Кларигет (125мг/5мл)

МНН: Кларитромицин
Производитель: Гетц Фарма (Пвт) Лимитед
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Clarithromycin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№014734
Период регистрации: 05.03.2015 - 05.03.2020

Инструкция

Саудалық атауы

Кларигет

Халықаралық патенттелмеген атауы

Кларитромицин

Дәрілік түрі

Суспензия дайындауға арналған апельсин дәмі бар 125мг/5мл түйіршіктер

Құрамы

5 мл препараттың құрамында

Белсенді зат - кларитромицин түйіршіктері 454.545

(кларитромицинге баламалы) 125.000

Қосымша заттар: сахароза, титанның қостотығы (Е 171), аэросил 200,

ксантан шайыры, метилпарабен, трусил ұнтағы (апельсин дәмі бар хош иістендіргіш)

Сипаттамасы

Ақтан дерлік ақ түске дейінгі түйіршіктер.

Фармакотерапиялық тобы

Бактерияларға қарсы жүйелі пайдалануға арналған препараттар. Макролидтер, линкозамидтер және стрептограминдер. Макролидтер. Кларитромицин.

АТХ коды J01FA09

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қабылданған кезде кларитромицин асқазан-ішек жолынан жылдам сіңіріледі, биожетімділігі 50%. Тамақ биожетімділігіне елеулі әсер етпей абсорбциясын баяулатады.

Аш қарынға ішке қабылданғанда Tmax 2–3 сағат ішінде жетеді. Қан плазмасы ақуыздарымен 50% байланысады. Қабылданған дозасының шамамен 20%-ы негізгі метаболит 14-гидроксикларитромицин (14-ОН-кларитромицин) түзе отырып, бауырда бірден тотығады, оның Haemophilus influenzae-ге қатысты микробқа қарсы айқын белсенділік иеленген. Биотрансформация Р450 цитохромды кешенінің ферментімен катализденеді.

Кларитромицин және оның негізгі метаболитінің тұрақты концентрациясына 2-3 күн ішінде жетеді.

250 мг кларитромицинді қабылдағанда әрбір 12 сағатта кларитромициннің Cmax–сы тепе-теңділік жағдайда шамамен 1–2 мкг/мл құрайды, 14-ОН-кларитромициннің Cmax–сы 0,6–0,7 мкг/мл; 500 мг клатритромицинді қабылдағанда әрбір 12 сағатта кларитромциннің Cmax–сы 2–3 мкг/мл, әрбір 8 сағатта 3–4 мкг/мл, 500 мг кларитромицинді қабылдағанда 14-ОН-кларитромициннің Cmax–сы әрбір 8–12 сағатта 1 мкг/мл-ге дейін.

Кларитромицин мен 14-ОН-кларитромицин организм тіндеріне және сұйықтарына, оның ішінде өкпе, тері және жұмсақ тіндерге жақсы өтеді. Таралу көлемі – 243-266 л. 250 мг кларитромицинді қабылдағанда әрбір 12 сағатта кларитромциннің T1/2-сі 3 -4 сағат, 14-ОН кларитромициндікі 5-6 сағат; 500 мг қабылдағанда әрбір 8–12 сағатта  кларитромицин мен оның негізгі метаболитінің T1/2-сі тиісінше 5 -7 сағатқа және 7 -9 сағатқа ұзарады. Несеппен және нәжіс арқылы шығарылады. Несеппен 20-30 % өзгермеген күйінде немесе суспензия түрінде қабылдағанда 40% және 14-ОН-кларитромицин түрінде 10-15% бөлінеді. Шамамен нәжіс арқылы 4% бөлінеді.

Бауыр функциясының бұзылуы. Бауыр функциясының бұзылуы кезіндегі кларитромициннің тепе-тең концентрациясының бауыр функциясы сақталған емделушілердегі осындаймен салыстырғанда еш айырмашылығы болмады, бірақ 14-ОН-кларитромицинің тепе-тең концентрациясы бауыр функциясының бұзылуы бар емделушілерде едәуір төменірек болды. Бауыр функциясының бұзылуында дәрілік заттың 14-ОН-кларитромицин түрінде бөлінуінің төмендеуі аздап бүйрек арқылы бөлінуімен теңгеріледі де доза түзетуін керек етпейді.

Бүйрек функциясының бұзылуы. Бүйрек функциясының бұзылуы бар емделушілерде плазмадағы кларитромицин концентрациясы, кларитромицин мен 14-ОН-кларитромициннің T1/2-сі, Cmax пен Cmin, AUC-сы жоғарылайды. Бүйрек функциясының ауыр бұзылуы бар науқастарда (креатинин Cl 30 мл/мин төмен) доза түзетілуі керек болуы мүмкін.

Фармакодинамикасы

Кларигет бактериостатикалық әсері бар жартылай синтетикалық макролидтік антибиотик болып табылады. Кларигет бактерия рибосомасының 50s суббірлігімен байланысқа түсіп, бактерия ақуыз синтезінің бәсеңдеуін туындатады.

Кларитромицин көптеген микроорганизмдерге қатысты тиімді, оның ішінде жасушаішілік (Mycoplasma pneumoniae, Legionella pnеumophila, Chlamydia trochomatis және C.Pneumoniae, Ureaplasma urealyticum), грамм оң - Staphylococcus spp., Streptococcus spp. (оның ішінде Staphylococcus pyogenes., Streptococcus pneumonia), Listeria monocytogenesis, Corynebacterium spp., және грамм теріс бактериялар (Haemophilus influenza, Haemophilus parainfluenzae, Moraxella catarrhalis, Bordetella pertussis, Neisseria meningitidis, Borrelia burgdorferi, Pasteurella multocida, Campylobacter spp., Helicobacter pylori), кейбір анаэробтар (Eubacterium spp., Peptococcus spp., Propionibacterium spp., Clostridium perfringens, Bacteroides melaninogenicus), Toxoplasma gondii, Mycoplasma pneumoniae, микобактериялар (Mycobacterium avium complex, Mycobacterium avium мен Mycobacterium intercellulare қосқанда, және де M. Marinum, M.leprае).

Стафилококктардың көптеген метициллин- және оксациллинге резистентті штаммдары кларитромицинге сезімтал емес.

Қолданылуы

  • жоғарғы тыныс алу жолдары мен ЛОР-мүшелердің жұқпалары (тонзиллит, фарингит, жедел ортаңғы отит, жедел синусит)

  • төменгі тыныс алу жолдарының жұқпалары (жедел бронхит, созылмалы бронхиттің асқынуы, бактериялық және атипиялық ауруханадан тыс пневмония)

  • тері мен жұмсақ тіндер жұқпалары (фолликулиттер, тері асты шелмайының қабынуы, эризипелоид және тілме қабынуы)

  • Mycobacterium avium немесе Mycobacterium intracellulare, Mycobacterium chelonae, Mycobacterium fortuitum, Mycobacterium kansasi туындаған жайылған немесе оқшауланған микобактериялық жұқпалар және ЖИТС-пен науқастарда олардың алдын алу

Қолдану тәсілі және дозалары

Суспензия дайындау тәртібі.

Құрамында 5 мл/125 мг кларитромицині бар 50 мл суспензияны алу үшін Кларигет түйіршіктерін алдын-ала өндірушінің шөлмегіндегі көрсеткішке дейін құйылған қайнаған және суытылған суда жақсылап шайқап, еріту керек. Дайын суспензияны тамақтану кезінде, сонымен қатар тамақ қабылдау аралығында ішуге болады. Әрбір қабылдау алдында суспензиясы бар бөтелкені жақсылап шайқау керек. Дәл дозалау үшін мөлшер көрсеткіші бар қасықты пайдаланыңыз.

Жұқпаны емдеу үшін 6 айдан 12 жасқа дейінгі балаларға арналған суспензия түріндегі Кларигеттің ұсынылған дозасы тәулігіне 2 рет 7.5 мг/кг-ден құрайды, ең жоғары дозасы – тәулігіне 2 рет 500 мг.

Емдеу ұзақтығы әдетте қоздырғыштың түріне және ауру ағымының ауырлығына байланысты 5–10 күнді құрайды. Суспензияны тамақ қабылдауға байланыссыз қабылдайды (сүтпен қабылдауға болады).

1кесте

Препаратты баланың дене салмағына қарай дозалау (тәулігіне 2 рет қабылдау)

Бала денесінің салмағы * (кг)

125 мг/5 мл

суспензияның дозасы (мл) 1 қабылдау

кларитромицинге сәйкес (мг)

8 – 11

2.5 мл

62.5 мг

12 – 19

5.0 мл

125 мг

20 – 29

7.5 мл

187.5 мг

30 – 40

10.0 мл

250 мг

* Дене салмағы 8 кг дейін балаларға доза дене салмағының келісіне есептеледі: (7.5 мг/кг күніне екі рет)

Бүйрек жеткіліксіздігі кезінде дозалау

Креатинин клиренсі 30 мл/мин төмен балаларға Кларигеттің дозасы 50%-ға төмендетілуі қажет. Ем 14 күннен аспауы керек.

6 айдан 12 дейінгі жастағы балаларда суспензия түріндегі кларитромициннің қолданылуының клиникалық зерттеулері жүргізілді. Сондықтан 12 жасқа дейінгі балаларда кларитромицинді суспензия түрінде қолдану керек.

Жағымсыз әсерлері

Ересектер мен балаларды кларитромицинмен емдеу кезінде болатын ең жиі әрі ортақ жағымсыз реакциялар іштің ауыруы, диарея, жүрек айнуы, құсу және дәм сезудің бұзылуы болып табылды. Бұл жағымсыз реакциялар әдетте жеңіл білінеді және макролидтік антибиотиктердің қауіпсіздік бейінімен келісілген. Клиникалық зерттеулер кезінде микобактериялық жұқпалары бар немесе жоқ емделушілер тобы арасында бұл жағымсыз реакциялардың жиілігі бойынша елеулі айырмашылық анықталған жоқ.

Жағымсыз реакциялар пайда болу жиілігі бойынша бөлінеді: 10% жоғары – өте жиі, 1-10% - жиі, 0,1-1% - жиі емес

Жиі

- ұйқысыздық

- бас ауыруы

- дизгевзия (дәм сезу сезімталдылығының бұзылуы), дәм сезудің бұрмалануы

- жүрек айнуы, іштің ауыруы, құсу, диспепсия, диарея

- бауырдың функциональді тесттерінің қалыпты жағдайдан ауытқуы

- бөртпе, гипергидроз

Жиі емес

- ауыз қуысының кандидозы, гастроэнтерит

- жұқпа, қынаптық жұқпа

- лейкопения, нейтропения, тромбоцитемия, эозинофилия

- аса жоғары сезімталдық

- анорексия, тәбеттің төмендеуі

- үрей, ашушаңдық

- бас айналуы, ұйқышылдық, тремор

- вертиго, есту қабілетінің нашарлауы, құлақтағы шуыл

- QT аралығының ұзаруы, экстрасистолалар, жүрек қағуын сезіну

- мұрыннан қан кету

- гастроэзофагеальды рефлюксті ауру, гастрит, прокталгия, стоматит, глоссит, іштің кебуі, іштің қатуы, ауыздың кеберсуі, кекіру, метеоризм

- холестаз, гепатит, АЛТ, АСТ, ГГТ деңгейінің жоғарылауы

- қышыну, есекжем, макуло-папулёзді бөртпе

- бұлшықеттің түйілуі, миалгия

- дімкәстік, қызба, астения, кеуденің ауыруы, қалтырау, жоғары қажығыштық

- қан сарысуында сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы, қан сарысуында лактатдегидрогеназа деңгейінің жоғарылауы

Постмаркетингтік хабарламалар (іс жүзінде қолданғанда). Бұл реакциялар жайында емделушілердің анықталмаған популяциясы еркін түрде хабарлағандықтан, жиілігі белгісіз. Олардың даму жиілігін немесе себеп-салдарын препаратты қабылдаумен нақты байланыстыру барлық уақытта мүмкін емес. Кларитромицинді қолданудың жалпы тәжірибесі 1 миллиардтан көп емделуші-күнін құрайды.

- жалғанжарғақшалық колит, тілме қабынуы, эритразма

- агранулоцитоз, тромбоцитопения

- анафилактикалық реакциялар

- гипогликемия

- психоздар, сананың шатасуы, өзін танымау, депрессия, бағдардан айрылу, елестеулер, шым-шытырық түс көрулер

- құрысулар, агевзия (дәм сезінудің жоғалуы), паросмия, аносмия, парестезия

- естімей қалу

- пируэтті қарыншалық тахикардия (torsades de pointes), қарыншалық тахикардия

- қан құйылу

- жедел панкреатит, тіл түсінің өзгеруі, тіс түсінің өзгеруі

- бауыр жеткіліксіздігі, холестатикалық сарғаю, гепатоцеллюлярлы сарғаю

- Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз, эозинофилия және жүйелік біліністермен (DRESS) қатар жүретін дәрі-дәрмектік тері реакциясы, акне, Шенлейн-Генох ауруы

- рабдомиолиз (кейбір рабдомиолиздің пайда болуы жайындағы хабарламаларда кларитромицинді бір мезгілде рабдомиолиздің дамуымен байланысты басқа дәрілік препараттармен бірге қолданған (статиндер, фибраттар, колхицин немесе алопуринол сияқты), миопатия

- бүйрек жеткіліксіздігі, интерстициальді нефрит

- халықаралық қалыптасқан қатынас мәнінің жоғарылауы, протромбиндік уақыттың жоғарылауы, несеп түсінің өзгеруі

Кларитромициннің ішу арқылы қабылданатын түрлерін клиникалық зерттеу барысында да парестезия, артралгия, ангионевротикалық ісіну жайында хабарланған.

Негізінен бір мезгілде рифабутин қабылдаған емделушілерде увеит жөнінде өте сирек мәліметтер болған. Бұл жағдайлардың көбісі қайтымды.

Иммундық жүйенің бұзылуы бар емделушілер.

Микобактериялық жұқпаны емдеу үшін кларитромициннің жоғары дозасын ұсынылғаннан ұзағырақ қабылдаған ЖИТС-пен науқастарда және иммундық жүйесінің бұзылуы бар басқа да емделушілерде препаратты қолданумен байланысты жағымсыз реакцияларды негізгі немесе қатарлас аурудың симптомдарынан айыру әр кезде мүмкін бола бермейді.

Кларитромицинді 1000 мг тәуліктік дозада қабылдаған ересек науқастарда, жиі кездесетін жағымсыз әсерлері жүрек айнуы, құсу, дәм сезудің бұзылуы, іштің ауыруы, диарея, бөртпе, іштің кебуі, бас ауыруы, іш қату, естудің бұзылуы, АЛТ және АСТ деңгейінің жоғарылауы. Сирек диспноэ, ұйқысыздық және ауыздың құрғауы байқалды. 2 – 3% емделушілерде АЛТ және АСТ деңгейінің айтарлықтай жоғарылауы және қанда лейкоциттер мен тромбоциттердің санының айтарлықтай төмендеуі байқалды. Бірнеше емделушілерде қандағы мочевина деңгейінің жоғарылауы байқалды.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- макролидтік антибиотиктерге немесе препараттың басқа да компоненттеріне жоғары сезімталдық

- кларитромицинді және келесі препараттардың кез келгенін бір мезгілде қабылдау: астемизол, цизаприд, пимозид, терфенадин (бұл QT аралығының ұзаруына және қарыншалық тахикардияны, қарыншалардың фибрилляциясын және пируэтті қарыншалық тахикардияны қоса алғанда (torsade de pointes) жүрек аритмиясына әкелетіндіктен), эрготамин немесе дигидроэрготамин (бұл эргоуыттылыққа әкелуі мүмкін болғандықтан), ловастатин, симвастатин (рабдомиолизді қоса, миопатия қаупінің жоғарылауымен байланысты)

- пероральді қолдануға арналған мидазолам

- тикагрелормен немесе ранолазинмен бір мезгілде қабылдау

- гипокалиемия (QT интервалының жоғарылау қаупі)

- ауыр бүйрек және бауыр жеткіліксіздігімен емделушілер

- тұқым қуалайтын фруктоза көтере алмаушылық, глюкоза-галактозалық мальабсорбция, сахароза-изомальтазалық жеткіліксіздік

- сыртартқысында QT аралығының ұзаруы немесе пируэтті қарыншалық тахикардияны (torsade de pointes) қоса, қарыншалық жүрек аритмиясы бар емделушілер

- бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерге колхицин мен

Р-гликопротеинді немесе CYP3A4 күшті тежегіштерін бір мезгілде қабылдау

- 6 айға дейінгі жастағы балаларға (суспензия дайындауға арналған түйіршіктер)

- жүктілік және лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Кларигетпен келесі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдану қатаң қарсы көрсетілімде, өйткені олардың біріктірілімі өзара әрекеттесудің ауыр салдарларын туындатуы мүмкін

Цизаприд, пимозид, астемизол және терфенадин. Осы препараттарды Кларитромицинмен бір уақытта қабылдағанда қарыншалық тахикардия, қарыншалардың фибрилляциясы және екібағытты тахикардияны қоса, QT аралығының ұзаруына және аритмияларға алып келуі мүмкін.

Қастауыш алкалоидтары. Постмаркетингтік зерттеулер көрсеткендей, кларитромицин мен эрготаминді немесе дигидроэрготаминді бір мезгілде қолдану, орталық жүйке жүйесін қоса, қантамырларының тарылуы, аяқ-қолдардың және басқа тіндердің ишемиясы түрінде білінетін қастауыштардың уытты әсеріне әкеледі.

ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері (статиндер). Кларигетті ловастатинмен немесе симвастатинмен бір мезгілде қолдануға болмайды, өйткені олар айтарлықтай дәрежеде CYP3A4 метаболизденеді, ал кларитромициннің болуы олардың плазмадағы концентрациясының жоғарылауын туындатады, осының нәтижесінде миопатия және рабдомиолиздің даму қаупі артады. Кларитромицинді аталған статиндермен бір мезгілде қолданған емделушілерде рабдомиолиздің пайда болу жағдайлары туралы деректер бар. Егер Кларигетті міндетті түрде қолдану керек болса, ловастатинді немесе симвастатинді қабылдауды Кларигетті қолдану кезінде тоқтатады.

Кларигетті статиндермен бір мезгілде қолдануды сақтықпен тағайындау керек. Кларигет пен статиндерді бір мезгілде қолдану өте қажет болған жағдайда, CYP3A метаболизміне байланысты емес статиндерді мысалы, флувастатинді тағайындау мүмкіндігін қарастыру керек. Статиннің барынша мүмкін ең төмен дозасын тағайындау ұсынылады. Емделушілерде миопатияның белгілері мен симптомдарын байқап отыру керек. Кларигетті статиндермен бір мезгілде қолдануды сақтықпен тағайындау керек.

Басқа дәрілік препараттардың Кларигеттің емдік тиімділігіне әсері. CYP3A индукциялайтын препараттар (мысалы, рифампицин, фенитоин, карбамазепин, фенобарбитал, шайқурай) кларитромициннің метаболизмін жеделдетуі мүмкін. Бұл кларитромициннің концентрациясының және оның тиімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұдан басқа, кларитромициннің CYP3A-ны тежейтін әсерінің салдарынан жоғарылауы мүмкін (сондай-ақ CYP3A4 сәйкес тежегішінің медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулығын қара) CYP3A индукциялайтын басқа дәрілік заттардың деңгейін байқап отыру қажет болуы мүмкін. Рифабутин мен Кларигетті бір мезгілде қолдану рифабутиннің деңгейінің жоғарылауына және кларитромициннің қан сарысуындағы концентрациясының төмендеуіне, сондай-ақ увеит қаупінің артуына әкеледі.

Келесі препараттардың қан сарысуында кларитромициннің концентрациясының өзгеруін туындатуы, немесе іс жүзінде туындатуы мүмкіндігі белгілі. Кларигеттің дозасын түзету немесе емдеудің басқа варианттарын қарастыру қажет болуы мүмкін

Эфавиренц, невирапин, рифампицин, рифабутин және рифапентин: P450 цитохромының метаболикалық жүйесінің күшті индукторы ретінде, бір мезгілде оның белсенді метаболитінің (14-OH-кларитромицина) концентрациясын жоғарылатып олар кларитромициннің метаболизмін жеделдетуі мүмкін, осылайша оның қан плазмасындағы концентрациясын төмендетеді. Кларитромицин мен 14-OH-кларитромициннің әртүрлі бактерияларға микробиологиялық әсерінің айырмашылығы болғандықтан, Кларигет пен Р450 цитохрома ферменттерінің индукторлары қажетті емдік әсерге қол жеткізуге кедергі етуі мүмкін.

Этравирин: Этравиринді қабылдағанда, Кларигеттің экспозициясы төмендейді, ал оның белсенді метаболиті 14-OH-кларитромициннің концентрациясы жоғарылайды. Өйткені 14-OH-кларитромицин микобактериялық кешенге (MAC) қарсы тиімділігі төмен дәрі болып табылатындықтан, аталған патогенге қатысты препараттың жалпы тиімділігі өзгеруі мүмкін. Осы себепті, MAC емдеу үшін емнің баламалы нұсқаларын қарастыру керек.

Флуконазол: кларитромициннің белсенді метаболиті 14-ОН тепе тең концентрациясы флюконазолмен бір мезгілде қолданғанда айтарлықтай өзгерген жоқ. Кларигеттің дозасын түзету қажет емес.

Ритонавир: 200 мг ритонавирді әрбір сегіз сағатта және Кларигетті әрбір 12 сағатта бір мезгілде қолдану фармакокинетикасын зерттеулер көрсеткендей, кларитромициннің метаболизмінің айтарлықтай төмендеуіне әкеледі. Бұл кезде кларитромициннің Cmax 31%-ға, Cmin 182%-ға жоғарыласа, AUC 77%-ға жоғарылады. 14-OH-кларитромициннің түзілуінің іс жүзінде толық тежелуі байқалды. Бүйрек функциясы қалыпты емделушілерде кең емдік диапазонына байланысты Кларигеттің дозасын азайту қажет етілмейді. Бүйрек жеткіліксіздігімен емделушілерде дозаны түзету керек: креатинин клиренсі (КК) 30–60 мл/мин болғанда Кларигеттің дозасын 50 %-ға төмендету, КК < 30 мл/мин болғанда –75 %-ға төмендету керек. Кларигеттің күніне 1 гр асатын дозаларын ритонавирмен бірге қолдануға болмайды.

Атазанавир мен саквинавирді қоса, басқа да АИВ-протеаза тежегіштерімен («Дәрілік препараттармен екібағытты өзара әрекеттесуі» бөлімін қара) бірге ритонавирді фармакокинетикалық күшейткіш ретінде қолданғанда бүйрек функциясының бұзылуымен емделушілерде дозаны осылайша түзету жүргізу керек.

Кларигеттің басқа дәрілік препараттарға әсері

Аритмияға қарсы препараттар. Маркетингтен кейінгі тәжірибеде кларитромицинді хинидинмен немесе дизопирамидпен бір мезгілде қолданғанда екібағытты тахикардияның жағдайлары анықталған.

Кларигетті аталған препараттармен бір мезгілде қолданғанда QT интервалының ұзаруын уақытылы анықтау үшін, ЭКГ-мониторинг жүргізу ұсынылады. Кларигетпен емдеу кезінде аталған препараттардың қан сарысуындағы концентрациясын бақылап отыру керек. Кларитромицин мен дизопирамидті бір мезгілде қолданғанда гипогликемия жағдайлары туралы да хабарлар бар. Кларигет пен дизопирамидті бір мезгілде қолданғанда қандағы глюкоза деңгейін бақылау керек.

Пероральді гипогликемиялық дәрілер мен инсулин. Кларигет натеглинид пен репаглинид секілді белгілі гипогликемиялық дәрілермен бір мезгілде қолданғанда CYP3A энзимінің тежелуі байқалуы мүмкін, ол гипогликемияны туындатуы мүмкін. Глюкоза деңгейін мұқият мониторингілеу ұсынылады.

CYP3A-байланысты өзара әрекеттесу. CYP3A ферментінің тежегіші ретінде белгілі Кларигетті және CYP3A алғашқы метаболизденетін кез келген басқа препаратты бір мезгілде қолдану соңғысының қан плазмасындағы концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін, ол, өз кезегінде, оның емдік әсерін және жағымсыз реакцияларын күшейтуі немесе ұзартуы мүмкін.

Дәрілік заттар – CYP3A субстраттарын қабылдайтын емделушілерде, Кларигетті қабылдағанда әсіресе егер соңғылар тар емдік диапазон иеленсе (мысалы, карбамазепин) және/немесе осы энзиммен экстенсивті метаболизденсе сақтық шараларын сақтау керек. Кларигетті бір мезгілде қабылдайтын емделушілерде CYP3A метаболизденетін дәрілік заттардың сарысулық концентрациясын мониторингілеу және дозасын өзгерту қажет болуы мүмкін.

Келесі дәрілік препараттар немесе препараттар тобы сол бір CYP3A изоферменттерімен метаболизденетіні белгілі: альпразолам, астемизол, карбамазепин, цилостазол, цизаприд, циклоспорин, дизопирамид, қастауыш алкалоидтары, ловастатин, метилпреднизолон, мидазолам, омепразол, пероральді антикоагулянттар (мысалы, варфарин), пимозид, хинидин, рифабутин, силденафил, симвастатин, такролимус, терфенадин, триазолам мен винбластин, бірақ бұл тізім толық емес. Осындай өзара әрекеттесу механизмі Р450 цитохромы жүйесінің басқа изоферментімен метаболизденетін фенитоинді, теофиллин және вальпроатты қолданғанда, байқалған.

Омепразол. Дені сау ересек еріктілерді Кларигеттің пероральді түрін (500 мг әрбір 8 сағатта) және омепразолды (40 мг күнделікті) бір мезгілде қолданғанда зерттеу нәтижелері бар. Кларигетпен бір мезгілде қолданғанда омепразолдың плазмадағы (сәйкесінше Cmax, AUC0-24 және t1/2 30%, 89% және 34%-ға жоғарылауы) тепе тең концентрациясының жоғарылауы байқалды. Асқазандағы pH көрсеткішінің орташа мәні омепразолды жеке қабылдағанда 5,2 және омепразолды Кларигетпен бір мезгілде қабылдағанда 5,7 құрады.

Силденафил, тадалафил және варденафил. Оларды Кларигетпен бір мезгілде қолданғанда фосфодиэстераза тежегіштерінің (силденафил, тадалафил және варденафилдің) плазмалық концентрациясының жоғарылау мүмкіндігі бар, ол фосфодиэстераза тежегіштерінің дозасын азайтуды талап етуі мүмкін.

Теофиллин, карбамазепин. Клиникалық зерттеулер нәтижелері, Кларигетпен бір мезгілде қабылдағанда теофиллин мен карбамазепиннің айналымдағы концентрациясының статистикалық мәнді (p≤0,05) жоғарылауының барын көрсетеді.

Толтеродин негізінен Р450 цитохромының (CYP2D6) 2D6-изоформасымен метаболизденеді. Әйтсе де CYP2D6-сыз емделушілерде метаболизм CYP3A арқылы жүреді. Аталған популяцияда CYP3A бәсеңдеуі толтеродиннің плазмалық концентрациясының айтарлықтай жоғарылауына әкеледі. Осындай емделушілер үшін толтеродиннің дозасын төмендету оны Кларигет секілді CYP3A тежегіштерімен қолданғанда қажет болуы мүмкін.

Триазолобензодиазепиндер (мысалы, алпразолам, мидазолам, триазолам).

Пероральді мидазоламды және Кларигетті бір мезгілде қолдануға болмайды.

Мидазоламды Кларигетпен көктамырішілік қолданғанда дозаны уақытылы түзету үшін, емделушінің жағдайын мұқият мониторингілеу керек.

Триазолам мен альпразоламды қоса, CYP3A метаболизденетін басқа бензодиазепиндерді қолданғандағыдай сақтық шараларын сақтау керек. Элиминациясы CYP3A-ға (темазепам, нитразепам, лоразепам) байланысты емес, бензодиазепиндер үшін Кларигетпен клиникалық мәні бар өзара әрекеттесудің дамуының мүмкіндігі төмен.

Кларигет пен триазоламды бір мезгілде қолданғанда орталық жүйке жүйесі тарапынан дәрілік өзара әрекеттесу мен жағымсыз құбылыстардың дамуы (ұйқышылдық және сананың шатасуы секілді) туралы постмаркетингтік хабарлар бар. ОЖЖ тарапынан фармакологиялық әсерлердің жоғарылау мүмкіндігін ескеріп, емделушіні бақылауға алу керек.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Аминогликозидтер: Кларигет пен басқа отоуытты препараттарды, әсіресе аминогликозидтерді бір мезгілде сақтықпен тағайындау керек.

Колхицин CYP3A үшін де және сондай-ақ p-гликопротеиннің эффлюксті тасымалдаушысы үшін субстрат болып табылады. Кларигет пен басқа макролидтер CYP3A және p-гликопротеиннің тежегіштері болып табылатыны белгілі. Кларигет пен колхицинді бір мезгілде қолданған жағдайда, p-гликопротеин мен CYP3A-ны кларитромицинмен тежелуі колхициннің экспозициясының артуына әкелуі мүмкін. Емделушілерде колхицинмен уыттанудың клиникалық білінуін байқау керек. Бауыр мен бүйрек қалыпты функциясымен емделушілерге Кларигетпен бір мезгілде қолданғанда колхициннің дозасын төмендету керек. Кларигет пен колхицинді бір мезгілде бауыр және бүйрек жеткіліксіздігімен емделушілерге қолдануға болмайды.

Дигоксин P-гликопротеиннің (Pgp) субстраты болып саналады. Кларитромициннің Pgp бәсеңдетуге қабілеті бары белгілі. Бір мезгілде қолданғанда, Pgp бәсеңдеуі дигоксиннің экспозициясының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Постмаркетингтік бақылауда Кларигетті дигоксинмен бір мезгілде қабылдайтын емделушілердің қан сарысуында дигоксин концентрациясының жоғарылауы анықталды. Кейбір емделушілерде дигиталисті уыттану белгілері, оның ішінде потенциальді фатальді аритмиялар дамыды. Оны Кларигетпен қолданғанда дигоксиннің емделушілердің қан сарысуындағы концентрациясын мұқият бақылау керек.

Зидовудин. Ересек АИВ-жұқтырған емделушілермен Кларигет таблеткасын және зидовудинді бір мезгілде пероральді қабылдау зидовудиннің тепе-тең концентрациясының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Кларигет оларды бір мезгілде пероральді қабылдаған жағдайда зидовудиннің сіңірілуіне әсер етуі мүмкін, одан Кларигет пен зидовудинді 4-сағаттың қабылдау интервалын сақтау жолымен айтарлықтай дәрежеде аулақ болуға болады. Аталған өзара әрекеттесу зидовудинмен және дидеоксиинозинмен бір мезгілде Кларигет суспензиясын қабылдаған жағдайда АИВ жұқтырған емделуші-балаларда байқалмайды.

Фенитоин мен вальпроат. Спонтанды есептер нәтижесі бойынша, Кларигет секілді CYP3A тежегіштері мен метаболизміне CYP3A іс жүзінде қатыспайтын препараттар (мысалы, фенитоин және вальпроат) арасында өзара әрекеттесу байқалады. Осындай препараттарды Кларигетпен бір мезгілде тағайындағанда олардың қан сарысуындағы деңгейіне талдау жүргізу ұсынылады. Осы препараттардың қан сарысуындағы концентрациясының жоғарылауы туралы деректер бар.

Дәрілік препараттармен екібағыттағы өзара әрекеттесуі

Атазанавир мен кларитромицин CYP3A-ның субстраты және тежегіштері болып табылады. Осы препараттар арасында екібағыттағы өзара әрекеттесу дәлелденген. Кларигет (500 мг күніне екі рет) пен атазанавирді (400 мг күніне бір рет) бір мезгілде қолдану кларитромициннің экспозициясының екі есе жоғарылауына, 14-OH-кларитромициннің экспозициясының 70%-ға төмендеуіне және атазанавирдің AUC 28%-ға жоғарылауына әкеледі. Кларитромицин айтарлықтай емдік тереземен сипатталатындықтан, бүйректің қалыпты функциясымен емделушілерде Кларигеттің дозасын төмендету талап етілмейді. Орташа дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігімен (КК от 30 до 60 мл/мин) емделушілер үшін, Кларигеттің дозасы 50%-ға төмендетілуі керек. КК 30 мл/минуттан төмен емделушілер үшін Кларигеттің дозасы сәйкес дәрілік түрін қолдану жолымен 75%-ға төмендетілуі керек. Протеаза тежегіштерімен бір мезгілде қабылдағанда Кларигеттің дозасы күніне

1000 мг-ден аспауы керек.

Кальций өзекшелерінің блокаторлары. Артериялық гипотензияның даму қаупіне байланысты Кларигетті CYP3A4 метаболизденетін (мысалы, верапамил, амлодипин, дилтиазем) кальций өзекшелерінің блокаторларымен бір мезгілде сақтықпен қолдану керек. Өзара әрекеттескенде кларитромициннің де, сондай-ақ кальций өзекшелерінің блокаторларының плазмалық концентрациясы жоғарылауы мүмкін. Кларитромицинді верапамилмен бірге қабылдаған емделушілерде артериялық гипотензия, брадиаритмия және лактоацидоз байқалды.

Итраконазол мен кларитромицин CYP3A-ның субстраттары және тежегіштері болғандықтан, кларитромицин итраконазолдың плазмалық деңгейін жоғарылатуы және төмендетуі мүмкін. Итраконазолды Кларигетпен бірге қолданғанда емделушілер күшейтілген немесе ұзартылған фармакологиялық әсердің білінулері мен симптомдарын анықтау үшін дәрігердің мұқият бақылануында болуы керек.

Саквинавир мен кларитромицин CYP3A субстраттары мен тежегіштері болып табылады. Осы препараттар арасында екібағытты өзара әрекеттесу дәлелденген. 12 дені сау еріктілерді зерттеулер көрсеткендей, Кларигет (500 мг күніне екі рет) пен саквинавирді (1200 мг күніне үш рет жұмсақ желатинді қапсулаларда) бір мезгілде қолдану саквинавирді жеке қолданумен салыстырғанда саквинавирдің тепе-тең көрсеткіштері AUC және Cmax 177% және 187%-ға жоғарылауын туындатады. Кларитромициннің AUC және Cmax көрсеткіштері Кларигетті жеке қабылдаумен салыстырғанда шамамен 40%-ға жоғарылады. Зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, аталған дозалау мен дәрілік түрлерін қолданған жағдайда дозаны түзету талап етілмейді. Жұмсақ желатин капсуладағы саквинавирді қолдану қатты желатин капсуладағы саквинавирден дәрілік өзара әрекеттесуі бойынша ерекшелеленуі мүмкін. Саквинавир мен ритонавирді Кларигетпен біріктіргенде ритонавирдің кларитромицинмен болуы мүмкін өзара әрекеттесуін ескеру керек («Дәрілермен өзара әрекеттесу» бөлімін қара).

Айрықша нұсқаулар

Антибиотиктерді ұзақ және қайталап қабылдау сезімтал емес бактериялар мен зеңдердің шамадан тым өсуіне алып келеді. Асқын жұқпа пайда болған жағдайда кларитромицинді қабылдауды тоқтатып, тиісті емді бастау керек.

Бүйректің ауыр және орташа жеткіліксіздігі бар адамдарда препаратты сақтықпен қабылдау керек.

Кларитромицинді қабылдау кезінде бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауын, және гепатоцеллюлярлық және сарғаюмен немесе онсыз холестатикалық гепатитті қоса алғанда, бауыр функциясының бұзылуы жағдайлары хабарланған.

Бауыр функциясының бұзылуы ауыр дәрежеге дейін болуы мүмкін және әдетте қайтымды болып келеді. Кейбір жағдайларда өліммен аяқталатын бауыр жеткіліксіздігі жайында хабарланған, ол көбіне күрделі қатар жүретін аурулармен немесе дәрілік препараттарды қатар қабылдаумен байланысты. Анорексия, сарғаю, несеп түсінің қоюлануы, қышыну немесе іштің ауыруы сияқты гепатиттің симптомдары пайда болған кезде, кларитромицин қабылдауды шұғыл түрде тоқтату қажет.

Кларитромициннің көп бөлігі бауыр арқылы шығарылады, сондықтан бауыр функциясының бұзылуымен емделушілерге аталған антибиотикті сақтықпен тағайындау керек.

Макролидтерді қоса, көптеген бактерияға қарсы препараттарды қабылдағанда орташадан өміріне қауіпті дәрежеге дейін ауытқитын жалғанжарғақшалы колит жағдайлары тіркелген,

Көптеген бактерияға қарсы препараттарды, оның ішінде кларитромицинді қабылдағанда, Clostridium difficile (CDAD) астасқан ауырлығы жеңіл дәрежеден өліммен аяқталатын колитке дейін болатын диарея жағдайлары жайында хабарланған.

Бактерияға қарсы препараттарды қабылдау ішектің қалыпты флорасын өзгертеді, ол өз кезегінде C. difficile өсуінің жоғарылауына әкеледі. Антибиотиктерді қабылдаумен байланысты диареямен зардап шегетін барлық емделушілерде CDAD даму мүмкіндігін ескеру керек. Мұқият медициналық сыртартқы жинау керек, өйткені бактерияға қарсы препараттарды қабылдағаннан кейін екі айдан соң CDAD даму жағдайлары тіркелген.

Колхицин. Постмаркетингтік есептерде Кларитромицинмен бірге қабылдаған кезде, әсіресе егде емделушілерде, оның ішінде бүйрек жеткіліксіздігі аясында колхициндік уыттылықтың жайында хабарланған. Кейбір емделушілерде өліммен аяқталған жағдайлар тіркелген. Кларигет пен колхицинді бір мезгілде қолдануға болмайды.

Кларигетті триазолам және мидазолам секілді триазолобензодиазепиндермен бір мезгілде көктамыр ішіне сақтықпен тағайындау керек.

Кларигет пен басқа отоуытты препараттарды, әсіресе аминогликозидтерді бір мезгілде қолдануды сақтықпен тағайындау керек. Емделу кезінде және кейін вестибулярлық және есту функциясын тексеру керек.

QT интервалының ұзару қаупіне байланысты Кларигетті жүректің ишемиялық ауруымен, ауыр жүрек жеткіліксізхдігімен, гипомагниемиямен, брадикардиямен ( минутына <50 соғумен) немесе басқа медициналық препараттармен бір мезгілде қолданғанда QT ұзаруын туындатуы мүмкін. Кларигетті QT интервалының туа біткен немесе жүре пайда болған ұзаруымен немесе сыртартқысында қарыншалық аритмиямен емделушілерде қолдануға болмайды.

Пневмония. Streptococcus pneumoniae макролидтерге резистенттілігі болуы мүмкін болғандықтан, Кларигетті ауруханалық емес пневмонияны емдеу үшін тағайындағанда сезімталдыққа тест жасаудың маңызы зор. Ауруханалық пневмония жағдайында Кларигетті басқа сәйкес антибиотиктермен біріктірілімде қолдану керек.

Жеңіл және орташа дәрежедегі ауырлықтағы тері мен жұмсақ тіндердің жұқпалары

Аталған жұқпалардың жиірек кездесетін қоздырғыштары әрқайсысы макролидтерге резистентті болуы мүмкін Staphylococcus aureus және Streptococcus pyogenes болып табылады. Сондықтан сезімталдыққа тексеру жүргізу керек. Бета-лактамды антибиотиктерді қолдануға болмайтын жағдайларда (мысалы, аллергияға байланысты), басқа препараттар қолданылуы мүмкін, мысалы, клиндамицин.

Қазіргі уақытта макролидтер тек тері мен жұмсақ тіндердің жұқпалы зақымдануының кейбір түрін емдеу үшін қолданылады, мысалы, Corynebacterium minutissimum туындаған аурулар, қарапайым безеу және жылжымалы эритемалар, сондай-ақ пенициллиндермен ем алу мүмкін болмаған жағдайларда.

Анафилаксия, Стивенс-Джонсон, синдромы, уытты эпидермальді некролиз немесе эозинофилиямен және жүйелі біліністермен қатар жүретін дәрілік тері реакциясы секілді жоғары сезімталдықтың ауыр жедел реакциялары дамыған жағдайда, кларитромицинмен емді дереу тоқтату және сәйкесінше емді бастау керек.

Кларигетті СYP3A4 цитохромы ферментінің индукторларымен бір мезгілде сақтықпен тағайындау керек.

Кларитромицин және басқа макролидті препараттар, сондай-ақ линкомицин мен клиндамицин арасында айқаспалы резистенттілік мүмкіндігіне назар аудару керек.

ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері (статиндер). Кларитромицинді ловастатинмен немесе симвастатинмен бір мезгілде қолдануға болмайды,

(«Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қара). Кларигетті статиндермен бірге сақтықпен тағайындау керек. Кларигет пен статиндерді бір мезгілде қабылдаған емделушілерде рабдомиолиз дамуы туралы деректер бар. Осындай емделушілерде миопатия белгілері мен симптомдарын байқау керек. Кларитромицинді статиндермен бір мезгілде қолдануға болмайтын жағдайларда, статиндердің ең төмен мүмкін дозасын тағайындау ұсынылады. Метаболизмі CYP3A тәуелді емес статиндерді мысалы, флувастатинді тағайындауды қарастыру керек.

Пероральді гипогликемиялық дәрілер мен инсулин. Кларитромицин мен пероральді гипогликемиялық дәрілерді (мысалы, сульфонилмочевина туындылары), сондай-ақ инсулинді бір мезгілде қолдану айқын гипогликемия туындатуы мүмкін. Глюкоза деңгейін мұқият бақылау ұсынылады.

Пероральді антикоагулянттар.

Кларитромицинді варфаринмен бір мезгілде қолданғанда елеулі қан кету пайда болуының, ХҚҚ (халықаралық қалыптастырылған қатынас) және протромбиндік уақыт көрсеткіштерінің айтарлықтай жоғарылауының қаупі бар. Кларитромицин және пероральді антикоагулянттарды бір мезгілде қабылдау кезінде, ХҚҚ және протромбиндік уақыт көрсеткіштерін жиі тексеріп тұру керек.

Жүктілік және лактация

Кларигеттті жүктілік және емшекпен қоректендіру кезінде қолданудың қауіпсіздігі анықталған жоқ. Сондықтан препаратты осы категориядағы әйелдерде қолдану пайда/қауіп арақатынасын мұқият бағалаусыз ұсынылмайды. Кларигет емшек сүтіне бөлінеді.

Дәрілік заттың көлік құралын және қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Ықпалы жөнінде мәліметтер жоқ. Алайда көлік құралын және басқа да механизмдерді басқару алдында құрысулар, бас айналуы, вертиго, елестеулер, сананың шатасуы, бағдардан айрылу және басқалар сияқты жүйке жүйесі тарапынан болатын жағымсыз әсерлердің дамуы мүмкіндігін ескерген жөн.

Артық дозалануы

Симптомдары: АІЖ функциясының бұзылуы (жүрек айнуы, құсу, диарея, іштің ауыруы), бас ауыруы, сананың шатасуы.Емі: симптоматикалық ем, асқазанды шаю. Гемодиализ және перитонеальді диализ тиімді емес.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Препарат пластик құтыларға салынған. 1 құтыдан пластмасс өлшегіш қасықпен және медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

Құрғақ және жарықтан қорғалған жерде, 15 °C-ден 30 °C-ге дейінгі температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Дайындағаннан кейін суспензияны 15 °C-ден 30 °C-ге дейінгі температурада, қақпағымен пластик бөтелкелерде сақтау керек.

Тоңазытқышқа салуға болмайды.

Сақтау мерзімі

2 жыл

Дайындағаннан кейін ішуге арналған Кларигет суспензиясы 14 күн ішінде пайдаланылуы керек.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Гетц Фарма (Пвт.) Лимитед, Пәкістан,

29-30/27, К.И.А., Карачи - 74900

Тел: +(92-21) 111 111 511

Факс: +(92-21) 350 5792

www.getzpharma.com

Тіркеу куәлігінің иесі

Гетц Фарма (Пвт.) Лимитед, Пәкістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

Гетц Фарма (Пвт.) Лимитед Компаниясының ҚР өкілдігі

Алматы қ, Шевченко к-сі, 148 үй

тел: +7(727)378-51-89, 378-54-78

www.getzpharma.com

 

 

Прикрепленные файлы

549881081477976506_ru.doc 152 кб
523110141477977665_kz.doc 203 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники