейді; алайда, дәрілік өзара әрекеттесуі бойынша in vivo спецификалық клиникалық зерттеулері жүргізілмеген.

Антикоагулянттар және антиагреганттық дәрілер. СКҚІТ немесе СжНКҚТ варфаринмен бірге тағайындалғанда, жоғары қанағыштықты қоса, антикоагулянттық әсерлерінің өзгеруі хабарланды. Симбалта® ішуге арналған антикоагулянттармен және антиагреганттық дәрілермен бір мезгілде тағайындалғанда, фармакодинамикалық өзара әрекеттесумен байланысты қан кету қаупінің жоғарылауы мүмкін екеніне орай, сақтық таныту керек. Симбалта® мен варфарин бір мезгілде тағайындалғанда халықаралық қалыптасқан қатынас (ХҚҚ) жоғарылауы мүмкін. Алайда, клиникалық фармакологиялық зерттеу аясындағы стационарлық жағдайларда дені сау еріктілерге Симбалтаны® варфаринмен бір мезгілде тағайындау, бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда, ХҚҚ клиникалық мәнді өзгерістеріне немесе R- немесе S-варфарин фармакокинетикасының өзгерісіне әкелмеген. Дулоксетиннің тромбоциттерге әлеуетті ықпалын ескеріп, варфарин алатын пациенттер Симбалтаны® қолдануды бастағанда немесе онымен емдеуді тоқтатқан жағдайда бақылауда болуы тиіс.

Симбалтаға® басқа дәрілік препараттардың әсері

CYP2D6 тежегіштері. Симбалта® (күніне бір рет 40 мг) мен пароксетинді (күніне бір рет 20 мг) бір мезгілде қолдану дулоксетин AUC мәнін шамамен 60% арттырады және пароксетиннің едәуір жоғары дозаларында жоғары тежелу дәрежесі күтіледі. Осыған ұқсас әсерлер басқа да CYP2D6 қуатты тежегіштерін (мысалы, флуоксетин мен хинидин) қолдану кезінде күтіледі.

Антацидтер мен Н2-антагонистер. Симбалтаны® құрамында алюминий және магний бар антацидтермен немесе фамотидинмен бір мезгілде тағайындау 40 мг дозада ішу арқылы тағайындаудан кейінгі препараттың сіңу деңгейіне немесе дәрежесіне елеулі ықпалын тигізбеген.

СҮР1А2 индукторлары. Қауымдардағы фармакокинетика талдаулары шылым шегетіндерде қан плазмасындағы дулоксетин концентрациясының, шылым шекпейтіндермен салыстырғанда, 50 дерлік төмен екенін көрсетті.

Басқа да клиникалық мәнді дәрілік өзара әрекеттесулер

Моноаминоксидаза тежегіштері. Серотониндік синдромның даму қаупіне байланысты, іріктелмеген қайтымсыз моноаминоксидаза тежегіштерімен (МАОТ) біріктіріп немесе МАОТ пайдаланылатын емдеуді тоқтатудан кейін 14 күн бойы Симбалтаны® қолдану ұсынылмайды. Препараттың жартылай ыдырау кезеңін ескеріп, Симбалта® қабылдауды тоқтатудан кейін МАОТ қолдану басталғанша кемінде 5 күн өтуі тиіс.

Симбалтаны® моклобемид сияқты іріктелмеген қайтымды МАОТ-мен бірге қолдану ұсынылмайды.

Линезолид және метиленді көк. Серотониндік синдромның даму қаупі жоғары екеніне байланысты, іріктелмеген қайтымды МАОТ болып табылатын линезолид алатын пациенттерге Симбалтаны® немесе метиленді көктің көктамырішілік инъекциясын тағайындау ұсынылмайды. Психиатриялық жай-күйі шұғыл емдеуді талап ететін пациенттерде басқа емдік шараларды жасау, соның ішінде ауруханаға жатқызу мүмкіндігін қарастыру қажет. Симбалта® қабылдап жүрген пациентке линезолидпен немесе метиленді көкпен емдеу қажет болатын кезек күттірмейтін жағдайларда емдеудің қолжетімді баламалы нұсқалары жоқ, ал линезолид қолданудың немесе метилен көгін көктамыр ішіне енгізудің әлеуетті пайдасы нақты бір пациентте серотониндік синдромның даму қаупінен жорамалды түрде басым түссе, Симбалта® қабылдауды дереу тоқтатып, линезолидті немесе метиленді көктің көктамырішілік инъекцияларын тағайындау қажет. Пациенттің жай-күйіне, бұрынырақ басталуына қарай, линезолидтің соңғы дозасын қабылдаудан немесе метилен көгін көктамыр ішіне енгізуден кейін 24 сағат өткенше немесе 5 күн бойы серотониндік синдром симптомдарының бар-жоғы тұрғысынан мониторинг жасау қажет. Симбалтамен® емдеуді линезолидтің соңғы дозасынан немесе метиленді көктің көктамырішілік инъекциясынан кейін 24 сағаттан соң жаңғыртуға болады. Симбалтаны® бірге тағайындағанда және метилен көгін енгізудің немесе 1 мг/кг-ден едәуір төмен көктамырішілік дозасын енгізудің басқа жолдарында серотониндік синдромның даму қаупі белгісіз. Препарат осындай жолмен тағайындалғанда серотониндік синдромның туындау мүмкіндігі дәрігерге мәлім болуы тиіс.

СҮР1А2 тежегіштері. Симбалта® метаболизміне СҮР1А2 қатысуымен байланысты, препаратты СҮР1А2 әлеуетті тежегіштерімен бір мезгілде қабылдау дулоксетин концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін. СҮР1А2 тежегіші - флувоксамин (күніне 1 рет 100 мг) плазмадағы дулоксетин (күніне 2 рет 40 мг) клиренсін шамамен 77 төмендетіп, AUC0-t және Сmах мәндерін 6 есе арттырды. Симбалтаны® СҮР1А2 қуатты тежегіштерімен (мысалы, циметидин, флувоксамин, кейбір хинолон туындылары (мысалы, ципрофлоксацин, эноксацин)) біріктірілімін пайдалану ұсынылмайды.

ОЖЖ-ге әсер ететін дәрілік препараттар. Симбалтаны® басқа препараттармен және орталық жүйке жүйесіне (ОЖЖ) әсер ететін дәрілермен қолдану қаупі, осы бөлімде сипатталған жағдайларды қоспағанда, жүйелі түрде талданбаған. Симбалтаны® дәрілік заттармен немесе, алкоголь мен тыныштандыратын препараттарды (мысалы, бензодиазепиндер, морфиномиметиктер, антипсихотиктер, фенобарбитал, тыныштандыру әсері бар антигистаминді препараттар) қоса, орталықтан әсер ететін заттармен бірге қабылдағанда сақтық таныту керек.

Серотонинергиялық дәрілер. Сирек жағдайларда серотонинергиялық дәрілермен бірге СКҚІТ, СжНКҚТ қолданатын пациенттерде серотониндік синдромның туындауы хабарланған. Симбалтаны® СКҚІТ, СжНКҚТ, үш циклды антидепрессанттар (мысалы, кломипрамин немесе амитриптилин), МАОТ (мысалы, моклобемид немесе линезолид), шайқурай (Hypericum perforatum), триптандар, трамадол, петидин және триптофан сияқты серотонинергиялық препараттармен бір мезгілде тағайындағанда сақтық таныту қажет.

Асқазан сөлінің қышқылдылығына әсер ететін препараттар. Симбалтаның® рН 5,5-тен асып кететін асқазан-ішек жолы сегментіне жеткенше капсулалардың еріп кетуін кедергілейтін энтеросолюбильді жабыны бар. Өте қышқылды ортада ішектік жабынмен қорғалмаған Симбалта® гидролизге ұшырап, нафтол түзуі мүмкін. Симбалтаны® асқазанның босатылуын баяулатуы мүмкін жағдайлары (мысалы, қант диабеті) бар пациенттерде абайлап қолдану керек. Асқазан-ішек жолында рН арттыратын дәрілік препараттар дулоксетиннің ертерек босап шығуына әкелуі мүмкін. Дегенмен де, Симбалтаны® құрамында алюминий мен магний бар антацидтермен (51 мг-экв) немесе Симбалтаны® фамотидинмен бірге енгізу препаратты 40 мг дозада енгізуден кейін дулоксетиннің сіңу жылдамдығы мен дәрежесіне елеулі ықпалын тигізбеген. Препараттың сіңуіне Симбалта® мен протонды помпа тежегіштерін бірге қолдану ықпалы белгісіз.

Қан ақуыздарымен жоғары дәрежеде байланысатын препараттар. Дулоксетин қан плазмасы ақуыздарымен елеулі дәрежеде байланысады. Сондықтан Симбалтаны® пациенттерге қан плазмасы ақуыздарымен жоғары дәрежеде байланысатын басқа препаратты қабылдау аясында тағайындау осы препарат концентрациясын жоғарылатып, бұл жағымсыз реакциялардың дамуына әкелуі мүмкін.

Алкоголь. Алкогольді көп мөлшерде тұтыну аясында Симбалтаны® қолдану бауырдың ауыр зақымдануларына әкелуі мүмкін. Алкогольді шамадан тыс тұтынатын пациенттерге Симбалта® тағайындау ұсынылмайды.

Айрықша нұсқаулар

Мания және құрысулар. Құрысу бұзылыстары бар пациенттерде Симбалта® қолдануға жүйелі зерттеу жүргізілмеген және ондай пациенттер клиникалық зерттеулерден шығарылған. Симбалтаны® сыртартқысында маниакальді көріністері, биполярлық бұзылысы және/немесе құрысу бұзылыстары бар пациенттерде абайлап қолдану керек.

Мидриаз. Симбалта® қабылдау кезінде мидриаз туындау мүмкіндігімен байланысты, Симбалта® көзішілік қысымы жоғары пациенттерге немесе жабық бұрышты глаукома дамитын қауіп тобына жататын тұлғаларға тағайындалғанда алдын ала сақтану шараларын қабылдау қажет.

Артериялық қысым (АҚ) және жүректің жиырылу жиілігі (ЖЖЖ). Кейбір пациенттерде дулоксетин қабылдау артериялық қысымның көтерілуімен және клиникалық мәнді гипертензияның туындауымен байланысты. Бұл дулоксетиннің норадренергиялық әсерімен байланысты болуы мүмкін. Дулоксетин қабылдау кезінде, әсіресе, сыртартқысында гипертензия аталған пациенттерде гипертониялық криз жағдайлары білінген. Гипертензияға және/немесе жүрек ауруларына шалдыққан пациенттерде, әсіресе, Симбалтамен® емделген алғашқы ай ішінде артериялық қысымға мониторинг жасау ұсынылады. Препаратты жүректің жиырылу жиілігінің жоғарылауы немесе артериялық қысымның көтерілуі салдарынан жағдайы нашарлап кетуі мүмкін пациенттерде сақтықпен қолдану қажет. Симбалтаны® препарат метаболизмін бұзуы мүмкін дәрілік препараттармен тағайындалғанда алдын ала сақтану шараларын қадағалау қажет. Симбалтаны® қабылдағанда артериялық қысымның тұрақты көтерілуін сезінетін пациенттер үшін не дозаны азайту, не препаратты біртіндеп тоқтату мүмкіндігін қарастыру қажет. Бақыланбайтын гипертензиясы бар пациенттерде дулоксетин қабылдауды бастауға болмайды.

Бүйрек функциясының бұзылуы. Гемодиализде жүрген, бүйрек жеткіліксіздігі ауыр (креатинин клиренсі 30 мл/мин аз) пациенттерде қан плазмасындағы препарат концентрациясының ұлғаюы байқалады. Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр (креатинин клиренсі 30 мл/мин аз) пациенттерде Симбалтаны® қолдану ұсынылмайды.

Серотониндік синдром. Басқа да серотонинергиялық препараттар жағдайындағы сияқты, Симбалтамен® ем кезінде, әсіресе, басқа серотонергиялық агенттермен (СКҚІТ, СжНКҚТ, үш циклды антидепрессанттар, триптандар, фентанил, литий, трамадол, триптофан, буспирон және шайқурайды қоса), серотониннің метаболизмін бұзатын препараттармен (атап айтқанда, психикалық бұзылыстарды емдеуге арналған МАОТ, сондай-ақ басқа да препараттар, мысалы, линезолид және метиленді көк), психозға қарсы препараттармен немесе серотонинергиялық нейромедиаторлық жүйелерге ықпал етуі мүмкін басқа да допамин антагонистерімен бірге қолданғанда өмір үшін қаупі зор жағдай – серотониндік синдром дамуы мүмкін. Серотониндік синдром симптомдары психикалық жағдай өзгерістерін (мысалы, қозу, елестеулер, сандырақтау және кома), вегетативті жүйке жүйесінің тұрақсыздығын (мысалы, тахикардия, құбылмалы артериялық қысым, бас айналу, тершеңдік, қан кернеулер, гипертермия), нейробұлшықет бұзылуларын (мысалы, тремор, сіресу, миоклонус, гиперрефлексия, қимыл үйлесімінің бұзылуы), құрысуларды және/немесе асқазан-ішектік симптомдарын (мысалы, жүректің айнуы, құсу, диарея) қамтуы мүмкін. Пациенттерге серотониндік синдром белгілерінің бар-жоғы тұрғысынан мониторинг жасалуы тиіс. Симбалтаны психикалық бұзылыстарды емдеуге арналған МАОТ-мен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Егер серотонинергиялық және/немесе допаминергиялық нейротрансмиттерлік жүйелерге ықпал ете алатын басқа серотонинергиялық агенттермен бірге Симбалтаның® емі клиникалық негізделген болса, онда пациенттердің жағдайын, әсіресе, емді бастау немесе дәрілік зат дозасын арттыру кезінде мұқият қадағалау қажет. Пациенттерге, Симбалта® мен жоғарыда көрсетілген препараттар бір мезгілде қолданылғанда, әсіресе, емдеудің басында немесе дозасын арттырғанда серотониндік синдромның даму қаупі алдын ала ескертілуі тиіс. Серотонинергиялық синдром дамыған жағдайда, Симбалтамен® және кез келген қатарлас серотонинергиялық препараттармен емдеу дереу тоқтатылуы тиіс және симптоматикалық ем басталуы тиіс.

Шайқурай. Симбалта® мен құрамында шайқурай (Hypericum perforatum) бар өсімдік препараттарын бір мезгілде қолданғанда жағымсыз әсерлер пайда болуы мүмкін.

Суицидтік әрекеттер

Ауқымды депрессиялық бұзылыс.

Психиатриялық жағдайлар, соның ішінде депрессия пациентте суицидтік ойлардың туындау қаупінің жоғарылауымен, өзіне-өзі зиян келтірумен және өзін-өзі өлтірумен (суицидпен байланысты құбылыстармен) астасуы мүмкін. Бұл қауіп тұрақты ремиссия басталғанша сақталады. Жағдайдың жақсаруы емдеудің алғашқы бірнеше аптасында болмауы мүмкін екенімен байланысты, жақсару басталғанша пациенттерді мұқият қадағалау қажет. Жалпы клиникалық тәжірибеге сай, суицид қаупі сауығудың ерте сатыларында артуы мүмкін.

Симбалта® тағайындау ұсынылған басқа да психикалық бұзылыстар өзін-өзі өлтірудің жоғары қаупімен байланысты болуы да мүмкін. Бұдан басқа, ондай жағдайлар ауқымды депрессиялық бұзылыспен қатар жүруі мүмкін. Басқа да психикалық бұзылыстары бар пациенттерді емдегенде ауқымды депрессиялық бұзылысқа шалдыққан пациенттерді емдеу кезіндегі алдын ала сақтану шараларын қадағалау қажет.

Сыртартқысында суицидтік көріністері бар немесе ем басталғанша суицидтік ойлары елеулі дәрежеде көрініс беретін пациенттер суицидтік ойлар немесе мінез-құлық пайда болатын үлкен қауіп тобында болады және ем кезінде мұқият қадағалауда болуы тиіс. Плацебо-бақыланатын клиникалық зерттеулердің мета-талдауы психикалық бұзылыстары бар 25 жасқа толмаған пациенттерді емдеуге антидепрессанттар қолдану кезінде, плацебомен салыстырғанда, суицидтік мінез-құлықтың даму қаупінің жоғары екенін көрсетті. Симбалта® тағайындалғанда немесе емдеуді тоқтатудан кейін көп кешікпей суицидтік ойлар мен суицидтік мінез-құлықтың пайда болу жағдайлары хабарланды.

Пациенттерді, атап айтқанда, жоғары қауіп тобындағыларды дәрілермен емдеу, әсіресе, емнің ерте сатыларында және дозаны өзгерткенде мұқият бақылаумен жүргізілуі тиіс. Пациенттерге (және оларды күтіп-бағатын адамдарға) клиникалық нашарлау, суицидтік ойлар мен мінез-құлық симптомдары немесе әдеттен тыс мінез-құлық өзгерістері туындағанда пациентті бақылау және дәрігерге дереу қарату қажеттілігі ескертілуі тиіс.

Диабеттік нейропатия кезіндегі ауырсыну синдромы. Фармакологиялық әсері ұқсас басқа да дәрілік препараттардағы (антидепрессанттар) сияқты, Симбалтамен® емделу кезінде немесе онымен емдеуді тоқтатудан кейін көп ұзамай суицидтік ойлар мен суицидтік мінез-құлық пайда болған бірлі-жарым жағдайлар хабарланған. Дәрігерлер пациенттерді кез келген үрейлі ойлар немесе сезімдер туралы кез келген уақытта хабарлап отыруға ынталандыруы тиіс.

Қан кету. Симбалтаны® қоса, серотонинді кері қармайтын іріктелген тежегіштер және серотонин мен норадреналинді кері қармау тежегіштері тағайындалғанда қан кетудің пайда болу қаупі артуы мүмкін. Экхимоздар, гематомалар, петехиялар, мұрыннан қан кету, пурпура және асқазан-ішектен қан кету және өмірге қатерлі қан кетулер туындаған жағдайлар болды. Антикоагулянттар және/немесе тромбоциттер функциясына ықпал ететін дәрілік препараттар (мысалы, ҚҚСП, ацетилсалицил қышқылы, варфарин) қабылдап жүрген пациенттерді, сондай-ақ қан кетудің туындауына бейімділігі бар пациенттерді емдеу кезінде сақтық таныту қажет. Пациенттерге Симбалтаâ және ҚҚСП, аспирин немесе коагуляцияға ықпал ететін басқа да препараттарды бір мезгілде пайдаланғанда қан кетудің пайда болу қаупі жөнінде алдын ала ескертілуі тиіс.

Гипонатриемия. Симбалта® тағайындалғанда, қан сарысуындағы натрий деңгейі 110 ммоль/л дейін төмендеген жағдайларды қоса, гипонатриемияның пайда болуы хабарланған. Гипонатриемия антидиурездік гормонның талапқа сай емес секреция синдромымен (АДГТСС) байланысты болуы мүмкін. Гипонатриемия жағдайларының көпшілігі егде жастағы пациенттерде, әсіресе, сыртартқыда сұйықтық теңгерімінің өзгерістері немесе соған бейімдейтін жағдайлардың болуымен бірігіп тіркелген. Симбалта® гипонатриемияның даму қаупі жоғары пациенттерге, атап айтқанда, егде жастағы адамдарға, бауыр циррозы немесе дегидратациясы бар немесе диуретиктермен ем алып жүрген науқастарға тағайындалғанда сақ болу қажет.

Акатизия/психомоторлық қозу. Симбалтамен® емделудің алғашқы апталарында көбінесе субъективті жағымсыз немесе күйзелтетін мазасыздықпен және тыныш тұра алмау немесе отыра алмаумен жиі қатар жүретін қимылдау қажеттілігімен сипатталатын акатизия дамуы мүмкін. Аталған симптомдары бар пациенттерде дозаны арттыру зиянын тигізуі мүмкін.

Құрамында дулоксетин бар дәрілік препараттар. Дулоксетин бірқатар көрсетілімдерде: диабеттік нейропатияның ауырсынулы түрін, жайылған үрейлену бұзылысын, ширығу кезінде несепті ұстай алмауды емдегенде әртүрлі сауда белгілерімен қолданылады. Осы препараттарды бір мезгілде біреуден артық тағайындамау қажет.

Гепатиттер/бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауы. Симбалта® емнің алғашқы айларында тағайындалғанда бауырдың зақымдануы (негізінен, гепатоцеллюлярлы), бауыр ферменттерінің едәуір көтерілуін (қалып шегінен 10 есе жоғары) қоса, гепатит пен сарғаю дамуы мүмкін. Симбалтаны® бауырдың зақымдануын туындататын дәрілік препараттар қабылдап жүрген пациенттерде сақтықпен қолдану қажет.

Сахароза. Ішекте еритін қатты Симбалта® капсулалары құрамында сахароза бар. Препаратты сирек тұқым қуалайтын фруктоза көтере алмаушылық кінәраттары, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы немесе сахароза-изомальтоза жеткіліксіздігі бар пациенттерге қабылдауға кеңес берілмейді.

18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Симбалта® 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді емдеуде қолданылмауы тиіс. Клиникалық зерттеулерде суицидтік мінез-құлық (суицидтік әрекеттер және суицидтік ойлар) және өшігу (көбінесе озбырлық, оппозициялық мінез-құлық және ызақорлық) балалар мен жасөспірімдерде антидепрессанттарды қолданғанда, плацебо алған пациенттермен салыстырғанда, жиірек білінді. 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердегі өсу мен дамуға, сондай-ақ когнитивтік және мінез-құлықтық дамуға қатысты қауіпсіздігі жөнінде ұзақ мерзімді деректер жоқ.

Егде жастағы адамдар. Симбалта® 120 мг дозада тағайындалғанда, ауыр депрессиялық көріністерді емдегенде егде жастағы пациенттерде осы дозаны қолдану жөнінде жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты, сақ болу қажет.

Емдеуді тоқтату. Емді тоқтатқанда болатын тоқтату симптомдары, әсіресе, емдеуді күрт үзу кезіндегі мейлінше жиі құбылыс болып табылады. Клиникалық зерттеулерде, емдеуді күрт тоқтатқанда болатын жағымсыз реакциялар Симбалта® қабылдаған пациенттердің 45% және плацебо қабылдаған пациенттердің 23% шамасында болды. Серотонинді кері қармайтын іріктелген тежегіштерді (СКҚІТ) және серотонин мен норадреналинді кері қармау тежегіштерін (СНКҚТ) қолдану кезінде байқалатын тоқтату синдромының даму қаупі, ем ұзақтығын, дозалануын және дозаны азайту жылдамдығын қоса, бірнеше факторға тәуелді болуы мүмкін.

Бас айналу, сезімталдық бұзылыстары (парестезиялар немесе, әсіресе, бастағы электр өрісімен зақымдалуға ұқсас түйсіктерді қоса), ұйқы бұзылыстары (ұйқысыздық пен айқын түстер көруді қоса), шаршау, ұйқышылдық, қозу немесе үрейлену, жүректің айнуы және/немесе құсу, тремор, бас ауыру, миалгия, ашушаңдық, диарея, қатты терлеу және вертиго сияқты жағымсыз реакциялардың пайда болуы өте жиі хабарланды. Жалпы, жоғарыда аталған симптомдарға әлсіз немесе орташа сипат тән. Алайда, олар кейбір пациенттерде қарқындырақ болуы мүмкін. Симптомдар, әдетте, емдеуді тоқтатқан соң алғашқы бірнеше күн ішінде, сирек – пациенттер препараттың кезекті қабылдауды өткізіп алғанда туындайды. Әдетте, бұл тоқтату симптомдары өздігінен шектелетін сипатта болады және кейбір пациенттерде олардың ұзағырақ (2-3 ай немесе одан да көп) өтуі мүмкін болса да, әдетте, 2 апта ішінде басылады. Симбалтамен® емдеуді жалғастыру қажет болмауына байланысты, пациенттің керек етуіне сәйкес, дозаны біртіндеп азайту арқылы препаратты кемінде 2 апта бойы бірізділікпен тоқтату ұсынылады.

Жүктілік және лактация.

Жүкті әйелдерде Симбалта® қолданудың әлеуетті қаупі анықталмаған. Жүктілік кезінде Симбалтаны® қолдану тәжірибесі жеткіліксіз болғандықтан, жүктілік кезінде препаратты егер ана үшін көзделетін пайдасы ұрыққа төнетін әлеуетті қауіптен едәуір басым болатын жағдайда ғана тағайындау керек.

Эпидемиологиялық деректер жүктілік кезінде, әсіресе, кешірек мерзімдерінде СКҚІТ пайдаланудың жаңа туған нәрестелерде тұрақты өкпе гипертензиясының туындау қаупін арттыруы мүмкін. Жаңа туған нәрестелерде тұрақты өкпе гипертензиясының дамуына және СКҚІТ еміне байланысты зерттеудің болмауына қарамастан, препараттың әсер ету механизмін (серотониннің кері қармалуын тежеу) ескерсек, Симбалта® қабылдау кезінде болатын осы зор қауіпті жоққа шығаруға болмайды.

Басқа серотонинергиялық препараттардағы жағдай сияқты, анасы Симбалтаны® босанар алдында қолданған жағдайда жаңа туған нәрестеде тоқтату синдромы пайда болуы мүмкін. Тоқтату синдромы өзінде гипотония, тремор, күйгелектік, емізу қиындықтары, тыныс алу жеткіліксіздігі және құрысулар сияқты симптомдарды қамтиды. Тоқтату синдромы пайда болған жағдайлардың көпшілігі туылған кезде немесе туғаннан кейін бірнеше күн ішінде тіркелген.

Симбалтамен® емделу кезеңінде жүктілік басталған немесе жоспарланған жағдайда пациенттер ол жөнінде өз емдеуші дәрігеріне ескерту қажет.

Симбалтаны® балаларда қолдану қауіпсіздігі жөніндегі деректер болмауына орай, бала емізу кезеңінде әйелдерге препаратты тағайындау ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралын және механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Дулоксетиннің автокөлікті жүргізу және механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуін бағалау жүргізілмеген. Симбалтаны® қабылдау тыныштандыратын әсердің және бас айналудың туындауымен қатар жүруі мүмкін. Пациенттер, тыныштандыру әсері мен бас айналу пайда болған жағдайда, көлік жүргізу немесе механизмдер басқару сияқты аса қауіпті жұмыстарды орындамауы қажет.

Артық дозалануы

Симбалтамен® монотерапияда немесе басқа дәрілік заттармен біріктірілімінде 5400 мг дозадағы дулоксетинді ішке бір сәтте қабылдау кезінде препаратпен артық дозалану жағдайлары хабарланған. Негізінен аралас артық дозалануларда, бірақ шамамен 1000 мг дозадағы Симбалтамен® монотерапия тағайындалғанда да өлімге соқтырған бірнеше жағдайлар тіркелген.

Артық дозалану (Симбалтамен® монотерапияда немесе басқа дәрілік препараттармен біріктірілген емде) келесі белгілермен және симптомдармен: ұйқышылдық, кома, серотониндік синдром, құрысулар, тахикардия және құсумен қатар жүруі мүмкін.

Емі: арнайы у қайтарғысы белгісіз. Серотониндік синдром пайда болған жағдайда спецификалық ем (мысалы, ципрогептадинмен және/немесе температураны бақылау) жүргізуге болады. Жедел артық дозалану жағдайында емдеу кез келген препаратпен артық дозалану кезінде қабылданатын жалпы шаралардан тұруы тиіс. Тыныс жолдарының өтімділігін қалпына келтіру қажет. Симптоматикалық және демеуші ем жүргізумен қатар, жүрек қызметіне мониторинг жасап, тіршілік қызметінің негізгі көрсеткіштерін қадағалауға кеңес беріледі. Тыныс жолдарын тиісінше қорғаумен және саңылауы үлкен асқазандық зонд көмегімен асқазанға лаваж жүргізу ол препарат қабылдаудан кейін бірден орындалған жағдайда немесе симптоматикалық пациенттерде көрсетілімді болуы мүмкін. Белсендірілген көмір сіңірілуді шектеуге пайдалы болуы мүмкін. Симбалтаның® таралу көлемінің үлкен екеніне байланысты, жеделдетілген диурез, гемоперфузия және алмастыру перфузиясын қолданудың пайдалы болу ықтималдығы аз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

PVC/PE/PCTFE үлбірінен және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты каптамаға 7 капсуладан салады немесе PVC/PE/PCTFE үлбірінен және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 14 капсуладан салады.

Пішінді 2 немесе 4 қаптамадан (7 капсуладан) немесе пішінді 1 немесе 2 қаптамадан (14 капсуладан) медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Құрғақ жерде, 15 ºС-ден 30 ºС-ге дейінгі температурада сақтау керек

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші ұйымның атауы және елі

Лилли дель Карибе Инк., Пуэрто-Рико

Қаптаушы ұйымның атауы және елі

Лилли С.А., Испания

Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі

Элай Лилли Восток С.А., Швейцария

Орталық Азия және Монғолия елдері аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Элай Лили Восток С.А.» компаниясының өкілдігі

Қазақстан Республикасы, 050059, Алматы қ., Иванилов к-сі 21.

тел.: 8 (727) 2 447 447

факс: 8 (727) 2 442 851

Lilly_Safety_CARAGA@lilly.com

 

Прикрепленные файлы

702290391477976302_ru.doc 160 кб
896733271477977510_kz.doc 234 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники