Овестин® (суппозитории вагинальные)

МНН: Эстриол
Производитель: Юнитер Индастрис
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Estriol
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020956
Информация о регистрации в РК: 20.03.2020 - бессрочно

Инструкция

Саудалық атауы

Овестин

Халықаралық патенттелмеген атауы

Эстриол сукцинаты

Дәрілік түрі

Қынаптық суппозиторийлер 0.5 мг

Құрамы

Бір суппозиторийдің құрамында

белсенді зат – 0.5 мг микрондалған эстриол,

қосымша зат – витепсол S58.

Сипаттамасы

Торпеда пішінді ақ түсті суппозиторийлер. Суппозиторийлердің беткейі және көлденең кесіндісі тегіс.

Фармакотерапиялық тобы

Жыныс гормондары және жыныстық жүйе модуляторлары. Эстрогендер. Табиғи және жартылай синтетикалық эстрогендер. Эстриол.

АТХ коды G03CA04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Эстриолды қынап ішіне енгізу оның әсер еткен жерінде биожетімділігінің тиімді болуын қамтамасыз етеді. Эстриол сіңеді де, жалпы жүйелік айналымға түседі, ол қан плазмасында байланыспаған эстриолдың концентрациясының тез өсуімен білінеді. Қан плазмасында ең жоғары концентрация препаратты енгізгеннен кейін 1-2 сағаттан соң байқалады. Қан плазмасында эстриолдың барлығы дерлік (90) альбуминмен байланысқан және басқа эстрогендерден айырмашылығы – жыныс гормондарын байланыстыратын глобулинмен іс жүзінде байланыспайды. Эстриол метаболизмі энтеро-бауыр айналымы кезінде, негізінен, конъюгацияланған және конъюгацияланбаған жағдайға көшумен жүреді. Эстриол негізінен бүйрек арқылы конъюгаттар түрінде шығарылады. Эстриолдың аздаған бөлігі (2) ішек арқылы, негізінен, конъюгацияланбаған түрде шығарылады. Қынапқа қолданғаннан кейін жартылай шығарылу кезеңі шамамен 6-9 сағатты құрайды.

Фармакодинамикасы

Овестин® препаратында әйелдің табиғи гормонының аналогы – эстриол бар. Ол менопаузадан кейінгі кезеңде әйелдердегі эстрогендер тапшылығының орнын толтырады және менопаузадан кейінгі симптомдарды әлсіретеді. Эстриол несеп-жыныс бұзылуларын емдеуде тиімді. Несеп-жыныс жолының төменгі бөлімдерінің шырышты қабығының атрофиясы жағдайында эстриол несеп-жыныс жолдары эпителийінің қалыпқа келуіне және қынаптағы қалыпты микрофлора мен физиологиялық рН-тың қалпына келуіне мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде ол несеп-жыныс жолындағы эпителиальді жасушалардың жұқпаларға және қабынуға қарсылығын арттырып, жыныстық қатынас кезіндегі ауырсынуды, қынаптың құрғақтығы, қышуы сияқты шағымдарды төмендетеді, қынаптық жұқпалардың және несеп жолы жұқпаларының пайда болу мүмкіндігін азайтады, несеп шығарудың қалыпты болуына мүмкіндік береді және несепті ұстай алмаушылықты болдырмайды. Басқа эстрогендерге қарағанда эстриолдың қысқа мерзімдік әсері бар, өйткені ол эндометриальді жасушалардың ядроларында қысқа уақыт кідіреді. Тәуліктік дозаны бір рет енгізу эндометрийдің пролиферациясын тудырмайды деп шамаланады. Сондықтан прогестагенді циклдік енгізудің қажеті жоқ және тоқтатудан қан кету пайда болмайды. Бұдан басқа, эстриолдың маммографиялық тығыздықты арттырмайтыны білінді.

Қолданылуы

  • эстрогеннің жеткіліксіздігіне байланысты несеп-жыныс жолының төменгі бөліктерінің атрофиясын емдеу үшін орын басушы гормондық емдеуде (ОГЕ)

  • менопаузадан кейін әйелдерде қынап арқылы хирургиялық араласуларда оларды операцияға дейін және операциядан кейін емдеуде

  • атрофиялық өзгерістер аясында жатыр мойнына цитологиялық зерттеу жүргізу нәтижесі айқын емес болғанда (ісік үдерісіне күдіктенгенде) диагностикалық мақсатта

Қолдану тәсілі және дозалары

Овестин® құрамында әсер етуші зат ретінде тек эстроген болады және сыртартқыда жатыр экстирпацияcымен/онсыз әйелдерде пайдаланылуы мүмкін.

Овестин® суппозиторийін түнде ұйықтар алдында қынапқа енгізген жөн.

Несеп-жыныс жолының төменгі бөлімдерінің шырышты қабығының атрофиясын емдеген кезде:

Алғашқы апта ішінде тәулігіне 1 суппозиторий, кейін демеуші дозаға жеткенше ауру белгілерінің жеңілдеуіне байланысты дозаны біртіндеп төмендетеді (ең жоғарысы – аптасына екі рет 1 суппозиторий).

Менопаузадан кейінгі кезеңде әйелде қынап арқылы хирургиялық араласу кезінде оларды операцияға дейін және операциядан кейін емдеуде:

Операция алдында 2 апта бойы тәулігіне 1 суппозиторий; операциядан кейінгі 2 апта ішінде аптасына екі рет 1 суппозиторийден.

Қынаптан алынған жағындының атрофиялық нәтижелері айқын болмағанда диагностикалық мақсатта:

Келесі жағындыны алғанға дейін апта бойы күнара 1 суппозиторий.

Овестин® суппозиторийін ұйықтар алдында қынап ішіне енгізу қажет.

Егер кезекті дозаны қабылдауды жіберіп алса, емделуші әйел оны келесі дозаны енгізетін күні есіне түсірген жағдайды қоспағанда, дереу енгізген жөн. Мұндай жағдайда өткізіп алған дозаның орнын толтырмай-ақ, препаратты қабылдауды әдеттегідей үлгі бойынша әрі қарай жалғастырған жөн. Бір күнде екі суппозиторий қолдануға болмайды.

Менопаузадан кейінгі симптомдарды емдеуді бастағанда немесе жалғастырған кезде тиімді дозаның ең аз мөлшерін өте қысқа мерзім уақыт аралығында қолдану қажет. ОГЕ қабылдамаған әйелдерде немесе ОГЕ үшін біріктірілген препаратты үздіксіз ішіп қабылдаудан ауысқан әйелдерде Овестин® препаратымен емдеуді кез келген күні бастауға болады. ОГЕ үшін препараттарды қабылдаудың циклдік режимінен ауысқан әйелдер Овестин® препаратымен емделуді ОГЕ препараттарын тоқтатқаннан кейін бір аптадан соң бастауы тиіс.

Жағымсыз әсерлері

Әдебиеттерге шолу және фармакологиялық қадағалау деректері бойынша мынадай жағымсыз әсерлер байқалған:

  • организмде сұйықтықтың іркілуі

  • енгізген жердің қышынуы

  • сүт бездерінің сезімталдығы, ауырсынуы, қан аралас бөлініс, цервикальді бөлініс

Бұл жағымсыз реакциялар әдетте ұзаққа созылмайды және өтпелі болады, бірақ бұның өте жоғары дозаны қолданудан болғанын айғақтауы мүмкін. Эстроген-прогестагенді біріктіріп емдеуге байланысты болатын жағымсыз әсерлер:

  • ациклдік қан аралас бөлініс, "лақылдап" қан кету, меноррагия

  • эстрогенге тәуелді қатерсіз және қатерлі ісіктер, мысалы, эндометрий обыры

  • өт қабы аурулары

  • тері және теріасты бұзылулары: хлоазма, мультиформалы эритема, түйінді эритема, геморрагиялық пурпура

  • 65 және одан үлкен жастағыларда деменция болуы мүмкін

  • сүт безі обырының даму қаупі (5 жыл бойы және одан астам біріктірілген эстроген-прогестагенді ем қабылдап жүрген әйелдерде емшек обырының даму қаупі 2 есе артады, қауіп деңгейі қабылдау ұзақтығына байланысты; эстроген-прогестагенмен біріктірілген ем қабылдап жүрген емделушілерден айырмашылығы – кез келген жоғары қауіп тек эстрогенмен ғана ем қабылдап жүрген емделушілерде едәуір төмен)

  • аналық без обыры (тек эстрогенмен ғана немесе біріктірілген эстроген-прогестагенмен ОГЕ ұзақ қабылдау аналық бездің қатерлі ісігінің даму қаупін елеусіз арттырады)

  • көктамырлық тромбоэмболия (көктамырлық тромбоэмболиялардың, яғни тереңдегі көктамырлар тромбозының, өкпе эмболияларының) даму қаупі 1.3-3 есе жоғарылауы мүмкін)

  • жүректің ишемиялық ауруы, соның ішінде миокард инфарктісі (жүректің ишемиялық ауруының даму қаупі 60 жастан асқан, біріктірілген эстроген-прогестагенмен ОГЕ қабылдап жүрген емделушілерде аздап жоғарылайды)

  • ишемиялық инсульт (ишемиялық инсульттің даму қаупі тек эстрогенмен ғана ем қабылдап жүрген немесе біріктірілген эстроген-прогестаген емін қабылдап жүрген емделушілерде 1.5 есе артады)

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препараттың белсенді затына немесе қосымша заттарының кез келгеніне жоғары сезімталдық

  • диагностикаланған немесе күмәнді сүт безі обыры

  • диагностикаланған немесе күмәнді эстрогенге тәуелді ісіктер, мысалы, эндометрий обыры

  • шығу тегі белгісіз қынаптық қан кетулер

  • емделмеген эндометрий гиперплазиясы

  • қазіргі таңда және сыртартқыдағы көктамыр тромбоздары (тереңде орналасқан көктамыр тромбозы, өкпе эмболиясы)

  • белгілі тромбофилиялық бұзылулар (мысалы, С протеинінің, S протеинінің немесе антитромбиннің тапшылығы)

  • белсенді немесе жуық арада бастан өткерген тромбоэмболиялық артерия аурулары (мысалы, стенокардия, миокард инфарктісі)

  • жедел сатыдағы бауыр ауруы немесе сыртартқыдағы бауыр ауруы, бауыр функциясы көрсеткіштері қалыпқа келгенге дейін

  • порфирия

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Клиникалық тәжірибеде Овестин® препараты мен басқа дәрілік заттар арасында өзара әрекеттесу білінген жоқ. Эстрогендердің метаболизмі оларды дәрілік заттардың метаболизміне қатысатын ферменттерді, әсіресе Р450 цитохромы ферменттерін индукциялайтын, мысалы құрысуға қарсы дәрілер (мысалы, фенобарбитал, фенитоин, карбомазепин) және микробқа қарсы дәрілер (мысалы, рифампицин, рифабутин, невирапин және эфавиренц) сияқты қосылыстармен үйлесімде қолданғанда күшейеді.

Күшті тежегіштер ретінде белгілі ритонавир және нелфинавир бір мезгілде стероидты гормондармен қолданған кезде индуктивті қасиеттер көрсетеді.

Шайқурай препараттары эстрогендер метаболизмін күшейтуі мүмкін.

Эстрогендер метаболизмі жоғарылауының клиникалық әсері Овестин® тиімділігі төмендеуімен, және жатырлық қан кетулермен байқалуы мүмкін.

Эстриол гиполипидемиялық дәрілік заттардың әсерін күшейтеді; ерлер жыныс гормондарының, антикоагулянттардың, антидепрессанттардың, диуретикалық, гипотензиялық, гипогликемиялық дәрілік заттардың әсерін бәсеңдетеді. Препараттың тиімділігін жалпы анестезияға арналған дәрілік заттар, есірткілік анальгетиктер, анксиолитиктер, кейбір гипотензивтік дәрілік заттар, этанол төмендетеді. Фолий қышқылы және қалқанша без препараттары эстриолдың әсерін күшейтеді.

Айрықша нұсқаулар

Менопаузадан кейінгі симптомдарды диуретикалық ОГЕ-мен емдеуді тіршілік сапасына жағымсыз әсер ететін симптомдарда ғана бастау қажет. Барлық жағдайларда жылына кем дегенде бір рет емдеудің қаупі мен пайдасына мұқият баға беру қажет. ОГЕ пайдасы қаупінен басым болған кезеңде ғана жалғастырған жөн.

Мезгілінен бұрын болған менопаузаны емдеген кезде ОГЕ байланысты қауіп жөнінде деректер шектеулі. Жас әйелдер арасында қаупі мен пайдасының арақатынасы, жасы үлкендеу әйелдер тобына қарағанда жағымды болуы мүмкін.

Медициналық тексеру/бақылау

ОГЕ бастар немесе жаңартар алдында нақты жекелей және отбасылық сыртартқыны анықтап алу қажет. Сыртартқысындағы препаратты қолдануды қарсы көрсетілімдерді және ескертулерді қарай отырып, кіші жамбас ағзаларын және сүт безін тексеруді қоса, клиникалық тексеру жүргізу қажет. Емделу кезінде жиілігі мен сипаты жекелей болатын медициналық тексеруді әлсін-әлсін жүргізу керек, бірақ жылына 1 реттен сирек болмау керек. Әйелдер сүт бездеріндегі өзгерістер туралы, олар туындаған жағдайда дәрігерге айту қажет екендігін білуі тиіс. Маммографияны қоса алғанда, зерттеулер тексерудің жалпыға ортақ стандарттарына сәйкес жүргізілуі қажет.

Бақылауды қажет ететін жағдайлар

Егер қазіргі таңда, бұдан бұрын пайда болған және/немесе жүктілік кезінде немесе мұның алдындағы гормондық бақылау кезінде нашарлаған келесі жағдайлардың кез келгені бар болса, емделуші ұдайы бақылауда болуы тиіс. Бұл жағдайлар Овестинмен® емделу кезінде қайталануы немесе нашарлауы мүмкін. Бұл келесі жағдайларға қатысты:

- миома (жатыр фибромасы) немесе эндометриоз

- бұдан бұрын болған тромбоэмболиялық бұзылулар немесе осындай бұзылулардың қауіп факторларының болуы

- эстрогенге тәуелді қатерлі ісіктер үшін қауіп факторларының болуы (туыстығы 1-ші дәрежедегі туыстар арасында сүт безінің қатерлі ісігі)

- гипертензия

- бауыр жұмысының бұзылулары (мысалы, бауыр аденомасы)

- қантамырлық компоненті бар немесе жоқ қант диабеті

- өт-тас ауруы

- бас сақинасы немесе (ауыр) бас ауыру

- жүйелік қызыл жегі

- сыртартқысында эндометрий гиперплазиясы

- эпилепсия

- демікпе

- отосклероз

Емдеуді дереу тоқтатудың себептері

Емдеуді қарсы көрсетілімдері анықталған жағдайда және/немесе келесі жағдайлар пайда болған кезде тоқтатқан жөн:

  • сарғаю және/немесе бауыр функциясының нашарлауы

  • артериялық қысымның едәуір жоғарылауы

  • бас сақинасы түріндегі бас ауырудың қайта басталуы

  • жүктілік

Эндометрий гиперплазиясы және карцинома

Эндометрий стимуляциясының алдын алу үшін тәуліктік доза 1 суппозиторийден (0.5 мг эстриол) аспауы тиіс. Оны 4 аптадан артық қолдануға болмайды.

Сүт безі обыры

Эстроген-прогестагенді немесе эстрогенді ОГЕ қабылдаған әйелдерде емшек обырының даму қаупі ұлғаяды және осы емнің ұзақтығына байланысты болады.

Осы дәрілік затты бірнеше жыл бойы қабылдаған әйелдерде емшек обырының даму қаупі артады, бірақ емдеуді тоқтатқаннан кейін бес жылдан аспайтын уақытта бастапқы деңгейіне оралады.

Біріктірілген эстроген-прогестагендік ем:

Зерттеулер нәтижелері ОГЕ үшін эстроген және прогестагенді 3 жылдан астам қабылдап жүрген әйелдерде емшек обыры дамуының жоғары қаупін айғақтаған.

Тек эстрогенмен ғана емдеу:

WHI зерттеулері тек қана эстрогенмен ОГЕ қабылдап жүрген, жатыры алып тасталған әйелдерде емшек обыры дамуының жоғары қаупін анықтаған жоқ. Емшек обыры даму қаупінің аздап ұлғаюы бар, ол эстроген-прогестаген емін қабылдап жүргендерден едәуір төмен.

  • ОГЕ маммограмма тығыздығын арттыруы ықтимал. Бұл емшек обырын рентгенологиялық әдіспен анықтауды қиындатуы мүмкін. Маммограмма тығыздығының ұлғаю мүмкіндігі, өзге эстрогендерді қабылдаған басқа емделушілерге қарағанда, эстриол қабылдаған зерттеу субъектілерінде төмен болған. Эстриол қабылдаудың басқа эстрогендерге қарағанда емшек обыры дамуының жоғары қаупіне әкелмейтіні анықталды.

Аналық бездер обыры

Аналық бездердің обыры емшек обырына қарағанда өте сирек дамиды. Аналық бездердің обырының даму қаупі ОГЕ барысында эстрогенді ұзақ уақыт (кем дегенде 5-10 жыл) қабылдау нәтижесінде жоғарылайды.

Көктамырлық тромбоэмболиялар

- ОГЕ көктамырлық тромбоэмболияның (КТЭ), яғни тереңдегі көктамырлар тромбозының немесе өкпе эмболияларының даму қаупінің 1,3-3 есе артуымен байланысты. КТЭ кеш мерзімдерге қарағанда, ОГЕ алғашқы жылында көбірек болуы мүмкін. Овестинге қатысты осындай қауіп белгісіз.

- Сыртартқысында тромбоэмболиялық жағдайы бар науқастарда КТЭ қаупі жоғары. ОГЕ қолдану қайталану қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан, осы емделушілерге ОГЕ жүргізуге болмайды.

- КТЭ қаупін келесі факторлар арттыруы мүмкін: эстрогендер қабылдау, үлкен жас, ауыр операция, науқастың ұзақ уақыт иммобилизациясы, қатты семіру (дене салмағының индексі  30 кг/м2), жүктілік/босанғаннан кейінгі кезең, жүйелі қызыл жегі, обыр. Хирургиялық операциядан кейін КТЭ алдын алу үшін профилактикалық емшараларға ерекше көңіл бөлу қажет. Жоспарлы операциядан кейін, әсіресе абдоминальді хирургиялық операциядан немесе аяққа ортопедиялық операциялардан кейін ұзақ иммобилизациясыз мүмкін болмайтын жағдайларда, мүмкіндігінше, операция жасағанға дейін 4-6 апта бұрын ОГЕ уақытша тоқтатуды қарастыру қажет. Емдеуді емделуші әйелдің толық реабилитациясына дейін бастауға болмайды.

- Егер Овестин® препараты «әйелдерде постменопауза кезеңінде қынаптық хирургиялық араласуда операцияға дейінгі- және кейінгі емдеу» көрсетілімдері бойынша қолданылса, тромбоздарға жол бермеу үшін алдын алу шараларына көңіл бөлу қажет.

Сыртартқысында КТЭ жоқ, бірақ сыртартқысында тромбозы бар туыстары бар әйелдерге рентгеноскопия жасау ұсынылуы мүмкін (рентгеноскопия арқылы тромбофилиялық ақаулардың тек бір бөлігі ғана анықталады). Егер күрделі ауытқу анықталса, оның отбасы мүшелерінде тіркелген тромбоздан айырмашылығы болса (мысалы, антитромбиннің, S протеиннің, С протеиннің тапшы болуы немесе ауытқулар комбинациясы), ОГЕ қолдануға болмайды.

- Антикоагулянттармен ем қабылдап жүрген әйелдерде ОГЕ қолданудың пайдасы мен қаупінің арақатынасына мұқият талдау жасау қажет етіледі.

- Егер Овестин® препаратымен емдеуді бастағаннан кейін КТЭ дамитын болса, онда емдеуді тоқтатқан жөн. Емделуші әйел, егер потенциалды тромбоэмболия симптомдарын (мысалы, аяқтың ауыртатын ісінуі, кеудеде кенеттен пайда болған ауырсыну, ентігу) сезетіндей болса, дәрігерге дереу қаралу керектігі жөнінде хабардар болуы тиіс.

Жүректің ишемиялық аурулары (ЖИА)

ОГЕ кезінде эстроген-прогестаген біріктірілімдерін немесе тек эстрогенді қабылдаған әйелдерде ЖИА бар немесе онсыз миокард инфарктісінің дамуынан қорғаныштың бар екендігін көрсететін деректер жоқ.

Біріктірілген эстроген-прогестагендік ем:

  • ЖИА дамуының салыстырмалы қаупі эстроген-прогестаген біріктірілген ОГЕ қабылдаған кезде ұлғаяды және жастың өсуімен жоғарылайды.

Эстрогенмен емдеу

-Тек қана эстроген қабылдап жүрген, жатыры алып тасталған әйелдерде ЖИА даму қаупінің жоғарылауына айғақтама жоқ.

Ишемиялық инсульт

- Эстроген-прогестагенмен біріктіріп емдеген кезде және эстрогенмен монотерапияда ишемиялық инсульттің даму қаупі 1,5 есе артады. Салыстырмалы қауіп жастың ұлғаюымен немесе менопауза басталғаннан кейінгі өткен уақытпен өзгермейді. Алайда инсульттің дамуының бастапқы абсолюттік қаупі жасқа елеулі түрде байланысты болғандықтан, ОГЕ қабылдап жүрген әйелдерде инсульттің дамуының жалпы қаупі жастың ұлғаюымен жоғарылайды.

Басқа да жағдайлар

- Эстрогендер сұйықтықты кідіртуі мүмкін, сондықтан бүйрек қызметі бұзылған және жүрек-қантамыр қызметі жеткіліксіз науқастар дәрігердің мұқият бақылауында болуы тиіс.

- Эстриол гонадотропиннің әлсіз тежегіші болып табылады және эндокринді жүйеге басқа да маңызды ықпалын тигізбейді.

- ОГЕ когнитивті функцияны жақсартпайды. Алайда кейбір нәтижелер 65 жастан асқан жаста ұзақ уақыт біріктірілген емді немесе эстрогенмен ОГЕ қабылдауды бастаған әйелдерде болуы мүмкін деменция қаупінің ұлғайғанын айғақтайды.

- Овестин® контрацепция үшін қолданылмайды.

Жүктілік және лактация кезеңі

Овестин әйелдерді постменопаузада (табиғи немесе хирургиялық операциядан кейін) емдеу үшін ғана қолданылады.

Овестин® препаратын жүктілік кезінде қолдануға болмайды. Овестин® препаратымен емдеу кезінде жүктілік пайда болған жағдайда емдеуді дереу тоқтату қажет. Эстрогендердің жоспарланған ұрыққа әсеріне қатысты күні бүгінге дейін жүргізілген көптеген эпидемиологиялық зерттеулер нәтижесі препараттың тератогендік немесе фетоуыттық әсерлерінің жоқтығын айғақтайды.

Препаратты бала емізу кезінде қолдануға болмайды. Эстриол емшек сүтімен бірге шығарылады және сүттің түзілуін азайтуы мүмкін.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Овестиннің® автокөлік немесе күрделі механизмдерді басқару қабілетіне әсері туралы деректер жеткіліксіз.

Артық дозалануы

Симптомдары: қынапқа енгізген кезде Овестин® препаратының артық дозалану ықтималдығы аз. Алайда асқазан-ішек жолына кездейсоқ үлкен дозалар түскен жағдайда жүректің айнуы, құсу пайда болуы және әйелдерде етеккірлік қан кету тоқтауы мүмкін.

Емі: Арнайы у қайтарғысы жоқ. Қажет болған жағдайда симптоматикалық ем жүргізу керек.

Шығарылу түрі және қаптамасы

5 суппозиторийден пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.

3 пішінді қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

Жарықтан және ылғалдан қорғалған жерде, 2 °С-ден 25оС-ге дейінгі температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Юнитер Индастрис, Франция

Қаптаушы

Юнитер Индастрис, Франция

Тіркеу куәлігінің иесі

Аспен Фарма Трейдинг Лимитед, Ирландия

Шығару сапасын бақылау

Н.В. Органон, Нидерланды

Тұтынушылардан дәрілік препараттың сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Adalan» ЖШС

Тимирязев к-сі 42, 23 пав. 202 кеңсе, 050057 Алматы қ.

Тел. + 727 269 54 59; e-mail: reg@adalan.kz

Прикрепленные файлы

239149561477976650_ru.doc 97 кб
119363841477977812_kz.doc 103.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники