Кофицил-Плюс
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Кофицил-Плюс
Дәрілік түрі
Таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында:
белсенді заттар: парацетамол 100 мг, ацетилсалицил қышқылы - 300 мг, сусыз кофеин - 50 мг,
қосымша заттар: картоп крахмалы, повидон (поливинилпирролидон төмен молекулалы медициналық), стеарин қышқылы, тальк, силиконды эмульсия КЭ 10-12, вазелин майы ВГМ-30М.
Сипаттамасы
Дөңгелек пішінді, беттері тегіс, ойығы мен сызығы бар, иіссіз немесе әлсіз иісі бар ақ немесе крем тәріздес реңді ақ түсті таблеткалар. Мәрмәрлігіне жол беріледі.
Фармакотерапиялық тобы
Анальгетик-антипиретиктер. Басқа препараттармен біріктірілген (психолептиктерден басқа) ацетилсалицил қышқылы.
АТЖ коды N02BA51
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Препараттың фармакологиялық қасиеттері оның құрамына кіретін әсер етуші заттарының қасиеттеріне негізделген. Препарат компоненттері асқазан-ішек жолында жақсы сіңеді.
Ацетилсалицил қышқылы ішке қабылдағаннан кейін тез әрі толығымен дерлік сіңеді, жартылай ыдырау кезеңі 15-20 минуттан аспайды; көптеген тіндерге оңай өтеді; ішек қабырғасында және бауырда салицил қышқылы мен басқа да белсенді метаболиттер түзе отырып, биоөзгеріске ұшырайды, бүйрекпен өзгеріссіз күйде шығарылады.
Парацетамол ішектің жоғарғы бөліктерінде сіңеді. Жартылай шығарылу кезеңі 2-3 сағатты құрайды; бауырда метаболизденеді, негізінен бүйрекпен шығарылады.
Кофеин ішекте жақсы сіңеді, плазмадағы жартылай шығарылу кезеңі 5-10 сағатты құрайды. Көбінесе метаболиттер түрінде бүйрекпен, 10 %-ы – өзгеріссіз күйде шығарылады.
Фармакодинамикасы
Кофицил-Плюс –біріктірілген препарат, оның әсерін құрамына кіретін компоненттері анықтайды.
Ацетилсалицил қышқылы ауыруды басатын, ыстықты түсіретін, қабынуға қарсы, 1 және 2 циклооксигеназаларды бәсеңдетуімен байланысты, простагландиндер синтезін реттейтін әсер береді; тромбоциттер агрегациясын тежейді.
Кофеин жұлынның рефлекторлық қозғыштығын арттырады, тыныс алу және тамыр қозғалтқыш орталықтарды қоздырады, қаңқа бұлшықеттерінің, ми, жүрек, бүйрек қантамырларын кеңейтеді, тромбоциттер агрегациясын төмендетеді; ұйқышылдықты, шаршау сезімін азайтады, ақыл-ой және дене еңбегіне қабілеттілікті арттырады. Парацетамолдың анальгетикалық, ыстық түсіретін және қабынуға қарсы әлсіз әсері бар, бұл оның гипоталамустағы термореттелу орталығына әсерімен және айқындығы әлсіз, шеткергі тіндердегі простагландиндер (Pg) синтезін тежеу қабілетіне байланысты.
Қолданылуы
- ересектерде айқындығы орташа немесе әлсіз ауыру синдромында (бас, тіс ауыруы, невралгия, миалгия, түбіршектік кеуде синдромы, люмбаго, артралгия, альгодисменорея, бас сақинасы)
- ересектерде жедел респираторлық вирустық жұқпаларда, тұмауда жоғары температураны түсіру үшін
Қолдану тәсілі мен дозалары
Препаратты ішке, күніне 2-3 рет 1-2 таблеткадан тамақтан кейін қабылдайды. Ең жоғарғы тәуліктік дозасы – 6 таблетка. Препаратты қабылдаулар арасындағы үзіліс 4 сағаттан кем болмауы тиіс. Асқазан-ішек жолына тітіркендіргіштік әсерін азайту үшін, препаратты тамақтан кейін, сумен, сүтпен, сілтілі минералды сумен ішіп қабылдау керек.
Бүйрек немесе бауыр қызметі бұзылуында қабылдаулар арасындағы үзіліс – 6 сағаттан кем емес.
Препаратты ауыруды басатын дәрі ретінде тағайындағанда 5 күннен артық және ыстық түсіретін дәрі ретінде 3 күннен артық қабылдамау керек. Басқа дозалары мен қолдану сызбаларын дәрігер белгілейді.
Жағымсыз әсерлері
- анорексия, жүрек айнуы, құсу, гастралгия, диарея
- асқазан-ішек жолы мен он екі елі ішектің эрозиялы-ойық жаралы зақымданулары, асқазан-ішектен қан кету
- мультиформалы экссудативті эритема (соның ішінде, Стивенс-Джонсон синдромы)
- уытты эпидермальді некролиз (Лайелл синдромы)
- тері бөртпесі, Квинке ісінуі, бронх түйілуі
- бүйрек және бауыр жеткіліксіздігі
- бас айналуы, тахикардия, артериялық қан қысымының жоғарылауы
Ұзақ қолданғанда
- тромбоциттер агрегациясының төмендеуі
- бас ауыруы, көру бұзылыстары, құлақтағы шуыл
- кереңдік
- гипокоагуляция
- геморрагиялық синдром (мұрыннан қан кету, қызыл иектердің қанағыштығы, пурпура және басқа)
- бүйректің папиллярлық некрозбен зақымдануы
- балалардағы Рейе синдромы (гиперпирексия, метаболикалық ацидоз, жүйке жүйесі мен психика тарапынан болатын бұзылулар, бауыр қызметінің бұзылуы, құсу)
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- ацетилсалицил қышқылына немесе басқа стероидты емес қабынуға қарсы препараттарға (ҚҚСП) немесе ксантиндерге жоғары сезімталдық
- препараттың басқа компоненттеріне жоғары сезімталдық;
- асқазан-ішек жолының эрозиялы-ойық жаралы зақымданулары, (өршу сатысындағы), асқазан-ішектен қан кету
- бауыр мен бүйрек қызметінің айқын бұзылулары
- ацетилсалицил қышқылын, салицилаттарды және басқа да стероидты емес қабынуға қарсы дәрілерді қабылдаудан индукцияланған демікпе,
- геморрагиялық диатездер (Виллебранд ауруы, гемофилиялар, телеангиоэктазиялар, гипотромбинемия, тромбоцитопения, тромбоцитопениялық пурпура)
- қолқаның қатпарлы аневризмасы
- глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы
- порталдық гипертензия, К витамині тапшылығы
- қозғыштықтың артуы, ұйқының бұзылуы, қорқумен жүретін бұзылыстар (агорафобия, үрейлі бұзылыстар)
- жүрек-қантамыр жүйесінің органикалық аурулары (жедел миокард инфарктісі, жүректің ауыр ағымды ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия), пароксизмальді тахикардия, қарыншалық жиі экстрасистолия
- глаукома
- қан кетумен қатар жүретін хирургиялық араласулар
- 18 жасқа дейінгі балалар
- жүктілік және лактация
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Гепариннің, тікелей емес антикоагулянттардың, резерпиннің, стероидты гормондар мен гипогликемиялық дәрілердің әсерін күшейтеді. Спиронолактонның, фуросемидтің, гипотензивті препараттардың, несеп қышқылының шығарылуына ықпал ететін подаграға қарсы дәрілердің тиімділігін азайтады.
Глюкокортикостероидтардың, сульфонилмочевина туындыларының, метотрексаттың, есірткілік емес анальгетиктер мен қабынуға қарсы стероидты емес препараттардың жағымсыз әсерлерін күшейтеді.
Препараттың барбитураттармен, эпилепсияға қарсы дәрілермен, зидовудинмен, рифампицинмен және құрамында алкоголь бар сусындармен біріктірілуін болдырмаған жөн (гепатоуытты әсерінің қаупін арттырады).
Парацетамолдың әсерінен хлорамфениколдың шығарылу уақыты 5 есеге ұлғаяды. Кофеин эрготаминнің сіңуін жеделдетеді.
Салициламид, және басқа микросомальді тотығу көтермелегіштері парацетамолдың бауыр қызметіне әсер ететін уытты метаболиттерінің түзілуіне ықпал етеді. Метоклопрамид парацетамолдың сіңуін жеделдетеді. Қайталап қабылдағанда парацетамол антикоагулянттардың әсерін (дикумарин туындыларын) күшейтуі мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Препаратты ұзақ уақыт қабылдағанда шеткергі қан мен бауыр қызметінің жағдайын бақылау қажет. Ацетилсалицил қышқылының антиагреганттық әсері болғандықтан, егер оған хирургиялық араласу жүргізілетін болса, емделуші дәрігерге препаратты қабылдағанын ескертуі тиіс. Ацетилсалицил қышқылы төмен дозаларда несеп қышқылының шығарылуын азайтады. Бұл бірқатар жағдайларда подагра ұстамасына түрткі болуы мүмкін.
Емдеу кезінде құрамында алкоголь бар сусындардан бас тартқан жөн (асқазан-ішектен қан кету қаупі жоғарылайды).
Жүктілік және лактация кезеңі
Ацетилсалицил қышқылының тератогендік әсері бар: жүктіліктің I триместрінде қолданылғанда даму ақауына – үстіңгі таңдайдың бөлінуіне алып келеді;
III триместрде – босанудың тежелуіне (простагландиндер синтезін тежеу), баланың артериялық түтігінің бітелуіне ықпал етеді, бұл өкпе қантамырларының гиперплазиясына және кіші қанайналым шеңберінің гипертензиясына алып келеді. Ацетилсалицил қышқылы емшек сүтімен бөлініп шығады, бұл тромбоциттер қызметінің бұзылуы салдарынан, балада қан кетудің туындау қаупін арттырады.
Рейе синдромының туындау қаупі жоғары болғандықтан, препаратты балаларға тағайындауға болмайды. Рейе синдромы ұзақ уақыт құсумен, жедел энцефалопатиямен, бауыр көлемінің ұлғаюымен білінеді.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері.
Дәрілік заттың жағымсыз әсерлерін ескере отырып, автокөлік немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқарғанда сақ болу керек.
Артық дозалануы
Симптомдары: жүрек айнуы, құсу, асқазанның ауыруы, тершеңдік, тері жабындарының бозаруы, тахикардия.
Жеңіл уыттануларда – құлақтағы шуыл; ауыр уыттану - ұйқышылдық, коллапс, құрысулар, бронх түйілуі, тыныс алудың қиындауы, анурия, қан кету. Уыттанудың күшеюіне қарай - тыныс алудың үдемелі салдануы және респираторлық ацидоз тудыратын тотығу мен фосфорилдену қатынасының үзілуі. Улануға күдіктенгенде дереу дәрігердің көмегін алу қажет.
Емі: зардап шегушінің асқазанын шаю және адсорбенттер (белсенділендірілген көмір) тағайындау керек.
Шығарылу түрі мен қаптамасы
10 таблеткадан қаптамалық қағаздан жасалған пішінді ұяшықсыз қаптамаға салынған.
Пішінді қаптамаларды мемлекеттік жәнне орыс тілдеріндегі медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықтардың тең санымен бірге топтық қаптамаға салады.
Сақтау шарттары
25 С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
«Фармстандарт – Лексредства» ААҚ,
305022, Ресей Федерациясы, Курск қ-сы, 2‑ші Агрегатная к-сі, 1а/18
Тел/факс: (4712) 34-03-13
Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі
«Фармстандарт-Лексредства» ААҚ, Ресей Федерациясы
Қазақстан Республикасында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«Фармстандарт – Лексредства» ААҚ,
305022, Ресей Федерациясы, Курск қ-сы, 2‑ші Агрегатная к-сі, 1а/18.
Тел/факс: (4712) 34-03-13.
Е-mail: www.pharmstd.ru