Медофлюкон (50 мг)

МНН: Флуконазол
Производитель: Медокеми Лтд
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Fluconazole
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№014456
Период регистрации: 19.09.2014 - 19.09.2019
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 131.57 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Медофлюкон

Халықаралық патенттелмеген атауы

Флуконазол

Дәрілік түрі

50мг, 150мг және 200 мг капсулалар

Құрамы

Бір капсуланың құрамында

белсенді зат – 50мг, 150мг, 200 мг флуконазол

қосымша заттар: лактоза моногидраты, желатинделген жүгері крахмалы, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, натрий лаурилсульфаты, магний стеараты.

капсула қақпақшасының құрамы: кармуазин (Е 122) (50мг және 200 мг дозалар үшін), патенттелген көк V (Е131) (50мг және 150 мг дозалар үшін), титанның қостотығы (Е171), понсо 4 R (E 124) және сансет сары FCF (E 110) (200 мг доза үшін), желатин.

капсула корпусының құрамы: титанның қостотығы (Е171), желатин, патенттелген көк V(Е131) (150 мг доза үшін).

Сипаттамасы

Құрамында сусымалы ақ ұнтағы бар, қақпақшасы көгілдір түсті, корпусы ақ түсті №3 қатты желатинді капсулалар (50 мг доза үшін).

Құрамында сусымалы ақ ұнтағы бар, қақпақшасы мен корпусы көгілдір түсті №1 қатты желатинді капсулалар (150 мг доза үшін).

Құрамында сусымалы ақ ұнтағы бар, қақпақшасы қызыл түсті және корпусы ақ түсті №1 қатты желатинді капсулалар (200 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелік пайдалануға арналған зеңге қарсы дәрі. Триазол туындысы. Флуконазол.

АТХ коды J02AC01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішу арқылы қабылдаған кезде флуконазол жақсы сіңіріледі, биожетімділігі 90%-ға жуық құрайды. Тамақпен бір мезгілде қабылдау препараттың адсорбциясына әсер етпейді. Ең жоғары концентрациясына 0,5-1,5 сағаттан соң жетеді. Қан плазмасындағы концентрациясы қабылданған дозаға тура пропорциональді. Қан плазмасының ақуыздарымен байланысуы – 11-12%. Организмнің барлық биологиялық орталарына жақсы өтеді. Сілекейдегі, қақырықтағы, буынның және перитонеальді сұйықтықтардағы, қынап секіретіндегі, емшек сүтіндегі флуконазол концентрациялары қан плазмасындағыға ұқсас. Жұлын сұйықтығындағы концентрациясы 85 %-ға жуықты құрайды. Мүйізгекті қабаттағы, эпидермистегі, дермадағы және тер бездеріндегі концентрациялары қан плазмасындағы концентрациядан асатын мәндерге жетеді. Препарат тырнақтарда ем аяқталғаннан кейін 6 ай ішінде анықталады. Жартылай шығарылу кезеңі (Т1\2) ұзақ, 30 сағатты құрайды. Флуконазол бауырдағы CYP2C9 изоферментінің тежегіші болып табылады. Басым бөлігі бүйректермен (80% - өзгермеген түрде, 11% - метаболиттер түрінде) шығарылады. Флуконазол клиренсі креатинин клиренсіне (КК) пропорциональді.

Флуконазол фармакокинетикасы бүйректің функционалдық жағдайына тәуелді, сонымен бірге Т1/2 және КК арасында кері тәуелділік бар. Гемодиализден кейін 3 сағат ішінде қан плазмасындағы флуконазол концентрациясы 50 %-ға төмендейді.

Фармакодинамикасы

Медофлюкон - Р450 цитохромына тәуелді, зеңдер ферменттерінің белсенділігін тежейтін жоғары спецификалық әсерге ие, зеңдерге қарсы дәрі. Зең жасушалары ланостеролының эргостеролға айналуын бөгейді, жасушалық жарғақшаның өткізгіштігін ұлғайтады, оның өсуін және репликациясын бұзады.

Препараттың белсенді заты – флуконазол, зеңдердің Р450 цитохромы үшін жоғары таңдаулы болып табыла отырып, адам организмінде бұл ферменттерді іс жүзінде әлсіретпейді (итраконазолмен, клотримазолмен, эконазолмен және кетоконазолмен салыстырғанда, аз дәрежеде Р450 цитохромына тәуелді, адам бауырының микросомаларындағы тотығу үдерістерін бәсеңдетеді). Антиадрогенді белсенділікке ие емес.

Оппортунистік микоздар кезінде, оның ішінде Candida spp. (иммунодепрессия аясында кандидоздың жайылған түрлерін қоса), Cryptococcus neoformans және Coccidioides immitis (бас сүйекішілік жұқпаларды қоса), Microsporum spp. және Trichophyton spp туындатқан; Blastomyces dermatidis, Histoplasma capsulatum (соның ішінде иммунодепрессия кезінде) туындатқан эндемиялық микоздар кезінде белсенді.

Қолданылуы

- қынаптық кандидозда (жедел және созылмалы)

- шырышты қабықтың кандидоздарында, оның ішінде орофарингеальді, өңештің, инвазивті емес бронхөкпелік, сондай-ақ ауыз қуысының созылмалы атрофиялық кандидозында

- кандидурияда

- табанның, кеуде және шап аймағының микоздарын қоса алғанда терінің зеңдік жұқпалары, кебек тәрізді теміреткі, тері кандидозында

- кандидемияны, диссеминацияланған кандидоз және инвазивті кандидоздың (оның ішінде перитонеальді қуыстың, эндокардтың, тыныс алу және несеп шығару жолдарының) басқа түрлерін қоса алғанда, жүйелік кандидозда

- криптококкозда, өкпе және теріде орналасуымен қоса алғанда, криптококктық менингитте

- ЖИТС-пен зардап шегетін емделушілерде криптококктық жұқпаның қайталануын болдырмау үшін демеуші ем ретінде

- нейтропения нәтижесінде, химиотерапиядан немесе сәулемен емдеуден кейін иммундық жауабы төмендеген емделушілерде зеңдік жұқпаның алдын алуда.

Қолдану тәсілі және дозалары

Капсулалардағы Медофлюкон пероральді қолдануға арналған.

Медофлюконның тәуліктік дозасы зеңдік жұқпаның сипатына және ауырлығына байланысты. Препаратты қайталап қабылдауды талап ететін жұқпалар кезінде белсенді зеңдік жұқпаның клиникалық немесе зертханалық белгілері жоғалғанға дейін емдеуді жалғастыру керек.

Емдеу курсының ұзақтығының бұзылуы үдерістің созылмалылығына алып келуі мүмкін.

Криптококктық менингитпен немесе қайталанған орофарингеальді кандидозы бар ЖИТС-пен ауыратын науқастарға жұқпаның қайталануының алдын алу үшін демеуші ем талап етіледі.

Қынап кандидозы бір реттік доза - 150мг.

Ауыз қуысының және жұтқыншақтың кандидозы - күніне бір рет 50 мг-ден 7-14 күн бойы. Иммундық жауаптың айқын төмендеуі бар науқастардан басқаларында емдеу 14 күннен аспауы керек, олар үшін емдеу курсы ұзақ уақытқа ұзартылуы мүмкін.

Ауыз қуысының атрофиялық кандидозы - тәулігіне бір рет 50 мг-ден 14 күн бойы.

Өңеш кандидозы, инвазивті емес бронхөкпелік кандидоз, кандидурия - тәулігіне бір рет 50 мг-ден 14-30 күн бойы.

Кандидоздың ауыр түрі кезінде күнделікті доза 100 мг-ге дейін ұлғайтылуы мүмкін.

Табан дерматофитиясы (микоз), шап аймағының және тегіс терінің дерматомикозы, кеуде дерматомикозы, кебек тәрізді теміреткі, тері кандидозы - тәулігіне бір рет 50 мг-ден 2-4 апта бойы. Табан дерматофитиясының емдеу курсы 6 аптаға дейін ұзартылуы мүмкін.

Емдеу курсын 6 аптадан асыруға болмайды.

Кандидемия, диссеминацияланған кандидоз және өзге инвазивті кандидозды жұқпалар кезінде алғашқы тәуліктік доза 400 мг құрайды, кейіннен тәулігіне 200 мг-ден. Клиникалық симптомдардың айқындылығына байланысты доза тәулігіне 400 мг-ға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Емнің ұзақтығы клиникалық және микологиялық тиімділікке байланысты.

Криптококктық менингитте, тері және өкпеде орналасқан криптококкты жұқпа кезінде емдеудің бірінші күні – 400 мг, кейіннен - 200–400 мг-ден тәулігіне 1 рет. Емдеу ұзақтығы клиникалық және микологиялық тиімділіктің болуына байланысты.

Криптококктық менингит кезінде емдеу курсы 6-8 аптаны құрайды.

ЖИТС-пен ауыратын науқастарда криптококкты менингиттің қайталануының алдын алу үшін алғашқы емдеудің толық курсы аяқталғаннан кейін, Медофлюконмен емдеу тәулігіне 100-200 мг дозада ұзақ мерзімге ұзартылуы мүмкін.

Жұқпаның даму қаупі цитоуытты химиятерапияның немесе сәулемен емдеудің нәтижесінде дамитын нейтропенияға байланысты иммундық жауабы төмен науқастарда зеңдік жұқпаның алдын алу үшін – тәулігіне бір рет 50 мг-ден 400 мг-ге дейін.

Жоғары дәрежедегі операция қаупі бар емделушілер (сүйек кемігін трансплантациялау) тәулігіне бір рет 400 мг алулары қажет. Препаратты қабылдауды нейтропенияның қайталануына дейін бірнеше күн бұрын бастау керек, сосын нейтрофилдердің саны 1000 жасуша/мм³ асқаннан кейін, 7 күн бойы жалғастыру керек.

Егде жастағы емделушілер:

Бүйрек жеткіліксіздігінен басқа жағдайда дозалауды түзету талап етілмейді (креатинин клиренсі <40мл/мин).

Бүйрек жеткіліксіздігі:

Бір реттік дозамен емдеу кезінде дозалауды түзету талап етілмейді.

Көп реттік дозалармен емдеу кезінде стандартты дозаны емнің 1- және 2-күндерінде алу керек. Егер креатинин клиренсі 21мл/мин -40мл/мин құраса, емделуші күніне бір рет стандартты дозаның жартысын біртіндеп қабылдауына немесе қабылдаулар арасындағы аралықты 2 күнге дейін ұлғайтуға болады. Егер креатинин клиренсі 10мл/мин - 20мл/мин құраған жағдайда күніне бір рет стандартты дозаның 1/3-н қабылдау немесе қабылдаулар арасындағы аралықты 3 күнге дейін ұлғайту қажет.

Гемодиализде жүрген емделушілер:

Гемодиализдің әрбір сеансынан кейін бір доза.

Жағымсыз әсерлері

Жиі ( ≥1/100-ден <1/10-ға дейін)

- бас ауыруы

- іштің ауыруы, диарея, жүрек айнуы, құсу

- сілтілі фосфатаза деңгейінің, сарысуда аминотрансфераза (АЛТ және АСТ) деңгейінің жоғарылауы

- бөртпе

Жиі емес ( ≥1/1,000-ден ≤1/100-ге дейін)

- ұйқысыздық, ұйқышылдық

- құрысулар, бас айналуы, парестезия, дәмнің өзгеруі

- вертиго

- диспепсия, метеоризм, ауыздың құрғауы

- холестаз, сарғаю, билирубиннің жоғарылауы

- қышыну, есекжем, тер бөлінуінің жоғарылауы, дәрілік заттың әсерінен туындаған дерматит

- миалгия

- шаршау, дімкастық, әлсіздік, дене температурасының жоғарылауы

Сирек ( ≥1/10,000-ден ≤1/1,000-ге дейін)

- агранулоцитоз, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения

- анафилаксия, ангионевротикалық ісіну

- гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, гипокалиемия

- тремор

- қарыншалардың жыпылықтауы/дірілдеуі, QT аралығының ұзаруы

- гепатоуыттылық, өлімге апаратын сирек жағдайларды қосқанда, бауыр жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлы некроз, гепатит, гепатоцеллюлярлы зақымданулар

- уытты эпидермальды некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, жедел жайылған экзантематозды пустулез, эксфолиативті дерматит, беттің ісінуі, алопеция

ЖИТС–пен немесе обырмен ауыратын науқастарда, Медофлюконмен және ұқсас препараттармен емделу кезінде қан көрсеткіштерінің, бүйрек пен бауыр қызметінің өзгеруі байқалды, алайда бұл өзгерістердің клиникалық маңызы және олардың еммен байланысы анықталмаған.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- флуконазолға, препараттың басқа компоненттеріне немесе құрылымы флуконазолға ұқсас азольды заттарға жоғары сезімталдық

- тәулігіне 400 мг және одан жоғары дозада Медофлюконды көп реттік қолдану кезінде бір мезгілде терфенадинді қабылдау

- цизаприд, астемизол, эритромицин, пимозид және хинидин сияқты, QT аралығын ұзартатын және CYP3A4 ферменті арқылы метаболизденетін дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдау

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балаларға

Сақтықпен

Флуконазолды қабылдау аясында бауыр қызметі көрсеткіштерінің бұзылуы; беткейлік зеңдік жұқпасы және инвазивті/жүйелі зеңдік жұқпалары бар науқастарда флуконазолды қабылдау аясында бөртпенің пайда болуы; терфенадин мен флуконазолды тәулігіне 400 мг-ден төмен дозада бір мезгілде қабылдау; көптеген қауіп факторлары бар науқастарда қауіптілігі зор проаритмиялық жағдайлар (жүректің органикалық аурулары, электролитті теңгерімнің бұзылулары және осындай бұзылуларға ықпал етуші қатарлас ем).

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Басқа дәрілік препараттардың Медофлюконға әсері.

Кумаринді антикоагулянттардың тиімділігін (протромбиндік уақыттың ұзаруы; варфаринді - орташа 12%-ға), зидовудиннің (зидовудиннің жағымсыз әсерлерін жоғарылату), циклоспориннің (флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада қабылдаған кезде), рифабутиннің (бір мезгілде қабылдағанда увеиттің болғаны сипатталған) және фенитоиннің (үйлестіре қабылдаған кезде плазмада фенитоиннің концентрациясын бақылау қажет) концентрациясын клиникалық маңызды дәрежеде жоғарылатады. Теофиллиннің T1/2 ұзартады және уыттанудың даму қаупін жоғарылатады (оның дозасын түзету қажет). Мидазоламның концентрациясын жоғарылатады - психомоторлы әсерлер қаупін жоғарылату (флуконазолды к/і қабылдауға қарағанда ішке қабылдағанда көбірек білінеді); такролимусты – нефроуыттылық қаупі.

Сульфонилмочевина туындыларымен бір мезгілде қабылдаған кезде (хлорпропамид, глибенкламид, глипизид және толбутамид) қанда глюкоза концентрациясын мезгіл-мезгіл бақылау керек, және қажет болса гипогликемиялық ДЗ дозасын түзету керек (өйткені флуконазол T1/2 ұзартады).

Гидрохлоротиазид плазмада флуконазолдың концентрациясын 40%-ға жоғарылатады, рифампицин T1/2 20% -ға және AUC - 25%-ға төмендетеді.

Терфенадин мен цизаприд, қарыншалық тахикардия пароксизмін (torsades de pointes) қоса алғанда, аритмияның пайда болу қаупін жоғарылатады.

Айрықша нұсқаулар

Медофлюконмен емдеуді сеппенің немесе басқа да зертханалық зерттеулердің нәтижесінсіз бастауға болады, алайда олардың нәтижесі болған кезде фунгицидті емді тиісінше түзету ұсынылады.

Емді клинико-микологиялық ремиссия болғанға дейін жалғастыру керек. Емді уақытынан бұрын тоқтату аурудың қайталануына алып келеді.

Медофлюконмен емделу барысында қан көрсеткіштерін, бауыр және бүйрек қызметтерін бақылау керек. Бауыр және бүйрек қызметтерінің бұзылуының клиникалық белгілері пайда болған жағдайда препаратты қабылдауды тоқтату немесе дозасын төмендету керек.

Медофлюконның гепатоуытты әсері әдетте қайтымды, белгілері емді тоқтатқаннан кейін қайтады.

Медофлюкон сирек жағдайда анафилактикалық реакциялар туындатуы мүмкін.

Медофлюконмен емдеу уақытында науқастарда сирек жағдайда Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз сияқты, эксфолиативті тері реакциялары дамыған. ЖИТС –пен науқастар көптеген препараттарды қабылдаған кезде ауыр тері реакциялары дамуына бейімдеу болып келеді. Науқаста беткейлік зеңдік жұқпаны емдеу кезінде, Медофлюконды қолданумен байланысты болуы мүмкін бөртпе пайда болса, препаратты тоқтату керек. Инвазивті/жүйелі зеңдік жұқпасы бар науқастарда бөртпе пайда болса, оларды мұқият бақылау керек және буллезді зақымданулар немесе көптүрлі эритема пайда болған кезде Медофлюконды тоқтату керек.

Медофлюкон ЭКГ–да QT аралығының ұзаруын туындатуы мүмкін. Медофлюконды қолдану кезінде жүректің органикалық аурулары, электролитті теңгерімнің бұзылулары және осындай бұзылуларға ықпал етуші қатарлас ем сияқты көптеген қауіп факторлары бар науқастарда, QT аралығының ұзаруы және қарыншалардың жыбырлауы/ дірілдеуі өте сирек жағдайларда байқалды. Сондықтан мұндай қауіптілігі зор проаритмиялық жағдайлардағы емделушілерге Медофлюконды сақтықпен қолдану керек.

Бауыр, жүрек және бүйрек аурулары бар емделушілерге Медофлюконды қолданар алдында дәрігермен кеңесу ұсынылады.

Кумаринді қатардағы антикоагулянттармен бір мезгілде қолданған кезде протромбиндік индексті бақылау қажет. Флуконазол қабылдаушы емделушілердің қанындағы циклоспориннің концентрациясына бақылау жүргізу ұсынылады, өйкені бүйрегі ауыстырылып қондырылған емделушілерде флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада қабылдау плазмада циклоспорин концентрациясының баяу ұлғаюына әкелуі мүмкін.

Қынаптық кандидоз бойынша 150 мг Медофлюконды қабылдау кезінде, симптомдардың жақсаруы әдетте 24 сағаттан кейін байқалатыны жөнінде емделушілерге ескертілуі тиіс, бірақ олардың толықтай жойылуы үшін кейде бірнеше күн қажет болуы мүмкін. Симптомдар бірнеше күн бойы сақталатын болса дәрігерге қаралу керек.

Медофлюкон капсуласының құрамында лактоза бар, сондықтан оны сирек туа біткен галактозаны көтере алмаушылық, лактоза жетіспеушілігі немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы проблемалары бар емделушілерге тағайындауға болмайды. Капсула қақпақшасы мен корпусының құрамында бояғыштардың: кармоизин (Е 122), патенттелген көк V (Е 131), сансет сары FCF (E 110) болуына байланысты 18 жасқа дейінгі балаларда препаратты қолдану ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Препараттың жағымсыз әсерлерін ескере отырып, көлік құралын немесе жоғары назар аударуды қажет ететін механизмдерді басқаруда сақтық керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: елестеулер, параноидальді мінез-құлық.

Емі: симптоматикалық: асқазанды шаю, қарқынды диурез. Гемодиализ қан плазмасындағы концентрациясын 3 сағат ішінде шамамен 50%-ға төмендетеді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 7 капсуладан (50 мг доза үшін) және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықсыз қаптамаға 1 капсуладан (150 мг және 200 мг дозалар үшін) салынады.

1 пішінді қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған пәшкеге салынған.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°С–ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

4 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Медокеми Лтд», Кипр

Constantinoupoleos Street, Limassol 3011, Cyprus

tel. 00352725867600, fax. 0035725560863

Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі

«Медокеми Лтд», Кипр

Қаптаушы ұйымның атауы мен елі

«Медокеми Лтд», Кипр

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнімнің (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Қазақстан Республикасындағы «Медокеми ЛТД» өкілдігі

050008 Алматы қ-сы, Мұқанов к-сі 241, 1 «Б» кеңсе

телефон/факс 8(727) 313-73-76

Прикрепленные файлы

845187681477976659_ru.doc 82 кб
650934451477977806_kz.doc 91.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники