Резолор® (1 мг)

МНН: Прукалоприд
Производитель: Янссен-Силаг С.п.А.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Prucalopride
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№019427
Информация о регистрации в РК: 21.11.2012 - 21.11.2017

Инструкция

Саудалық атауы

Резолор®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Прукалоприд

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 1мг, 2 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 1.321 мг немесе 2.642 мг прукалоприд сукцинаты

(1 мг немесе 2 мг прукалопридке баламалы),

қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, кремнийдің коллоидты қостотығы, магний стеараты,

қабық құрамы:

ақ үлбірлі жабыны (1 мг доза үшін): гипромеллоза 6 сР, титанның қостотығы (Е171), макрогол 3000, триацетин, лактоза моногидраты,

қызғылт үлбірлі жабыны (2 мг доза үшін): гипромеллоза 6 сР,

темірдің (III) қызыл тотығы (Е172), титанның қостотығы (Е171), макрогол 3000, триацетин, лактоза моногидраты, индигокармин (Е132), темірдің (III) сары тотығы (Е172).

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «PRU 1» деген өрнегі бар, ақ немесе ақ дерлік түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (1 мг доза үшін).

Дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «PRU 2» деген өрнегі бар, қызғылт түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (2 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

АІЖ функционалдық бұзылыстарын емдеуге арналған препараттар. Ішектің функционалдық бұзылыстарын емдеуге арналған препараттар. Прукалоприд.

ATХ коды A03АE04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Прукалоприд жылдам сіңеді; 2 мг дозасын бір рет ішу арқылы қабылдағаннан кейін Сmax мәніне 2-3 сағаттан соң жетеді. Ішу арқылы қабылдағаннан кейінгі толық биожетімділігі 90%-дан асып кетеді. Препаратты ас ішу кезінде қабылдау биожетімділігіне әсер етпейді.

Прукалоприд организмге тепе-тең жағдайдағы 567 л таралу көлемімен кеңінен таралады. Қан плазмасының ақуыздарымен байланысуы 30% құрайды.

Метаболизм прукалопридтің қаннан негізгі шығарылу жолы емес. Адам бауырындағы препарат метаболизмі in vitro өте баяу өтеді, әрі метаболиттердің мардымсыз ғана мөлшері түзіледі. Адам радиоактивті таңбаланған прукалопридті ішу арқылы қабылдағаннан кейін несеп пен нәжістен аздаған мөлшерде 8 метаболит табылады. Негізгі метаболит (прукалопридтің О-метилсізденуі және түзілетін спирттің карбокси- қышқылына дейін тотығуы арқылы алынатын R107504) препараттың енгізілген дозасының 4%-дан азын құрайды. Қан плазмасындағы жалпы радиоактивтілігінің 85%-ға жуығы өзгермеген препаратпен шартталған, ал одан басқа қан плазмасында тек R107504 қатысады.

Белсенді компоненттің ішу арқылы қабылданған дозасының үлкен үлесі өзгермеген күйде шығарылады (60%-ы несеппен әрі, кем дегенде, 6%-ы нәжіспен). Өзгермеген прукалопридтің бүйрекпен шығарылуы бәсең сүзілісті және белсенді сөліністі қамтиды. Қан плазмасынан прукалоприд клиренсі орташа 317 мл/мин құрайды, терминалдық шығарылу фазасындағы жартылай тіршілік уақыты – 1 күн. Тепе-тең жағдайына препарат қабылданған 3-4 күннен соң жетеді, бұл орайда прукалопридті 2 мг дозада күніне бір рет қабылдағанда қан плазмасындағы ең төмен және ең жоғары концентрациясы, тиісінше, 2.5 және 7 нг/мл құрайды. Күніне бір рет қабылдаған кезде препараттың жиналу коэффициенті 1.9-дан 2.3-ке дейін ауытқиды. Прукалоприд фармакокинетикасы тәулігіне 20 мг дейінгі ауқымдағы дозаға тікелей байланысты. Ұзақ уақыт күніне бір рет қабылдағанда препарат фармакокинетикасы оның қолданылу мерзіміне байланысты болмайды.

Науқастардың ерекше санаттары:

Қауымдық фармакокинетикасы

Қауымдық фармакокинетика талдауы прукалопридтің жалпы клиренсінің креатинин клиренсімен өзара байланыста болатынын және емделушілердің жас ерекшелігі мен дене салмағына, жынысы мен нәсіліне тәуелденбейтінін көрсетті.

Егде жастағы науқастар

Күніне бір рет 1 мг дозада қабылдағанда қан плазмасындағы прукалопридтің ең жоғары концентрациясы және қисық астындағы ауданы (ҚАА) егде емделушілерде, жастарға қарағанда, тиісінше, 26% және 28% көбірек болды. Бұл айырмашылық егде адамдардағы бүйрек функциясының әлсіреуімен байланысты болады.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйректің қалыпты функциясымен салыстырғанда, бүйрек функциясы әлсіз (креатинин клиренсі [КК] 50-79 мл/мин) және орташа айқындылықта (КК 25-49 мл/мин) бұзылған науқастарда қан плазмасындағы прукалоприд концентрациясы 2 мг дозада бір рет қабылдағаннан кейін, тиісінше, 25% және 51% ұлғайды. Бүйрек функциясы ауыр бұзылған (КК <24 мл/мин) науқастарда қан плазмасындағы прукалоприд концентрациясы, сау адамдардағыдан 2.3 есе жоғары болды.

Бауыр функциясының бұзылуы

Бүйрек арқылы жолдан басқаша шығарылатын жолдар прукалопридтің 35%-ға жуық жалпы шығарылуын қамтамасыз етеді, әрі бауыр функциясы бұзылуының препарат фармакокинетикасын клиникалық мәнді өзгертуі екіталай.

Балалар

4-12 жастағы балалар прукалопридті 0.03 мг/кг дозада бір рет ішу арқылы қабылдағаннан кейін препараттың Сmax мәні ересектер 2 мг дозасын қабылдағаннан кейінгідегідей болды, препараттың байланыспаған фракциясына тән ҚАА, ересектердегіден 30-40% аз болды. Препараттың байланыспаған фракциясына тән ҚАА балалардың жасына байланысты емес. Балаларда шығарылуының терминалдық фазасындағы орташа жартылай тіршілік уақыты, орта есеппен, 19 сағат (11.6-26.8 сағаттық ауқым) құрайды.

Фармакодинамикасы

Прукалоприд – бұл ішек моторикасын күшейтетін дигидробензофуранкарбоксамид. Прукалоприд – СТ4 серотонин рецепторларының жоғары аффинді іріктелген агонисті. Прукалопридті 5 мг/кг-ден жоғары (яғни, 30-70 есе асып кететін емдік) дозаларда егеуқұйрықтарға енгізу қандағы пролактин деңгейінің жоғарылауына әкелді, бұл дофаминді Д2-рецепторларына антагонистік әсерімен шартталған.

Иттерде прукалоприд тоқ ішек моторикасын СТ4-рецепторларын көтермелеу есебімен өзгертеді; ол тоқ ішек, асқазан және он екі елі ішектің проксимальді бөлігінің моторикасын көтермелейді және асқазанның босауын жеделдетеді. Ол адамдардың тоқ ішегінің бойымен нәжіс массаларының жылжуына барабар ішектің қатты жиырылуын туындатады және үлкен дәреттің негізгі қозғалтқыш күші ретінде қызмет етеді. Иттердің асқазан-ішек жолындағы прукалоприд әсерлері тиісті антагонистердің CТ4-рецепторларын бөгеуіне сезімтал, бұл препараттың осы рецепторлар арқылы әсер ету механизмімен расталады.

Клиникалық қолдану тәжірибесі

Созылмалы іш қатуы бар науқастарда прукалоприд қолдану 4 және 12 апталық мерзімдердегі талдау тұсында іш, ішек және нәжіс тарапынан болатын іш қатуға тән тексерілген белгілердің кешенді бағалануын жақсартты. Екі мерзімде де тіршілік сапасының көрсеткіштері қатарының, атап айтқанда, емдеумен қанағаттану дәрежесінің, нәжіс жиілігінің, дене және психикалық әлеуметтік жайсызданудың, мазаланудың жақсаруы байқалды.

Прукалоприд қолдану кезінде қолайсыз құбылыс ретіндегі қарыншалық аритмияның және QT ұзаруының жиілігі төмен болды.

Қазіргі уақытта прукалопридті 12 аптадан көп ұзақтықпен қолданудың тиімділігі жөнінде деректер жоқ.

Қолданылуы

- іш жүргізетін дәрілер жеткілікті әсер бермейтін әйелдердегі cозылмалы іш қатуды симптоматикалық емдеу

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке қабылдауға арналған. Резолорды®, ас ішуге байланыссыз, тәуліктің кез келген мезгілінде қабылдауға болады.

Ересектер: күніне бір рет 2 мг.

Егде жастағылар (>65 жас): күніне бір рет 1 мг-ден бастайды; қажет болса, дозаны күніне бір рет 2 мг дейін арттырады.

Балалар мен жасөспірімдер: Резолорды®, қосымша деректер алынғанша, балалар мен 18 жасқа толмаған жеткіншектерде қолдану ұсынылмайды.

Бүйрек функциясы бұзылған науқастар: бүйрек функциясы ауыр бұзылған кезде (шумақтық сүзіліс жылдамдығы (ШСЖ) <30 мл/мин /1,73 м2) доза күніне бір рет 1 мг құрайды. Бүйрек функциясы әлсіз немесе орташа айқындылықта бұзылған науқастар үшін дозаны реттеу қажет емес.

Бауыр функциясы бұзылған науқастар: бауыр функциясы ауыр бұзылған кезде (Чайлд-Пью бойынша С класы) доза күніне бір рет 1 мг құрайды. Бауыр функциясы әлсіз немесе орташа айқындылықта бұзылған науқастар үшін дозаны реттеу қажет емес.

Прукалопридтің спецификалық әсер ету механизміне қарай (ішек моторикасының көтермеленуі) тәуліктік дозасын 2 мг-ден көп арттыру тиімділіктің күшеюіне әкелуі екіталай.

Егер 4 апта бойы күніне бір рет прукалоприд қабылдау әсер бермесе, науқасты қайта тексеруден өткізіп, емдеуді жалғастырудың мақсатқа сай екенін анықтау керек.

Жағымсыз әсерлері

Резолор® қолданылған кезде ең жиі қолайсыз реакциялар бас ауыру және асқазан-ішек симптомдары болды (іштің ауыруы, жүрек айну, диарея), олардың әрқайсысы, көп дегенде, 20% науқастарда байқалды. Қолайсыз реакциялар көбінесе емдеудің басында дамып, әдетте, емдеудің тоқтатылуын талап етпестен бірнеше күннен соң басылды. Өзге де қолайсыз реакциялар анда-санда байқалды. Қолайсыз реакциялардың көпшілігі әлсіз немесе орташа ауырлықта болды.

2 мг прукалопридтің ұсынылған дозасында клиникалық зерттеулерде жиілігі: өте жиі (1/10 жағдай), жиі (1/100 және <1/10 жағдай), жиі емес (1/1000 және <1/100 жағдай), сирек (1/10000 және <1/1000 жағдай) және өте сирек (<1/10000 жағдай) болып белгіленген келесі қолайсыз реакциялар тіркелген.

Әрбір жиілік тобының шегінде қолайсыз реакциялар күрделілігінің кему тәртібімен көрсетілген. Жиілігі плацебо-бақыланатын клиникалық зерттеулер деректерінің негізінде есептелген.

Өте жиі (>1/10)

- бас ауыру

- жүрек айну, диарея, іштің ауыруы

Резолор® қолданылған алғашқы күннен кейін ең жиі қолайсыз реакциялар Резолор® қолданылғанда айқындылығы аз болғанмен жиірек дамыған (жиілік айырмасы 1-3%) жүрек айнуы мен диареяны қоспағанда, плацебо (жиілік айырымы 1%-дан аз) қолданылған кезде қанша болса, сонша жиі байқалды.

Жиі(>1/100, <1/10)

- бас айналу

- құсу, диспепсия, ректальді қан кету, метеоризм, іштің аномальді дыбыстары

- поллакиурия

- әлсіздік

Жиі емес (>1/1000, <1/100)

- анорексия

- тремор

- жүрек қағу

- қызба, нашар хал-ахуал

Жүректің қағуы плацебо алған 0.7% науқастарда, 1 мг прукалоприд алған 1.0% науқастарда, 2 мг прукалоприд алған 0.7% науқастарда, 4 мг прукалоприд алған 1.4% науқастарда болды. Науқастардың көпшілігі емін жалғастырды. Кез келген жаңа симптом жағдайындағыдай, науқастар жүрек қағу пайда болғанын өз дәрігерімен талқылауы тиіс.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- белсенді компонентке немесе кез келген қосымша затқа аса жоғары сезімталдық

- диализ жүргізу қажет болатын бүйрек функциясының бұзылуы

- ішек қабырғасының анатомиялық немесе функционалдық зақымдануы салдарынан ішектің тесілуі немесе тарылуы, обструкциялық ішек бітелуі, ішектің ауыр қабынуы, мысалы, Крон ауруы, ойық жаралы колит және уытты мегаколон/мегаректум

- галактоза көтерімділігінің тұқым қуалауы сирек бұзылулары – Lapp лактаза тапшылығы немесе глюкоза/галактоза сіңуінің бұзылулары

- 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге (деректер жеткіліксіз).

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Іn vitro деректері прукалопридтің өзара әрекеттесу қабілетінің әлсіз екенін айғақтайды, әрі емдік концентрацияларында оның бір мезгілде қабылданатын препараттардың CYP ферменттерімен жүзеге асатын метаболизміне ықпал етуі екіталай. Клиникалық мәнді концентрацияларында прукалоприд P-gp белсенділігін тежемейді.

Белсенді CYP3A4 пен P-gp тежегіші - кетоконазол 200 мг дозада күніне 2 рет прукалопридтің «қан плазмасындағы концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданын (ҚАА) 40% ұлғайтты. Бұл әсердің клиникалық мәні жоқ, әрі бүйректе P-gp жүзеге асыратын прукалопридтің белсенді тасымалдануының бәсеңдеуімен байланысты болуы бәрінен ықтимал. Дәл осындай өзара әрекеттесу басқа белсенді P-gp тежегіштерімен, мысалы, верапамилмен, А циклоспоринімен және хинидинмен де байқалады. Прукалоприд, ең алдымен, бүйректе және басқа тасымалдағыштармен де тасымалданады. Теория жүзінде, бүйректегі прукалопридтің (P-gp қоса) белсенді сөлінісіне қатысатын барлық тасымалдағыштардың белсенділігінің бәсеңдеуі оның жүйелі әсерінің деңгейін 75% арттыруы мүмкін.

Прукалопридтің варфарин, дигоксин, этил спирті мен пароксетин фармакокинетикасына клиникалық мәнді ықпалы жоқ. Прукалоприд пен эритромицин бір мезгілде қолданылғанда соңғысының қан плазмасындағы концентрациясы 30% ұлғаяды. Осы өзара әрекеттесу механизмінің прукалопридтің тікелей әсерінің нәтижесі емес, эритромициннің өзінің фармакокинетикасындағы жоғары ауытқымалылықтың салдары болу ықтималдығы зор.

Пробенецид, циметидин, эритромицин және пароксетин емдік дозаларында прукалоприд фармакокинетикасына ықпал етпейді.

Резолорды® QTc аралығын ұзартатын препараттармен бір мезгілде сақтанумен қолдану керек.

Атропин сияқты заттар СТ4 рецепторлары арқылы оқшауланатын прукалоприд әсерлерін әлсірете алады.

Тамақпен өзара әрекеттесуі байқалмаған.

Айрықша нұсқаулар

Прукалопридтің негізгі шығарылу жолы – бүйрек арқылы. Бүйрек функциясы ауыр бұзылған науқастар үшін 1 мг доза ұсынылады.

Препаратты ауыр сипатты және клиникалық тұрғыда тұрақсыз қатарлас аурулары (бауыр, өкпе, аурулары, жүрек-қантамырлық, неврологиялық, эндокриндік аурулары, психикалық бұзылыстары, обыр, ЖИТС) бар науқастарда қолдану зерттелмеген. Резолорды® мұндай науқастарға тағайындаған кезде сақтық таныту керек. Атап айтқанда, препаратты сыртартқысында жүрек аритмиясы немесе жүрегінің ишемиялық ауруы бар науқастарда қолданғанда сақ болу керек.

Ауыр диареяда ішуге арналған контрацептивтердің тиімділігі төмендеуі мүмкін, сосын да ішуге арналған контрацептивтердің сәтсіз болу мүмкіндігіне жол бермеу үшін контрацепцияның қосымша әдістерін пайдалану ұсынылады (ішуге арналған контрацептивтерді қолдану жөніндегі нұсқаулықты қараңыз).

Бауыр функциясы бұзылуының адамдардағы прукалопридтің метаболизміне және жүйелі әсер ету деңгейіне клиникалық мәнді ықпал етуі екіталай. Препаратты бауыр функциясы әлсіз, орташа айқындылықта немесе ауыр бұзылған науқастарда қолдану жөнінде деректер жоқ, сондықтан бауыр функциясы ауыр бұзылған науқастарға аз доза ұсынылады.

Таблеткалар құрамында лактоза моногидраты бар. Препаратты сирек тұқым қуалайтын галактоза көтерімділігінің бұзылуы – Lapp лактаза тапшылығы немесе глюкоза/галактоза сіңуінің бұзылуы бар науқастарға қабылдауға болмайды.

Клиника алдындағы қауіпсіздіктің, геном мен ұрпақты болу жүйесіне тән уыттылықтың фармакологиялық зерттеулерінде, созылмалы уыттылық және канцерогенділік зерттеулерінде адамға болатын ерекше зияндылық анықталмаған. Жүрек-қантамыр көрсеткіштеріне ерекше назар аударылатын қауіпсіздіктің ауқымданған фармакологиялық зерттеуінде гемодинамика және ЭКГ (QTc) көрсеткіштерінің елеулі өзгерістері анықталмаған, бұған препаратты көктамыр ішіне алған жансыздандырылған шошқаларда жүректің жиырылу жиілігі мен артериялық қысымның орташа артуы және препаратты көктамыр ішіне алған жансыздандырылмаған иттердегі артериялық қысымның көтерілуі қосылмайды. Соңғы әсер жансыздандырылған иттерде және қандағы препараттың ұқсас концентрациясын қамтамасыз ететін дозадағы препаратты ішу арқылы алған иттерде болған жоқ.

Жүктілік және лактация

Прукалопридті жүктілік кезінде қолдану тәжірибесі шектеулі. Клиникалық зерттеулерде түсік тастау жағдайлары тіркелген, алайда өзге де қауіп факторлары ескергенде, осы құбылыстардың прукалоприд қолданумен байланысы анық емес. Жануарларға жасалған зерттеулерде буаздық ағымына, эмбрион/ұрық дамуына, туу мен тұқымның постнатальді дамуына тікелей/жанама қолайсыз әсер етуі анықталмаған. Резолорды® жүктілік кезінде қолдану ұсынылмайды. Прукалопридпен емделу кезеңінде бала тууға қабілетті әйелдер контрацепцияның тиімді құралдарын пайдалануы тиіс.

Прукалоприд емшек сүтімен шығарылады. Дегенмен аналар қолданған кезде емдік дозалардағы Резолордың® жаңа туған нәрестелерге/емшектегі сәбилерге әсерін тигізуі екіталай. Бала емізетін аналарда қолдану жөніндегі деректердің болмауына орай, Резолорды® емшекпен емізу кезінде қолдану ұсынылмайды.

Ұрықтандыру қабілеті

Жануарларға жасалған зерттеулер препараттың ерлер мен әйелдердің ұрықтану қабілетіне ықпалының жоқ екенін айғақтайды.

Дәрілік заттың көлік құралдарын жүргізуге және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Деректер жоқ. Кейбір жағдайларда Резолор® қолдану, әсіресе, емдеудің алғашқы күндері бас айналу мен әлсіздіктің дамуымен байланыстырылды, әрі бұл автокөлік пен қозғалмалы механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуі мүмкін.

Артық дозалану

Дені сау еріктілер қатысқан зерттеулерде дозасы күніне бір рет 20 мг дейін арттырылған (ұсынылған емдік дозасынан 10 есе көп) прукалоприд жақсы көтерімді болды.

Симптомдары: препараттың, бас айналу, жүрек айну және диареяны қоса, белгілі жағымсыз әсерлерінің күшеюінен болады.

Емі: Резолор® үшін арнайы у қайтарғы жоқ. Қажет болса, симптоматикалық және демеуші ем жүргізген жөн. Диарея немесе құсу нәтижесінде сұйықтықты өте көп жоғалту электролиттік теңгерім бұзылуларын реттеуді талап етеді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

7 таблеткадан лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.

4 пішінді қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

Сақтау шарттары

Ылғалдан қорғалған жерде, 30 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Янссен-Силаг С.п.А., Италия

Колоньо-Монцезе Милан, М. Буонаротти 23.

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы:

«Джонсон & Джонсон» ЖШҚ, Ресей.

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

ҚР-дағы «Джонсон & Джонсон» ЖШҚ филиалы

Мекенжай: 050040, Алматы қ., Тимирязев к-сі, 42, № 23 «А» павильоны Қазақстан Республикасы

Тел.: +7 (727) 356 88 11

E-MAIL: DrugSafetyKZ@its.jnj.com

 

Прикрепленные файлы

872012021477977011_ru.doc 83 кб
622948421477978186_kz.doc 99 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники