Майфенакс (250 мг)

МНН: Микофеноловая кислота (Микофенолата мофетил)
Производитель: Тева Фармасьютикал Воркс Приват Лимитед Компани
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Mycophenolic acid
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№016920
Период регистрации: 07.09.2016 - 07.09.2021
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Предельная цена закупа в РК: 202.86 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Майфенакс

Халықаралық патенттелмеген атауы

Микофенол қышқылы

Дәрілік түрі

250 мг капсулалар

Құрамы

белсенді зат: 250 мг микофенолат мофетилі,

қосымша заттар: желатинделген крахмал, повидон, магний стеараты, натрий кроскармеллозасы, желатин, титанның қостотығы (Е171), индигокармин - FD&C көгілдір 2 (Е132), темірідің сары тотығы және темірдің қызыл тотығы (T172).

Сипаттамасы

Қатты желатинді, мөлдір емес капсулалар, корпусы – қызыл сары түсті, өзегіне қара түспен «250» жазуы жазылған. Капсула қалпақшасы – ашық-көгілдір түсті, қара түсті «М» жазуы бар.

Капсуланың ішіндегісі – ақ немесе ақ дерлік кристалл ұнтақ.

Фармакотерапиялық тобы

Иммунодепрессанттар. Селективті иммунодепрессанттар. Микофенол қышқылы.

АТХ коды L04AA06

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы Жалпы, бүйректі және жүректі ауыстырғаннан кейін науқастардағы микофенолат мофетилінің (ММФ) фармакокинетикалық бейіні бірдей болады. Бауыры ауыстырылған және 1,5 г доза ММФ қабылдап жүрген, трансплантациядан кейінгі ерте кезеңдегі пациенттерде микофенол қышқылының (МФҚ) концентрациялары бүйрегі ауыстырылған, 1 г доза ММФ қабылдап жүрген науқастардағыдай.

Сіңуі Пероральді түрде қабылдаудан кейін тез және толық сіңеді, бауыр арқылы алғаш өткен кезде микофенолат мофетилі белсенді метаболит – микофенол қышқылына (МФҚ) айналады. Бүйрегі ауыстырылғаннан кейін науқастарға тәулігіне екі рет 1,5 г дозада тағайындағанда тамақ ішу микофенолат мофетилінің сіңу дәрежесіне (AUCМФҚ) ықпалын тигізген жоқ. Алайда тамақтану кезінде препарат қабылдағанда МФҚ-ның ең жоғары концентрациясы 40%-ға төмендейді. Пероральді түрде қабылдағанда микофенолат мофетилінің биожетімділігі AUCМФҚ («концентрация – уақыт» қисығы астындағы аудан) шамасы, оны көктамырішілік енгізген кездегі осындайдың, орта есеппен, 94%-ын құрайды.

Трансплантациядан кейінгі ерте кезеңде (бүйректі, жүректі немесе бауырды ауыстырғаннан кейін 40 күнге дейін) AUCМФҚ орташа шамасы, трансплантациядан кейінгі кеш кезеңде (ауыстырғаннан кейін 3-6 ай) шамамен 30%-ға төмен, ал ең жоғары концентрациялары – шамамен 40%-ға төмен.

Таралуы Әдеттегідей, препаратты қабылдағаннан кейін шамамен 6-12 сағаттан соң плазмада МФҚ концентрациясының екіншілік жоғарылауы байқалады, ол препараттың бауырлық-ішектік кері айналымын айғақтайды. Холестираминді бір мезгілде тағайындағанда AUCМФҚ шамамен 40%-ға төмендейді, бұл бауырлық-ішектік айналымының тоқтағанын айғақтайды. МФҚ клиникалық тұрғыдан маңызды концентрацияларда плазма ақуыздарымен 97%-ға байланысады.

Метаболизмі МФҚ негізінен глюкуронилтрансфераза әсерімен метаболизденіп, фармакологиялық тұрғыдан белсенді емес МФҚ глюкуронидін (МФҚГ) түзеді. In vivo МФҚГ бауырлық-ішектік айналым барысында бос МФҚ-ға айналады.

Шығарылуы Микофенолат мофетилін пероральді түрде қабылдағаннан кейін алынған дозаның 93%-ы несеппен бірге, ал 6%-ы нәжіспен бірге бөлініп шығады. Енгізілген дозаның көп бөлігі (87%-ға жуығы) несеппен бірге МФҚГ түрінде шығарылады. Препараттың аздаған мөлшері (дозаның <1%-ы) несеппен бірге МФҚ түрінде шығарылады.

Клиникалық тұрғыдан анықталатын МФҚ мен МФҚГ концентрациялары гемодиализ жолымен шығарылмайды. Алайда МФҚГ-ның өте жоғары концентрацияларының (>100мкг/мл) біршама бөлігі шығарылуы мүмкін. Холестирамин типті өт қышқылдарының секвестранттары бауырлық-ішектік кері айналымын тоқтата тұрып, AUCМФҚ мәнін төмендетеді.

Бүйрек функциясының ауыр созылмалы жеткіліксіздігі бар (шумақтық сүзілу жылдамдығы < 25 мл/мин/1,73 м2) науқастарда AUCМФҚ, бүйрек зақымдануы азырақ білінетін науқастарға қарағанда, 28-75%-ға көбірек болды. Бір реттік дозаны қабылдағаннан кейін AUCМФҚГ бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар науқастарда 3-6 есе көбірек болды, ол МФҚГ бүйректік шығарылу жөніндегі белгілі деректермен сәйкес келеді.

Бүйрек функциясының ауыр созылмалы жеткіліксіздігінде микофенолат мофетилін көп реттік енгізуге қатысты зерттеулер жүргізілген жоқ.

Ауыстырып салғаннан кейін бүйрек трансплантатының функциясы кідірген науқастарда МФҚ үшін орташа AUC0-12 мәні, ауыстырып салғаннан кейін трансплантаты функциясын атқара бастаған науқастардағыға ұқсас болды, ал плазмадағы МФҚГ үшін орташа AUC0-12 мәні 2-3 есе көбірек болды.

Бауыр зақымы бар науқастар. Алкогольдік бауыр циррозы бар пациенттерде ММФ пероральді түрде қабылдағаннан кейін МФҚ және МФҚГ фармакокинетикасында өзгерулер байқалған жоқ, ол бауыр паренхимасының зақымдануы ММФ тағайындау үшін қарсы көрсетілім болып табылмайтындығын көрсетеді. Бауыр патологиясының осы үдеріске ықпалы нақты ауруға байланысты. Өт жолдарының зақымдануы басым болатын бауыр аурулары жағдайында (мысалы, алғашқы билиарлы цирроз) әсері басқа болуы мүмкін.

Егде және қартаң жастағы (≥65жас) науқастардағы фармакокинетикасы зерттелген жоқ.

Ішілетін контрацептивтерді қабылдап жүрген пациенттер.

Микофенолат мофетилін бірге қабылдау ішілетін контрацептивтердің фармакокинетикасына ықпалын тигізбейді. Микофенолат мофетилін (тәулігіне екі рет 1 г) және құрамында этинилэстрадиол (0,02-ден 0,04 мг-ге дейін) және левоноргестрел (0,05-тен 0,15 мг-ге дейін), дезогестрел (0,15 мг) немесе гестодин (0,05-тен 0,10 мг-ге дейін) бар ішілетін біріктірілген контрацептивтерді бірге қабылдаған, кейінгі 3 етеккір оралымында ағзаларына трансплантация жасалмаған (басқа иммунодепрессанттарды қабылдап жүрмеген) 18 әйелдің қатысуымен жүргізілген зерттеулер овуляцияға қатысты ішілетін контрацептивтердің супрессиялық белсенділігіне микофенолаттың клиникалық тұрғыдан әсер ететінін көрсеткен жоқ. Сарысуда ЛГ (лютеинизирлейтін гормон), ФСГ (фолликулостимуляциялайтын гормон) және прогестерон деңгейлері айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ.

ФармакодинамикасыМайфенакс иммунодепрессант, инозинмонофосфатдегидрогеназаның тежегіші болып табылады. Оның әсер етуші заты микофенолат мофетилі (ММФ) микофенол қышқылының (МФҚ) 2-морфолиноэтил эфирі болып саналады. МФҚ – инозинмонофосфатдегидрогеназаның (ИМФДГ) селективті бәсекелес емес және гуанозин нуклеотидтерінің de novo синтезін басатын қайтымды тежегіші. МФҚ-ның ИМФДГ ферменттік белсенділігін басу арқылы болатын механизмі МФҚ-ның никотинамиддинуклеотидфосфаттың кофакторы ретінде, сонымен қатар судың катализдейтін молекуласын да құрылымдық жағынан имитациялауымен байланысты болуы мүмкін. Бұл гуаниндік нуклеотидтер биосинтезінің маңызды кезеңі – ИМФ-нің ксантозо-5-монофосфатқа тотығуына кедергі жасайды. МФҚ лимфоциттерге, басқа жасушаларға қарағанда, өте айқын цитостатикалық әсер береді, өйткені Т және В-лимфоциттердің пролиферациясы пуриндердің синтезіне күшті байланысты, ал басқа типтердің жасушасы ретінде метаболизмнің айналма жолына ауысуы мүмкін.

Бүйректі, жүректі және бауырды ауыстырып салғаннан кейін олардың қабылданбай ажырауының профилактикасы үшін, ауыстырып салынған бүйректің рефрактерлі қабылданбай ажырауын емдеу үшін ММФ-ті циклоспоринмен және кортикостероидтармен біріктіріп тағайындайды.

Қолданылуы

Циклоспоринмен және кортикостероидтармен біріктірілген ем құрамында:

- бүйрек, жүрек, бауыр аллотрансплантатының қабылданбай ажырау реакциясының профилактикасында

Қолдану тәсілі және дозалары

Бүйрек трансплантаты қабылданбай ажырауының профилактикасы

Майфенаксті трансплантациядан кейін 72 сағат ішінде ішке тағайындайды. Бүйрек трансплантаты бар науқастарға тәулігіне екі рет 1,0 г (тәуліктік доза 2 г) қабылдау ұсынылады.

Жүрек трансплантаты қабылданбай ажырауының профилактикасы

Майфенаксті трансплантациядан кейін 5 күн бойы ішке қабылдаған жөн. Ұсынылған дозалау режимі – тәулігіне 2 рет 1,5 г-ден (тәуліктік доза 3 г) циклоспоринмен және кортико-стероидтармен біріктірілген ем құрамында.

Бауыр трансплантаты қабылданбай ажырауының профилактикасы

Майфенаксті бауыр трансплантациясынан кейін алғашқы 4 күн ішінде көктамырішілік енгізген жөн, сондай-ақ трансплантациядан кейін, мүмкіндік болу бойына, бірден ішке тағайындайды. Ұсынылатын дозалау режимі тәулігіне 2 рет 1,5 г-ден (тәуліктік дозасы 3 г).

Айрықша жағдайларда дозалануы

Егде жастағы пациенттер

Бүйрегі ауыстырып салынған егде жастағы пациенттерде ұсынылатын доза тәулігіне екі рет 1 г құрайды, ал жүректі немесе бауырды ауыстырып салғаннан кейін – тәулігіне екі рет 1,5 г.

Бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар пациенттер

Бүйрек функциясының созылмалы ауыр дәрежедегі жеткіліксіздігі бар (шумақтық сүзілу жылдамдығы 25 мл/мин/1,73 м2 азырақ) науқастардағы бүйрек трансплантациясында, трансплантациядан кейінгі жуық арадағы кезеңді және трансплантаттың жедел немесе рефракторлы қабылданбай ажырауын емдеуден кейінгі кезеңін қоспағанда, тәулігіне 2 рет 1 г-ден артыққа жол бермеген жөн. Бұл пациенттер де мұқият бақылауда болуы тиіс.

Бүйрек трансплантатының функциясы операциядан кейін кідірген науқастарда дозаны түзету қажет емес. Бүйрек функциясының ауыр дәрежедегі жеткіліксіздігі бар, жүрегі немесе бауыры ауыстырып салынған пациенттерде препаратты қолдану жөнінде деректер жоқ.

Бауыр функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер

Бүйрегі ауыстырып салынған және бауыр паренхимасы ауыр зақымданған пациенттерде дозаны түзету қажет емес. Препаратты жүрегі ауыстырып салынған, бауыр паренхимасы ауыр зақымданған пациенттерде препаратты қолдану жөнінде деректер жоқ.

Трансплантаттың қабылданбай ажырауын емдеу

Микофенол қышқылы (MФҚ) микофенолат мофетилінің белсенді метаболиті болып табылады. Бүйрек трансплантатының қабылданбай ажырауы MФҚ фармакокинетикасының өзгеруіне әкелмейді, сондықтан дозаны төмендету немесе Майфенакспен емдеуді тоқтату қажет емес. Трансплантаттың қабылданбай ажырауы тоқтатылғаннан кейін Майфенакстің дозасын түзетуге негіз жоқ. Бауыр трансплантаты қабылданбай ажыраған кездегі фармакокинетикалық деректері жоқ.

Қолдану жөніндегі айрықша нұсқаулар

Микофенолат мофетилі егеуқұйрықтарға және үй қояндарына жасалған іс-тәжірибеде тератогендік әсер көрсеткендіктен, Майфенакс капсуласының тұтастығын бұзбаған жөн. Препарат капсулаларының ішіндегі ұнтақтың деммен енуіне, немесе оның теріге немесе шырышты қабықтарға тікелей тиіп кетуіне жол бермеу қажет. Егер бұл орын алса, сол жерді сабындап, сумен мұқият жуып-шаю, ал көзді жай сумен шаю керек.

Пайдаланылмаған кез келген препаратты және/немесе оның қалдықтарын жергілікті талаптарға сәйкес жойған жөн.

Жағымсыз әсерлері

Келесі жағымсыз реакциялар микофенолат мофетилін клиникалық сынау барысында байқалды

Микофенолат мофетилін циклоспоринмен және кортикостероидтармен бірге қабылдаумен байланысты негізгі жағымсыз реакциялар диареяны, лейкопенияны, сепсисті және құсуды қамтиды және инфекциялардың жеке түрлерінің өте жоғары жиілігі жөнінде дәлелдер бар («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).

Қатерлі жаңа түзілімдер:

Иммунодепрессанттарды басқа дәрілік заттармен, соның ішінде Майфенакспен біріктіріп қабылдап жүрген пациенттер лимфоманың және басқа да қатерлі, әсіресе терідегі жаңа түзілімдердің даму қаупі жоғары топта болады («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз). Лимфопролиферациялық аурулар немесе лимфома кем дегенде 1 жыл бақыланған, бүйрегі (тәулігіне 2 г доза), жүрегі және бауыры ауыстырып салынған пациенттерге жүргізілген бақыланатын клиникалық зерттеулерде микофенолат мофетилін (тәулігіне 2 г немесе 3 г) басқа иммунодепрессанттармен біріктіріп қабылдаған, бүйрегі (2 г), жүрегі немесе бауыры алмастырып салынған пациенттердің 0,6%-да байқалды. Тері обыры (меланоманы қоспағанда) пациенттердің 3,6%-да; басқа типті қатерлі жаңа түзілімдер пациенттердің 1,1%-да байқалды. Пациенттерде бүйрегін немесе жүрегін ауыстырып салғаннан кейінгі қауіпсіздігі жөніндегі үш жылдық деректерде, бір жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, қатерлі түзілімдермен аурушаңдық көрсеткіштерінде қандай да болсын күтілмеген өзгерістер байқалған жоқ. Бауырды алмастырып салғаннан кейін науқастар кем дегенде 1 жыл, бірақ 3 жылдан аз бақыланды.

Оппортунистік инфекциялар:

Оппортунистік инфекциялар қаупі трансплантациядан кейін барлық пациенттерде жоғары болды және ол иммуносупрессия дәрежесінің артуымен ұлғайды («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз). Бақыланатын клиникалық зерттеулерде микофенолат мофетилін (тәулігіне 2 немесе 3 г) басқа иммунодепрессанттармен біріктіріп тағайындағанда, бүйрегін (тәулігіне 2 г дозада), жүрегін және бауырын ауыстырып салғаннан кейін 1 жыл бойы бақыланған науқастарда ең жиі инфекциялар тері мен шырышты қабықтар кандидозы, цитомегаловирустық (ЦМВ) инфекция: ЦМВ виремия/ЦМВ синдром және қарапайым герпес вирусынан туындаған инфекция болды. ЦМВ виремиясы/ЦМВ синдромы бар пациенттердің үлесі 13,5% құрады.

Егде жастағы пациенттер

Егде жастағы пациенттерде (≥ 65 жас) иммунитетінің әлсіреуі салдарынан жағымсыз реакциялардың даму қаупі жоғары болды. Біріктірілген иммуносупрессиялық ем аясында микофенолат мофетилімен емдегенде кейбір инфекциялар (манифесттік цитомегаловирустық инфекциялардың тіндік инвазиялық түрлерін қоса) қаупі, сондай-ақ, ықтимал, асқазан-ішектік қан кетулер және өкпенің ісінуі, өте жастау пациенттерге қарағанда, егде жастағы пациенттерде жоғары.

Бүйректі, жүректі және бауырды ауыстырып салуға байланысты микофенолат мофетилін қабылдап жүрген пациенттерде циклоспоринмен және кортикостероидтармен біріктіріп пайдаланып жүргізілген клиникалық сынақтар барысында микофенолат мофетилін қабылдаумен байланысты ықтимал немесе мүмкін болатын жағымсыз реакциялар

Жағымсыз құбылыстар жүйелік-ағзалық класы бойынша бөлінген және келесі санаттарды пайдаланып, жиілігі көрсетіліп берілген: өте жиі (≥ 1/10); жиі (≥ 1/100 <1/10 дейін); жиі емес (≥ 1/1000 <1/100 дейін); сирек (≥ 1/10000 <1/1000 дейін); өте сирек (<1/10000), белгісіз (қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес). Әрбір топта жағымсыз құбылыстар ауырлығының азаю ретімен берілген.

Жүйелік-ағзалық класс

Жиілігі

Дәрілік препаратқа жағымсыз реакциялар

Инфекциялық және паразиттік аурулар

Өте жиі

Сепсис, асқазан-ішек кандидозы, несеп шығару жолдарының инфекциялары, қарапайым герпес вирусы, белдемелі теміреткі

Жиі

Пневмония, тұмау, тыныс жолдарының инфекциялары, тыныс жолдарының кандидозы, асқазан-ішектік инфекциялар, кандидоз, гастроэнтерит, инфекциялар, бронхит, фарингит, синусит, терінің зеңдік инфекция кандидозы, вагинальді кандидоз, ринит

Қатерсіз, қатерлі және нақтыланбаған жаңа түзілімдер, кисталарды және полиптерді қоса

Өте жиі

-

Жиі

Тері обыры, терінің қатерсіз жаңа түзілімдері

Қан және лимфа жүйелері тарапынан бұзылулар

Өте жиі

Лейкопения, тромбоцитопения, анемия

Жиі

Панцитопения, лейкоцитоз

Зат алмасу және тамақтану тарапынан бұзылулар

Өте жиі

-

Жиі

Ацидоз, гиперкалиемия, гипокалиемия,

гипергликемия, гипомагниемия, гипокальциемия,

гиперхолестеринемия, гиперлипидемия,

гипофосфатемия, гиперурикемия, подагра, анорексия

Психикалық бұзылыстар

Өте жиі

-

Жиі

Ажитация, сананың шатасуы, депрессия, мазасыздық, патологиялық ойлар, ұйқысыздық

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар

Өте жиі

-

Жиі

Құрысулар, гипертония, тремор, ұйқышылдық, миастениялық синдром, бас айналу, бас ауыру, парестезиялар, дәмнің бұзылулары

Жүрек тарапынан бұзылулар

Өте жиі

-

Жиі

Тахикардия

Қантамырлар тарапынан бұзылулар

Өте жиі

-

Жиі

Артериялық гипотензия, артериялық гипертензия, вазодилатация

Тыныс жүйесі, кеуде қуысының ағзалары және көкірек ортасы тарапынан бұзылулар

Өте жиі

-

Жиі

Плевралық жалқық, ентігу, жөтел

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар

Өте жиі

Құсу, іштің ауыруы, диарея, жүректің айнуы

Жиі

Асқазан-ішектік қан кету, перитонит, ішек бітелісі, колит, асқазан ойық жарасы, он екі елі ішек ойық жарасы, гастрит, эзофагит, стоматит, іш қату, диспепсия, метеоризм, кекіру

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар

Өте жиі

-

Жиі

Гепатит, сарғаю, гипербилирубинемия

Тері және теріасті тіндері тарапынан бұзылулар

Өте жиі

-

Жиі

Тері гипертрофиясы, бөртпе, акне, алопеция

Қаңқа-бұлшықет және дәнекер тіндері тарапынан бұзылулар

Өте жиі

-

Жиі

Артралгия

Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан бұзылулар

Өте жиі

-

Жиі

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі

Жалпы бұзылулар және енгізген жердегі реакциялар

Өте жиі

-

Жиі

Ісінулер, гипертермия, қалтырау, ауыру, дімкәстік, астения

Зертханалық зерттеулер

Өте жиі

-

Жиі

Қан сарысуында бауыр ферменттері, қан креатинині, лактатдегидрогеназа деңгейлерінің жоғарылауы, қан сарысуында мочевина концентрациясының, қанда сілтілік фосфатазаның артуы, дене салмағының төмендеуі

Келесі жағымсыз реакциялар препаратты қолдануды тіркегеннен кейінгі кезеңде тіркелді

Микофенолат мофетилін тіркеуден кейін қолдану кезіндегі жағымсыз реакциялардың типтері пациенттерде бүйрек, жүрек және бауыр трансплантациясынан кейін бақыланатын зерттеулерде байқалғандармен ұқсас. Препаратты тіркеуден кейін қолдану кезінде алынған жаңа жағымсыз реакциялардың жиілігі төменде жақшалармен көрсетіліп берілген.

АІЖ

Қызылиек гиперплазиясы (≥ 1/100 <1/10 дейін), колит, цитомегаловирустық колитті қоса (жиі), панкреатит ((≥ 1/100 <1/10 дейін) және ішек бүрінің атрофиясы.

Инфекциялар

Менингит, эндокардит, туберкулез және атипиялық микобактериялар әсерінен болған инфекциялар сияқты ауыр, өмірге қауіп төндіретін инфекциялар. Иммунодепрессанттарды, соның ішінде микофенолат мофетилін қабылдаған пациенттерде нефропатияның даму жағдайлары және BK-вируспен астасқан өршіген мультифокальді лейкоэнцефалопатия (ПМЛ) жағдайлары байқалды.

Айрықша нұсқаулар

 

Қан түзу ағзалары және лимфалық жүйе тарапынан

Нағыз эритроцитарлы аплазия (НЭЦА) жағдайлары микофенолат мофетилін қабылдаған пациенттерде тіркелді («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).

Нейтрофилдердің аномальді морфологиясының бірлі-жарым жағдайлары, соның ішінде жүре пайда болған Пельгер-Хьюит аномалиялары микофенолат мофетилін қабылдаған пациенттерде байқалды. Осы өзгерулер нейтрофилдер санының бұзылуымен байланысты емес. Бұл өзгерулер гематологиялық зерттеулерде нейтрофилдердің жетілуінде «солға жылжуды» қамтуы мүмкін, олар иммунитеті әлсіреген (микофенолат мофетилін қабылдап жүрген) пациенттердегі инфекциялардың белгілерін қате түсіндіруі, яғни көрсетуі мүмкін.

 

Жоғары сезімталдық

Ангионевроздық ісінуді және анафилаксиялық реакцияларды қоса, аса жоғары сезімталдық реакциялары тіркелді.

Жүктілік, босанғаннан кейінгі және перинатальді жағдайлар:

Микофенолат мофетилін қабылдаған пациенттерде негізінен І триместрде кездейсоқ болатын аборт жағдайлары мәлімделді («Айрықша нұсқаулар/Жүктілік» бөлімін қараңыз).

Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысының ағзалары және көкірек ортасы тарапынан бұзылулар

Микофенолат мофетилін басқа иммунодепрессанттармен біріктіріп қабылдаған пациенттерде өкпенің интерстициальді аурулары және өкпе фиброзы жөнінде бірлі-жарым мәлімдемелер алынды, олардың кейбіреулер өлімге әкеп соқтырды. Сондай-ақ балалар мен ересектерде бронхоэктаза жағдайлары мәлімделді (жиілігі белгісіз).

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар

Микофенолат мофетилін басқа иммунодепрессанттармен біріктіріп қабылдаған науқастарда гипогаммаглобулинемия жағдайлары мәлімделді (жиілігі белгісіз).

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • микофенолат мофетиліне, микофенол қышқылына немесе препарат компоненттерінің кез келгеніне жоғары сезімталдық

  • гипоксантин-гуанин фосфорибозилтрансфераза тапшылығы (Леш-Найен және Келли-Зигмиллер синдромдары).

  • азатиопринмен бір мезгілде қабылдау.

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер.

  • контрацепцияның тиімділігі жоғары әдістерін пайдаланбайтын, бала туа алатын жастағы әйелдер.

  • бала туа алатын жастағы әйелдер, жүктілік кезінде әдейі қолданбағанын жоққа шығару үшін жүктілікті тексеруден теріс нәтиже алмағанға дейін

  • жүктілік, препараттың тератогендік және мутагендік қасиеттері себебінен

  • бала емізу кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ацикловир.

Плазмада ацикловирдің жоғары концентрациялары, препараттарды жеке қабылдаумен салыстырғанда, ацикловирді және микофенолат мофетилін бір мезгілде қабылдағанда байқалды. МФҚГ фармакокинетикасының өзгерулері (МФҚ фенольді глюкурониді) өте аз болды (МФҚГ 8%-ға жоғарылауы) және клиникалық тұрғыдан маңызды болып табылмайды. Плазмадағы МФҚГ концентрациялары бүйрек функциясының жеткіліксіздігінде ацикловир концентрациясындағы сияқты жоғарылайтын болғандықтан, осы екі препарат өзекшелік секрецияға, немесе олардың ізашар дәрісіне, мысалы, валацикловирге қатысты бәсекелес болуы мүмкін, бұл дәрілік заттың екеуінің де әрі қарай жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Антацидтер және протонды помпа тежегіштері (ППТ)

МФҚ әсері микофенолат мофетилін (ММФ) магний және алюминий гидроксидтері сияқты антацидтермен және ППТ, соның ішінде лансопразолмен және пантопразолмен бірге қабылдағанда төмендеді. ММФ мен ППТ қабылдаған пациенттер мен ППТ қабылдап жүрмеген пациенттер арасында трансплантаттың қабылданбай ажырауының немесе трансплантаттың жоғалуы жиілігенде елеулі айырмашылық байқалған жоқ. Бұл деректер барлық антацидтер үшін осы нәтиженің экстраполяциясын айғақтайды, өйткені ММФ мен ППТ бірге енгізген кездегіге қарағанда, ММФ мен магний және алюминий гидроксидтерін бірге қабылдаған кездегі әсерінің төмендеуі едәуір аз.

Холестирамин

Микофенолат мофетилінің бір реттік 1,5 г дозасын алдын ала 4 күн бойы тәулігіне 3 рет 4 г холестирамин қабылдаған дені сау еріктілерге тағайындағаннан кейін МФҚ-ның АUС мәнінің 40%-ға азайғаны байқалды. Қатар қабылдауды сақтықпен жүргізген жөн, өйткені бұл микофенолат мофетилінің тиімділігін төмендетуі мүмкін.

Бауыр-ішектік кері айналымға ықпалын тигізетін дәрілік препараттар

Микофенолат мофетилі тиімділігінің төмендеу себебіне байланысты ішек-бауырлық айналымға кедергі жасайтын дәрілік заттарды сақтықпен қолданған жөн.

А циклоспорині

А циклоспоринінің (CsA) фармакокинетикасы микофенолат мофетилін қабылдауға байланысты емес.

Бірақ циклоспоринмен қатар емдеуді тоқтатқанда МФҚ-ның AUC мәні шамамен 30%-ға артуы мүмкін. CsA МФҚ-ның ішек-бауырлық айналымына кедергі жасайды, бұл бүйрек трансплантациясынан кейін микофенолат мофетилін және CsA қабылдаған науқастарда, сиролимус немесе белатасепт және микофенолат мофетилінің ұқсас дозаларын қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, МФҚ әсерінің 30-50%-ға төмендеуіне әкеледі. Және керісінше, CsA бар пациенттерді МФҚ-ның ішек-бауырлық айналымына кедергі жасамайтын иммунодепрессанттардың біреуіне ауыстырғанда МФҚ-ның әсер етуінен өзгерістерді күткен жөн.

Телмисартан

Телмисартан мен микофенолат мофетилін бір мезгілде қабылдау МФҚ концентрациясының шамамен 30%-ға төмендеуіне әкелді. Телмисартан PPAR гамма (пероксис пролифераторымен белсендірілетін гамма-рецептор) синтезін күшейту жолымен МФҚ-ның шығарылуын өзгертеді, бұл өз кезегінде UGT1A9 синтезінің және белсенділігінің күшеюіне әкеледі. Микофенолат мофетилін телмисартанмен қатар және онсыз қабылдап жүрген пациенттер арасында, трансплантаттың ажырау жиілігімен салыстырғанда, фармакокинетикалық өзара әрекеттесудің клиникалық зардаптары білінген жоқ.

Ганцикловир

Микофенолат мофетилінің ұсынылған дозалары бір реттік пероральді түрде қабылдауға және к/і ганцикловирді қабылдауға жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша, бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің микофенолат мофетилінің және ганцикловирдің фармакокинетикасына белгілі ықпалын ескеріп, осы екі препаратты (өзекшелік секреция үдерісінде бәсекелесетін) бір мезгілде қолдану МФҚГ және ганцикловир концентрацияларының жоғарылауына әкеледі деп болжам жасауға болады. МФҚ фармакокинетикасында айтарлықтай өзгерулер күтілмейді, сондықтан Майфенакстің дозасын түзету керек емес. Егер Майфенаксті, ганцикловирді және оның валганцикловир сияқты баламаларын бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар науқастарға тағайындаса, ганцикловир үшін ұсынылатын дозалау режимін сақтау және науқастарды мұқият бақылау қажет.

Ішілетін контрацептивтер

Микофенолат мофетилі бір мезгілде қолданғанда ішілетін контрацептивтердің фармакокинетикасына және фармакодинамикасына ықпалын тигізбейді.

Рифампицин

Циклоспорин қабылдап жүрген пациенттерде микофенолат мофетилі мен рифампицинді бір мезгілде қабылдау МФҚ әсерінің (AUC 0-12сағ.) от 18%-дан 70%-ға дейін төмендеуіне әкелді. Рифампицинмен бір мезгілде қолданғанда клиникалық тиімділігін сақтай отырып, МФҚ деңгейін бақылау және микофенолат мофетилінің дозасын реттеу ұсынылады.

Севеламер

Севеламерді және микофенолат мофетилін бір мезгілде қолдану, клиникалық зардаптарсыз (яғни трансплантаттың қабылданбай ажырауынсыз) МФҚ-ның Сmax және AUC0-12 мәндерін, сәйкесінше, 30%-ға және 25%-ға...... Майфенаксті, МФҚ сіңірілу әсерін барынша азайту үшін, севеламерді қабылдаудан ең кемінде бір сағат бұрын немесе қабылдағаннан кейін үш сағаттан соң қабылдау ұсынылады. Микофенолат мофетилінің, севеламерді қоспағанда, фосфатпен байланысатын басқа препараттармен өзара әрекеттесуі жөнінде деректер жоқ.

Триметоприм/сульфаметоксазол

МФҚ-ның биожетімділігіне әсері байқалған жоқ.

Норфлоксацин және метронидазол

Дені сау еріктілерде микофенолат мофетилін норфлоксацинмен бір мезгілде және жеке метронидазолмен бірге қабылдағанда маңызды өзара әрекеттесулер байқалған жоқ. Бірақ МФҚ-ны бір мезгілде норфлоксацинмен және метронидазолмен біріктіріп тағайындау микофенолат мофетилін бір реттік қабылдаудан кейін МФҚ-ның әсерін 30%-ға төмендетеді.

Клавулан қышқылымен біріктірілген ципрофлоксацин және амоксициллин

Бүйрек трансплантациясынан соң пациенттерде дереу ципрофлоксацинді немесе амоксициллинді клавулан қышқылымен біріктіріп, пероральді түрде қабылдағаннан кейін МФҚ-ның ең төмен концентрациясының 50%-ға төмендегені байқалады. Бактерияларға қарсы емді жалғастырғанда бұл әсер төмендейді, ал емдеуді тоқтатқаннан кейін жоғалады. Егер МФҚ жалпы экспозициясы өзгеруінің дәл көріністері жоқ болса, МФҚ дозасын өзгерту қажет емес. Сондықтан трансплантаттың дисфункциясының клиникалық белгілері жоқ болған кезде Майфенакстің дозасын өзгерту қажет емес. Дегенмен, антибиотиктермен біріктіргенде және емдеуден кейін бірден клиникалық бақылау жүргізілуі тиіс.

Такролимус

Бауыры ауыстырып салынған пациенттерде бір мезгілде тағайындағанда МФҚ AUC және Сmax мәндеріне ықпалы білінген жоқ. Бауырды ауыстырып салғаннан кейін науқастарда МФҚ тәулігіне 2 рет 1,5 г дозада көп реттік қабылдаудан кейін такролимустың AUC мәні шамамен 20%-ға артты. Пациенттерде бүйрек трансплантациясынан кейін микофенолат мофетилін тағайындау такролимустың концентрациясына ықпалын тигізген жоқ.

Басқа өзара әрекеттесулер

Маймылдарға пробенецидті және микофенолат мофетилін бір мезгілде тағайындағанда плазмада МФҚГ-нің АUС мәнінің 3 есе артқаны байқалды. Осылайша, өзекшелік секрецияға түсетін басқа дәрілік заттар МФҚГ-мен бәсекелесуі мүмкін, бұл МФҚГ немесе өзекшелік секрецияға да ұшырайтын басқа препараттың плазмалық концентрациясының артуына әкеледі.

Тірі вакциналар

Иммунитеті басылған пациенттерге енгізілмеуі тиіс. Басқа вакциналарға жауап ретінде антидененің түзілуі төмендеуі мүмкін.

Балалар

Өзара әрекеттесуіне зерттеулер тек ересектер арасында ғана жүргізілді.

Айрықша нұсқаулар

Қатерлі жаңа түзілімдер

Жалпы, біріктірілген иммуносупрессия аясындағы сияқты да, сонымен қатар Майфенаксті иммуносупрессиялық сызба компоненті ретінде тағайындағанда да лимфоманың және басқа да жаңа түзілімдердің, әсіресе теріде пайда болу қаупі жоғары болады. Бұл қауіп, сірә, осындай қандай да болсын препаратты қолданумен емес, иммуносупрессияның қарқындылығымен және ұзақтығымен байланысты болуы мүмкін. Тері обыры қаупінің төмендеуінің стандартты нұсқаулары күн және УК-сәулелердің әсерін тиісті жабық киім кию және күннен қорғайтын қорғаныш факторының маңызы жоғары кремдерді пайдалану арқылы шектеу болып табылады.

Инфекциялар

Иммунодепрессанттар, соның ішінде Майфенакс қабылдаған пациенттер оппортунистік инфекциялардың (бактериялық, зеңдік, вирустық және протозойлық), өлімге әкелетін инфекциялардың және сепсистің пайда болуының жоғары қаупіне ұшырайды. Оппортунистік инфекциялардың ішінде В немесе С гепатиті вирусының және өз кезегінде өршіген мультифокальді лейкоэнцефалопатиямен (ӨМЛ) байланысты Джон Каннингем вирусымен астасқан полиомавирустардан (Полиомавирус адам 1 (ВК вирус) туындаған инфекциялардың реактивациясы сияқты жасырын вирустық реактивация өте жиі кездеседі. Иммунодепрессанттар қабылдаған пациент тасымалдаушыларда В гепатиті немесе С гепатиті вирусының реактивациясы салдарынан болған гепатит жағдайлары тіркелді. Бұл инфекциялар иммундық жүйенің шамадан тыс басылуымен жиі байланысты, және ауыр немесе өлімге соқтыратын жағдайларға әкеп соғуы мүмкін, бұларды иммунитеті әлсіреген, бүйрек функциясы бұзылған немесе неврологиялық симптомдары бар пациенттерге дифференциялық диагностика қойғанда дәрігердің ескергені жөн.

Микофенолат мофетилін басқа иммунодепрессанттармен бірге қабылдап жүрген пациенттерде инфекциялардың қайталануымен байланысты гипогаммаглобулинемия жағдайлары тіркелді. Кейбір жағдайларда микофенолат мофетилінен баламалы иммуносупрессантқа ауысу IgG сарысулық деңгейінің қалыпқа келуіне әкелді. Майфенаксті қабылдау аясында инфекциялардың қайталануы дамыған пациенттерде қан сарысуындағы иммуноглобулиндер мөлшерін өлшеген жөн. Ұзақ, клиникалық тұрғыдан маңызды гипогаммаглобулинемия жағдайларында микофенол қышқылы Т- және В-лимфоциттерге ықпалын тигізетін цитостатикалық әсерді ескеріп, тиісті клиникалық шараларды қарастырған жөн.

Микофенолат мофетилін басқа иммунодепрессанттармен бірге қабылдаған ересектер мен балаларда бронхэктаз жағдайлары жөнінде мәлімдемелер жарияланды. Кейбір жағдайларда микофенолат мофетилінен басқа иммунодепрессантқа ауысу респираторлық симптомдардың жақсаруына әкелді. Бронхоэктаз қаупі гипогаммаглобулинемиямен немесе өкпеге тікелей әсерімен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ өкпенің интерстициальді аурулары және өкпе фиброзы жөнінде жекелеген мәлімдемелер алынды, олардың кейбіреулер өлімге әкеп соқтырды. Жөтел және ентігу сияқты тұрақты өкпелік синдромдар пайда болған пациенттерді тексеру ұсынылады.

Қан және иммундық жүйе

Майфенакс қабылдап жүрген пациенттерде нейтропенияның дамуы мүмкін екендігіне ерекше көңіл бөлген жөн. Нейтропения Майфенаксті қабылдаумен де, сонымен қатар басқа дәрілік препараттарды қолданумен, вирустық инфекциялармен немесе осы себептердің бірігуімен байланысты болуы мүмкін. Микофенолат мофетилімен емдеген кезде алғашқы ай ішінде – апта сайын, екінші және үшінші айларда – айына 2 рет, содан кейін алғашқы жыл бойы – ай сайын қанның толық формуласын анықтау қажет. Нейтропения (нейтрофилдердің абсолюттік саны 1,3х103/мкл-ден азырақ) пайда болғанда Майфенакспен емдеуді тоқтату немесе дозаны азайту қажет.

Парциальді қызыл жасушалы аплазияның (ПҚЖА) даму жағдайлары иммуносупрессиялық препараттармен біріктіріп қабылдаған пациенттерде байқалды. Микофенолат мофетилінің ПҚЖА-ға ықпал ету механизмі белгісіз. ПҚЖА дамуын дозаны төмендету немесе Майфенакспен емдеуді доғару арқылы тоқтатуға болады. Майфенакспен емдеу сызбасын өзгертуді трансплантаттың қабылданбай ажырау қаупін барынша азайту үшін пациентті тиісінше бақылай отырып жүргізген жөн.

Майфенакс қабылдап жүрген науқастар инфекцияның кез келген белгілері, қан ағу, қан кету немесе сүйек кемігі қызметінің басқа да бәсеңдеу белгілері білінгенде дереу дәрігерге айту қажеттігінен хабардар болуы тиіс.

Пациенттерге Майфенакспен емделу кезінде егулердің тиімділігі азырақ болуы мүмкін екендігін, сондықтан тірі әлсіз вакциналарды пайдалануға жол бермеу керектігін алдын ала ескерткен жөн. Тұмауға қарсы вакцинация да емге ықпалын тигізуі мүмкін. Препаратты тағайындайтын медицина қызметкері тұмауға қарсы вакцинация жөніндегі ұлттық нұсқауларға жүгінгені жөн.

АІЖ-ға ықпалы

Майфенаксті қабылдау АІЖ шырышты қабығының ойық жара болуы, асқазан-ішектік қан кетулер, АІЖ тесілуі сияқты сирек жағымсыз әсерлерді қоса, АІЖ тарапынан жағымсыз реакциялармен қатар жүруі мүмкін болғандықтан, Майфенаксті ас қорыту жолының өршу сатысындағы аурулары бар науқастарға тағайындағанда сақтық таныту қажет.

Микофенолат мофетилі инозин-монофосфат-дегидрогеназа (ИМФДГ) тежегіші болып табылатындықтан, теориялық көзқарас тұрғысынан, оны сирек генетикалық тұрғыдан гипоксантин-гуанин фосфорибозилтрансферазаның тұқым қуалайтын тапшылығы (Леш-Найен және Келли-Зигмиллер синдромдары) бар пациенттерге тағайындамаған жөн.

Өзара әрекеттесулер

Біріктірілген емді МФҚ ішек-бауырлық кері айналуына кедергі жасайтын иммунодепрессанттармен алмастырғанда, мысалы, циклоспоринді осындай әсері жоқ басқа препараттарға, мысалы, сиролимусқа, белатасептке, немесе керісінше алмастырғанда сақтық танытқан жөн, бұл МФҚ әсерлерінің өзгеруіне әкелуі мүмкін. Ішек-бауырлық МФҚ айналымына кедергі жасайтын басқа класс препараттарын, мысалы, холестираминді плазмада МФҚ деңгейін және оның тиімділігін төмендету қабілетіне байланысты сақтықпен пайдаланған жөн.

Майфенакс азатиопринмен бір мезгілде қабылдауға ұсынылмайды, өйткені бұл біріктірілім зерттелмеген.

Микофенолат мофетилін такролимуспен немесе сиролимуспен біріктірудің қаупі/пайдасының арақатынасы анықталған жоқ.

Пациенттердің ерекше топтары

Егде жастағы пациенттерде, жасырақ адамдармен салыстырғанда, инфекциялар (соның ішінде инвазивті тіндік цитомегаловирустық инфекция), асқазан-ішектік қан кетулер және өкпенің ісінуі сияқты жағымсыз құбылыстардың даму қаупі жоғары болады.

Тератогендік әсерлері

Микофенолат адамға күшті тератогендік әсерін тигізеді. Өздігінен түскен түсік (жиілігі 45-49%) және туа біткен даму кемістігі (шамамен алғандағы жиілігі 23-27%) жүктілік кезінде ММФ-нің әсерінен кейін тіркелді. Сондықтан Майфенаксті жүктілік кезінде, трансплантаттың қабылданбай ажырауына жол бермеу үшін емдеудің баламалы әдістері жоқ болған жағдайларды қоспағанда, қолдануға болмайды. Ұрпақ өрбіте алатын жастағы әйелдер мен еркектер қауіптер жөнінде хабардар болуы және «Контрацепция» бөлімінде берілген нұсқауларды орындауы тиіс. Дәрігер микофенолатты қабылдап жүрген әйелдер мен еркектердің мұның нәресте үшін қауіпті екендігін, тиімді контрацепцияның қажеттілігін, сондай-ақ ықтимал жүктілікте өз дәрігерінен дереу кеңес алуы керектігін түсінетіндігін тексеруі тиіс.

Контрацепция

Микофенолат мофетилінің геноуыттылық және тератогендік потенциалына байланысты, бала туа алатын жастағы әйелдер Майфенакспен емделуді бастағанға дейін және емдеуді тоқтатқаннан кейін алты апта бойы бір мезгілде, егер өзін-өзі тоқтату контрацепцияның таңдап алынған әдісі болып табылмаса, контрацепцияның сенімді екі түрін пайдаланғаны жөн.

Сексуальді белсенді еркектерге емделу кезінде және емдеуді тоқтатқаннан кейін ең кемінде 90 күн бойы презервативтерді пайдалану ұсынылады. Презервативтерді пайдалану ұрпақ өрбіту тұрғысынан сау адамдарға, сонымен қатар ұрық сұйықтығының берілуіне байланысты қауіптің болуы салдарынан болатын вазэктомиядан кейін еркектерге қатысты. Бұдан басқа, Майфенакс қабылдаған еркектердің әйел жұптастарына емделу кезінде және Майфенакстің соңғы дозасын қабылдағаннан кейін жалпы 90 күн ішінде тиімділігі жоғары контрацепцияны пайдалану ұсынылады.

Жүктілік

Жүктілік кезінде Майфенаксті пайдалануға болмайды және бұдан басқа тиімді баламалы ем жоқ болған жағдайларда ғана қолданылуы мүмкін. Майфенакспен емдеуді жүктілікті зерттеуге теріс нәтиже алынбайынша, бастамаған жөн.

Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер мен еркектер емнің бас кезінде түсік тастау мен іштен туа біткен кемістіктер қаупінің жоғары екендігінен хабардар болуы және контрацепция тәсілдері және жүктілікті жоспарлау жөнінде кеңес алуы тиіс.

Майфенакспен емдеуді бастар алдында, бала туа алатын жастағы әйелдер, микофенолаттың эмбрионға әдейі емес әсерін жоққа шығару үшін, жүктілікке тестіден өтуі тиіс. Жүктілікке кем дегенде 25 мХБ/мл сезімталдығы бар екендігін білу үшін сарысуға немесе несепке екі талдау ұсынылады; екінші талдау микофенолат мофетилін қабылдауды бастағаннан кейін 8-10 күннен кейін және тура бастар алдында жүргізіледі. Жүктілікке тестілерді клиникалық қажеттілік болған кезде (мысалы, контрацепциядағы үзілістен кейін) қайталау қажет. Жүктілікке жасалған барлық тестілердің нәтижелері пациентпен бірге талқылануы тиіс. Пациенттердің жүктілік басталған кезде дәрігерге дереу қаралу керектігіне нұсқау берілуі тиіс.

Микофенолат күшті тератогендік әсері бар препарат болып табылады және жүктілік кезінде қабылдаған жағдайда өздігінен түскен түсік және туа біткен кемістіктердің дамуының жоғары қаупін тудырады;

  • өздігінен түскен түсік басқа иммунодепрессанттарды (микофенолат мофетилін қоспағанда) қабылдап жүрген ірі ағзаларды ауыстырғаннан кейін пациенттердің 12 - 33%-мен салыстырғанда, микофенолат мофетилін қабылдаған жүкті әйелдердің 45 - 49%-да тіркелді.

  • Әдебиеттердегі мәлімдемелерді негізге алсақ, дамудың кемістіктері жүктілік кезінде микофенолат мофетилін қабылдаған әйелдерден тірі туған балалардың 23 - 27%-да тіркелген (жалпы популяцияда тірі туған балалардың 2 - 3%-мен және ірі ағзаларын ауыстырғаннан кейін, микофенолат мофетилін қоспағанда, басқа иммунодепрессанттарды қабылдаған пациенттерден тірі туған балалардың шамамен 4 - 5%-мен салыстырғанда).

Туа біткен кемістіктердің дамуы, соның ішінде көптеген кемістіктер жөнінде мәлімдемелер жүктілік кезінде мофетилді басқа иммунодепрессанттармен біріктіріп қабылдаған пациенттен туған балаларды тіркеуден кейінгі кезеңде алынды. Көбіне дамудың келесі кемістіктері жөнінде мәлімделді:

  • Құлақ ақаулары (мысалы, сыртқы/ортаңғы құлақтың кеміс түрі немесе жоқ болуы), сыртқы есту жолының атрезиясы;

  • Жүрекшелік және қарыншааралық перде ақаулары сияқты жүректің туа біткен кемістіктері;

  • Беттің даму кемістіктері, мысалы қоян жырық, жарық таңдай, микрогнатия және көз ұясының гипертелоризмі сияқты;

  • Көз ақаулары (мысалы, колобома);

  • Саусақтардың даму кемістіктері (мысалы, полидактилия, синдактилия);

  • Кеңірдектер мен өңештің даму кемістіктері (мысалы, өңеш атрезиясы);

  • Жүйке жүйесінің даму кемістіктері, мысалы, омыртқа бағанының жарығы сияқты;

  • Бүйректің даму кемістіктері.

Бұдан басқа келесі кемістіктер жөнінде жекелеген мәлімдемелер алынды:

  • Микрофтальмия;

  • Қантамырлық өрімнің туа біткен кистасы;

  • Мөлдір қалқаның агенезиясы;

  • Иіс сезу жүйкесінің агенезиясы.

Жануарларға жүргізілген зерттеулер препараттың ұрпақ өрбітуге уыттылығын көрсетті.

Бала емізу кезеңі

Микофенолат мофетилі егеуқұйрықтардың сүтінен анықталды. Осы заттың адамның ана сүтінен бөлініп шығатын-шықпайтыны белгісіз. Бала емізген кезде микофенолат мофетилін қабылдау салдарынан ықтимал ауыр жағымсыз реакциялардың пайда болуына байланысты, Майфенаксті бала емізіп жүрген аналарға қолдануға болмайды.

Қосымша сақтық шаралары

Пациенттер емделу кезінде және микофенолатты қабылдауды тоқтатқаннан кейін 6 ай бойы донорлық қан тапсырмауы тиіс. Еркектер емдеу кезінде немесе микофенолатты қабылдауды тоқтатқаннан кейін 90 күн бойы сперма доноры бола алмайды.

Артық дозалануы

Симптомдары: микофенолат мофетилінің артық дозалануы шамадан тыс иммуносупрессияға, инфекцияларға сезімталдықтың жоғарылауына, сүйек кемігінің бәсеңдеуіне әкеп соғуы мүмкін деп күтіледі.

Емі: нейтропения дамыған кезде – дозаны төмендету немесе Майфенаксмен емдеуді тоқтату керек.

МФҚ мен МФҚГ-ні организмнен гемодиализ әдісімен шығаруға болмайды. Өт қышқылдарымен байланысатын препараттар, мысалы, холестирамин, экскрецияны арттыра отырып, микофенол қышқылының организмнен жоғалуына мүмкіндік беруі мүмкін.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Алюминий фольгадан және поливинилхлоридті үлбірден жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 капсуладан салынған. Картон қорапшада медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 10 каптамадан.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Препаратты қаптамасындағы жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші және қаптамасы

Teva Pharmaceutical Works Private Limited Company,

Pallagi út 13, 4042 Debrecen, Венгрия

Тіркеу куәлігінің иесі

«Teva Pharmaceutical Industries Limited»,

5 Basel St,PO Box 3190, Petach Tikva, 49131,

Израиль

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«ратиофарм Қазақстан» ЖШС

050000 Қазақстан Республикасы

Алматы қ., әл-Фараби даңғылы 19,

Нұрлы Тау бизнес орталығы 1 Б, 603, 604 кеңсе

Телефон, факс : (727) 311-09-15; 311-07-64

Прикрепленные файлы

591833251477976131_ru.doc 166.5 кб
656972251477977467_kz.doc 231 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники