Пиколакс (таблетки, 7.5 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Пиколакс
Халықаралық патенттелмеген атауы
Натрий пикосульфаты
Дәрілік түрі
7,5 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат: 100 % сусыз затқа шаққанда натрий пикосульфаты - 7,5 мг қосымша заттар: лактоза моногидраты, жүгері крахмалы, желатинделген крахмал 1500, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты.
Сипаттамасы
Жалпақ цилиндр пішінді, сызығы мен ойығы бар, ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар
Фармакотерапиялық тобы
Жанаспалы іш жүргізетін дәрілер. Натрий пикосульфаты.
ATХ коды A06AВ08
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ішке қабылдағаннан кейін елеулі сіңірілусіз тоқ ішекке жетеді, ол жерде бактериялық флораның әсерінен белсенді түрін (бос дифенол) түзе отырып ыдырайды. Іш жүргізетін әсері қабылдағаннан кейін 6-12 сағаттан соң анықталады, іш жүргізетін әсерінің айқындығы қан плазмасындағы белсенді дифенол деңгейімен өзара байланыспайды.
Фармакодинамикасы
Триарилметан тобының жанаспалы іш жүргізгіш дәрісі, тоқ ішекте бактериялық сульфатазалардың әсерінен белсенділенеді; сол кезде босап шығатын зат ішектің шырышты қабығының сезімтал жүйке ұштарын көтермелейді, оның моторикасын күшейтеді. Пиколакс жұмсақ әсер етеді, препаратты қолдану ішектің тенезмдерімен және түйілулерімен қатар жүрмейді.
Курстық емдеуде Пиколакс ішектің қалыпты микрофлорасының көбеюі мен метаболикалық белсенділігін көтермелейді.
Қолданылуы
- іштің қатуы немесе дефекацияны жеңілдетуді қажет ететін жағдайларда
Қолдану тәсілі және дозалары
Ішке тағайындайды. Түнге қарай қабылдағанда іш жүргізетін әсері таңертеңгілік басталады. Ересектер мен 10 жастан асқан балаларға –
5-10 мг (орташа алғанда 7,5 мг) тәулігіне 1 рет. Ауыр және тұрақты іш қатуларда ересектерге 15 мг-ден бір рет қабылдау ұсынылады.
Балаларда препаратты бір рет қабылдау тиімді болады. Қажет болғанда балаға емдеу курсын ұзартуға болады, бірақ оны үш күнмен шектеген дұрыс. Емдеу ұзақтығы әр адамға жекелей белгіленеді және 7 күннен аспауы тиіс.
Жағымсыз әсерлері
Препаратты қысқа мерзімдік қабылдауда жағымсыз әсерлері сирек байқалады.
Препаратты жоғарылатылған дозаларда ұзақ қолданғанда бұзылулар болуы мүмкін:
-
аллергиялық реакциялар (ангионевротикалық ісіну, тері бөртпесі, есекжем, қышыну)
-
калий, натрий және басқа да электролиттерді жоғалту, дегидратация дамуы мүмкін
Сирек
-
препарат дозасын азайтқанда қайтатын диспепсиялық құбылыстар, құсу, жүрек айну, іштің түйілуі және ауыруы, диарея, метеоризм, асқазан мен анус тұсының ауырсыну сезімі, ішек моторикасының күшеюі
Өте сирек
– бас ауыруы, қатты шаршағыштық, ұйқышылдық, құрысулар
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық
- ішек бітелісі
- ішектің жедел қабыну аурулары және құрсақ қуысы ағзаларының жедел аурулары (соның ішінде, жедел аппендицит, спецификалық емес ойық жаралы колит, перитонит)
- белгісіз сипаттағы іш ауыруы, жүрек айну және құсу
- асқазан-ішек жолына жасалған операциядан кейінгі жағдай
- ауыр дегидратация
- жүктілік және лактация кезеңі
- 10 жасқа дейінгі балалар
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Электролиттік теңгерімнің бұзылуы жүрек гликозидтеріне төзімділіктің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Диуретиктер немесе глюкокортикостероидтар Пиколаксты жоғары дозаларда қолданудан туындаған гипокалиемияның айқындығын күшейтуі мүмкін. Антибиотиктермен бір мезгілде емдеу препараттың іш жүргізгіш әсерін төмендетуі мүмкін
Айрықша нұсқаулар
Басқа да іш жүргізгіш дәрілер сияқты, Пиколаксты күнделікті немесе ұзақ уақыт қабылдауға болмайды. Іш жүргізетін дәрілерді күнделікті қабылдау қажет болса, іш қатудың себебін анықтау керек. Іш жүргізетін дәрілерді ұзақ уақыт қабылдау электролиттік теңгерімнің бұзылуына және гипокалиемияға әкелуі, сондай-ақ «рикошет» әсері салдарынан дағдылану мен іш қатуының себебі болуы мүмкін.
Егде жастағы адамдарға, гипокалиемия кезінде, қандағы магний құрамы жоғары болғанда, организмі әлсіз емделушілерге сақтықпен пайдалану керек.
Препараттың құрамында лактоза бар, тұқым қуалайтын лактозаны көтере алмаушылығы бар емделушілер осыны ескерулері тиіс.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Әсер етпейді.
Артық дозалануы
Симптомдары: сұйық нәжістің жиілеуі, іштің түйілуі (шаншулар) және клиникалық су-электролитті теңгерімнің елеулі бұзылулары (гипокалиемия, басқа электролиттер мен сұйықтықтарды жоғалту), тоқ ішек шырышты қабығының ишемиясы. Ұзақ уақыт бойы артық дозалану созылмалы диареяның және іш ауыруының, гипокалиемияның, салдарлы гиперальдостеронизмнің дамуына алып келуі мүмкін, бүйректің зақымдалуы және нефролитиаз, метаболикалық алкалоз және гипокалиемияның нәтижесі ретінде бұлшықет әлсіздігі дамуы мүмкін.
Емі: препаратты тоқтату, асқазанды шаю, энтеросорбенттерді (белсенділендірілген көмір) қабылдау, симптоматикалық ем (су-электролиттік теңгерімді түзету, спазмолитиктерді қабылдау).
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 таблеткадан поливинилхлоридті түссіз үлбірден және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
1 немесе 3 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынады.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
“Фармак” ЖАҚ, Украина, 04080, Киев қ., Фрунзе к-сі, 63.
Тіркеу куәлігінің иесі
“Фармак” ЖАҚ, Украина
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
Қазақстан Республикасы, 050009 Алматы қ., Абай к-сі 157, 5 кеңсе
Тел/факс: +7 (727) 250 66 23, электронды поштасы: Djatlova88@mail.ru