Ондансетрон (раствор для в/в и в/м введения, 2 мг/мл, 4 мл)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Ондансетрон
Халықаралық патенттелмеген атауы
Ондансетрон
Дәрілік түрі
Көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне енгізуге арналған ерітінді, 2 мг/мл, 2 мл және 4 мл
Құрамы
Бір ампуланың ішінде:
белсенді зат – ондансетрон гидрохлоридінің дигидраты, ондансетрон негізіне шаққанда – 4 мг, 8 мг,
қосымша заттар: лимон қышқылы моногидраты, натрий цитратының пентасесквигидраты немесе натрий цитратының дигидраты, сорбит, инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Түссіз немесе түссіз дерлік мөлдір немесе сәл бозаңданатын сұйықтық
Фармакотерапиялық тобы
Құсуға қарсы препараттар. Серотонин антагонистері. Ондансетрон.
АТХ коды A04AA01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ондансетронның фармакокинетикалық параметрлері оны қайталап қабылдау кезінде өзгермейді.
Сіңірілуі
Бұлшықет ішіне енгізгенде плазмадағы концентрация шыңына (TCmax) 10 минут ішінде жетеді.
Таралуы
Ондансетронның таралуы пероральді, бұлшықет ішіне және көктамыр ішіне енгізгенде бірдей. Биожетімділігі 60 %-ға жуықты құрайды. Плазма ақуыздарымен байланысуы 70-76 % құрайды. Таралу көлемі 140 л.
Метаболизмі
Ондансетрон бірнеше микросомальді бауыр ферменттері (CYP1А2, CYP2D6, CYP3А4) қатысуымен жүретін бауырдағы метаболизмге ұшырайды. CYP2D6 изоферментінің болмауы ондансетрон фармакокинетикасына әсер етпейді
Шығарылуы
Жүйелік қан ағымынан негізінен бауырдағы метаболизм нәтижесінде сыртқа шығарылады. Енгізілген дозаның 5%-дан аздауы өзгермеген түрде несеппен шығарылады. Жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) 3 сағатты құрайды.
Емделушілердің ерекше тобы
Жынысы
Ондансетрон фармакокинетикасы жынысына тәуелді. Әйелдерде еркектерге қарағанда жүйелік клиренсінің және таралу көлемінің төмендігі анықталды (көрсеткіштері дене салмағы бойынша түзетілген).
Балалар
Жалпы анестезиямен жоспарлы операция өткерген 3-тен 12 жасқа дейінгі жастағы балаларда ересек емделушілермен салыстырғанда ондансетронның клиренсінің және таралу көлемінің абсолюттік мәні төмендетілген. Екі параметр де 12 жасқа дейін дене салмағы және жасы артуымен желілі артқан, және олардың мәні ересек емделушілерде бақыланған деңгейге жеткен. Клиренсінің және таралу көлемінің мәні дене салмағына қарай қалыпқа келтірілгенде бұл параметрлер әртүрлі жастағы топтарда ұқсас болды. Балаларда препаратты дене салмағы бойынша (0,1 мг/кг, ең жоғарысы 4 мг) дозалағанда бұл айырмашылық теңеледі және ондансетронның жүйелік экспозициясын тиімді қалпына келтіреді.
Егде жастағы емделушілер
Дені сау егде еріктілердің қатысуымен жүргізілген зерттеулер ондансетронның биожетімділігінің және Т1/2 жасына байланысты, аздаған артуын көрсеткен.
Бүйрек функциясы бұзылуы бар емделушілер
Бүйрек жеткіліксіздігі орташа емделушілерде (креатинин клиренсі 15-60 мл/мин) жүйелік клиренсі де, сондай-ақ ондансетронның таралу көлемі де төмендеген, ал оның нәтижесі аз ғана және клиникалық жағынан елеусіз Т1/2 (5,4 сағатқа дейін) ұзаруы болып табылады.
Бауыр функциясы бұзылуы бар емделушілер
Бауыр функциясының ауыр бұзылуымен емделушілерде ондансетронның жүйелік клиренсі күрт төмендейді, соның нәтижесінде оның жартылай шығарылу кезеңі ұзарады (15-32 сағ дейін), соның салдарынан жүйе алдылық метаболизм төмендеуі жүреді.
Фармакодинамикасы
Ондансетрон 5-НТ3 рецепторларының (серотониннің) селективті антагонисі болып табылады. Цитостатикалық химиялық емдеуге және радиотерапияға арналған дәрілік заттар серотонин деңгейінің жоғарылауын туындатады, ол құрамында 5-НТ3 рецепторлары бар кезбе жүйкесі афференттік талшықтарын белсенді ету жолымен құсу рефлексін туғызады.
Ондансетрон құсу рефлексін реттейтін орталық (құсу орталығы) және шеткергі (асқазан-ішек жолы) жүйке жүйелері нейрондарының серотонинді 5-НТ3 рецепторларын селективті бөгейді.
Қимыл-қозғалыс үйлесімділігін бұзбайды, тыныштандыратын әсері мен жұмыс қабілетінің төмендеуін туындатпайды, плазмада пролактиннің концентрациясын өзгертпейді.
Қолданылуы
- цитостатикалық химиялық ем немесе цитостатикалық радиотерапия туындатқан жүрек айнуы мен құсудың алдын алу және емдеуде
- операциядан кейінгі жүрек айнуы мен құсудың алдын алу және емдеуде
Қолдану тәсілі және дозалары
Ісікке қарсы химиялық ем немесе радиотерапия жүргізу кезінде жүрек айнуы мен құсудың алдын алу және емдеу
Дозалау режимін таңдау ісікке қарсы жүргізілген емнің эметогенді әсерінің айқындылығымен анықталады.
Ересектер үшін тәуліктік доза, әдеттегідей, 8-32 мг құрайды, емдеудің келесі режимі ұсынылады:
орташа эметогендік химиялық емдеуде немесе радиотерапияда:
-
ұсынылатын доза 8 мг құрайды, химиялық немесе сәулелік емдеуді бастардың тікелей алдында көктамыр ішіне (к/і) сорғалатып баяу немесе бұлшықет ішіне (б/і) енгізіледі;
жоғары эметогенді химиялық ем кезінде:
-
8 мг дозаны 30 секундтан кем емес уақытта к/і баяу сорғалатып немесе б/і химиялық емдеуді бастардың тікелей алдында, ал содан кейін тағы да препаратты 8 мг дозада к/і немесе б/і екі инъекцияны 2-4 сағат аралықпен тағайындап, немесе препаратты 1 мг/сағ жылдамдықпен 24 мг дозада 24 сағат үздіксіз инфузия түрінде енгізеді;
-
тиісті инфузиялық ерітіндінің 50-100 мл-де сұйылтылған 16-32 мг, химиялық емдеуді бастардың тікелей алдында 15 минуттық инфузия түрінде.
Ондансетронның тиімділігі химиялық ем бастағанға дейін глюкокортикостероидты (мысалы, 20 мг дексаметазонды) көктамыр ішіне бір рет енгізу арқылы арттырылуы мүмкін.
Химиялық немесе радиоемді бастағаннан кейін 24 сағат өткен соң пайда болатын кейінге қалған құсудың алдын алу үшін – жоғары эметогенді емді қолданған кезде де, сонымен орташа-эметогенді емдеуде де – препаратты ішке 8 мг-ден күніне 2 рет 5 күн бойы қолдануды жалғастыру ұсынылады.
2 жастан асқан балаларға препарат химиялық емдеуді бастардың тікелей алдында к/і препарат дене бетінің әр м2 шаққанда 5 мг дозада, содан кейін 12 сағаттан соң ішке тағы 4 мг дозасын тағайындайды. Химиялық емдеу курсын аяқтағаннан кейін препаратты ішке 4 мг-ден тәулігіне 2 рет 5 күн бойы жалғастыру қажет.
Операциядан кейінгі жүректің айнуы мен құсудың алдын алу және емдеу
Ересектерге кіріспе наркоздың тікелей алдында бір реттік 4 мг дозаны б/і немесе к/і баяу, сорғалатып енгізеді.
Пайда болған жүректің айнуы мен құсуды басу үшін б/і немесе баяу к/і 4 мг препаратты енгізу ұсынылады.
Ондансетрон дененің бір жеріне б/і қайталанып 4 мг аспайтын дозада енгізілуі мүмкін!
2 жастан асқан балаларға операциядан кейінгі жүректің айнуы мен құсуды болғызбау үшін Ондансетрон бір реттік 0,1 мг/кг (ең жоғары 4 мг-ға дейін) дозасы анестезия алдында, барысында және одан кейін к/і баяу парентеральді түрде қолданылады.
Балаларда операциядан кейін дамыған жүректің айнуы мен құсуды емдеу үшін препаратты 0,1 мг/кг (ең жоғарысы 4 мг дейін) бір реттік дозасын к/і баяулатып енгізу керек.
2 жасқа дейінгі балаларда операциядан кейінгі жүректің айнуы мен құсудың алдын алу мен емдеудің жеткілікті тәжірибесі жоқ.
Егде жастағы емделушілер
Дозаны өзгерту қажет етілмейді.
Бүйрек функциясы бұзылған емделушілер
Ондансетрон дозасын түзету талап етілмейді.
Бауыр функциясы бұзылған емделушілер
Бауыр функциясының орташа немесе ауыр бұзылуларында Ондансетронның клиренсі едәуір дәрежеде төмендейді, мұндайда оның плазмадан жартылай шығарылу кезеңі артады, сондықтан мұндай емделушілерге Ондансетронды тәулігіне 8 мг-ден асырмай тағайындау керек.
Ондансетрон көктамырішілік инъекция үшін келесі ерітінділермен үйлеседі:
-
натрий хлоридінің 0.9% ерітіндісі
-
глюкозаның 5% ерітіндісі
-
маннитолдың 10% ерітіндісі
-
Рингер ерітіндісі
-
калий хлоридінің 0,3 % ерітіндісі және натрий хлоридінің 0,9 % ерітіндісі
-
калий хлоридінің 0,3 % ерітіндісі және глюкозаның 5 % ерітіндісі.
Жағымсыз әсерлері
Өте жиі
-
бас ауыруы
Жиі
-
бетке «қан тебу», ысыну сезімі
-
ауыру, күйдіру және енгізу орнының қызаруы
-
іш қатуы
Жиі емес
-
төзімді клиникалық асқынуларының нақты белгісі анықталмай байқалатын құрысулар, қозғалыс бұзылыстары (дистония, окулогирлік криз және дискинезия сияқты экстрапирамидтік реакцияларды қоса)
-
аритмиялар, ЭКГ ST сегментінің депрессиясы бар бірқатар жағдайларда кеуденің ауырулары, артериялық қысымның төмендеуі, брадикардия, стенокардия, қарыншалық және қарынша астылық тахикардия, torsade de pointes типті аритмия дамуымен бірге жүретін QT аралығының ұзару жағдайлары
-
ықылық, ауыз құрғауы, диарея
-
бауыр функциялары көрсеткіштерінің симптомсыз жоғарылаулары (бұл жағдай құрамында цисплатин бар препараттармен химиялық ем қабылдаған емделушілерде байқалды)
Сирек
-
есекжем, бронх түйілуі, ларингоспазм, ангионевротикалық ісіну, анафилаксия
-
препаратты жылдам енгізу уақытындағы бас айналуы
Өте сирек
-
көрудің өтпелі бұзылуы (мысалы, анық көрмеу), көбіне көктамыр ішіне қолданғанда. Соқырлықтың тіркелген көп жағдайлары 20 минут ішінде өткен. Бұл арада емделушілердің көпшілігі құрамында цисплатин бар препараттармен химиялық ем қабылдаған. Кейбір жағдайларда өтпелі соқырлықтың генезі кортикальді болғаны туралы хабарланды.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың кез келген компонентіне жоғары сезімталдық
- туа біткен QT аралығының ұзаруы бар емделушілер
- апоморфинмен бір мезгілде пайдалану
- жүктілік және лактация кезеңі
- 2 жасқа дейінгі балалар (қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген)
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Ондансетронның басқа бірге тағайындалатын дәрілік препараттардың метаболизмін индукциялағаны немесе тежегені туралы деректер жоқ. Арнайы зерттеулер Ондансетронның алкогольмен, темазепаммен, фуросемидпен, алфентанилмен, трамадолмен, морфинмен, лигнокаинмен/лидокаинмен, тиопенталмен немесе пропофолмен бірге қолданғанда өзара әрекеттеспейтінін көрсетті.
Ондансетрон бауырда P-450 цитохромының әртүрлі изоферменттерімен: CYP3A4, CYP2D6 және CYP1A2 метаболизденетінін көрсетті. Ондансетрон метаболиздеуге ықпалды изоферменттердің көп түрлілігіне байланысты изоферменттерді тежеу немесе изоферменттердің бірінің белсенділігін азайту (мысалы, генетикалық CYP2D6 тапшылығында) әдетте басқа изоферментпен компенсацияланады, соның нәтижесінде Ондансетронның жалпы клиренсінің өзгерістері болмайды немесе елеусіз болады және мүлде доза түзетуді талап етпейді.
Ондансетронды QT аралығының ұзаруына әсері бар және/немесе электролиттік теңгерім бұзылуын туындататын препараттармен қолданғанда сақ болу керек.
Ондансетронды QT аралығын ұзартатын препараттармен пайдалану QT аралығының қосымша ұзаруына алып келуі мүмкін.
Ондансетронды кардиоуытты препараттармен бір мезгілде қолдану (мысалы, антрациклиндермен) аритмия даму қаупін арттыруы мүмкін.
Трамадол:
Аздаған зерттеулердің деректері Ондансетрон трамадолдың ауырғанды басатын әсерін азайтуы мүмкін екенін көрсетті.
Басқа дәрілік препараттармен фармацевтикалық үйлесімділігі
Ондансетрон 16-160 мкг/мл концентрациясында фармацевтикалық үйлесімді және ол төмендегі дәрілік заттармен бірге көктамыр ішіне тамшылатып Y-түріндегі инжектор арқылы енгізілуі мүмкін:
-
циспластин (0,48 мг/мл дейінгі концентрацияда) 1-8 сағат бойына;
-
5-фторурацил (0,8 мг/мл дейінгі концентрацияда 20 мл/сағат жылдамдықпен – жоғарырақ концентрациялары ондансетронның шөгіндіге түсуін туындатуы мүмкін);
-
карбоплатин (0,18-9,9 мг/мл концентрацияда 10-60 минут бойына );
-
этопозид (0,14-0,25 мг/мл концентрацияда 30-60 минут бойына);
-
цефтазидим (250-2000 мг дозада, 5 минут бойына көктамырішілік болюстік инъекция түрінде);
-
циклофосфамид (100-1000 мг-ден дозада, 5 минут бойына көктамырішілік болюстік инъекция түрінде);
-
доксорубицин (10-100 мг дозада, 5 минут бойына көктамырішілік болюстік инъекция түрінде);
-
дексаметазон: 20 мг дексаметазон баяу, 2-5 минут бойына көктамырішілік енгізілуі мүмкін. Дәрілік препараттарды бір тамшылатқыш арқылы енгізуге болады, бұл арада ерітіндіде дексаметазон концентрациясы 32-ден 2500 мкг/мл дейін, ондансетрон – 8 -ден 100 мкг/мл дейінді құрауы мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Ондансетрон тағайындалған емделушілерде, QT аралығының ұзаруын қоса, ЭКГ өзгерістері, сондай-ақ torsade de pointes типті ырғақ бұзылуларының дамуы жағдайлары байқалған. Туа біткен QT ұзару синдромы бар емделушілерге Ондансетронды қолданудан аулақ болу керек.
Электролиттік бұзылулары (гипокалиемия немесе гипомагниемия сияқты), жүрек жеткіліксіздігі, брадиаритмиясы бар емделушілерге ондансетронды тағайындаған кезде немесе QT аралығын ұзартатын өзге де дәрілік заттарды бір мезгілде қабылдағанда ЭКГ мониторингі ұсынылады. Ондансетрон қолдануды бастар алдында гипокалиемия мен гипомагниемияны түзету керек.
Емделушілерге, егер олар ондансетронды қабылдау аясында жүрек ырғағының бұзылуы симптомдарын сезінетін болса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет екендігін хабарлау қажет.
Бұрын 5-НТ3-рецепторларының басқа да селективті антагонистерін қолданған кезде жоғары сезімталдық реакциялары байқалған емделушілерде Ондансетронды қолданғанда да соған ұқсас реакциялар дамуы мүмкін.
Ондансетрон іш қатуын туғызуы мүмкін болғандықтан, ішек бітелісінің белгілері бар емделушілер препаратты қолданудан кейін жүйелі бақылануы қажет.
Ондансетронды және басқа да серотонинергиялы препараттарды бірге қолданғанда (оның ішінде серотонинді кері қармау тежегіштері және норадреналин) серотонинді синдром (психикалық жай-күйдің өзгерулерін, вегетативті жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар және жүйке-бұлшықет бұзылуларын қоса) дамуы туралы хабарланған. Ондансетронды және бұл препараттарды бірге қолданғанда емделушінің жай-күйін мұқият бағалау керек.
Аденотонзилярлық аумақтағы операциялық араласуларда жүрек айнуы мен құсуды болдырмау үшін Ондансетрон қолдану жасырын қан кетуді бүркемелуі мүмкін. Осыған байланысты Ондансетрон қолданудан кейін осындай емделушінің жай-күйін мұқият бақылау керек.
Инфузиялық ерітінді тікелей пайдаланар алдында дайындалуы тиіс.
Қажет болған жағдайда дайын инфузиялық ерітінді пайдалануға дейін 2-8°С температурада ең ұзақ дегенде 24 сағат бойы сақталуы мүмкін.
Инфузияны жүргізу кезінде жарықтан қорғау қажет емес; сұйылтылған инъекциялық ерітінді табиғи немесе жасанды жарықта өзінің тұрақтылығын кем дегенде 24 сағат бойы сақтай алады.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препарат емдік дозаларда көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал етпейді.
Артық дозалануы
Симптомдары: көптеген жағдайларда препаратты ұсынылған дозаларда қолданған кездегі жағымсыз реакцияларға ұқсас. Тіркелген көріністерге мыналар жатады: көру бұзылыстары, қатты іш қатуы, гипотензия, екінші дәрежелі өтпелі атриовентрикулярлы блокадасы бар вазовагальді көрініс. Ондансетрон QT аралығының дозаға тәуелді ұзаруын туындатады. Препарат артық дозаланған жағдайда ЭКГ мониторингі ұсынылады.
Емі: арнайы у қайтарғысы жоқ. Артық дозаланғаны болжанған жағдайда симптоматикалық және демеуші ем қолданылады. Ипекакуана қолдану ұсынылмайды, Ондансетронның өзінің құсуға қарсы әсеріне байланысты оның тиімді болу ықтималдығы аз.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Сындыруға арналған түрлі түсті сақинасы немесе түрлі түсті нүктесі және кертігі бар түссіз бейтарап шыны ампулаларда 2 немесе 4 мл-ден. Ампулаға қосымша бір, екі немесе үш түрлі-түсті сақина және/немесе екі өлшемді штрих-код және/немесе әріп-санды кодтаумен немесе қосымша түрлі-түсті сақинасыз, екі өлшемді штрих-кодсыз, әріп-санды кодтаусыз салынады.
Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан немесе полимер үлбірден немесе фольгасыз және үлбірсіз пішінді ұяшықты қаптамаға 5 ампуладан салынған.
Пішінді ұяшықты 1 немесе 2 қаптама қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«ФармФирма «Сотекс» жабық акционерлік қоғамы, Ресей
141345, Мәскеу облысы, Сергиев-Посад муниципальді ауданы,
Березняков елді мекені, Беликово кенті, 11 үй
Тел./факс: (495) 956-29-30.
Тіркеу куәлігінің иесі
«ФармФирма «Сотекс» жабық акционерлік қоғамы.
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«Tipkey» ЖК 050004, ҚР, Алматы, Абылай хан даңғылы 60, 720 кеңсе.
Тел.: +7 705 286 18 04