Монокард® (таблетки 20мг)

Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Монокард®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Изосорбид мононитраты
Дәрілік түрі
Таблеткалар 20 мг, 40 мг
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - изосорбид мононитраты 28.5 мг 57.1 мг
(100% изосорбид мононитратына
шаққанда) 20.0 мг 40.0 мг,
қосымша заттар: картоп крахмалы, микрокристалды целлюлоза, тальк, кальций стеараты.
Сипаттамасы
Ақ түсті, беткейі жалпақ таблеткалар. Таблетканың бір жағында ойығы, екінші жағында – ойығы мен крест түріндегі фирмалық логотипі бар.
Фармакотерапиялық тобы
Жүрек ауруларын емдеуге арналған препараттар. Жүрек ауруларын емдеуге арналған вазодилататорлар. Органикалық нитраттар. Изосорбид мононитраты
АТХ коды C01DA14
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Изосорбид мононитраты ішке қабылданғанда жақсы сіңеді. Қандағы концентрациясы қабылданған препараттың дозасына тікелей тәуелді.
Изосорбид мононитраты бауыр арқылы «бірінші өту» әсеріне ұшырамайды, соған байланысты ішке қабылдағаннан кейінгі абсолюттік биожетімділігі 100% құрайды. Қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрациясына пероральді қабылдаудан кейін бір сағат ішінде жетеді. Жартылай шығарылу кезеңі 5 сағатқа жуықты құрайды.
Бауырда препарат изосорбид-5-MN-глюкуронидке метаболизденеді, оның жартылай ыдырау кезеңі 2.5 сағатқа жуық.
Препарат несеппен көбінесе метаболиттер түрінде шығарылады.
Фармакодинамикасы
Монокард вазодилатациялаушы, тамырды кеңейткіш, антиангинальді дәрілік зат болып табылады. Алдыңғы және (шеткергі көктамырларды кеңейтудің есебінен) кейінгі жүктемені (жалпы шеткергі кедергісінің төмендеуі салдарынан) төмендетеді, миокардтың оттегіге қажеттілігін азайтады, коронарлық артерияларды кеңітеді және коронарлық қан ағымын жақсартады, оның ишемияланған аймақтарға таралуына ықпал етеді, сол жақ қарыншаның ақырғы диастолалық көлемін азайтады және оның қабырғаларының систолалық қысымын төмендетеді. Жүректің ишемиялық ауруы бар науқастардағы дене жүктемесіне төзімділікті арттырады, кіші қанайналым шеңберіндегі қысымды төмендетеді.
Эндотелийдегі азот тотығының құрамын арттырады, гуанилатциклазаны және циклдық гуанидинмоно-фосфор қышқылының түзілуін стимуляциялайды, тегіс бұлшықет жасушаларындағы кальций концентрациясын азайтады.
Ірі эпикардиальді коронарлық артериялардың кеңеюі ишемия және ишемиялық зақымдану аймақтарындағы оттегімен қаныққан қан келуін арттырады, бұл «көмескіленген» миокардтың тіршілікке қабілеттілігін қалпына келтіруі және некроз аймағын шектеуі мүмкін, коллатеральдердің ашылуы ишемияланған миокард аймағындағы қан перфузиясының жақсаруына ықпал етеді, және миокардқа тікелей метаболикалық әсері де орын алуы мүмкін.
Қолданылуы
- жүректің ишемиялық ауруы бар емделушілерде стенокардия ұстамаларының алдын алу және емдеуде
- жүректің созылмалы жеткіліксіздігінде (біріктірілген ем құрамында)
- «өкпелік жүректе» (біріктірілген ем құрамында)
Қолдану тәсілі және дозалары
Ішке, ас ішерден 1 сағат бұрын немесе ас ішкеннен кейін 2 сағаттан соң. Таблеткаларды тұтастай, шайнамай, азғантай мөлшердегі сумен іше отырып қабылдау керек.
Барлық көрсетілімдері үшін дозалау режимін жекелей сезімталдықты ескере отырып және аурудың ауырлығына байланысты белгілейді. Емдеуді төмен дозасынан, біртіндеп қажетті деңгейге дейін баяу арттыра отырып бастайды.
Ересектер
Әдеттегі ұсынылатын дозасы: күніне 2-3рет 1 таблетка (20 мг). Емдік әсері жеткіліксіз болса, дозасын тәулігіне 2 рет 40 мг дейін немесе тәулігіне 3 рет 20 мг (60 мг) дейін арттыруға болады. Ең жоғарғы тәуліктік дозасы – препараттың 40 мг дозадағы 2 таблеткасы (80 мг).
Егде жастағы емделушілер
Дозасын түзету қажет емес.
Болуы мүмкін бастапқы жағымсыз әсерлерінің алдын алу мақсатында, емдеуді мүмкін болатын төмен дозаларынан бастау және біртіндеп қажетті дозасына дейін арттыру ұсынылады.
Препарат әсеріне толеранттылықтың дамуын болдырмау үшін, оны жоғары дозаларда үзбей қабылдануын болдырмау керек. Препараттың тиімділігі төмен дозаларын қабылдаулар арасындағы 8 сағаттық аралықпен қолдану ұсынылады.
Тоқтату қажет болса, препараттың дозасын біртіндеп төмендету керек.
Жағымсыз әсерлері
Өте жиі (≥ 1/10) - бас ауыруы
Жиі (≥ 1/100, <1/10)
- бас айналуы, ұйқышылдық - астения
- артериялық гипотензия
- тахикардия
- жүрек айнуыСирек (≥ 1/10 000, <1/1, 000) - естен тану
- артериялық қысымның едәуір төмендеуі, бұл стенокардия симптомдарының күшеюімен қатар жүреді
- құсу, диарея
- тері бөртпесі, қышыну
Өте сирек (<1/10, 000)
- диспепсияЖиілігі белгісіз
- пароксизмальді брадикардия - эксфолиативтік дерматит, тері гиперемиясы
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- нитраттарға немесе препараттың қосымша компоненттерінің кез-келгеніне аса жоғары сезімталдық
- миокард инфарктісінің төмен артериялық қысыммен жүретін жедел сатысы
- жедел жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі (шок, тамыр коллапсы)
- гипертрофиялық обструкциялық кардиомиопатия, митральді клапан стенозы, қолқа клапанының стенозы
- миға қан құйылуы, бассүйек-ми жарақаты
- ауыр дәрежелі анемия
- артериялық гипотензия (систолалық артериялық қысым 90 мм сын. бағ. аз.)
- жабықбұрышты глаукома
- фосфодиэстераза-5 тежегіштерімен (силденафил, тадалафил, варданафил) бірге қолдану
- жүктілік және лактация кезеңі
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Вазодилататорлармен, кальций өзекшелерінің блокаторларымен, бета-адреноблокаторлармен, диуретиктермен, АӨФ тежегіштерімен, ангиотензин II тежегіштерімен, нейролептиктермен, үшциклдық антидепрессанттармен, сондай-ақ алкогольмен бір мезгілде қолданғанда, Монокардтың гипотензиялық әсері күшеюі мүмкін. Барбитураттар изосорбид мононитратының биоөзгерісін жеделдетеді және қандағы концентрациясын төмендетеді.
Монокардтың антигипертензиялық әсері эректильді дисфункцияны емдеу үшін қолданылатын фосфодиэстераза-5 тежегіштерімен бір мезгілде пайдаланғанда арта түседі, бұл өмірге қауіпті қантамырлық асқынуларға алып келуі мүмкін. Осыған байланысты, аталған препараттарды бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды.
Айрықша нұсқаулар
Пероральді нитраттар көктамырлардың кеңеюін туғызатындығына байланысты, оларды бассүйекішілік қысымы жоғары емделушілерде пайдалану ұсынылмайды.
Қанайналым құбылмалылығы бар емделушілерде жедел қантамырлық жеткіліксіздік симптомдары препаратты алғаш қабылдағанда-ақ пайда болуы мүмкін. Мысалы, нитраттардан туындаған бас ауыруы сияқты бұл симптомдарды, егер емдеуді төменірек дозаларынан бастаса, елеулі дәрежеде алдын алуға болады.
Монокард ортостатикалық гипотензияға және кейбір емделушілерде естен тануларға алып келуі мүмкін.
Ауыр ортостатикалық гипотензия алкогольді қатарлас қолданғанда жиі байқалады.Нитраттардан туындаған гипотония парадоксальді брадикардиямен және стенокардия ұстамалыр жиілігінің артуымен қатар жүруі мүмкін.
Бұл препарат стенокардия ұстамаларын басу үшін қолданылмайды.
Тамырлардың кеңеюі қанның жүрекке қайтуын азайта отырып, көктамырлық қанайналымды жеделдетуі мүмкін, бұл гипотониямен және рефлекторлық тахикардиямен қатар жүреді.
Педиатрияда қолданылуы
Қауіптілігі мен тиімділігі жөніндегі мәліметтердің жоқтығына байланысты, препарат балалар тәжірибесінде қолданылмайды.
Жүктілік және лактация кезеңі
Жүктілік кезінде препарат тек аса қажет жағдайларда ғана, дәрігердің тікелей қадағалауымен «пайда/қауіп» коэффициентін ескере отырып қолданылуы тиіс.
Препаратты лактация кезінде қабылдағанда бала емізуді тоқтату керек.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препараттың емделушінің реакцияға қабілеттілігін төмендетуі, бас айналуын туғызуы мүмкін гипотензиялық әсеріне байланысты, препаратты қабылдау кезінде көлік құралдарын басқару және қауіптілігі зор механизмдермен жұмыс жасау ұсынылмайды.
Артық дозалануы
Симптомдары: артериялық қысымның айқын төмендеуі, коллапс, рефлекторлық тахикардия, бас ауыруы, әлсіздік, бас айналуы, тері гиперемиясы, жүрек айнуы, құсу және диарея, метгемоглобинемия, цианоз, ентігу және тахипное.
Емі: препаратты тоқтату, асқазанды шаю, белсендірілген көмірді қабылдау, симптоматикалық ем.
Емделушіні шалқасынан жатқызу, оттегі ингаляцияларын беру, айналымдағы қан көлемін ұстап тұру, айқын және тұрақты артериялық гипотензия кезінде - дофамин гидрохлоридін, адреналинді тағайындау; метгемоглобинемия дамыса - пероральді 1 г немесе натрий тұзы түрінде көктамыр ішіне С витаминін тағайындау, өкпені жасанды желдетуге қосу, ауыр метгемоглобинемия кезінде (metHb > 70%) гемодиализ, қан құю ұсынылады.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 таблеткадан поливинилхлоридті үлбір мен алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.
1 немесе 3 пішінді қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған пәшкеге салады.
Медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықтағы ақпараттың пәшкеге жазылуына жол беріледі.
Пәшкелерді қораптық немесе гофрланған картоннан жасалған қораптарға салады.
Пішінді ұяшықты қаптамалардың (картоннан жасалған пәшкелерге салмай) қораптық немесе гофрланған картоннан жасалған қораптарға салынуына жол беріледі. Әр қорапқа қаптамаларының саны бойынша медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бекітілген нұсқаулықтар салынады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 30 ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қолдануға болмайды.
Босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы,
Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81, т/ф.: 560882.
Тіркеу куәлігінің иесі
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Химфарм» АҚ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ,
Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81, т/ф: 560882
Телефон нөмірі 7252 (561342)
Факс нөмірі 7252 (561342)
Электронды поштасы standart@santo.kz