Лунизол-сановель
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
ЛУНИЗОЛ – сановель
Халықаралық патенттелмеген атауы
Флуконазол
Дәрілік түрі
150 мг капсулалар
Құрамы
Бір капсуланың құрамында
әсер етуші зат –150 мг флуконазол
қосымша заттар: лактоза моногидраты, жүгері крахмалы, кремнийдің коллоидты қостотығы, магний стеараты, натрий лаурилсульфаты
капсуланың құрамы: титанның қостотығы Е171, желатин
Сипаттамасы
Корпусы және қақпағы ақ түсті, мөлдір емес қатты желатинді №1 капсулалар. Капсуланың ішіндегісі – ақ түсті біртекті ұнтақ
Фармакотерапиялық тобы
Зеңдерге қарсы жүйелік қолдануға арналған препараттар.
Триазол туындылары. Флуконазол
АТХ коды J02AC01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі: ішке қабылдағаннан кейін ЛУНИЗОЛ-сановель жақсы сіңеді, препараттың биожетімділігі 90%-дан астамды құрайды. Сmах (плазмадағы ең жоғары концентрациясына) флуконазолды ашқарынға қабылдағаннан кейін 0.5 – 1.5 сағаттан соң жетеді. Тепе-тең концентрацияларға 4 – 5 күннен кейін жетеді және 2.37 мг/л құрайды.
Таралуы: флуконазол организмнің барлық сұйықтығына жақсы өтеді. Сілекейдегі, қақырықтағы, перитонеальді сұйықтықтағы, қынап тіндеріндегі, тырнақтардағы және везикулярлық сұйықтықтардағы флуконазол деңгейлері оның плазмадағы концентрацияларымен ұқсас. Зеңдік менингиті бар науқастарда жұлын сұйықтығындағы флуконазол деңгейі оның плазмадағы деңгейінің 80%-ға жуығын құрайды.
Таралу көлемі (0.6 – 0.7 л/кг) организмдегі судың жалпы мөлшеріне жақын. Ақуыздармен байланысуы төмен (12%). Жартылай шығарылу кезеңі (30 сағатқа жуық) вагинальді кандидозда флуконазолды бір реттік қабылдауға мүмкіндік береді.
Шығарылуы: флуконазол негізінен бүйрек арқылы шығарылады; қабылданған дозаның шамамен 80%-ы өзгермеген күйінде несептен табылады.
Фармакодинамикасы
Флуконазол – зеңге қарсы бис-триазольді дәрілер класының өкілі, зеңдердің жасушасында эргостерол синтезі үшін қажетті зеңдік ферменттердің күшті селективтік тежегіші болып табылады.
Қолданылуы
- жедел және қайталанатын вагинальді кандидозда
- табан дерматофитиясында
- шап дерматомикозында
- дененің жоғары жағының дерматофитиясында
- дерматомикоздарды және онихомикоздарды қоса, тері кандидозында
Қолдану тәсілі және дозалары
Емдеуді зертханалық талдау нәтижелеріне дейін бастауға болады, содан кейін, олар түсінікті болысымен, емдеуді осы талдауларға сәйкес жалғастырған жөн.
Вагинальді кандидоз: ұсынылатын доза бір реттік 150 мг құрайды.
Табан дерматофитиясы, шап дерматомикозы, дененің жоғары жағының дерматофитиясы және тері инфекцияларын қоса, кандидоздық инфекциялар – ұсынылатын доза аптасына бір рет 150 мг (1 капсула) құрайды. Емдеу ұзақтығы 2 және 4 аптаны құрайды. Табан дерматофитиясын емдеген кезде емдеу курсы 6 аптаға созылады.
Онихомикозды емдеген кезде ұсынылатын доза аптасына бір рет 150 мг құрайды. Емдеуді инфекцияланған тырнақтар алмасқанға дейін жалғастырған жөн. Қолдағы және аяқтардағы тырнақтардың қайтадан өсуі үшін, сәйкесінше, 3 – 6 ай және 6 – 12 ай қажет. Өсу жылдамдығы әртүрлі адамдарда ауқымды шекте, сондай-ақ жасқа байланысты құбылуы мүмкін.
Қайталанған вагиниттерді емдеу және профилактикасы (жылына 4 рет немесе одан көбірек көріністер): әрбір үшінші күні 150 мг, барлығы 3 доза (1-ші 4-ші, 7-ші күні), кейіннен аптасына бір рет демеуші 150 мг доза. Демеуші доза үшін – 6 ай.
Жағымсыз әсерлері
Жиі >1/100 – <1/10
- бас ауыру
- жүректің айнуы, құсу, іштің ауыруы, диарея
- тері бөртпелері
- бауыр ферменттері (АЛТ, АСТ, сілтілік фосфатаза) белсенділігінің жоғарылауы
Жиі емес >1/1000 – <1/100
- вертиго
- анемия, эозинофилия
- дәмнің бұзылуы, бас айналу, ұйқышылдық, ұйқысыздық, парестезия
- ауыз ішінің құрғауы, іштің кебуі, диспепсия, тәбеттің нашарлауы
- холестаз, сарғаю
- терінің қышуы, гипергидроз, есекжем, дәрілік препараттыі әсерінен туындаған дерматит
- бұлшықеттің ауыруы
- шаршау, өзін сезінудің нашарлауы, астения, температураның жоғарылауы
- билирубин деңгейінің жоғарылауы
Сирек >1/10000 – <1/1000
- анафилаксиялық реакция, эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы, ангионевроздық ісіну, уытты эпидермальді некролиз, жедел жайылған экзантематозды пустулез, беттің ісінуі
- лейкопения (нейтропения және агранулоцитоз), тромбоцитопения
- гиперхолестеринемия, гипертриглицеридемия, гипокалиемия
- гепатит, бауырдың дәріден зақымдануы, гепатоцеллюлярлы некроз, бауыр функциясының жеткіліксіздігі
- алопеция
- тремор
- қарыншалардың жыбырлауы/жыпылықтауы, QT аралығының ұзаруы
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- флуконазолға немесе химиялық құрылымы бойынша ұқсас басқа да азольді заттарға жоғары сезімталдық
- QT аралығын ұзартатын препараттармен (пимозид, хинидин, цизаприд, астемизол, эритромицин, амиодарон) бір мезгілде қабылдау
- терфенадинмен бір мезгілде қабылдау (флуконазолдың 400 г және одан жоғары дозаларын қолдану кезінде)
- жүктілік және лактация кезеңі
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер
- тұқым қуалайтын глюкоза, лактоза, галактоза жақпаушылығы, мальабсорбция синдромы
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Бір реттік қабылдау кезінде дәрілік өзара әрекеттесу байқалмайды.
Флуконазолды келесі препараттармен бірге қолдануға болмайды:
-
Цизаприд, «torsade de pointes» ұстамаларын қоса, жүрек-қантамыр жүйесі қызметінің ықтимал бұзылуларына байланысты. Флуконазол қабылдаған адамдарға цизапридті қолдану ұсынылмайды.
-
Терфенадин (флуконазолды 400 мг-ден астам дозаларда; CYP 3A4 ферментінің субстратын қолданғанда). Терфенадинді және триазолдар туындыларын бірге қолданғанда, қан плазмасында терфенадин концентрациясының артуына байланысты, QT аралығының ұзаруымен қоса жүретін ырғақтың ауыр бұзылулары байқалды. Терфенадинді флуконазолмен 400 мг-ден төмен дозаларда бірге қолданғанда науқастарды қатаң бақылау қажет.
-
Астемизол (CYP 3A4 ферментінің субстраты). Астемизолдың артық дозалануы QT аралығының ұзаруымен, «torsade de pointes» ұстамаларын қоса, жүректің ауыр аритмияларымен, немесе жүректің тоқтап қалуымен қатар жүреді.
-
Іn vitro немесе in vivo зерттеулердің жүргізілмегеніне қарамастан, флуконазол мен пимозидті бірге қабылдау пимозид метаболизмінің тежелуіне әкеп соғуы мүмкін. Қан плазмасында пимозид концентрациясының жоғарылауы QT аралығының ұзаруына және, сирек жағдайларда, torsade de pointes дамуына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен пимозидті бірге қабылдауға болмайды.
-
Іn vitro және in vivo зерттеулердің жүргізілмегеніне қарамастан, флуконазол мен хинидинді бірге қабылдау хинидин метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Хинидинді қолдану QT аралығының ұзаруымен және сирек жағдайларда torsades de pointes дамуымен қатар жүрді. Флуконазолды хинидинмен бірге қабылдауға болмайды.
-
Флуконазол мен эритромицинді бірге қабылдау кардиотуыттылық қаупін (QT аралығының ұзаруы, torsades de pointes) және, демек, кенеттен болатын коронарлы өлімді арттыруы мүмкін. Флуконазол мен эритромицинді бірге қабылдауға болмайды.
-
Флуконазолды амиодаронмен бір мезгілде қолдану амиодарон метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Амиодаронды қолдану QT аралығының ұзаруымен қатар жүрді. Флуконазол мен амиодаронды бірге қабылдауға болмайды.
Басқа дәрілік заттардың флуконазолға ықпалын тигізуі
Гидрохлоротиазид пен флуконазолды бір мезгілде қолдану плазмада флуконазолдың концентрациясын 40%-ға арттырады. Осы арттырудың әсері тиісті диуретиктерді қатар қабылдап жүрген пациенттерде флуконазол дозасының өзгеруін қажет етпейді.
Флуконазолды және рифампицинді бір мезгілде қолдану AUC (концентрация-уақыт қисығы астындағы аудан) мәнінің 25%-ға төмендеуіне және флуконазолдың жартылай шығарылу кезеңінің 20%-ға төмендеуіне әкеледі. Рифампицинмен қатарластыра ем қабылдап жүрген науқастарда флуконазолдың дозасын арттыру қажет.
Флуконазолдың басқа препараттардың метаболизміне әсер етуі
Флуконазол P450 (CYP) 2C9 цитохромы изоферментінің күшті тежегіші және CYP3A4 ферментінің орташа тежегіші болып табылады. Төменде көрсетілген өзара әрекеттесулерден басқа, флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда CYP2C9 және CYP3A4 ферменттерімен метаболизденетін басқа қосылыстардың плазмалық концентрацияларының жоғарылау қаупі бар. Сондықтан осы біріктірілімдерді пайдаланған кезде сақтық танытқан жөн, ал науқастарды мұқият бақылау қажет. Флуконазолдың ферментті тежейтін әсері флуконазолмен емдеуді тоқтатқаннан кейін, жартылай шығарылу кезеңінің ұзақтығына байланысты, 4-5 күн сақталады.
Альфентанилмен және флуконазолмен бір мезгілде емдегенде альфентанил клиренсінің төмендегені және таралу көлемінің азайғаны, сондай-ақ T½ (жартылай шығарылу кезеңі) ұзарғаны байқалады. Әсер етуінің ықтимал механизмі флуконазолдың CYP3A4 ферментімен тежелуі болып табылады. Альфентанилдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Флуконазол амитриптилиннің және нортриптилиннің әсер етуін күшейтеді. 5-нортриптилин және/немесе S-амитриптилин біріктірілген емді бастағанда және аптадан кейін өлшенуі мүмкін. Егер қажет болса, амитриптилин/нортриптилин дозалары түзетілуі тиіс.
Флуконазол мен В амфотерицинді бір мезгілде қолдану қалыпты және иммунитеті төмендеген, инфекция жұқтырған тышқандарда келесі нәтижелерді: C. Albicans әсерінен туындаған жүйелік ифекцияларда зеңге қарсы аздаған қосымша әсерінің бар екендігін, Cryptococcus neoformans әсерінен туындаған бассүйекішілік инфекцияда ешқандай өзара әрекеттесулердің болмағанын, A. Fumigatus әсерінен туындаған жүйелік инфекцияға екі препараттың да антагонизмінің бар екендігін көрсетті. Осы зерттеуден алынған клиникалық тұрғыдан маңызды нәтижелер белгісіз.
Мидазоламмен бір мезгілде қолданғанда, флуконазол мидазолам концентрациясының едәуір артуына және психомоторлы әсерлерге әкеледі. Мидазоламға бұл әсері флуконазолды пероральді түрде қабылдаудан кейін, вена ішіне енгізуден кейінгіге қарағанда, айқынырақ болады. Егер флуконазол қабылдап жүрген науқастарды бензодиазепиндермен қатар емдеу қажет болса, бензодиазепиндердің дозасын азайту қажет, ал науқастарды мұқият бақылау керек.
Флуконазол, триазоламның метаболизмін тежейтін болғандықтан, триазоламның (бір реттік доза) AUC мәнін шамамен 50%-ға, Cmax 20-32%-ға және t½ 25-50%-ға арттырады. Триазоламаның дозасын түзету қажет болуы мүмкін. Кальций өзектерінің кейбір блокаторлары, дигидропиридин туындылары (нифедипин, израпидин, никардипин, амлодипин және фелодипин) CYP 3A4 ферментімен метаболизденеді. Ғылыми әдебиеттерде итраконазолды фелодипинмен, израпидинмен немесе нифедипинмен бірге қолдағанда шеткері ісінулер, және кальций антагонистері концентрацияларының артуы жөнінде айтылған. Бұл өзара әрекеттесу флуконазолды кальций антагонистерімен бірге қолдағанда да байқалуы мүмкін.
Флуконазолды (тәулігіне 200 мг) целекоксибпен (200 мг) біріктіріп қатар жүргізілген ем кезінде, целекоксибтің Cmax және AUC мәндері, сәйкесінше, 68%-ға және 134%-ға артты. Флуконазолмен біріктіргенде целекоксиб дозасының жартысы қажет болуы мүмкін.
Науқастарда сүйек кемігінің трансплантациясынан кейін 100 мг флуконазол қабылдау қан плазмасында циклоспориннің концентрациясына елеулі ықпалын тигізген жоқ. Науқастарда бүйректі ауыстырғаннан кейін 200 мг флуконазол қан плазмасында цикоспориннің концентрациясын арттырды. Сондықтан флуконазол мен циклоспоринді бірге қолданғанда қан плазмасындағы циклоспорин деңгейін мезгіл-мезгіл бақылап отырған дұрыс
Флуконазол сиролимустың сарысулық концентрациясын, оның метаболизмін CYP3A4 және P-гликопротеин арқылы шамамен тежей отырып, арттырады. Бұл біріктірілім, оның әсерімен/концентрациясының өлшенуімен байланысты, сиролимус дозасын түзете отырып қолданылуы мүмкін.
Флуконазол пероральді түрде қабылданған кезде, CYP3A4 арқылы ішекте такролимустың метаболизмін тежеу есебінен, такролимустың сарысулық концентрациясын 5 есеге дейін арттыруы мүмкін. Такролимусты вена ішіне енгізген кезде ешқандай елеулі фармакокинетикалық өзгерулер байқалған жоқ. Такролимус деңгейінің жоғарылауы нефроуыттылықпен байланысты болды. Такролимустың пероральді дозасы препараттың концентрациясына байланысты азайтылуы тиіс.
Іn vitro немесе in vivo зерттеулердің жүргізілмегеніне қарамастан, флуконазолды бірге қабылдау эверолимустың сарысулық концентрациясын CYP3A4 тежеу жолымен арттыруы мүмкін.Диданозинді және флуконазолды бірге қолдану диданозиннің фармакокинетикасына немесе тиімділігіне ықпалын тигізген жоқ. Осыған қарамастан, флуконазолдың тиімділігін үнемі бақылап отыру мақсатқа сай келеді. Диданозинді қолданғанға дейін флуконазолмен емдеу курсын жүргізген дұрыс.
CYP 3A4 ферментін бөгейтін препараттар галофантриннің ыдырауының тежелуіне әкелуі мүмкін.
CYP 3A4 ферментімен метаболизденетін ГМГ-КоА-редуктаза (гидроксиметилглутарил-A-редуктаза коферменті) тежегіштерімен (мысалы, симвастатин, аторвастатин) немесе CYP 2C9 ферментімен (флувастатин) бірге қолданғанда миопатия қаупі артады. Флувастатин мен флуконазолдың өзара әрекеттесуімен байланысты флувастатиннің концентрация-уақыт қисығы астындағы ауданы 200%-ға артуы мүмкін. Препаратты және ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерін бірге абайлап қолдану қажет. Мұндай жағдайда ГМГ-КоА-редуктаза тежегішінің дозасын азайту ұсынылады. Миопатия белгілерін немесе қаңқа бұлшықеттерінің жедел некрозын (рабдомиолиз) табу үшін науқастарды бақылау және қан плазмасындағы креатинкиназа деңгейін үнемі бақылап отыру қажет. Егер креатинкиназа деңгейі едәуір жоғарыласа немесе миопатия немесе рабдомиолиз белгілері байқалса, ГМГ-КоА-редуктаза тежегішімен емдеу курсын тоқтату керек.
Пероральді антикоагулянттармен, кумарин туындыларымен бір мезгілде қолданғанда протромбин уақыты (12%) артуы мүмкін, сондықтан протромбин уақытын үнемі бақылап отыру қажет. Бақылаулар бойынша, қан кетулер түріндегі асқынулар (гематомалар, мұрыннан қан кету, асқазан-ішектен қан кету, гематурия, мелена) байқалуы мүмкін.
Флуконазол мен варфаринді бір мезгілде қолданғанда протромбин уақыты 2 есе артуы мүмкін (CYP2C9 қатысуымен варфарин метаболизмінің тежелу салдарынан болуы мүмкін), сондықтан протромбин уақытын үнемі бақылап отыру қажет.
Флуконазол карбамазепиннің метаболизмін тежейді және соңғысының сарысудағы концентрациясын 30%-ға арттырады. Карбамазепинмен уыттанудың даму қаупі бар. Карбамазепиннің дозасын, оның концентрациясының өлшенуіне/әсеріне байланысты, түзету қажет болуы мүмкін.
Циклофосфамид пен флуконазол біріктірілген ем қан сарысуында билирубин мен креатинин деңгейлерінің жоғарылауына әкеледі. Біріктірілім қан сарысуында билирубин мен креатинин деңгейлерінің жоғарылау қаупі пайда болғанға дейін пайдаланылуы мүмкін.
Фентанил мен флуконазолдың өзара әрекеттесуінің фатальді бір жағдайы тіркелді. Бұдан басқа, дені сау он екі еріктілерге жүргізілген рандомизацияланған айқаспалы зерттеулер флуконазолдың фентанил элиминациясын едәуір баяулатқаны көрсетілді. Фентанил концентрациясының жоғарылауы тынысты тарылтуы мүмкін. Пациенттер тыныстың тарылуының зор қаупін мұқият бақылауы тиіс. Фентанилдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Флуконазол лозартанның ангиотензин II рецепторының антагонизміне жауап беретін белсенді метаболитке айналуын тежейді. Лозартанды флуконазолмен бірге қолданғанда лозартанның концентрациясы артады, ал оның белсенді метаболитінің концентрациясы төмендейді. Сондықтан осы препараттарды бір мезгілде қолданғанда науқасты бақылауға алу және мезгіл-мезгіл артериялық қысымын бақылап отыру қажет.
Флуконазол метадонның сарысулық концентрациясын арттыруы мүмкін. Метадонның дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Флурбипрофеннің Cmax және AUC мәндері оны флуконазолмен бір мезгілде тағайындағанда, сәйкесінше, 23%-ға және 81%-ға артты. Флуконазол рацемиялық ибупрофенмен (400 мг) бір мезгілде қолданылған кезде, фармакологиялық тұрғыдан белсенді изомердің [S-(+)-ибупрофен] Cmax және AUC мәндері осыған ұқсас, сәйкесінше, 15%-ға және 82%-ға артты.
Арнайы зерттеулер жүргізілмесе де, флуконазол CYP2C9 қатысуымен метаболизденетін қабынуға қарсы стероидты емес басқа дәрілердің (ҚҚСД) (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) жүйелік әсерлерін арттыруы мүмкін. ҚҚСД-мен байланысты жағымсыз реакциялар мен уытты құбылыстарды мұқият мониторингілеу ұсынылады. ҚҚСД дозаларын түзету қажет болуы мүмкін.
Флуконазол біріктірілген пероральді контрацепциялық дәрілердің әсер етуші заттарының деңгейіне елеулі ықпалын тигізген жоқ. 200 мг препаратты қабылдау этинилэстрадиолдың және левоноргестрелдің концентрация-уақыт қисығы астындағы ауданын (AUC), сәйкесінше, 40%-ға және 24%-ға арттырды. Осы зерттеулердің негізінде, флуконазолдың қайталанатын дозалары пероральді контрацепциялық дәрілердің әсеріне ықпалын тигізбейді.
200 мг флуконазолды және 250 мг фенитоинды бір мезгілде вена ішіне енгізгенде фенитоинның концентрация-уақыт қисығы астындағы ауданын 75%-ға, ал ең жоғары концентрациясының 128%-ға артқаны байқалды. Осы препараттарды бірге қолдану қажет болғанда фенитоинның деңгейін үнемі бақылап отыру керек және артық дозалануға жол бермеу үшін фенитоинның дозасын азайту қажет.
Флуконазолмен және преднизонмен ұзақ емделіп жүрген науқастар флуконазолды тоқтатқаннан кейін бүйрекүсті безі қыртыстары функциясы жеткіліксіздігінің дамуына қатысты бақылануы тиіс.
Флуконазол мен рифабутинді бірге қолданғанда рифабутиннің концентрациясы артады. Рифабутин мен флуконазолды бірга қабылдаған науқастарда увеит байқалды, сондықтан мұндай науқастарды ұдайы бақылап отыру қажет.
СУРЗА4-ке ықпал етуі арқылы бауырда саквинавир метаболизмінің тежелуі және Р-гликопротеиннің тежелуі салдарынан, флуконазол саквинавирдің AUC мәнін шамамен 50%-ға арттырады, саквинавирдің Cmax мәнін шамамен 55%-ға арттырады және оның клиренсін шамамен 50%-ға төмендетеді. Саквинавирдің дозасын түзету керек болуы мүмкін.
Дені сау еріктілерде флуконазолды және сульфонилмочевина туындыларын (хлорпропамид, глибенкламид, глипизид және толбутамид) бірге қолданғанда жартылай шығарылу кезеңінің артуы байқалды. Бұл препараттарды бірге қолдануға болады, бірақ гипогликемияның даму мүмкіндігін ескеру керек.
Плацебо-бақыланатын сынақтарда 14 күн бойы тәулігіне 200 мг флуконазолды қабылдау теофиллиннің клиренсін 18%-ға төмендетті. Сондықтан теофиллиннің үлкен дозаларын флуконазолмен бірге қолдану науқастарды бақылауды қажет етеді, ал теофиллиннің артық дозалануы немесе уыттылығы пайда болған кезде, теофиллиннің дозасын азайтады.
Осы аспектінің зерттелмегеніне қарамастан, флуконазол қан плазмасында қабыршөп алкалоидтарының, мысалы, винкристиннің және винбластиннің) деңгейін арттыруы және нефроуыттылықты дамытуы мүмкін, бұл СУРЗА4-ке тежегіш әсер етуімен байланысты болуы мүмкін.
Транс-ретиноид қышқылымен (А дәруменінің қышқыл түрі) және флуконазолмен біріктіріп емделіп жүрген пациентте орын алған жағдайдың біреуі тіркелді. Пациентте мида жалған ісік түріндегі жағымсыз біліністер дамыды, ол флуконазолды қабылдауды тоқтатқаннан кейін қайтады. Препараттардың осы біріктірілімін қолдануға болады, бірақ ОЖЖ-мен байланысты жағымсыз әсерлердің пайда болуы мүмкін екендігін ескеру қажет.
Вориконазолды (1 күн әрбір 12 сағат сайын 400 мг ішке, содан кейін 2,5 күн ішінде әрбір 12 сағат сайын 200 мг) және флуконазолды (1 күн 400 мг ішке, содан кейін 4 күн бойы әрбір 24 сағат сайын) бірге қабылдау дені сау 6 еркекте вориконазолдың Cmax және AUC мәндерінің, сәйкесінше, орта есеппен 57%-ға (90% СА: 20%, 107%) және 79%-ға (90% СА: 40%, 128%) жоғарылауына әкелді. Дені сау 8 еркек қамтылған кейінгі клиникалық зерттеулерде вориконазол мен флуконазолды аз дозада/немесе аз жиілікпен қабылдау осы әсердің жойылуына немесе бәсеңдеуіне әкелген жоқ. Егер вориконазол флуконазолды қолданғаннан кейін қолданылса, вориконазолған жағымсыз реакциялардың дамуына қатысты бақылау ұсынылады.
Флуконазол триметрексаттың мтаболизміне кедергі жасайды, ол қан плазмасында триметрексат концентрациясының артуына әкеледі. Осы препараттарды бірге қолдану қажет болған жағдайда триметрексаттың деңгейін үнемі бақылап отыру және науқаста триметрексаттың уыттылығына қатысты уыттылық белгілерін тексеру қажет.
Фармакокинетикалық екі сынақта зидовудинмен бірге қолданғанда зидовудиннің концентрация-уақыт қисығы астындағы ауданның 20 және 74 %-ға артқаны байқалды. Сондықтан қан плазмасындағы зидовудин деңгейін бақылау және оның дозасын алмастыру ұсынылады.
Флуконазол мен азитромицин арасында ешқандай маңызды фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.
CYP3A орташа тежегіштерін (флуконазол, эритромицин) ивакафтормен (CFTR муковисцидоздің трансжарғақшалық реттегішін күшейткіш) бірге қолданғанда ивакафтар дозасын күніне бір реттік 150 мг-ге дейін азайту ұсынылады.
Фармакодинамикалық өзара әрекеттесуі
Пациенттерде сүйек кемігін алмастырар алдында флуконазолдың сіңуіне тамақ ішу де, циметидин де, антацидтік дәрілер де және бүкіл денесін сәулелендіру де ықпалын тигізген жоқ.
Айрықша нұсқаулар
Сирек жағдайларда флуконазолды қолдану, негізінен қатарласқан аурулары бар науқастарда бауырдың уытты өзгерулерімен, соның ішінде өліммен аяқталумен қатар жүрді. Флуконазолдың гепатоуытты әсері әдетте қайтымды болды, оның белгілері емдеуді тоқтатқаннан кейін қайтты. Флуконазолмен емдеу кезінде бауыр функциясының көрсеткіштері бұзылатын науқастарды бауырдың бұзылу белгілерін анықтау мақсатында бақылау қажет. Флуконазолды қолданумен байланысты болуы мүмкін бауырдың зақымдануының клиникалық белгілері немесе симптомдары пайда болғанда, препарат қабылдауды тоқтатқан жөн.
Флуконазол сирек жағдайларда анафилаксиялық реакцияларды туындатуы мүмкін.
Флуконазолмен емдеу кезінде науқастарда сирек жағдайларда Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз сияқты эксфолиативті тері реакциялары дамыды. ЖИТС-ке шалдыққан науқастар көп препараттарды қолданған кезде ауыр тері реакцияларының дамуына бейім болады. Науқастарда емдеу кезінде флуконазолды қолданумен байланыстыруға болатын беткейлік зеңдік инфекциялар (бөртпелер) пайда болған жағдайда, препаратты тоқтатқан жөн. Инвазиялық/жүйелік зеңдік инфекциялары бар науқастарда бөртпелер пайда болған кезде оларды мұқият бақылау және буллезді зақымданулар немесе көп формалы эритема пайда болған кезде флуконазол қабылдауды тоқтату керек.
Флуконазол ЭКГ-де QT аралығының ұзаруын туындатуы мүмкін. Флуконазолды қолданған кезде QT аралығының ұзаруы және қарыншалардың жыбырлауы/жыпылықтауы, жүректің органикалық аурулары, электролиттік теңгерімнің бұзылулары және осындай бұзылулардың дамуына ықпалы бар қатар жүргізілетін ем сияқты көптеген қауіп факторлары өте сирек байқалды. Сондықтан проаритмиялық жағдайдағы осындай пациенттерге флуконазолды сақтықпен қолданған жөн.
Флуконазолмен емдеу курсын бастар алдында электролиттік дисбалансты (гипокалиемия, гипомагниемия, гипокальциемия) түзету қажет.
Бауыр, жүрек және бүйрек аурулары бар пациенттерге флуконазолды қолданар алдында дәрігерден кеңес алу ұсынылады. Қынаптық кандидозға байланысты 150 мг флуконазолды қолдағанда пациенттерге симптомдардың жақсаруы әдетте 24 сағаттан соң байқалатынын, бірақ олардың толық жойылуы үшін бірнеше күн қажет болатындығы алдын ала ескертілуі тиіс. Симптомдар бірнеше күн бойы сақталғанда дәрігерге қаралған жөн.
Флуконазол құрғақ теміреткіні емдеу үшін қолданылмауы тиіс.
Басқа жерге орныққан криптококкозды (мысалы, өкпелік және терілік криптококкозды) емдеген кезде флуконазолдың тиімділігіне айғақтамалар шектеулі.
Паракокцидиомикоз, лимфалық және тері споротрихозы және гистоплазмоз сияқты эндемиялық микоздардың басқа формаларын емдеген кезде флуконазолдың тиімділігіне айғақтамалар шектеулі.
Флуконазол бүйрек дисфункциясы бар пациенттерге сақтықпен тағайындалғаны жөн.
ЛУНИЗОЛ-сановель капсулаларының құрамында лактоза бар, сондықтан оларды сирек туа біткен галактоза жақпаушылығы, лактоза жеткіліксіздігі немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы сияқты проблемалары бар науқастарға тағайындамаған жөн.
Жүктілік және лактация
Ұсынылған дозалардың уытты дозалардан жоғары болғанына қарамастан, препаратты жүкті болып қалғанда немесе жүктілік күтілген жағдайда қолданбаған жөн.
Жүктілік кезінде препаратты ана үшін күтілетін пайдасы ұрық үшін қаупінен (С категориясы) басым болған жағдайда ғана қолданады.
Флуконазол емшек сүтіне бөлініп шығады, сондықтан ЛУНИЗОЛ-сановель бала емізу кезінде қолдануға ұсынылмайды.
Педиатрияда қолданылуы
18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерде препаратты қолданудың қауіпсіздігіне зерттеулер жүргізілген жоқ. Мұндай жағдайларда препаратты зеңге қарсы ем қажет болғанда және балама дәрілер жоқ болғанда ғана тағайындайды.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Автомобильді басқарғанда немесе техниканы пайдаланғанда сақтық танытқан жөн, өйткені бас айналу немесе құрысулар пайда болуы мүмкін.
Артық дозалануы
Симптомдары: жағымсыз әсерлерінің күшеюі.
Емі: асқазанды шаю және симптомдық ем ұсынылады. Флуконазол несеппен бірге шығарылатын болғандықтан, қарқынды диурез оның шығарылуын тездетеді. Диурез жүргізу 3 сағат ішінде плазмадағы флуконазолдың концентрациясын жартысына дерлік төмендетеді.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Алюминий фольгадан және поливинилхлоридті/поливинилдихлоридті (ПВХ/ПВДХ) үлбірден жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 1 немесе 2 капсуладан салынған.
Пішінді ұяшықты 1 қаптамадан медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
25˚С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
4 жыл
Препаратты қаптамасында көрсетілген сақтау мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шартары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Сановель» фармако-индустриалды сауда компаниясы, Түркия
Мимар Синан ауд., Чанта ауылы, Силиври/Стамбул/ Түркия
Тіркеу куәлігінің иесі
«Сановель» фармако-индустриалды сауда компаниясы, Түркия
Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын және тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның мекенжайы
Қазақстан Республикасы, 050059
Алматы қ., Қажымұқан к-сі, 26А
Телефон: 8 (727) 264 73 05, 8 701 014 1182
Факс: 8 (727) 262 00 12
эл. поштасы: sanovel@mail.ru