Ликопид® (1 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Ликопид®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
1 мг және 10 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - 1,0 мг немесе 10,0 мг глюкозаминилмурамилдипептид (ГМДП),
қосымша заттар: лактоза моногидраты, қант (сахароза), картоп крахмалы, метилцеллюлоза, кальций стеараты.
Сипаттамасы
Кертігі бар ақ түсті дөңгелек жалпақ цилиндр пішінді таблеткалар (1 мг доза үшін). Кертігі және бөлетін сызығы бар дөңгелек жалпақ цилиндр пішінді таблеткалар (10 мг доза үшін).
Фармакотерапиялық тобы
Иммунмодуляциялайтын дәрі
АТХ коды LО3А
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ішу арқылы қабылдаған кезде препараттың биожетімділігі 7-13% құрайды. Қан альбуминдерімен байланысу дәрежесі әлсіз. Ең жоғары концентрацияға жету уақыты (tmax) – препаратты қабылдағаннан кейін 1,5 сағат. Жартылай шығарылу кезеңі (t1/2)– 4,29 сағат. Белсенді метаболиттер түзбейді, негізінен өзгермеген күйінде бүйректер арқылы шығарылады.
Фармакодинамикасы
Ликопид таблеткасының әсер етуші заты – глюкозаминилмурамилдипептид (ГМДП) – бактериялық жасушалар (пептидогликан) қабығының құрылымдық фрагментінің синтетикалық аналогі. Глюкозаминилмурамилдипептид іштен туа біткен және жүре келе пайда болған иммунитеттің белсенділендіргіші болып табылады, организмді вирустық, бактериялық және зеңдік жұқпалардан қорғауды күшейтеді; иммунологиялық реакциялардың пайда болуында адъюванттық әсер береді.
Препараттың биологиялық белсенділігі глюкозаминилмурамилдипептидтің фагоциттер (нейтрофилдер, макрофагтар, дендриттік жасушалар) цитоплазмасында орналасқан жасушаішілік рецепторлық NOD2 ақуызымен байланысуы арқылы жүзеге асырылады. Препарат фагоциттер қызметінің (бактерицидтік, цитоуыттық) белсенділігін стимуляциялайды, олармен антигендердің презентациясын, Т- және В-лимфоциттердің пролиферациясын күшейтеді, арнайы антиденелердің синтезін арттырады, Th1/Th2-лимфоциттердің Th1 басым болу жағына қарай теңгерімінің қалыпқа келуіне мүмкіндік береді. Фармакологиялық әсері негізгі интерлейкиндердің (интерлейкин-1, интерлейкин-6, интерлейкин-12) ісік некрозы факторының, альфа, гамма-интерферонының, колонияны стимуляциялаушы факторлардың өндірілуінің күшеюі арқылы жүзеге асады. Препарат табиғи киллерлік жасушалардың белсенділігін арттырады.
Ликопидтің уыттылығы төмен (ЛД50 емдік дозаны 1 мг үшін 106 000 есе және одан астамға және 10 мг үшін 49 000 есеге және одан астамға арттырады). Экспериментте емдік дозадан 100 есе артық дозаларда ішу арқылы қабылдау тәсілінде препарат орталық жүйке жүйесіне және жүрек-қантамыр жүйесіне уытты әсер етпейді, ішкі ағзалар тарапынан патологиялық өзгерістерді тудырмайды. Ликопид эмбриоуыттық және тератогендік әсер бермейді, хромосомалық, гендік мутацияларды тудырмайды. Жануарларға жүргізілген эксперименттік зерттеулерде Ликопидтің (глюкозаминилмурамилдипептидтің) ісікке қарсы белсенді болатындығы жөнінде деректер алынды.
Қолданылуы
Препарат 3 жастан асқан балаларда және ересектерде иммунитеттің салдарлы тапшылығы жағдайы қатарласа жүретін ауруларда кешенді емде қолданылады.
Балаларға 3 жастан бастап 18 жасқа дейін Ликопид® тек 1 мг дозада ғана тағайындалады.
Ересектерге Ликопид® 1 мг және 10 мг дозаларда тағайындалады.
1 мг дозалар үшін
3 жастан асқан балалар және ересектер:
-
жоғарғы және төменгі тыныс жолдарының созылмалы, қайталанатын жұқпаларының өршу кезеңінде және ремиссия кезеңінде
-
тері мен жұмсақ тіндердің жедел және созылмалы іріңді-қабыну ауруларында (пиодермия, фурункулез және басқалар)
-
ұшықтық жұқпада
Профилактикалық қабылдау (ересектер)
-
маусымдық ЖРА аурушаңдығының және ЛОР ағзалар, жоғарғы және төменгі тыныс жолдары ауруларының өршу жиілігін төмендетуге немесе алдын алуға
10 мг дозалар үшін
Ересектер (18 жастан асқандар)
-
терінің және жұмсақ тіндердің жедел және созылмалы, ағымы ауыр іріңді-қабыну ауруларында, операциядан кейінгі іріңді-септикалық асқынуларды қоса есептегенде
-
жыныстық жолмен берілетін жұқпаларда (папилломавирустық жұқпа, созылмалы трихомониаз)
-
ұшықтық жұқпада (офтальмогерпесті қоса есептегенде)
-
псориазда (псориаздық артритті қоса есептегенде)
-
өкпе туберкулезінде
Қолдану тәсілі және дозалары
Ликопидтің® 1 мг дозасын ішке немесе ашқарынға сублингвальді түрде қолданады, Ликопидтің 10 мг дозасын тамақтанудан 30 минут бұрын ішке ашқарынға қолданады.
Препарат қабылдауды өткізіп алған жағдайда, егер жоспарланған уақыттан 12 сағат асып кетпесе, өткізіп алған дозаны қабылдауға болады; егер жоспарланған уақыттан 12 сағат асып кетсе, сызба бойынша келесі дозаны ғана қабылдау керек және өткізіп алған дозаны қабылдауға болмайды.
Егде жастағы емделушілер Ликопидті 10 мг дозада қабылдаған кезде емдеуді жарты дозадан (емдік дозаның 1/2) бастау керек, жағымсыз әсерлері болмаған жағдайда препарат дозасын қажетті емдік дозаға дейін арттырады.
1 мг дозалар үшін:
Балалар (3 жастан бастап) және ересектер:
Тері мен жұмсақ тіндердің жедел және созылмалы іріңді-қабыну аурулары (пиодермия, фурункулез және басқалар): балаларға тілдің астына 10 күн бойы тәулігіне 1 рет 1 мг-нан; ересектерге тілдің астына 10 күн бойы тәулігіне 2-3 рет 2 мг-нан.
Жоғарғы және төменгі тыныс жолдарының созылмалы қайталанатын жұқпалары (өршу кезеңінде және ремиссия кезеңінде): балаларға Ликопидті тілдің астына 10 күн бойы тәулігіне 1 рет 1 мг-нан 3 курсын тағайындайды, курс арасындағы үзіліс 20 күн; ересектерге тілдің астына 10 күн бойы тәулігіне 1 рет 2 мг-нан.
Ұшықтық жұқпа: балаларға тілдің астына 10 күн бойы тәулігіне 3 рет 1 мг-нан; ересектерге тілдің астына 10 күн бойы тәулігіне 3 рет 2 мг-нан.
Алдын алу:
Ересектер (18 жастан асқан):
-
маусымдық ЖРА аурушаңдығының және ЛОР ағзалар, жоғарғы және төменгі тыныс жолдары ауруларының өршу жиілігін төмендету немесе алдын алу үшін Ликопидті тіл астына 10 күн бойы тәулігіне 3 рет 1 мг-нан қабылдайды.
10 мг дозалар үшін:
Ересектер (18 жастан асқан):
Терінің және жұмсақ тіндердің жедел және созылмалы, ағымы ауыр іріңді-қабыну аурулары, операциядан кейінгі іріңді-септикалық асқынуларын қоса есептегенде: 10 күн бойы тәулігіне 1 рет 10 мг-нан.
Ұшықтық жұқпа (ағымы қайталанатын, ауыр түрлері): 6 күн бойы тәулігіне 1 рет 10 мг-нан.
- офтальмогерпесте: 3 күн бойы тәулігіне 2 рет 10 мг-нан. 3 күн үзілістен кейін емдеу курсын қайталайды.
Жыныстық жолмен берілетін жұқпалар (папилломавирустық жұқпалар, созылмалы трихомониаз): 10 күн бойы тәулігіне 1 рет 10 мг-нан.
Псориаз: 10 күн бойы тәулігіне 1 рет 10-20 мг-нан және әрі қарай бес рет күнара тәулігіне 1 рет 10-20 мг-нан.
Псориаз ағымы ауыр болғанда және ауқымды зақымдануында (псориаздық артритті қоса есептегенде): 20 күн бойы тәулігіне 2 рет 10 мг-нан.
Өкпе туберкулезі: 10 күн бойы тәулігіне 1 рет 10 мг-нан.
Жағымсыз әсерлері
Жиі(1-10%)
1 мг және 10 мг дозалар үшін
- емнің бас кезінде дене температурасының субфебрильді мәнге дейін (37,9С-ге дейін) қысқа мерзімге жоғарылауы білінуі мүмкін, бұл препаратты тоқтатуға көрсетілім болып табылмайды; бәрінен бұрын жоғарыда аталған жағымсыз әсері Ликопид таблеткасын жоғары дозаларда (20 мг) қабылдаған кезде байқалады.
10 мг дозалар үшін
- артралгиялар (буындардың ауыруы), миалгиялар (бұлшықеттердің ауыруы)
Сирек (0,01-0,1%)
1 мг және 10 мг дозалар үшін
– дене температурасының фебрильді мәнге дейін (38,0С) қысқа мерзімге жоғарылауы. Дене температурасы 38,0°С-ден астамға жоғарылаған кезде ыстықты түсіретін дәрілер қабылдануы мүмкін, ол Ликопид таблеткасының фармакологиялық әсерлерін төмендетпейді.
Өте сирек (0,01%-дан аз)
1 мг және 10 мг дозалар үшін
– диарея
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
препаратқа жекелей жоғары сезімталдық
-
жүктілік және лактация
-
аутоиммунды тиреоидиттің асқыну сатысы
-
препаратты қабылдаған сәтте фебрильді температура (>38°С) қатарласатын жағдайлар
-
зат алмасудың сирек кездесетін іштен туа біткен бұзылулары: алактазия, галактоземия, глюкоза және галактоза мальабсорбциясының синдромы, сахарозаны көтере алмаушылық, фруктозаны көтере алмаушылық, сукраизомальтазаның тапшылығы.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Препарат микробтарға қарсы препараттардың тиімділігін арттырады, вирусқа қарсы және зеңге қарсы препараттарға қатысты синергизм байқалады. Антацидтер және сорбенттер препараттың биожетімділігін едәуір төмендетеді. Глюкокортикостероидтар Ликопидтің биологиялық әсерін төмендетеді.
Айрықша нұсқаулар
Ликопидтің® әрбір 1 мг және 10 мг таблеткасында сәйкесінше 0,00042 н.б. және 0,001 н.б. (нан бірлігі) мөлшерінде сахароза бар, мұны қант диабеті бар емделушілер ескергені жөн.
Ликопидтің® әрбір 1 мг және 10 мг таблеткасында сәйкесінше 0,074 грамм және 0,184 грамм лактоза бар, мұны гиполактазиясы бар (лактозаны көтере алмаушылығы, мұнда организмде лактозаның қорытылуы үшін қажетті фермент – лактаза деңгейінің төмендегені байқалады) науқастар ескергені жөн.
10 мг Ликопидті қабылдаудың бас кезінде препараттың негізгі фармакологиялық әсерлерімен байланысты созылмалы және жасырын өтетін аурулардың симптомдары өршуі мүмкін.
10 мг Ликопид егде жастағы адамдарға, дәрігердің қатаң түрде бақылауымен, сақтықпен қолданылады. Егде жастағы емделушілерге емдеуді жарты дозадан (емдік дозаның 1/2) бастау керек, жағымсыз әсерлері жоқ болған кезде препарат дозасын қажетті емдік дозаға дейін арттырады.
Дәрілік заттың көлікті немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Автомобильді және/немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпалын тигізбейді.
Артық дозалануы
Симптомдары: препараттың артық дозалану жағдайлары белгісіз. Препараттың фармакологиялық қасиеттеріне сүйенсек, ол артық дозаланған жағдайда дене температурасының субфебрильді (37,9С-ге дейін) мәнге дейін көтерілуі байқалуы мүмкін.
Емдеу: қажет болған кезде симптоматикалық ем жүргізіледі (ыстықты түсіретін дәрілер), сорбенттер тағайындалады. Өзіне тән у қайтарғысы жоқ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
1 мг және 10 мг таблеткалар.
Поливинилхлоридті үлбірден және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан. Пішінді ұяшықты 1 қаптама медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
5 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Пептек» ЖАҚ, Ресей.
Заңды және нақты мекенжайы: 117997, Мәскеу, Миклухо-Маклай к-сі, үй 16/10. Тел./факс: (495)330-74-56.
Тіркеу куәлігінің иесі
«Пептек» ЖАҚ, Ресей.
117997, Мәскеу, Миклухо-Маклай к-сі, үй 16/10.
Тел./факс: (495)330-74-56
Тұтынушылардан өнім сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Пептек» ЖАҚ, Ресей.
117997, Мәскеу, Миклухо-Маклай к-сі, үй 16/10.
Тел./факс: (495)330-74-56
www.licopid.ru www.peptek.ru,
e-mail: peptek@peptek.ru
med_dir@peptek.ru
Көрсетілген мекенжай, электронды пошта, телефон арқылы, қажет болған жағдайда, препарат жөнінде қосымша мәліметтер алуға, препаратты қабылдаған кезде болған жағымсыз реакциялар (жанама әсерлері) жөнінде хабарлауға немесе оның сапасына рекламация жіберуге болады.