Пантокальцин® (500 мг)

МНН: Гопантеновая кислота
Производитель: Валента Фармацевтика ОАО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Другие психостимуляторы и ноотропные препараты
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№017590
Период регистрации: 30.10.2015 - 30.10.2020

Инструкция

Саудалық атауы

Пантокальцин®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Гопантен қышқылы

Дәрілік түрі

500 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – гопантен қышқылы 500 мг (гопантен қышқылы немесе гопантен қышқылының кальций тұзы),

қосымша заттар: негізгі магний гидроксикарбонаты, кальций стеараты, тальк, картоп крахмалы.

Сипаттамасы

Жалпақ цилиндр пішінді ойығы мен сызығы бар ақ түсті таблеткалар

Фармакотерапиялық тобы

Психоаналептиктер. Психостимуляторлар және ноотроптар. Психостимуляторлар және басқа да ноотроптар.

АТХ коды N06BX

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Асқазан-ішек жолынан тез сіңеді. Қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына жету уақыты 1 сағатты құрайды. Ең көп концентрациясы бауырда, бүйректе, асқазан қабырғасында, теріде болады. Гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтеді. Метаболизденбейді. Өзгермеген түрде 48 сағат ішінде (қабылданған дозаның 67,5%-ы – несеппен, 28,5%-ы – нәжіспен) шығарылады.

Фармакодинамикасы

Әсер ету ауқымы құрылымында гамма-аминомай қышқылының болуына байланысты.

Әсер ету механизмі пантокальциннің ГАМҚБ–рецептор-өзекті кешеніне тікелей әсеріне байланысты. Нейрометаболизмдік, нейропротекторлық және нейротрофикалық қасиеттері бар. Мидың гипоксияға және уытты заттардың әсеріне төзімділігін арттырады, нейрондардағы анаболизмдік үдерістерді көтермелейді. Құрысуға қарсы әсері бар, бір мезгілде мінез-құлықты реттей отырып, моторлы қозғыштықты азайтады. Ой және дене еңбегіне қабілеттілікті арттырады. Созылмалы алкогольді уыттану кезінде және кейіннен этанол қабылдауды тоқтатқанда гамма-аминомай қышқылы құрамының қалпына келуіне ықпал етеді. Ауыруды басатын әсері бар. Новокаин мен сульфаниламидтердің белсенділігін жою механизмдеріне қатысатын ацетилдендіру реакциясын тежеуге қабілетті, соның арқасында соңғыларының әсері ұзауына қол жеткізіледі. Патологиялық жоғарылаған қуық рефлексі мен детрузор тонусының тежелуін туындатады.

Қолданылуы

  • мидың органикалық зақымдануы мен невроздық бұзылулары кезіндегі когнитивті бұзылуларда

  • ми қантамырларының атеросклероздық өзгеруінен туындаған цереброваскулярлық жеткіліксіздігінде, сенильді деменцияда (бастапқы түрі), ересек және егде жастағы адамдардағы мидың резидуальді органикалық зақымдануларында кешенді ем құрамында

  • шизофрениясы бар науқастардағы церебральді органикалық жеткіліксіздікте (нейролептиктермен, антидепрессанттармен біріктірілімде)

  • жүйке жүйесінің тұқым қуалайтын аурулары бар (Гентингтон хореясы, гепатоцеребральді дистрофия, Паркинсон ауруы және т.б.) науқастарда экстрапирамидалы гиперкинездерде

  • өткерген нейроинфекцияларда және бассүйек-ми жарақаттарының салдарында (кешенді ем құрамында)

  • нейролептиктердің жағымсыз әсерін түзету үшін және бір мезгілде «қалқалау терапия» ретінде аурудың профилактикасы мақсатында, экстрапирамидалы нейролептикалық синдромда (гиперкинетикалық және акинетикалық)

  • психикалық үдерістер баяулайтын эпилепсия ауруында (құрысуға қарсы препараттармен біріктірілімде)

  • психоэмоционалды жүктемелер, ой және дене еңбегіне қабілеттіліктің төмендеуі; зейін қою және есте сақтауды жақсарту үшін

  • несеп шығарудың бұзылыстары: энурез, күндізгі несеп тоқтамауы, поллакиурия, императивті қысылулар

  • ақыл-есі кем балаларға (психикалық, сөйлеу, моторлық дамудың кідіруі немесе олардың бірігуі), балалардың церебральді салдануында, кекештенуде (негізінен клоникалық түрі), эпилепсияда (құрысуға қарсы препараттармен біріктірілген емнің құрамында, әсіресе полиморфты ұстамалар мен кіші эпилепсия ұстамаларында).

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке, тамақтанудан соң 15-30 минуттан кейін.

Ересектер үшін бір реттік дозасы 0,5-1 г, балалар үшін 0,25-0,5 г; ересектер үшін тәуліктік дозасы - 1,5-3 г, балалар үшін 0,75-3 г. Емдеу ұзақтығы 1-ден 4 айға дейін, жекелеген жағдайларда – 6 айға дейін.

3-6 айдан кейін емдеу курсы қайталап жүргізілуі мүмкін.

Балаларға, ақыл-ой кемістігі кезінде: 0,5 г күніне 4-6 рет 3 ай бойы; сөйлеу қызметінің дамуы кідірген кезде 0,5 г күніне 3-4 рет 2-3 ай бойы.

Нейролептикалық синдром кезінде (нейролептикалық дәрілердің жағымсыз әсерін түзеткіш ретінде): ересектерге 0,5 — 1 г күніне 3 рет, балаларға – 0,25-0,5 г күніне 3-4 рет. Емдеу курсының ұзақтығы 1-3 ай.

Эпилепсия кезінде: балаларға 0,25–0,5 г күніне 3-4 рет, ересектерге 0,5 — 1 г күніне 3-4 рет ұзақ уақыт бойы күнделікті (6 айға дейін).

Гиперкинездер кезінде (тартылуларда): балаларға 0,25–0,5 г күніне 3-6 рет 1-4 ай бойы, ересектерге күніне 1,5-3 г 1-5 ай бойы күнделікті.

Несеп шығару бұзылыстарында: ересектерге 0,5-1 г күніне 2-3 рет (тәуліктік доза 2-3 г), балаларға 0,25-0,5 г (тәуліктік дозасы 25-50 мг/кг). Емдеу курсының ұзақтығы 2 аптадан 3 айға дейін (бұзылулардың айқындылығы мен емдік әсеріне байланысты).

Өткерген нейроинфекция және бассүйек-ми жарақаттарының салдарында: күніне 3-4 рет 0,25 г-ден.

Жоғары жүктемелер мен астениялық жағдайларда жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру үшін: 0,25 г күніне 3 рет.

Дозасы мен емдеу сызбасын дәрігер балаларға жеке тағайындайды (клиникалық көрсетілімдеріне байланысты).

Жағымсыз әсерлері

Мүмкін:

  • аллергиялық реакциялар: ринит, конъюнктивит, тері бөртпелері

Өте сирек:

– ұйқының бұзылуы, ұйқышылдық, бастың шыңылдауы

Гопантен қышқылын қабылдау кейбір жағдайларда антагонисі гопантен қышқылы болып табылатын пантотен қышқылының тапшылығы салдарынан өліммен аяқталатын бауыр жедел энцефалопатиясын туғызуы мүмкін деген мәлімдеме бар.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препараттың кез келген компонентіне аса жоғары сезімталдық

  • жедел бүйрек жеткіліксіздігі, жедел ауыр бүйрек аурулары

  • қан көрінісінің айқын өзгерулері

  • жүктілік (I триместр) және лактация кезеңі

  • 4 жасқа дейінгі балалар

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Барбитураттың әсерін ұзартады; орталық жүйке жүйесін көтермелейтін препараттардың, құрысуға қарсы дәрілік заттардың, жергілікті анестетиктердің (прокаин) әсерін күшейтеді. Фенобарбиталдың, карбамазепиннің, психозға қарсы дәрілердің (нейролептиктердің) жағымсыз әсерлерін болдырмайды.

Глицинмен, ксидифонмен үйлестіру гопантен қышқылының әсерін күшейтеді.

Жергілікті анестетиктердің (новокаин) әсерін күшейте түседі.

Айрықша нұсқаулар

Ұзақ емдеген жағдайда басқа ноотропты және орталық жүйке жүйесінің қызметін көтермелейтін дәрілермен бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды.

Жүктілік және лактация кезеңінде қолдану

Гопантен қышқылын жүктіліктің І триместрінде қолдануға болмайды. Эксперименттік зерттеулерде гопантен қышқылы тератогенді және эмбриоуытты әсер етпейтіні көрсетілген. Препаратты жүктіліктің II және III триместрінде тек дәрігермен кеңескеннен кейін көрсетілімдерге қарай қолдануға болады. Емшек емізу кезеңінде әйелдерге зерттеулер жүргізілмеген, сондықтан лактация кезеңінде препаратты қолдану қажет болғанда емшек емізуді тоқтатқан жөн.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Өткінші жағымсыз құбылыстардың (ұйқышылдық, бастың шыңылдауы) болуына байланысты емдеудің басында автокөлікті немесе қауіптілігі зор басқа да механизмдерді басқару кезінде сақ болған жөн.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз әсерлерінің күшеюі.

Емі: асқазанды шаю, белсендірілген көмір, симптоматикалық ем.

Шығарылу түрі және қаптамасы

500 мг таблеткалар

Поливинилхлоридті үлбірден және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

5 пішінді ұяшықты қаптама қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

4 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Валента Фармацевтика» ашық акционерлік қоғамы, Ресей Федерациясы

141101, Щелково қ., Мәскеу обл., Фабричная к-сі, 2.

Тіркеу куәлігінің иесі

«Валента Фармацевтика» ашық акционерлік қоғамы, Ресей Федерациясы

141101, Щелково қ., Мәскеу обл., Фабричная к-сі, 2.

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Валента Фармацевтика» ААҚ ҚР өкілдігі

Қазақстан Республикасы, 050009, Алматы қ., Абай д-лы., Радостовец көш. бұрышы, 151/115, «Алатау» бизнес-орталығы, № 1102 кеңсе

Телефон/факс 8(727) 334-15-52

Электронды пошта: asia@valentapharm.com

Прикрепленные файлы

Пантокальцин_500мг_рус.doc 0.06 кб
Пантокальцин_500мг_каз.doc 0.06 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники