Кливас

МНН: Розувастатин (в виде розувастатина кальция)
Производитель: ООО Фарма Старт
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Rosuvastatin
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№024409
Информация о регистрации в РК: 24.12.2019 - 24.12.2024

Инструкция

Саудалық атауы

Кливас

Халықаралық патенттелмеген атауы

Розувастатин

Дәрілік түрі, дозалануы

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 10 мг және 20 мг

Фармакотерапиялық тобы

Жүрек-қантамыр жүйесі. Липид-модификациялайтын препараттар. Липид- модификациялайтын препараттар, қарапайымдар. ГМГ-КоА редуктаза тежегіштері. Розувастатин.

АТХ коды С10АА07

Қолданылуы

Гиперхолестеринемияны емдеу

Ересектер мен 10 жастан асқан балалар. Алғашқы гиперхолестеринемия (гетерозиготалық отбасылық гиперхолестеринемияны қоса алғанда ІІа түрі) немесе аралас дислипидемия (IIb түрі) диетаны сақтау және басқа да дәрі-дәрмектік емес құралдарды қолдану (физикалық жаттығулар, дене салмағының азаюы сияқты) жеткіліксіз болған кезде диетаға қосымша ретінде.

Гомозиготалық отбасылық гиперхолестеринемия, диетаға және басқа да липидті азайтатын емдеу құралдарына қосымша ретінде (мысалы, ТТЛП аферезасы) немесе мұндай емдеу түрлері орынды болмаған жағдайларда.

Жүрек-қантамыр бұзылуларының профилактикасы

Бағалау бойынша басқа қауіп факторларын түзетуге қосымша ретінде жүрек-қантамыр бұзылуының бірінші жағдайының даму қаупі жоғары пациенттерде елеулі жүрек-қантамыр бұзылуларының профилактикасы үшін.

Дәрілік препаратты қолданудың басталуына дейінгі қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- розувастатинге немесе кез келген қосымша затқа жоғары сезімталдық;

- бауырдың белсенді фазадағы аурулары, оның ішінде этиологиясы белгісіз сарысулық трансаминазалар деңгейінің тұрақты жоғарылауы және сарысудағы трансаминазалар деңгейінің кез келген жоғарылауы, бұл норманың жоғарғы шегінен (НЖШ) 3 есе артық;

- бүйрек функциясының ауыр бұзылуы (креатинин клиренсі <30 мл/мин);

- миопатия;

- циклоспоринді бір мезгілде қолдану;

- жүктілік және бала емізу кезеңі;

- контрацепцияның тиісті құралдарын қолданбайтын репродуктивті жастағы әйелдер.

40 мг дозаны миопатияның/рабдомиолиздің дамуына ықпал ететін факторлары бар пациенттерге қолдануға болмайды. Мұндай факторларға:

- бүйрек функциясының орташа ауырлықтағы бұзылуы (креатинин клиренсі <60 мл/мин);

- гипотиреоз;

- жеке немесе отбасылық анамнезінде бұлшықеттердің тұқым қуалайтын ауруларының болуы;

- анамнезінде ГМГ-КоА редуктазаның басқа тежегіштерінен немесе фибраттардан туындаған миоуыттылықтың болуы;

- ішімдікті асыра пайдалану;

- қан плазмасындағы препарат деңгейінің артуына әкелуі мүмкін жағдайлар;

- пациенттердің монголоид нәсіліне жатуы;

- фибраттарды қатар қолдану.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Қатар жүретін препараттардың розувастатинге әсері

Транспорттық ақуыздардың тежегіштері

Розувастатин кейбір транспорттық ақуыздар үшін субстрат болып табылады, оның ішінде ОАТР1В1 қармайтын бауыр транспортері және эфлюксті BCRP транспортері. Розувастатинді осы транспорттық ақуыздарды тежейтін дәрілік заттармен бір мезгілде қолдану розувастатиннің қан плазмасындағы концентрациясының артуына және миопатия қаупінің артуына әкелуі мүмкін.

Циклоспорин

Розувастатин мен циклоспоринді бір мезгілде қолданғанда розувастатиннің AUC мәні сау еріктілерге қарағанда орта есеппен 7 есе жоғары болды. Циклоспоринді қабылдайтын пациенттерге розувастатинді бір мезгілде қолдануға болмайды.

Бір мезгілде қолдану қан плазмасындағы циклоспориннің концентрациясына әсер етпеді.

Гемфиброзил және басқа да гиполипидемиялық препараттар

Розувастатин мен гемфиброзилді бір мезгілде қолдану розувастатиннің AUC және Сmах 2 есе жоғарылауына алып келді. Арнайы зерттеулер деректеріне сүйене отырып, фенофибратпен елеулі фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі күтілмейді, алайда фармакодинамикалық өзара әрекеттесуі мүмкін. Гемфиброзил, фенофибрат, басқа фибраттар мен ниацин (никотин қышқылы) гиполипидемиялық дозаларда (≥1 г/тәу) ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерімен бірге қолданғанда миопатияның даму қаупін арттырады, олар жеке қолданғанда да миопатияны туындататындығына байланысты болуы да мүмкін. Фибраттарды бір мезгілде қолданғанда розувастатиннің 40 мг дозасын қолдануға болмайды. Мұндай жағдайларда розувастатинмен емдеуді 5 мг дозадан бастау керек.

Эзетимиб

Гиперхолестеринемиясы бар пациенттерде розувастатин мен эзетимибті бір мезгілде қолдану розувастатиннің AUC 1,2 есе өсуіне алып келді. Розувастатин мен эзетимиб арасындағы фармакодинамикалық өзара әрекеттесуді жоққа шығаруға болмайды, бұл жанама әсерлерге әкелуі мүмкін.

Протеаза тежегіштері

Өзара әрекеттесудің нақты механизмі белгісіз болғанына қарамастан, протеаза тежегіштерін бірге қолдану розувастатин экспозициясының едәуір артуына әкелуі мүмкін. Фармакологиялық зерттеу барысында розувастатин мен құрамында протеазаның екі тежегіші бар (400 мг лопинавир/ритонавир 100 мг) біріктірілген дәрілік затты бірге қолдану дені сау еріктілерде тиісінше розувастатин үшін тепе-тең AUC(0-24) және Cmax көрсеткіштерінің шамамен екі есе және бес есе артуымен қатар жүрді. 10 мг розувастатинді және екі протеаза тежегіші бар (300 мг атазанавир/100 мг ритонавир) біріктірілген дәрілік затты бір мезгілде қолдану розувастатиннің AUC және Cmax тиісінше шамамен 3 және 7 есе жоғарылауымен қатар жүрді. Розувастатинді және протеаза тежегіштерінің кейбір біріктірілімдерін розувастатин экспозициясының күтілетін өсуіне сүйене отырып, розувастатин дозасын түзетуді мұқият ойластырғаннан кейін бір мезгілде қолдануға болады.

Антацидті препараттар

Құрамында алюминий немесе магний гидроксиді бар розувастатин мен антацидтерді бір мезгілде қолдану розувастатин концентрациясын шамамен 50 %-ға төмендетеді. Бұл әсердің розувастатинді қабылдаған соң 2 сағаттан кейін антацидті дәрілерді қолданған жағдайда айқындылығы аз болды. Бұл өзара әрекеттесудің клиникалық маңызы зерттелмеген.

Эритромицин

Розувастатин мен эритромицинді бір мезгілде қолдану розувастатиннің AUС(0-t) 20 %-ға, ал Сmах - 30 %-ға төмендеуіне әкеледі. Мұндай өзара әрекеттесу эритромицин әсерінің нәтижесінде ішек перистальтикасының күшеюі салдарынан пайда болуы мүмкін.

Р450 цитохром ферменттері

In vitro және in vivo зерттеулерінің нәтижелері розувастатиннің Р450 цитохромы изоферменттерінің тежегіші де, индукторы де болмайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, розувастатин бұл изоферменттер үшін әлсіз субстрат болып табылады. Сондықтан Р450 цитохромымен жанама метаболизміне байланысты препараттардың арасында өзара әрекеттесу болмайды. Розувастатин мен флуконазол (CYP2C9 және CYP3A4 тежегіштері) немесе кетоконазол (CYP2A6 және CYP3A4 тежегіштері) арасында клиникалық мәнді өзара әрекеттесулер байқалмады.

Розувастатин дозасын түзетуді талап ететін өзара әрекеттесу

Розувастатиннің экспозициясын арттыруға қабілетті басқа дәрілік заттармен розувастатинді бірге қолдану қажет болған жағдайда розувастатиннің дозасын түзету қажет. Егер препараттың (AUC) экспозициясы шамамен 2 есе немесе одан да көп өседі деп күтілсе, розувастатинді қолдануды тәулігіне бір рет 5 мг дозадан бастау керек. Розувастатиннің ең жоғары тәуліктік дозасын розувастатиннің күтілетін экспозициясы препаратпен өзара әрекеттесетін дәрілік заттарды қолданбай 40 мг/тәу дозасын қабылдау кезінде белгіленетін экспозициядан аспайтындай етіп түзету керек; мысалы, гемфиброзилмен қолданғанда розувастатиннің дозасы 20 мг (экспозицияның 1,9 есе артуы), ритонавир/атазанавир біріктірілімімен қолданғанда – 10 мг (3,1 есе артуы) құрайды. Циклоспоринмен бір мезгілде қолданғанда – 5 мг (7,1 есе ұлғаю).

Қатар жүретін дәрілік заттардың розувастатиннің экспозициясына әсері (AUC; шаманың кему тәртібімен)

Өзара әрекеттесетін дәрілік затты дозалау режимі

Розувастатинді дозалау режимі

Розувастатиннің AUC өзгеруі*

Циклоспорин 75 мг-дан тәулігіне екі рет 200 мг-ға дейін тәулігіне екі рет, 6 ай

10 мг тәулігіне бір рет, 10 күн

↑ 7,1 есе

Атаназавир 300 мг / ритонавир 100 мг тәулігіне бір рет, 8 күн

10 мг, бір реттік доза

↑ 3,1 есе

Симепривир 150 мг тәулігіне бір рет, 7 күн

10 мг, бір реттік доза

↑ 2,8 есе

Лопинавир 400 мг / ритонавир 100 мг тәулігіне екі рет, 17 күн

20 мг тәулігіне бір рет, 7 күн

↑ 2,1 есе

Гемфиброзил 600 мг тәулігіне екі рет, 7 күн

80 мг, бір реттік доза

↑ 1,9 есе

Елтромбопаг 75 мг тәулігіне бір рет, 5 күн

10 мг, бір реттік доза

↑ 1,6 есе

Дарунавир 600 мг / ритонавир 100 мг тәулігіне екі рет, 7 күн

10 мг тәулігіне бір рет, 7 күн

↑ 1,5 есе

Типранавир 500 мг / ритонавир 200 мг тәулігіне екі рет, 11 күн

10 мг, бір реттік доза

↑ 1,4 есе

Дронедарон 400 мг тәулігіне екі рет

белгісіз

↑ 1,4 есе

Итраконазол 200 мг тәулігіне бір рет, 5 күн

10 мг, бір реттік доза

↑ 1,4 есе **

Эзетимиб 10 мг тәулігіне бір рет, 14 күн

10 мг тәулігіне бір рет, 14 күн

↑ 1,2 есе **

Фозампренавир 700 мг / ритонавир 100 мг тәулігіне екі рет, 8 күн

10 мг, бір реттік доза

Алеглитазар 0,3 мг, 7 күн

40 мг, 7 күн

Силимарин 140 мг тәулігіне үш рет, 5 күн

10 мг, бір реттік доза

Фенофибрат 67 мг тәулігіне үш рет, 7 күн

10 мг, 7 күн

Рифампин 450 мг тәулігіне бір рет, 7 күн

20 мг, бір реттік доза

Кетоконазол 200 мг тәулігіне екі рет, 7 күн

80 мг, бір реттік доза

Флуконазол 200 мг тәулігіне бір рет, 11 күн

80 мг, бір реттік доза

Эритромицин 500 мг тәулігіне төрт рет, 7 күн

80 мг, бір реттік доза

↓ 20 %

Байкалин 50 мг тәулігіне үш рет, 14 күн

20 мг, бір реттік доза

↓ 47 %

* X есе өзгеріс ретінде ұсынылған деректер розувастатинді біріктіріп және жеке қолдану арасындағы арақатынасты білдіреді. % өзгеріс түрінде ұсынылған деректер розувастатинді жеке қолдану кезіндегі көрсеткіштерге қатысты % айырмашылықты білдіреді.

Үлкейту ↑ белгісімен белгіленген, өзгерістердің болмауы - ↔, кемуі - ↓.

** Розувастатиннің әртүрлі дозаларында өзара әрекеттесудің бірнеше зерттеулері жүргізілді, кестеде ең маңызды арақатынас көрсетілген.

Розувастатиннің қатар жүретін дәрілік заттарға әсері

К дәруменінің антагонистері

ГМГ-КоА-редуктазаның басқа тежегіштерін қолданған жағдайдағы сияқты, розувастатинмен емдеуді бастау немесе К дәруменінің антагонистерін (мысалы, варфарин немесе басқа да кумаринді антикоагулянттар) бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде оның дозасын біртіндеп арттыру халықаралық нормаланған арақатынастың (ХНА) артуына әкелуі мүмкін. Розувастатинді тоқтатқаннан немесе оның дозасын азайтқаннан кейін ХНА төмендеуі мүмкін. Мұндай жағдайларда ХНА тиісті мониторинг жасау қажет.

Пероральді контрацептивтер/гормонды алмастырғыш терапия (ГАТ)

Розувастатин мен пероральді контрацептивтерді бір мезгілде қолдану этинилэстрадиол мен норгестрелдің AUC тиісінше 26 % және 34 %-ға ұлғайтты.

Қанның плазмалық деңгейлерінің мұндай жоғарылауын пероральді контрацептивтердің дозасын таңдау кезінде ескеру керек. Розувастатин мен ГАТ бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде препараттардың фармакокинетикасына қатысты деректер жоқ, демек, өзара әрекеттесу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, бұл біріктірілім клиникалық зерттеулер кезінде әйелдерге кеңінен қолданылды және жақсы көтерді.

Басқа дәрілік заттар

Арнайы зерттеулердің деректеріне сүйенсек, дигоксинмен маңызды өзара әрекеттесу күтілмейді.

Балалар

Өзара әрекеттесуді зерттеу ересектерде ғана жүргізілді. Балалардағы өзара әрекеттесу дәрежесі белгісіз.

Арнайы сақтандырулар

Бүйрекке әсері

Розувастатинді жоғары мөлшерде, әсіресе 40 мг қабылдаған пациенттерде протеинурия жағдайлары байқалды («тест-жолақпен» анықталған), негізінен түтікшелік және көп жағдайда уақытша немесе ұзақ емес болды. Протеинурия бүйректің жедел немесе үдемелі ауруының болғанын көрсеткен жоқ. Бүйрек тарапынан жағымсыз құбылыстар 40 мг дозаны қолданған кезде жиі байқалды. Препаратты 40 мг дозада қолданатын пациенттердің бүйрек функциясын үнемі тексеру керек.

Қаңқа бұлшықетіне әсері

Қаңқалық бұлшықеттердің зақымдануы, мысалы, миалгия, миопатия және кейде - рабдомиолиз розувастатиннің кез келген дозасын қолданған кезде, әсіресе >20 мг дозада пациенттерде байқалды. Эзетимибті ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерімен біріктіріп қолданғанда рабдомиолиздің даму жағдайлары өте сирек хабарланды. Фармакодинамикалық өзара әрекеттесу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды, сондықтан мұндай біріктірілімді сақтықпен қолдану керек. ГМГ-КоА-редуктазаның басқа тежегіштерін қолданғандағыдай, розувастатинді қолдануға байланысты рабдомиолиз жағдайлары 40 мг дозаны қолданғанда жиі дамыды.

Креатинфосфокиназа деңгейін анықтау

Креатинфосфокиназа деңгейін елеулі физикалық жүктемелерден кейін немесе нәтижелерді түсіндіруді қиындататын креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауының басқа балама себептері болған кезде өлшеуге болмайды. Егер креатинфосфокиназаның бастапқы деңгейі айтарлықтай жоғарыласа (норманың жоғарғы шегінен >5 есе), 5-7 күн ішінде қосымша растайтын талдау жүргізу қажет. Егер қайта талдау нәтижесі бастапқы деңгейді норманың жоғарғы шегінен >5 есе растаса, емдеуді бастауға болмайды.

Емдеу алдында

Розувастатинді ГМГ-КоА-редуктазаның басқа тежегіштері сияқты миопатияның/рабдомиолиздің дамуына ықпал ететін факторлары бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. Мұндай факторларға:

бүйрек функциясының бұзылуы;

гипотиреоз;

жеке немесе отбасылық анамнезінде тұқым қуалайтын бұлшықет ауруларының болуы;

анамнезінде ГМГ-КоА-редуктазаның басқа тежегіштерінен немесе фибраттардан туындаған миоуыттылықтың болуы;

ішімдікті асыра пайдалану;

жасы >70 жас;

қан плазмасындағы препарат деңгейінің артуына әкелуі мүмкін жағдайлар;

фибраттарды бір мезгілде қолдану.

Мұндай пациенттерде препаратты қолданған кезде қауіп мен ықтимал пайданы салыстыру қажет; сондай-ақ клиникалық мониторинг ұсынылады. КФК (>5 НЖШ) бастапқы деңгейлері айтарлықтай жоғары болған жағдайда емдеуді бастауға болмайды.

Емдеу кезеңінде

Пациенттерге генезі белгісіз бұлшықет ауыруы, этиологиясы белгісіз құрысулар немесе бұлшықет әлсіздігі, әсіресе, егер олар дене қызуының жоғарылауымен немесе дімкәстікпен қатар жүрсе, дереу хабарлау қажеттігі туралы ескерту керек. Мұндай пациенттерде КФК деңгейін анықтау қажет. Егер КФК деңгейі едәуір жоғарыласа (>5 НЖШ) немесе егер бұлшықет симптомдары ауыр болса және күнделікті өмірде ыңғайсыздыққа әкелсе (тіпті КФК деңгейі ≤5 НЖШ болса да) емдеуді тоқтату қажет. Егер симптомдар өтіп, КФК деңгейі нормаға келсе, розувастатин немесе ГМГ-КоА-редуктазаның баламалы тежегішін ең аз мөлшерде және мұқият бақылаумен қайтадан қолдануға болады. Жоғарыда аталған симптомдарсыз пациенттерде КФК деңгейін тұрақты бақылау қажет емес.

Статиндермен, оның ішінде розувастатинмен емдеу кезінде немесе одан кейін иммунитетке жанамаласқан некротизацияланған миопатия (ИЖНМ) жағдайлары туралы өте сирек хабарланды. ИЖНМ клиникалық көріністері – проксимальды бұлшықеттердің әлсіздігі және статиндерді тоқтатқаннан кейін де сақталатын қан сарысуындағы КФК деңгейінің жоғарылауы болып табылады.

Клиникалық зерттеулер барысында розувастатин мен қатар жүретін препараттарды қолданған пациенттердің аздаған санында қаңқалық бұлшықеттерге қатты әсер етуі байқалмады. Алайда миозит және миопатия жағдайларының жоғары жиілігі гемфиброзил, циклоспорин, никотин қышқылы, азольдік зеңге қарсы дәрілер, протеаза тежегіштері және макролидті антибиотиктерді қоса ГМГ-КоА-редуктазаның басқа тежегіштерін қолданатын пациенттерде байқалды. Гемфиброзил ГМГ-КоА кейбір тежегіштерімен бір мезгілде қолданғанда миопатия қаупін арттырады. Сондықтан розувастатинді гемфиброзилмен біріктіріп қолдану ұсынылмайды. Розувастатинді фибраттармен немесе ниацинмен бір мезгілде қолданған кезде липидтер деңгейінің кейінгі өзгерістерінің қолайлы әсерін осындай біріктірімді қолданған кезде әлеуетті қауіппен салыстыру керек. Розувастатинді 40 мг дозада және фибраттарды бір мезгілде қолдануға болмайды.

Розувастатинді миопатияның дамуына ықпал ететін немесе рабдомиолиз аясында бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің даму қаупін арттыратын (сепсис, артериялық гипотензия, ауқымды хирургиялық араласу, жарақат, ауыр метаболизмдік, эндокриндік немесе электролиттік бұзылулар; бақыланбайтын құрысулар) жедел, ауыр жағдайлары бар пациенттерге қолдануға болмайды.

Бауырға әсері

ГМГ-КоА-редуктазаның басқа тежегіштері сияқты розувастатинді алкогольді көп пайдаланатын және/немесе анамнезінде бауыр ауруы бар пациенттерге сақтықпен қолдану керек.

Бауыр функциясының биохимиялық көрсеткіштерін препаратты қолданар алдында және ем басталған соң 3 айдан кейін тексеру ұсынылады. Егер қан сарысуындағы трансаминазалар деңгейі норманың жоғарғы шегінен 3 есе артық болса, розувастатинді қолдануды тоқтату немесе дозаны азайту керек. Бауыр функциясының елеулі бұзылыстары (көбінесе бауыр трансаминазалары деңгейінің жоғарылауы) туралы постмаркетингтік кезеңде 40 мг дозаны қолданған кезде жиі хабарланды.

Гипотиреоз немесе нефротикалық синдромнан туындаған салдарлық гиперхолестеринемиясы бар пациенттерде алдымен негізгі ауруды емдеу керек, содан кейін розувастатинді қолдануды бастау керек.

Клиникалық практикада статиндерді, оның ішінде розувастатинді қабылдаған пациенттерде бауыр функциясы жеткіліксіздігінен болған өлім жағдайлары немесе өлім туындамаған жағдайлар туралы анда-санда хабарланды. Егер розувастатинмен емдеу аясында клиникалық симптоматикамен және/немесе гипербилирубинемиямен немесе сарғаюмен бауырдың елеулі зақымдануы дамыса, препаратты қабылдауды дереу тоқтату қажет. Егер басқа себептер анықталмаса, препаратпен емдеуді қайта бастау керек емес.

Нәсілі

Фармакокинетиканы зерттеу барысында моңғолоид нәсілді пациенттерде еуропалықтармен салыстырғанда жүйелі экспозицияның шамамен екі есе артқаны белгілі болды. Мұндай пациенттер үшін розувастатиннің дозасын түзету қажет. Азиялық нәсілді пациенттер үшін розувастатиннің бастапқы дозасы 5 мг болуы керек. Розувастатиннің плазмадағы жоғары концентрациясы азиялық нәсілді пациенттерде байқалды. Гиперхолестеринемия 20 мг-ға дейінгі дозамен адекватты бақыланбайтын моңғолоид нәсілді пациенттерді емдегенде өскен жүйелік экспозицияны назарға алған жөн.

Протеаза тежегіштері

Розувастатинге жоғары жүйелі экспозиция розувастатинді ритонавирмен бірге протеазаның түрлі тежегіштерімен қатар қабылдаған адамдарда байқалды. Протеаза тежегіштерін қабылдайтын АИТВ бар пациенттерде розувастатиннің көмегімен липидтер деңгейінің төмендеуінен пайданы, сондай-ақ емдеудің басында және протеаза тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде препарат дозасын арттырғанда қан плазмасындағы розувастатин концентрациясының жоғарылау мүмкіндігін бағалау керек. Егер розувастатин дозасы түзетілмесе, препаратты протеаза тежегіштерімен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Өкпенің интерстициялық ауруы

Кейбір статиндерді қолданғанда, әсіресе ұзақ емдегенде, өкпенің интерстициялық ауруының ерекше жағдайлары туралы хабарланды. Өкпенің интерстициялық ауруына күдік болған жағдайда (диспноэ, өнімсіз жөтел және жалпы жағдайдың нашарлауы (шаршағыштық, дене салмағының төмендеуі және қызба)), статиндерді қолдануды тоқтату керек.

Қант диабеті

Кейбір фактілер статиндер қандағы глюкоза деңгейін арттыратынын дәлелдеді және болашақта диабеттің даму қаупі жоғары кейбір пациенттерде диабетті тиісті емдеуді қажет ететін осындай деңгейдегі гипергликемияны тудыруы мүмкін. Алайда, бұл қауіп статиндерді қолданған кезде қантамырлық асқынулар қаупінің төмендеуінен асып түседі, сондықтан ол статиндермен емдеуді тоқтатуға негіз болмауы тиіс. Тәуекел тобындағы пациенттерге (ашқарынға глюкоза деңгейі 5,6–6,0 ммоль/л, ДСИ >30 кг/ м2, триглицеридтердің жоғары деңгейі, артериялық гипертензия) ұлттық нұсқауларға сәйкес клиникалық, сондай-ақ биохимиялық бақылау орнату керек.

ГМГ-КоА-редуктазаның басқа тежегіштерін қолданған жағдайдағы сияқты, розувастатинді қолданған кезде қан сарысуындағы HbA1c және глюкоза деңгейінің өсуі байқалды.

Кейбір жағдайларда бұл көрсеткіштер қант диабетін диагностикалау үшін, ең алдымен диабеттің даму қаупі жоғары пациенттерде шектік мәндерден асуы мүмкін.

Розувастатиннің монотерапия ретінде қан плазмасындағы кортизолдың базалық концентрациясын төмендетпейтіндігі және бүйрекүсті бездерінің қорына әсер етпейтіні белгілі. Розувастатинді және эндогенді стероидты гормондардың, мысалы, кетоконазол, спиронолактон және циметидиннің деңгейін немесе белсенділігін төмендетуге қабілетті басқа да дәрілік заттарды бір мезгілде қолданғанда сақ болу қажет.

Балалар

Розувастатинді қабылдаған 10-нан 17 жасқа дейінгі балалардың сызықтық өсуін (бойы), дене салмағын, ДСИ (дене салмағының индексі) және Таннер бойынша жыныстық жетілудің салдарлық сипаттамаларын бағалау ұзақтығы 1 жыл кезеңімен шектелген. Зерттелетін емдеудің көрсетілген кезеңінде бойға, дене салмағына, ДСИ немесе жыныстық жетілуге ешқандай әсері анықталмады. Препаратты балаларға қолдануды клиникалық зерттеу тәжірибесі шектеулі және розувастатинді (>1 жыл) қолданудың жыныстық жетілуге ұзақ мерзімді әсері белгісіз.

Розувастатинді қабылдаған балаларда КФК деңгейінің НЖШ-ден >10 есе жоғары көтерілуі және дене жүктемесінен кейінгі бұлшықет тарапынан симптомдар ересектердегі осындай көрсеткіштермен салыстырғанда жиі байқалды.

Жүктілік және бала емізу кезеңінде қолдану

Розувастатинді жүктілік және бала емізу кезеңінде қолдануға болмайды.

Репродуктивті жастағы әйелдер розувастатинді қабылдау кезінде контрацепцияның адекватты құралдарын қолдануы тиіс.

Холестерин және холестерин биосинтезінің басқа да өнімдері ұрықтың дамуы үшін маңызды болғандықтан, ГМГ-КоА-редуктазаны тежеудің ықтимал қаупі жүктілік кезеңінде препаратты қолданудан ықтимал пайдадан асып түседі. Егер препаратты қолдану кезінде жүкті болып қалса, емдеуді дереу тоқтату керек.

Бұл класстың басқа дәрілік заты адамның емшек сүтіне енетіндіктен және ГМГ-КоА-редуктазаның тежегіштері нәрестелерде елеулі жағымсыз реакцияларды тудыруы мүмкін болғандықтан, розувастатинмен емдеуді қажет ететін әйелдерге емшек емізуден бас тартуды ұсыну керек. Осы препараттың адамның емшек сүтіне енетіндігі туралы деректер жоқ.

Автокөлікті басқару немесе басқа механизмдермен жұмыс істеу кезінде реакцияның жылдамдығына әсер ету қабілеті

Розувастатиннің көлік құралдарын басқару және басқа тетіктермен жұмыс істеу қабілетіне әсер ететіндігіне зерттеу жүргізілген жоқ. Алайда, фармакодинамикалық қасиеттерін ескере отырып, розувастатиннің осындай қабілетке әсер етуі екіталай. Көлік құралдарын басқарғанда немесе басқа механизмдермен жұмыс істегенде Кливас препаратымен емдеу кезінде бас айналу мүмкіндігін ескеру керек.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозалану режимі

Емдеуді бастамас бұрын пациентке стандартты холестерин төмендететін диетаны тағайындау керек, оны емдеу кезінде де сақтау қажет. Дозаны ағымдағы ұсыныстарды ескере отырып, емдеу мақсаттары мен емдеу тиімділігіне қарай жеке таңдау қажет.

Гиперхолестеринемияны емдеу

Ұсынылатын бастапқы доза бұрын статиндерді қабылдамаған пациенттер үшін де, бұған дейін ГМГ-КоА-редуктазаның басқа тежегіштерін қабылдаған пациенттер үшін де тәулігіне 1 рет 5 немесе 10 мг пероральді қабылдайды. Бастапқы дозаны таңдау кезінде пациенттерде холестерин құрамының жеке деңгейін және ықтимал жүрек-қантамыр қаупін, сондай-ақ жағымсыз реакциялардың ықтимал даму қаупін ескеру керек. Қажет болған жағдайда 4 аптадан кейін дозаны арттыруға болады. 40 мг дозаны қолданған кезде жағымсыз реакциялар неғұрлым төмен дозаларға қарағанда жиі пайда болатынына байланысты тек ауыр гиперхолестеринемиясы және жүрек-қантамырлық жоғары қаупі бар (атап айтқанда отбасылық гиперхолестеринемиясы бар пациенттерге), 20 мг дозада қалаған нәтижеге қол жеткізе алмаған және тұрақты бақылауда болуы тиіс пациенттерге ғана дозаны 40 мг ең жоғары деңгейге дейін титрлеу керек. 40 мг дозаны қолданудың басында маманның бақылауында болу ұсынылады.

Жүрек-қантамыр бұзылуының профилактикасы

Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан асқыну қаупінің төмендеуін зерттеу барысында препараттың тәуліктік дозасы 20 мг құрады. Гиперхолестеринемиясы бар пациенттерге липидтер деңгейін стандартты анықтау және гиперхолестеринемияны емдеуде дозалауға қатысты ұсынымдарды сақтау қажет.

Егде жастағы пациенттерге қолдану

70 жастан асқан пациенттер үшін ұсынылатын бастапқы доза 5 мг құрайды. Жасына байланысты дозаны басқаша түзету қажет емес.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер үшін дозалау

Бүйрек функциясының жеңіл және орташа бұзылулары бар пациенттер үшін дозаны түзетудің қажеті жоқ. Орташа ауырлықтағы бүйрек функциясы бұзылған пациенттер үшін ұсынылатын бастапқы доза (креатинин клиренсі <60 мл/мин) 5 мг құрайды. Бүйрек функциясы орташа ауырлықта бұзылған пациенттерге 40 мг дозаны қолдануға болмайды. Бүйрек функциясы ауыр бұзылған пациенттерге Кливас препаратын кез келген дозада қолдануға болмайды.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер үшін дозалау

Чайлда-Пью шкаласы бойынша 7 балл немесе одан аз пациенттерде розувастатиннің жүйелі экспозициясының артуы байқалмады. Алайда жүйелі экспозицияның ұлғаюы Чайлда-Пью шкаласы бойынша 8 және 9 баллға бағаланған пациенттерде байқалды. Мұндай пациенттерде бүйрек функциясын бағалау керек. Чайлда-Пью шкаласы бойынша 9 баллдан артық жинаған пациенттерде препаратты қолдану тәжірибесі жоқ. Кливасты белсенді сатыдағы бауыр аурулары бар пациенттерге қолдануға болмайды.

Нәсілі.

Моңғол нәсілді пациенттерде розувастатиннің жүйелі экспозициясының ұлғаюы байқалды. Мұндай пациенттер үшін ұсынылатын бастапқы доза 5 мг құрайды. 40 мг дозаны қолдануға болмайды. Ең жоғары тәуліктік доза 20 мг құрайды.

Миопатияның дамуына бейім пациенттер үшін дозалау

Мұндай пациенттер үшін ұсынылатын бастапқы доза 5 мг құрайды. 40 мг дозаны қолдануға болмайды. Ең жоғары тәуліктік доза 20 мг құрайды.

Генетикалық полиморфизм

Генетикалық полиморфизмнің кейбір түрлері розувастатин экспозициясының артуына әкелуі мүмкін. Полиморфизмнің осы түрлерінің бар екендігі белгілі пациенттерге препараттың аз тәуліктік дозасын қолдану ұсынылады.

Қатарлас қолдану

Розувастатин – әртүрлі транспорттық ақуыздардың субстраты (мысалы, ОАТР1В1 және BCRP). Миопатияның даму қаупі (оның ішінде рабдомиолиз) розувастатинді қан плазмасында розувастатиннің концентрациясын осы транспорттық ақуыздармен (мысалы, циклоспоринмен және протеазаның белгілі бір тежегіштерімен, оның ішінде ритонавирдің атазанавирмен, лопинавирмен және/немесе типранавирмен біріктірілімі) өзара әрекеттесу салдарынан жоғарылатуы мүмкін белгілі бір дәрілік заттармен бірге қолдану кезінде артады. Мүмкіндігінше балама дәрілік заттарды қолдануды қарастыру және қажет болған жағдайда Кливас препаратымен емдеуді уақытша тоқтату керек. Егер осы дәрілік заттарды Кливас препаратымен бірге қолданбау мүмкін болмаса, қатарлас қолданудың пайдасы мен қаупін мұқият бағалау және препараттың дозасын тиісті түрде түзету керек.

Балалар

Препаратты балаларға тек маман ғана қолдану керек.

10 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды емдеу үшін қолданады (Таннер шкаласы бойынша ІІ және одан жоғары даму сатысындағы ер балалар және етеккірі кемінде бір жыл бұрын басталған қыздар).

Гетерозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиясы бар балалар үшін әдеттегі бастапқы тәуліктік доза тәулігіне 5 мг құрайды. Препарат әдетте тәулігіне бір рет 5 мг-дан 20 мг-ға дейінгі мөлшерде пероральді қабылдайды. Дозаны балаларды емдеу жөніндегі ұсынымдарды сақтай отырып, баланың препаратқа төзімділігіне және емдеуге жеке жауабына сәйкес арттыру керек.

Розувастатинмен емдеуді бастамас бұрын балаларға стандартты гипохолестеринемиялық диетаны тағайындау керек, оны пациенттер емдеу кезінде де сақтауы тиіс. Дәрілік заттың қауіпсіздігі мен тиімділігі осы популяцияда 20 мг-дан артық мөлшерде зерттелмеген.

10 жасқа дейінгі балалар

10 жасқа дейінгі балаларды емдеу тәжірибесі шектеулі. Сондықтан розувастатинді 10 жасқа толмаған балаларға қолдануға болмайды.

Енгізу әдісі мен жолы

Кливас препаратын тамақтануға қарамастан, тәуліктің кез келген уақытында қабылдауға болады.

Таблетканы шайнауға болмайды, бірақ бөлуге болады. Сумен ішу керек.

Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

Артық дозаланғанда арнайы ем жоқ. Емдеу симптоматикалық, демеуші ем ұсынылады. Бауыр функциясын жәнен КФК деңгейлерін бақылау қажет. Гемодиализдің тиімді болуы екіталай.

Дәрілік препаратты қабылдаудан бұрын кеңес алу үшін дәрігерге хабарласыңыз.

ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар

Розувастинді қабылдау кезінде байқалған жағымсыз реакциялар әдетте жеңіл және уақытша болады.

Жиі (пациенттердің 1 %-ынан көп, бірақ 10 %-ынан аз кездеседі):

– қант диабеті1;

– бас ауыру, бас айналу;

– іш қату, жүрек айну, іштің ауыруы;

– миалгия;

– астения.

Жиі емес (пациенттердің 0,1 %-ынан көп, бірақ 1 %-ынан аз кездеседі):

– қышу, бөртпе, есекжем.

Сирек (пациенттердің 0,01 %-ынан көп, бірақ 0,1 % -ынан аз кездеседі):

– тромбоцитопения;

– жоғары сезімталдық реакциялары, оның ішінде ангионевроздық ісіну;

– панкреатит;

– бауыр трансаминазалары деңгейінің жоғарылауы;

– миопатия (оның ішінде миозит) және рабдомиолиз.

Өте сирек (пациенттердің 0,001 %-ынан көп, бірақ 0,01 %-ынан аз кездеседі):

– полинейропатия, жадын жоғалту;

– сарғаю, гепатит;

– артралгия;

– гематурия;

– гинекомастия.

Жиілігі белгісіз (қолда бар деректер бойынша анықтау мүмкін емес):

шеткері невропатия, ұйқының бұзылуы, оның ішінде ұйқысыздық және түнгі үрейлер;

– депрессия;

– жөтел, диспноэ;

– диарея;

– Стивенс-Джонсон синдромы;

– сіңірлер тарапынан бұзылулар, кейде жыртылулармен асқынған, иммунитетке жанамаласқан некротизацияланған миопатия;

– ісіну.

1Жиілік қауіп факторларының болуына байланысты (ашқарынға глюкоза деңгейі ≥5,6 ммоль/л, ДСИ >30 кг/м2, триглицеридтердің жоғары деңгейі, сыртартқыдағы артериялық гипертензия).

ГМГ-КоА-редуктазаның басқа тежегіштерін қолданған жағдайдағы сияқты, жағымсыз реакциялардың туындау жиілігі дозаға байланысты.

Бүйрекке әсері

Розувастатинді қабылдаған пациенттерде протеинурия жағдайлары, негізінен түтікшелік («тест-жолақтар» көмегімен анықталған) байқалды. Несептегі ақуыз мөлшерінің болмауынан немесе іздік мөлшерден ++ немесе одан да көп мәніне дейін өзгеруі розувастатинді 10 және 20 мг дозада қабылдаған пациенттердің <1 %-ында және 40 мг дозаны қолданғанда пациенттердің шамамен 3 %-ында біраз уақыттан кейін тіркелген. 20 мг дозаны қолдану кезінде несептегі ақуыздың болмауы немесе іздердің + мәніне дейін артуы жағдайлары жиілігінің шамалы ұлғаюы байқалды.

Көп жағдайда протеинурияның айқындылығы розувастатинді қолдануды жалғастыру кезінде кенеттен азайды немесе жоғалып кетті. Клиникалық зерттеулер мен постмаркетингтік бақылаулардың деректерін ескере отырып, бүгінгі күні протеинурия мен бүйректің жедел немесе үдемелі аурулары арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтауға мүмкіндік бермеді.

Гематурия розувастатинді қабылдаған пациенттерде байқалды және клиникалық зерттеу деректері оның жиілігі төмен екендігін көрсетеді.

Қаңқа бұлшықетіне әсері

Бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігімен немесе онсыз миалгия, миопатия (миозитті қоса) және сирек рабдомиолиз сияқты қаңқа бұлшықеті тарапынан зақымданулар розувастатинді кез келген дозада қолданғанда, әсіресе >20 мг дозаны қолданғанда байқалған.

Розувастатинді қабылдаған пациенттерде креатинфосфокиназа (КФК) деңгейлерінің дозаға тәуелді жоғарылауы байқалды, бұл көбінесе жеңіл, асимптомды және уақытша болды. Егер КФК деңгейлері жоғарыласа (норманың жоғарғы шегіне (НЖШ) қатысты >5 есе), емдеуді тоқтату керек.

Бауырға әсері

ГМГ-КоА редуктазаның басқа тежегіштерін қолданған жағдайдағы сияқты, розувастатинді қабылдаған пациенттердің аздаған санында трансаминаза деңгейінің дозаға тәуелді жоғарылауы байқалды; көп жағдайларда құбылыс жеңіл, асимптомды және уақытша болды.

Розувастатинді қолданған кезде НbА1с деңгейінің жоғарылауы да байқалды.

Кейбір статиндерді қолданған кезде келесі жанама құбылыстар туралы хабарланды:

жыныстық функцияның бұзылуы; өкпенің интерстициалық ауруының жекелеген жағдайлары, әсіресе ұзақ емдеу жағдайында.

Рабдомиолиз жағдайларының жиілігі, бүйрек пен бауыр тарапынан елеулі бұзылулар (трансаминаза деңгейінің жоғарылауы басым) 40 мг дозаны қолданған кезде жоғары болды.

Розувастатинді клиникалық қолдану процесінде өлімге әкелетін және өлім тудырмайтын бауыр функциясы жеткіліксіздігі сияқты жағымсыз реакциялар анықталды. Бұл реакция туралы белгісіз мөлшердегі популяциядан спонтанды хабарланғандықтан, оның жиілігін шынайы бағалау немесе розувастатинді қолданумен себеп-салдарлық байланыстың болуын анықтау мүмкін емес.

Кейде клиникалық қолдану кезінде статиндерді қолданумен байланысты когнитивтік функциялардың бұзылуы (мысалы, еске сақтаудың нашарлауы, ұмытшақтық, амнезия, сананың шатасуы) туралы хабарланды. Мұндай когнитивтік мәселелер туралы барлық статиндерге байланысты хабарланды. Хабарламада айтылған құбылыстар, әдетте, жеңіл сипатқа ие және статиндерді тоқтатқаннан кейін басылады, сондай-ақ симптомдар пайда болғанға дейін (1 күннен бірнеше жылға дейін) және олар жойылғанға дейін (медиана – 3 апта) уақыт әртүрлі болады.

Балалар

Креатинкиназа деңгейінің жоғарылауы НЖШ-ден >10 есе жоғары және дене жүктемесінен кейінгі бұлшықет тарапынан симптомдар ересектермен салыстырғанда балаларда жиі байқалды. Алайда, розувастатиннің балалардағы қауіпсіздік бейіні ересектердегіге ұқсас болды.

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препарат құрамы

Бір таблетканың құрамында:

белсенді зат: 10,4 мг кальций розувастатині (10 мг розувастатинге шаққанда) немесе 20,8 мг кальций розувастатині (20 мг розувастатинге шаққанда).

қосымша заттар: маннит (Е 421), натрий кроскармеллозасы, магний гидроксиді, кальций карбонаты, сусыз натрий карбонаты, коллоидты гидрофобты кремнийдің қостотығы, сулы коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты.

үлбірлі қабықтың құрамы: темірдің қызыл тотығы (Е 172), темірдің сары тотығы (Е 172), темірдің қара тотығы (Е 172), полиэтиленгликоль, поливинил спирті, тальк, титанның қостотығы (Е 171).

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, қызғылт түсті үлбірлі қабықпен қапталған, кертігі бар таблеткалар. Көлденең сынықта екі қабат көрінеді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан алюминий фольгадан және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады

3 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолданылуы жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге тұтынушы ыдысына арналған картон қорапшаға салынады.

Сақтау мерзімі

2 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында 25 ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы.

Өндіруші туралы мәліметтер

«Фарма Старт» ЖШҚ,

Украина, Киев қ-сы., В. Гавела бул., 8.

Тел./факс: +38044 2812333

e-mail: office@phs.ua

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Асино Украина» ЖШҚ,

Украина, Киев қ-сы., В. Гавела бул., 8.

Тел./факс: +38044 2812333

e-mail: office@phs.ua

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта):

«Ацино Каз» ЖШС,

Қазақстан Республикасы, 050010, Алматы қ-сы., Бегалин к., 136 А

Телефон: 8 (727-2) 91-61-51

Факс: 8 (727-2) 91-61-51

е-mail: PV-KAZ@acino.swiss

Прикрепленные файлы

Проект_ЛВ_Кливас_исправленный_2.1_.docx 0.08 кб
Кливас_ЛВ_КАЗ_от_20.07_.docx 0.08 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту