Паклитаксел-Келун-Казфарм (100мг/16.7 мл)

МНН: Паклитаксел
Производитель: Kelun-Kazpharm (Келун-Казфарм) ТОО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Paclitaxel
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-3№121657
Период регистрации: 28.06.2018 - 28.06.2023
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 14 160.17 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Паклитаксел-Келун-Казфарм

Халықаралық патенттелмеген атауы

Паклитаксел

Дәрілік түрі

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған концентрат, 30 мг/5 мл, 60 мг/10 мл, 100мг/16,7 мл

Құрамы

1 мл құрамында

белсенді зат 6,0 мг паклитаксел

қосымша заттар: сусыз лимон қышқылы, сусыз этил спирті, полиоксиэтилденген майсана майы ЕL 35

Сипаттамасы

Түссіз немесе аздап сарғыш түсті, мөлдір сұйықтық.

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы препараттар және иммуномодуляторлар. Ісікке қарсы препараттар. Өсімдік текті алкалоидтар. Таксандар. Паклитаксел.

АТХ коды L01CD01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Көктамыр ішіне енгізгеннен кейін қан плазмасында паклитаксел концентрациясының екі сатылы төмендеуі байқалады.

Паклитакселдің фармакокинетикасы препаратпен 135 мг/м2 және 175 мг/м2 дозаларда 3 сағат және 24 сағат бойына инфузия жасағаннан кейін зерттелді. Жартылай шығарылуының орташа ұзақтығы терминальді сатыда 3,0–52,7 сағатты, ал организмнен орташа жалпы клиренсі 11.6 - 24.0 л/сағ./м2 құрады. Қан плазмасындағы концентрациясын жоғарылатқанда паклитакселдің жалпы клиренсінің төмендеу үрдісі байқалды. Паклитакселдің орташа тепе-тең таралуы көлемі 198–688 л/м2 құрады, бұл қантамырлардан тыс кең таралатынын және/немесе тіндермен байланысатынын айғақтайды. 3 сағаттық инфузиядан кейін паклитакселдің фармакокинетикасы дозаға байланыссыз сипатқа ие болды. Дозаны 30%-ға, 135 мг/м2-ден 175 мг/м2-ге дейін арттырғанда қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясы (Cmax) 75%-ға, сондай-ақ "концентрация-уақыт" тәуелділігі қисығы астындағы аудан (AUC0-∞) 81%-ға жоғарылады.

Емдеудің әртүрлі курстары кезінде паклитакселдің жүйелік экспозициясы деңгейлерінің ауытқуы өте төмен болды. Көп реттік емдеу курстарында паклитакселдің жинақталуы тіркелген жоқ.

Паклитакселдің шамамен 89–98%-ы қан палзмасы ақуыздарымен байланысады. Циметидиннің, ранитидиннің, дексаметазонның немесе дифенгидраминнің болуы паклитакселдің ақуыздармен байланысуына ықпалын тигізбейді.

Паклитакселдің енгізілген дозасының 1,3-тен 12,6%-ға дейіні несеппен бірге өзгермеген түрде шығарылады, бұл бүйректен тыс экстенсивтік клиренсінің болатынын айғақтайды. Паклитаксел көбіне бауырда метаболизденеді және негізінен өтпен бірге шығарылады. Паклитакселдің метаболизмі Р450 цитохромының изоферменттерінің қатысуымен жүруі мүмкін. Радиоактивті изотоппен таңбаланған паклитакселді енгізуден кейін, 26; 2; 6% радиоактивтілігі нәжіспен бірге 6α-гидроксипаклитаксел, 3′-р-дигидроксипаклитаксел және 6α-3′-р-гидроксипаклитаксел түрінде шықты. Осы гидроксилденген метаболиттердің түзілуі, сәйкесінше, CYP 2C8, CYP 3A4 және CYP 2C8 және CYP 3A4 изоферменттерімен катализденеді.

Паклитакселді цисплатинмен, доксорубицинмен немесе трастузумабпен біріктіріп қолданғанда пайдалануы жөнінде ақпарат алу үшін олардың медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарымен танысып шығу қажет.

Фармакодинамикасы

Паклитаксел өсімдік текті антимитоген болып табылады, ол жасушаның микротүтікшелі аппаратына әсерін тигізеді. Тубулиннің димерлерінен микротүтікшелердің құрастырылуын стимуляциялайды және деполимеризацияны басу есебінен микротүтікшелерді тұрақтандырады. Мұндай тұрақтылық интерфаза және митоз сатысында жасушалық функция үшін маңызды мәні бар микротүтікшелер тізбегінің қалыпты динамикалық қайта құрылуына кедергі жасайды. Бұдан басқа, паклитаксел барлық жасушалық цикл ішінде микротүтікшелер тобының немесе шоғырының және митоз кезінде микротүтікшелердің көптеген жұлдыздарының зақымдануына кедергі жасайды.

Қолданылуы

- аналық бездер обырында (цисплатинмен біріктірілген лапаротомиядан кейін аурудың жайылған түрімен немесе 1 см-ден көп қалдық ісікпен науқастарды бірінші желіде емдеу және оң нәтиже бермеген стандартты емнен кейінгі метастаздар тұсында екінші желіде емдеу)

- сүт безі обырында (антрациклинмен және циклофосфамидпен (AЦ) стандартты біріктірілген емнен кейін зақымданған лимфалық түйіндерін емдеуге арналған қосымша зат ретінде). Паклитаксел қолданылған қосымша ем баламалы кеңейтілген AЦ-ем болып табылады. Паклитаксел 3+ деңгейде аса жоғары экспрессияланған (иммуногистохимия арқылы анықталған) HER-2 бар пациенттерде, сондай-ақ антрациклинмен ем сай келмейтін пациенттерге бастапқы ем ретінде немесе кешеуілді сатыдағы сүт безінің метастазды обырында трастузумабпен біріктіріліп тағайындалады.

Монотерапия ретінде Паклитаксел антрациклиндер қолданылған тиімсіз стандартты емнен кейінгі пациенттерге немесе антрациклинмен ем сай келмейтін пациенттерге метастаздық карциноманы емдеу үшін тағайындалады).

- кешеуілді сатыдағы ұсақ жасушалы емес өкпе обырында (хирургиялық емдеу және/немесе сәулелі ем жүргізу жоспарланбайтын науқастарға ұсақ жасушалы емес өкпе обырында ципластинмен біріктіріліп).

- ЖИТС-пен науқастардағы Капоши саркомасында (КС) (липосомалық антрациклиндермен тиімсіз емнен кейін ЖИТС-пен науқастардағы Капоши саркомасын емдеу үшін).

Қолдану тәсілі және дозалары

Паклитакселмен емдеу ісікке қарсы химиялық препараттармен жұмыс істеу тәжірибесі бар дәрігердің бақылауымен жүргізілуі тиіс.

Аса жоғары сезімталдық реакциялары дамыған жағдайда шұғыл жәрдем көрсету үшін тиісті құрал-жабдықтар қолжетімді болуы тиіс.

Паклитаксел енгізер алдында барлық пациенттер кортикостероидтық, антигистаминдік препараттармен және Н2 рецепторларының антагонистерімен премедикациядан өтуі тиіс, мысалы:

препарат

доза

паклитаксел енгізер алдында тағайындалу уақыты

дексаметазон

20 мг ішке*немесе к/і

ішке: шамамен 12 сағат және 6 сағат бұрын

көктамыр ішіне: 30-60 минут бұрын

дифенилгидрамин**

50 мг к/і

30-60 минут бұрын

циметидин

300 мг к/і

30-60 минут бұрын

немесе

   

ранитидин

50 мг к/і

30-60 минут бұрын

* - Капоши саркомасы бар пациенттер үшін 8-20 мг;

** - гистаминге қарсы баламалы препарат (мысалы, хлорфенирамин)

Паклитаксел-Келун-Казфарм қатаң түрде көктамырішілік инфузия үшін қолданады.

Паклитаксел-Келун-Казфарм препаратын сұйылтқаннан кейін ғана қолдану керек.

Тек жаңадан дайындалған ерітіндіні және тек бір рет қолдану керек!

Аналық бездер обырын химиялық емдеудің бірінші желісі

- Паклитаксел-Келун-Казфарм 175 мг/м2 көктамыр ішіне 3 сағаттан аса уақыт бойы, артынша әр үш апта сайын қабылданатын 75 мг/ м2 дозада цисплатин;

немесе

- Паклитаксел-Келун-Казфарм 135мг/ м2 24 сағаттық инфузия түрінде, артынша курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен 75 мг/м2 цисплатин.

Аналық бездер обырын химиялық емдеудің екінші желісі

- Паклитаксел-Келун-Казфарм 175 мг/м2 көктамыр ішіне 3 сағаттан аса уақыт бойы, курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен.

Сүт безі обырын адъювантты химиялық емдеу

- Паклитаксел-Келун-Казфарм 175 мг/м2 көктамыр ішіне 3 сағаттан аса уақыт бойы, АС (антрациклиндер және циклофосфамид) емінен кейін төрт курс бойына әр үш апта сайын.

Сүт безі обырын химиялық емдеудің бірінші желісі

- Паклитаксел-Келун-Казфарм 220 мг/м2 көктамыр ішіне 3 сағаттан аса уақыт бойы, курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен. Доксорубицинмен (50 мг/м2) біріктіріп, паклитакселді доксорубициннен кейін 24 сағат өткен соң қолдану керек. Трастузумабпен біріктіріп ұсынылатын паклитаксел дозасы – курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен 3 сағаттан астам уақыт кезеңінде қабылданатын 175 мг/м2. Паклитаксел инъекциясын трастузумабтың алғашқы дозасынан кейінгі келесі күні бастауға болады.

Сүт безі обырын химиялық емдеудің екінші желісі

- Паклитаксел-Келун-Казфарм 175 мг/м2 3 сағаттан астам уақыт кезеңінде курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен.

Өкпенің жайылған ұсақ жасушалы емес обыры

- Паклитаксел-Келун-Казфарм 175 мг/м2 3 сағаттан астам уақыт кезеңінде, артынша курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен 80 мг/м2 цисплатин.

ЖИТС-пен байланысты Капоши саркомасын емдеу.

- Паклитаксел-Келун-Казфарм 100 мг/м2 әр екі апта сайын 3 сағаттық көктамырішілік инфузия түрінде. Паклитакселдің кейінгі дозаларын пациенттің жеке көтерімділігімен сәйкес қабылдау керек.

Паклитакселді қайталап енгізу 1,5х109/л дейін нейтрофильдер (Капоши саркомасы бар пациенттер үшін 1х109/л дейін) және 100х109/л дейін тромбоциттер (Капоши саркомасы бар пациенттер үшін 75х109/л дейін) деңгейі қалпына келтірілгенше жүргізілмеуі тиіс.

Айқын нейтропения (7 күн және одан көп уақыт бойы 0,5х109/л аз) немесе айқын шеткергі нейропатия дамыған жағдайда Паклитаксел- Келун-Казфарм дозасы кейінгі циклдарда 20% (Капоши саркомасы бар пациенттер үшін 25%) азайтылуы тиіс.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Бауыр функциясының жеңіл немесе орташа бұзылулары бар пациенттер үшін Паклитаксел-Келун-Казфарм дозалануына қатысты спецификалық ұсынымдар жоқ.

Бауырдың ауыр патологиясы бар пациенттерде Паклитаксел-Келун-Казфарм қолданылмайды.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер арасында препаратқа зерттеу жүргізілмеген, сондықтан қазіргі сәтте пациенттердің осы тобына препаратты тағайындау үшін деректер жеткіліксіз.

Инфузияға арналған ерітіндіні дайындау

Инфузия жасар алдында Паклитаксел-Келун-Казфарм асептикалық жағдайларда 0,9% натрий хлориді ерітіндісімен немесе 5% глюкоза ерітіндісімен 0,3-1,2 мг/мл концентрацияға дейін сұйылтылуы тиіс.

Дайындалған ерітіндіні дереу пайдалану ұсынылады.

Сұйылтылған ерітінділерді, преципитаттар түзілуі мүмкін екендіктен, тоңазытқышқа салуға болмайды.

Дәрілік түр құрамында тасымалдағыш-негіз болғандықтан, дайындалған ерітінділер бозаңдануы мүмкін, бұл орайда сүзгеннен кейін де ерітіндінің бозаңдануы сақталады. Паклитаксел-Келун-Казфарм кіріктірілген жарғақшалық сүзгісі (саңылаулар өлшемі 0,22 микроннан аспайтын) бар жүйе арқылы енгізілу керек.

Кейде, әдетте 24 сағаттық Паклитаксел-Келун-Казфарм инфузиясының соңында преципитаттар түзілуі мүмкін. Преципитаттардың түзілу қаупін төмендету үшін Паклитаксел-Келун-Казфарм сұйылтылғаннан кейін қанша мүмкін болса, сонша тез пайдаланылуы тиіс, сондай-ақ ерітіндіні шамадан тыс теңселтпеу және шайқамау керек. Қолданар алдында инфузиялық жүйелер «жуылып-шайылуы» тиіс. Инфузия кезінде ерітіндінің сыртқы түрін жиі бақылап отыру қажет және преципитаттар пайда болғанда Паклитаксел-Келун-Казфарм инфузиясы тоқтатылуы тиіс.

Қолдану кезіндегі сақтану шаралары

Паклитаксел-Келун-Казфарм препаратымен жұмыс істегенде, ісікке қарсы басқа препараттармен жұмыс істеу кезіндегідей, сақтық шарасын қадағалау қажет.

Ерітінділерді дайындаумен үйретілген маман асептикалық жағдайларды сақтай отырып, сол үшін арнайы даярланған аймақта айналысуы тиіс. Қорғағыш қолғаптарды пайдалану қажет. Препаратты теріге және шырышты қабықтарға тигізбеген жөн. Шырышты қабықтарға түсіп кетсе сумен мұқият шаю, теріге түсіп кеткенде сумен сабындап жуу қажет. Препаратты деммен ішке тартудан кейін диспноэ, кеуденің ауыруы және жүрек айнуы болуы мүмкін.

Жағымсыз әсерлері

Аналық бездің обыры, сүт безінің обыры және өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры бар пациенттерде жағымсыз әсерлердің жиілігі мен қарқындылығының айтарлықтай айырмашылықтары жоқ. Уыттылықтың пайда болу жағдайлары мен пациенттің жасы арасында айқын тәуелділік жоқ.

Жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары: гипотензия (емдік араласымды қажет ететін), ангионевроздық ісіну және тыныс алу функциясының бұзылуы (бронходилататорларды қолдануды қажет ететін), жайылған есекжем). Қан кернеулер және тері бөртпесі сияқты аса жоғары сезімталдықтың жеңіл реакциялары емдік араласымды және паклитакселді тоқтатуды қажет етпейді.

Өте көп таралған жағымсыз әсерлері: сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі, ауыр (бірақ фебрильді емес) нейтропения (500/мм3-ден төмен), тромбоцитопения, анемия, артралгия немесе миалгия. Ауыр нейтропенияның ұзақтығы 7 күннен асады. Анемия жағдайларының жиілігі және ауырлығы гемоглобиннің бастапқы деңгейлеріне байланысты.

Инъекцияны енгізген жердегі реакциялар: жергілікті ісіну, ауыру, эритема, индурация, кездейсоқ экстравазация флегмонаның дамуын, тері пигментациясының өзгерулерін, паклитакселді әрі қарай енгізуден кейін бұдан бұрынғы экстравазациясының орнында тері реакцияларының қайталануын туындатуы мүмкін. Қазіргі таңда экстравазация себеп болатын жағымсыз әсерлерді емдеудің спецификалық әдістері белгісіз. Кейбір жағдайларда инъекция жасалған жердегі реакциялар не ұзақ құюдан кейін, не инфузиядан соң 7-10 күннен кейін пайда болады.

Жағымсыз әсерлердің пайда болу жиілігінің жіктелімі: өте жиі (>1/10); жиі (>1/100, <1/10); жиі емес (>1/1000, <1/100); сирек (>1/10,000, <1/1000); өте сирек (<1/10,000).

Өте жиі (> 1/10)

- инфекциялар (негізінен несеп шығару және жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары) өліммен аяқталғанға дейін

- миелосупрессия, нейтропения, анемия, тромбоцитопения, лейкопения, қан кетулер

- аса жоғары сезімталдықтың жеңіл реакциялары (негізінен, қан кернеулер және бөртпелер)

- қол мен аяқтың шаншуы және ұюы

- шеткергі нейропатия

- гипотензия

- жүректің айнуы, құсу, диарея, мукозиттер

- алопеция

- артралгия, миалгия

Жиі (> 1/100, < 1/10)

- брадикардия

- тырнақтардың және терінің өткінші орташа айқын өзгерулері

- енгізген жерде реакциялар (ісіну, ауыру, эритема, қатаю, тері астылық шелдің қабынуы, тері фиброзы және некрозының дамуын қамтуы мүмкін экстравазация)

- АСТ, сілтілік фосфатазаның айқын жоғарылауы

Жиі емес (> 1/1,000, < 1/100)

- сепсистік шок

- емдеуді қажет ететін аса жоғары сезімталдықтың айқын реакциялары (гипотензия, ангионевроздық ісіну, респираторлы дистресс синдром, жайылған есекжем, қалтырау, арқаның, кеуденің ауыруы, тахикардия, абдоминальді ауырулар, аяқ-қолдың ауырулары, терлеу және гипертензия)

- кардиомиопатия, симптомсыз қарыншалық тахикардия, экстрасистолиямен тахикардия, атриовентрикулярлы блокада, синкопальді жағдайлар, миокард инфарктісі

- гипертензия, тромбоз, тромбофлебит

- ішек бітелісі, ішектің тесілуі, ишемиялық колит, панкреатит

- қанда билирубин деңгейінің айқын жоғарылауы

Сирек (>1/10000, <1/1000)

- пневмония, перитонит, сепсис

- фебрильді нейтропения

- анафилактикалық реакциялар

- моторлы нейропатия (аздаған дистальді әлсіздікке ауысатын)

- жүрек жеткіліксіздігі

- диспноэ, плевральді жалқық, интерстициальді пневмония, өкпе фиброзы, өкпе эмболиясы, тыныс алу функциясының жеткіліксіздігі

- қышыну, бөртпе, эритема

- астения, қызба, дегидратация, ісіну, дімкәстік

- қан креатининінің жоғарылауы

Өте сирек (< 1/10,000)

- жедел миелоидты лейкоз, миелодиспластикалық синдром

- анафилактикалық шок

- анорексия

- сананың шатасуы

- автономды нейропатия (салданған ішек бітелісіне және ортостатикалық гипотензияға өтетін), үлкен құрысу ұстамалары, конвульсиялар, энцефалопатия, бас айналу, бас ауыру, атаксия

- көру жүйкесінің зақымдануы және/немесе көру бұзылыстары (жыпылықтағыш скотома), әсіресе ұсынылғаннан артық дозаларды қабылдап жүрген пациенттерде

- отоуыттылық, естуден айырылу, құлақтың шыңылдауы, бас айналу

- жүрекшелердің фибрилляциясы, суправентрикулярлы тахикардия

- шок

- жөтел

- мезентеральді тромбоз, жалған жарғақшалы колит, эзофагит, іш қату, асцит, нейтропениялық колит

- өліммен аяқталатын бауыр некрозы, бауыр энцефалопатиясы

- Стивенс-Джонсон синдромы, эпидермальді некролиз, мультиформалы эритема, эксфолиативті дерматит, везикулярлы бөртпе, онихолизис (емдеу кезінде пациенттерге қолына және табанына күннен қорғайтын заттар жағу ұсынылады)

Жиілігі белгісіз (жиілігін анықтау мұмкін емес):

- ісіктің ыдырау синдромы

- макулярлы ісіну, фотопсия, шыны тәріздес денеде жүзіп жүрген қоспалар

- флебит

- склеродермия

- жүйелік қызыл жегі

Қан және лимфалық жүйе үшін уыттылық: сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі дозаны шектейтін негізгі жағымсыз әсер болып табылады. Нейтропения гематологиялық уыттылық саласында күрделі жағымсыз әсер болып табылады. Нейтропениялық қызба, өліммен аяқталатын сепсис, тромбоцитопения, қан кетулер, анемия (гемоглобин <11 г/дл).

Біріктірілген ем

Паклитаксел және цисплатин

Нейроуыттылық жағдайлары, негізінен, шеткергі нейропатия байқалды. Шеткергі нейропатия емдеудің алғашқы курсынан кейін көрініс беруі және паклитакселді әрі қарай енгізгенде нашарлауы мүмкін. Кейбір жағдайларда шеткергі нейропатия паклитакселді қолдануды тоқтатуға себеп болды. Әдеттегідей, паклитакселді қолдануды тоқтатқаннан кейін бірнеше ай ішінде жағдай жақсарды немесе симптомдар жоғалды. Емдеу курсының ерте сатыларындағы нейропатия паклитакселді қолдану үшін қарсы көрсетілім болып табылмайды.

Паклитакселді цисплатинмен біріктіріп қабылдаған пациенттерде гинекологиялық ісіктерді емдеу кезінде цисплатинмен монотерапиямен салыстырғанда бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің даму қаупі ұлғаяды.

Жиі және ауыр жағымсыз әсерлер: нейроуыттылық, артралгия/миалгия, паклитаксел енгізуді кейіннен цисплатинге ұластырып қабылдаған пациенттерде, кейіннен цисплатинді енгізуге ұласатын циклофосфамид қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, жоғары сезімталдық. Паклитакселді 3 сағаттық инфузия түрінде кейіннен цисплатинді енгізумен ұластырып қабылдаған пациенттерде, циклофосфамидті кейіннен цисплатин енгізумен ұластырып қолданумен салыстырғанда, миелосупрессия жағдайлары сирек пайда болды және айқын болған жоқ.

Нейтропения, анемия, шеткергі нейропатия, артралгия/миалгия, астения, қызба, диарея, жүректің айнуы, құсу сияқты жағымсыз әсерлер байқалды.

Паклитаксел және трастузумаб

Келесі жағымсыз әсерлер жиі пайда болады: жүрек жеткіліксіздігі, инфекциялар, қалтырау, қызба, жөтел, бөртпе, буындардың ауыруы, тахикардия, диарея, гипертония, мұрыннан қан кетулер, акне, қарапайым герпес вирусы, кездейсоқ жарақаттар, ұйқысыздық, ринит, синусит, инъекция енгізген жерде реакциялар.

Паклитаксел және доксорубицин

Жүректің жиырылуы тарапынан бұзылулар (сол жақ қарыншаның лықсу фракциясының 20%-ға және одан көпке төмендеуі), жүрек жеткіліксіздігі байқалды.

Пациенттердің айрықша топтары

Радиациялық пневмония бір мезгілде сәуле емін қабылдап жүрген пациенттерде байқалды.

ЖИТС-ке шалдыққан пациенттердегі Капоши саркомасы

Қан түзу және бауыр тарапынан жағымсыз әсерлерді қоспағанда, олардың жиілігі мен айқындылығының дәрежесі, әдеттегідей, Капоши саркомасы бар пациенттер мен басқа ауқымды ісіктерде паклитакселмен монотерапия қабылдап жүрген пациенттер арасында ұқсас.

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар

Билирубин, сілтілік фосфатаза, АСТ деңгейлерінің жоғарылауы.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- паклитакселге немесе препарат құрамына кіретін басқа компоненттерге, әсіресе полиоксиэтилденген майсана майына (макроглицерол рицинолеаты) аса жоғары сезімталдық реакциялары

- нейтропения (нейтрофильдер мөлшері 1,5х109/л аз және Капоши саркомасында 1х109/л аз); тромбоциттер < 100 x 109/л және Капоши саркомасында < 75 x 109/л

- жедел инфекциялық аурулар (соның ішінде белдемелі теміреткі, желшешек, герпес),

- ишемиялық жүрек ауруының ауыр ағымы, миокард инфарктісі (сыртартқыдағы), аритмиялар

- жүктілік және лактация кезеңі

- бақыланбайтын ауыр инфекциялармен қатар жүретін Капоши саркомасы

- бауыр функциясының ауыр бұзылулары

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Паклитакселмен және цисплатинмен бір мезгілде емдегенде паклитакселді цисплатинге дейін қолдану ұсынылады. Керісінше жағдайда жағымсыз әсерлер көрінісі күшейеді. Егер паклитаксел цисплатиннен кейін енгізілсе, бұл миелосупрессияның артуына және паклитаксел клиренсінің шамамен 20% төмендеуіне әкеледі.

Паклитаксел мен цисплатин қабылдайтын пациенттерде, гинекологиялық ісіктерді емдеу үшін цисплатинді бөлек қолданумен салыстырғанда, бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупі артуы мүмкін.

Паклитакселмен және доксорубицинмен бір мезгілде емдеуде доксорубицин мен оның белсенді метаболиттерінің элиминациясын төмендету үшін паклитакселді доксорубициннен кейін 24 сағаттан соң қолдану ұсынылады.

Паклитаксел метаболизмі P450 цитохромының (CYP450) CYP 2C8 және 3А4 изоферменттерімен ішінара катализденеді. Клиникалық зерттеулер адамда препараттың негізгі метаболизмдік трансформациялану жолы паклитакселдің 6α-гидроксипаклитакселге CYP 2C8-арқылы өзгеруі екенін көрсетті. CYP 2C8 қоспағанда, басқа ферменттермен клиникалық мәнді өзара әрекеттесу күтілмейді. CYP 3A4 қуатты тежегіші – кетоконазолды бір мезгілде қабылдау паклитакселдің организмнен шығарылуын баяулатпайды, сондықтан екі препаратты да бір мезгілде дозаларын түзетусіз қолдануға болады. Паклитакселдің басқа CYP 3A4 субстраттармен, индукторлармен және тежегіштерімен өзара әрекеттесуіне қатысты деректер жеткіліксіз болғандықтан, осы препараттарды бір мезгілде қолданғанда сақ болу қажет.

Паклитаксел мен өзінің CYР2C8 және CYP3A4 ферменттерін тежеу (мысалы, эритромицин, флуоксетин, гемфиброзил) немесе көтермелеу (мысалы, рифампицин, карбамазепин, фенитоин, эфавиренц, невирапин) қасиеттерімен белгілі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолданғанда сақтық шарасын қадағалау керек, өйткені бұл паклитаксел метаболизмін өзгертуі мүмкін.

Нелфинавирмен және ритонавирмен бір мезгілде қолдану паклитакселдің жүйелік клиренсін төмендетеді. Басқа протеаза тежегіштерімен өзара әрекеттесулері туралы ақпарат бар, сондықтан Паклитаксел протеаза тежегіштерін қатарлас ем ретінде алып жүрген пациенттерде сақтықпен тағайындалуы тиіс.

Айрықша нұсқаулар

Паклитаксел олардың біріктірілімдері тағайындалған жағдайда цисплатиннің алдында енгізілуі тиіс.

Экстравазация ықтималдығына орай, препарат енгізу кезінде енгізген жерді инфильтрат пайда болуы тұрғысынан ұқыпты қарап тексеруге кеңес беріледі.

Енгізген жердегі реакциялар: көктамыр ішіне тағайындағанда жергілікті ісіну, ауыру, эритема мен қатаю дамуы мүмкін. Кейде экстравазация теріасты шелінің қабынуына алып келеді. Кейде экстравазациямен байланысты терінің қабыршақтану жағдайлары сипатталған. Тері жабындарының депигментациясы орын алуы мүмкін. Паклитаксел басқа жерлерге енгізілгеннен кейін дамитын алдыңғы экстравазация орындарында тері реакциялары сирек сипатталған. Эстравазацияның спецификалық емі жоқ.

Кейде енгізген жердегі реакциялар ұзақ уақыт енгізген кезде-ақ басталды, сондай-ақ 7-10 күн өткенде дамыды.

Диспноэ, гипотензия, ангионевроздық ісіну және жайылған есекжем түрінде өтетін аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары сирек байқалады. Аса жоғары сезімталдық реакцияларының алғашқы белгілерінде Паклитаксел инфузиясы дереу тоқтатылуы тиіс. Симптоматикалық ем басталуы тиіс, бұл орайда Паклитакселді пациентке енді тағайындауға болмайды.

Миелосупрессия (алғашқы кезекте нейтропения) дозаны шектейтін уыттылық болып табылады. Қан талдау Паклитакселмен емделу кезінде мұқият бақылануы тиіс. Пациенттер > 1,5х109/л нейтрофильдер (КС бар пациенттер үшін ≥ 1х109/л) және > 100х109/л тромбоциттер (КС бар пациенттер үшін > 75х109/л) деңгейі әзірге қалпына келгенше Паклитаксел алмауы тиіс. Анемия айқындылығы мен даму жиілігі гемоглобиннің бастапқы көрсеткіштерімен байланысты болады.

Жүрек өткізгіштігінің айқын бұзылулары монорежимдегі Паклитакселмен емделуден кейін сирек білінеді. Егер пациенттерде емделу кезінде жүрек өткізгіштігінің анық бұзылулары дамыса тиісінше емдеуді бастау қажет, ал кейіннен Паклитаксел енгізілгенде жүрек қызметін тұрақты бақылап отыру қажет. Паклитаксел енгізу кезінде артериялық қысымның төмендеуі немесе көтерілуін, брадикардияны байқауға болады; әдетте, олар симптомсыз өтеді және қандай да бір емді талап етпейді. Өмірлік маңызды функциялар көрсеткіштерін, әсіресе, Паклитаксел инфузиясының алғашқы сағатында жиі бақылау ұсынылады. Өкпенің ұсақ жасушалы емес обырымен науқастарда айқын жүрек-қантамырлық асқынулар сүт безінің немесе аналық бездерінің обырымен науқастардағыдан жиірек байқалады.

Сүт безінің метастаздық обырын химиялық емдеудің бірінші желісінде Паклитаксел доксорубицинмен немесе трастузумабпен біріктіріп қолданылғанда жүрек қызметін ерекше бақылау қажет.

Осы біріктірілімде Паклитакселмен емдеу жоспарланатын пациенттер сыртартқысын, клиникалық тексеру, ЭКГ, эхокардиография және/немесе миокардты сканирлеуді қоса, жүрек қызметін алдын ала тексеруден өткізуі тиіс. Жүрек қызметі бүкіл емделу кезеңі бойына (мысалы, әр 3 ай сайын) бақылануы тиіс. Мониторинг жүрек дисфункциясы дамыған пациенттерді анықтауға көмектесе алады, ал емдеуші дәрігер жүректің вентрикулярлы функциясын зерттеу жиілігіне қатысты шешім қабылдаған кезде антрациклиндердің жиналып қалған дозасын (мг/м2) тиянақты бағалауы тиіс. Егер тексеруде жүрек қызметінің нашарлауы анықталса, тіпті егер ол клиникалық көрініс бермесе де, жүрек жеткіліксіздігінің, соның ішінде қайтымсыз түрінің даму қаупіне байланысты емдеуші дәрігер емдеуді әрі қарай жалғастырудан болатын пайда мен қауіп арақатынасын мұқият бағалауы тиіс.

Егер ем жалғастырылса, жүрек қызметін бақылау жиірек, мысалы, емнің әр 1-2 циклында жүргізілуі тиіс.

Шеткергі нейропатия жиі білінсе де, айқын симптомдар сирек дамиды. Ауыр жағдайларда барлық кейінгі циклдар ішінде Паклитаксел дозасын 20% (Капоши саркомасы бар пациенттер үшін 25%) азайту ұсынылады. Химиялық емнің бірінші желісі ретінде цисплатинмен біріктірілген 3 сағаттық инфузия түрінде Паклитаксел алған, өкпенің ұсақ жасушалы емес обырымен және аналық бездер обырымен науқастарда айқын нейроуыттылық тек Паклитаксел немесе кейіннен цисплатин енгізілуімен циклофосфамид алған науқастардағы қарағанда жиірек дамиды. Жалпы алғанда, нейроуыттылық, көбінесе шеткергі нейропатия симптомдары жиірек білінеді және паклитаксел цисплатинмен біріктірілгенде 175 мг/м2 паклитакселдің 3 сағаттық инфузиясынан кейін, паклитаксел цисплатинмен біріктіріп, 24 сағат ішінде 135 мг/м2 паклитаксел енгізумен салыстырғанда, қатты айқын болады. Шеткергі нейропатия алғашқы курс ішінде туындап, әрі қарай енгізулер кезінде өршуі мүмкін. Шеткергі нейропатия сирек жағдайларда паклитакселмен емді үзуді талап етеді. Әдетте тоқтатқаннан кейін бірнеше ай ішінде жағдай жақсарып, симптомдар басылады. Паклитакселмен емдеу салдарынан бұрын болған нейропатия препаратты тағайындауға қарсы көрсетілім болып табылмайды.

Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде уыттанудың, атап айтқанда, III-IV дәрежелі миелоуыттылықтың жоғары даму қаупі болуы мүмкін. Паклитаксел уыттылығының оны бауыр функциясы жеңіл бұзылған пациенттерге 3 сағаттық инфузия түрінде тағайындағанда арта түсетіні туралы деректер жоқ.

Паклитаксел ұзаққа созылатын инфузиялар түрінде тағайындалғанда орташа айқын және айқын бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде миелосупрессияны байқауға болады. Пациенттерде терең миелосупрессияның дамуы мұқият бақылануы тиіс. Бауыр жеткіліксіздігі айқын пациенттер Паклитакселмен ем алмауы тиіс.

Тіндік ауыр реакциялар болуы мүмкін екендіктен, Паклитакселдің артерия ішіне түсіп кетуін болдырмау үшін сақтық шарасын қадағалау қажет.

Жалған жарғақшалы колит сирек байқалады. Жалған жарғақшалы колит тіпті бір мезгілде антибиотиктермен ем жүргізілмеген пациенттерде білінді. Бұл реакция Паклитакселмен ем жүргізу кезінде немесе одан кейін бірден пайда болған айқын және персистирлеуші диарея жағдайында дифференциялық диагноз қойылғанда ескерілуі тиіс.

Паклитаксел өкпені сәулелендірумен біріктіргенде әсер ету бірізділігіне қарамастан интерстициальді пневмониттің дамуына ықпал етеді.

Капоши саркомасы бар пациенттерде айқын мукозиттер сирек байқалады.

Егер мукозит сонда да дамыса, Паклитаксел дозасы 25% азайтылуы тиіс.

Осы дәрілік зат құрамында айқын аллергиялық реакциялар тудыратын полиоксиэтилденген майсана майы бар.

Паклитакселмен емделу кезінде пациенттер қолдарына және аяқтарына күн сәулесінен қорғайтын заттарды жағып алуы тиіс.

Препарат құрамындағы макроглицерол рицинолеатының поливинилхлоридпен өзара әрекеттесу мүмкіндігіне орай, Паклитакселді дайындау, сақтау және енгізу үшін құрамында ПВХ жоқ жабдық пайдаланылуы тиіс.

Препарат құрамына этанол кіретіндіктен, ОЖЖ-не ықпалы және басқа көріністері болуы мүмкін.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Паклитаксел құрамында этил спирті бар. Препаратта этил спиртінің болуы салдарынан көлік құралын немесе аса қауіпті механизмдерді басқару қабілеті төмендеуі мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: Бастапқы күтілетін артық дозалану асқынулары мыналар: сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі, шеткергі нейроуыттылық және мукозит.

Емі: арнайы у қайтарғысы жоқ. Симптоматикалық емдеу.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Көкшіл түсті алмалы-салмалы пластик қақпағы бар алюминий қалпақшаның көмегімен қаусырылған, резеңке тығыны бар І типті түссіз шыныдан жасалған құтыда концентрат 5 мл-ден (30 мг/5 мл).

Көкшіл түсті алмалы-салмалы пластик қақпағы бар алюминий қалпақшаның көмегімен қаусырылған, резеңке тығыны бар І типті түссіз шыныдан жасалған құтыда концентрат 10 мл-ден (60 мг/10 мл).

Көкшіл түсті алмалы-салмалы пластик қақпағы бар алюминий қалпақшаның көмегімен қаусырылған, резеңке тығыны бар І типті түссіз шыныдан жасалған құтыда концентрат 16.7 мл-ден (100 мг/16.7 мл).

1 құтыдан (30 мг/5 мл, 60 мг/10 мл, 100 мг/16.7 мл дозасы үшін) пішінді ұяшықты қаптамаға салады.

1 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады немесе 1 құтыдан (30 мг/5 мл, 60 мг/10 мл, 100 мг/16,7 мл дозасы үшін) медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші-ұйым

«Kelun-Kazpharm» ЖШС (Келун-Казфарм), Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай а/о, Көкөзек ауылы.

Тіркеу куәлігінің иесі

«Kelun-Kazpharm» ЖШС (Келун-Казфарм), Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай а/о, Көкөзек ауылы.

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері

«Kelun-Kazpharm» ЖШС (Келун-Казфарм), Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай а/о, Көкөзек ауылы.

тел/факс: 8 (727) 312-14-01

e-mail: kelun-kazpharm@mail.ru

Дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйым

«Kelun-Kazpharm» ЖШС (Келун-Казфарм), Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай а/о, Көкөзек ауылы.

тел/факс: 8 (727) 312-14-01

e-mail: kelun-kazpharm@mail.ru

Прикрепленные файлы

171165891477976405_ru.doc 120.5 кб
751765821477977601_kz.doc 153.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники