Морфин лонг

МНН: Морфина гидрохлорида тригидрат
Производитель: Московский эндокринный завод ФГУП
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Morphine
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№025813
Информация о регистрации в РК: 23.05.2022 - 23.05.2027

Инструкция

Саудалық атауы

Морфин лонг

Халықаралық патенттелмеген атауы

Морфин

Дәрілік түрі, дозалануы

Босап шығуы ұзаққа созылатын, үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар,10 мг, 30 мг, 60 мг, 100 мг

Фармакотерапиялық тобы

Жүйке жүйесі. Анальгетиктер. Апиындар. Апиынның табиғи алкалоидтары. Морфин.

ATX коды N02AA01

Қолданылуы

Ересектер

– айқын және созылмалы ауырсыну синдромын ұзақ уақытқа басу.

Жедел ауырсыну синдромын басу үшін қолданылмайды («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).

Қолданудың басталуына дейінгі қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

– морфинге, басқа апиындарға немесе препараттың қосымша заттарының кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

– тыныс алудың тарылуы

– бассүйек-ми жарақаты

– ішектің салданып бітелуі (илеус)

– диагноз қойылғанға дейін ішперде қуысы ағзаларының жедел хирургиялық аурулары

– асқазаннан баяу эвакуация

– бронхтың обструкциялық аурулары

– бауырдың жедел аурулары

– моноаминоксидаза (МАО) тежегіштерімен емдеу аясында немесе оны тоқтатқаннан кейін 2 апта ішінде

– операция алдындағы кезеңде немесе операциядан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде

– галактозаның тұқым қуалайтын жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы

– 18 жасқа дейінгі балалар

– жүктілік және бала емізу кезеңі

Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары

Препаратты қабылдар алдында, егер Сізге келесі аурулар/жағдайлар диагнозы қойылса немесе жоғарыда көрсетілгендердің бірі Сізге қатысты болса дәрігерге хабарлаңыз:

– тыныс алу функциясы бұзылса, ауыр ағымды бронх демікпесінде;

– құрысу синдромы;

бассүйекішілік қысымның жоғарылауы;

– гиповолемиямен гипотензия;

– ауыр ағымды «өкпелік» жүрек;

– жедел алкогольдік улану, алкогольді делирий;

– дәрілік заттарды шамадан тыс пайдалану немесе дәрілік тәуелділік, оның ішінде апиынға тәуелділік;

– өт шығару жолдарының аурулары;

– панкреатит;

– бүйрек ауруы және/немесе несеп шығару жүйесі тарапынан басқа да бұзылулар;

– бауырдың созылмалы ауруы;

– ішектің салданып бітелуінің даму қаупі, созылмалы іш қату;

– ішектің қабыну аурулары;

– қуықасты безінің гипертрофиясы;

– бүйрекүсті безі қыртысының жеткіліксіздігі;

– операциядан кейінгі кезең және ішперде қуысы ағзаларына хирургиялық араласудан кейін.

Егер жоғарыда айтылғандар Сізге қатысты екеніне сенімді болмасаңыз, препаратты қабылдар алдында дәрігермен кеңесіңіз.

Морфин лонг препараты ауырсыну синдромын шұғыл емдеуге жарамайды.

Морфин лонг таблеткаларын бөлшектеуге, ұсақтауға болмайды.

Алкоголь морфиннің фармакодинамикалық әсерін күшейтетіндіктен, алкогольді ішімдіктер мен құрамында алкоголь бар дәрілік заттарды қолданудан аулақ болу керек.

Морфинді ішектің салданып бітелуі (илеус) пайда болуы мүмкін жағдайларда қолдануға болмайды. Илеустің туындау қаупі төнген жағдайда морфинді пайдалануды дереу тоқтату керек.

Бассүйекішілік қысымы жоғары пациенттерде морфиннің қолданылуын бақылау қажет. Тыныс алудың тарылуы және бассүйекішілік қысымның одан әрі көтерілу ықтималдығы жоғары. Санасы шатасқан немесе комадағы пациенттерде морфинді қолданудан аулақ болу керек.

Жүрекке операция жасалуы болжанған немесе операциядан кейінгі қарқынды ауырсыну синдромы бар басқа операция жасалатын пациенттерде морфинді қолдануды операциядан 24 сағат бұрын тоқтату керек. Егер соңынан терапия жүргізу көрсетілсе, онда дозалау режимі операцияның ауырлығын ескере отырып таңдалады.

Жүрек айнуы мен құсу пайда болған кезде фенотиазин туындыларымен біріктірілімді қолдануға болады.

Компенсацияланған тыныс алу жеткіліксіздігі жағдайында тыныс алу жиілігін мұқият бақылау қажет. Ұйқышылдық декомпенсацияның ескерту белгісі болып табылады.

Қуық асты безі мен қуық аурулары болған кезде несептің кідіру қаупі болуы мүмкін.

Морфин препараттарының ішекке (іш қатуға) жанама әсерін азайту үшін жүйелі профилактикалық емдеу қажет; іш жүргізетін дәрілерді қолдану керек.

Орталық жүйке жүйесіне (ОЖЖ) әсер ететін препараттарды (антигистаминдік, ұйықтататын дәрілерді, психотроптық дәрілерді, антихолинергиялық, басқа да ауырсынуды басатын препараттарды) бірге тағайындау жанама әсерлердің қаупін арттырады; оларды қолдануға дәрігердің рұқсатымен және бақылауымен ғана жол беріледі.

Орталықтан әсер ететін басқа анальгетиктерді бір мезгілде тағайындаған кезде морфиннің дозасын азайту керек, өйткені бұл жағдайда тыныс алудың кенеттен тоқтап қалу қаупі бар.

Спортшылардың назарын осы препараттың құрамында әсер ететін зат, допингтердің тізіміне кіретін морфин бар екендігіне аудару керек.

Тәуелділік және «тоқтату» синдромы

Апиынды анальгетиктерді қабылдаған барлық пациенттер ерекше бақылауды қажет етеді, тіпті тиісті медициналық қолданған кезде де есірткіге тәуелділіктің даму қаупі бар. Анамнезінде алкогольді немесе дәрілік заттарды шамадан тыс пайдалануы көрсетілген пациенттерге препаратты ерекше сақтықпен қолдану керек.

Терапияны күрт тоқтатқан кезде, бірнеше сағаттан кейін «тоқтату» синдромының дамуы мүмкін («Тоқтату» синдромы симптомдары қаупінің бар екенін көрсету» бөлімін қараңыз).

Серотонин синдромы

Морфинді серотонергиялық дәрілік препараттармен (бас сақинасына қарсы дәрілік заттармен және антидепрессанттармен) бір мезгілде қолдану өмірге қауіп төндіретін жағдай болып табылатын серотонин синдромының туындау қаупін арттыруы мүмкін. Бұл препаратты ұсынылған дозалар ауқымында қолданғанда да орын алуы мүмкін.

Серотонин синдромының симптомдары психикалық жағдайдың өзгеруін (мысалы, қозу, елестеулер, кома), вегетативті жүйке жүйесінің бұзылуын (мысалы, тахикардия, лабильді артериялық қысым (АҚ), гипертермия), жүйке-бұлшықет патологияларын (мысалы, гиперрефлексия, қимыл-қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, сіреспелік) және/немесе асқазан-ішек жолдарының тарапынан симптомдарды (мысалы, жүрек айну, құсу, диарея) қамтуы мүмкін. Серотонинергиялық препараттарды тоқтату симптомдардың тез жойылуына әкеледі. Қажетті терапия клиникалық көрініспен және симптомдардың айқындылығымен анықталады.

Бүйрекүсті безі функциясының жеткіліксіздігі

Морфинді қолданған кезде, басқа апиындар жағдайындағыдай, бүйрекүсті безінің кортизолды жеткіліксіз өндіруіне байланысты сирек, бірақ ауыр жағдай дамуы мүмкін. Бүйрекүсті безі функциясы жеткіліксіздігінің симптомдары пайда болған кезде пациенттерді мұқият бақылау қажет: жүрек айну, құсу, тәбеттің жоғалуы, шаршау, әлсіздік, бас айналу, АҚ төмендеуі. Бүйрекүсті безі функциясы жеткіліксіздігінің дамуына күдік болған кезде тиісті диагностикалық тесттер жүргізу қажет. Диагнозды растау кезінде кортикостероид препараттарымен емдеу, сондай-ақ дозаны азайту және морфинді біртіндеп тоқтату (егер қолданылса) көрсетілген.

Жыныстық гормондар деңгейінің төмендеуі

Морфинді ұзақ уақыт қолданғанда, басқа апиындар жағдайындағыдай, жыныстық гормондар деңгейінің төмендеуі мүмкін. Пациенттер либидоның төмендеуін, эректильді дисфункцияны, аменореяны, бедеулікті байқауы мүмкін.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Емдеуші дәрігерге не қабылдағаныңыз, жақында қабылдағаныңыз немесе басқа препараттарды қабылдауға кірісуіңіз мүмкін екендігі туралы хабарлаңыз.

Морфин ұйықтататын, тыныштандыратын, жергілікті ауырсынуды басатын дәрілердің, анксиолитиктердің және жалпы анестезияға арналған препараттардың әсерін күшейтеді.

Этанол, миорелаксанттар және ОЖЖ бәсеңдететін дәрілік заттар депримациялайтын әсерді және тыныс алудың бәсеңдеуін күшейтеді.

Бупренорфин (оның ішінде алдыңғы емде) басқа апиынды анальгетиктердің ауруды басатын әсерін төмендетеді; µ-апиынды рецепторлар агонистерініңжоғары дозаларын қолдану аясында тыныс алуды бәсеңдету қаупі төмендейді, ал µ- немесе κ-апиынды рецепторлар агонисттерінің төмен дозаларын қолдану аясында тыныс алуды бәсеңдету қаупі артады; дәрілік тәуелділік аясында µ-апиынды рецепторлар агонистерін қабылдауды тоқтатқан кезде «тоқтату» синдромы симптомдарының пайда болуын жеделдетеді, оларды кенеттен тоқтатқанда осы симптомдардың айқындылығын ішінара төмендетеді.

Буторфанол, налбуфин немесе пентазоцин жақында морфин сияқты таза агонистерді қолданған пациенттерде «тоқтату» синдромын тудыруы мүмкін.

Апиынды анальгетиктердің әсері өз кезегінде басқа қосылыстардың әсеріне ықпал етуі мүмкін. Мысалы, олардың асқазан-ішек жолына әсері сіңудің төмендеуіне әкелуі мүмкін, мысалы, мексилетин немесе метоклопрамид, домперидон әсерінің төмендеуі.

Налоксон апиынды анальгетиктердің әсерін, сондай-ақ олар тудырған тыныс алу мен ОЖЖ тежелуін төмендетеді; морфиннің жағымсыз әсерлерін жою үшін тағайындалған бупренорфин, буторфанол, налбуфин және пентазоцин әсерлерін нивелирлеу үшін үлкен дозалар қажет болуы мүмкін; есірткіге тәуелділік аясында «тоқтату» синдромы симптомдарының пайда болуын жеделдетуі мүмкін.

Налтрексон есірткіге тәуелділік аясында «тоқтату» синдромы симптомдарының пайда болуын жеделдетеді (симптомдар препаратты енгізгеннен кейін 5 минуттан соң пайда болуы мүмкін, 48 сағат бойы жалғасады, тұрақтылықпен және оларды жоюдың қиындығымен сипатталады); апиынды анальгетиктердің әсерін төмендетеді (анальгетикалық, диареяға қарсы, жөтелге қарсы); гистамин реакциясына байланысты симптомдарға әсер етпейді.

Налорфин морфин тудырған тыныс алудың тежелуін жояды.

Морфиннің плазмалық концентрациясы ритонавирмен бір мезгілде қабылдағанда артады.

Барбитураттарды, әсіресе фенобарбиталды жүйелі қабылдау кезінде есірткі анальгетиктерінің анальгезиялық әсерінің айқындылығын төмендету, сондай-ақ айқаспалы төзімділікті дамыту мүмкіндігі бар.

МАО тежегіштерін бір мезгілде қолдану және оларды морфинмен емдеу басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін 2 апта ішінде қолдану гипер- немесе гипотензиялық криздердің туындауымен ОЖЖ-ның өмірге қауіп төндіретін аса қозуына және тежелуіне әкелуі мүмкін.

β-адреноблокаторлармен бір мезгілде қабылдаған кезде ОЖЖ-ге бәсеңдету әсерінің күшеюі, допаминмен – морфиннің ауыруды басатын әсерінің азаюы,циметидинмен – тыныс алу бәсеңдеуінің күшеюі, басқа апиынды анальгетиктермен – ОЖЖ-нің, тыныс алудың тежелуі, АҚ төмендеуі мүмкін.

Хлорпромазин морфиннің миотикалық, тыныштандыратын және ауыруды басатын әсерін күшейтеді.

Фенотиазин мен барбитураттардың туындылары гипотензивті әсерді күшейтеді және тыныс алудың тежелуінің туындау қаупін арттырады.

АҚ төмендететін дәрілік заттардың гипотензивті әсерін күшейтеді.

Морфин диуретиктердің тиімділігін төмендетуі мүмкін, бұл вазопрессин секрециясының жоғарылауымен байланысты. Сондай-ақ, несептің жедел кідіруінің дамуы және қуық сфинктері спазмының дамуы мүмкін.

Хинидин морфиннің плазмалық концентрациясын жоғарылатады.

Зидовудиннің бауыр метаболизмін бәсекелі түрде тежейді және оның клиренсін төмендетеді (олардың өзара уыттану қаупі артады).

Антихолинергиялық белсенділігі бар дәрілік заттар, диареяға қарсы дәрілік заттар (оның ішінде лоперамид) іш қатудың пайда болу қаупін ішектің бітелуіне, несептің іркілуіне және ОЖЖ-ның бәсеңдеуіне дейін арттырады.

Рифампицин мен морфинді бір мезгілде қабылдаған кезде морфин мен оның белсенді метаболиттерінің концентрациясы мен тиімділігі төмендейді; рифампицинмен бір мезгілде емдеген кезде және ол аяқталғаннан кейін клиникалық жағдайын қадағалау және қажет болған жағдайда морфин дозасын іріктеу талап етіледі.

Бас сақинасына қарсы дәрілік заттармен (суматриптан, золмитриптан, элетриптан) және антидепрессанттармен бір мезгілде қолдану серотонин синдромының дамуына әкелуі мүмкін («Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары» бөлімін қараңыз).

ОЖЖ әсер ететін препараттарды (антигистаминдік, ұйықтататын дәрілерді, психотроптық дәрілерді, антихолинергиялық, басқа да ауырсынуды басатын препараттарды) бірге тағайындау жанама әсерлердің қаупін арттырады; оларды қолдануға дәрігердің рұқсатымен және бақылауымен ғана жол беріледі.

Морфин препараты тамақпен, сусындармен және алкогольмен бірге

Препаратты қолдану кезінде алкогольді ішуге болмайды, өйткені алкоголь морфиннің жанама әсерлерінің даму ықтималдығын арттырады.

Арнайы сақтандырулар

Педиатрияда қолдану

Препарат 18 жасқа дейінгі балаларға қолданылмайды.

Егде және қарттық жастағы пациенттерде қолдану

Егде және қарттық жастағы пациенттерде ауырсынуды басатын әсерге спецификалы сезімталдықты, орталық жүйке жүйесіне (сананың шатасуы) және асқазан-ішек жолына әсерін, сондай-ақ бүйрек функциясының физиологиялық төмендеуін бағалау қажет. Атап айтқанда, бастапқы дозаны тағайындағанда сақтық таныту қажет.

Бауыр және бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерге қолдану

Бауыр және/немесе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерге морфинді сақтықпен тағайындау қажет, клиникалық мониторинг қажет болады. Басқа есірткі анальгетиктерін қолданғандағыдай, дозаны азайту қажет болуы мүмкін.

Жүктілік және лактация кезінде қолдану

Жүктілік

Морфинді жүктілік кезінде тыныс алудың ықтимал тежелуіне және шаранада дәрілік тәуелділіктің дамуына байланысты қабылдауға болмайды; морфиннің мутагендік әсері туралы деректер бар.

Пре- және интранатальды кезеңде морфинді қысқа мерзімді қабылдаған жағдайда да жаңа туған нәрестеде тыныс алудың тежелуі мүмкін. Сонымен қатар, жүктіліктің соңында морфинді қабылдау, дозаға қарамастан, жаңа туған нәрестеде «тоқтату» синдромын тудыруы мүмкін (тітіркену, құсу, конвульсия, өлім). Осыған байланысты, жүктілік кезінде морфин қабылданған жағдайда жаңа туған нәрестелердің жағдайына мониторинг жүргізу қажет.

Бала емізу

Бала емізу кезінде морфинді қабылдауға болмайды (морфин ана сүтіне еніп, ананың қан плазмасына қарағанда жоғары концентрацияға жетеді). Бала емізу кезінде препаратты әйелдерге қолдану қажет болған жағдайда емдеу кезеңінде бала емізуді тоқтату қажет.

Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді  басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Морфин назар аударуды және реакциялардың жылдамдығын бұзуға қабілетті, сондықтан препаратты қолдану кезінде көлік құралдарын, механизмдерді басқарудан бас тарту керек.

Морфин лонг препаратының құрамында допинг-бақылауға зерттеуде оң нәтиже көрсете алатын зат бар.

Қосымша заттарға қатысты айрықша нұсқаулар

Препараттың құрамында лактоза болуына байланысты тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға қолдануға болмайды. Егер сізде кейбір қанттарға төзімсіздік болса, препаратты қабылдар алдында емдеуші дәрігерге қаралыңыз.

Морфин лонг 30 мг және 60 мг таблеткаларының құрамында аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін бояғыштар бар.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозалау режимі

Дозалау режимі ауырсыну синдромының ауырлығына, пациенттің жасына және анальгетиктерді алдыңғы қолдануға байланысты.

Ересектер

Әлсіздеу апиындармен бақыланбайтын қарқынды ауырсынуы бар пациенттерде емдеу әдетте әр 12 сағат сайын 30 мг дозадан басталады. Бұрын морфиннің әдеттегі дәрілік түрлерін ішке қабылдаған пациенттерге Морфин лонг препаратының сол тәуліктік дозасын тағайындап, оны 12 сағаттық аралықпен 2 қабылдауға бөлу қажет. 100 мг дозасы морфиннің немесе басқа апиындық препараттардың аз дозаларын қолдана отырып титрлеу арқылы тұрақты ауырсынуды басатын доза таңдалған пациенттер үшін ұсынылады.

Ауырсыну сезімінің күшеюі препараттың дозасын арттыруды талап етеді. Дозаны мүмкіндігінше бастапқы мөлшерден 30-50% - ға арттыру ұсынылады. Егер ауыруды басатын әсер төзімді жағымсыз реакциялар болмаған кезде немесе болған кезде 12 сағат бойы сақталса, доза әрбір нақты пациент үшін талапқа сай деп есептеледі.

Морфинді парентеральді енгізу Морфин Лонг таблеткаларын ішке қабылдаумен алмастырылатын пациенттерде морфин дозасы бастапқыда препаратты ішке қабылдаған кезде анальгезиялық әсердің ықтимал азаюының орнын толтыру үшін ұлғайтылуы тиіс. Әдетте, ішке қабылдау үшін морфин дозасының ұлғаюы морфин препаратын парентеральді енгізу кезінде қолданылған дозаның 100% - на дейін құрауы тиіс. Мұндай жағдайларда Морфин лонг препаратының дозасы жеке таңдалуы керек.

Қажет болған жағдайда морфин парентеральді, бірақ морфиннің жалпы дозасының шамасын қатаң бақылау кезінде және баяу босап шығатын осы дәрілік түрге тән морфиннің кейін білінетін әсерлерін назарға ала отырып, қосымша енгізілуі мүмкін.

Енгізу әдісі мен жолы

Ішке қабылдау үшін.

Морфин лонг таблеткаларын сындырмай, шайнамай, ерітпей және ұсақтамай тұтас жұту керек. Сынған, шайнаған, ерітілген немесе ұсақталған таблеткаларды қолдану морфиннің өлімге әкелуі мүмкін дозасының тез босап шығуына және сіңуіне әкелуі мүмкін («Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар» бөлімін қараңыз).

Қабылдау уақыты көрсетілген қолдану жиілігі

Морфин лонг таблеткаларын тәулігіне 2 рет 12 сағаттық аралықпен қолдану ұсынылады.

Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

Симптомдары: суық жабысқақ тер, сананың шатасуы, бас айналу, ұйқышылдық, АҚ төмендеуі, ашушаңдық, шаршау, миоз, брадикардия, жедел әлсіздік, баяу қиын тыныс алу, гипотермия, мазасыздық, ауыздың құрғақтығы, делирий психоз, бассүйекішілік гипертензия (ми қанайналымының бұзылуына дейін), елестеулер, бұлшықет сіресуі, құрысулар, ауыр жағдайларда – есінен тану, тыныс алудың тоқтауы, кома.

Емі: алғашқы көмек қосымша немесе жасанды желдетуді ұйымдастыру арқылы өкпені желдетуді қамтамасыз етуден тұрады.

Ауқымды артық дозалануда вена ішіне 0.8 мг налоксон енгізу керек. Қажет болған жағдайда налоксонды 2-3 минуттық аралықпен немесе 500 мл 0.9% натрий хлориді ерітіндісінде немесе 5% декстроза ерітіндісінде 2 мг дозада инфузиялық түрде қайта енгізеді. Инфузия оның алдыңғы сорғалатып енгізу дозасымен анықталатын жылдамдықпен және пациенттің жауабына сәйкес орындалуы тиіс. Морфиннің босап шығуы ұзаққа созылатын таблеткалардан босап шығуы және оның мөлшерінің артуы 12 сағатқа созылады, сондықтан артық дозалануды емдеу осыған сәйкес жүргізілуі керек. Ауырлығы сәл төмен артық дозалануда налоксонды вена ішіне 0.2 мг дозада сорғалатып енгізеді, кейіннен қажет болған жағдайда дозаны әрбір 2 минут сайын 0.1 мг-ға арттырады.

«Тоқтату» синдромы симптомдары қаупінің болуын көрсету

Ұзақ қолдану курсын кенеттен тоқтатқаннан кейін, бірнеше сағаттан кейін келесі симптомдармен сипатталатын «тоқтату» синдромының дамуы мүмкін: мазасыздық, ашушаңдық, қалтырау, қарашықтың кеңеюі, ысыну, тершеңдік, жас ағу, мұрынның бітелуі, жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, диарея, буындардың ауыруы; ең көп белгілері 36-72 сағаттан кейін білінуі мүмкін.

Дозаны біртіндеп төмендету арқылы «тоқтату» синдромының алдын алуға болады.

Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медицина қызметкеріне консультацияға жүгіну бойынша ұсынымдар

Препаратты қолдану туралы кез келген сұрақтар туындаған жағдайда дәрігерге қаралыңыз.

ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар

Морфиннің емдік дозаларын қолданғанда ең жиі жағымсыз реакциялар келесілер: жүрек айнуы, құсу, іш қату және ұйқышылдық. Морфин лонг таблеткаларын ұзақ уақыт қолданған кезде жүрек айну және құсу тән емес, бірақ олар пайда болған жағдайда құсуға қарсы препараттарды тағайындау ұсынылады. Іш қату кезінде бір мезгілде іш жүргізетін дәрілерді қолдану керек.

Жағымсыз әсерлердің пайда болу жиілігі Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының жіктемесіне сәйкес анықталды: өте жиі (≥ 1/10); жиі (≥ 1/100, < 1/10); жиі емес (≥ 1/1000, < 1/100); сирек (≥ 1/10000, < 1/1000); өте сирек (< 1/10000); белгісіз (қолда бар деректердің негізінде бағалау мүмкін емес).

Өте жиі

жүрек айнуы, іш қату

Жиі

сананың шатасуы, ұйқысыздық

бас айналу, бас ауыруы, бұлшықеттің еріксіз жыбырлауы, ұйқышылдық

бетке қан тебу, АҚ төмендеуі

іштің ауыруы, анорексия, ауыз қуысының шырышты қабығының құрғауы, құсу

– гипергидроз, бөртпе

– астения, қышу

Жиі емес

– аса жоғары сезімталдық реакциясы

– қозу, эйфория, елестеулер, көңіл-күйдің өзгеруі

– құрысулы ұстамалар, бассүйекішілік қысымның жоғарылауы, парестезия, есін жоғалту, миоклонус

– көру арқылы қабылдаудың бұзылуы

– вертиго

– жүректің қағу сезімі

– өкпенің ісінуі, тыныс алудың тежелуі, бронх түйілуі

– ішектің бітелуі, дәм сезудің бұрмалануы, диспепсия

– бауыр ферменттері белсенділігінің жоғарылауы

– есекжем

– несептің кідіруі

– шеткергі ісінулер

Белгісіз

– анафилаксиялық және анафилактоидты реакциялар

– үзік-үзік ойлау, есірткіге тәуелділік, дисфория

– гипералгезия

– миоз

– брадикардия, тахикардия

– АҚ жоғарылауы

– жөтелдің азаюы

– өт шаншуы, панкреатиттің өршуі

– несепағардың түйілуі

– аменорея, либидоның төмендеуі, эрекцияның бұзылуы

– дәріге төзімділік, «тоқтату» синдромы

Егер сізде қандай да бір жағымсыз реакциялар туындаса, дереу дәрігерге хабарлаңыз. Бұл ұсыным кез келген ықтимал, оның ішінде нұсқаулықта көрсетілмеген жағымсыз реакцияларға да қатысты.

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препарат құрамы

10 мг бір таблетканың құрамында

белсенді зат – морфин гидрохлориді тригидраты 10.0 мг (8.56 мг морфин гидрохлоридіне баламалы),

қосымша заттар: гипромеллоза (гидроксипропилметилцеллюлоза) типі К 100 LV, типі 100 лактоза моногидраты, типі 102 микрокристалды целлюлоза, коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты,

үлбірлі қабықтың құрамы*: OPADRY® II BROWN 85F265092 дайын қоспасы, соның ішінде: поливинил спирті (Е 1203), полиэтиленгликоль 4000 (Е 1521), тальк (Е 553b), титанның қостотығы (Е 171), темірдің сары тотығы бояғышы (Е 172), темірдің қызыл тотығы бояғышы (Е 172).

30 мг бір таблетканың құрамында

белсенді зат – морфин гидрохлориді тригидраты 30.0 мг (25.69 мг морфин гидрохлоридіне баламалы),

қосымша заттар: гипромеллоза (гидроксипропилметилцеллюлоза) типі К 250 PH, типі 100 лактоза моногидраты, типі 102 микрокристалды целлюлоза, коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты,

үлбірлі қабықтың құрамы*: OPADRY® II PURPLE 85F200020 дайын қоспасы, соның ішінде: поливинил спирті (Е 1203), полиэтиленгликоль 4000 (Е 1521), тальк (Е 553b), титанның қостотығы (Е 171), темірдің қара тотығы бояғышы (Е 172), қанқызыл түсті бояғышы [Понсо 4 R] (Е 124).

60 мг бір таблетканың құрамында

белсенді зат – морфин гидрохлориді тригидраты 60.0 мг (51.38 мг морфин гидрохлоридіне баламалы),

қосымша заттар: гипромеллоза (гидроксипропилметилцеллюлоза) типі К 750 PH, типі 100 лактоза моногидраты, типі 102 микрокристалды целлюлоза, коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты,

үлбірлі қабықтың құрамы*: OPADRY® II ORANGE 85F230062 дайын қоспасы, соның ішінде: поливинил спирті (Е 1203), полиэтиленгликоль 4000 (Е 1521), тальк (Е 553b), титанның қостотығы (Е 171), темірдің сары тотығы бояғышы (Е 172), күнбатар түстес сары бояғышы (Е 110).

100 мг бір таблетканың құрамында

белсенді зат – морфин гидрохлориді тригидраты 100.0 мг (85.63 мг морфин гидрохлоридіне баламалы),

қосымша заттар: гипромеллоза (гидроксипропилметилцеллюлоза) типі К 4M, типі 100 лактоза моногидраты, типі 102 микрокристалды целлюлоза, коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты,

үлбірлі қабықтың құрамы*: OPADRY® II GREY 85F275017 дайын қоспасы, соның ішінде:

поливинил спирті (Е 1203), полиэтиленгликоль 4000 (Е 1521), тальк (Е 553b), титанның қостотығы (Е 171), темірдің сары тотығы бояғышы (Е 172), темірдің қара тотығы бояғышы (Е 172).

* өндіріс кезінде OPADRY® II дайын қоспасы ретінде де, сондай-ақ өндіріс процесінде дайындалған заттар қоспасы ретінде де пайдалануға болады.

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Дөңгелек екі беті дөңес, ашық қоңыр түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар. Көлденең кесіндісінде – ақ немесе ақ дерлік түсті ядро (10 мг доза үшін).

Дөңгелек екі беті дөңес, күлгін-қызғылт түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар. Көлденең кесіндісінде – ақ немесе ақ дерлік түсті ядро (30 мг доза үшін).

Сопақша екі беті дөңес, қызғылт сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар. Көлденең кесіндісінде – ақ немесе ақ дерлік түсті ядро (60 мг доза үшін).

Сопақша екі беті дөңес, сұр түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар. Көлденең кесіндісінде – ақ немесе ақ дерлік түсті ядро (100 мг доза үшін).

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольга негізіндегі икемді қаптамадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салады.

2 пішінді ұяшықты қаптамадан қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге тұтынушылар ыдысына арналған картон қорапшаға салады.

Сақтау мерзімі

3 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы.

Өндіруші туралы мәліметтер

«Мәскеу эндокринді зауыты» Федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорны

Ресей, 109052, Мәскеу қ-сы, Новохохловская к-сі, 25 үй

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Мәскеу эндокринді зауыты» Федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорны

Ресей, 109052, Мәскеу қ-сы, Новохохловская к-сі, 25 үй

Тел./факс: +7 (495) 678-00-50/911-42-10

http://www.endopharm.ru

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасы бойынша шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«Нестеренко А.Е.» ЖК

Қазақстан Республикасы, 050000, Алматы қ-сы, Мұқанов к-сі, 104 үй

Тел.: +7 7273271602, +7 7077862629, +7 7058887587, факс: +7 72796659

E-mail: pharm_vigilance@mail.ru, ip_n_nesterenko@list.ru

Прикрепленные файлы

20220408_Проект_ИМП_(ЛВ)_Морфин_лонг_в_3_1_рус_яз_КАЗ_FIN_(2).docx 0.06 кб
Морфин_лонг_ИМП_(ЛВ)_FIN.docx 0.04 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту