Пикопреп
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Пикопреп
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Ішу үшін ерітінді дайындауға арналған ұнтақ 16.1г
Құрамы
1 пакеттің ішінде:
белсенді заттар: 10.0 мг натрий пикосульфаты, 3,500 г магнийдің жеңіл тотығы, 12.000 г сусыз лимон қышқылы,
қосымша заттар: түйіршіктелген калий гидрокарбонаты, натрий сахарині, құрғақ табиғи апельсин хош иістендіргіші (гуммиарабик, лактоза, аскорбин қышқылы, бутилгидроксианизол).
Сипаттамасы
Апельсиннің әлсіз иісі бар ақ түсті кристалл ұнтақ .
Дайындалған ерітінді – апельсиннің әлсіз иісі бар, жылы, ақ дерлік түсті, бұлыңғыр сұйықтық.
Фармакотерапиялық тобы
Іш жүргізетін дәрілер. Жанаспалы іш жүргізетіндер. Басқа препараттармен біріктірілген натрий пикосульфаты.
ATХ коды A06A В58
Фармакологиялық қасиеттері
Белсенді компоненттері тоқ ішекте жергілікті әсер етеді, әрі олардың ешқайсысы да елеулі мөлшерде сіңбейді.
Асқазан-ішек жолымен өту уақыты әр адамда жекелей болады, алайда ороцекальді пассаж уақыты 4-5 сағатты құрайды, ал тоқ ішек бойымен өтуї – 12-24 сағат. Пикопрептің осмостық әсері жіңішке ішекте дами бастайды, бұл препаратты қабылдағаннан кейін 2 сағат ішінде сұйықтықтың едәуір мөлшерінің ішекке шығарылуының белгісі. Препараттың ішекті қимылдатқыш әсері тек тоқ ішекте ғана дамиды және сұйықтықтың қандай мөлшерде шығарылуы мен пациенттің сұйықтықты қанша мөлшерде қосымша қабылдағанына байланысты болады. Препараттың әсері ішек босағаннан кейін толық тоқтайды, ол 6 сағаттан 18 сағатқа дейінді құрайды.
Фармакодинамикасы
Пикопреп – іш жүргізетін дәрі, препараттың әсер етуші заты іш жүргізетін әсерді стимуляциялайтын және тоқ ішекте әсер ететін натрий пикосульфаты, және тоқ ішекте ылғалды сақтаудың осмостық құбылысы есебінен іш жүргізетін әсер беретін магний цитраты болып табылады. Препараттың әсер етуі ішектің перистальтикасын жақсартатын әсермен біріккен күшті жуып-шайғыш әсер түрінде білінеді, бұл оны радиографикалық зерттеу, колоноскопия немесе хирургиялық емшара жүргізер алдында ішекті тазалау үшін қолдануға негіз болады.
Қолданылуы
- рентгенологиялық зерттеулер, эндоскопия жүргізер алдында немесе хирургиялық араласым алдында ішекті тазалау үшін
Қолдану тәсілдері
Ауруханаға жатардан бір күн бұрын төмен калориялы диетаға көшу керек. Сусыздануға жол бермеу үшін препаратты қолдану кезінде суды көп мөлшерде ішу керек (сағатына 250 мл-ге жуық). Препарат ішке қолданылады.
Ұнтақты дайындау ережесі
Бір пакеттің ішіндегіні бөлме температурасындағы бір стақан (150 мл-ге жуық) суда ерітеді, 2-3 минут бойы араластырады және алынған ерітіндіні ішеді. Егер ерітінді қызып кетсе, ерітіндіні ішуге жарайтын температураға дейін салқындағанша күте тұру керек.
Ересектер (егде жастағы адамдарды қоса есептегенде)
Бір пакеттің ішіндегісін, жоғарыда айтылғандай, сумен сұйылтады және емшарадан бір күн бұрын кешкісін қабылдайды, қайталап қабылдау – 6-8 сағаттан кейін.
Балалар
1-2 жас: пакеттің ішіндегісінің 1/4 бөлігін таңертең және пакеттің ішіндегісінің 1/4 бөлігін күндіз;
2-4 жас: пакеттің ішіндегісінің 1/2 бөлігін таңертең және пакеттің ішіндегісінің 1/2 бөлігін күндіз;
4-9 жас: 1 пакеттің ішіндегісін таңертең және пакеттің ішіндегісінің 1/2 бөлігін күндіз;
9 жас және одан үлкен жас: дозасы ересектердегідей.
Ерітіндінің қалдығын төгіп тастайды. Дайындалған ерітіндіні сақтамайды.
Жағымсыз әсерлері
Сирек (< 1/10 000)
- асқын сезімталдық, анафилактикалық реакция
- гипонатриемия
- бас ауыру, сананың шатасуы, эпилепсия, клонико-тонустық құрысулар, конвульсия
- жүректің айнуы, құсу, абдоминальді ауыру, диарея, прокталгия
- бөртпе (эритематозды және макулопапулярлы бөртпе), қышыну, есекжем, пурпура.
Мықынасты ішекте афтоидты ойық жараның жеңіл қайтымды түрде дамығаны жөнінде жекелеген жағдайлардың болғаны айтылған.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың кез келген компонентіне асқын сезімталдық
- жүрек қызметінің іркілген жеткіліксіздігі
- асқазанның босату қызметінің бұзылуы, асқазан-ішектік ойық жаралар, уытты колит, уытты мегаколон, ішек бітелісі, жүрек айнуы және құсу, жедел ағымды аппендицит сияқты хирургиялық араласымды қажет ететін жедел ағымды абдоминальді патологиялар, сондай-ақ асқазан-ішектің обструкциясы немесе тесілуі анықталғанда немесе оған күдіктенгенде
- бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі (қан плазмасында магнийдің жиналып қалуына байланысты)
- 1 жасқа дейінгі балаларға.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Пикопреп препараты іш жүргізетін дәрі болғандықтан, ол асқазан-ішектік транзит жылдамдығын арттырады. Демек, препаратты қабылдау ішу арқылы қабылданатын басқа дәрілік препараттардың (мысалы, эпилепсияға қарсы және диабетке қарсы препараттардың, контрацептивтердің және антибиотиктердің) сіңуін өзгертуі мүмкін.
Пикопреп препаратының тиімділігі ішектің ішіндегі заттардың көлемін ұлғайтатын іш жүргізетін дәрілермен бір мезгілде қабылдаған кезде төмендейді.
Гипокалиемияны тудыратын препараттарды (диуретиктер немесе кортикостероидтар, сондай-ақ гипокалиемияның ерекше даму қаупіне байланысты қабылданатын препараттар сияқты, мысалы, жүрек гликозидтерін) қабылдап жүрген пациенттерде препаратты қолданғанда сақ болған жөн. Пикопрепті қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды немесе антидиуретикалық гормонның талапқа сай емес секрециясы синдромын индукциялайтын препараттарды, мысалы, үшциклдік антидепрессанттарды, серотонинді кері қармайтын селективтік тежегіштерді, антипсихоздық препараттарды және карбамазепин препараттарын қабылдап жүрген пациенттерге тағайындағанда сақ болған жөн, өйткені олар суды ұстап қалу және/немесе электролиттер теңгерімінің бұзылу қаупін арттыруы мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Препаратты асқазан-ішек жолына жуық арада хирургиялық емшара жүргізгеннен кейін, сондай-ақ бүйрек қызметі бұзылған, жүрек аурулары немесе ішектің қабыну аурулары бар пациенттерге аса сақтықпен қолданған жөн.
Су және электролит теңгеріміне ықпалын тигізуі мүмкін препараттарды, мысалы, диуретиктерді, кортикостероидтарды, литийді қолданып жүрген пациенттерге препаратты абайлап қолданған жөн.
Пикопреп препараты ішу арқылы жүйелі қолдануға арналған дәрілік препараттардың сіңуін өзгерте алатын болғандықтан, оны осыған ұқсас жағдайларда абайлап қолданған жөн; өйткені бұрын эпилепсияға қарсы, эпилепсияны ойдағыдай бақылауға мүмкіндік берген, препараттарды қабылдап жүрген пациенттерде конвульсия ұстамалары жөнінде жекелеген мәлімдемелер алынды.
Суды және электролиттерді жеткіліксіз ішу олардың, әсіресе әлсіз пациенттерде, клиникалық тұрғыдан маңызды тапшы болуына әкеп соқтырады. Сондықтан егде жастағы пациенттер және әлсіз пациенттер, сондай-ақ гипокалиемия даму қаупі бар пациенттер медициналық бақылауда болуы тиіс. Гипонатриемия белгілері немесе симптомдары бар пациенттерде сұйықтықтың және электролиттердің теңгерімін қалпына келтіру үшін оны тез түзететін шаралар жүргізу қажет етілуі мүмкін. Сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішкен жөн.
Ішекті тазалау кезеңі 24 сағаттан аспауы тиіс, өйткені ұзақтау болатын емшара судың немесе электролиттің теңгерімінің бұзылу қаупін арттыруы мүмкін.
Препарат құрамында лактоза бар, сондықтан оны лактоза жақпайтын пациенттерге қолданбаған жөн.
Препарат әдеттегідей іш жүргізетін дәрілер ретінде қолдануға арналмаған.
Балалар
Препаратты балаларға 1 жасынан бастап аурухана жағдайында дәрігердің бақылауымен қолданады.
Жүктілік және лактация кезеңінде қолданылуы
Пикопреп препаратын жүктілік кезеңінде қолданудың клиникалық тәжірибесі шектеулі, сондықтан оны әсіресе жүктіліктің алғашқы триместрінде абайлап қолданған жөн.
Натрий пикосульфаты, магний цитраты емшек сүтіне бөлініп шықпайды.
Дәрілік заттың көлікті басқару және қозғалыстағы механизмдермен қызмет көрсету қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Конвульсияның, құрысудың немесе сананың шатасуының пайда болуы мүмкін екендігін ескеріп, препаратты қолдану кезеңінде автокөлікті басқаруды немесе басқа да механизмдермен жұмыс жасауды тоқтата тұрған жөн.
Артық дозалануы
Симптомдары: профуздық диарея даму мүмкін.
Емі: жалпы демеуші ем жүргізу және сұйықтықтың мол мөлшерде ішілуін қамтамасыз ету
Шығарылу түрі және қаптамасы16.1 г препарат төрт қабатты пакетке салынады.
2 пакеттен медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.
Сақтау шарттары
25°С-ден аспайтын температурада , түпнұсқалық қаптамада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Сұйылтқаннан кейін дайын ерітіндіні бірден пайдалану керек.
Босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
« Ferring Pharmaceuticals (China) Co., Ltd.», КИТАЙ
No. 6 HuiLing Lu (Ferring Road), National Health Technology Park,
Zhongshan City, Guangdong Province, China
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
«Ферринг ГмбХ», Германия
Wittland 11, 24109 Kiel, Germany
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды қабылдайтын және тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
«Ферринг Фармацевтикалс СА» Қазақстан Республикасындағы өкілдігі
Қазақстан Республикасы Алматы қ., 050022,
Наурызбай батыр к-сі, 99/1 үй, 41Б кеңсе
Тел.: +7(727) 311 5447