Неуробекс® Форте
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Неуробекс® Форте
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат: 100 мг тиамин нитраты, 200 мг пиридоксин гидрохлориді, 0.3 мг цианокобаламин,
қосымша заттар: авицел РН 101, аэросил, тальк, магний стеараты,
қабықтың құрамы: метоцел E 5 Премиум, метоцел E 15 Премиум, титанның қостотығы Е171, полиэтиленгликоль 6000, сұйық силикон AK 200/350, сары сансет бояғыш 19% (Е110), хинолинді сары бояғыш 11% (Е104) |
Сипаттамасы
Сәл дөңес, қызғылт-сары түсті, үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар
Фармакотерапиялық тобы
В1 витаминінің В6 және В12 витаминдерімен біріктірілімі
АТЖ коды A11DB
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Препараттың құрамдас бөліктері суда еритін витаминдер болып табылады, бұл олардың ағзада жинақталуын болдырмайды.
Тиамин (В1 витамині) мен пиридоксин (В6 витамині) ішектің үстіңгі бөлігінде сіңіріледі және ағзада біркелкі таралады. Сіңірілу дәрежесі дозасына байланысты болады.
Цианокобаламиннің сіңірілуі (В12 витаминінің) көбінесе асқазан мен ішектің үстіңгі бөлігінде ішкі фактордың болуымен анықталады, әрі қарай В12 витаминінің тіндерге таралуын транскобаламин II тасымалдаушы ақуызы жүзеге асырады.
Тиамин, пиридоксин және цианокобаламин бауырда метаболизденеді.
Тиамин (В1 витамині) мен пиридоксин (В6 витамині) бүйрекпен (8-10% жуық) өзгеріссіз күйде шығарылады. Артық дозаланғанда тиамин мен пиридоксиннің ішек арқылы шығарылуы едәуір жоғарылайды. Цианокобаламин (витамин В12) негізінен өтпен шығарылады, бүйрекпен шығарылуы – 6-дан 30%-ға дейін өзгеріп тұрады.
фармакодинамикасы
Құрамында В тобының витаминдері бар біріктірілген поливитаминдік препарат. Фармакологиялық әсері препараттың құрамына кіретін витаминдердің қасиеттеріне негізделген.
Тиамин (витамин В1) адам ағзасында фосфорилдену үдерістерінің нәтижесінде кокарбоксилазаға айналады, бұл көптеген ферменттік реакциялардың коферменті болып табылады. Тиамин көмірсу, ақуыз және май алмасуында маңызды рөл атқарады. Синапстардағы жүйке қозуын жүргізу үдерістеріне белсенді қатысады. В1 витамині тапшылығы сүт және пирожүзім қышқылдарының жинақталуына алып келеді, соның нәтижесінде полиневриттердің, бери-бери ауруының, Вернике энцефалопатиясы мен Корсаков синдромының, полиневропатия, жүрек қызметі бұзылуының, асқазан-ішек зақымдануларының (ойық жаралы колит, созылмалы іш өтуі) дамуы мүмкін.
Пиридоксин (витамин В6) орталық және шеткергі жүйке жүйесінің қалыпты қызмет атқаруы үшін қажет. Фосфорилденген күйде аминқышқылдары метаболизмінде (декарбоксилдену, қайта аминдену және т.б.) кофермент болып табылады. Негізгі жүйке тіндеріндегі маңызды ферменттердің коферменті ретінде жүреді. Нейромедиаторлар: допамин, норадреналин, адреналин, серотонин, гистамин және гамма-аминобутир қышқылының биосинтезіне қатысады. B6 витамині тапшылығы тағаммен жеткілікті қабылданбағанда, ішекте сіңірілуі бұзылғанда, оның антагонистері болып табылатын дәрілерді қабылдағанда, сәулемен емдеуде болуы мүмкін. Жеткіліксіздік симптомдары көз айналасының, мұрынның себореяға ұқсас зақымдануы, глоссит, стоматит; шеткергі неврит, құрысулар (гамма-аминомай қышқылының концентрациясы төмен болғандықтан), өте сирек анемия болып табылады.
Цианокобаламин (витамин В12) қалыпты қан түзілу мен эритроциттердің жетілуі үшін қажет, сондай-ақ, адамның тіршілік әрекетін қамтамасыз ететін биохимиялық реакциялардың бірқатарында – метильді топтардың тасымалы, нуклеин қышқылдарының, ақуыздың синтезіне, аминқышқылдардың, көміртегінің, липидтердің алмасуына қатысады. Жүйке жүйесіндегі үдерістерге (РНҚ, ДНҚ синтезі, миелиннің және цереброзидтер мен фосфолипидтердің липидтік құрамы) жағымды ықпал етеді. Цианокобаламиннің коферменттік түрлері – метилкобаламин мен аденозилкобаламин жасушалардың репликациясы мен өсуі үшін қажет. B12 витаминінің тапшылығы гемопоэтикалық және жүйке жүйесі тарапынан болатын симптомдармен білінеді. Гемопоэз тиімсіз бола бастайды және эритропоэз мегалобластылы болады, ал ауыр жағдайларда панцитопения дамиды. Жүйке жүйесінде қайтымсыз зақымданулар - демиелинизация, жұлын мен ми қыртысындағы нейрондардың жойылуы басталуы мүмкін, бұл аяқ-қолдардың парестезияларымен, жүріс-тұрыс тұрақсыздығымен, кейбір рефлекстердің бұзылуымен және кешеуілдеген сатысында – психикалық шатасумен, елестеулермен, шапшаң және ауыспалы көңіл-күймен, жадының, көрудің жоғалуымен және тіпті психозбен де білінеді.
Қолданылуы
- шығу тегі әр түрлі полинейропатияларда (диабеттік, алкогольдік, уытты, дәрілік)
- невриттер мен невралгияларда
- омыртқаның дегенеративті өзгерістерінен туындаған түбіршектік синдромда
- ишиаста, люмбагода
- плекситтерде
- қабырғааралық невралгияда
- үштармақты жүйкенің невралгиясында
- бет жүйкесінің салдануындае
Қолдану тәсілі мен дозалары
Ересектерге 1 таблеткадан тәулігіне 1-3 рет. Таблеткаларды тамақтан кейін, шайнамай және мол сұйықтық мөлшерімен ішіп қабылдау керек. Курс ұзақтығы әдетте 2-3 аптаны құрайды (дәрігердің ұсынымы бойынша).
Жағымсыз әсерлері
Сирек:
- жүрек айнуы
- тахикардия
- қышу, есекжем
Өте сирек:
- В6 витаминінің артық дозаларын қолданғанда сезімталдықтың бұзылуы
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың құрамдас бөліктеріне асқын сезімталдықта
- жедел тромбоэмболияда
- эритроцитоз және эритремияда
- жүктілік пен лактация кезеңінде
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Неуробекс® Форте мен леводопаны бір мезгілде қолданғанда, леводопаның паркинсон ауруына қарсы тиімділігінің төмендеуі байқалады. Этанолмен бірге қолданғанда, тиаминнің сіңірілуі күрт төмендейді (қандағы деңгейі 30%-ға дейін төмендейді). Неуробекс® Фортемен біріктіріп, құрысуға қарсы препараттармен ұзақ емдеу (фенобарбиталмен, фенитоинмен, карбамазепинмен) тиамин тапшылығына алып келуі мүмкін. Неуробекс® Форте мен колхицинді немесе бигуанидтерді бір мезгілде қолданғанда, цианокобаламиннің сіңірілуі төмендегені байқалады. Неуробекс® Фортені қабылдау кезінде құрамында В тобының витаминдері бар поливитаминдер кешенін қабылдау ұсынылмайды.
Айрықша нұсқаулар
Ауыр және жедел түрдегі декомпенсацияланған жүрек жеткіліксіздігі мен стенокардиясы бар науқастарда аса сақтықпен қолдану керек.
Препараттың жоғары дозаларымен 4 аптадан астам уақыт бойы емдеуге болмайды. Сирек жағдайларда В6 витаминінің жоғары дозалары шеткергі сенсорлық невропатияға алып келеді, әдетте бұл препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін жойылады.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Препарат автокөлік басқару мен техниканы пайдалану қабілетіне әсер етпейді.
Артық дозаланғанда
Белгілері: жүйке қозуы, тахикардия, жүрек тұсының ауыруы.
Емі: асқазанды шаю, белсенділендірілген көмірді енгізу, симптоматикалық дәрілерді қолдану. Изониазид В6 витаминінің у қайтарғысы болып табылады.
Шығарылу түрі мен қаптамасы
10 таблеткадан поливинилхлоридті үлбір мен алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға қаптайды.
3 немесе 6 пішінді ұяшықты қаптамадан мемлекеттік және орыс тілдеріндегі медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салады.
Сақтау шарттары
25оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
ПТ Актавис, Индонезия
ДжЛ. Рая Богор Км. 28, Джакарта, 13710, Индонезия
Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі
«Актавис Групп», Исландия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
Алматыдағы «Актавис Интернешнл Лтд.» өкілдігі
Қазақстан Республикасы, 050009, Алматы қ-сы, Мұқанов к-сі, 241, 1-а кеңсесі.
Тел./факс: 8 (727) 313-74-30, 313-74-32, 313-74-33
Электронды поштасы: actavis@actavis.kz; сайт: www.actavis.com