Лактон (капсулы)

МНН: Лактобактерии, Фолиевая кислота, Цианокобаламин
Производитель: Protech Biopharma Pvt. Ltd.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Препараты, содержащие микроорганизмы, продуцирующие молочную кислоту в комбинации с другими препаратами
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№011039
Информация о регистрации в РК: 25.05.2022 - 25.05.2032

Инструкция

Саудалық атауы

Лактон

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Капсулалар

Құрамы

Бір капсуланың құрамында

белсенді заттар: 180 х 106 кем емес лактобактериялар споралары

0,15 мг фолий қышқылы

0,015 мг цианокобаламин,

қосымша заттар: крахмал, магний стеараты, лактоза,

капсуланың құрамы: желатин, титанның қостотығы.

Сипаттамасы

Ақ немесе ақ дерлік түсті қатты желатинді капсулалар. Капсуланың ішіндегісі – ақ немесе ақ дерлік түсті ұнтақ.

Фармакотерапиялық тобы

Басқа да препараттармен біріктірілген, сүт қышқылын жасап шығаратын микроорганизмдері бар препараттар

АТХ коды A07FA51

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қабылдаған кезде лактобактерия споралары асқазан қышқылының мәндері төмен болғанда белсенділенеді, содан кейін он екі елі ішекке түседі, онда өседі және вегетативтік жасушаларға айналады.

Аш ішекте лактобактериялар оңға қарай бұралатын сүт қышқылын өндіреді, ол патогендік микроорганизмдердің өсуіне кедергі жасайды. Қабылдауды тоқтатқаннан кейін лактобактериялар организмнен баяу (10-12 күннен кейін) экскрецияланады.

Фолий қышқылы. Ішке қабылдағаннан кейін фолий қышқылы асқазанда Касл ішкі факторымен қосылысады. Қанда ең жоғары концентрацияға 30-60 минуттан соң жетеді. Қан плазмасы ақуыздарымен толық дерлік байланысады. Бауырда дегидрофолатредуктаза ферментімен белсенділеніп, тетрагидрофолий қышқылына айналады. 3 минут ішінде 90-95%-ы қаннан тіндерге өтеді. Барлық тіндерге таралады, бірақ барлық мөлшердің 2/3 ғана организмде бауырдан табылады; едәуір бөлігі ликворға жиналады. Көбіне бүйректер арқылы өзгермеген күйінде элиминацияланады; 3 сағат ішінде енгізілген дозаның 2%-ы, ал кейінгі сағаттарда 0,5%-ы шығарылады.

Фолий қышқылының жоғары дозаларын енгізгеннен кейін фолий қышқылы қанда ұзағырақ айналымда болады, тіндерге баяу өтеді, енгізілген дозаның 20-30%-ы 2 сағат ішінде, ал 5-10%-ы кейінгі сағаттарда несеппен бірге шығарылады.

Цианокобаламин. Цианокобаламин аш ішектің ұзына бойына және ішінара тоқ ішекке сіңеді. Үдеріс баяу жүреді, бірақ витаминнің жеткіліксіздігінде әсіресе мықын ішегінде белсенді үдеріс іске қосылады. Витамин Касл ішкі факторымен қосылысып, ішектің микрофлорасы пайдалана алмайтын кешен түзеді. Кешен аш ішектің бетіне жанасып, витаминді береді, ал ол әрі қарай жасушаға тасымалданады. Осы үдерістің белсенділігі ішектің шырышты қабығының қалыпты құрылымына байланысты, ол фолий қышқылымен, сондай-ақ ішек кеңістігінде кальций иондарының және сілтілік орта реакциясының болуы арқылы сақталып тұрады.

Қанда В12 витамині I және II транскобаламиндермен байланысқан, олар оны тіндерге тасымалдайды. Цианокобаламин көбіне бауырда жинақталады, бірақ басқа жасушаларда да, атап айтқанда лейкоциттерде жинақталады. Бауыр ауруларында В12 витаминінің қорға жиналуы төмендейді, оның жоғалуы артады. Ол бауырдан өтпен бірге ішекке (күн сайын 3-7 мкг) шығарылады, одан қайтадан сіңеді. Ішек ауруларында, әсіресе фолий қышқылының жеткіліксіздігінде, витамин айналымының бұл үдерісі бұзылады, ол оның организмнен жоғалуына әкеледі. Мұндай жағдайда гиповитаминоз тағамдағы витамин жеткіліксіздігіне қарағанда тезірек басталады.

В12 элиминациясы көбіне бүйректер арқылы жүреді. Қарқындылығы препараттың енгізілетін дозасына байланысты. Үлкен дозаларды (100-1000 мкг) енгізген кезде енгізілген дозаның 50-98%-ы 48 сағат ішінде несеппен бірге шығарылады.

Фармакодинамикасы

Лактобактериялар бұл – сапрофиттер-пробиотиктер. Олар ішектің қалыпты микрофлорасының құрамдас бөлігі болып табылады және патогенді (E.coli. Salmonella, Shigella, Рroteus, Staphylococci, Clostridia) және басқа да шартты патогенді микроорганизмдерге және саңырауқұлақтарға, сүт қышқылының өндірілуі есебінен, антагонистік әсері бар және осынысымен ішектің қалыпты микрофлорасын дамытуы үшін жағымды жағдайлар жасайды.

Лактобактериялар ішектің қорытуында, B3, B5, B6, B12 витаминдерінің, фолий қышқылының, биотиннің, К витаминінің, бактерицидтердің және амилаза, протеазаның және липаза типті ас қорыту ферменттерінің синтезінде маңызды рөл атқарады. Лактобактериялар спора түрінде сыртқы жағымсыз факторлардың әсерлеріне: антибиотиктерге және ас қорыту қышқылдарына өте төзімді.

Спора түзетін лактобактериялар холестериннің метаболизмінде маңызды рөл атқарады. Олар холестериннің нашар сіңетін түрінің (копростанол) қайта түзілуіне мүмкіндік береді, ол оның ішекке сіңуіне кедергі жасайды.

Цианокоболамин (В12 витамині) көмірсутектік, ақуыздық және липидтік алмасуларға қатысады. Қан түзуді, тіндердің регенерациясын, бауырдың және орталық жүйке жүйесінің қызметін қалыпты етеді.

Организмде цианокобаламин (көбіне бауырда) қалпына келтіретін көптеген ферменттердің құрамына кіретін кофакторға – кобамамидке айналады. Фолий қышқылын тетрагидрофолий қышқылына дейін қалпына келтіретін редуктазаның құрамына кіруі өте маңызды мәнге ие. Осымен В12 витамині қан түзу үдерісін, тіндердің регенерациясын белсенді етеді. Бұдан басқа, кобамамид дезоксирибозаның түзілуі және ДНҚ синтезі үшін, сондай-ақ эритроциттердің пісіп-жетілуінің аяқталуы үшін қажет. Кобамамид әртүрлі ақуыздарда және ферменттерде сульфгидрильді топтардың белсенділігін демейтін қалпына келтіруші ферменттердің құрамына кіреді. Бұл эритроциттер белсенділігінің сақталуымен, оларды гемолизден қорғауымен түсіндіріледі. Пернициозды анемия лимфоциттердің субпопуляциясы тепе-теңдігінің бұзылуымен байланысты пайда болады. В12 витаминін тағайындау лимфациттер-супрессорлардың қалыпты деңгейін қалпына келтіреді және осынысымен анемияның аталған түрін жояды.

Кобамамид метилмалон қышқылының миелин құрамына кіретін янтар қышқылына айналуы, пропион қышқылын утилизациялауы үшін қажет. Организмде цианокобаламин жеткіліксіз болған кезде метилмалон және пропион қышқылдарының жоғары мөлшерлері несеппен бірге шығарылады. Кобамамид липотропты фактор – холин синтезі үшін қолданылатын метил топтарының донаторы – метиониннің түзілуі үшін қажет. Кобамамид қайта метилдену үдерісіне қатысады.

Фолий қышқылы асқазан-ішек жолында (АІЖ) жақсы сіңеді. Фолий қышқылы бауырда тетрагидрофолий қышқылына дейін қалпына келеді, ол формильді топпен байланысқаннан кейін фолиний қышқылына айналады.

Фолиний қышқылы нуклеин қышқылдарының (РНҚ және ДНҚ) негізгі компоненттері – пуринді және пиримидинді негіздердің синтезі үдерісінде пайдаланылатын метил тобының бір көміртекті қалдықтарын (формилді, оксиметилді, метиленді) тасымалдауға қатысатын бірқатар ферменттердің кофакторы болып табылады. Бұл жасушалардың бөліну үдерістерінің белсенділенуіне әкеледі. Фолиний қышқылымен тасымалданған бір көміртекті қалдықтар кейбір амин қышқылдарының синтезіне қатысады, ол ақуыздардың синтезін белсенділендіреді. Фолиний қышқылы гемопротеиндердің, атап айтқанда гемоглобиннің ақуыздық және простетикалық топтарының қосылысуына мүмкіндік береді. Ол ксантиноксидазаны тежейді және осынысымен пуринді негіздердің сақталуына және олардың организмде қайтадан пайдаланылуына жағдай жасайды. Фолиний қышқылы ақуыздардың жасушаішілік синтезі үдерісінде глутамин қышқылының утилизациясын белсенді етеді.

Нәтижесінде, фолиний қышқылы эритро-, лейко- және тромбоцитопоэзды, барлық ағзаларда және тіндерде пластикалық және регенераторлы үдерістерді стимуляциялайды.

Қолданылуы

- антибиотиктермен, сульфаниламидтермен емдеу, сәулемен емдеу кезінде және емдеуден кейін ішектің физиологиялық флорасы бұзылғанда

- саяхатшылардағы диареяда

- ас қорытудың жеткіліксіздігі синдромында, ферментопатияларда, диспепсияда

- диареяда, метеоризмде, іш қатуларда

- этиологиясы әртүрлі (бактерялық және вирустық) жедел және созылмалы энтероколиттерде біріктірілген ем құрамында.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке қабылдау үшін тек ересектерге тамақтанудан 1 сағат бұрын күніне 1 рет 1 капсуладан тағайындайды. Емдеу курсы – 7-10 күн.

Қайталанатын ауруларда емдеу курсын қайталаған жөн. Спора түзетін лактобактериялар антибиотикке төзімді болғандықтан, лактон антибиотиктермен емдеуге кедергі жасамайды. Лактонмен емдеуді бактериофагтармен емдеу курсынан кейін тағайындауға болады.

Жағымсыз әсерлері

- аллергиялық реакциялар, тері бөртпесі, терінің қышуы, бронхтың түйілуі, эритема

- гипертермия

- диспептикалық құбылыстар, іштің ауыруы

- ұйқысыздық, құрысуға дайындықтың жоғарылауы

- психикалық қозу, бас ауыру, бас айналу

- кардиальгия, тахикардия

- гиперкоагуляция, жоғары дозаларда қолданғанда пуриннің алмасуының бұзылуы

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық

- тромбоз, эритремия, эритроцитоз

- балалар және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер

- сүт өнімдерінің жақпаушылығы

- В12 витамин тапшылығы анемиясы

- пернициозды анемия

- қатерлі жаңа түзілімдер

- кобаламин тапшылығы

- жүктілік және лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Антацидтермен (кальций, алюминий және магний препараттары), колестираминмен, этил спиртімен, вальпрой қышқылымен, сульфонамидтермен және цитостатиктермен бір мезгілде қабылдау лактонның емдік әсерін төмендетеді.

Құрысуға қарсы препараттар (фенитоин және карбамазепин), стероидты емес анальгетиктер, эстрогендер, ішу арқылы қабылданатын контрацептивтер фолий қышқылын қажетсінуді арттырады.

Фолий қышқылы фенитоиннің тиімділігін төмендетеді.

Метотрексат, пириметамин, триамтерн, триметоприм дигидрофолатредуктазаны тежейді және фолий қышқылының әсерін төмендетеді (осы препараттарды қолданатын емделушілерге кальций фолинатын тағайындаған жөн).

Аминогликозидтер, салицилаттар, эпилепсияға қарсы препараттар, колхицин, калий препараттары В12 витаминінің сіңуін төмендетеді.

Хлорамфеникол В12 витамині жауабының гемопоэтикалық әсерін төмендетеді. Қанның ұюын арттыратын препараттармен біріктіруге болмайды.

Айрықша нұсқаулар

Онкологиялық науқастар, тромбоздары және целиакиясы бар науқастар қабылдаған кезде сақ болуы қажет. Үлкен дозаларда қолданғанда төзімділік пайда болуы мүмкін.

Құрамында фолий қышқылы бар препараттарды В12 витамині тапшылығы анемиясын (пернициоздық), нормацитарлық және апластикалық анемияларды емдеу үшін қолданбайды.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Препараттың жағымсыз әсерін ескеріп, көлік құралдарын немесе зейінді жұмылдыруды қажет ететін қауіпті механизмдерді басқарғанда сақ болған жөн.

Артық дозалануы

Симптомдары: препараттың жағымсыз әсерлерінің күшеюі, аллергиялық реакциялар, жүректің айнуы, құсу, асқазанның ауыруы, құрысу белсенділігінің жоғарылау көріністері болуы мүмкін.

Емдеу: препаратты тоқтату, асқазанды белсенділендірілген көмірмен шаю, бүркеуіш дәрілерді тағайындау, демеуші және симптоматикалық ем. Құрысу пайда болған жағдай да бұлшықет ішіне немесе көктамыр ішіне 5-10 мг диазепам тағайындалады. Өзіне тән арнайы у қайтарғысы жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 капсуладан салынған.

Пішінді 1, 2 немесе 3 қаптама медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецептісіз.

Өндіруші

Kwality Pharmaceuticals PVT Ltd., Үндістан

Тіркеу куәлігінің иесі

«Деново Импекс» ЖШС, Қазақстан Республикасы

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Қазақстан Республикасы, Алматы қ-сы, Өтеген батыр к-сі, 13

Тел.: (727) 2437415 E-mail: denovo.kz@rambler.ru

Прикрепленные файлы

723361841477976892_ru.doc 55 кб
521148851477978058_kz.doc 69 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники