Нурофен® (№12, 200 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Халықаралық патенттелмеген атауы
Ибупрофен
Лекарственная форма, дозировка
Қабықпен қапталған таблеткалар, 200 мг
Фармакотерапиялық тобы
Сүйек-бұлшықет жүйесі. Қабынуға қарсы және ревматизмге қарсы препараттар. Қабынуға қарсы және ревматизмге қарсы, стероидты емес препараттар. Пропион қышқылының туындылары. Ибупрофен.
АТХ коды M01AE01
Қолданылуы
Мынадай жай-күйлердегі ауыруды жеңілдету:
бас ауыруы және тіс ауыруы
бас сақинасы
ауыртып келетін етеккір
невралгиялар
арқаның ауыруы
бұлшықет және ревматизмдік ауырулар
тұмау және суық тию аурулары кезіндегі қызбалы жай-күй.
Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- ибупрофенге немесе препараттың құрамына кіретін компоненттердің кез келгеніне жоғары сезімталдық
- анамнезінде ацетилсалицил қышқылын (салицилаттар) немесе басқа қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды (ҚҚСП) қолданумен байланысты аса жоғары сезімталдық реакциясының болуы (бронх демікпесі, бронх түйілуі, ринит, риносинусит, мұрынның немесе мұрын маңы қойнауларының қайталанатын полипозы, Квинке ісінуі, есекжем)
- айқын сусыздану (құсу, диарея немесе сұйықтықты жеткіліксіз тұтыну салдарынан)
- асқазан-ішек жолы (АІЖ) ағзаларының эрозиялық-ойық жара аурулары (оның ішінде асқазан мен он екі елі ішектің ойық жара ауруы, Крон ауруы, ойық жаралы колит) немесе белсенді фазадағы немесе анамнездегі ойық жарадан қан кетуі (ойық жара ауруының немесе ойық жарадан қан кетудің екі немесе одан да көп расталған көрінісі)
- ҚҚСП қолдану түрткі болған анамнездегі АІЖ ойық жарасынан қан кетуі немесе тесілуі
- бауырдың ауыр жеткіліксіздігі немесе белсенді фазадағы бауыр аурулары
- бүйректің ауыр жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі <30 мл / мин), расталған гиперкалиемия
- жүректің ауыр жеткіліксіздігі (Нью-Йорк кардиологтар қауымдастығының жіктеуі, IV класс), аортокоронарлық шунттау жүргізілгеннен кейінгі кезең
- гемофилия және қан ұюының басқа бұзылулары (оның ішінде гипокоагуляция), геморрагиялық диатездер
- тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы, сахараза-изомальтаза жеткіліксіздігі
- жүктілік (III триместр)
- 12 жасқа дейінгі балалар.
Қолдану кезінде қажетті сақтық шаралары
Препаратты барынша ықтимал қысқа курспен және симптомдарды жою үшін қажетті ең аз тиімді дозада қабылдау ұсынылады.
Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
Ибупрофенді келесі дәрілік заттармен бір мезгілде қолдануды болдырмау керек:
Ацетилсалицил қышқылы (аспирин)
Ибупрофеннің ацетилсалицил қышқылымен біріктірілген емі жағымсыз әсерлер даму қаупінің артуына байланысты ұсынылмайды. Дәрігердің ұсынысы бойынша аспириннің төмен дозасын (тәулігіне 75 мг-нан артық емес) тағайындауға ғана артықшылық берілуі мүмкін.
Ибупрофен бір мезгілде қабылданатын аспириннің төменгі дозаларының тромбоциттер агрегациясына әсерін басуы мүмкін. Тұрақты қолданбаған кезде осындай клиникалық маңызды әсерінің ықтималдығы аз деп саналады.
Басқа ҚҚСП, оның ішінде циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) іріктелген тежегіштері:
Жағымсыз реакциялар туындау қаупінің ықтималды артуына байланысты бір мезгілде екі және одан да көп ҚҚСП тобының препараттарын қолдануға болмайды.
Келесі дәрілік заттармен бір мезгілде сақтықпен тағайындау керек:
ҚҚСП антикоагулянттар, атап айтқанда варфарин мен тромболитикалық препараттардың әсерін күшейтуі мүмкін.
Гипертензияға қарсы дәрілер (ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ) тежегіштері және ангиотензин II антагонистері) және диуретиктер
ҚҚСП осы топтағы препараттардың тиімділігін төмендетуі мүмкін. Диуретиктер және АӨФ тежегіштері ҚҚСП нефроуыттылығын арттыруы мүмкін.
Кортикостероидтар
АІЖ ойық жаралары түзілуінің және асқазан-ішектен қан кетудің қаупі жоғарылайды.
Антиагреганттар және серотонинді кері қармаудың іріктелген тежегіштері
Асқазан-ішектен қан кету туындау қаупінің жоғарылауы.
Жүрек гликозидтері
ҚҚСП мен жүрек гликозидтерін бір мезгілде тағайындау жүрек жеткіліксіздігінің ушығуына, шумақтық сүзіліс жылдамдығының төмендеуіне және қан плазмасында жүрек гликозидтері концентрациясының артуына әкелуі мүмкін.
Литий препараттары
ҚҚСП қолдану аясында қан плазмасында литий концентрациясының арту ықтималдығы бар.
Метотрексат
ҚҚСП қолдану аясында қан плазмасында метотрексат концентрациясының арту ықтималдығы бар.
Циклоспорин
ҚҚСП мен циклоспоринді бір мезгілде тағайындағанда нефроуыттылық қаупінің артуы.
Мифепристон
ҚҚСП қабылдауды мифепристон қабылдағаннан кейін 8-12 күннен соң бастау керек, өйткені ҚҚСП мифепристон тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Такролимус
ҚҚСП мен такролимусты бір мезгілде тағайындағанда нефроуыттылық қаупі артуы мүмкін.
Зидовудин
ҚҚСП мен зидовудинді бір мезгілде қолдану гематологиялық уыттылықтың жоғарылауына әкелуі мүмкін. Зидовудинмен және ибупрофенмен бірге ем қабылдаған гемофилиясы бар АИТВ-оң пациенттерде гемартроз және гематоманың даму қаупі ықтималдығы бар.
Хинолонды қатардағы антибиотиктер
ҚҚСП және хинолонды қатардағы антибиотиктермен бірге ем қабылдайтын пациенттерде құрысулардың туындау қаупі артуы мүмкін.
Арнайы ескертулер
Жүрек-тамыр жүйесі
Ибупрофенді әсіресе жоғары дозада (тәулігіне 2400 мг) ұзақ уақыт қолдану тромбоздық жағдайлардың (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) даму қаупінің елеусіз артуымен байланысты болуы мүмкін. Ибупрофеннің ұсынылған тәуліктік дозасын (тәулігіне 1200 мг) қабылдау жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан асқынулардың даму қаупін жоғарылатпайды.
Бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, NYHA жіктемесі бойынша II-III класты жүректің іркілісті жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы, шеткері артериялар аурулары және/немесе цереброваскулярлық аурулары бар пациенттерге ибупрофеннің жоғары дозаларын (тәулігіне 2400 мг) қолданудан аулақ болу керек. Ибупрофенмен ұзақ ем басталғанға дейін, әсіресе жоғары дозалармен (тәулігіне≥ 2400 мг), жүрек-қан тамырлары асқынуларының даму қаупі факторлары бар пациенттерде (мысалы, гипертония, гиперлипидемия, қант диабеті, темекі шегу) пайда-қауіп арақатынасына мұқият баға беру қажет.
Тыныс алу органдары
ҚҚСП қабылдау аясында асқыну сатысында немесе анамнезде бронх демікпесі немесе аллергиялық аурулары бар пациенттерде бронх түйілуі дамуы мүмкін.
Жүйелік қызыл жегі немесе дәнекер тіннің аралас ауруы
Асептикалық менингит қаупі жоғары.
Несеп шығару жүйесінің ағзалары
Бүйрек жеткіліксіздігі, оның ішінде сусыздану кезіндегі (креатинин клиренсі 30 - 60 мл/мин кем) және нефроздық синдром ушығуы мүмкін.
Гепатобилиарлық жүйе
Бауыр дисфункциясы (бауыр жеткіліксіздігі, порталды гипертензиямен бауыр циррозы, гипербилирубинемия) ушығуы мүмкін.
Асқазан-ішек жолы (АІЖ)
ҚҚСП анамнезінде асқазан-ішек аурулары бар (спецификалық емес ойық жаралы колит, Крон ауруы) пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, өйткені мұндай жағдайлар ушығып кетуі мүмкін.
Қауіп факторларына анамнезде асқазанның ойық жара ауруының немесе асқазан-ішектен қан кетудің, гастрит, энтерит, колит, Helicobacter pylori инфекциясының, ойық жара колитінің бір реттік эпизодының болуы жатады.
Асқазан-ішектен қан кету, АІЖ жақтауының ойық жарасы немесе тесілуі анамнез күрделі болған жағдайда алдын ала көрінетін симптомдарсыз дамуы және кейбір жағдайларда өлімге әкеп соғуы мүмкін.
Асқазан-ішектен қан кету қаупі, АІЖ жақтауларының жарасы немесе тесілуі және осы жай-күйлердің дамуымен байланысты қолайсыз нәтиже егде жастағы пациенттерде, әсіресе ҚҚСП үлкен дозасын қабылдаған кезде жоғары. Бұл пациенттер емді ең төменгі тиімді дозада қысқа курспен алуы керек.
Анамнезінде АІЖ аурулары бар пациенттер емдеудің бастапқы кезеңдерінде жиі дамитын жаңадан пайда болған абдоминалдық симптомдары (әсіресе асқазан-ішек қан кетуі) туралы хабарлау қажет екендігі жайында білулері тиіс.
Тері және шырышты қабықтар
ҚҚСП қолданғаннан кейін эксфолиативтік дерматитті, Стивенс-Джонсон синдромын және уытты эпидермалық некролизді қоса (өліммен аяқталуға дейін), күрделі тері реакцияларының дамығаны туралы сирек хабарламалар бар. Мұндай реакциялар көптеген жағдайда емдеудің бірінші айы ішінде туындайды.
Құрамында ибупрофен бар препараттарды қабылдау аясында жедел жайылған экзантематозды пустулез (AGEP) дамуы туралы хабарланған. Тері бөртпесі, шырышты қабықтардың зақымдануы және аса жоғары сезімталдықтың кез келген басқа көріністері пайда болуының алғашқы белгілерінде препарат қабылдауды тоқтату керек.
Желшешегі бар пациенттерде ҚҚСП қолдану тері мен теріасты шелмайының инфекциялық-қабыну ауруларының ауыр іріңді асқынуларының (мысалы, некроздаушы фасциттің) даму қаупінің жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін. Осыған байланысты, препараттың желшешек кезінде қолданылуына жол бермеу ұсынылады. Басқа КҚСП
Ибупрофенді циклооксигеназа-2 селективті тежегіштерін қоса, қатар жүретін ҚҚСП бірге пайдаланудан аулақ болу керек.
Қосымша заттар туралы ақпарат
Бұл дәрілік препаратта 2 дозаға (2 таблетка) 1,1 ммоль аздау натрий (25.3 мг) болады. Бақыланатын натрий диетасында жүрген пациенттер осыны ескерулері қажет.
Ұрпақ өрбіту функциясы
Ибупрофен әйелдерде фертильдіктің бұзылуын тудыруы мүмкін препараттарға жатады. Бұл әсері препаратты тоқтатқанда қайтымды.
Жүктілік және лактация кезінде
Жүктілік
Простагландин синтезін тежеу жүктіліктің ағымына, эмбрионның және шарананың дамуына жанама әсер етуі мүмкін. Эпидемиологиялық зерттеу деректері простагландиндер синтезінің тежегіштерін жүктіліктің ерте кезеңдерінде пайдаланған кезде түсік тастаудың, жүрек ақауларының және гастрошизистің қаупі жоғарылайтынын растайды.
Жүрек-қантамыр жүйесі аномалияларының туындауының абсолютті қаупі 1%-дан аздан шамамен 1,5%-ға дейін ұлғайды.
Бұл қауіп дозалауға және емнің ұзақтығына қарай арта түседі.
Осыған байланысты, препаратты жүктіліктің I-II триместрлерінде қолданудан аулақ болу керек, препаратты қабылдау қажет болған жағдайда дәрігермен кеңесу керек.
Нурофен® препаратын жүктілікті жоспарлаған немесе жүктіліктің I-II триместрлеріндегі әйелдер қабылдаған кезде дозалануы және емдеу ұзақтығы барынша аз болуы тиіс.
Жүктіліктің III триместрінде простагландин тежегіштерін қолдану шаранада және анада төмендегілердің дамуына жағдай жасайды:
- артериялық түтіктің мезгілінен бұрын жабылуымен және өкпе гипертензиясының дамуымен кардиопульмонарлы жеткіліксіздік;
- бүйрек жеткіліксіздігі, ол қағанақ суының аздығы (сусызданудың) дамуымен бүйректер функциясының толық тоқтауына әкелуі мүмкін;
- қан кету уақытының ұзаруы, тіпті өте аз дозаларда да антиагрегациялық әсер;
- жатырдың жиырылу қызметінің бәсеңдеуі және кешеуілдеген немесе ұзағырақ созылған босану.
Осыған байланысты, Нурофен® препаратын жүктіліктің үшінші триместрінде қолдануға болмайды.
Бала емізу кезінде
Ибупрофен емшектегі бала денсаулығына қандайда бір теріс ықпал етпестен аздаған мөлшерлерде емшек сүтіне өтуі мүмкін екені туралы деректер бар, сондықтан әдетте қысқа мерзімдік қолдану кезінде емшек емізуді тоқтату қажеттілігі туындамайды. Препаратты ұзақ уақыт қолдану қажет болғанда препаратты қолдану кезеңінде емшек емізуді тоқтату мәселесін шешу үшін дәрігерге көріну керек.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Ибупрофенді қабылдау кезінде бас айналу, ұйқышылдық, мәңгіру немесе көрудің бұзылуы байқалған пациенттерге автокөлік жүргізуден немесе қозғалатын механизмдерді басқарудан аулақ болу керек.
Қолдану бойынша ұсынымдар
Тек қысқа мерзімді қолдану үшін. Препаратты қабылдар алдында нұсқаулықты мұқият оқып шығыңыз.
Дозалау режимі
Ересектер мен 12 жастан асқан балаларға:
Тәулігіне 3 ретке дейін ішке 1 таблеткадан (200 мг). Ересектерде емдік әсеріне тезірек жету үшін дозасын тәулігіне 3 ретке дейін 2 таблеткаға (400 мг) дейін арттыруға болады. Таблеткаларды қабылдау арасындағы аралық 4 сағаттан кем болмауы тиіс.
Ең жоғары тәуліктік дозасы: 1200 мг (6 таблетка).
Енгізу әдісі мен жолы
Ішке қабылдауға арналған. Таблетканы сумен ішу керек.
Қабылдау уақыты көрсетілген қолдану жиілігі
Жағымсыз реакциялардың даму қаупін азайту мақсатында ибупрофенді ең төменгі тиімді дозада және клиникалық әсерге қол жеткізу үшін қажетті ең қысқа кезең ішінде қабылдаған жөн.
Емдеу ұзақтығы
Тек қана қысқа мерзімдік қолдану үшін.
Егер препаратты 2-3 күн бойы қабылдаған кезде симптомдар сақталса немесе күшейсе, емдеуді тоқтату және дәрігерге бару керек. Препаратты ұзақ уақыт қабылдау қажет болған жағдайда (12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін - 3 күннен астам, ересектер үшін - 10 күннен астам) дәрігерге көріну қажет.
Артық дозаланған жағдайда қолданылуы қажет шаралар
Симптомдары
Клиникалық маңызы бар ҚҚСП мөлшерін қабылдаған пациенттердің көпшілігінде жүрек айнуы, құсу, эпигастральді ауыру, сирек жағдайларда – диарея дамиды. Сондай-ақ құлақтың шуылдауы, бас ауыруы және асқазан-ішектен қан кетуі мүмкін. Аса ауыр уланған жағдайларда уыттылық орталық жүйке жүйесін зақымдайды және ұйқышылдық, мезгіл-мезгіл қозу және бағдардан жаңылу немесе кома түрінде көрінеді. Кейбір жағдайларда пациентте құрысулар басталады. Ауыр артық дозалану жағдайында метаболизмдік ацидоз болуы мүмкін, ал протромбиндік уақыт / ХҚҚ артуы мүмкін және бұл қан ұюының айналымдағы факторларымен өзара әрекеттесуімен байланысты болуы мүмкін. Бүйректің жедел жеткіліксіздігі және бауыр функциясының бұзылуы дамуы мүмкін. Демікпеге шалдыққандарда демікпенің асқынуы мүмкін.
Емі
Симптоматикалық және демеуші емдеу болуы тиіс және тыныс алу жолдарының өткізгіштігін демеп тұру және жүрек функциясы көрсеткіштерінің және басқа өмір сүру функцияларының олар тұрақтанғанға дейінгі мониторингі қамтылуы тиіс. Егер пациент препараттың потенциалды уытты мөлшерін 1 сағат бұрын қабылдаса, белсендірілген көмірді пероральді қабылдау нұсқасын қарастырған жөн. Әсіресе, егер бірнеше және ұзаққа созылатыны құрысулар байқалса, пациентке вена ішіне диазепам немесе лоразепам енгізу керек. Демікпе ұстамаларының алдын алу үшін бронходилататорларды пайдалану ұсынылады.
Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медициналық қызметкерге кеңес алуға жүгіну бойынша ұсынымдар
Нурофен® препаратын қолданар алдында емдеуші дәрігермен кеңесіңіз.
Емдеуші дәрігерге не қабылдап жүргеніңізді, таяуда қабылдағаныңызды немесе басқа препараттар қабылдауды бастауыңыз мүмкін екендігін хабарлаңыз.
Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс табатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және осы жағдайда қабылдануы керек шаралар
Жағымсыз реакциялардың пайда болу жиілігін бағалау келесі критерийлердің негізінде жүргізілді: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100, < 1/10), жиі емес (≥ 1/1000, < 1/100), сирек (≥ 1/10 000, < 1/1000), өте сирек (> 1/10 000), жиілігі белгісіз (қолда бар деректер бойынша бағалау мүмкін емес).
Жиі емес
- есекжем және қышынумен білінетін аса жоғары сезімталдық реакциялары
- іштің ауыруы, жүрек айнуы, диспепсия
- бас ауыруы
- тері бөртпесінің әралуан түрлері
Сирек
- диарея, метеоризм, іш қату және құсу
Өте сирек
- аса жоғары сезімталдық реакциялары: ауыр дәрежедегі аса жоғары сезімталдық реакциялары1 (беттің, тілдің және көмейдің ісінуі, ентігу, тахикардия, гипотензия, анафилаксия, Квинке ісінуі немесе ауыр анафилаксиялық шок
- пептидтік ойық жара, тесілуі немесе асқазан-ішектен қан кету, мелена, қан құсу, кейбір жағдайда өліммен аяқталатын, көбіне егде жастағы пациенттерде; ойық жаралы стоматит, гастрит
- асептикалық менингит2 (бірлі-жарым жағдайлар), әсіресе аутоиммунды бұзылулары бар пациенттерде (жүйелі қызыл жегі, дәнекер тіннің аралас ауруы)
- бүйректің жедел жеткіліксіздігі, папиллонекроз, әсіресе қан плазмасындағы мочевина концентрациясының жоғарылауымен, олигуриямен және ісінудің пайда болуымен қоса ұзақ қолданғанда
- бауыр функциясының бұзылуы (әсіресе ұзақ емдегенде)
- гемоглобин деңгейінің төмендеуі, қан түзудің бұзылуы (анемия, лейкопения, тромбоцитопения, панцитопения, агранулоцитоз), олардың алғашқы белгілері қызба, тамақтың ауыруы, ауыз қуысы шырышты қабығының зақымдануы, суық тию симптомдарының пайда болуы, айқын әлсіздік, қан кету және этиологиясы белгісіз қанталау сияқты симптомдардың пайда болуы болып табылады
- Стивенс-Джонсон синдромын, мультиформалы эритема және уытты эпидермалық некролизді қоса, буллезді реакциялар сияқты тері реакцияларының ауыр түрлері
Жиілігі белгісіз
- DRESS-синдром ретінде белгілі терінің ауыр реакциясы (жүйелік симптомдармен дәріден болған эозинофилия), тері бөртпесі, қызба, лимфа түйіндерінің ісінуі және эозинофилдер санының артуы түрінде пайда болады; жедел жайылған экзантематозды пустулез (AGEP)
- бүйрек жеткіліксіздігі
- жүрек жеткіліксіздігі және ісінулер, артериялық гипертензия
- спецификалық емес ойық жаралы колит және Крон ауруының өршуі
- демікпе, демікпенің өршуі, бронх түйілуі және ентігу кіретін тыныс алу жолдарының реактивтілігі
Ибупрофенді әсіресе жоғары дозаларда (тәулігіне≥ 2400 мг) ұзақ қолдану, тромбоздық асқынулардың немесе жағымсыз әсерлер (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) даму қаупінің азғана жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін.
Жекелеген жағымсыз реакциялардың сипаттамасы.
1Ибупрофенмен емдегеннен кейін аса жоғары сезімталдық реакциялары анықталды. Оның ішінде (а) спецификалық емес аллергиялық реакциялар және анафилаксия, (б) демікпе, асқынған демікпе, бронх түйілуі, диспноэ немесе (в) қышынумен қатар жүретін есекжем түріндегі бөртпелерді, пурпураны қоса, тері жабындарының зақымдануы, ангионевроздық ісіну және эксфолиативті және буллезді дерматиттер (эпидермалық некролизді және мультиформды эритеманы қоса) түріндегі анағұрлым сирек түрлері.
2 КҚСП қабылдаумен байланысты асептикалық менингит бойынша қол жетімді деректер аса жоғары сезімталдық реакциясын көрсетеді (препаратты қабылдаумен уақытша байланыстың болуына және препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін симптомдардың жоғалуына байланысты). Асептикалық менингит симптомдарының бірлі-жарым жағдайлары (желке бұлшықеттерінің сіресуі, бас ауыруы, жүрек айнуы, құсу, қызба және бағдарсыздық сияқты) аутоиммундық бұзылыстары бар (жүйелі қызыл жегі, дәнекер тіннің аралас ауруы сияқты) пациенттерде ибупрофенмен емдеу кезінде байқалды.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК
http://www.ndda.kz
Қосымша мәліметтер
Дәрілік препараттың құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат – ибупрофен 200.0 мг,
қосымша заттар: натрий кроскармеллозасы, натрий
лаурилсульфаты, натрий цитраты, стеарин қышқылы, кремнийдің коллоидты қостотығы;
қабықтың құрамы: натрий кармеллозасы, тальк, қараған шайыры, сахароза, титанның қостотығы (Е171), макрогол 6000, тазартылған су;
жазуға арналған сия: қара сия [Опакод S-1-277001].
Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы
Дөңгелек пішінді, екі жағы дөңес, таблетканың бір жағында қара түспен NUROFEN жазуы бар ақ немесе ақ дерлік түсті қабықпен қапталған таблеткалар. Сындыратын жерінде – ақ немесе ақ дерлік масса
Шығарылу түрі және қаптамасы
12 таблеткадан ПВХ/ПВДХ үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.
1 немесе 2 пішінді қаптамадан (12 таблеткадан) медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Сақтау шарттары
25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші туралы мәліметтер
Рекитт Бенкизер Хелскэр Интернешнл Лтд,
Тейн Роуд, Ноттингем, NG90 2DB, Ұлыбритания
тел. +44(0)1482326151; факс: +44(0)1482582532, e-mail: contact_ru@rb.com
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
Рекитт Бенкизер Хелскэр Интернешнл Лтд,
Тейн Роуд, Ноттингем, NG90 2DB, Ұлыбритания
тел. +44(0)1482326151; факс: +44(0)1482582532, e-mail: contact_ru@rb.com
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
«Рекитт Бенкизер Қазақстан» ЖШС, 050040,
Алматы қ., Көктем-1 ы/а, 15 «А» үй, 302 кеңсе.
Тел.: +7 (727) 356 07 52; +7 (727) 356 07 53; факс: +7 (727) 356 07 50;
жедел байланысу тел.: 8-10-800-2000-82-20 (қоңырау шолу тегін).
e-mail: contact_ru@rb.com, KazakhstanDSO@rb.com.