Пулмофест (62.5 мг)

МНН: Бозентан
Производитель: MSN Laboratories Private Limited
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Bosentan
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020736
Период регистрации: 14.08.2014 - 14.08.2019

Инструкция

Саудалық атауы

Пулмофест

Халықаралық патенттелмеген атауы

Бозентан

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар 62.5 мг және 125 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 64.54 мг немесе 129.08 мг бозентан моногидраты бар

(сәйкесінше 62.5 мг немесе 125 мг бозентанға баламалы),

қосымша заттар: жүгері крахмалы, желатинделген крахмал, натрий крахмалы гликолаты, повидон К 30, глицерил бегенаты, магний стеараты,

қабықтың құрамы Opadry white OY 58900: гипромеллоза 5 сР, титанның қостотығы (Е171), макрогол MW 400 /PEG.

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, ақ немесе ақ дерлік түсті үлбірлі қабықпен қапталған, екі жағы тегіс (62.5 мг және 125 мг дозалары үшін) таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Гипотензиялық препараттар. Басқа да гипотензиялық препараттар. Басқа да антигипертензиялық препараттар. Бозентан.

АТХ коды С02КХ01

 

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Бозентанның фармакокинетикасы негізінен дені сау еріктілерде зерттелген. Емделушілерге жүргізілген шектеулі зерттеулер, бозентанның өкпенің артериялық гипертензиясы бар ересек емделушілерге әсері дені сау ерікті сыналушыларға қарағанда шамамен 2 есе жоғары екенін көрсетті. Дені сау еріктілерде бозентанның фармакокинетикасы дозасы мен уақытқа тәуелді. Ішке қабылдағаннан кейін жүйелі экспозициясы дозасына (500 мг дейін) пропорциональді. Ішке жоғарырақ дозасын енгізгенде қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрациясының (Cmax) және AUC дозасына қатысты артуы пропорциональді емес және азғантай қарқынмен жүреді.

Бозентанның ішке қабылдағаннан кейінгі абсолюттік биожетімділігі шамамен 50%-ды құрайды, ас ішу бұл деңгейіне әсер етпейді. Қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрацияларына 3–5 сағаттан соң жетеді.

Бозентан қан плазмасы ақуыздарымен 98%-ға байланысады, эритроциттерге өтпейді.

Бір рет 250 мг қабылдағаннан кейін таралу көлемі 18 литрді, клиренсі – 8.2 л/сағатты, жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) – 5.4 сағатты құраған.

Бозентан бауырда P450, CYP2C9 және CYP3A4 цитохромы изоферменттерінің қатысуымен метаболизденеді, өтпен шығарылады, енгізілген пероральді дозасының 3%-дан азы несепте анықталады.

Бозентан 3 метаболит түзеді және олардың тек біреуі ғаан фармакологиялық белсенділікке ие. Холестаз белгілері бар науқастарда бұл метаболиттің жүйелі әсері артуы мүмкін.

Бозентан CYP2C9 және CYP3A4 индукторы болып табылады, сондай-ақ СYP2C19 және P-гликопротеиннің де индукторы болуы мүмкін, гепатоцит өсірінділеріндегі өт қышқылдарын шығаратын BSEP транспортерінің (Bile Salt Export Pump) тиімділігін бәсеңдетеді.

Бауыр функциясының бұзылуы

Жеңіл дәрежеде білінетін бауыр функциясының бұзылулары бар науқастарда фармакокинетикасының елеулі өзгерістері байқалмаған. Орташа және ауыр дәрежелі бұзылулары бар (Чайлд–Пью шкаласы бойынша В немесе С класы) науқастардағы бозентанның фармакокинетикасы зерттелмеген. Пулмофест мұндай емделушілерге қарсы көрсетілімді.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйрек функциясының айқын бұзылулары бар науқастарда (креатинин клиренсі 15–30 мл/мин), бозентанның қан плазмасындағы концентрациясы шамамен 10%-ға төмендеген. Бозентан метаболиттерінің қан плазмасындағы концентрациялары бүйрек функциясы қалыпты емделушілермен салыстырғанда шамамен 2 есеге артқан. Бүйрек функциясының бұзылулары бар науқастар үшін дозасын түзету қажет емес. Диализдегі науқастарды емдеудің клиникалық тәжірибесі жоқ. Белсенді затының физикалық-химиялық қасиеттері мен ақуыздармен байланысуының жоғары дәрежесін ескере отырып, бозентанның гемодиализ кезінде елеулі шығарылуы күтілмейді.

Фармакодинамикасы

Пулмофест –ЕТд және ЕТв типті эндотелиндік рецепторлардың селективті емес антагонисі.

Эндотелин-1 (ЕТ-1) нейрогормоны вазоконстриктор болып табылады, ол сондай-ақ фиброзды, жасушалық пролиферацияны, гипертрофия мен миокардтың ремодельденуін индукциялау қабілетіне ие, және қабынуға қарсы белсенділік те танытады. Бұл әсерлері эндотелий мен қантамырлардың тегіс бұлшықеттері жасушаларында орналасқан ЕТд және ЕТв рецепторларымен байланысу кезінде эндотелиннен туындайды.

Тіндер мен қан плазмасындағы эндотелин-1 концентрациялары кейбір жүрек-қантамыр аурулары мен дәнекер тіндер патологиясы, соның ішінде өкпенің артериялық гипертензиясы, склеродермия, жедел және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, миокард ишемиясы, жүйелі гипертензия және атеросклероз кезінде арта түседі, бұл ол аурулар дамыған кездегі ЕТ-1 патогендік рөлі туралы болжам жасауға мүмкіндік береді.

Пулмофест ЕТ рецепторларын бәсекелесе бөгейді және басқа рецепторлармен байланыспайды, жүйелік және өкпелік қантамырлардың кедергісін азайтады, бұл жүректің жиырылу жиілігін (ЖЖЖ) арттырмай, жүректің лықсыту көлемінің жоғарылауына алып келеді.

Қолданылуы

– өкпенің біріншілік артериялық гипертензиясында

– өкпенің елеулі интерстициальді зақымданулары жоқ болған жағдайда, склеродермия аясындағы өкпенің екіншілік артериялық гипертензиясында

– Эйзенменгер синдромы типі бойынша гемодинамика бұзылулары бар туа біткен жүрек ақаулары салдарынан болған өкпенің артериялық гипертензиясында

– склеродермиялық акропатия аясында терідегі жаңа ойық жаралы түзілімдердің алдын алуда

Қолдану тәсілі мен дозалары

Таблеткаларды таңертең және кешке ішке, ас ішу уақытына қарамастан, сумен ішіп қабылдау керек.

Өкпенің артериялық гипертензиясы

Бастапқы сатыда емдеу мен қадағалауды өкпенің артериялық гипертензиясын емдеу тәжірибесі бар дәрігер ғана жүргізуі тиіс. Ересек емделушілер үшін бастапқы 62.5 мг дозасы 4 апта бойына күніне екі рет тағайындалады, сосын дозасы күніне екі рет 125 мг демеуші дозасына дейін арттырылады.

Клиникалық нашарлау жағдайында (мысалы, 6 минуттық тест кезінде жүру қашықтығы, емдеу басталғанға дейін анықталған бастапқы көрсеткіштермен салыстырғанда кемінде 10%-ға төмендесе), Пулмофесттің кемінде 8 апта қолданылғанына қарамастан (оның ішінде ұсынылған дозасында кемінде 4 апта), баламалы емдеу әдістерін қарастыру керек. Пулмофестті қабылдаудың 8 аптасынан кейін емдік жауап болмаған науқастардың бір бөлігінде, қосымша 4-8 апта емдеуден кейін оң әсер байқалуы мүмкін. Егер Пулмофестті тоқтату туралы шешім қабылданса, мұны баламалы ем жүргізумен бір мезгілде біртіндеп жүргізу керек.

Емдеу басталғаннан кейін бірнеше айдан кейін клиникалық нашарлау басталса, Пулмофестті қолданудың талапқа сайлығына қайтадан баға беру керек. Оң әсер байқалмайтын науқастардың бір бөлігінде, Пулмофесттің 125 мг дозасын күніне екі рет қабылдағанда, дене жүктемесіне толеранттылық дозасын күніне екі рет 250 мг дейін арттырған кезде жақсаруы мүмкін. Препараттың гепатоуыттылығы дозасына тәуелді екендігін ескере отырып, науқас үшін пайда/қауіп арақатынасын мұқият саралау керек.

Емдеуді тоқтату

Пулмофестпен емдеуді күрт тоқтатқаннан кейінгі бақылаулар тәжірибесі шектеулі ғана. Мұндай тоқтатудың нәтижесінде аурудың елеулі өршігені туралы деректер жоқ. Дегенмен, болуы мүмкін тоқтату әсеріне байланысты, клиникалық жағдайдың нашарлау қаупін болдырмас үшін, дозасын (оны 3-7 күн ішінде жартысына дейін азайта отырып) баламалы емнің басталуымен бір мезгілде біртіндеп төмендету ұсынылады. Емдеуді тоқтату кезінде науқастың жағдайына қарқынды бақылау жүргізу ұсынылады.

Склеродермиялық акропатия аясындағы терінің жаңадан түзілген ойық жаралы зақымдануларының алдын алу

Бастапқы сатыда емдеу мен бақылауды жүйелі склеродермияны емдеуде тәжірибесі бар дәрігер ғана жүргізуі тиіс.

Ересек емделушілерде препараттың бастапқы дозасы 4 апта бойы күніне екі рет 62.5 мг, сосын дозасы күніне екі рет 125 мг демеуші дозасына дейін арттырылады.

Препаратты клиникалық зерттеулер кезінде аталған көрсетілім бойынша қолдану ұзақтығы 6 аймен шектеледі. Препараттың гепатоуыттылығын ескере отырып, науқасқа пайдасы/қаупі арақатынасын мұқият саралау керек.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауыр функциясының жеңіл бұзылулары бар науқастар үшін дозасын түзету қажет емес. Пулмофест бауыр функциясының орташа және ауыр дәрежелі бұзылулары бар науқастар үшін қарсы көрсетілімді.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек функциясының бұзылулары бар науқастар үшін дозасына түзету жүргізу қажет емес. Диализ жүргізу кезінде дозасын өзгерту қажет емес.

Егде жастағы емделушілер

65 жастан асқан науқастар үшін дозасын түзету қажет емес.

Жағымсыз әсерлері

Өте жиі

- бас ауыруы

- бауырдың зертханалық көрсеткіштерінің өзгерістері, гемоглобин төмендеуі

- ісінулер, сұйықтықтың іркілуі

Жиі

- анемия (соның ішінде ауыр)

- аллергиялық реакциялар (дерматитті, бөртпені, қышынуды қоса)

- синкопе

- жүрек соғуының жиілеуі

- гиперемия

- гипотония

- гастроэзофагеальді рефлюкс ауруы, диарея, жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы

- эритема

Жиі емес

- тромбоцитопения

- сарғаю, гепатит (бауыр аминотрансферазалары деңгейінің жоғарылауымен)

Сирек

- анафилактикалық реакциялар, Квинке ісінуі

- бауыр циррозы, бауыр функциясының бұзылулары

- лейкопения, нейтропения

- өкпенің ісінуі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- бозентанға немесе препарат компоненттерінің кез-келгеніне жоғары сезімталдық

- бауыр функциясының орташа және ауыр дәрежелі бұзылулары (Чайлд–Пью шкаласы бойынша В немесе С класы)

- АСТ және/немесе АЛТ белсенділігінің жоғарғы қалып шегінен 3 еседен астам алғашқы жоғарылауы

- бір мезгілде циклоспорин А қабылдау

- жүктілік және лактация кезеңі

- контрацепцияның сенімді әдістерін пайдаланбайтын әйелдердің репродуктивтік жасында

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Бозентан CYP2C9 және CYP3A4 цитохромы изоферменттерінің индукторы болып табылады, және CYP2C19 индукциялауы мүмкін. Осылайша, бұл изоферменттермен метаболизденетін заттардың қан плазмасындағы концентрациялары оларды бір мезгілде тағайындағанда төмендеуі мүмкін.

Бұл изоферменттермен метаболизденетін дәрілік заттардың тиімділігі өзгеруі мүмкін екендігін ескеру керек. Бұл дәрілік заттарды қабылдау басталғаннан кейін бір мезгілде қолданғанда Пулмофесттің дозасын түзету, өзгерту немесе оларды тоқтату қажет болуы мүмкін.

Бозентан CYP2C9 және CYP3A4 изоферменттерімен метаболизденеді. Бұл изоферменттер белсенділігінің бәсеңдеуі бозентанның қан плазмасындағы концентрациясының (кетоконазолды қараңыз) артуына алып келуі мүмкін. CYP2C9 тежегіштерінің бозентан концентрациясына әсері зерттелмеген. Мұндай біріктірілімін пайдаланғанда сақ болу керек.

Негізінен, CYP2C9, сонымен қатар кейбір дәрежеде CYP3A4 бәсеңдететін флуконазолды бір мезгілде қабылдау бозентанның қан плазмасындағы концентрациясының едәуір артуына алып келуі мүмкін. Сондықтан, препаратты мұндай үйлестірілімде қолдану ұсынылмайды. Осы себепті CYP3A4 күшті тежегіштерін (кетоконазол, интраконазол немесе ритонавир сияқты), сондай-ақ CYP2C9 тежегішін (мысалы, вориконазолды) Пулмофестпен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Циклоспорин A: Пулмофестті циклоспорин А-мен бірге қолдану қарсы көрсетілімді. Бұл бір мезгілде қолданылғанда бозентанның қан плазмасындағы ең төменгі бастапқы концентрациясы бір ғана бозентанды енгізгенде байқалғандармен салыстырғанда шамамен 30 есе жоғары болуына байланысты; бозентанның қан плазмасындағы тепе-теңдік концентрациясы 3-4 есе жоғары болған.

Такролимус, сиролимус: Пулмофест препаратымен бірге қолданылуына зерттеу жүргізілген жоқ; алайда, бозентанның қан плазмасындағы концентрациясы циклоспорин А сияқты артуы мүмкін деп шамаланады. Такролимус пен сиролимустың концентрациясы бірге қолданылғанда азаюы мүмкін. Пулмофестті такролимуспен немесе сиролимуспен бірге қолдану ұсынылмайды. Бұл біріктірілімін қолдану қажет болған жағдайда емделушінің жағдайына мұқият мониторинг жүргізу және такролимус пен сироролимустың қан плазмасындағы концентрациясын бақылау ұсынылады.

Глибенкламид: Пулмофестті 125 мг дозада 5 күн бойы күніне екі рет бір мезгілде қолданғанда глибенкламидтің (CYP3A4 субстраты) плазмадағы концентрациясының 40%-ға төмендегені байқалды. Бозентанның қан плазмасындағы концентрациясы да 29%-ға төмендеген. Бұдан өзге, аминотрансферазалар деңгейі жоғарылаған жағдайлардың жиілігі артқаны білінді. Осының салдарынан аминотрансферазалар деңгейінің арту қаупіне байланысты, Пулмофестті глибенкламидпен бір мезгілде қолданбау керек. Басқа сульфонилмочевина туындыларымен өзара әрекеттесулері туралы мәліметтер жоқ.

Гормональді контрацептивтер: Пулмофестті 125 мг дозада күніне екі рет және пероральді контрацептивті (құрамында 1 мг норэтистерон және 35 мкг этинилэстрадиол бар біріктірілген препаратты бір рет қабылдау) бір мезгілде қолданғанда, оның компоненттері үшін AUC (сәйкесінше 14% және 31%-ға) төмендегені байқалған. Жекелеген емделуші әйелдерде норэтистерон мен этинилэстрадиол экспозициясының төмендеуі сәйкесінше 56% және 66%-ға жеткен. Осылайша, Пулмофестті қабылдау кезінде гормональді контрацепцияның тиімділігі препаратты енгізу жолына (пероральді, инъекциялық, трансдермальді немесе имплантациялық) байланыссыз жеткілікті болып саналмауы мүмкін.

Варфарин: Пулмофестті 500 мг дозада 6 күн бойы күніне екі рет бір мезгілде қолданғанда (демеуші ем үшін ұсынылғанынан үш еседен артық) варфариннің плазмадағы концентрациясын төмендеткен. Бозентанмен емдеудің басында варфариннің немесе ұқсас пероральді антикоагулянттардың дозасын түзету қажет емес, алайда, әсіресе бозентанды қолданудың басында және дозасын арттыру сатысында Халықаралық Қалыптастырылған Қатынасты (ХҚҚ) қарқындырақ бақылау ұсынылады.

Симвастатин: 125 мг Пулмофестті 5 күн бойы күніне екі қайтара бір мезгілде қолдану, симвастатин (CYP3A4 субстраты) мен оның белсенді метаболитінің плазмадағы концентрациясын төмендеткен. Симвастатинді бір мезгілде қолдану бозентанның қан плазмасындағы концентрациясының деңгейлеріне әсер етпеген. Бірге қолданғанда холестерин деңгейіне бақылау жүргізіп, ары қарай дозасын түзету ұсынылады.

Кетоконазол: 62.5 мг Пулмофестті 6 күн бойы күніне екі рет және кетоконазолды, CYP3A4 күшті тежегішін бір мезгілде қолдану бозентан концентрацияларының шамамен 2 есе артуына алып келген. Пулмофесттің дозасын түзету қажет емес.

Рифампицин: рифампицинмен бірге қолданғанда Пулмофестпен емдеудің тиімділігі едәуір азаюы мүмкін. Пулмофестті 125 мг дозада 7 күн бойы күніне екі рет және рифампицинді (CYP2C9 және CYP3A4 күшті индукторын) бір мезгілде қолданғанда дені сау 9 еріктілерде бозентанның плазмадағы концентрациясы 58%-ға, ал жекелеген емделушілерде 90%-ға азайған. Басқа CYP3A4 индукторларымен (карбамазепин, фенобарбитал, фенитоин, құрамына шайқурай кіретін препараттар) бірге қолдану жөніндегі мәліметтер жеткіліксіз, дегенмен, бір мезгілде қолданғанда, Пулмофестпен емдеудің тиімділігі елеулі төмендегенін жоққа шығаруға болмайды деуге болады.

Эпопростенол: 10 бала Пулмофестті эпопростенолмен бірге қабылдаған зерттеулер барысындағы шектеулі нәтижелер, бір реттік және көп реттік дозаларын енгізгеннен кейін бозентанның қан плазмасындағы концентрацияларының деңгейі шамамен эпопростенол инфузиясын қабылдаған науқастардағымен бірдей болғанын көрсетеді.

Силденафил: Пулмофестті 125 мг дозада күніне екі рет (тепе-теңдік концентрациясы) және силденафилді 80 мг дозада 6 күн бойы күніне үш рет бір мезгілде қолданғанда, дені сау еріктілерде силденафилдің AUC 63%-ға төмендегені және бозентанның AUC 50%-ға артқаны білінген.

Бірге қолданғанда сақ болу ұсынылады.

Дигоксин: Пулмофестті 500 мг 7 күн бойы күніне екі рет бір мезгілде қолдану қан плазмасындағы дигоксин концентрациясының төмендеуіне алып келген.

Мұндай өзара әрекеттесуінің клиникалық маңыздылығы күрделі емес.

Лопинавир/ритонавир: Пулмофестті 125 мг дозада күніне екі рет және 400/100 мг лопинавир/ритонавир біріктірілімімен күніне екі рет бір мезгілде қолданғанда дені сау еріктілерде бозентанның қан плазмасындағы ең төменгі бастапқы концентрациясы тек бозентанның өзін ғана енгізгенде байқалғанмен салыстырғанда шамамен 48 есе жоғары болды; бозентанның қан плазмасындағы тепе-теңдік концентрациясы 5 есе жоғары болған. Лопинавир мен ритонавирдің жүйелік экспозициясы сәйкесінше 14% және 17%-ға азайған.

Құрамында ритонавир бар антиретровирустық препараттарды қабылдап жүрген емделушілерде, гипотензияның даму қаупіне және бауыр функциясы көрсеткіштерінің өзеруіне баса назар аудара отырып, әсіресе емдеудің басында Пулмофестпен емдеудің көтерімділігіне мониторинг жүргізу, сондай-ақ антиретровирустық емнің тиімділігіне бақылау жасау керек.

Ретровирусқа қарсы басқа дәрілер: мәліметтер жеткіліксіз болғандықтан, ретровирусқа қарсы басқа қолжетімді дәрілерге қатысты арнайы ұсынымдар беруге болмайды. Невирапиннің бозентанның бүйректік уыттылығы кезінде жинақталуы мүмкін гепатоуыттылығының айқындығына байланысты, бұл біріктірілімі ұсынылмайтыны баса көрсетіледі.

Айрықша нұсқаулар

Өкпенің ауыр артериялық гипертензиясы бар науқастарда Пулмофесттің тиімділігі анықталмаған. Бұл жағдайларда аурудың ауыр сатысында және клиникалық жағдай нашарлаған жағдайда ұсынылған басқа дәрілерге (мысалы, эпопростенол) көшудің талапқа сай екендігін қарастыру керек.

Өкпенің I немесе II функционалдық класты (ДДСҰ жіктемесі бойынша) артериялық гипертензиясы бар емделушілер үшін, пайда/қауіп арақатынас анықталмаған. Басқа себептерден (дәнекер тіндер ауруларымен, негізінен, склеродермиямен байланысты) туындаған өкпенің екіншілік артериялық гипертензиясына зерттеулер жүргізілмеген. Пулмофест препаратын тек жүйелі систолалық артериялық қысымы 85 мм сын. бағ. емделушілерге ғана тағайындауға болады.

Пулмофест препаратымен барлық емдеу курсы бойына бауыр аминотрансферазасы деңгейін бақылауға алу (препаратты тағайындар алдында және артынан айына 1 рет) қажет. Сондай-ақ, препарат дозасын арттырғаннан кейін 2 аптадан соң бауыр аминотрансферазасы деңгейін анықтау қажет.

AСТ/AЛT жоғарылаған жағдайлардағы ұсынымдар.

АСТ/АЛТ деңгейі (жоғарғы қалып шегінен > 3 және ≤ 5 есе артуы): басқа бауыр сынамасымен жекелей тәртіппен расталған жағдайда, Пулмофест препаратымен емдеуді ары қарай жалғастыру (төмендетілген дозада) немесе Пулмофест препаратын тоқтату қажеттігі туралы шешім қабылдау қажет. Аминотрансферазалар деңгейіне 2 аптада 1 рет аралықпен бақылауды жалғастыру қажет. Егер аминотрансферазалар деңгейі бастапқы мәніне қайтып келсе (емдеу басталғанға дейін), Пулмофестпен емдеуді төменде сипатталған жағдайларға сәйкес жалғастыру немесе қайта жаңғырту мүмкіндігін қарастыруға болады.

АСТ/АЛТ деңгейі (жоғарғы қалып шегінің > 5 және ≤ 8 есе мәні): басқа бауыр сынамасымен расталса, емдеуді тоқтату және аминотрансферазалар деңгейін 2 аптада 1 рет аралықпен бақылаумен жалғастыру қажет. Егер аминотрансферазалар деңгейі емдеу басталғанға дейінгі мәндерге қайта келсе, Пулмофест препаратымен емдеуді қайта жаңғырту мүмкіндігін төменде сипатталған жағдайларға сәйкес қарастырыңыз.

АСТ/АЛТ деңгейі (жоғарғы қалып шегінен > 8 есе артуы): емдеуді тоқтату, және бұдан былай Пулмофест препаратымен емдеуді қайта жаңғыртпау қажет.

Бауыр зақымдануларының клиникалық симптомдары (жүрек айнуы, құсу, қызба, іштің ауыруы, сарғаю, әдеттен тыс мәңгіру немесе қажу, тұмаурату синдромы - артралгиялар, миалгиялар, қызба) пайда болған жағдайда, емдеу тоқтату және бұдан былай Пулмофест препаратмен емдеуді қайта жаңғыртпау қажет.

Емдеуді қайта жаңғырту

Егер бауыр аминотрансферазаларының деңгейі емдеу басталғанға дейін мәндер шегінде болса, Пулмофест препаратымен емдеуді қайта жаңғырту мүмкіндігін тек Пулмофест препаратымен емдеудің пайдасы болуы мүмкін қаупінен асып түсетіндей жағдайларда ғана қарастыру қажет. Мұндай емделушілерге гепатологтың да кеңесі қажет. Емдеуді қайта жаңғырту «Қолдану тәсілі мен дозалары» бөлімінде көрсетілген ұсынымдарға сәйкес келуі тиіс. Емдеуді қайта жаңғыртқаннан кейін 3 күн бойы, содан кейін 2 аптадан соң, және артынан, жоғарыда көрсетілген ұсынымдарға сәйкес аминотрансферазалар деңгейін тексеру қажет. Бозентанмен емдеу гемоглобин концентрациясының дозаға тәуелді төмендеуімен байланысты. Плацебо-бақыланатын зерттеулерде, бозентанды қабылдаумен байланысты гемоглобин концентрациясының төмендеуі үдемелі болмаған және, емдеудің алғашқы 4-12 аптасынан кейін тұрақтанған. Гемоглобин концентрациясын емдеуді бастар алдында, содан кейін ай сайын (алғашқы 4 айда) және ары қарай үш айда 1 рет тексеріп отыру ұсынылады. Егер гемоглобин концентрациясының клиникалық маңызды төмендеуі туындаса, оның төмендеу себептерін және арнайы ем қажеттілігін анықтау үшін тексеру жүргізу қажет. Постмаркетингтік кезеңде эритромасса құюды қажет ететін анемия жағдайлары байқалған.

Пулмофест склеродермиялық акропатия аясындағы ойық жаралы зақымданулардың жазылуына ықпал етпейді.

Сол жақ қарынша функциясының жеткіліксіздігімен қатар жүретін өкпенің артериялық гипертензиясы бар науқастар.

Науқастардың жағдайына, әсіресе, жүректің жиырылу функциясының қатарлас ауыр бұзылуы кезінде сұйықтықтың іркілу белгілерінің (мысалы, дене салмағының жоғарылауы) бар-жоқтығына мониторинг жүргізу ұсынылады. Мұндай жағдайларда Пулмофест препаратын тағайындар алдында бастапқы сатыда, диуретиктерді тағайындау немесе бұрыннан тағайындалған диуретиктік дәрілердің дозасын арттыру ұсынылады.

Жүктілік

Жануарларда қолданылғанда Бозентан тератогендік және эмбриоуытты әсерлерге ие және сондықтан жүктілік кезінде қолданылмауы тиіс. Бала көтеретін жастағы әйелдер Пулмофестпен емдеу кезінде және емдеу аяқталғаннан кейін кемінде 3 ай бойы сенімді контрацепция әдістерін пайдалануы тиіс.

Пулмофест гормональді контрацептивтік дәрілердің тиімділігін төмендетуі мүмкін. Осы себепті бала көтеретін жастағы әйелдер гормональді контрацепция әдісін бірден-бір әдіс ретінде пайдаланбауы тиіс; сенімді контрацепцияның қосымша немесе баламалы әдісін қолдану қажет (жатырішілік спираль, бөгеттік әдістер). Контрацепцияның жеке сенімді әдісін таңдап алу үшін, гинекологқа қаралу керек. Гормональді контрацепция тиімділігінің төмендейтіні және жүктіліктің ауру ағымына теріс әсер етуі мүмкіндігін ескере отырып, Пулмофестпен емдеуді бастар алдында және емдеу кезінде ай сайын жүктілікке тест жүргізу ұсынылады.

Лактация кезеңі

Бозентанның адамның емшек сүтімен бөлінетін, бөлінбейтіндігі белгісіз. Пулмофест препаратымен емдеу кезінде бала емізу ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Препараттың жағымсыз әсерін ескере отырып (бас айналуы, ұйқышылдық), көлік немесе қауіптілігі зор механизмщерді басқаруда сақтық таныту керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз әсерлерінің күшеюі (бас ауыруы, артериялық гипотензия, жүрек айнуы, құсу, бас айналуы, тершеңдік, көрудің бұзылуы).

Емі: симптоматикалық. Гемодиализ тиімсіз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан бір жағы алюминий фольгадан және екінші жағы баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады. 1 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпан бірге картоннан жасалған пәшкеге салады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

MSN Laboratories Private Limited

Plot No 42, Anrich Industrial Estate, Bollaram,

Medak District - 502 325. A. P., Үндістан.

Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі

MSN Laboratories Private Limited, Үндістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы: 050046, Алматы қ., Солодовников к-сі, 21/289

Тел. (727) 392-74-05

 

 

Прикрепленные файлы

939937071477976667_ru.doc 107 кб
728719261477977808_kz.doc 140 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники