Ксарелто® №100 (20 мг)

МНН: Ривароксабан
Производитель: Байер АГ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ривароксабан
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№019006
Информация о регистрации в РК: 28.06.2017 - бессрочно
Номер регистрации в РБ: 9994/12/15/15/16/19/22
Информация о регистрации в РБ: 19.07.2016 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)

Инструкция

Саудалық атауы

Ксарелто

Халықаралық патенттелмеген атауы

Ривароксабан

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 15 мг, 20 мг

Фармакотерапиялық тобы

Қан және қан түзу ағзалары. Тромбозға қарсы препараттар. Ха факторының тікелей тежегіштері. Ривароксабан.

АТХ коды В01AF01

Қолданылуы

- жүрекшелердің клапандық емес фибрилляциясы бар және жүректің іркілісті жеткіліксіздігі, гипертензия, ≥75 жас шамасы, қант диабеті, бұрын бастан өткерген инсульт немесе транзиторлық ишемиялық шабуыл сияқты бір немесе бірнеше қауіп факторлары бар ересек пациенттерде инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы үшін

- ересектерде терең веналар тромбозы (ТВТ) мен өкпе артериясының тромбоэмболиясын (ӨАТЭ) емдеу, сондай-ақ, ТВТ мен ӨАТЭ қайталануының профилактикасы үшін.

Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • ривароксабанға немесе препараттың қосымша заттарына жоғары сезімталдық

  • клиникалық тұрғыдан белсенді, елеулі қан кету.

  • асқазан-ішек жолының бұрыннан бар немесе жуырда пайда болған ойық жарасы, қан кету қаупі жоғары қатерлі жаңа түзілімдердің болуы, мидың немесе жұлынның жуырда алған жарақаты, миға, жұлынға немесе көзге жақын арада жүргізілген хирургиялық араласым, жақын арада болған бассүйекішілік қан құйылу, өңеш веналарының варикозды кеңеюі диагнозының анықталуы немесе соған күдіктену, артерия-веналық даму аномалиялары, қантамыр аневризмалары немесе жұлынның немесе мидың ірі қантамырларының патологиясы сияқты ауқымды қан кетудің елеулі қауіп факторы болып саналатын бұзылыс немесе жағдай.

  • фракцияланбаған гепарин (ФБГ), төмен молекулалы гепариндер (эноксапарин, далтепарин және т.б.), гепарин туындылары (фондапаринукс және т.б.), пероральді антикоагулянттар (варфарин, дабигатран этексилаты, апиксабан және т.с.с.) сияқты кез келген басқа антикоагулянттармен қатарлас емдеу, басқа антикоагулянттық емге көшудің немесе ФБГ венаның немесе артерияның орталық катетерінің өткізгіштігін қамтамасыз ету үшін қажетті дозаларда енгізілетін ерекше жағдайларынан басқасында.

  • Чайлд-Пью бойынша В және С класты бауыр циррозы бар пациенттерді қоса, клиникалық тұрғыдан елеулі қан кетудің даму қаупімен байланысты коагулопатиямен қатар жүретін бауыр ауруы.

  • жүктілік және емшек емізу кезеңі.

  • тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы, Lapp - лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдар

Қолдану кезінде қажетті сақтық шаралары

Барлық емдеу кезеңі бойына антикоагуляттармен емдеудің бекітілген тәжірибесі аясында клиникалық қадағалау жүргізу ұсынылады.

Қан кету қаупі

Басқа антикоагулянттарды қолданғандағы сияқты, Ксарелто препаратын қолдану аясында, қан кету белгілерін анықтау үшін пациенттерді мұқият қадағалау қажет. Ксарелто препаратын қан кету қаупі жоғары пациенттерді емдеуде сақ болып пайдалану ұсынылады. Ауыр қан кету дамыған жағдайда, Ксарелто® препаратын қабылдау тоқтатылуы тиіс.

Шырышты қабықтардан қан кетулер (мысалы, мұрыннан, қызыл иектен, асқазан-ішектен және қынаптық патологиялық және құйылып келетін етеккірлік қан кетуді қоса, несеп-жыныс жолынан) мен анемия көбінесе, КДА емдеумен салыстырғанда, Ксарелто® препаратымен ұзақ уақыт емдеген кезде байқалған. Сәйкесінше, стандартты клиникалық тексеруге қосымша, және егер, талапқа сай болса, жасырын қан кетуді анықтау үшін гемоглобин/гематокрит деңгейін зертханалық жолмен анықтаудың және айқын қан кетудің клиникалық тұрғыдан елеулілігін сандық түрде анықтаудың маңызы болуы мүмкін.

Пациенттердің төменде сипатталған бірнеше тобында қан кетудің даму қаупі жоғары.

Ол пациенттер емдеу басталған сәттен бастап, қан кету мен анемияның белгілері мен симптомдарын анықталуы үшін дәрігердің мұқият қадағалауында болуы тиіс.

Гемоглобин деңгейінің немесе артериялық қысымның түсініксіз төмендеуі жағдайында, қан кету көзін іздеу қажет.

Ксарелто препаратымен емдеу экспозициясына дағдылы мониторинг жүргізуді қажет етпейтіндігіне қарамастан, жекелеген жағдайларда, ривароксабанның экспозициясы туралы білу клиникалық шешім қабылдауға көмектесуі мүмкін кезде, мысалы, артық дозалануы мен шұғыл операция жағдайында, ривароксабанның Xa факторына қарсы белсенділігін калибрленген сандық тестінің көмегімен өлшеу пайдалы болуы мүмкін.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі <30 мл/мин) науқастарда ривароксабанның қан плазмасындағы концентрациялары едәуір жоғарылауы (орташа алғанда 1,6 есе) мүмкін, бұл қан кетулер қаупінің жоғарылауына алып келуі ықтимал.

Ксарелто® препаратын бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар, креатинин клиренсі 15-29 мл/минут науқастарды емдеуде сақтықпен қолдану қажет. Креатинин клиренсі <15 мл/минут науқастарда Ксарелто препаратын қолдану ұсынылмайды.

Ксарелто® препаратын, ривароксабанның қан плазмасындағы концентрациясын арттыратын басқа препараттармен қатарлас ем қабылдап жүрген бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеуде, сақтықпен қолдану қажет.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Ксарелто® препаратын азолдық топтың зеңге қарсы препараттарымен (мысалы, кетоконазолмен, итраконазолмен, вориконазолмен және позаконазолмен) немесе АИТВ протеазасы тежегіштерімен (мысалы, ритонавирмен) жүйелі ем қабылдап жүрген пациенттерде қолдану ұсынылмайды. Бұл дәрілік препараттар CYP3A4 пен Р гликопротеиннің күшті тежегіштері болып табылады. Соның салдары ретінде, аталған дәрілік препараттар ривароксабанның плазмадағы концентрациясын клиникалық тұрғыдан елеулі деңгейге дейін (орташа алғанда 2,6 есе) арттыруы мүмкін, бұл қан кетулердің даму қаупін арттырады.

Ксарелто препаратын гемостазға ықпал ететін дәрілік препараттарды, мысалы, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді (ҚҚСД), ацетилсалицил қышқылын (АСҚ) және тромбоциттер агрегациясының тежегіштерін немесе серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштерін (СКҚСТ) және серотонин мен норэпинефринді кері қармаудың селективті тежегіштерін (СНКҚСТ) қабылдап жүрген пациенттерге тағайындағанда сақ болу қажет. Асқазан-ішек жолының ойық жара ауруының даму қаупі бар пациенттерге, сәйкесінше профилактикалық ем жүргізу мәселесін қарастыру керек.

Қан кетудің басқа қауіп факторлары

Тромбозға қарсы басқа препараттар сияқты, Ксарелто препаратын қан кету қаупі жоғары, атап айтқанда, төмендегідей жағдайлары бар пациенттерді емдеуде пайдалану ұсынылмайды:

  • қан кетулермен байланысты туа біткен немесе жүре пайда болған бұзылулар

  • бақылауға келмейтін р артериялық ауыр гипертония

  • асқазан-ішек жолының белсенді ойық жараларсыз, қан кетулермен асқынуы мүмкін басқа аурулары (мысалы, ішектің қабыну аурулары, эзофагит, гастрит, гастроэзофагеальді рефлюкс)

  • қантамырлық ретинопатия

  • анамнездегі бронхоэктаздар немесе өкпеден қан кету

Жүректің жасанды клапаны бар пациенттер

Ксарелто® препаратын жуырда қолқа клапанының транскатетерлік алмастырылуын (TAVR) бастан өткерген пациенттерде тромбопрофилактика үшін пайдаланбау керек. Ксарелто® препаратын жүректің жасанды клапаны бар пациенттерде қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген, сәйкесінше, пациенттердің мұндай популяциясында Ксарелто® препаратының талапқа сай антикоагулянттық әсері туралы деректер жоқ.

Ондай пациенттерде Ксарелто® препаратымен ем жүргізу ұсынылмайды.

Антифосфолипидтік синдромы (АФС) бар пациенттер.

Анамнезінде тромбоз болған, антифосфолипидтік синдром диагнозы қойылған пациенттерге, ривароксабанды қоса, тікелей әсер ететін пероральді антикоагулянтты тағайындау ұсынылмайды. Тікелей әсер ететін пероральді антикоагулянттармен емдеу, әсіресе, антифосфолипидтік антиденелердің барлық үш типі (жегілік антикоагулянт, кардиолипинге антиденелер және бета-2-гликопротеин-1-ге антиденелер) оң пациенттерде К дәруменінің антагонистерімен емдеумен салыстырғанда, қайталанатын тромбоз құбылыстары жиілігінің жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін.

Жүрекшелердің клапандық емес фибрилляциясы және стенттеумен жүргізілетін ТКА жоспарланған пациенттер

Негізгі мақсаты жүрекшелердің клапандық емес фибрилляциясы және стенттеумен жүргізілетін ТКА жоспарланған пациенттердегі қауіпсіздігін бағалау болып табылатын интервенциялық зерттеудің клиникалық деректері қолжетімді. Бұл популяциядағы тиімділігі туралы деректер шектеулі. Инсульт/транзиторлық ишемиялық шабуыл тарихы бар мұндай пациенттер үшін деректер қолжетімсіз.

ӨАТЭ бар, тромболизисті немесе өкпенің эмболэктомиясын қажет ететін гемодинамикалық тұрақсыз пациенттер

Ксарелто® препаратын ӨАТЭ және гемодинамика тұрақсыздығы бар немесе тромболизис немесе өкпенің эмболэктомиясын жүргізуге болатын пациенттерде фракцияланбаған гепариннің баламасы ретінде қолдану ұсынылмайды, өйткені Ксарелто® препаратының аталған клиникалық жағдайлар кезіндегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Нейроаксиальді (эпидуральді/жұлынға жасалатын) анестезия

Нейроаксиальді (жұлынға жасалатын/эпидуральді) анестезияны немесе жұлынға жасалатын/эпидуральді пункцияны жүргізуде, тромбоэмболиялық асқынулардың профилактикасы үшін тромбозға қарсы дәрілерді қабылдап жүрген пациенттер эпидуральді немесе жұлындағы гематоманың даму қаупіне ұшырайды, ол ұзаққа созылатын немесе тұрақты салдануды туғызуы мүмкін.

Ондай құбылыстардың даму қаупі тұрақты эпидуральді катетерлерді пайдаланғанда немесе гемостазға ықпал ететін препараттарды бірге қабылдағанда одан сайын жоғарылай түседі. Қауіп жарақаттайтын немесе қайталанған эпидуральді немесе жұлынға жасалатын пункциядан кейін де арта мүмкін.

Пациенттерде неврологиялық бұзылулардың (мысалы, аяқтардың ұюы немесе әлсіздігі, қуықтың немесе ішектің дисфункциясы) белгілері мен симптомдарының анықталуына қатысты жиі мониторинг жүргізу қажет. Неврологиялық ауытқулар анықталған жағдайда, пациентке шұғыл диагностика және ем жүргізу қажет.

Дәрігер антикоагулянттарды қабылдап жүрген пациенттерде, және тромбопрофилактика үшін антикоагулянттармен емдеу жоспарланған пациенттерде нейроаксиальді араласымды жүргізбес бұрын, қаупімен салыстырғандағы ықтимал пайдасын ескеруі тиіс. Мұндай жағдайларда 15 мг және 20 мг ривароксабанды қолданудың клиникалық тәжірибесі жоқ.

Ривароксабанды бір мезгілде қолдану аясында эпидуральді/жұлынға жасалатын анестезияны және/немесе жұлын пункциясын жүргізумен астасқан қан кету қаупінің ықтималдығын төмендету мақсатында, ривароксабанның фармакокинетикалық бейінін ескеру керек. Эпидуральді катетерді орнатуды немесе алып тастауды немесе люмбальді пункцияны ривароксабанның антикоагулянттық әсері әлсіз деп бағаланған кезде жүргізген дұрыс. Алайда, әрбір пациентте антикоагулянттық әсерінің жеткілікті әлсіреуіне жететін нақты уақыт белгісіз.

Препараттың жалпы фармакокинетикалық сипаттамаларын ескере отырып эпидуральді катетерді алып тастау жартылай шығарылуының кемінде екі кезеңіне жеткен кезде жүзеге асырылады, яғни жас пациенттерде Ксарелто® препаратын соңғы қабылдаудан кейін 18 сағаттан ерте емес және егде жастағы пациенттерде 26 сағаттан ерте емес.

Ксарелто® препаратын катетерді алынып тасталғаннан кейін 6 сағаттан ерте қабылдамау керек. Жарақаттаумен жүргізілген пункция жағдайында, Ксарелто® препаратын қабылдау 24 сағатқа кейінге қалдырылуы тиіс.

Инвазиялық емшаралар мен хирургиялық араласымдар кезінде дозалау жөніндегі нұсқаулар

Егер инвазиялық емшараны немесе хирургиялық араласымды жүргізу қажет болса, Ксарелто® 15 немесе 20 мг препаратын қабылдауды, мүмкін болса, араласымға дейін кемінде 24 сағат бұрын және дәрігер шығарған клиникалық шешімнің негізінде тоқтату керек.

Егер емшараны кейінге қалдыруға болмайтын болса, қан кету қаупінің жоғарылығын араласымның шұғыл қажеттілігімен салыстыра отырып бағалау керек.

Егер емдеуші дәрігердің бағалауы бойынша, клиникалық жағдай мүмкіндік берсе және талапқа сай гемостазға қол жеткізілсе, Ксарелто® препаратын қабылдауды инвазиялық емшарадан немесе хирургиялық араласымнан кейін барынша тезірек қайта бастау керек.

Егде жастағы пациенттер

Пациенттің жас шамасы ұлғаған сайын қан кету қаупі арта түседі.

Тері реакциялары

Маркетингтен кейін ривароксабанды қолданудың уақытпен өзара байланыстылығын қадағалау барысында Стивенс-Джонсон синдромын /уытты эпидермалық некролизді және DRESS-синдромды қоса, терінің ауыр реакциялары туралы хабарланған. Көріп тұрғанымыздай, пациенттерде ондай реакциялардың көрініс беруінің анағұрлым жоғары қаупі емнің басында болады: көпшілік жағдайларда алғашқы белгілері емдеудің алғашқы апталары ішінде туындайды. Тері бөртпесінің ауыр түрі (яғни, бөртпенің жайылуы, күшеюі, және/немесе күлбіреуіктердің түзілуі) немесе шырышты қабықтар тарапынан аса жоғары сезімталдықтың кез келген белгілері пайда болған жағдайда, ривароксабанды қабылдауды тоқтату керек.

Қосымша заттар туралы ақпарат

Ксарелто® препаратының құрамында лактоза бар. Галактоза жақпаушылығының сирек тұқым қуалайтын қиындықтары, Lapp лактаза тапшылығы немесе глюкоза - галактоза мальабсорбциясы бар пациенттер бұл дәрілік препаратты қабылдамауы тиіс.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

CYP3A4 пен Р гликопротеин тежегіштерімен өзара әрекеттесуі

Ксарелто препараты мен кетоконазолды (тәулігіне 1 рет 400 мг) немесе ритонавирді (тәулігіне екі рет 600 мг) бірге қолдану Ксарелто препаратының орташа тепе теңдік AUC 2,6/2,5 есе жоғарылауына және Ксарелто® препаратының орташа Смакс 1,7/1,6 есе жоғарылауына алып келген, бұл препараттың фармакодинамикалық әсерлерінің едәуір күшеюімен қатар жүрген, ол қан кетулердің даму қаупінің жоғарылауына әкеп соқтыруға қабілетті. Cәйкесінше, Ксарелто® препаратын кетоконазол, итраконазол, вориконазол және позаконазол сияқты зеңге қарсы азолдық препараттармен, немесе АИТВ протеазасы тежегіштерімен жүйелі ем қабылдап жүрген пациенттерге қолдану ұсынылмайды. Ол заттар CYP3A4 пен Р гликопротеиннің күшті тежегіштері болып табылады.

Ривароксабанның шығарылу жолдарының тек біреуін – CYP3A4 немесе Р гликопротеиннің қатысуымен жүретін жолын қатты бәсеңдететін дәрілік заттар – ривароксабанның плазмадағы концентрациясын азғантай дәрежеде арттырады деп күтіледі.

Мысалы, CYP3A4 күшті тежегіші және Р гликопротеиннің орташа тежегіші болып саналатын кларитромицин (тәулігіне 2 рет 500 мг), ривароксабанның орташа AUC 1,5 есе және Смакс. 1,4 есе жоғарылауын туғызған. Кларитромицинмен өзара әрекеттесуі пациенттердің көпшілігінде клиникалық тұрғыдан елеулі болмауы ықтимал, бірақ жоғары қауіп тобындағы пациенттерде (бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін) елеулі болуы ықтимал.

CYP3A4 пен гликопротеин Р орташа бәсеңдететін эритромицин (тәулігіне 3 рет 500 мг), ривароксабанның орташа AUC пен Смакс 1,3 есе жоғарылауын туғызған. Эритромицинмен өзара әрекеттесуі, жоғары қауіп тобындағы пациенттерде елеулі болуы мүмкін.

Бүйректің орташа жеткіліксіздігі бар пациенттерде эритромицинді (тәулігіне үш рет 500 мг) қабылдау, бүйрек функциясы қалыпты адамдармен салыстырғанда, ривароксабанның орташа AUC 1,8 есе және Смакс. 1,6 есе жоғарылауын туғызған.

Бүйректің орташа жеткіліксіздігі бар пациенттерде эритромицинді қолдану, бүйрек функциясы қалыпты пациенттермен салыстырғанда, орташа AUC 2,0 есе және Смакс 1,6 есе жоғарылауын туғызған. Эритромициннің әсері бүйрек жеткіліксіздігінің ықпалын толықтырады.

CYP3A4 орташа тежегіші болып саналатын флуконазол (тәулігіне бір рет 400 мг), ривароксабанның орташа AUC 1,4 есе және орташа Cmax 1,3 есе жоғарылауына алып келеді. Флуконазолмен өзара әрекеттесуі пациенттердің көпшілігінде клиникалық тұрғыдан маңызды болмауы ықтимал, бірақ жоғары қауіп тобындағы пациенттерде (бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін) елеулі болуы мүмкін.

Дронедаронды қолдану жөніндегі қолда клиникалық бар деректер шектеулі, сондықтан оны Ксарелто® препаратымен бірге қолданбаған дұрыс.

Антикоагулянттар

Эноксапарин (бір реттік 40 мг дозасы) мен Ксарелто® препаратын (бір реттік 10 мг дозасы) біріктіріп қолданғаннан кейін, Ха факторға қарсы әсерінің күшейгені байқалған, ол қан ұюы тестілерінің (протромбин уақыты, ІБТУ) қосымша өзгерістерімен қатар жүрмеген. Эноксапарин ривароксабанның фармакокинетикасына әсер етпеген.

Қан кетулер қаупінің жоғарылығына байланысты, пациенттер Ксарелто® препаратын басқа антикоагулянттармен бірге қолданғанда сақтық танытуы керек.

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД) / тромбоциттер агрегациясының тежегіштері

15 мг Ксарелто® мен 500 мг дозадағы напроксенді бірге тағайындаудан кейін, қан кету уақытының клиникалық тұрғыдан елеулі ұзаруы байқалмаған. Дегенмен, жекелеген адамдарда фармакодинамикалық әсері айқынырақ болуы мүмкін.

Ксарелто® препараты мен 500 мг дозадағы ацетилсалицил қышқылын бірге қолданғанда, клиникалық тұрғыдан елеулі фармакокинетикалық және фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.

Ксарелто® 15 мг мен клопидогрел (300 мг екпінді дозасы, содан соң 75 мг демеуші дозасы) арасында фармакокинетикалық өзара әрекеттесу анықталған жоқ, алайда, кейбір пациенттерде қан кету уақытының тромбоциттер агрегациясымен және Р-селектин деңгейімен немесе GPIIb/IIIa рецепторлары деңгейімен өзара байланыссыз жоқ едәуір ұзарғаны анықталды.

ҚҚСД (ацетилсалицил қышқылын қоса) мен тромбоциттер агрегациясының тежегіштерін бір мезгілде тағайындағанда сақтық таныту керек, өйткені, аталған препараттар, әдетте, қан кету қаупін арттырады.

Серотонинді/серотонин-норэпинефринді кері қармаудың селективті тежегіші (СКҚСТ/ СНКҚСТ)

Басқа антикоагулянттармен жағдайдағы сияқты, СКҚСТ немесе СНКҚСТ-мен бірге қолданған жағдайда, олардың тромбоциттерге әсеріне байланысты, пациенттер қан кетудің жоғарылау қаупіне ұшырауы ықтимал. Ривароксабанның клиникалық бағдарламасында бір мезгілде пайдаланғанда, барлық емдеу топтарында ауқымды және шағын, клиникалық тұрғыдан елеулі қан кетулер жиілігінің жоғарырақ болғаны байқалды.

Варфарин

Пациенттердің К дәруменінің антагонисі варфариннен (ХҚҚ 2,0-ден 3,0-ге дейін) Ксарелто® (20 мг) препаратына немесе Ксарелто® (20 мг) препаратынан варфаринге ауысуы, протромбин уақытын/ХҚҚ (Неопластин реагенті) әсерлерін қарапайым жиынтықтау кезінде күтуге болатынынан көбірек дәрежеде ұзартқан (ХҚҚ жекелеген мәндері 12-ге жетуі мүмкін), ал ІБТУ-ге, Ха фактор белсенділігінің және тромбиннің эндогенділік ықтималдылығының бәсеңдеуіне әсері аддитивті болды.

Мұндай өтпелі кезеңде ривароксабанның фармакодинамикалық әсерлерін зерттеу қажет болған жағдайда, варфариннің әсері болмайтын қажетті тестілер ретінде, Ха факторға қарсы белсенділікті анықтауды, PiCT және HepTest пайдалануға болады.

Варфаринді тоқтатқаннан кейін 4-інші күннен бастап, барлық талдаулардың нәтижелері (соның ішінде ПУ, ІБТУ, Ха фактор белсенділігі мен ТЭЫ (тромбиннің эндогенділік ықтималдылығын) тежеуі) тек Ксарелто® препаратының әсерін көрсетеді.

Өтпелі кезеңде варфариннің фармакодинамикалық әсерлерін зерттеу қажет болған жағдайда, ривароксабанның C0 (Ксарелто® препаратының алдыңғы дозасын қабылдағаннан кейін 24 сағаттан соң) аясында ХҚҚ анықтауды пайдалануға болады, өйткені, аталған мерзімде ривароксабанның бұл көрсеткішке әсері аз болады.

Варфарин мен Ксарелто® арасында фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.

CYP3A4 индукторлары

Ксарелто® препараты мен CYP3A4 күшті индукторы рифампицинді бірге тағайындау ривароксабанның орташа AUC шамамен 50%-ға төмендеуіне және оның фармакодинамикалық әсерлерінің параллель азаюына алып келген. Ксарелто® препаратын CYP3A4 басқа күшті индукторларымен (мысалы, фенитоинмен, карбамазепинмен, фенобарбиталмен немесе шілтерлі шайқураймен) бірге қолдану да ривароксабанның плазмадағы концентрацияларының төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Сондықтан, пациентті тромбоз белгілері мен симптомдарына қатысты мұқият қадағаламай тұрып Ксарелто® препаратын CYP3A4 күшті индукторларымен бірге тағайындамау керек.

Басқа қатарлас ем

Ривароксабан мен мидазолам (CYP3A4 субстраты), дигоксин (Р гликопротеинінің субстраты) немесе аторвастатин (CYP3A4 пен Р гликопротеинінің субстраты) немесе омепразол (протондық помпа тежегіші) арасында клиникалық тұрғыдан елеулі фармакокинетикалық немесе фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер. Ксарелто® CYP цитохромының, CYP3A4 сияқты негізгі изоферменттерін тежемейді және индукцияламайды.

Зертханалық параметрлер

Ксарелто® препараты өзінің әсер ету механизмінің арқасында, қан ұюының параметрлеріне (ПУ, ІБТУ, HepTest) әсер етеді деп күтіледі.

Арнайы ескертулер

Жүктілік немесе лактация кезінде

Ксарелто® препаратының жүкті әйелдерді емдеу кезіндегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталған жоқ. Репродуктивтік уыттылығының ықтималдылығын, қан кету қаупін және, ривароксабанның гематоплацентарлық бөгет арқылы өтетіндігінің дәлелдерін ескере келе, жүкті әйелдерге ривароксабанды қолдануға болмайды.

Ұрпақ өрбітуге қабілеттілігі сақталған әйелдер Ксарелто® препаратымен емделу кезінде контрацепцияның тиімді әдістерін пайдалануы керек (Ксарелто® препаратымен емделу кезінде контрацепцияның тиімді әдістерін пайдалану керек).

Ксарелто® препаратының емшек емізіп жүрген әйелдердегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Ривароксабанды емшек емізу кезінде қолдануға болмайды. Емшек емізуді тоқтату, не болмаса емдеуді тоқтату/емделуден бас тарту туралы шешім қабылдануы тиіс.

Фертильділік

Адамда ривароксабанның фертильділікке ықпалын бағалау үшін арнайы зерттеулер жүргізілген жоқ.

Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Ксарелто® препаратының автокөлік және механизмдерді басқару қабілетіне әсері елеусіз. Бас айналуы немесе естен тану жағдайлары туралы хабарланған. Ондай реакциялар байқалған пациенттер, автокөлік немесе механизмдерді басқарудан бас тартуы керек.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозалау режимі

Ішке қабылдауға арналған

Ксарелто® препаратын тамақтану кезінде қабылдау керек.

Ксарелто® таблеткаларын төмендетілген дозасын қабылдау мақсатында бөлмеу керек.

Таблеткаларды бүтіндей жұта алмайтын пациенттер үшін, Ксарелто® таблеткасын ұнтақтауға және тура қабылдар алдында сумен немесе алма езбесі сияқты жеңіл тағаммен араластыруға және ішу арқылы қабылдауға болады.

Ұсақталған Ксарелто® таблеткасын асқазан зонды арқылы енгізуге болады. Ксарелто® препаратын қолданар алдында асқазанда зондтың бар екендігіне көз жеткізу керек. Ұсақталған таблетканы судың аздаған мөлшерімен бірге асқазан зонды арқылы енгізу керек, содан кейін оны сумен жуып-шайып, содан соң энтеральді тағам енгізу қажет.

Инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы

Ұсынылатын дозасы күн сайын тәулігіне бір рет 20 мг (1 таблетка) құрайды, сонымен қатар бұл ұсынылатын ең жоғарғы дозасы болып табылады.

Инсульт пен жүйелі эмболия профилактикасының артықшылығы қан кету қаупінен асып түсетін жағдайда, Ксарелто® препаратымен емдеуді ұзақ уақыт бойы жалғастыру керек.

Егер кезекті дозасын қабылдау жіберіліп алса, пациент Ксарелто® препаратын дереу қабылдауы және келесі күні препаратты қабылдауды ұсынылған режимге сәйкес жүйелі түрде жалғастыруы тиіс. Осының алдында жіберіп алған дозасының орнын толтыру үшін қабылданатын дозасын арттырмау керек.

Терең веналар тромбозы (ТВТ) мен өкпе артериясының тромбоэмболиясын (ӨАТЭ) емдеу, ТВТ мен ӨАТЭ қайталануының профилактикасы

Ксарелто® препаратының жедел ТВТ немесе ӨАТЭ бастапқы емі үшін ұсынылатын дозасы алғашқы 3 аптасы бойына тәулігіне екі рет 15 мг құрайды, содан кейін ТВТ мен ӨАТЭ қайталануының емі мен профилактикасын жалғастыру үшін тәулігіне бір рет 20 мг Ксарелто® препараты қабылданады.

Қысқамерзімді (кемінде 3 айлық) емді елеулі транзиторлық қауіп факторлары (мысалы, жуырда бастан өткерген ауқымды операциялық араласымдар немесе жарақат) түрткі болған ТВТ мен ӨАТЭ бар пациенттерде қарастыру керек. Ұзағырақ емдеуді елеулі транзиторлық қауіп факторларымен байланыссыз туындаған ТВТ немесе ӨАТЭ, анамнезінде елеулі транзиторлық қауіп факторлары түрткі болмаған ТВТ немесе ӨАТЭ немесе ТВТ немесе ӨАТЭ қайталануы бар пациенттерде қарастыру керек.

ТВТ мен ӨАТЭ қайталануының ұзаққа созылатын профилактикасына (ТВТ немесе ӨАТЭ кемінде 6 ай бойы емдеуден кейін) көрсетілім болған жағдайда, ұсынылатын дозасы тәулігіне бір рет 10 мг құрайды. Асқынған қатарлас аурулардың немесе Ксарелто® препаратымен тәулігіне бір рет 10 мг профилактикалық дозасында ұзақ емдеу аясында ТВТ немесе ӨАТЭ қайталануының болуы сияқты ТВТ немесе ӨАТЭ қайталануының қаупі жоғары пациенттер Ксарелто® препаратының 20 мг дозасын тәулігіне бір рет қабылдауды қарастыруы керек.

Емдеудің ұзақтығы мен дозасы жекелей емдеудің қан кету қаупіне қатысты пайдасын мұқият бағалағаннан кейін таңдалуы тиіс.

Ұзақтығы

Дозалау режимі

Жалпы тәуліктік дозасы

ТВТ мен ӨАТЭ қайталануын емдеу және профилактикасы үшін

1-інші күннен 21-інші күнге дейін

тәулігіне екі рет 15 мг

30 мг

22-інші күннен ары қарай

тәулігіне бір рет 20 мг

20 мг

ТВТ мен ӨАТЭ қайталануының профилактикасы үшін

Кемінде 6 айға созылған ТВТ немесе ӨАТЭ емі аяқталғаннан кейін

тәулігіне бір рет 10 мг

немесе

тәулігіне бір рет 20 мг

10 мг

немесе 20 мг

Егер тәулігіне екі рет 15 мг дозасын қабылдау кезінде (емдеудің 1-21 күндері) кезекті дозасын қабылдау жіберіліп алса, пациент тәуліктік 30 мг дозасының түсімін қамтамасыз ету үшін Ксарелто® препаратын дереу қабылдауы тиіс. Ол үшін Ксарелто® препаратының 15 мг дозадағы 2 таблеткасын бір мезгілде қабылдауға болады. Келесі күні ұсынылған режимге сәйкес, препаратты тәулігіне 2 рет 15 мг дозада жүйелі түрде қабылдауды жалғастыру керек.

Егер тәулігіне 1 рет 20 мг дозасын қабылдау кезінде препаратты қабылдау жіберіліп алса, пациент тәуліктік 20 мг дозасының түсімін қамтамасыз ету үшін Ксарелто® препаратын дереу қабылдауы тиіс. Келесі күні ұсынылған режимге сәйкес, препаратты тәулігіне 20 мг дозада жүйелі түрде қабылдауды жалғастыру керек. Осының алдында жіберіп алған дозасының орнын толтыру үшін қабылданатын дозасын арттырмау керек.

К дәруменінің антагонистерінен (КДА) Ксарелто® препаратына ауысу

Инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы үшін қабылдап жүрген пациенттерде КДА қабылдауды тоқтату, және халықаралық қалыптастырылған қатынас (ХҚҚ) ≤3,0 дейін төмендеген кезде Ксарелто® емін бастауы керек.

ТВТ мен ӨАТЭ-ден емделіп жүрген және ТВТ мен ӨАТЭ қайталануының профилактикасы жүргізіліп жатқан пациенттерде КДА қабылдауды тоқтату керек, және ХҚҚ ≤2,5 дейін төмендеген кезде Ксарелто® емін бастауы керек. Пациенттер КДА-дан Ксарелто® препаратына ауысқан кезде, Ксарелто® препаратын қабылдағаннан кейін ХҚҚ мәндері жалған жоғарылайды. ХҚҚ Ксарелто® препаратының антикоагулянттық белсенділігін анықтау үшін жарамсыз және сондықтан да, аталған мақсатта пайдаланылмауы тиіс.

Ксарелто® препаратынан К дәруменінің антагонистеріне (КДА) ауысу

Ксарелто® препаратынан КДА-ға ауысқан кезде антикоагулянттық әсері жеткіліксіз болуы мүмкін. Соған байланысты, мұндай басқа антикоагулянтқа ауысу кезінде үздіксіз жеткілікті антикоагулянттық әсермен қамтамасыз ету қажет. Ксарелто® препараты ХҚҚ жоғарылауына ықпал етуі мүмкіндігін айта кету керек. Ксарелто® препаратынан КДА-ға ауысқан кезде, Ксарелто® препаратын ХҚҚ ≥2,0 көрсеткішіне жеткенге дейін КДА-мен бір мезгілде қабылдау керек. Ауысу кезеңінің алғашқы екі күні ішінде КДА стандартты бастапқы дозасын қолданып, артынан ХҚҚ анықтаудың негізіндегі КДА дозасын тағайындау керек. Ксарелто® мен КДА бір мезгілде қабылдаған кезде, ХҚҚ Ксарелто® препаратының алдыңғы дозасын қабылдағаннан кейін және келесі дозасын қабылдаудың алдында 24 сағаттан ерте анықтамау керек. Ксарелто® препаратын қолдануды тоқтатқаннан кейін ХҚҚ нақты анықтауды препараттың соңғы дозасын қабылдағаннан кейін кемінде 24 сағаттан соң жүргізуге болады.

Парентеральді антикоагулянттардан Ксарелто® препаратына ауысу

Парентеральді антикоагулянттарды қабылдап жүрген пациенттер үшін, парентеральді антикоагулянтты тоқтату және Ксарелто® препаратын қабылдауды парентеральді препараттың (мысалы, төмен молекулалы гепариннің) келесі жоспарлы енгізілу сәтіне дейін 0-2 сағат бұрын немесе парентеральді препаратты үздіксіз енгізу тоқтатылған сәтте (мысалы, фракцияланбаған гепаринді вена ішіне енгізу) бастау керек.

Ксарелто® препаратынан парентеральді антикоагулянттарға ауысу

Ксарелто® препаратының келесі дозасы жоспарлы қабылдануы тиіс сәтте парентеральді антикоагулянттың алғашқы дозасын енгізу керек.

Пациенттердің жекелеген популяциялары бойынша қосымша ақпарат

Бүйрек жеткіліксіздігі

Ксарелто препаратының бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) науқастарда қолданылуы туралы шектеулі клиникалық деректер, аталған науқастарда ривароксабан концентрацияларының едәуір жоғарылағанын көрсетіп отыр. Пациенттердің бұл санатын емдеу үшін Ксарелто® препаратын сақ болып қолдану керек. Креатинин клиренсі <15 мл/мин пациенттерде препаратты қолдану ұсынылмайды.

Бүйректің орташа жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 30-49 мл/мин) немесе бүйректің ауыр жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) бар пациенттерде ұсынылатын дозасы келесілерді құрайды:

- жүрекшелердің клапандық емес фибрилляциясы бар пациенттердегі инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы кезінде ұсынылатын дозасы тәулігіне бір рет 15 мг құрайды.

- ТВТ немесе ӨАТЭ емдеу, ТВТ мен ӨАТЭ қайталануының профилактикасы үшін пациенттер алғашқы 3 апта бойы тәулігіне екі рет 15 мг қабылдауы тиіс. Содан соң ұсынылатын дозасы тәулігіне бір рет 20 мг құрайды. Дозасын тәулігіне бір рет 20 мг-ден тәулігіне бір рет 15 мг дейін төмендетуді пациенттегі қан кетудің бағаланған қаупі ТВТ мен ӨАТЭ қайталануы қаупінен асып түсетін жағдайда қарастыру керек. Тәулігіне бір рет 15 мг пайдалану жөніндегі нұсқау фармакокинетикалық модельдеуге негізделген және аталған жай-күйдің клиникалық жағдайларында зерттелмеген.

Ксарелто® препаратын бүйректің жеңіл жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі 50-80 мл/мин) пациенттерге тағайындағанда, дозасын түзету қажет емес.

Бауыр жеткіліксіздігі

Ксарелто препаратын Чайлд-Пью жіктемесі бойынша бауырдың B және C класты циррозы бар пациенттерді қоса, коагулопатиямен және клиникалық тұрғыдан елеулі қан кетудің даму қаупімен жүретін бауыр аурулары бар науқастарда қолдануға болмайды.

Егде жастағы пациенттер

Дозасын түзету қажет емес.

Дене салмағы

Дозасын түзету қажет емес.

Жыныс

Дозасын түзету қажет емес.

Балалар мен жасөспірімдер

Ксарелто® препаратының балалар мен 18 жасқа толмаған жасөспірімдердегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Қолжетімді деректер жоқ. Сондықтан, Ксарелто® препаратын балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде қолдану ұсынылмайды.

Инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы кезіндегі кардиоверсия

Ксарелто® препаратымен емдеуді кардиоверсия қажет болуы мүмкін пациенттерде бастауға немесе жалғастыруға болады. Өңеш арқылы жүргізілетін эхокардиография (ӨАЭхо-КГ) бақылауымен кардиоверсия кезінде бұрын антикоагулянттармен ем қабылдамаған пациенттерде талапқа сай антикоагуляцияны қамтамасыз ету үшін, Ксарелто® емін кардиоверсияға дейін кемінде 4 сағат бұрын бастау керек. Барлық пациенттер үшін кардиоверсия жүргізуді бастағанға дейін, бұл пациенттердің Ксарелто® препаратын тиісінше қолданғанына көз жеткізу керек. Емдеудің басталуы және ұзақтығы туралы мәселені шешуде, кардиоверсия жоспарланған пациенттердегі антикоагулянттық ем жөніндегі қолданыстағы нұсқауларды ескеру керек.

Жүрекшелердің клапандық емес фибрилляциясы бар және стенттеумен жүргізілетін ТКА (тері арқылы жүргізілетін коронарлық араласым) жоспарланған пациенттер

Жүрекшелердің клапандық емес фибрилляциясы бар, стенттеумен жүргізілетін ТКА жоспарланған, пероральді антикоагуляцияны қажет ететін пациенттерде P2Y12 тежегішіне қосымша, ең көбі 12 ай бойы Ксарелто® препаратының төмендетілген 15 мг дозасын тәулігіне бір рет (немесе бүйректің орташа жеткіліксіздігі бар [креатинин клиренсі 30 - 49 мл/мин] пациенттерде Ксарелто® 10 мг тәулігіне бір рет) қолдану тәжірибесі шектеулі.

Артық дозаланған жағдайда қолдану қажет шаралар

600 мг дейінгі ривароксабанды қабылдағанда, қан кетулердің немесе басқа жағымсыз реакциялардың дамуынсыз артық дозалануының сирек жағдайлары тіркелген. Сіңірілуінің шектеулілігіне байланысты, препараттың 50 мг тең және одан жоғары емдік дозаларын қолданғанда, оның қан плазмасындағы экспозициясының ары қарай жоғарылауынсыз, концентрациясының төмен деңгейлі платосының дамуы күтіледі.

Андексанет альфа ривароксабанның фармакодинамикалық әсерлерін бейтараптандыратын арнайы антидоты (немесе кері әсері бар препарат) болып табылады (андексанет альфа дәрілік затының жалпы сипаттамасындағы ақпаратты қараңыз).

Артық дозаланған жағдайда, ривароксабанның сіңірілуін азайту үшін, белсендірілген көмірді пайдалануға болады.

Қан кетулер кезіндегі тактика

Егер ривароксабанды қабылдап жүрген пациентте, қан кету түріндегі асқыну туындаса, препараттың келесі қабылдануын кейінге шегеру немесе, қажет болған жағдайда, тоқтату керек. Ривароксабанның жартылай шығарылу кезеңі шамамен 5-13 сағатты құрайды. Емдеу қан кетудің ауырлығы мен орналасқан орнына байланысты жекелей тағайындалуы тиіс. Қажет болған жағдайда, механикалық компрессия (мысалы, мұрыннан қан кетудің ауыр жағдайларында), қан кетуді тоқтатуға арналған емшаралармен бірге хирургиялық гемостаз, сұйықтықтың орнын толтыру сияқты сәйкесінше симптоматикалық емді және гемодинамикалық демеу шараларын, қан препараттарын (қатарлас анемияның немесе коагулопатияның болуына байланысты, эритроциттер массасын немесе жаңадан мұздатылған плазманы) немесе тромбоциттерді құюды пайдалануға болады.

Егер жоғарыда атап келтірілген шаралардан кейін қан кету тыйылмаса, кері әсері бар, Ха фактор әсерін тежейтін, ривароксабанның фармакодинамикалық әсерлерін бейтараптандыратын арнайы препаратты (андексанет альфа) тағайындауды немесе протромбин кешені концентраты (ПКК), белсендірілген протромбин кешені концентраты (БПКК) немесе рекомбинантты VIIa факторы (рФVIIa) сияқты кері әсері бар арнайы прокоагулянттық препараттарды тағайындауды қарастыру керек. Алайда, қазіргі кезде Ксарелто® препаратын қабылдап жүрген пациенттерде аталған препараттарды қолдану тәжірибесі шектеулі. Нұсқаулар да клиникалық емес шектеулі деректерге негізделген. Қан кету динамикасының жақсаруына байланысты, рФVIIa қайтадан енгізу және титрлеу қарастырылуы тиіс. Жергілікті деңгейде қолжетімділігіне байланысты, ауқымды қан кету жағдайында, коагулолог маманмен кеңесу мәселесін шешіп алу керек.

Протамин сульфаты мен К дәрумені Ксарелто® препаратының ұюға қарсы әсеріне ықпал етпейді деп күтіледі.

Ксарелто® препаратын қабылдап жүрген пациенттерде транексам қышқылын қолдану тәжірибесі шектеулі, және аминокапрон қышқылы мен апротининді қолдану тәжірибесі жоқ.

Ксарелто® препаратын қабылдап жүрген пациенттерде десмопрессин сияқты жүйелі гемостатикалық препараттарды пайдаланудың тәжірибесі немесе талапқа сай болатындығына ғылыми негіз жоқ. Қан плазмасы ақуыздарымен қарқынды байланысатындығын ескерсек, ривароксабан диализ жүргізген кезде шығарылмайды деп күтіледі.

ДП стандартты қолдану кезінде көрініс табатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және осы жағдайда қабылдануы керек шаралар

Ксарелто® препаратын пайдаланған кезде тіркелген жағымсыз реакциялардың жиіліктері туралы топтастырылған деректер төменде ағзалар жүйелерінің кластары (MedDRA) және жиіліктері бойынша келтірілген.

Жағымсыз реакциялар жиілігі бойынша топтарға келесі тәртіппен бөлінген:

өте жиі (≥1/10)

жиі (≥1/100 - <1/10 дейін)

жиі емес (≥ 1/1000 - <1/100 дейін)

сирек (≥ 1/10000 - <1/1000 дейін)

өте сирек (<1/10000)

жиілігі белгісіз (жиілігін қолда бар деректер бойынша анықтау мүмкін емес)

III фазадағы клиникалық зерттеулер немесе маркетингтен кейінгі қолданылуы барысындағы пациенттерде тіркелген, емдеу аясында туындаған барлық жағымсыз реакциялар

Жиі

  • анемия (сәйкесінше зертханалық көрсеткіштерді қоса)

  • бас айналуы, бас ауыруы

  • көзге қан құйылуы (конъюнктиваның қанталауын қоса)

  • артериялық гипотензия, гематома

  • эпистаксис (мұрыннан қан кету), қан түкіру

  • қызыл иектердің қанағыштығы, асқазан-ішектен қан кету (ректальді қан кетуді қоса), асқазан-ішек жолы аймағының ауыруы, диспепсия, жүрек айнуы, іш қатуы А, диарея, құсу А.

  • трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы

  • қышыну (жайылған қышынудың сирек жағдайларын қоса), бөртпе, экхимоз, терінің және тері астының қанталауы

- аяқ-қолдардың ауыруы А

  • урогениталий жолынан қан кету (гематурия мен меноррагияны қоса B), бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин концентрациясының жоғарылауын, мочевина концентрациясының жоғарылауын қоса)

  • қызба (температура жоғарылауы) А, шеткері ісінулер, жалпы бұлшықет күші мен тонусының төмендеуі (әлсіздік пен астенияны қоса)

  • жүргізілген емшаралардан кейінгі қан құйылу (операциядан кейінгі анемия мен жарадан қан кетуді қоса), қанталау, жарадан шыққан бөліністер A

Жиі емес

  • тромбоцитоз (тромбоциттер санының артуын қоса) А, тромбоцитопения

  • аллергиялық реакция, аллергиялық дерматит, ангионевроздық ісіну және аллергиялық ісіну

  • миішілік және бассүйекішілік қан құйылу, естен тану

  • тахикардия

  • ауыздың құрғауы

  • бауыр функциясының бұзылуы, қандағы билирубин, сілтілік фосфатазаА, гамма-глютамилтрансфераза (ГГТ) деңгейлерінің жоғарылауы А

  • есекжем

  • гемартроз

  • өзін жалпы нашар сезіну (дімкәстануды қоса)

  • ЛДГ деңгейінің жоғарылауы А, липаза деңгейінің жоғарылауы А, амилаза деңгейінің жоғарылауы А

Сирек

  • сарғаю, конъюгацияланған билирубин деңгейінің жоғарылауы (аланинаминотрансферазаның (АЛТ) қатарлас жоғарылауымен немесе онсыз), холестаз, гепатит (гепатоцеллюлярлық зақымдануды қоса)

  • бұлшықеттерге қан құйылу

  • жергілікті ісіну А

  • қантамырлардың жалған аневризмасы С

Өте сирек

  • анафилаксиялық шокты қоса,анафилаксиялық реакциялар

  • Стивенс-Джонсон синдромы /уытты эпидермалық некролиз, DRESS-синдром

Жиілігі белгісіз

  • қан кету салдарынан болған компартмент-синдром

  • бүйрек жеткіліксіздігі

  • гипоперфузия дамуы үшін жеткілікті қан кету салдарынан бүйректің жедел жеткіліксіздігі

А: тізе немесе ұршық буынын жоспарлы протездеуден кейінгі ересек пациенттерде вена тромбоэмболиясының (ВТЭ) профилактикасы кезінде тіркелген

B: ТВТ мен ӨАТЭ емдеу және қайталанауларының профилактикасы кезінде < 55 жас шамасындағы әйелдерде өте жиі тіркелген

C: жедел коронарлық синдромнан кейінгі (тері арқылы жүргізілетін араласымдардан кейін) пациенттерде кенеттен өлу мен миокард инфарктісінің профилактикасы кезінде жиі емес деп тіркелген.

Кейбір жағымсыз реакцияларының сипаттамасы

Ксарелто® препаратының фармакологиялық әсер ету механизмін ескерсек, оны қолдану кез келген ағзалар мен тіндерден жасырын немесе айқын қан кету қаупінің жоғарылауымен қатар жүруі, ол постгеморрагиялық анемияға алып келуі мүмкін. Белгілері, симптомдары мен ауырлығы (өлімге соқтырған жағдайларын қоса) орналасуы мен ауырлық дәрежелеріне немесе қан кетудің және/немесе анемияның ауқымдылығына байланысты ауытқып тұрады.

Шырышты қабықтардан қан кетулер (мысалы, мұрыннан, қызыл иектен, асқазан-ішектен, қынаптан патологиялық және күшейген етеккірлік қан кетуді қоса, несеп-жыныс жүйесінен) мен анемия көбінесе, K дәруменінің антагонистерімен (КДА) емдеумен салыстырғанда, Ксарелто® препаратымен ұзақ уақыт емдеген кезде байқалған. Сәйкесінше, талапқа сай клиникалық тексеруге қосымша, қажет болған жағдайда, жасырын қан кетуді анықтау үшін гемоглобин/гематокрит деңгейін зертханалық жолмен анықтаудың және айқын қан кетудің клиникалық тұрғыдан елеулілігі мөлшерін анықтаудың маңызы болуы мүмкін.

Пациенттердің кейбір, мысалы, бақылауға келмейтін ауыр артериялық гипертензиясы және/немесе гемостазға ықпал ететін препараттармен қатарлас ем қабылдап жүрген топтарында қан кетудің даму қаупі жоғарылауы мүмкін. Етеккірлік қан кетулер ұзағырақ және қарқындырақ болуы мүмкін. Геморрагиялық асқынулар әлсіздікпен, бозарумен, бас айналуымен, бас ауыруымен, түсініксіз ісінумен, ентігумен немесе түсініксіз шок жағдайымен көрініс беруі мүмкін. Кей жағдайларда, анемияның салдарынан төс артының ауыруы немесе стенокардия сияқты миокард ишемиясы симптомдары байқалған.

Ксарелто® препаратын қолданғанда ауыр қан кетудің салдарынан компартмент-синдром және гипоперфузия нәтижесіндегі бүйрек жеткіліксіздігі сияқты белгілі асқынулар да тіркелген. Сондықтан, антикоагулянттарды қабылдап жүрген кез келген пациенттің жағдайын бағалаған кезде, қан құйылу мүмкіндігін қарастыру керек.

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындаса медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласыңыз

«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препараттың құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 15 мг және 20 мг микрондалған ривароксабан,

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, натрий кроскармеллозасы, гипромеллоза 5 сР (гидроксипропилметилцеллюлоза 2910), лактоза моногидраты, магний стеараты, натрий лаурилсульфаты,

қабығының құрамы: темірдің қызыл тотығы (Е 172), гипромеллоза 5 сР (гидроксипропилметилцеллюлоза 2910), макрогол 3350 (полиэтиленгликоль (3350)), титанның қостотығы (Е 171).

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Қызыл түсті (15 мг дозасы үшін), қоңыр-қызыл түсті (20 мг дозасы үшін) үлбірлі қабықпен қапталған, дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, бір жағында «15» таңбасы (15 мг дозасы үшін), «20» таңбасы (20 мг дозасы үшін) мен үшбұрыш және келесі жағында – байерлік фирмалық крест бар таблеткалар.

Шығарылу түрі және қаптамасы

14 немесе 10 таблеткадан Ал/ПП немесе Ал/ПВХ/ПВДХ жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.

Ксарелто® 15 мг

Ішінде 14 таблеткасы бар 2, 3, 7 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Ксарелто® 20 мг

Ішінде 14 таблеткасы бар 2 пішінді ұяшықты қаптамадан немесе ішінде 10 таблеткасы бар 10 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Сақтау шарттары

30С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәлімет

Байер АГ, Кайзер- Вильгельм Аллее

D-51368 Леверкузен, Германия

тел.: 0214/30 51 348

факс: 0214/30 51 603

е-mail: medical-information@bayer.com

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

Байер АГ, Кайзер- Вильгельм Аллее

D-51368 Леверкузен, Германия

тел.: 0214/30 51 348

факс: 0214/30 51 603

е-mail: medical-information@bayer.com

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«Байер КАЗ» ЖШС

Тимирязев к-сі 42 үй, 15 павильон,

050057, Алматы, Қазақстан Республикасы

тел. +7 727 258 80 40, факс: +7 727 258 80 39

e-mail: kz.claims@bayer.com

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«Байер КАЗ» ЖШС

Тимирязев к-сі 42 үй, 15 павильон,

050057, Алматы, Қазақстан Республикасы

тел: +7 701 715 78 46 (тәулік бойы)

тел: +7 727 258 80 40, ішкі тел. 106 (жұмыс уақытында)

факс: +7 727 2588 039

e-mail: pv.centralasia@bayer.com 

Прикрепленные файлы

ИМП_Ксарелто_15_и_20_мг.docx 0.08 кб
Ксарелто_ЛВ_15мг20мг_каз.doc 0.23 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники «Центр экспертиз и испытаний в здравоохранении» МЗ РБ