Силабене (20 мг)

МНН: Тадалафил
Производитель: Республиканское производственное унитарное предприятие "АКАДЕМФАРМ"
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Tadalafil
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№023699
Информация о регистрации в РК: 27.05.2024 - бессрочно

Инструкция

Саудалық атауы

Силабене

Халықаралық патенттелмеген атауы

Тадалафил

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 5 мг және 20 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында:

белсенді зат: тадалафил – 5 мг немесе 20 мг;

қосымша заттар: лактоза моногидраты, натрий кроскармеллозасы, полоксамер Коллифор Р188 микро, гидроксипропилцеллюлоза, натрий лаурилсульфаты, магний стеараты, микрокристалды целлюлоза;

қабығының құрамы: гидроксипропилметилцеллюлоза, полиэтиленгликоль (макрогол), калий алюминий силикаты (Е555), титанның қостотығы (Е171), темірдің қызыл тотығы (Е172).

Сипаттамасы

5 мг дозасы: дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, алтын түстес сары үлбірлі қабықпен қапталған, бір жағында таблетканы тең бөлуге мүмкіндік беретін сызығы бар таблеткалар.

20 мг дозасы: сопақша пішінді, екі беті дөңес, алтын түстес сары үлбірлі қабықпен қапталған, бір жағында таблетканы тең бөлуге мүмкіндік беретін сызығы бар таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Урогениталий ағзаларын емдеуге арналған препараттар және жыныстық гормондар. Урологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттар. Урологиялық ауруларды емдеуге арналған басқа препараттар, спазмолитиктерді қоса. Эрекция бұзылуын емдеуге арналған препараттар. Тадалафил.

АТХ коды G04BE08

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Дені сау адамдарда тадалафилдің фармакокинетикасы уақыт пен дозасына тәуелді. 2,5 мг-ден 20 мг дейінгі дозалары ауқымында «концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданы (AUC) дозасына пропорционал артады. Плазмадағы тепе-теңдік концентрацияларына препаратты тәулігіне бір рет қабылдағанда 5 күн ішінде жетеді.

Эректильді дисфункциясы бар пациенттерде тадалафилдің фармакокинетикасы препараттың эректильді функция бұзылуынсыз адамдардағы фармакокинетикасына ұқсас.

Сіңірілуі

Тадалафил ішке қабылдағаннан кейін жылдам сіңіріледі. Плазмадағы орташа ең жоғарғы концентрациясына (Сmax) орташа алғанда, ішке қабылдағаннан кейін 2 сағаттан соң жетеді. Тадалафилдің ішу арқылы қабылданғаннан кейінгі абсолюттік биожетімділігі анықталмаған. Тадалафилдің сіңірілу жылдамдығы мен дәрежесі ас ішуге тәуелді емес, сондықтан Силабене препаратын ас ішуге байланыссыз қабылдауға болады. Қабылдау уақытының (таңертең немесе кешке) сіңірілу жылдамдығы мен дәрежесіне клиникалық тұрғыдан маңызды әсері жоқ.

Таралуы

Таралуының орташа көлемі 63 л жуықты құрайды, бұл тадалафилдің организм тіндерінде таралатындығын көрсетеді. Емдік концентрацияларында 94 % тадалафил плазма ақуыздарымен байланысады. Бүйрек функциясы бұзылған кезде ақуыздармен байланысуы өзгермейді.

Дені сау адамдарда енгізілген дозасының 0,0005 %-дан азы шәуһетте анықталған.

Метаболизмі

Тадалафил негізінен Р450 цитохромы CYP3A4 изоферментінің қатысуымен метаболизденеді. Айналымдағы негізгі метаболиті метилкатехолглюкуронид болып табылады. Тадалафилге қарағанда, бұл метаболитінің ФДЭ5-ке қатысты белсенділігі кемінде 13 000 есе аз. Осылайша, метаболиті анықталатын концентрацияларында клиникалық белсенділік танытпайды деп күтіледі.

Шығарылуы

Дені сау адамдарда тадалафилдің ішке қабылданғандағы орташа клиренсі 2,5 л/сағатты, ал жартылай шығарылуының орташа кезеңі – 17,5 сағатты құрайды. Тадалафил көбінесе белсенді емес метаболиттері түрінде, негізінен нәжіспен (дозасының 61 %-ға жуығы), және, азғантай дережеде несеппен (дозасының 36 %-ға жуығы) бірге шығарылады.

Пациенттердің жекелеген топтарындағы фармакокинетикасы

Егде жастағы пациенттер

Егде жастағы (65 жас шамасындағы және одан үлкен) дені сау адамдарда ішке қабылдағандағы тадалафил клиренсінің төменірек екендігі байқалды, бұл AUC 19 бен 45 жас аралағындағы дені сау адамдармен салыстырғанда 25 %-ға артуынан көрінеді. Бұл айырмашылық клиникалық тұрғыдан маңызды болып табылмайды және дозасын түзету қажет емес.

Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер

Клиникалық фармакологиясы жөніндегі, тадалафилдің бір реттік дозасы (5-20 мг) қолданылатын зерттеулер барысында, тадалафил экспозициясы (AUC) бүйрек функциясының жеңіл (креатинин клиренсі 51-80 мл/мин) немесе орташа (креатинин клиренсі 31-50 мл/мин) бұзылулары бар пациенттерде, сондай-ақ, бүйрек ауруының соңғы сатысындағы, диализ жүргізілетін пациенттерде іс жүзінде екі есе артқан. Гемодиализдегі пациенттерде, Сmax мәні дені сау еріктілерге қарағанда 41 %-ға жоғары болды. Тадалафилдің шығарылуына гемодиализдің әсерін елемеуге болады.

Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттер

Бауыр функциясының әлсіз және орташа бұзылуы (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша А және В кластары) бар пациенттердегі тадалафил экспозициясы дені сау еріктілерде 10 мг дозасын қолданғандағы осындаймен салыстырымды. Тадалафилді бауырдың ауыр жеткіліксіздігі (Чайлд-Пью бойынша С класы) бар пациенттерге қолданудың қауіпсіздігі жөніндегі клиникалық деректер шектеулі. Препаратты тағайындағанда дәрігер тадалафилді қабылдаудың «пайда-қауіп» арақатынасына мұқият баға беруі керек. Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттердің препаратты 10 мг асатын дозасында қолдануына қатысты деректер жоқ.

Қант диабеті бар пациенттер

Қант диабеті бар пациенттерде тадалафилдің экспозициясы (AUC) дені сау адамдарға қарағанда, шамамен 19 %-ға аз болды. Бұл айырмашылық дозасын таңдауды қажет етпейді.

Фармакодинамикасы

Тадалафил 5 типті спецификалық фосфодиэстераза (ФДЭ5) – циклдық гуанозинмонофосфаттың (цГМФ) қайтымды селективті тежегіші болып табылады. Сексуалдық стимуляция азот тотығының жергілікті босап шығуын туғызған кезде, тадалафилдің ФДЭ5 тежеуі жыныс мүшесінің каверноздық денесіндегі цГМФ деңгейлерінің жоғарылауына алып келеді. Мұның салдары артериялардың тегіс бұлшықеттерінің босаңсуы және жыныс мүшесі тіндеріне қанның ағып келуі болып табылады, және бұл эрекцияны туғызады. Тадалафил сексуалдық стимуляция жоқ кезде әсер бермейді.

ФДЭ5 тежелуінің каверноздық денедегі цГМФ концентрациясына әсері қуықасты безінің қуықтың тегіс бұлшықеттерінде де және олардың қантамырларында да байқалады. Осының салдарынан дамитын қантамырлар босаңсуы қан перфузиясын жоғарылатады, бұл қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы (ҚБҚГ) симптомдарының айқындығын азайту механизмі болып табылуы мүмкін. Бұл қантамырлық әсерлер қуықтың афференттік жүйкелері белсенділігінің тежелуімен және қуықасты безі мен қуықтың тегіс бұлшықеттерінің босаңсуымен толығуы мүмкін.

In vitro зерттеулер, тадалафил, каверноздық дененің тегіс бұлшықеттерінде, ішкі ағзалар қантамырларының тегіс бұлшықеттерінде, қаңқа бұлшықеттерінде, тромбоциттерде, бүйректе, өкпеде және мишықта анықталатын фермент ФДЭ5 селективті тежегіші болып табылатындығын көрсетті. Тадалафилдің басқа фосфодиэстеразаларға қарағанда ФДЭ5-ке әсері белсендірек болып табылады. Тадалафил жүректе, мида, қантамырларда, бауырда және басқа ағзаларда орнығатын ФДЭ1, ФДЭ2 және ФДЭ4 ферменттеріне қарағанда, ФДЭ5-ке қатысты, 10 000 есе артық белсенді. Тадалафил, жүрек пен қантамырларда анықталатын фермент – ФДЭ3-ке қарағанда, ФДЭ5 10 000 есе белсендірек бөгейді. ФДЭ3-пен салыстырғанда, ФДЭ5-ке қатысты бұл селективтіліктің маңызы зор, өйткені ФДЭ3 жүрек бұлшықетінің жиырылуына қатысатын фермент болып табылады. Бұдан өзге, тадалафил торқабықта анықталатын және фотоберіліске жауапты болып табылатын фермент ФДЭ6-ға қарағанда, ФДЭ5-ке қатысты шамамен 700 есе белсендірек. Сонымен қатар, Тадалафил өзінің ФДЭ7-ФДЭ10-ға әсерімен салыстырғанда, ФДЭ5-ке қатысты 10000 есе күштірек әсер береді.

Клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігі

1054 пациенттің қатысуымен жүргізілген тадалафилдің үш клиникалық зерттеуінің нәтижелері, эрекцияның жақсаруы мен жыныстық қатынастың 36 сағат жүру мүмкіндігін және әсерінің плацебомен салыстырғанда, дозасын қабылдағаннан кейін 16 минуттан соң-ақ білінетінін көрсетті.

Дені сау еріктілерге енгізілген тадалафил, плацебомен салыстырғанда, систолалық және диастолалық артериялық қысымның шалқадан жатқандағы (орташа ең жоғарғы төмендеуі сәйкесінше 1,6/0,8 мм сн.бағ. құрайды) және тұрған қалыптағы (орташа ең жоғарғы төмендеуі сәйкесінше 0,2/4,6 мм сн. бағ.) елеулі өзгерістерін туғызған жоқ, жүректің жиырылу жиілігінің елеулі өзгеруіне әкеп соқтырған жоқ.

Түстерді ажыратуды бағалау тестісін пайдаланып жүргізілген Farnsworth-Munsell 100-hue зерттеуінде, тадалафилдің түсті ажыратуды (көк/жасыл) нашарлатпайтыны анықталды. Клиникалық зерттеулер барысында түстерді ажырата білудегі өзгерістер туралы сирек (<0,1 %) хабарланды.

Тадалафилдің тәулігіне 1 рет қабылдау жиілігімен 10 мг (6 айға созылған бір зерттеу) және 20 мг дозасында (6 айға созылған бір зерттеу және біреуі – 9 айға созылды) сперматогенезге әсер ету ықтималдығын бағалау мақсатында, ерлердің қатысуымен үш клиникалық зерттеу жүргізілді. Екі зерттеу барысында сперматозоидтар мөлшері мен шәуһет концентрациясының клиникалық тұрғыдан елеусіз, сперматозоидтардың қозғалғыштығы, қандағы фолликулстимуляциялаушы гормонның морфологиясы мен деңгейі сияқты басқа параметрлердің өзгеруімен байланыссыз төмендеуі байқалды.

Қолданылуы

- ересек ерлерде эректильді дисфункцияны емдеу үшін

(препарат сексуалдық стимуляция бар кезде тиімді).

- ересек ерлердегі қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы симптомдарын емдеу үшін (5 мг дозасы)

Препарат әйелдерде қолдану үшін көрсетілмеген.

Қолдану тәсілі және дозалары

Таблеткаларды ас ішуге байланыссыз ішке қабылдайды.

Ересек ерлердегі эректильді дисфункцияны емдеу

Ұсынылатын дозасы ас ішуге байланыссыз, жоспарлы сексуалдық белсенділік алдында 10 мг құрайды. 10 мг дозадағы тадалафил талапқа сай әсер етпейтін пациенттерге 20 мг дозасын қолдануға болады.

Препаратты жоспарлы сексуалдық белсенділікке дейін кемінде 30 минут бұрын қабылдау керек. Ұсынылған ең жоғарғы қабылдау жиілігі – тәулігіне бір рет.

Тадалафил 10 мг және 20 мг дозаларында жоспарлы сексуалдық белсенділік алдында қолдану үшін тағайындалады және күнделікті үздіксіз қолдану үшін ұсынылмайды.

Тадалафилді жиі қолдануды (аптасына 2 реттен сирек емес) жоспарлап жүрген пациенттерде, пациенттің таңдауы мен дәрігер шешімінің негізінде тадалафилді төмен дозасында күнделікті қабылдау режимі талапқа сай келуі мүмкін.

Күнделікті қолдану үшін ұсынылатын дозасы, шамамен күнде бір уақытта, тәулігіне 1 рет 5 мг құрайды. Дозасын жекелей көтерімділігіне байланысты, тәулігіне 1 рет 2,5 мг дейін төмендетуге болады.

Ұзақ уақыт бойы күнделікті қолданудың талапқа сай екендігін ауық-ауық бағалап отыру керек.

Ересек ерлерде қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы (ҚБҚГ) симптомдарын емдеу

Ұсынылатын дозасы ас ішуге байланыссыз тәулігіне 1 рет, шамамен бірдей уақытта 5 мг құрайды. ҚБҚГ және эректильді дисфункциясы бар ересек ерлер үшін де ұсынылатын дозасы тәулігіне 1 рет, шамамен бірдей уақытта 5 мг құрайды. ҚБҚГ 5 мг дозадағы тадалафилмен емдеудің көтерімділігі нашар пациенттерге, баламалы ем туралы мәселені қарастыру керек, өйткені, ҚБҚГ 2,5 мг дозадағы тадалафилмен емдеудің тиімділігі көрсетілмеген.

Пациенттердің жекелеген топтары

Егде жастағы ерлер

Препараттың дозасын түзету қажет емес.

Бүйрек функциясының бұзылуы бар ерлер

Бүйрек функциясының жеңіл немесе орташа бұзылулары бар пациенттерде препараттың дозасын түзету қажет емес. Бүйрек функциясының ауыр бұзылулары бар пациенттер үшін ұсынылатын ең жоғарғы дозасы 10 мг құрайды.

Бүйрек функциясының ауыр бұзылулары бар пациенттерге ҚБҚГ немесе эректильді дисфункцияны емдеу үшін тадалафилді 2,5 мг немесе 5 мг дозада күнделікті қолдану ұсынылмайды.

Бауыр функциясының бұзылуы бар ерлер

Эректильді дисфункцияны емдеу үшін препараттың ұсынылатын дозасы ас ішуге байланыссыз, жоспарлы сексуалдық белсенділік алдында 10 мг құрайды. Бауыр функциясының ауыр бұзылуы (Чайлд-Пью бойынша С класы) бар пациенттерде тадалафилді қолданудың қауіпсіздігі туралы деректер шектеулі болғандықтан, дәрігер препаратты аталған топтағы пациенттерге тағайындағанда, «пайда-қауіп» арақатынасына мұқият баға беруі керек. Бауыр функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерде препараттың 10 мг жоғары дозада қолданылуы туралы деректер жоқ.

Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде ҚБҚГ немесе эректильді дисфункцияны емдеу үшін тадалафилдің күнделікті қолданылуы зерттелген жоқ, сондықтан, дәрігер препаратты тағайындағанда «пайда-қауіп» арақатынасын мұқият бағалауы керек.

Қант диабеті бар ерлер

Препараттың дозасын түзету қажет емес.

Балалар

Препарат балаларда қолдану үшін ұсынылмаған. Тадалафилді балалар мен жасөспірімдерде (18 жасқа дейінгі) қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Жағымсыз әсерлері

Эректильді дисфункцияны немесе ҚБҚГ тадалафилді қабылдап жүрген пациенттерде анағұрлым жиі білінетін жағымсыз реакциялар, бас ауыруы, диспепсия, арқаның ауыруы, миалгия болып табылады, олардың туындау жиіліктері препараттың дозасын арттырған кезде жоғарылай түседі. Хабарланған жағымсыз реакциялар әдетте, өтпелі және негізінен айқындығы боларболмас немесе орташа болды. Бас ауыруы дамыған жағдайлардың көпшілігі тадалафилді тәулігіне 1 рет қабылдағанда, емдеу басталғаннан кейінгі алғашқы 10-30 күн ішінде білінді.

Жағымсыз реакциялар ағзалар жүйелерінің кластары және туындау жиіліктері бойынша келтіріліп отыр: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100, бірақ <1/10), жиі емес (≥1/1000, бірақ <1/100), сирек (≥1/10000, бірақ <1/1000), өте сирек (<1/10000).

Тадалафилді қолданғанда келесі жағымсыз реакциялар болуы мүмкін:

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: жиі – бас ауыруы; жиі емес – бас айналуы; сирек – инсульт1 (геморрагиялық құбылыстарды қоса), естен тану, транзиторлық ишемиялық шабуылдар1, бас ақинасы2, құрысулар, транзиторлық амнезия.

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар: жиі емес – аса жоғары сезімталдық реакциялары; сирек – ангионевроздық ісіну2.

Көру мүшесі тарапынан бұзылулар: жиі емес – нашар көру, көздің ауыру сезімі; сирек – көру аясының ақаулары, қабақтардың ісінуі, конъюнктива гиперемиясы, артериялық емес алдыңғы ишемиялық оптикалық нейропатия (АЕАИОН)2, торқабық веналарының окклюзиясы 2.

Есту мүшесі тарапынан бұзылулар және лабиринттік бұзылулар: жиі емес – құлақтағы шыңыл; сирек – кенеттен естімей қалу.

Жүрек тарапынан бұзылулар 1: жиі емес – тахикардия, жүрек қағуы; сирек – миокард инфарктісі, тұрақсыз стенокардия2, вентрикулярлық аритмия2.

Қантамырлар тарапынан бұзылулар: жиі – қан тебулер; жиі емес – гипотензия3, гипертензия.

Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысы және көкірекорта ағзалары тарапынан бұзылулар: жиі – мұрынның бітелуі; жиі емес – ентігу, мұрыннан қан кету.

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар: жиі – диспепсия, гастроэзофагеальді рефлюкс; жиі емес – іш ауыруы.

Тері жабындары мен теріасты тіндері тарапынан бұзылулар: жиі емес – бөртпе, гипергидроз (тершеңдік); сирек – есекжем, Стивенс-Джонсон синдромы2, эксфолиативтік дерматит2.

Қаңқа-бұлшықет және дәнекер тіндер тарапынан бұзылулар: жиі – арқаның ауыруы, миалгия, аяқ-қолдардың ауыруы.

Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан бұзылулар: жиі емес – гематурия.

Жыныс мүшелері мен сүт бездері тарапынан бұзылулар: жиі емес – жыныс мүшесінен қан кету, гемоспермия; сирек – эрекцияның ұзаққа созылуы, приапизм2.

Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі бұзылулар: жиі емес – кеуденің ауыруы1; сирек – беттің ісінуі2, кенеттен болатын коронарлық өлім1,2.

1 – мұндай жағымсыз реакциялар байқалған пациенттердің көпшілігінде жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан қауіп факторлары болған;

2 – маркетингтен кейінгі зерттеулер барысында анықталған жағымсыз реакциялар, плацебо-бақыланатын клиникалық зерттеулер кезінде байқалмаған;

3 – тадалафилді гипертензияға қарсы дәрілермен бірге қолданған жағдайда жиі хабарланған.

Жекелеген жағымсыз реакциялардың сипаттамасы

Плацебо қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, тадалафилді күніне бір рет қабылдаған пациенттерде ЭКГ бұзылуларының, ең алдымен синустық брадикардияның көп таралғандығы туралы хабарланды. Аталған ЭКГ бұзылуларының көпшілігі жағымсыз реакциялармен байланысты болмаған.

Пациенттердің жекелеген топтары

Клиникалық зерттеулер барысында тадалафилді 65 жастан асқан пациенттерде эректильді дисфункцияны емдеу үшін қолдануға қатысты деректер шектеулі. Клиникалық сынақтар кезінде ҚБҚГ емдеу үшін тадалафилді тәулігіне 1 рет 5 мг дозада қабылдағанда, бас айналуы мен диареяның дамығаны туралы 75 жастан асқан пациенттерде жиі хабарланған.

Нұсқаулықта көрсетілген жағымсыз әсерлердің кез келгені ушыққан немесе нұсқаулықта көрсетілмеген кез келген басқа жағымсыз әсерлер пайда болған жағдайда, ол туралы дәрігерге хабарлау қажет.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- тадалафилге немесе препараттың кез келген басқа компонентіне жоғары сезімталдық;

- тадалафил нитраттардың гипотензиялық әсерін күшейтуге қабілетті. Бұл нитраттар мен тадалафилдің NO/цГМФ жолына бірлескен әсерінің салдары болып табылады деп есептеледі. Осылайша, тадалафилді органикалық нитраттардың кез келген дәрілік түрін қабылдап жүрген пациенттерге қолдануға болмайды;

- тадалафилді сексуалдық белсенділік ұсынылмайтын жүрек аурулары бар ерлерге қолданбау керек. Дәрігерлер жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттердегі сексуалдық белсенділік кезіндегі асқынулардың ықтимал қаупін ескеруі керек

- 18 жасқа дейінгі балаларға

- лактозаны көтере алмаушылық, лактаза тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы

Тадалафилді жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттердің келесі топтарына қолдануға болмайды:

• миокард инфарктісінен кейінгі 90 күн ішіндегі пациенттер;

• тұрақсыз стенокардиясы бар немесе жыныстық қатынас кезінде стенокардия туындайтын пациенттер;

• NYHA жіктемесі бойынша 2 немесе одан жоғары класты, соңғы 6 ай ішінде дамыған жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттер;

• бақыланбайтын аритмиясы, артериялық гипотензиясы бар (<90/50 мм сн. бағ.) немесе бақыланбайтын артериялық гипертензиясы бар пациенттер;

• соңғы 6 ай ішінде инсультті бастан өткерген пациенттер;

- тадалафил артериялық емес алдыңғы ишемиялық оптикалық нейропатия (АЕАИОН) салдарынан бір көзі көрмей қалған пациенттерге қарсы көрсетілімді, ФДЕ5 тежегіштерін қабылдаумен байланыстылығына қарамастан;

- тадалафилді қоса, ФДЕ5 тежегіштерін риоцигуат сияқты гуанилатциклаза стимуляторларымен бір мезгілде қолдану, симптоматикалық гипотензияның даму қаупіне байланысты қарсы көрсетілімді.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Дәрілермен өзара әрекеттесулерін зерттеулер төменде көрсетілгендей, тадалафилдің 10 мг және/немесе 20 мг дозалары үшін жүргізілді. Егер тадалафилді 10 мг дозада қолданған кезде клиникалық тұрғыдан маңызды өзара әрекеттесу байқалса, оны тадалафилдің жоғары дозаларын қолданған кезде жоққа шығаруға болмайды.

Басқа препараттардың тадалафилге әсері

CYP450 цитохромының тежегіштері

Тадалафил негізінен CYP3A4 ферментінің қатысуымен метаболизденеді. CYP3A4 селективті тежегіші, кетоконазол (тәулігіне 200 мг) тек бір ғана тадалафил үшін AUC мен Сmax қатысты тадалафилдің (10 мг) экспозициясын (AUC) 2 есе және Сmax 15 %-ға арттырды. Кетоконазол (тәулігіне 400 мг) тадалафилдің AUC (20 мг) 4 есе және Cmax 22 %-ға арттырған. Протеазалар тежегіші, CYP3A4, CYP2С9, CYP2С19 және CYP2D6 тежегіші болып табылатын ритонавир (тәулігіне екі рет 200 мг), тадалафилдің Сmax өзгертпей, AUC 2 есе арттырады. Спецификалық өзара әрекеттесулері зерттелмегендігіне қарамастан, протеазалардың басқа, мысалы саквинавир сияқты тежегіштерін, сондай-ақ, эритромицин, кларитромицин, итраконазол және грейпфрут шырыны сияқты басқа CYP3A4 тежегіштерін бірге қолданғанда, тадалафилдің плазмадағы концентрациясы жоғарылайды деп шамалауға болады, сондықтан, оларды абайлап қолдану керек. Салдары ретінде, жағымсыз реакциялардың туындау жиілігі артуы мүмкін.

Тасымалдағыштар

Тадалафилдің таралуына тасымалдағыштардың, мысалы, р-гликопротеиндердің ықпалы белгісіз. Сол себепті, тасымалдағыштардың тежеуі түрткі болатын өзара дәрілік әрекеттесу ықтималдығы бар.

CYP450 цитохромының индукторлары

CYP3A4 селективті индукторы рифампицин, тек бір ғана тадалафил үшін (10 мг) AUC қатысты, тадалафилдің AUC 88 %-ға төмендетті. Экспозициясының бұлай азаюы тадалафил тиімділігінің төмендеуіне алып келеді деп шамалауға болады. Фенобарбитал, фенитоин және карбамазепин сияқты CYP3A4 басқа индукторларын қатарлас қолдану да тадалафилдің плазмадағы концентрациясын төмендетуі мүмкін.

Тадалафилдің басқа препараттарға әсері

Нитраттар

Клиникалық зерттеулер барысында тадалафил (5 мг, 10 мг, 20 мг) нитраттардың гипотензиялық әсерлерін күшейтуге қабілеттілігін танытты. Осылайша, тадалафилді органикалық нитраттардың кез келген түрімен ем қабылдап жүрген пациенттерде қолдануға болмайды. Егер тадалафил кез келген дозада (2,5 мг-ден 20 мг дейін) тағайындалған пациент үшін, нитраттарды қолдану өмірге қауіп төндіретін жағдай кезіндегі медициналық қажеттілік болып табылса, онда нитраттар препараттарын қолданар алдында, Силабенені соңғы қабылдаудан кейін кемінде 48 сағат өтуі тиіс. Мұндай жағдайда, нитраттарды қолдану гемодинамикалық көрсеткіштерді тиісінше мониторингілеумен, медициналық қадағалаумен жүргізілуі тиіс,.

Гипертензияға қарсы дәрілер (кальций өзекшелерінің блокаторларын қоса)

Тадалафилді (5 мг дозасында күн сайын немесе 20 мг бір реттік дозасы түрінде) альфа-адренорецепторлар блокаторы доксазозинмен (тәулігіне 4-8 мг) бірге тағайындау кезінде соңғысының гипотензиялық әсерінің едәуір күшейгені байқалды. Бұл әсері 12 сағатқа дейін созылады және жекелеген, соның ішінде, бас айналуы түріндегі симптомдар көрініс беру мүмкін. Препараттардың мұндай біріктірілімін қолдану ұсынылмайды.

Дені сау адамдардың шектеулі санының қатысуымен, өзара әрекеттесулерін зерттеулер барысында алфузозинмен немесе тамсулозинмен бірге қолданғанда, жоғарыда аталған әсерлер туралы хабарланған жоқ. Тадалафилді альфа-адренорецепторлардың блокаторларымен ем қабылдап жүрген пациенттерге, әсіресе, егде жастағы адамдарға сақтықпен тағайындау керек. Емдеуді ең төменгі дозасынан бастау және дозасын біртіндеп арттыру керек.

Клиникалық фармакодинамикасын зерттеулер барысында тадалафилдің гипертензиялық дәрілердің гипотензиялық әсерлерін күшейтуге қабілеттілігі зерттелді. Гипертензияға қарсы дәрілердің негізгі кластары: кальций өзекшелерінің блокаторлары (амлодипин), АӨФ тежегіштері (эналаприл), бета-адренорецепторлардың блокаторлары (метопролол), тиазидтік диуретиктер (бендрофлуазид) және ангиотензин II рецепторларының блокаторлары (бөлек немесе тиазидтік диуретиктермен, кальций өзекшелерінің блокаторларымен, бета-адренорецепторлар блокаторлармен және/немесе альфа-адренорецепторлар блокаторларымен біріктірілген) зерттелді. Тадалафил (10 мг дозасында, ангиотензин II рецепторлары блокаторларымен және амлодипинмен өзара әрекеттесулерін зерттеулерден басқа, 20 мг дозасының әсері зерттелген) дәрілік заттардың жоғарыда аталған кластарымен елеулі өзара әрекеттестік танытқан жоқ. Клиникалық фармакологиясына жүргізілген басқа зерттеу барысында тадалафилдің (20 мг дозасында) гипертензияға қарсы дәрілердің бірнеше (төртеуге дейін) класымен бірге қатарлас қолданылуы зерттелді. Гипертензияға қарсы дәрілердің бірнешеуін қабылдаған пациенттерде, артериялық қысымның өзгерістері артериялық қысымның бақыланатын деңгейіне тәуелді болды. Осылайша, артериялық қысымы жақсы бақыланатын пациенттерде қысымның төмендеуі елеусіз болды және дені сау еріктілердегі осындайға сәйкес келді. Артериялық қысымы бақыланбаған пациенттерде, артериялық қысымның көп төмендегені байқалды, әйтсе де, пациенттердің көпшілігінде қысымның төмендеуі гипотензиялық симптомдармен қатар жүрген жоқ. Гипертензияға қарсы дәрілік заттармен қатарлас ем қабылдап жүрген пациенттерде, тадалафилді 20 мг дозада қолдану артериялық қысымның төмендеуіне алып келуі мүмкін, ол (альфа-адренорецепторларының блокаторларымен қатарлас қолданылған жағдайдан басқасы) мардымсыз және клиникалық тұрғыдан маңызды емес болып табылады. Клиникалық сынақтың үшінші фазасының деректерін талдаудан, тадалафилмен гипертензияа қарсы дәрілерді қатарлас қолданып және тек тадалафилмен ем қабылдап жүрген пациенттерде туындаған жағымсыз реакциялардағы айырмашылық анықталған жоқ. Осыған қарамастан, гипотензиялық дәрілік заттарды қабылдап жүрген пациенттерді артериялық қысымның төмендеуі мүмкіндігінен хабардар ету қажет.

Риоцигуат

Клиникаға дейінгі деректер ФДЭ5 тежегіштері мен риоцигуатты бірге қолданған кезде жүйелі қан қысымының қосымша төмендегенін көрсетті. Клиникалық сынақтарда риоцигуат ФДЭ5 тежегіштерінің гипотензиялық әсерін күшейтті. Зерттеліп отырған популяцияда аталған біріктірілімнің жағымды клиникалық әсері анықталған жоқ. Риоцигуатты тадалафилді қоса, ФДЭ5 тежегіштерімен бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімді.

5-альфа-редуктаза тежегіштері

ҚБҚГ симптомдарын жеңілдету үшін 5 мг тадалафилді 5 мг финастеридпен және плацебоны 5 мг финастеридпен біріктіріп қолдану салыстырылған клиникалық сынақ барысында жаңа жағымсыз реакциялар анықталған жоқ. Дегенмен, тадалафил мен 5-альфа-редуктаза тежегішінің екеуара әсерлерін бағалаумен, өзара әрекеттесуін ресми түрде зерттеу жүргізілмегендіктен, тадалафил мен 5-альфа-редуктаза тежегішін бірге қолданғанда сақтық таныту керек.

CYP1A2 субстраттары (мысалы, теофиллин)

Тадалафилді (10 мг дозадағы) теофиллинмен (фосфодиэстеразаның селективті емес тежегішімен) бірге қабылдағандағы клиникалық фармакологиясын зерттеу барысында ешқандай фармакокинетикалық өзара әрекеттесу байқалған жоқ. Бірден-бір фармакодинамикалық әсер жүрек ырғағының болар-болмас жоғарылауы (минутына 3,5 соғу) болды. Бұл әсердің елеусіздігіне, және клиникалық маңызының жоқтығына қарамастан, оның тадалафил мен теофиллинді бірге қолданғанда туындауы мүмкіндігін ескеру қажет.

Этинилэстрадиол мен тербуталин

Тадалафил құрамында этинилэстрадиол бар пероральді дәрілік түрлердің биожетімділігін арттырған. Биожетімділігінің мұндай артуын тербуталинмен бірге қолданғанда күтуге болады, әйтсе де, бұл біріктірілімінің клиникалық салдарлары белгісіз.

Алкоголь

Тадалафилді бірге қолдану (10 мг немесе 20 мг дозада) этанол концентрациясына әсер етпеген (қандағы орташа ең жоғарғы концентрациясы 0,08 %). Сонымен қатар, алкогольді тадалафилмен бір мезгілде қабылдағаннан кейінгі үш сағат ішінде тадалафил концентрациясының өзгерістері байқалған жоқ. Алкоголь, оның сіңірілуінің ең жоғарғы деңгейін қамтамасыз ететіндей мөлшерде қабылданған (түнде алкоголді қабылдар алдында және қабылдағаннан кейін 2 сағаттан соң ас ішпеу). Тадалафилді (20 мг дозада) қабылдау алкогольді қабылдау (0,7 г/кг дозада, бұл дене салмағы 80 кг ер адам үшін шамамен 180 мл 40 % алкогольге сәйкес келеді) аясында артериялық қысымның статистикалық тұрғыдан елеулі төмендеуіне алып келген, алайда, кейбір пациенттерде постуральді бас айналуы мен ортостатикалық гипотензия байқалды. Алкогольдің төмен дозалары (0,6 г/кг) аясында тадалафилді қабылдау артериялық гипотензияны туғызған жоқ, ал бас айналуы алкогольдің өзін ғана қабылдағандағыдай жиілікпен байқалды. Тадалафилді (10 мг дозасында) қатарлас қолданғанда, алкогольдің танымдық функцияларға әсері күшейген жоқ.

Р- 450 цитохромының қатысуымен метаболизденетін дәрілік заттар

Тадалафилдің CYP450 изоформалары арқылы метаболизденетін дәрілік заттар клиренсінің клиникалық маңызды тежелуін немесе индукциялануын туғызатындығы күтілмейді. Клиникалық зерттеулер барысында, тадалафилдің CYP450 изоформаларын, соның ішінде CYP3A4, CYP1A2, CYP2D6, CYP2E1, CYP2C9 және CYP2C19 тежемейтіні және индукцияламайтыны дәлелденді.

CYP2C9 субстраттары (мысалы, R-варфарин)

Тадалафил (10 мг және 20 мг дозасында) S-варфариннің немесе R-варфариннің (CYP2C9 субстраттары) экспозициясына (AUC) клиникалық тұрғыдан маңызды әсерін тигізген жоқ, сондай-ақ, варфарин индукциялаған протромбиндік уақытқа әсері болған жоқ.

Аспирин

Тадалафил (10 мг және 20 мг дозасында) қан кету уақытының ацетилсалицил қышқылынан туындаған ұзаруын күшейткен жоқ.

Диабетке қарсы дәрілік заттар

Тадалафилдің диабетке қарсы дәрілік заттармен өзара әрекеттесуіне спецификалық зерттеулер жүргізілген жоқ.

Емдеуші дәрігер пациенттің қабылдап жүрген барлық дәрілері туралы хабардар болуы тиіс. Силабене препаратымен емделу кезінде қандай-да бір дәрілік затты қабылдауды бастар алдында емдеуші дәрігермен кеңесу қажет.

Айрықша нұсқаулар

Емдеуді бастар алдында

Емдеу курсын жүргізудің талапқа сай болатындығы жөнінде шешім қабылдаудың алдында анамнез жинақтау және эректильді дисфункция немесе ҚБҚГ диагностикасы үшін физикальді тексеру жүргізу және алғашқы ықтимал себептерін анықтау керек.

Эректильді дисфункцияның кез келген емін бастар алдында, пациенттердің жүрек-қантамыр жүйесінің жағдайын ескеру керек, өйткені, сексуалдық белсенділікпен астасатын белгілі бір дәрежедегі қауіп бар. Тадалафил тамырды кеңейтетін қасиеттерге ие, бұл артериялық қысымның елеусіз транзиттік төмендеуіне алып келуі және сол арқылы, нитраттардың гипотензиялық әсерін күшейтуі мүмкін.

ҚБҚГ тадалафилмен емдеуді бастар алдында пациенттерде жүрек-қантамыр ауруларының бар-жоқтығын, сондай-ақ, простата карциномасының бар-жоқтығын анықтау үшін мұқият тексеру жүргізу керек.

Эректильді дисфункцияны бағалауға алғашқы ықтимал себептерін анықтау және сәйкесінше медициналық анықтаудан кейін талапқа сай емдеу курсын идентификациялау кірістірілуі тиіс. Жамбас сүйектеріне операцияны немесе жүйкелердің сақталуынсыз радикалды простатектомияны бастан өткерген пациенттерде тадалафилдің тиімді болып табылатын-табылмайтындығы белгісіз.

Жүрек-қантамыр жүйесі

Маркетингтен кейінгі зерттеулерде де, клиникалық зерттеулер барысында да күрделі жүрек-қантамыр құбылыстары, соның ішінде, миокард инфарктісі, кенеттен болатын коронарлық өлім, тұрақсыз стенокардия, вентрикулярлық аритмия, инсульт, транзиторлық ишемиялық ұстама, кеуденің ауыруы, жүрек қағуы және тахикардия туралы хабарланды. Аталған құбылыстар туралы хабарланған пациенттердің көпшілігінде, анамнезінде қауіп факторлары болған. Сонымен қатар, аталған құбылыстардың тадалафилді қабылдаумен немесе аталған немесе қандай-да бір басқа қауіп факторларының біріктірілімімен байланысты-байланысты емес екендігін нақты анықтау мүмкін емес.

Тадалафил гипертензияға қарсы дәрілермен қатарлас ем қабылдап жүрген пациенттерде артериялық қысымның төмендеуін туғызуы мүмкін. Тадалафилді күн сайын қабылдауды бастар алдында, гипертензияға қарсы дәрілердің дозасын түзетілуі мүмкіндігі туралы мәселені қарастыру керек.

α1-адреноблокаторларды, мысалы, доксазозинді қабылдап жүрген кейбір пациенттерде, Силабенені бір мезгілде қолдану симптоматикалық гипотензияға алып келуі мүмкін. Тадалафил мен доксазозинді біріктіріп қолдану ұсынылмайды.

Көру мүшесі

Тадалафилді және ФДЭ5 басқа тежегіштерін қабылдаумен байланысты АЕАИОН мен көру ақаулары дамыған жағдайлар туралы хабарламалар бар. Пациенттерге кенеттен көрмей қалған жағдайда, тадалафилді қабылдауды тоқтатуға және кідірмей медициналық көмекке жүгінуге кеңес беру керек.

Бүйрек және бауыр функциясының бұзылуы

Тадалафил экспозициясының (AUC) артуына, клиникада қолданылу тәжірибесінің шектеулілігіне және гемодиализдің тиімсіздігіне байланысты, бүйрек функциясының ауыр бұзылулары бар пациенттерге Силабенені күн сайын қабылдау ұсынылмайды.

Тадалафил препаратының бір реттік дозасын бауырдың ауыр жеткіліксіздігі (Чайлд-Пью бойынша С класы) бар пациенттерде қолданудың қауіпсіздігі жөніндегі клиникалық деректер шектеулі. Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде тадалафилдің күн сайын қабылдануы зерттелмеген. Тадалафилді ондай пациенттерге тағайындағанда дәрігер емнің жекелеген артықшылықтарын /қауіптерін мұқият бағалауы тиіс.

Приапизм және жыныс мүшесінің анатомиялық деформациясы

Пациенттерді 4 сағат немесе одан артық уақытқа созылған эрекция туындаған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгіну қажеттілігінен хабардар ету керек. Приапизмнің дер кезінде емделмеуі жыныс мүшесі тіндерінің зақымдануына алып келеді, соның нәтижесінде потенцияның ұзақ уақытқа жоғалуы басталуы мүмкін.

Силабенені жыныс мүшесінің анатомиялық деформациясы (бұрышының майысуы, каверноздық фиброз немесе Пейрони ауруы) бар пациенттерде немесе приапизмге бейім (орақтәрізді жасушалы анемия, көптеген миелома немесе лейкемия кезінде) пациенттерде сақтықпен қолдану керек.

CYP3A4 тежегіштерімен бірге қолдану

Силабенені CYP3A4 күшті тежегіштерімен (ритонавир, саквинавир, кетоконазол, итраконазол, эритромицин) ем қабылдап жүрген пациенттерге сақтықпен тағайындау қажет, өйткені, тадалафилмен бірге қолданған кезде тадалафил экспозициясының (AUC) жоғарылауы байқалады.

Эректильді дисфункцияны емдеуге арналған басқа препараттармен бірге қолдану

Тадалафилдің ФДЭ5 басқа тежегіштерімен немесе эректильді дисфункцияны емдеуге арналған басқа препараттармен біріктірілімінің қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген. Пациентке Силабенені мұндай біріктірілімдерде қабылдамауға кеңес беру керек.

Қосымша заттары жөніндегі арнайы ақпарат

Препараттың құрамында лактоза бар. Лактозаны көтере алмаушылықтың сирек тұқым қуалайтын аурулары, Лапп лактазасы жеткіліксіздігі синдромы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы синдромы бар пациенттерге Силабенені қабылдамау керек.

Фертильділік

Екі клиникалық зерттеудің нәтижелері, адамдарда фертильділік бұзылуларының күтілмейтіндігін шамалауға мүмкіндік береді, әйтсе де, жекелеген ер адамдарда шәуһет концентрациясының төмендегені байқалған.

Жүктілік және лактация кезеңінде қолданылуы

Препарат әйелдерде қолдану үшін көрсетілмеген.

Көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсері

Препарат машиналар мен механизмдерді басқару қабілетіне болар-болмас әсер етеді. Плацебо және тадалафил пайдаланылған клиникалық зерттеулер барысында бас айналуы туралы хабарламалардың жиілігі бірдей болғандығына қарамастан, пациенттер, Силабененің өздеріне автокөлік басқарғанға дейін немесе механизмдермен жұмыс жасағанға дейін қалай әсер ететіндігінен хабардар болуы тиіс.

Артық дозалануы

Тадалафилді дені сау еріктілер 500 мг дейінгі дозада бір рет қабылдағанда және тәулігіне 100 мг дейінгі дозаларында бірнеше рет қолданғанда, пациенттердегі жағымсыз әсерлер төменірек дозаларын пайдаланған кездегідей болды.

Артық дозаланған жағдайда, стандартты симптоматикалық ем жүргізу қажет. Гемодиализ кезінде тадалафил тым аз шығарылады.

Дәрілік препараттың дәрігер жазып бергеннен көп дозасын қабылдап қойған жағдайда, дер кезінде медициналық көмек көрсетілуі үшін, пациент дереу мамандарға қаралуы тиіс.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Үлбірлі қабықпен қапталған 5 мг таблеткалар.

15 таблеткадан үш қабатты үлбірден (ПВХ/ПЭ/ПВДХ) және алюминий фольга негізді жұмсақ қаптамадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.

Пішінді ұяшықты бір қаптама медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынады.

Үлбірлі қабықпен қапталған 20 мг таблеткалар.

4 таблеткадан үш қабатты үлбірден (ПВХ/ПЭ/ПВДХ) және алюминий фольга негізді жұмсақ қаптамадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.

Пішінді ұяшықты бір қаптама медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Жарамдылық мерзімі

2 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы.

Өндіруші/Қаптаушы

«АКАДЕМФАРМ» мемлекеттік кәсіпорны,

Беларусь Республикасы, Минск қ., 220141,

Академик В.Ф. Купревич к-сі, 5 үй, 3 корпус,

тел./факс: +375 17 268 63 64

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Sabipharm» ЖШС, Қазақстан Республикасы

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері:

«Sabipharm» ЖШС, Алматы қ., Әл Фараби д-лы 19, 202 кеңсе, тел.: 8 (727) 3110591, A.Karkitbaeva@v-trade.kz.

16

Прикрепленные файлы

Силабене_рус.docx 0.05 кб
Силабене_каз.doc 0.18 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту