МЕРИСТАТ MR-сановель

МНН: Кларитромицин
Производитель: Сановель Фармако-индустриальная торговая компания
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Clarithromycin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№017069
Период регистрации: 12.04.2016 - 12.04.2021

Инструкция

Саудалық атауы

МЕРИСТАТ MR– сановель

Халықаралық патенттелмеген атауы

Кларитромицин

Дәрілік түрі

Босап шығуы өзгертілген, үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 500 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 500 мг кларитромицин

қосымша заттар: гидроксипропилметилцеллюлоза K 100 LV, лактоза моногидраты, тальк, магний стеараты, натрий сахарині, ванилин

қабық құрамы (Опадрай Сары (OY-S-32917)): гидроксипропилметилцеллюлоза 5сР - Метоцел E5-LV, (HPMC 2910), E464, титанның қостотығы E171, пропиленгликоль Е1520, HPC-Kлуцел LF Е463, полисорбат 80 Е433, ванилин, FD&C сары #5/тартразин AL Е102(15%-17%) Е102, FD&C көгілдір #2/ (11-14 %) Е132, темірдің (III) сары тотығы Е172.

Сипаттамасы

Сопақша пішінді, бір жағында "S" өрнегі бар, сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі пайдалануға арналған бактерияға қарсы препараттар. Макролидтер, линкозамидтер және стрептограминдер. Макролидтер. Кларитромицин.

ATХ коды J01FA09

Фармакологилық қасиеттері Фармакокинетикасы

Сіңуі:

500 мг препаратты күніне 1 рет қабылдаған пациенттерде кларитромициннің және 14-ОН-кларитромициннің қан плазмасындағы  Cmax - тиісінше 1,3 және 0,48 мкг/мл құрады.  Бастапқы дәрілік препараттың және метаболиттің T1/2 тиісінше 5,3 және 7,7 сағат құрады. Бір реттік дозаны 1000 мг (500 мг-ден 2 рет )  қабылдағанда кларитромициннің және оның гидроксилденген метаболитінің Cmax тиісінше 2,4 және 0,67 мкг/мл жетті. 1000 мг дозада қабылдағанда кларитромициннің T1/2 5,8 сағатты құрады, бұл арада 14-ОН-кларитромициннің 500 мг қабылдағандағы Tmax  - 8,9 сағатты, сондай-ақ 1000 мг қабылдағанда осыған ұқсас көрсеткіші шамамен 6 сағатты құрады. Абсолютті биожетімділігі 50% жуықты құрады.

Таралуы:

İn vitro зерттеулері препараттың 0,45–4,5 мкг/мл концентрациясында адам қан сарысуындағы ақуыздармен кларитромицин орташа 70% жуық байланысатынын көрсетті. Кларитромициннің өкпедегі және бауырдағы тін-плазма арақатынасындағы ең жоғары концентрациясы 10-нан 20-ға дейін байқалды.

Метаболизмі:

Кларитромицин және оның 14-ОН-метаболиті ағза тіндері мен сұйықтықтарына жылдам өтеді. Пациенттердің аздаған мөлшері қатысқан сынақтардан алынған шектеулі деректер ішу арқылы қабылдағанда жұлын-ми сұйықтығындағы кларитромицин концентрациясының елеусіздігі туралы айғақтайды. Тіндердегі концентрациясы әдетте қан сарысуындағыдан бірнеше есе жоғары.

Шығарылуы:

Ағзаға түскен кларитромициннің шамамен 40% бүйрекпен шығарылады. Ішекпен шамамен 30% шығарылады.

Дозаға тәуелділігі/дозаға тәуелсіздігі

Кларитромицин фармакокинетикасы дозаға тәуелсіз сипатта болады. 14-ОН-кларитромициннің Cmax кларитромицин дозасына пропорционал ұлғаймаған, бұл арада кларитромициннің, сондай-ақ оның гидроксилденген метаболитінің де T1/2 доза жоғарылауымен бірге ұлғаю үрдісі болды. Жоғары дозаларында 14-гидроксилденген және N-деметилденген өнімдерінің түзілуі азаюымен үйлесімдегі кларитромициннің осындай дозаға тәуелсіз фармакокинетикасы жоғары дозаларында айқындығы басым бола түсетін кларитромициннің дозаға тәуелсіз метаболизмін көрсетеді.

Пациенттердің ерекше топтары

Бауыр жеткіліксіздігі

Салыстырмалы зерттеулерде орташа және айқын бұзылуы бар бауыр функциясы бар пациенттерде бүйрек функциясы сақталуында доза түзету талап етілмейтіні көрсетілді.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек функциясы қалыпты адамдардағымен салыстырғанда бүйрек ауруы бар адамдарда плазмадағы концентрациясы, кларитромициннің және оның 14-ОН-метаболитінің T1/2, Cmax және Cmin жоғары болды. Бүйрек функциясы бұзылуы бар пациенттерде AUC үлкен, элиминация константасы және бүйрекпен шығарылуы – аз болды. Бұл айырмашылықтардың дәрежесі бүйрек ауруының ауырлық дәрежесімен өзара байланысты болды : бүйрек функциясы бұзылуы айқын болған сайын айырмашылығы да елеулі болады.

Егде жастағыларда:

Егде науқастарда кларитромицин және оның 14-ОН-метаболитінің плазмалық деңгейі жоғары, ал шығарылуы жастармен салыстырғанда баяулау болады. Алайда кларитромициннің фармакокинетикалық параметрлеріне негізгі әсерді адамның жасы емес, бүйрек функциясы көрсетеді.

Фармакодинамикасы

Кларитромицин макролидтер тобының жартылай синтетикалық атибиотигі болып табылады және 50S рибосомалық суббірлігімен өзара әрекеттесе отырып және оған сезімтал бактериялардың ақуыз синтезін бәсеңдетумен

бактерияларға қарсы әсер етеді.

Кларитромицин 14(R)-гидрокси-кларитромицин (14-ОН-кларитромицин) белсенді метаболиті гемофильді таяқшаға қатысты (Haemophilus influenza) бастапқы қосылысқа қарағанда екі есе белсендірек.

Микробиология

Кларитромицин in-vitro және in-vivo жағдайларында келесі микроорганизмдерге микробқа қарсы әсер етеді:

Грамоң аэробты микроорганизмдер: Staphylococcus aureus, Streptococcus pneumoniae, Streptococcus pyogenes, Listeria monocytogenes.

Грамтеріс аэробты микроорганизмдер: Haemophilus influenzae, Haemophilus parainfluenzae, Moraxella (Branhamella) catarrhalis, Neisseria gonorrhoeae, Legionella pneumophila.

Басқа да микроорганизмдер: Mycoplasma pneumoniae, Chlamydia pneumoniae

Микобактериялар: Mycobacterium Avium және Mycobacterium Intracellulare, Mycobacterium kansasii, Mycobacterium chelonae, Mycobacterium fortuitum түзілетін Mycobacterium Avium (MAC) кешені. Бета-лактамдар түзілуі кларитромицин белсенділігіне әсер етпейді.

Ескерту: Метициллин және оксациллин әсеріне төзімді стафилококк штаммдарының көпшілігі кларитромицин әсеріне төзімді.

Кларитромицин in-vitro төменде аталған микроорганизмдер штаммдарының көпшілігіне қатысты белсенділік танытады:

Грамоң аэробты микроорганизмдер: Streptococcus agalactiae, Streptococci (C,F,G топтары), Viridans тобының Streptococci.

Грамтеріс аэробты микроорганизмдер: Bordetella pertussis, Pasteurella multocida.

Грамоң анаэробты микроорганизмдер: Clostridium perfringens, Peptococcus niger, Propionibacterium acnes.

Грамтеріс анаэробты микроорганизмдер: Bacteroides melaninogenicus.

Спирохеттер :  Borrelia burgdorferi, Treponema pallidum.

Кампилобактериялар : Campylobacter jejuni.

Әсер етуі ұзаққа созылатын таблеткалар гомогенді негізде болады, бұл оның АІЖ арқылы өтуінде белсенді заттың ұзақ босап шығуын қамтамасыз етеді.

Қолданылуы

Ересектердегі келесі сезімтал микроорганизмдерден туындаған инфекциялық ауруларды емдеу:

- тыныс жолдары төменгі бөлігінің инфекцияларында (бронхит, пневмония және т.б.)

- тыныс жолдары жоғарғы бөлігінің инфекцияларында (фарингит, синусит және т.б.)

- тері және жұмсақ тіндер инфекцияларында (фолликулит, эризипелоид және т.б.)

Қолдану тәсілі және дозалары

МЕРИСТАТ MR-сановельді тамақтану кезінде сындырмай және шайнамай, тұтас жұта отырып, ішке қабылдайды.

Ересектерге ауырлығы әлсіз және орташа инфекциялар кезінде.

МЕРИСТАТ MR-сановель таблеткаларын 500 мг-ден (1 таблетка) тәулігіне 1 рет тағайындайды.

Инфекцияның ауыр түрлерінде

МЕРИСТАТ MR-сановель таблеткаларын күніне бір рет 2 таблеткадан (2х500 мг) қабылдайды.

6-дан 14 күнге дейін созылатын ауруханадан тыс пневмония және синуситті емдегеннен басқа, емнің әдеттегі ұзақтығы 5 күннен 14 күнге дейінді құрайды.

Пациенттердің ерекше тобы:

Ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге (КК - 30 мл/мин аз) Меристат-сановель MR препаратын қолдану қарсы көрсетілімде.

Орташа дәрежелі бүйрек функциясы бұзылуы бар пациенттерде (КК - 30-дан 60 мл/мин дейін) препарат дозасын екі есе азайтады, бұл тәулігіне 500 мг астам емес (1 таб.) құрайды.

Жедел бүйрек жеткіліксіздігі бар егде науқастарда дозаны есептеу керек.

Жағымсыз әсерлері

Клиникалық зерттеулер кезіндегі білінетін жағымсыз әсерлердің көбінің айқындылығы әдетте бәсең және макролидтік антибиотиктер қауіпсіздігінің белгілі бейінімен сәйкес келеді. Жағымсыз әсерлердің пайда болуы салдарынан емді тоқтататын науқастар саны – 3%-дан аз.

Жиі(1-10%):

- диарея, іш аумағының ауыруы, диспепсия және жүрек айнуы, құсу

- бөртпе, гипергидроз

- бас ауыруы

- ұйқысыздық

- дәм сезудің өзгеруі

- бауыр ферменттері деңгейінің уақытша жоғарылауы

Жиі емес (0,1-1%)

- бауыр функциясының бұзылуы, гепатожасушалық және/немесе сарғаюмен бірге жүретін немесе онсыз холестаздық гепатит, холестаз

- целлюлит, кандидоз, екіншілік инфекциялар (оның ішінде қынаптық)

- лейкоциттер санының азаюы, протромбиндік уақыттың ұзаруы, нейтропения, тромбоцитемия, эозинофилия

- қышыну, есекжем, макула-папулёзді бөртпе, аса жоғары сезімталдық, анафилактоидты реакция, буллезді дерматит

- анорексия, тәбет төмендеуі

- мочевина концентрациясы жоғарылауы, креатинин концентрациясы жоғарылауы, альбумин-глобулинге қатысты өзгерістер

- естен тану, дискинезия

- үрейлену, күйгелектік

- бас айналуы, ұйқышылдық, тремор

- естудің төмендеуі, құлақтағы шуыл (препаратты пайдалануды тоқтатқанда есту қабілеті қалпына келгені байқалады)

- жүрек тоқтауы, жүрекше фибрилляциясы, жүрекше лүпілдеуі, жүрек қағуын сезіну, QT аралығының ұзаруы ЭКГ-дегі, экстрасистолалар

- мұрыннан қан кету, демікпе, өкпе артериясының тромбоэмболиясы

- гастроэзофагеальді рефлюксті ауру, гастрит, стоматит, глоссит, іштің кебуі, іш қатуы, ауыз құрғауы, кекіру, метеоризм, прокталгия, гастроэнтерит

- АЛТ, АСТ, ГГТ сілтілік фосфатазалар, ЛДГ, жалпы билирубин деңгейінің жоғарылауы

- бұлшықет түйілуі, миалгия, сүйек-бұлшықет қарысуы

- дімкәстік, қызба, астения, кеудедегі ауыру, қалтырау, қатты шаршау

Жекелеген мәлімдемелер

- кларитромицин мен колхицинді (егде пациенттерде, оның ішінде бүйрек жеткіліксіздігі аясында) бірге қолданғандағы колхициндік уыттану (оның ішінде өлу жағдайы бар).

Постмаркетингтік хабарламалар (практикада қолданғанда). Олардың жиілігін болмаса препарат қабылдау себепті байланысын дәл анықтау әркез мүмкін бола бермейді.

- жалған жарғақшалы колит, тілме қабынуы

- агранулоцитоз, тромбоцитопения

- анафилаксиялық реакциялар

- психоздар, сананың шатасуы, деперсонолизация, депрессия, бағдардан жаңылу, елестеулер, шым-шытырық түстер

-құрысулар, агевзия (дәм сезінуді жоғалту), паросмия, аносмия.

- естімей қалу

- пируэтті қарыншалық тахикардия (torsades de pointes), қарыншалық тахикардия

- қан құйылу

- жедел панкреатит, тіл түсінің өзгеруі, тіс түсінің өзгеруі

- бауыр жеткіліксіздігі, холестаздық сарғаю, гепатоцеллюлярлық сарғаю

- Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз, эозинофилиямен және жүйелі (DRESS) көріністермен қатар жүретін дәрі-дәрмектік тері реакциялары, акне, Шенлейн-Генох ауруы, ангионевроздық ісіну

- рабдомиолиз (рабдомиолиз туындауы туралы кейбір мәлімдемелерде кларитромицинді статинмен, фибраттармен, колхицинмен немесе алопуринолмен бір уақытта қолданған), миопатия

- бүйрек жеткіліксіздігі, интерстициальді нефрит

- халықаралық қалыптасқан қатынастың жоғарылауы, протромбинді уақыттың ұлғаюы, несеп түсінің өзгеруі

Кларитромицинді пероральді түрде қабылдағандағы клиникалық зерттеулер барысында сондай-ақ парестезиялар, артралгиялар, ангионевроздық ісінулер туралы да мәлімделді.

Негізінен бір мезгілде рифабутин қабылдаған пациенттерде увеит туралы өте сирек мәлімдемелер болды. Көп жағдайларда қайтымды болды.

Иммундық жүйесі бұзылулары бар пациенттер.

Микобактериялық инфекцияларды емдеуге ұсынылатын дозаға қарағанда, кларитромициннің жоғары дозасын ұзағырақ қолданған ЖИТС –пен науқастарда және иммундық жүйесі бұзылулары бар басқа пациенттерде препаратты қолдануға байланысты болған жағымсыз реакцияларды негізгі немесе қатар жүретін аурулардың симптомдарынан әркез ажырату мүмкін емес.

Кларитромицинді 1000 мг тәуліктік дозада алған ересек науқастарда жиі кездесетін жағымсыз әсерлер жүрек айнуы, құсу, дәм сезінудің бұзылуы, іштің ауыруы, диарея, бөртпе, іштің кебуі, бас ауыруы, іш қатуы, есту қабілетінің бұзылуы, құрамында АЛТ және АСТ жоғарылауы болды. Кейде диспноэ, ұйқысыздық және ауыз құрғауы туындады. Пациенттердің 2 – 3 %-да АЛТ және АСТ деңгейінің елеулі жоғарылауы және қандағы лейкоциттер мен тромбоциттер мөлшерінің елеулі төмендеуі байқалды. Бірнеше пациенттерде қандағы мочевина құрамының жоғарылауы байқалды.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- макролидтер тобының антибиотиктеріне немесе препараттың басқа да компоненттеріне жоғары сезімталдық

- кларитромицинді және келесі препараттардың қандай да болсын біреуін бір мезгілде қолданған кезде:

  • астемизол, цизаприд, пимозид, терфенадин (бұл QT аралықты ұзартуы және қарыншалық тахикардияны, қарыншалардың фибрилляциясын және пируэттік қарыншалық тахикардияны (torsade de pointes) қоса, жүрек аритмиясының пайда болуына әкеп соғуы мүмкіндігінен)

  • эрготамин немесе дигидроэрготамин (себебі эргоуыттылыққа әкеп соғуы мүмкін)

  • ловастатин, симвастатин (рабдомиолиздің пайда болу қаупіне байланысты)

  • тикагрелор немесе ранолазин

  • колхицин

  • ішу арқылы қолдануға арналған мидазоламмен;

- сыртартқысында QT аралығының ұзаруы немесе пируэттік қарыншалық тахикардияны (torsade de pointes) қоса, қарыншалық жүрек аритмиясы бар пациенттер

- креатинин клиренсі 30 мл/мин кем пациенттер (препараттың бұл түрінде дозаны күніне 500 мг төмендету мүмкін болмағандықтан)

- гипокалиемия (QT аралығының ұзару қаупі)

- бүйрек жеткіліксіздігімен бір мезгілде жүретін ауыр бауыр жеткіліксіздігі

- жүктілік және лактация кезеңі

- тұқым қуалайтын фруктозаның жақпаушылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы синдромы немесе сахароза-изомальтоза тапшылығы

- балалар және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Келесі препараттарды кларитромицинмен бір мезгілде қолдану күрделі жағымсыз әсерлер дамуы мүмкіндігінен қарсы көрсетілімде:

Цизаприд, пимозид, терфенадин және астемизол

Кларитромицинді цизапридпен/ пимозидпен/терфенадинмен/астемизолмен бір мезгілде қолданғанда соңғыларының қан плазмасындағы концентрациясы жоғарылауы туралы мәлімделді, QT аралығының артуына және қарыншалық тахикардия, қарыншалық фибрилляцияны және "пируэт" типті қарыншалық тахикардияны қоса, жүрек аритмиясы пайда болуына алып келуі мүмкін.

Қастауыш алкалоидтары

Маркетингтен кейінгі зерттеулер кларитромицинді эрготаминмен немесе дигидроэрготаминмен бір мезгілде қолданғанда эрготаминдер тобының препараттарынан жедел улануға байланысты келесі әсерлер болуы мүмкіндігін көрсетеді: тамырлар түйілуі, аяқ-қол және ОЖЖ қоса, басқа тіндердің ишемиясы. Кларитромицинді және қастауыш алкалоидтарын бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімде.

Этравирин

Кларитромицин концентрациясы этравирин пайдаланғанда төмендейді, бірақ 14-ОН-кларитромициннің белсенді метаболитінің концентрациясы жоғарылайды. Өйткені 14-ОН-кларитромицин МАС инфекцияларына қатысты төмен белсенділікке ие, олардың қоздырғыштарына қатысты жалпы белсенділігі өзгеруі мүмкін, сондықтан МАС емдеу үшін баламалы емді қарастыру керек.

Кларитромицинге басқа дәрілік препараттардың әсері

CYP3A индукторлары болып табылатын препараттар (мысалы, рифампицин, фенитоин, карбамазепин, фенобарбитал, шілтерлі шайқурай), кларитромицин метаболизмін индукциялауы мүмкін. Бұл кларитромициннің субтерапевтік концентрациясына әкелуі мүмкін, бұл оның тиімділігінің азаюына алып келеді. Бұдан басқа, кларитромицинмен CYP3A тежелуінен жоғарылауы мүмкін қан плазмасындағы СYР3А изоферментінің индукторының концентрациясын бақылау керек. Рифабутин және кларитромицинді бір мезгілде қолданғанда рифабутиннің плазмалық концентрациясы жоғарылағаны және увеит даму қаупі жоғарылауы бар кларитромициннің сарысулық концентрациясы төмендегені байқалды.

Келесі препараттардың қан плазмасындағы кларитромицин концентрациясына дәлелденген және болжамды әсері бар; оларды кларитромицинмен бірге қолданған жағдайда доза түзету немесе баламалы емге көшу талап етілуі мүмкін.

Эфавиренз, невирапин, рифампицин, рифабутин және рифапентин

Эфавиренз, невирапин, рифампицин, рифабутин және рифапентин сияқты цитохром Р450 жүйесінің қуатты индукторлары кларитромициннің метаболизмін жеделдетуі мүмкін және осылайша плазмадағы кларитромицин концентрациясын төмендетуі және емдік әсерін әлсіретуі мүмкін және сонымен бірге микробиологиялық белсенді болып табылатын 14-ОН-кларитромицин – метаболитінің концентрациясын жоғарылатуы мүмкін.

Кларитромицин және 14-ОН-кларитромициннің, микробиологиялық белсенділігі әртүрлі бактерияларға қатысты айырмашылығы болатындықтан, емдік әсері кларитромицин және фермент индукторларын бір мезгілде қолданғанда төмендеуі мүмкін.

Флуконазол

21 дені сау еріктілерде флуконазолды 200 мг дозада күнде және кларитромицинді 500 мг дозада тәулігіне 2 рет бірге қабылдау кларитромициннің тепе-тең концентрациясының (Cmin) және AUC ең төмен орташа мәнінің тиісінше 33% және 18% артуына алып келді. Бұл арада бір мезгілде қабылдау 14-ОН-кларитромициннің белсенді метаболитінің орташа тепе-тең концентрациясына елеулі әсер етпеген. Флуконазолмен бір мезгілде қолданған жағдайда кларитромицин дозасын түзету талап етілмейді.

Ритонавир

Фармакокинетикалық зерттеулер әрбір 8 сағатта 200 мг дозада ритонавирді және әрбір 12 сағатта 500 мг дозада кларитромицинді бір мезгілде қабылдау

кларитромицин метаболизмінің елеулі бәсеңдеуіне әкелгенін көрсетті.

Ритонавирді бір мезгілде қабылдағанда кларитромициннің Cmax - 31%-ға артты, Cmin - 182% және AUC - 77%-ға ұлғайған. 14-ОН-кларитромицин түзілуінің толық бәсеңдеуі белгіленді. Кларитромициннің емдік кең диапазонына байланысты оның дозасының бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде азайтылуы талап етілмейді. Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде (КК 30-60 мл/мин) дозаны 50% азайту керек. Ритонавирді тәулігіне 1 г астам болатын дозадағы кларитромицинмен бір мезгілде қолдануға болмайды.

Кларитромициннің басқа дәрілік препараттарға әсері

Аритмияға қарсы препараттар

Кларитромицин және хинидинді немесе дизопирамидті бір мезгілде қабылдағанда "пируэт" типті қарыншалық тахикардия туындау мүмкіндігі бар. Кларитромицинді осы препараттармен бір мезгілде қабылдағанда QT аралығы ұзаруына ЭКГ бақылау ұдайы жүргізу керек, сондай-ақ бұл препараттардың сарысулық концентрациясын бақылау керек.

CYP3A изоферментімен шартталған өзара әрекеттесулер

CYP3A изоферментін тежейтіні белгілі кларитромицинді және CYP3A біріншілік метаболизденетін препараттармен бірге қабылдағанда олардың концентрациясының өзара жоғарылауымен астасуы мүмкін, бұл олардың емдік, сондай-ақ жағымсыз әсерлерін де күшейтуі немесе ұзартуы мүмкін. Кларитромицинді CYP3A изоферментінің субстраттары болып табылатын препараттар қабылдайтын пациенттерге, әсіресе егер бұл препараттардың емдік диапазоны тар болса (мысалы, карбамазепин), және/немесе осы ферментпен қарқынды метаболизденсе, сақтықпен қолдану керек. Қажет болған жағдайда кларитромицинмен бірге қабылданатын препараттың дозасын түзету жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ мүмкіндігінше CYP3A біріншілік метаболизденетін препараттардың сарысулық концентрациясының мониторингі жүргізілуі тиіс.

Келесі препараттардың/класстардың метаболизмі кларитромицин метаболизміндегі сияқты CYP3A изоферменттермен жүзеге асырылады, мысалы, алпразолам, карбамазепин, цилостазол, циклоспорин, дизопирамид, қастауыш алкалоидтары, метилпреднизолон, мидазолам, омепразол, тікелей емес антикоагулянттар (мысалы, варфарин), хинидин, рифабутин, силденафил, такролимус, триазолам және винбластин. Сондай-ақ CYP3A изоферменті агонистеріне кларитромицинмен бірге қолдануға қарсы көрсетілімдегі келесі препараттар жатады: астемизол, цизаприд, пимозид, терфенадин, ловастатин, симвастатин және қастауыш алкалоидтары. Цитохром Р450 жүйесі аясындағы басқа изоферменттер арқылы осыған ұқсас түрдегі өзара әрекеттесетін перпараттарға фенитоин, теофиллин және вальпрой қышқылы жатады.

Теофиллин, карбамазепин

Кларитромицин және теофиллинді немесе карбамазепинді бір мезгілде қабылдағанда қан ағыны жүйесіндегі берілген препараттардың концентрациясы жоғарылауы мүмкін.

Омепразол

Дені сау ерікті ересектерде кларитромицин (әрбір 8 сағатта 500 мг) омепразолмен (күн сайын 40 мг) біріктірілімде зерттелді. Кларитромицин және омепразолды бір мезгілде қабылдағанда омепразолдың тепе-теңдік плазмалық концентрациясы (Cmax, AUC0-24, және T1/ тиісінше 30%, 89% және 34% ұлғайған) ұлғайды. Асқазанның рН орташа мәні 24 сағат ішінде омепразолды жеке қабылдағанда 5.2 құрады және омепразолды кларитромицинмен бір мезгілде қабылдағанда 5.7 құрады.

Силденафил, тадалафил және варденафил

Фосфодиэстеразаның бұл тежегіштерінің әрқайсысы кемінде ішінара CYP3A қатысуымен метабоизденеді. Сонымен бірге CYP3A кларитромицин қатысуымен тежелуі мүмкін. Кларитромицинді силденафилмен, тадалафилмен немесе варденафилмен бір мезгілде қолдану фосфодиэстеразаны тежейтін әсері артуына әкелуі мүмкін. Бұл препараттар кларитромицинмен бірге қолданылғанда силденафил, тадалафил және варденафилдің дозасын азайту мүмкіндігін қарастыру керек.

Толтеродин

Толтеродиннің біріншілік метаболизмі цитохром Р450 (CYP2D6) 2D6 изоформасы арқылы жүзеге асырылады. Алайда CYP2D6 жоқ популяциялардың бір бөлігінде метаболизм CYP3A арқылы жүреді. Тұрғын халықтың бұл тобында CYP3A бәсеңдету сарысудағы толтеродиннің елеулі жоғарырақ концентрациясына әкелуі мүмкін. CYP2D6 арқылы метаболизм деңгейі төмен популяцияда кларитромицин сияқты CYP3А тежегіштері қатысуында толтеродин дозасының төмендеуі талап етілуі мүмкін.

Бензодиазепиндер (мысалы, алпразолам, мидазолам, триазолам)

Мидазолам және кларитромицинді таблетка түрінде бірге қолданғанда (тәулігіне 2 рет 500 мг) мидазоламның AUC: мидазоламды к/і енгізуден кейін 2.7 есе және ішу арқылы қабылдағаннан кейін 7 есе артқаны анықталды. Мидазолам және кларитромицинді ішу арқылы бір мезгілде қабылдаудан аулақ болу керек. Егер кларитромицинмен бірге к/і енгізуге арналған мидазолам қолданылса болжамды доза түзетілуі үшін пациент жай-күйін мұқият бақылау керек. Сақтықтың бұндай шараларын триазолам және алпразоламды қоса, CYP3A метаболизденетін басқа да бензодиазепиндерге қолдану керек. Шығарылуы CYP3A (темазепам, нитразепам, лоразепам) тәуелді емес бензодиазепиндер үшін кларитромицинмен клиникалық елеулі өзара әрекеттесу ықтималдығы аз.

Кларитромицинді және триазоламды бірге қолданғанда ОЖЖ әсер етуі мүмкін, мысалы ұйқышылдық және сананың шатасуы. Осыған байланысты бір мезгілде қолданған жағдайда ОЖЖ симптомдары бұзылуын қарау ұсынылады.

Басқа препараттармен өзара әрекеттесуі

Колхицин

Колхицин CYP3A субстраты, сондай-ақ Р-гликопротеин (Pgp) тасымалдаушы ақуызының да субстраты болып табылады. Кларитромицин және басқа да макролидтердің CYP3A және Pgp тежегіштері болып табылатыны белгілі. Кларитромицин және колхицинді бір мезгілде қолданғанда Pgp және/немесе CYP3A тежелуі колхицин әсерінің күшеюіне әкелуі мүмкін. Колхицинмен уланудың клиникалық симптомдарының дамуын бақылау керек. Колхицинмен уланудың жағдайлары туралы оны кларитромицинмен бір мезгілде қабылдағанда маркетингтен кейінгі мәлімдеулері көбіне егде жастағы пациенттерде тіркелді. Сипатталған жағдайлардың кейбіреулері бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде болған. Кейбір жағдайлардың өліммен аяқталғаны хабарланды. Кларитромицин және колхицинді бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімде.

Дигоксин

Дигоксин Pgp үшін субстрат болып табылады деп болжанады. Кларитромициннің Pgp тежейтіні белгілі. Кларитромицин және дигоксинді бір мезгілде қолдануда кларитромицинмен Pgp тежелуі дигоксин әсерінің күшеюіне әкелуі мүмкін. Дигоксин және кларитромицинді бірге қабылдау сондай-ақ дигоксиннің сарысулық концентрациясының жоғарылауына алып келуі мүмкін. Кейбір пациенттерде потенциалды түрде өлімге соқтыратын аритмияны қоса, дигоксинмен уланудың клиникалық симптомдары анықталды. Кларитромицин және дигоксинді бірге қабылдағанда сарысудағы дигоксин концентрациясын мұқият бақылау керек.

Зидовудин

Кларитромицин мен зидовудиннің таблеткаларын АИТВ-инфекциясын жұқтырған ересек пациенттер бір мезгілде қолданғанда зидовудиннің Css төмендеуіне әкелуі мүмкін. Кларитромицин ішу арқылы қабылдағанда зидовудин сіңуіне әсер ететіндіктен, кларитромицин мен зидовудинді 4 сағат аралықпен қабылдай отырып, өзара әрекеттесуінен елеулі дәрежеде аулақ болуға болады. Бұған ұқсас өзара әрекеттесуі АИТВ-инфекциясын жұқтырған зидовудинмен немесе дидезоксиинозинмен кларитромицинді суспензия түрінде қабылдаған балаларда бақыланбады. Ересек пациенттерде ішке оларды бір мезгілде қабылдағанда кларитромицин зидовудин сіңуіне кедергі келтіруі мүмкін болғандықтан, кларитромицинді к/і пайдаланғанда бұған ұқсас өзара әрекеттесудің болу ықтималдығы белгісіз.

Фенитоин және вальпрой қышқылы

CYP3A тежегіштерінің (кларитромицинді қоса) CYP3A (фенитоинмен және вальпрой қышқылымен) көмегімен метаболизденбейтін препараттармен өзара әрекеттесуі туралы деректер бар. Кларитромицинмен бір мезгілде қабылдағанда бұл препараттардың сарысулық концентрациясының деректерін анықтау ұсынылады, өйткені олардың жоғарылайтыны туралы хабарламалар бар.

Дәрілердің екі бағытты өзара әрекеттесулері

Атазанавир

Кларитромицин және атазанавир CYP3A субстраты, сондай-ақ тежегіштері де болып табылады. Бұл препараттардың екі бағытты өзара әрекеттесулерінің айғағы бар.

Кларитромицинді (тәулігіне 2 рет 500 мг) және атазанавирді (400 мг тәулігіне 1 рет) бір мезгілде қолдану кларитромицин әсерінің екі есе артуына және атазанавирдің AUC 28%-ға ұлғайта отырып, 14-ОН-кларитромицинге әсерінің 70%-ға азаюына әкелуі мүмкін. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде кларитромициннің ауқымды емдік диапазоны болуына орай оның дозасын азайту талап етілмейді. Бүйрек жеткіліксіздігі орташа дәрежелі (КК 30-60 мл/мин) пациенттерде кларитромицин дозасы 50% азайтылуы тиіс. КК 30 мл/мин аз пациенттерде, бұл үшін кларитромициннің сәйкес дәрілік түрін пайдалана отырып, кларитромицин дозасын 75% азайту керек. Тәулігіне 1000 мг асатын дозадағы кларитромицинді протеаза тежегіштерімен бірге қолдануға болмайды.

Баяу кальций өзекшелерінің блокаторлары

Кларитромицинді және CYP3A4 изоферментімен метаболизденетін (мысалы, верапамил, амлодипин, дилтиазем) баяу кальций өзекшелерінің блокаторларын бір мезгілде қолданғанда сақ болу керек, өйткені артериялық гипотензия туындауының қаупі бар. Кларитромициннің плазмалық концентрациясы, баяу кальций өзекшелерінің блокаторлары сияқты бір мезгілде қолданғанда жоғарылауы мүмкін. Кларитромицин және верапамилді бір мезгілде қолданғанда артериялық гипотензия, брадиаритмия және лактацидоз болуы мүмкін.

Итраконазол

Кларитромицин және итраконазол CYP3A субстраттары және тежегіштері болып табылады, бұл препараттардың екі бағытты өзара әрекеттесулерін анықтайды. Кларитромицин плазмадағы итраконазол концентрациясын жоғарылатуы мүмкін, бұл арада итраконазол кларитромициннің плазмалық концентрациясын арттыруы мүмкін. Итраконазол және кларитромицинді бір мезгілде қабылдайтын пациенттерді бұл препараттардың фармакологиялық әсерінің күшею немесе ұзақтығы артуы симптомдары болуына мұқият зерттеу керек.

Саквинавир

Кларитромицин және саквинавир CYP3A субстраттары және тежегіштері болып табылады, бұл препараттардың екі бағытты өзара әрекеттесулерін анықтайды. 12 дені сау еріктілерде кларитромицинді (500 мг тәулігіне 2 рет) және саквинавирді (жұмсақ желатин капсулаларда, 1200 мг тәулігіне 3 рет) бір мезгілде қолданғанда саквинавирді жеке қабылдағанға қарағанда саквинавирдің AUC және Cmax 177% және 187% тиісінше артуын туындатты.

Кларитромициннің AUC және Cmax  мәндері кларитромицинмен монотерапияға қарағанда шамамен 40%-ға жоғары болды. Бұл екі препаратты шектеулі уақыт ішінде жоғарыда келтірілген дозаларда/құрамда бір мезгілде қолданғанда доза түзету талап етілмейді. Жұмсақ желатин капсулалардағы саквинавир пайдаланылған дәрілік өзара әрекеттесулерінің зерттеулерінің нәтижелері қатты желатин капсулалардағы саквинавир қолдануда бақыланған әсерге сәйкес келмеуі мүмкін.

Саквинавирмен монотерапиядағы дәрілік өзара әрекеттесулерінің зерттеулерінің нәтижелері саквинавир/ритонавирмен емдегі бақыланатын әсерге сәйкес келмеуі мүмкін.

Саквинавирді ритонавирмен бірге қолданғанда ритонавирдің кларитромицинге потенциалды әсерін ескеру керек.

Айрықша нұсқаулар

Антибиотикті ұзақ немесе қайтара пайдалану сезімтал емес бактериялар мен зеңдердің шамадан тыс өсуін туындатуы мүмкін. Суперинфекция пайда болған жағдайда МЕРИСТАТ MR - сановель препаратын қолдануды тоқтатқан және тиісті ем жүргізуді бастаған жөн.

Кларитромицинді ЖИА, ауыр жүрек жеткіліксіздігі, гипомагниемиясы, айқын брадикардиясы ( 50 мин/соғу аз) бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.

Кларитромицинді қолданғанда бауыр ферменттерінің жоғары деңгейін қоса, бауыр функциясының бұзылуы жөнінде және сарғаюмен немесе онсыз болатын гепатоцеллюлярлық және/немесе холестаздық гепатит жөнінде мәлімделді. Бауыр функциясының бұл бұзылуы ауыр дәрежеде болуы мүмкін және ол әдетте қайтымды болады. Кейбір жағдайларда негізінен күрделі негізгі аурулармен және/немесе қатар қолданылатын дәрі-дәрмектік еммен астасқан, өліммен аяқталатын бауыр жеткіліксіздігі жөнінде мәлімделді. Анорексия, сарғаю, несептің күңгірттенуі, қышу немесе іштің ауыруы сияқты гепатит біліністері мен симптомдары пайда болғанда кларитромицин қабылдауды дереу тоқтату қажет. Созылмалы бауыр ауруы болғанда қан сарысуындағы ферменттерді ұдайы бақылау жүргізу керек.

Бактерияларға қарсы барлық препараттарды, соның ішінде макролидтерді пайдаланғанда науқастарда жеңіл дәрежеден өмірге қатер төндіретін түрге дейінгі жалған жарғақшалы колиттің пайда болғаны байқалады. Сондықтан бактерияларға қарсы дәрілерді қабылдағаннан кейін пайда болған диареясы бар пациенттерде осы диагнозды ескерген жөн. Бактерияларға қарсы препараттармен емдеу тоқ ішектің қалыпты микрофлорасын зақымдайды, бұл клостридиялардың шектен тыс өсіп-өнуіне әкеп соғуы мүмкін. Зерттеулер Clostridium difficile-ден бөлініп шығатын уыттар жалғанжарғақшалы колиттің дамуына себеп болатындығын көрсетті. Жалған жарғақшалы колит диагнозы анықталғаннан кейін тиісті емді бастау қажет. Жалған жарғақшалы колиттің жеңіл жағдайында препаратты қабылдауды тоқтату жеткілікті. Осы аурудың орташа және ауыр жағдайларында сұйықтықпен, электролиттермен, ақуыз қоспаларымен, сондай-ақ Clostridium difficile қарсы клиникалық тиімді антибактериялық препараттармен емдеуге басымдық беріледі.

Препаратты бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолданғанда сақ болу керек.

Кларитромицин мен колхицинді бірге қолданғанда, әсіресе егде пациенттерде, оның ішінде бүйрек жеткіліксіздігі аясында, колхицин уыттылығының дамуы туралы хабарланған (оның ішінде өліммен аяқталған). Кларитромицин және колхицинді бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімде

Кларитромициннің линкомицинге, клиндамицинге, сондай-ақ басқа да макролидтерге айқаспалы төзімділігі бар.

Кларитромицинді басқа отоуытты препараттармен, әсіресе аминогликозидтармен бір мезгілде қабылдағанда сақ болу керек және ем кезінде де, сондай-ақ ем аяқталғаннан кейін де вестибулярлық және есту аппараттарының функциясын бақылау керек.

Кларитромицин және триазолбензодиазепиндерді, мысалы, триазоламды, мидазоламды, алпрозалды бір мезгілде қолданғанда сақ болған жөн («Дәрілермен өзара әрекеттесуін» қараңыз).

QT аралығының ұзару қаупіне байланысты МЕРИСТАТ-сановель препаратын QT аралығы ұзаруы және torsade de pointes пайда болуының беталысы жоғары пациенттерге абайлап қолдану керек.

Пневмония Streptococcus pneumoniae-нің макролидтерге төзімділігінің бар болуы мүмкін екендігіне байланысты ауруханалық емес пневмонияны емдеу үшін МЕРИСТАТ MR -сановель препаратын тағайындағанда сезімталдыққа тест жүргізу маңызды. Ауруханалық пневмония жағдайында кларитромицинді басқа тиісті антибиотиктермен біріктіріп қолдану керек.

Тері мен жұмсақ тіндердің ауырлығы жеңіл және орта дәрежелі инфекциялары

Бұл инфекциялар бәрінен де жиі Staphylococcus aureus және Streptococcus pyogenes микроорганизмдерден туындайды, бұлардың әрқайсысы макролидтерге төзімді болуы мүмкін. Сондықтан сезімталдығына тест жүргізу маңызды. Бета-лактамдық антибиотиктер қолдану мүмкін болмаған жағдайда (мысалы, аллергия), бірінші таңдап алынатын препараттар ретінде басқа антибиотиктер, мысалы, клиндамицин қолданылуы мүмкін. Қазіргі таңда макролидтер тері мен жұмсақ тіндердің кейбір инфекцияларын емдеуде ғана, мысалы: Corynebacterium minutissimum (эритразма) туындаған инфекцияларда, acne vulgaris, тілме қабынуы; және пенициллинмен ем алуға болмайтын жағдайларда ғана рөл атқарады.

Анафилаксия, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз, DRESS, Шенлейн-Генох ауруы сияқты жедел ауыр аса жоғары сезімталдық реакциялары пайда болғанда кларитромицинмен емдеуді дереу тоқтатқан және тиісті емді бірден бастаған жөн.

Кларитромицинді СYP3A4 цитохромы ферментінің индукторларымен бір уақытта тағайындағанда сақтықпен қолдану керек («Дәрілермен өзара әрекеттесуін» қараңыз).

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге қолдану

Препараттың бұл түрі бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге қолданылмайды (креатинин клиренсі 30 мл/мин кем), өйткені ол дозаны талапқа сай төмендетуге мүмкіндік бермейді. Бүйректің орташа ауырлықтағы жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін (креатинин клиренсі 30-60 мл/мин) дозаны 50%-ға, күніне кларитромициннің ең жоғары дозасы әсер етуі ұзақ 1 таблеткаға дейін төмендетеді.

Препаратты жедел бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.

Ішу арқылы қабылданатын гипогликемиялық препараттар/инсулин.

Кларитромицинді және ішу арқылы қабылданатын гипогликемиялық препараттарды және/немесе инсулинді бір мезгілде қолдану айқын гипогликемияға алып келуі мүмкін. Натеглинид, пиоглитазон, репаглинид, розиглитазон сияқты кейбір гипогликемиялық препараттарды кларитромицинмен бір мезгілде қолданғанда кларитромициннің CYP3A ферментін тежеуі салдарынан гипогликемия пайда болуы мүмкін. Қандағы глюкоза деңгейіне мұқият мониторинг жүргізу керек

Ішу арқылы қабылданатын антикоагулянттар.

Кларитромицин мен варфаринді бір мезгілде қолданғанда ауыр қан кетулер, МНО айқын ұлғаюы және протромбиндік уақыттың едәуір жоғарылау қаупі бар. Кларитромицин мен ішу арқылы қабылданатын антикоагулянттарды біріктіріп қолданғанда МНО және протромбиндік уақытты мұқият бақылауға алған жөн.

ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері.

Кларитромицинді ловастатинмен және симвастатинмен бір мезгілде қолдануға болмайды. Басқа да макролидтер сияқты, кларитромицин ГМК-КоА-редуктаза тежегіштерінің концентрациясын арттырады. Бұл дәрілік заттарды бірге қолданғанда пациенттерде рабдомиолиздің пайда болғаны жөнінде сирек мәлімделді. Пациенттердің жай-күйін миопатия симптомдарын анықтау үшін бақылау қажет.

Аторвастатин немесе розувастатинді кларитромицинмен бірге қолданған пациенттерде рабдомиолиздің пайда болғаны жөнінде сирек мәлімделді. Кларитромицинмен бір мезгілде қолданғанда аторвастатин мен розувастатинді азырақ дозада қолдану қажет. Мұндай жағдайларда статиндер дозасын түзету мүмкіндігін немесе метаболизмі CYP3A ферментіне байланысты болмайтын статиндерді (флувастатин немесе правастатин) пайдалану мүмкіндігін қарастыру керек.

Лактоза

­Галактоза көтере алмаушылығы,­ ­ лактаза жеткіліксіздігі,­ ­ глюкоза-галактоза мальабсорбция синдромы бар науқастарда Меристат MR-сановель қабылдау қарсы көрсетілімде.

Натрий

Меристат MR -сановель құрамында 1 ммоль (23 мг) аз натрий бар, бұны натрий бақыланатын диетадағы пациенттерде ескеру керек.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Автокөлік жүргізу мен механизмдерді басқару қабілетіне препараттың әсер етуін анықтауға арнайы зерттеу жүргізілмеген, алайда ықтимал жағымсыз әсерлерін ескере отырып, сақтық танытқан жөн.

Артық дозалануы

Симптомдары: іштің ауыруы, жүрек айнуы, құсу, диарея.

Емі: асқазанды шаю, симптоматикалық ем.

Гемодиализде немесе перитонеальді диализ жүргізгенде плазмадағы кларитромициннің концентрациясы өзгермейді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

7 таблеткадан поливинилхлорид/поливинилдихлоридті (ПВХ/ПВДХ) және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.

1 немесе 2 пішінді қаптамадан медициналық қолдануы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

25˚С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

4 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Сановель» фармако-индустриалды сауда компаниясы, Түркия

34580 Силиври/Стамбул/Түркия

Тіркеу куәлігінің иесі

«Сановель» фармако-индустриалды сауда компаниясы, Түркия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын және дәрілік зат қауіпсіздігінің тіркеуден кейін қадағалануына жауапты ұйымның мекенжайы

Қазақстан Республикасы 050059

Алматы қ., Қажымұқан к-сі, 26А

Телефон: 8 (727) 264 73 05, 8 701 014 1182

Факс: 8 (727) 262 00 12

эл.поштасы: sanovel@mail.ru

 

Прикрепленные файлы

934713061477976227_ru.doc 156.5 кб
882244281477977475_kz.doc 167 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники