Нексиум® (40мг, лиофилизат для приготовления раствора)

Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Нексиум
Халықаралық патенттелмеген атауы
Эзомепразол
Дәрілік түрі
Көктамыр ішіне енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған лиофилизат
Құрамы
белсенді зат - 40 мг эзомепразолға баламалы 42.5 мг натрий эзомепразолы
қосымша заттар: 1.5 мг этилендиаминтетрасірке қышқылының екі натрий тұзы, натрий гидрототығы 0.2-1.0, инъекцияға арналған азот, инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Ақтан ақ дерлік түске дейінгі лиофилизат.
Фармакотерапиялық тобы
Ойық жараға қарсы препараттар және гастроэзофагеальді рефлюксті емдеуге арналған препараттар (GORD). Протонды сорғы тежегіштері. Эзомепразол.
АТХ коды А02ВС05
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Таралуы
Дені сау адамдарда тепе-тең концентрациясы кезіндегі таралу көлемі шамамен дене салмағына 0,22 л/кг құрайды. Эзомепразол плазма ақуыздарымен 97% байланысады.
Метаболизмі және шығарылуы
Эзомепразол Р450 (СҮР) цитохромы жүйесінің қатысуымен толық метаболизмге ұшырайды. Негізгі бөлігі спецификалық полиморфты СҮР2С19 изоформасының қатысуымен метаболизденеді, бұл орайда эзомепразолдың гидрокси- және десметилденген метаболиттері түзіледі. Қалған бөлігінің метаболизмі СҮР3А4 басқа спецификалық изоформасымен жүзеге асады; осы орайда плазмада анықталатын негізгі метаболит - эзомепразол сульфотуындысы түзіледі.
Төменде келтірілген параметрлер, негізінен, CYP2C19 белсенді ферменті бар емделушілердегі (метаболизмі жылдам емделушілер) фармакокинетика сипатын көріністейді.
Жалпы плазмалық клиренс препаратты бір рет қабылдағаннан кейін шамамен сағатына 17 л және қайта қабылдаулар кезінде сағатына 9 л құрайды. Жартылай шығарылу кезеңі препаратты тәулігіне бір рет қайта қабылдаған кездерде 1,3 сағат құрайды. Қайта енгізгенде «концентрация - уақыт» қисығы астындағы ауданы (АUС) ұлғаяды. Бұл ұлғаю дозаға және уақытқа тәуелді болып, ол бауыр арқылы алғаш өту кезіндегі метаболизм төмендеуінің, сондай-ақ эзомепразолдың және/немесе оның сульфоқұрамды метаболитінің CYP2C19 ферментін тежеуінен туындауы ықтимал жүйелі клиренс төмендеуінің салдары болып саналады.
Препаратты тәулігіне бір рет күн сайын енгізгенде эзомепразол енгізулер арасындағы үзілісте плазмадан толық шығарылады, препараттың жинақталу үрдісі білінбейді.
40 мг дозадағы эзомепразол көктамыр ішіне қайта енгізілгенде плазмадағы жоғары шекті орташа концентрациясы шамамен 13,6 мкмоль/л құрайды. Осыған ұқсас дозаларды ішке қабылдағанда орташа плазмалық жоғары шекті концентрациясы 4,6 мкмоль/л құрайды. Эзомепразол көктамыр ішіне енгізілгенде, ішу арқылы қабылдаумен салыстырғанда, жалпы экспозициясы (шамамен 30%) біршама аз ұлғаяды.
Эзомепразолды 30-минуттық инфузия түрінде (40 мг, 80 мг және 120 мг) көктамыр ішіне енгізгеннен кейін дозаға байланыссыз AUC ұлғаюы байқалып, әріқарай 23,5 сағатқа созылатын инфузияға (4 мг/сағ. немесе 8 мг/сағ.) ұласады.
Эзомепразолдың негізгі метаболиттері асқазандағы қышқыл сөлінісіне әсер етпейді. Препараттың 80%-ға дейінгі дозасын ішу арқылы қолданғанда метаболиттер түрінде несеппен, қалған бөлігі нәжіспен шығарылады. Өзгермеген эзомепразолдың 1%-дан азы несептен табылады.
Емделушілердің кейбір топтарындағы фармакокинетика ерекшеліктері
Тұрғындардың шамамен 1-2-да (метаболизмі баяу емделушілер) СҮР2С19 ферментінің белсенділігі төмендеген. Мұндай емделушілерде эзомепразол метаболизмі, негізінен, СҮР3А4 көмегімен жүзеге асады, ал 40 мг эзомепразол тәулігіне бір рет қайта ішке қабылданғанда «концентрация - уақыт» қисығы астындағы орташа ауданы CYP2C19 ферменті белсенді емделушілерде (метаболизмі жылдам емделушілер) 100% жоғары. Метаболизмі баяу емделушілерде плазмадағы жоғары шекті концентрацияларының орташа мәндері шамамен 60 жоғарылаған. Ұқсас айырмашылықтары эзомепразолды көктамыр ішіне енгізгенде анықталған. Аталған ерекшеліктер эзомепразолды дозалауға және қолдану тәсіліне ықпал етпейді
Егде жастағы емделушілерде (71-80 жас) эзомепразол метаболизмі елеулі өзгермейді.
Бауыр функциясы жеңіл және орташа бұзылған емделушілерде эзомепразол метаболизмі бұзылуы мүмкін. Бауыр функциясының ауыр бұзылуы бар емделушілерде метаболизм жылдамдығы төмендеген, бұл эзомепразолға тән «концентрация - уақыт» қисығы астындағы ауданның екі еселенуіне әкеледі. Сондықтан бауыр функциясы ауыр бұзылған емделушілерге арналған эзомепразолдың ең жоғары дозасы тәулігіне 20 мг құрайды және оны одан асырмау керек. Препаратты тәулігіне бір рет енгізгенде эзомепразол мен оның негізгі метаболиттерінің жинақталу үрдісі болмайды.
Бүйрек функциясы төмендеген емделушілердің фармакокинетикасына зерттеу жүргізілмеген. Бүйрек арқылы эзомепразолдың өзінің емес, оның метаболиттерінің шығарылуы жүзеге асатындықтан, бүйрек функциясы бұзылған емделушілердегі эзомепразол метаболизмі өзгермейді деп жорамалдауға болады.
Фармакодинамикасы
Нексиум омепразолдың S-изомері болып табылады және париетальді жасушаларда қышқыл сорғысын спецификалық тежеу жолымен асқазандағы тұз қышқылының сөлінісін азайтады. Омепразолдың S- және R-изомерлері ұқсас фармакодинамикалық белсенділік иеленген.
Әсер ету механизмі
Нексиум әлсіз негіз болып табылады, асқазан шырышты қабығының париетальді жасушалары сөл бөлетін өзекшелерінің аса қышқылды ортасында шоғырланады және белсенді түрге ауысады, әрі қышқылды сорғы – Н+ К+-АТФаза ферментін тежейді, бұл орайда қышқылдың әрі базальді, әрі көтермеленген сөлінісінің тежелуі болады.
Асқазандағы қышқыл сөлінісіне әсері
Гастро-эзофагеальді рефлюкс ауруына (ГЭРА) шалдыққан, белгілері бар емделушілер 5 күн бойы эзомепразолды 20 мг немесе 40 мг дозада қабылдағаннан кейін 24 сағаттың орташа алынған 13 және 17 сағатында асқазандағы рН мәні 4-тен жоғары болды.
Фармакокинетикалық деректерді талдау ішке қабылдағаннан кейін қышқыл сөлінісін тежеу мен плазмадағы препарат концентрациясының арасындағы өзара байланысты анықтауға мүмкіндік берді (концентрацияны бағалау үшін AUC - «концентрация-уақыт» қисығы астындағы аудан параметрі пайдаланылды).
23,5 cағатқа созылатын 8 мг/сағат ұзақ көктамырішілік инфузияның алдында 30 минут бойы 80 мг эзомепразол болюстік инфузия түрінде көктамыр ішіне енгізілгенде сау еріктілердегі 4-тен жоғары және 6-дан жоғары асқазанішілік рН мәні, тиісінше, 24 сағаттың орташа алғанда 21 сағаты және 11-13 сағатында сақталды.
Қышқыл сөлінісін тежеу нәтижесінде жетуге болатын емдік тиімділік
40 мг дозадағы Нексиуммен емдегенде рефлюкс-эзофагиттің жазылуы шамамен 78% емделушілерде емнің 4 аптасынан соң және 93% емделушілерде емнің 8 аптасынан соң басталады.
Қолданылуы
Көктамыр ішіне енгізуге арналған Нексиум ішу арқылы ем жүргізу мүмкін болмаған кезде оның баламасы ретінде көрсетілген:
- эзофагиті және\немесе рефлюксті аурудың айқын белгілері бар емделушілердегі гастро-эзофагеальді рефлюкс ауруы
- қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды (ҚҚСП) қабылдаумен байланысты пептикалық ойық жараларды емдеу және алдын алу
- асқазанның немесе он екі елі ішектің ойық жарасынан жедел қан кетуді эндоскопиялы емдегеннен кейін емделушілерде қайта қан кету дамуының алдын алу.
Қолдану тәсілі және дозалары
Ересектер
Ішу арқылы ем жүргізу мүмкін болмаған емделушілерге тәулігіне 1 рет 20 - 40 мг дозада парентеральді Нексиум ұсынуға болады.
Рефлюкс-эзофагиті бар емделушілерге эзомепразол 40 мг дозада тәулігіне 1 рет ұсынылады. ГЭРА белгілерін емдеу үшін Нексиум тәулігіне 1 рет 20 мг дозада қолданылады.
ҚҚСП қабылдаумен байланысты пептикалық ойық жараларды емдеу және алдын алу үшін тәулігіне 1 рет 20 мг дозадағы Нексиум ұсынылады.
Әдетте, көктамырішілік түрмен емдеу кезеңі ұзаққа созылмайды, емделушіні препаратты ішу арқылы қабылдауға мүмкіндігінше жылдам көшіру керек.
Инъекциялар
40 мг доза
Нексиумнің әзірленген ерітіндісі көктамыр ішіне кемінде 3 минут ішінде енгізіледі.
20 мг доза
Эзомепразолдың 1/2 әзірленген ерітіндісі көктамыр ішіне кемінде 3 минут ішінде енгізіледі. Ерітіндінің пайдаланылмаған қалдықтары жойылуы тиіс.
Инфузиялар
40 мг доза
Эзомепразолдың әзірленген ерітіндісі көктамырішілік инфузия түрінде 10-30 минут ішінде енгізіледі.
20 мг доза
Эзомепразолдың 1/2 әзірленген ерітіндісі көктамырішілік инфузия түрінде 10-30 минут ішінде енгізіледі. Ерітіндінің пайдаланылмаған қалдықтары жойылуы тиіс.
Асқазанның немесе он екі елі ішектің ойық жарасынан жедел қан кетуді эндоскопиялы емдеуден кейін емделушілерде қайтадан қан кету дамуының алдын алу
Асқазанның немесе он екі елі ішектің ойық жарасынан жедел қан кетуді эндоскопиялы емдегеннен кейін препарат дозасы 80 мг құрайды, ол 30 минут ішінде болюсті инфузия түрінде енгізіледі, одан кейін сағатына 8 мг дозада 3 күн бойы (72 сағат) ұзақ көктамырішілік инфузия жүргізіледі.
80 мг-ге тең болюсті дозалау
Әзірленген эзомепразол ерітіндісі ұзақ көктамырішілік инфузия түрінде 30 минут бойы енгізіледі.
8 мг/сағ. дозасы
Әзірленген эзомепразол ерітіндісі 71,5 сағат ішінде ұзақ көктамырішілік инфузия түрінде енгізіледі (инфузияның есепті жылдамдығы – 8 мг/сағ.).
Ойық жарадан қан кету
Ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі бауыр функциясының бұзылуы бар емделушілерде Нексиум дозасын реттеу қажет емес. Бауыр функциясы ауыр бұзылған емделушілерде болюсті инфузия түрінде енгізілген бастапқы 80 мг дозалаудан кейін 71,5 сағат ішінде сағатына 4 мг ұзақ көктамырішілік ұзақ инфузиямен шектелген дұрыс.
Балалар
Қолданылуы жөніндегі деректердің болмауына орай, балаларда Нексиум қолдану ұсынылмайды.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Бүйрек функциясы бұзылған емделушілерде Нексиум дозасын реттеу қажет емес. Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр емделушілерде Нексиум қолдану тәжірибесінің шектеулі екеніне орай, осындай емделушілерді емдегенде сақтық шарасын қадағалау керек.
Бауыр функциясының бұзылуы
Ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі бауыр функциясының бұзылуы бар емделушілерде Нексиум дозасын реттеу қажет емес. Бауыр функциясы ауыр бұзылған емделушілерде ең жоғары тәуліктік доза 20 мг құрайды.
Егде жастағы емделушілер
Егде жастағы емделушілерде Нексиум дозасын реттеу қажет емес.
Ерітінді дайындау
Инъекциялар
Инъекцияға арналған ерітінді Нексиум бар құтыға көктамыр ішіне енгізуге арналған 5 мл 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісін қосу арқылы дайындалады.
Әзірленген ерітінді мөлдір болуы тиіс, түсті гаммасы түссізден бозғылт-сары түске дейін құбылады.
20 мг эзомепразол тағайындалғанда әзірленген ерітіндінің жартысы енгізіледі. Ерітіндінің пайдаланылмаған қалдықтары жойылуы тиіс.
Инфузиялар
Инфузиялық ерітінді Нексиум бар бір құтының ішіндегісін көктамыр ішіне енгізуге арналған 100 мл 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісінде еріту арқылы әзірленеді.
20 мг эзомепразол тағайындалғанда әзірленген ерітіндінің жартысы енгізіледі.
80 мг инфузиялар. Инфузиялық ерітінді 40 мг Нексиум бар екі құтының ішіндегісін көктамыр ішіне енгізуге арналған 100 мл 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісінде еріту арқылы әзірленеді. Ерітіндінің пайдаланылмаған қалдықтары жойылуы тиіс.
Сұйылтылған эзомепразол ерітіндісі түссізден бозғылт-сары түске дейінгі мөлдір сұйықтық түрінде болады.
Дайындалған ерітіндіні (инъекция үшін және инфузия үшін) басқа дәрілік заттармен бірге араластыруға немесе енгізуге болмайды. Қолданар алдында ерітіндіде көрінетін механикалық қоспалардың болмауын және түсінің өзгерісін көзбен қарап бағалау керек. Тек мөлдір ерітіндіні пайдалануға болады. Дайындалған ерітіндіні әзірлегеннен кейін бірден (микробиологиялық көзқарас тұрғысынан) енгізу ұсынылады. Дайындалған ерітіндіні 12 сағат ішінде пайдаланған жөн. 30С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Жағымсыз әсерлері
Жиі ( 1/100, 1/10)
- бас ауыру
- жүрек айну, іштің ауыруы, диарея, метеоризм, құсу, іш қату
Жиілігі аз ( 1/1000, 1/100)
- дерматит, қышыну, есекжем, бөртпе
- бас айналу
- ауыз ішінің кеберсуі
- ұйқысыздық, парестезия, ұйқышылдық
- «бауыр» ферменттері белсенділігінің жоғарылауы
- шеткергі ісінулер
- анық көрмеу
Сирек ( 1/10000, 1/1000)
- лейкопения, тромбоцитопения
- аллергиялық реакциялар: қызба, ангионевротикалық ісіну, анафилактикалық реакция/анафилактикалық шок
- қозу, депрессия, дімкәстану, абыржу
- дәм сезінудің нашарлауы
- гипонатриемия
- бронх түйілуі
- стоматит және асқазан-ішектік кандидоз
- сарғаюмен (немесе онсыз) гепатит
- фотосенсибилизация, алопеция
- артралгиялар, миалгиялар
- тершеңдік
Өте сирек ( 1/10000)
- агранулоцитоз, панцитопения
- елестеулер (негізінен әлсіз емделушілерде), озбыр мінез-құлық
- бауыр жеткіліксіздігі, бауыр аурулары бар емделушілердегі энцефалопатия
- мультиформалы экссудаттық эритема
- Стивенс-Джонсон синдромы
- уытты эпидермалық некролиз
- бұлшықет әлсіздігі
- интерстициальді нефрит
- гинекомастия
- гипомагнезиемия, ауыр гипомагнезиемия гипокальциемияға алып келуі мүмкін
- микроскопиялық колит
Қатерлі ахуалдағы емделушілерге омепразолды көктамыр ішіне енгізгенде, әсіресе жоғары дозаларын енгізгенде көрудің қайтымсыз нашарлауының жекелеген жағдайлары жөнінде хабарланған, препарат қабылдаумен себептік байланысы анықталмаған.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- эзомепразолға, алмастырылған бензимидазолдарға немесе препараттың басқа ингредиенттеріне белгілі жоғары сезімталдық
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге (қауіпсіздігі мен тиімділігі жөніндегі деректердің болмауына орай)
- нелфинавирмен бірге қолдану
- лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Эзомепразолдың басқа дәрілік препараттар фармакокинетикасына әсері
Эзомепразолмен және басқа ППТ-мен емдеу аясында асқазан сөлі қышқылдылығының бәсеңдеуі сіңуі қышқылды ортаға тәуелді препараттардың сіңірілу өзгерісіне әкеледі. Эзомепразол, асқазандағы қышқыл сөлінісін төмендететін басқа препараттар сияқты, кетоконазол, интраконазол және эрлотиниб сіңірілуінің төмендеуіне алып келеді.
Сонымен қатар, эзомепразол дигоксинмен бірге қабылданғанда соңғысының концентрациясын арттыра алады. ППТ мен метотрексат бірге қабылданған кезде кейбір емделушілерде концентрацияның көтерілуі болады. Жоғары дозаларда метотрексат қолданғанда эзомепразол қабылдауды тоқтата тұру қажет.
Атазанавир мен нелфинавир омепразолмен бір мезгілде қабылданған жағдайларда сарысуда осы препараттар деңгейінің төмендеуі болды, сондықтан оларды үйлестіріп қолданудан аулақ болу керек. Тәулігіне бір рет 40 мг дозадағы омепразол мен 300 мг атазанавир/100 мг ритонавирді бірге тағайындау AUC мәндерінің, сондай-ақ атазанавирдің ең жоғары және ең төмен концентрацияларының едәуір төмендеуіне әкелді. Атазанавир дозасын 400 мг дейін арттыру омепразолдың атазанавир концентрациясына ықпал етуінің орнын толтырған жоқ. Cондықтан эзомепразолды атазанавирмен бірге тағайындауға болмайды, ал эзомепразол мен нелфинавирді бір мезгілде тағайындауға мүлде жол берілмейді.
Нексиум өзінің метаболизміне қатысатын негізгі СҮР2С19 ферментін тежейді. Эзомепразолды метаболизміне СҮР2С19 қатысатын диазепам, циталопрам, имипрамин, кломипрамин, фенитоин және т.б. сияқты басқа препараттармен бірге қолдану плазмада осы препараттар концентрацияларының жоғарылауына әкеліп, дозаны азайтуды талап етеді. 30 мг Нексиум мен диазепамды ішу арқылы бірге қабылдаған кезде СҮР2С19 субстраты болып табылатын диазепам клиренсі 45 төмендейді.
Ішуге арналған 40 мг дозадағы Нексиум мен фенитоинді бірге қабылдағанда эпилепсияға шалдыққан емделушілерде плазмадағы фенитоиннің қалдық концентрациясы 13 жоғарылады. Осыған орай, эзомепразолмен емдей бастағанда және оны тоқтатқанда плазмадағы фенитоин концентрациясын бақылау ұсынылады.
Ішуге арналған 40 мг дозадағы Нексиум варфарин алатын емделушілерге тағайындалғанда коагуляция уақыты рұқсатты мәндер шегінде қалды. Алайда варфарин мен эзомепразолды бірге қолданғанда ХҚҚ (халықаралық қалыптастырылған қатынас) индексінің клиникалық маңызды артуының бірнеше жағдайлары жөнінде хабарланды. Осыған орай, осы препараттарды бірге қолдану басталғанда және аяқталғанда мониторинг жасау ұсынылады.
40 мг дозадағы Нексиум мен цизапридті ішу арқылы бірге қабылдау «концентрация – уақыт» қисығы астындағы аудан (AUC) шамасын 32% ұлғайтты және цизапридке тән жартылай шығарылу кезеңін (t1/2) 31% ұзартты; цизапридтің плазмадағы жоғары шекті концентрациялары осы орайда елеулі өзгермеген. Цизаприд монотерапиясы кезінде байқалған QT аралығының мардымсыз ұзаруы эзомепразолды қосқан кезде ұлғаймаған.
Нексиумнің амоксициллин мен хинидин фармакокинетикасының клиникалық елеулі өзгерістерін туындатпайтыны көрсетілген.
Эзомепразолмен бірге тағайындау сарысудағы такролимус концентрациясының жоғарылауына алып келді.
Көктамыр ішіне үлкен дозаларды (80 мг + 8 мг/сағ.) енгізген кезде эзомепразолдың дәрілік өзара әрекеттесулеріне in vivo зерттеу жүргізілмеген. Метаболизміне CYP2C19 қатысатын препараттарға эзомепразол көрсететін тиімді әсер препаратты көктамыр ішіне енгізген кезде айқындау болады, сондықтан жағымсыз әсерлерді дер мезгілінде анықтау мақсатында көктамыр ішіне енгізетін сәттен бастап 3 күн бойы емделушілерді мұқият қадағалау керек.
Нексиум фармакокинетикасына дәрілік препараттардың әсері
Нексиум метаболизміне CYP2C19 және CYP3A4 қатысады. Нексиум мен CYP3А4 тежегішін, кларитромицинді (тәулігіне 2 рет 500 мг) ішу арқылы бірге қолдану эзомепразолға тән AUC мәнінің екі есе артуына алып келеді. Эзомепразолды және біріктірілген CYP3А4 және CYP2C19 тежегішін, мысалы вориконазолды бірге қолдану Нексиумге тән AUC мәнінің 2 еседен де артық ұлғаюына әкеп соқтырады. Мұндай жағдайларда Нексиум дозасын реттеу қажет емес. Дегенмен, бауыр қызметі ауыр бұзылған емделушілерде ұзақ емдеу тағайындалғанда дозалауды реттеу қажет болады.
Айрықша нұсқаулар
Кез келген үрейлену белгілері орын алғанда (мысалы, дене салмағын күрт едәуір жоғалту, қайта-қайта құсу, дисфагия, қан аралас құсу немесе мелена), сондай-ақ асқазанның ойық жарасы болғанда (немесе асқазан ойық жарасынан күдіктенгенде) қатерлі жаңа түзілімнің бар-жоғын анықтаған дұрыс, өйткені Нексиуммен емдеу белгілердің тегістелуіне әкеліп, диагноз қойылуын кешеуілдетуі мүмкін.
Сақтықпен: ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге.
Протондық помпа тежегіштерімен емдеу Salmonella мен Campylobacter туғызатын асқазан-ішек жұқпаларының пайда болу қаупінің болымсыз артуына алып келеді. Сөл бөлуге қарсы препараттарды ұзақ уақыт аралығы кезінде қабылдайтын емделушілердің асқазанында бездік кисталардың түзілуі жиі болады. Бұл құбылыстар қышқыл сөлінісін айқын тежеу нәтижесінде болатын физиологиялық өзгерістермен шартталған. Кисталар қатерсіз және қайтымды сипатта болады.
Жүктілік және лактация кезеңі
Қазіргі уақытта эзомепразолды жүктілік кезеңінде қолдану жөніндегі деректер шектеулі. Препаратты жүктілік кезеңінде ана үшін күтілетін пайдасы ұрыққа төнетін болжамды қауіптен басым болған жағдайда ғана тағайындау керек.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Дәрілік заттың жағымсыз әсерлерін ескере отырып, көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқарған кезде сақтық шарасын қадағалау керек.
Артық дозалануы
Симптомдары: жағымсыз әсерлердің күшеюі.
Емі: белгілеріне қарай. Арнайы у қайтарғылары белгісіз. Нексиум плазма ақуыздарымен байланысады, сондықтан диализдің тиімділігі аз.
Шығарылу түрі және қаптамасы
40 мг белсенді заттан резеңке тығынмен тығындалған және полипропиленнен жасалған дискісі бар алюминий қалпақшамен қаусырылған көлемі 5 мл түссіз шыны құтыларға құйылады.
Қағаз штативтегі 10 құты медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.
Сақтау шарттары
Түпнұсқалық қаптамасында, жарықтан қорғалған жерде 250С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Картон пәшкеге салынбаған құтыны бөлме жарығында 24 сағаттан асырмай сақтауға болады.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
АстраЗенека АБ, SE 151 85 Содерталье, Швеция
Тіркеу куәлігінің иесі
АстраЗенека АБ, SE 151 85 Содерталье, Швеция
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«АстраЗенека ЮК Лимитед»ЖАҚ өкілдігі
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, 05000, Наурызбай батыр к-сі 31, «Премиум» бизнес орталығы, № 84 кеңсе
Телефон: +7 727 226 25 30, факс: +7 727 226 25 29
e-mail: Aigul.Doszhanova@astrazeneca.com
Нексиум - АстраЗенека компания тобының меншігі болып табылатын сауда белгісі.