Лозартан (100 мг, Sofarimex - Chemical and Pharmaceutical Industry Ltd)

МНН: Лозартан
Производитель: Sofarimex - Chemical and Pharmaceutical Industry Ltd
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Losartan
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020096
Информация о регистрации в РК: 02.09.2013 - 02.09.2018

Инструкция

Саудалық атауы

Лозартан

Халықаралық патенттелмеген атауы

Лозартан

Дәрілік түрі

Қабықпен қапталған 50 мг, 100 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 50.00 мг немесе 100.00 мг калий лозартаны,

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, натрий стеарилінің фумараты, натрий кроскармеллозасы, prosolv HD 90 оның ішінде: 98% микрокристалды целлюлоза, 2% сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы (аэросил),

қабықтың құрамы: ақ Sepifilm® 752 құрамында: 50% гипромеллоза, 25% микрокристалды целлюлоза, 10% макрогол стеараты, 15% титанның қостотығы (Е 171).

Сипаттамасы

Ақ түсті қабықпен қапталған, екі жақ беті дөңес, сызығы бар сопақша таблеткалар (50 мг доза үшін).

Ақ түсті қабықпен қапталған, екі жақ беті дөңес, ұзынша таблеткалар (100 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Гипертензияға қарсы препараттар. Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің модификаторлары. Ангиотензин рецепторларының антагонистері. Лозартан

АТХ коды C09CA01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Пероральді қабылданғаннан кейін лозартан жақсы сіңеді және карбоксил қышқылының белсенді метаболитінің және басқа да белсенді емес метаболиттердің түзілуімен жүйе алды метаболизмге ұшырайды. Таблеткалар түріндегі лозартанның жүйелік биожетімділігі шамамен 33% құрайды. Лозартан және оның белсенді метаболитінің орташа ең жоғары концентрацияларына, тиісінше, 1 сағаттан және 3-4 сағаттан соң жетеді.

Таралуы

Лозартан және оның белсенді метаболиті де қан плазмасы ақуыздарымен, негізінен альбуминдермен ≥ 99%-ға байланысады. Лозартанның таралу көлемі 34 литрді құрайды.

Биотрансформациясы

Лозартанның 14%-ға жуығы көктамыр ішіне немесе пероральді қабылдағанда белсенді метаболитке айналады. Белсенді метаболитке қосымша белсенді емес метаболиттер түзіледі.

Шығарылуы

Лозартанның және оның белсенді метаболитінің плазмалық клиренсі шамамен, тиісінше, минутына 600 мл және 50 мл құрайды. Лозартанның және оның белсенді метаболитінің бүйректік клиренсі шамамен, тиісінше, минутына 74 мл және 26 мл құрайды. Лозартанды пероральді қабылдағанда дозаның 4%-ға жуығы өзгермеген күйінде несеппен бірге, ал 6%-ға жуығы белсенді метаболит түрінде несеппен бірге бөлініп шығады. Калий лозартанын 200 мг дейінгі дозаларда пероральді қабылдағанда лозартанның және оның белсенді метаболитінің фармакокинетикасы дозаға байланысты болады.

Пероральді қабылдағаннан кейін лозартан мен оның белсенді метаболитінің қан плазмасындағы концентрациялары біркелкі төмендейді, тиісінше, ақырғы жартылай шығарылу кезеңі 2 сағаттан кейін және 6-9 сағатқа жуық болады. 100 мг дозаны тәулігіне бір рет қолданғанда лозартан мен оның белсенді метаболиті қан плазмасында елеулі дәрежеде жиналмайды.

Лозартан және оның белсенді метаболиті өтпен және несеппен бірге шығарылады. Лозартанды пероральді қабылдағаннан және көктамыр ішіне қолданғаннан кейін, тиісінше, шамамен 35%-ы және 43%-ы несеппен бірге және 58%-ы және 50%-ы нәжіспен бірге шығарылады.

Емделушілердің жекелеген топтарындағы фармакинетикасы

Артериялық гипертензиясы бар егде жастағы емделушілерде лозартанның және оның белсенді метаболитінің қан плазмасындағы концентрацияларында, сондай-ақ артериялық гипертензиясы бар жас емделушілердегі концентрацияларында айтарлықтай айырмашылық жоқ.

Артериялық гипертензиясы бар әйелдерде лозартанның қан плазмасындағы концентрациясы еркектердегіден 2 есе жоғары. Еркектер мен әйелдерде белсенді метаболитінің концентрацияларында айырмашылықтар жоқ.

Бауырдың жеңіл және орташа дәрежелі алкогольдік циррозы бар емделушілерде лозартан мен оның белсенді метаболитінің қан плазмасындағы концентрациялары, жас еркектердегіге қарағанда, тиісінше 5 және 1,7 есе жоғары болды.

Лозартанның қан плазмасындағы концентрациясы креатинин клиренсі минутына10 мл-ден жоғары емделушілерде өзгерген жоқ. Бүйрек қызметі қалыпты емделушілермен салыстырғанда «концентрация-уақыт» қисығы астындағы аудан (AUC) көрсеткіші гемодиализде жүрген емделушілерде 2 есе жоғары. Белсенді метаболиттің плазмалық концентрациялары бүйрек қызметі бұзылған емделушілерде немесе гемодиализде жүрген емделушілерде өзгермейді.

Фармакодинамикасы

Лозартан – пероральді қолдануға арналған ангиотензин II (АТ1 типі) рецепторларының синтетикалық антагонисі. Ангиотензин II – күшті вазоконстриктор, ренин-ангиотензин жүйесінің белсенді гормоны және артериялық гипертензия патофизиологиясының маңызды факторларының бірі болып табылады. Ангиотензин II көптеген тіндерде (мысалы, қантамырлардың тегіс бұлшықеттерінде, бүйрек үсті бездерінде, бүйректерде және жүректе) болатын АТ1 рецепторларымен байланысып, бірқатар маңызды биологиялық әсерлерді, соның ішінде вазоконстрикцияны және альдостеронның босап шығуын анықтайды. Ангиотензин II тегіс бұлшықет жасушаларының пролиферациясын да стимуляциялайды.

Лозартан АТ1 рецепторларын селективті түрде бөгейді. Лозартан және оның фармакологиялық белсенді метаболиті карбоксил қышқылы (E-3174), пайда болу көзіне және синтезделу жолына қарамай-ақ ангиотензин II-нің барлық физиологиялық әсерлерін бөгейді.

Лозартан агонистік әсер бермейді және гормондардың басқа рецепторларын немесе жүрек-қантамыр жүйесін реттеуге қатысатын ион өзекшелерін бөгемейді. Бәрінен бұрын, лозартан брадикининнің ыдырауына мүмкіндік беретін фермент – АӨФ (кининаза ІІ) төмендетпейді. Осының салдарынан брадикинин арқылы болатын жағымсыз әсерлердің пайда болуына потенциация байқалмайды.

Лозартанды қолдану кезінде ангиотензин ІІ рениннің секрециясына жағымсыз кері реакциясының жойылуы қан плазмасында ренин белсенділігінің жоғарылауына (ПРБ) әкеледі. Белсенділігінің бұлай жоғарылауы қан плазмасындағы ангиотензин ІІ деңгейінің жоғарылауына әкеледі. Осыған қарамастан, гипертензияға қарсы белсенділігінің жоғарылауы және қан плазмасындағы альдостерон концентрациясының азаюы сақталады, бұл ангиотензин ІІ рецепторларының тиімді түрде бөгелгенін айғақтайды. Лозартанды қолдануды тоқтатқаннан кейін қан плазмасындағы рениннің белсенділігі және ангиотензин ІІ деңгейі 3 күн ішінде бастапқы көрсеткішіне оралады.

Лозартанның да, сондай-ақ оның негізгі метаболитінің де АТ1‑рецепторларға ұқсастығы АТ2-ге қарағанда өте жоғары болады. Белсенді метаболиті лозартанға қарағанда 10 –40 есе белсендірек (дене салмағына шаққанда).

Қолданылуы

- ересектерде эссенциальді артериялық гипертензияны емдеуге

- артериялық гипертензияға және тәулігіне ≥0,5 г протеинуриясы бар ІІ типті қант диабетіне шалдыққан ересек емделушілерде бүйрек ауруларын емдеуге, артериялық гипертензияда – гипертензияға қарсы емнің бір бөлігі ретінде

- ересек емделушілерде жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігін емдеуге (сол жақ қарыншадан қан айдау фракциясы ≤40%, клиникалық тұрғыдан тұрақты жағдай) ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштерін көтере алмаушылығына байланысты қолдану мүмкін болмағанда, әсіресе жөтел пайда болғанда, немесе оны тағайындауға қарсы көрсетілімдер болғанда

- артериялық гипертензиясы және сол жақ қарынша гипертрофиясы бар ересек емделушілерде ЭКГ-мен айғақталған инсульттің даму қаупін төмендету үшін

Қолдану тәсілі және дозалары

Лозартан таблеткасын, ас қабылдауға қарамай-ақ, стакан сумен ішіп пероральді қабылдайды.

Артериялық гипертензия

Көптеген емделушілер үшін әдеттегі бастапқы және демеуші доза тәулігіне бір рет 50 мг құрайды. Гипертензияға қарсы ең жоғары әсеріне емдеуді бастағаннан кейін 3–6 аптадан соң жетеді. Кейбір емделушілерде препарат дозасының тәулігіне (таңертең) 100 мг-ға дейін жоғарылауы тиімдірек болуы мүмкін.

Лозартанды гипертензияға қарсы басқа да препараттармен, әсіресе диуретиктермен (мысалы, гидрохлортиазидпен) бірге қолдануға болады.

Гипертензиясы және ІІ типті қант диабеті бар (протеинурия тәулігіне ≥0,5 г) емделушілер

Әдеттегі бастапқы доза тәулігіне бір рет 50 мг құрайды. Дозаны емдеуді бастағаннан кейін бір ай өткен соң артериялық қысымның көрсеткіштеріне байланысты тәулігіне бір рет 100 мг-ға дейін арттыруға болады. Лозартанды гипертензияға қарсы басқа да препараттармен (мысалы, диуретиктермен, кальций өзекшелерінің блокаторларымен, альфа- немесе бета-рецепторлардың блокаторларымен, орталық әсері бар препараттармен), сондай-ақ инсулинмен және басқа да кең қолданылатын гипогликемиялық препараттармен (мысалы, сульфонилмочевина, глитазондар және глюкозидаза тежегіштері) бірге қолдануға болады.

Жүрек қызметінің жеткіліксіздігі

Жүрек қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілер үшін Лозартанның әдеттегі бастапқы дозасы тәулігіне бір рет 12,5 мг құрайды. Дозаны, жекелей көтерімділігіне байланысты, әдеттегідей, апталық аралықтармен (мысалы, тәулігіне 12,5 мг, тәулігіне 25 мг, тәулігіне 50 мг, тәулігіне 100 мг және тәулігіне бір рет ең жоғары доза 150 мг-ға дейін) таңдап алған жөн.

Жүрек қызметінің жеткіліксіздігі бар, жағдайы АӨФ тежегішін қолданғанда тұрақтандырылған емделушілерді лозартанмен емдеуге ауыстырмаған жөн.

Артериялық гипертензиясы бар және сол жақ қарыншаның гипертрофиясы ЭКГ-мен айғақталған емделушілерде инсульттің пайда болуы қаупін төмендету

Әдеттегі бастапқы дозасы тәулігіне бір рет 50 мг Лозартанды құрайды. Артериялық қысым деңгейінің төмендеуіне байланысты, емдеуге төмен дозада гидрохлортиазидті қосқан және/немесе Лозартанның дозасын тәулігіне бір рет 100 мг-ға дейін арттырған жөн.

Емделушілердің жекелеген топтары

Айналымдағы қан көлемі төмендеген емделушілерге қолданылуы

Айналымдағы қан көлемі төмендеген (мысалы, диуретиктердің жоғары дозаларымен емдеу нәтижесінде) емделушілерді емдеу үшін препаратты тәулігіне бір рет бастапқы 25 мг дозада қолдану жөніндегі мәселені қарастырған жөн.

Бүйрек қызметі бұзылған емделушілерге және гемодиализде жүрген емделушілерге қолданылуы

Бүйрек қызметі бұзылған емделушілер үшін, сондай-ақ гемодиализде жүрген емделушілер үшін бастапқы дозаны түзетудің қажеті жоқ.

Бауыр қызметі бұзылған емделушілерге қолданылуы

Бауыр қызметінің жеңіл және орташа дәрежелі бұзылулары бар, сондай-ақ сыртартқысында да бар емделушілер үшін препаратты өте төмен дозаларда тағайындау жөніндегі мәселені қарастырған жөн.

Егде жастағы емделушілерге қолданылуы

Препаратты 75 жастан асқан емделушілер үшін 25 мг бастапқы дозада тағайындаудың мүмкін екендігін ескерсек те, егде жастағы адамдар үшін бастапқы дозаны түзетудің қажеті жоқ.

Жағымсыз әсерлері

Жиі (≥ 1/100,<1/10)

- бас айналу

- гипогликемия

- гиперкалиемия, аланинаминотрансфераза (АЛТ) белсенділігінің жоғарылауы

- анемия

- қан сарысуында мочевина, креатинина деңгейлерінің жоғарылауы

- бүйрек қызметінің бұзылуы, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі

- артериялық гипотензия, ортостатикалық гипотензияны қоса есептегенде

Жиі емес (≥ 1/1000, <1/100)

- бас ауыру

- ұйқышылдық, ұйқының бұзылуы

- жүректің лүпілдеуі, тахикардия, стенокардия

- іштің ауыруы, іш қату, диарея, диспепсия, жүректің айнуы, құсу

- әлсіздік, астения, ісінулер

- кеуде шаршысының ауыруы, арқаның ауыруы, бұлшықет түйілулері

- жөтел, мұрынның бітелуі, фарингит, қойнаулардың аурулары, жоғарғы тыныс жолдарының жұқпалары, ентігу

- есекжем, қышыну, бөртпе

Сирек (≥ 1/10 000, <1/1 000)

- парестезия

- синкопе, жүрекшелердің фибрилляциясы, инсульт

- гепатиттер

Белгісіз

- анафилактикалық реакциялар, ангионевротиалық ісіну

- васкулит

- тромбоцитопения

- гипонатриемия

- бауыр қызметінің бұзылуы

- құлақтың шыңылдауы

- фотосенсибилизация

- миалгия, артралгия, рабдомиолиз

- эректильді қызметтің бұзылуы, импотенция

- депрессия

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- лозартанға немесе препараттың кез келген компонентіне жоғары сезімталдық

- бауыр қызметінің ауыр жеткіліксіздігі

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Басқа да гипотензивтік препараттар Лозартанның гипотензивтік әсерін күшейтуі мүмкін. Жағымсыз реакциялар ретінде артериялық гипотензияның пайда болуын индукциялайтын басқа препараттармен (трициклдік антидепрессанттар, психозға қарсы дәрілер, баклофен және амифостин) бір мезгілде қолдану гипотензияның пайда болу қаупін арттыруы мүмкін.

Лозартан көбіне Р450 (CYP) 2С9 цитохромы жүйесінің қатысуымен белсенді карбоксиқышқыл метаболитке дейін метаболизденеді. Флуконазолдың (CYP2С9 тежегіші) препараттың белсенді метаболитінің экспозициясын 50%-ға төмендететіні анықталды. Лозартанмен және рифампицинмен (метаболизм ферменттерінің индукторы) бір мезгілде емдеу қан плазмасында лозартанның белсенді метаболиті концентрациясының 40%-ға төмендеуіне әкеледі. Осы әсердің клиникалық маңызы белгісіз. Лозартанды және флувастатинді (CYP2С9 әлсіз тежегіші) бір мезгілде қолданғанда экспозицияларында айырмашылықтар болмайды.

Ангиотензин II-ні немесе оның әсерлерін бөгейтін басқа да препараттарды қолданған кезде де организмде калийді іркіп қалатын препараттарды (мысалы, калий жинақтаушы диуретиктер: спиронолактон, триамтерен, амилорид) немесе калий деңгейін арттыруы мүмкін препараттарды (мысалы, гепарин), сондай-ақ құрамында калий бар үстемелерді немесе тұз алмастырғыштарды қатарластыра қолдану гиперкалиемияға әкеп соғуы мүмкін. Мұндай дәрідерді бір мезгілде қолдануға болмайды.

Литийді АӨФ тежегіштерімен, және өте сирек ангиотензин ІІ рецепторларының антагонистерімен бірге қолданғанда қан сарысуында калий концентраиясының қайтымды жоғарылауы, сондай-ақ оның уыттылығы жөнінде мәлімделді. Литиймен және лозартанмен бір мезгілде емдеуді абайлап жүргізген жөн. Егер осындай біріктірілімді қолдану қажет деп саналса, емдеудің бүкіл курсы барысында қан сарысуындағы литий деңгейін тексеріп отыру керек.

Ангиотензин ІІ антагонистері мен қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды (мысалы, циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) селективті тежегіштері, қабынуға қарсы әсер ететін дозадағы ацетилсалицил қышқылы, селективті емес ҚҚСП) біріктіргенде гипертензияға қарсы әсері бәсеңдеуі мүмкін. Ангиотензин ІІ антагонистерін немесе диуретиктерді ҚҚСП-пен бір мезгілде қолдану, әсіресе бүйрек қызметінің бұзылуы бар емделушілерде, бүйрек қызметінің жедел жеткіліксіздігінің, сондай-ақ гиперкалиемияның пайда болуын қоса есептегенде, бүйрек қызметінің нашарлау қаупіне әкеледі. Мұндай біріктірілімді әсіресе егде жастағы емделушілерге абайлап тағайындаған жөн. Емделушілерге тиісті гидратация жүргізу, сондай-ақ емдеуді бастағаннан кейін, және әрі қарай бүйрек қызметіне әлсін-әлсін мониторинг жасау жөнінде мәселені қарастыру қажет.

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің екі еселенген блокадасы.

Атеросклерозы, жүрек қызметінің жеткіліксіздігі немесе нысана-ағзалардың зақымдануымен диабеті бар емделушілерде, ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне ықпалын тигізетін бір препаратты қолданумен салыстырғанда, ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің екі еселенген блокадасы артериялық гипотензияның, естен танудың, гиперкалиемияның және бүйрек қызметі бұзылуының (бүйрек қызметінің жедел жеткіліксіздігін қоса есептегенде) пайда болу жиілігінің жоғарылауымен астасатыны мәлімделді. Екі еселенген блокаданы (мысалы, АӨФ тежегіштерін ангиотензин ІІ рецепторларының антагонистерімен бірге тағайындауды), бүйрек қызметін ұдайы бақылай отырып, жекелеген белгілі бір жағдайларда ғана жүргізген жөн.

Айрықша нұсқаулар

Ангионевротикалық ісіну

Сыртартқысында ангионевротикалық ісінуі (беттің, еріннің, тамақтың және/немесе тілдің ісінуі) бар емделушілердің жағдайын мұқият қадағалаған жөн.

Артериялық гипотензия және су-электролиттік теңгерімінің бұзылуы

Симптоматикалық артериялық гипотензия, әсіресе препараттың алғашқы дозасын қолданғаннан кейін немесе дозаны арттырғаннан кейін, қантамырішілік көлемі төмендеген және/немесе, күшті диуретиктерді қолдану, тұзды пайдалануды диеталық шектеу, диарея немесе құсу салдарынан натрий тапшы болатын емделушілерде пайда болуы мүмкін. Лозартанмен емдеуді бастар алдында осындай жағдайларды түзеткен немесе препаратты өте төмен бастапқы дозада қолданған жөн.

Электролиттік теңгерімнің бұзылуы

Бүйрек қызметі бұзылған (қант диабеті бар және онсыз) емделушілерде электролиттік теңгерімнің бұзылуы жиі байқалады, бұған көңіл бөлген жөн. II типті қант диабеті және нефропатиясы бар емделушілерде гиперкалиемияның пайда болу жиілігі Лозартанды қабылдаған кезде жоғарылайды. Әсіресе жүрек қызметінің жеткіліксіздігі бар және креатинин клиренсі минутына 30–50 мл болатын емделушілерде қан плазмасындағы калий концентрациясын және креатинин клиренсінің көрсеткіштерін тексерген жөн.

Лозартанды және калий жинақтаушы диуретиктерді, калий үстемелерін және құрамында калий бар тұз алмастырғыштарды бір мезгілде қолдануға болмайды.

Бауыр қызметінің бұзылуы

Бауыр циррозы бар емделушілердің қан плазмасында лозартанның едәуір жоғары концентрацияларын көрсететін фармакокинетикасы жөніндегі деректерге көңіл бөле отырып, сыртартқысында бауыр қызметінің бұзылулары бар емделушілерде препарат дозасын төмендету жөніндегі мәселені қарастырған жөн. Бауыр қызметінің ауыр бұзылулары бар емделушілерде Лозартанды қолдану тәжірибесі жоқ, сондықтан оны тағайындауға болмайды.

Бүйрек қызметінің бұзылуы

Ренин-ангиотензин жүйесінің тежелуіне байланысты, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігін қоса есептегенде, (әсіресе, бүйрек қызметі ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне тәуелді емделушілерде, яғни жүрек қызметінің ауыр бұзылулары бар немесе бүйрек қызметінің бұзылулары бұрыннан бар емделушілерде) бүйрек қызметінде өзгерістердің болғаны жөнінде мәлімделген. Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін басқа препараттарды қолданған кездегідей, бүйрек артерияларының екі жақты стенозы және жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар емделушілердің қан сарысуындағы мочевина және креатинин деңгейлерінің жоғарылағаны жөнінде мәлімделді. Бүйрек қызметінің мұндай өзгерістері емдеуді тоқтатқаннан кейін қайтымды болуы мүмкін. Лозартанды бүйрек артерияларының екі жақты стенозы және жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар емделушілерге абайлап қолданған жөн.

Емдеу барысында бүйрек қызметі бұзылуы мүмкін болғандықтан, оны жүйелі түрде тексеріп отыру қажет. Бұл әсіресе бүйрек қызметіне ықпалын тигізуі мүмкін басқа да патологиялық ахуалдарда (қызба, деградация) Лозартанды қолдану жағдайына қатысты.

Лозартанды және АӨФ тежегіштерін бір мезгілде қолдану бүйрек қызметін нашарлатады, сондықтан мұндай біріктірілімді қолдануға болмайды.

Бүйректерді ауыстырып салу

Жақын арада бүйрегі ауыстырылған емделушілерге қолдану тәжірибесі жоқ.

Алғашқы гиперальдостеронизм

Алғашқы гиперальдостеронизмі бар емделушілерде, әдеттегідей, ренин-ангиотензин жүйесін тежеу арқылы әсер ететін гипертензияға қарсы препараттар тиімді емес. Сондықтан Лозартанды қолдануға болмайды.

Коронарлық артериялар аурулары және цереброваскулярлы аурулар

Гипертензияға қарсы басқа да препараттарды қолданған кездегідей, жүректің ишемиялық ауруы және цереброваскулярлы аурулары бар емделушілерде артериялық қысымның шамадан тыс төмендеуі миокард инфарктісінің немесе немесе инсульттің пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.

Жүрек қызметінің жеткіліксіздігі

Ренин-ангиотензин жүйесіне ықпалын тигізетін басқа да препараттарды қолданған кездегідей, бүйрек қызметі бұзылған/бұзылмаған жүрек қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілерде ауыр артериялық гипотензияның және (жиі жедел) бүйрек қызметі бұзылуының туындау қаупі бар.

Лозартанды жүрек қызметінің жеткіліксіздігі бар және бүйрек қызметінің қатарласқан ауыр бұзылуы бар емделушілерде, жүрек қызметінің ауыр жеткіліксіздігі (NYHA бойынша ІV класс) бар емделушілерде, сондай-ақ жүрек қызметінің жеткіліксіздігі және өмір үшін қауіпті симптоматикалық аритмиясы бар емделушілерге қолданудың жеткілікті емдік тәжірибесі жоқ. Сондықтан Лозартанды емделушілердің осы тобына абайлап қолданған жөн.

Лозартан мен бета-блокаторларды бір мезгілде қолданғанда сақ болған жөн.

Аортальді және митральді қақпақшалардың стенозы, обструктивті гипертрофиялық кардиомиопатия

Басқа да вазодилататорларды қолданған кездегідей, аортальді және митральді клапандардың стенозы немесе обструктивті гипертрофиялық кардиомиопатиясы бар емделушілерге препаратты абайлап тағайындайды.

Басқа да сақтандырулар және ескертулер

Ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштеріне қатысты анықталғандай, Лозартан және ангиотензиннің басқа да антагонистерінің қара нәсілді емделушілердегі тиімділігі аз, бұл артериялық гипертензиясы бар осы емделушілерде белсенділігі төмен рениннің кездесу жиілігінің үлкен болу себебінен туындауы мүмкін.

Дәрілік заттың көлікті немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Автокөлікті басқарғанда және қауіпсіз механизмдермен жұмыс жасағанда, әсіресе емнің бас кезінде және препарат дозасын арттырғанда бас ауыру және ұйқышылдық сияқты жағымсыз реакциялардың пайда болуы мүмкін екендігіне байланысты, сақ болу қажет.

Артық дозалануы

Симптомдары: артериялық қысымның айқын төмендеуі, тахикардия, брадикардия болуы мүмкін.

Емі: препаратты тоқтату, симптоматикалық ем.

Лозартан және оның белсенді метаболиті қан ағымынан гемодиализдің жәрдемімен шығарылмайды.

Шығарылу түрі және қаптамасы

ПВХ/ПЭ/ПВДХ үлбрден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

Пішінді ұяшықты 3 қаптамадан медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдерінде бекітілген нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Препаратты жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Sofarimex – Chemical and Pharmaceutical Industry Ltd., Португалия

Тіркеу куәлігінің иесі

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Химфарм» АҚ, Шымкент қ-сы, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ,

Рашидов к-сі, н/ж, т/ф: 560882

Телефон нөмірі: 7252 (561342)

Факс нөмірі: 7252 (561342)

Электронды поштасы: standart@santo.kz

 

Прикрепленные файлы

932759181477976826_ru.doc 110 кб
693321941477977986_kz.doc 128 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники